Ұлт және ұлттық идея ұғымдары


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 66 бет
Таңдаулыға:   

ЖҰМЫСТЫҢ МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3-6

1. ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТАРИХИ ОРНЫ

1. 1 «Ұлт» және «ұлттық идея» ұғымдары . . . 7-13

1. 2 «Қазақ», «алаш» этнонимдері туралы көзқарастар . . . 14-15

1. 3 Қазақ поэзиясындағы ұлттық пафостың тарихи кезеңдері . . . 16-18

2. XVIII-XIX ҒАСЫР АҚЫН-ЖЫРАУЛАР ПОЭТИКАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫҢ ТІЛДІК-ТАНЫМДЫҚ КӨРІНІСІ

2. 1 Жыраулар поэтикасындағы ұлттық идеяның тарихи-әлеуметтік негізі . . . 19-20

2. 2 Өткенді аңсау идеясы . . . 21-41

2. 2 Атамекен идеясы . . . 42-56

2. 3 Болашақты болжау . . . 57-63

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 64-65

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 66-67

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Ұлт және ұлттық идея мәселесі - әлемдік деңгейде түрлі жаратылыстану және гуманитарлық саладағы ғалымдар мен ұлы ойшылдарды толғантып жүрген тақырып. Мазмұнына көз жүгiртсек, екi бөлiктен тұратынын көремiз. Бiрi - ұлт, екiншiсi - идея мәселесi. Ұлттану қазақ даласына ежелден қоныстанған үрдiс екенi ақиқат. Осыдан үш мың жыл бұрын өмiр сүрген Геродоттан бастап, қазақ жеріне аяқ басқан қаншама саяхатшылар мен кезбелер әрқилы мақсатқа сай қазақтың арғы тегiн, салт-дәстүрiн, рухани-мәдени ұстанымдарын, тарихын, яғни қайдан, қашан, қалай шыққанын, болмысын танып-бiлуге ұмтылғаны тарихтан белгілі. Сол сияқты қазақ ойшылдары да әлемнiң саяси, тарихи, этникалық дамуынан бейхабар қалған жоқ. Дала даналарының орыс, қытай, қалмақ, өзбек, араб, парсы жұрттары жөнiнде айтқандары бүгiнгi күнге жетiп отыр. Осының өзі адам баласының ұлт болып қалыптасып, ұлттық санасы дамыған сайын ұлттануға ден қойғанын танытады. ХІХ және ХХ ғасырлар Азия, Африка, Латын америкасы елдерінің басым бөлігінің төл тарихында жат жұрттық басқыншылардың отаршыл озбырлығы мен нәсілшіл нойыстығына қарсы толассыз бас көтеріп, бой көрсетулерінің, сөйтіп тәуелсіздік тұғырына талпынуларының қасиет пен қасіретке толы белестері болып бедерленіп қалды. ХХ ғасыр этностарды мидай араластырып жiбердi. Отарлаудың зорлық-зомбылығынан жоғалып кеткен ұлттар аз емес. Бiр ғана КСРО-ның өзiнде 1926-1939 жылдар iшiнде 194 ұлттан 100-ге жетпейтiн ұлт қалған екен. Осылайша ұлттану өзектi мәселеге айналды. Талай-талай ойдодалары өттi, том-том кiтаптар жарық көрдi. Ғалымдардың, саясаткерлердiң, саяхатшылардың үздiксiз iзденiсi зая кетпедi. қоғамдық санаға адамдардың ұлтқа жiктелетiнi аса зор құндылық ретiнде орнықты. Бүгiнде ұлтқа берiлген анықтама ондап, жүздеп саналады.

Еуразия құрлығындағы алып держава - КСРО-ның құзырына қарап келген өзбек, қырғыз, түрікмен, әзірбайжан секілді туыстас түркі халықтарымен бірге, қазақтардың да мемлекеттік егемендікке қол жеткізуі бүкіл әлемдік жиһангерлік жүйенің күйреу процесінің бір көрінісі ретінде қабылданары хақ. Батыс ойшылы Густав Лебонның ертеректе айтқан: «Қол астына түрлі - түрлі халықты ноқталап отырған үлкен империялардың маңдайына ешқашан ұзақ өмір сүруді жазбаған », - [1], - деген тұжырымы расқа айналып, бодандық бұғауынан босанып шыққан ұлттар өздерінің болашақта бет түзер баянды бағдарын айқындау мақсатында бағзысы мен бүгінгісін жаңаша сүзгі - сұрыптан, тез - таразыдан өткізіп жатыр. Бұл - қалыпты құбылыс.

Осы орайда кез-келген халықтың ықылым замандардан бергі рухани тәжірибесін саралап-салмақтау үшін мол мағлұмат беретін басты байлығы - оның сөз өнері. Болмыс-бітімдерін нақты категориялардың көмегімен кескіндеп-кейіптеуден гөрі, ойлы образдар немесе образды ойлар арқылы айшықтауға бейім көшпенділер жұрағаты - қазақтардың тарихи тағдыр-талайын зерттеп - зерделеуге әсіресе олардың поэзиясының тұла бойында тұтаса тұнып тұрған қыруар қазынаға жүгінудің жөні бөлек. Өйткені ұлттық поэзия қай тұста да елдік мұрат пен мүдденің, арман мен аңсардың шығармашылық шежіресі болумен қатар, зобалаң замандарда азаттық жолындағы арпалыстың қуатты құралы ретінде де өлшеусіз қызмет атқарды. Сондай- ақ, халық рухының қатайып, нығая түскен кезін де, босаңсып, қожыраған тұсын да сұңғылалықпен суреттеп, керек кезінде тиесілі баға берді. Қилы кезеңдердің қыспағында ширап-шыныққан өлең өнерінің өзінің де тақырыптық тұрпаты үздіксіз жаңғырып-жаңаланып, көркемдік кестесі үнемі түлеп-толысып отырады. Сөз жоқ, түрімен қоса мазмұны да ұлттық әдебиеттің өміршең, өскелең келетіні дәлелдеуді қажет етпейді.

Қандай халықтың болмасын, ұлттық идеологиясының басты туы тәуелсіздік жолындағы күрес десек, осы күрестің негізгі қаруы - сөз өнері.

Қазақ халқының ұлттық идеясының сөз өнері арқылы берілуінің тарихи, әдеби, философиялық сипаты бұған дейінгі еңбектерде сөз болып келді. Бұған А. Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедұлы, Ә. Бөкейханов, Қ. Жұбанов, М. Жұмабаев, М. Әуезов т. б. қазақтың алғашқы зиялыларының еңбектерін, әдебиеттанушы А. Шәріптің, тарихшы Қ. Салғараұлының, ұлттанушы А. Сейдімбектің, философ А. Айталының т. б. ғалымдардың зерттеулерін атап өтуге болады.

Біздің жұмысымыз қазақ сөз өнерінің алтын шынжыры болып табылатын жыраулық поэзияның тіліндегі ұлттық идеяның сипатын тілдік, сонымен бірге тіл астарында жатқан ұлттық таным арқылы айқындауға бағытталды. Сол арқылы поэтикалық тілдің тек көркемдік-эстетикалық, экспрессивтік-эмоциялық аяда қалып қоймай, ұлттық сананы қалыптастыратын, шыңдайтын, ұлттық мүдде үшін күрестің үні, құралы бола алатын қуатын таныту болып табылады.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жыраулар шығармаларындағы поэтикалық тілдің лингвистикалық және экстралингвистикалық (тілден тыс) астарындағы ұлттық идеяның берілу сипатын, уәжін анықтау жұмыстың негізгі мақсаты болып табылады. Осы мақсаттың үддесінен шығу үшін төмендегі міндеттер алға қойылды:

  1. «Ұлттық идея» ұғымының қазіргі таңда не себептен өзекті болып

отырғанының сырына бойлау үшін «ұлт» және «ұлттық идея» терминдеріне түсінік беру;

  1. «Қазақ идеясы» туралы көзқарастарға талдау жасау;
  2. Қазақ сөз өнеріндегі ұлттық пафостың тарихи кезеңдеріне тоқталу;
  3. Қазақ сөз өнеріндегі «ұлттық идеяның»
  4. Жыраулар поэтикасындағы ұлттық идеяның тарихи-әлеуметтік себеп-салдарына сипаттама беру;

6. Жыраулар поэтикасындағы ұлттық идеяны танытатын өзекті мәселелерді айқындап, этнолингвистикалық, тұрғыдан талдау жасау

Зерттеудің нысаны мен пәні. Қазақ ақын-жыраулары шығармаларының поэтикалық тілі зерттеудің нысанасы, жыраулар поэтикасындағы ұлттық идеяны тілдік және тілден тыс факторлар арқылы танудың лингво-поэтикалық, лингво-философиялық талдамасы, зерттеудің негізгі пәні болып табылады.

Жұмыстың материалдары. Жыраулардың республикалық, жергілікті баспаларда жарық көрген: «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай», «Ақ берен», «Жыр дария», «Абыл, Нұрым, Ақтаным», «Аманат», «Кәнеки, тілім, сөйлеші», «Әбубәкір Кердерінің шығармалары», «Топан», «Зар заман» т. б. жыр жинақтары зерттеу жұмысына тілдік дереккөз ретінде пайдаланылды.

Зерттеудің әдістері. Зерттеу барысында салыстыру, талдау, саралау, жүйелеу, сөз семантикасына компоненттік талдау, ішінара статистикалық талдау әдістері, мәтіндік талдау, когнитивтік-концептуалдық талдау, тезаурустық талдау тәсілдері қолданылды.

Зерттеудің жаңалығы:

1. Қандай да бір ұлттың өзіндік ерекшелігін, тілін, ділін, дінін жаһандану жағдайында сақтап қалудың бірден-бір жолы - ұлттық идея екені анықталды;

2. «Ұлт» және «ұлттық идея» ұғымдарына анықтама берілді. Және бұл екі ұғымның бір-бірімен тығыз бірлікте екені айқындалды.

3. Сондай-ақ, жыраулық поэтикада өткенді аңсау, батырлықты дәріптеу, атамекен, болашақты болжау идеялары ұлттың сана-сезіміне, танымына әсер етудің құралы екені тілдік талдау арқылы дәлелденді.

4. Жыраулар тіліндегі ұлттық идеяның басты уәждері ретінде мына құбылыстарды атауға болады: нысандарды салыстыру, ұқсату, нысан туралы ұлттық танымдағы білім қоры, тілдің адамөлшемдік қасиеті, ұлттық танымға негізделген жыраулық интуиция, танымдағы ассоциациялану.

Зерттеудің нәтижелері:

1. Жыраулар шығармасын зерттеп-зерделеу арқылы оның астарында «жасырынған» қазақ ұлтының тарихи танымына қатысты білімдік, ақпараттық деректерге назар аудартуға болады;

2. Метафоралардың ұлттық мәдениетті қалыптастырып, кейінгіге жалғаудағы қызметі ашып көрсетіледі;

3. Жыраулық туындылардың танымдық астарына үңілу барысында оның тағлымдық, тәрбиелік қырын насихаттауға мүмкіндік болады;

4. Қазақ халқының салт-дәстүрі, дүниетанымы, төлсанасы анық аңғарылады.

Зерттеу жұмысының теориялық, практикалық маңызы

Поэтикалық тілдің лингвистикалық поэтика ғылымы деңгейінде зерттелу тарихы, жыраулық көркем әлем, тілдік тұлға, мәтін теориясы, авторлық фразеологизмдер, поэтикалық мақсатты сөзқолданыстары мәселелеріне қатысты ой-тұжырымдар мен ғылыми ұстанымдарды когнитивті лингвистика, қазақ әдебиетінің тарихы, көркем мәтінге лингвоталдау, стилистика, тарихи лексикология, фольклортану, мәдениеттану, этнография пәндеріне, жыраулар поэтикасына арналған арнайы курстарға пайдалануға болады

Жұмыстың құрылымы кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТАРИХИ ОРНЫ

1. 1 «Ұлт» және «ұлттық идея» ұғымдарына түсінік беру

Әлемдегі тәуелсіздік үшін күрескен тарихи ұлттар мен ұлыстардың қатарында қазақ ұлтының бір ерекшелігі де, артықшылығы да сол: біздің жат жұрттық өктемдікке наразылық білдірген әдебиетіміздің туған тілімізде өсіп - өркендеуінің өзі ұлттық кемелдіктің бұлжымас айғағына айнала алады. Неге десеңіз, көптеген Азия, Африка және Латын Америкасы халықтарының отаршылдыққа қарсы күрес кезіндегі көркем шығармаларының дені метрополия тілдерінде-ағылшынша, испанша, французша. португалша жазылды. Әлбетте, бұл этностық сана - сезімнің әлі де дәрменсіз күйін дәлелдейді.

Әлгі бағыттағы әдебиеттегі тұңғыш тудырушылардың қатарында отарлаушы мемлекеттердің оқу ордаларын бітірген ұлттық элитаның үркердей тобымен бірге, жаулаушы жұрттардың арасынан шыққан әділетқор жазушылардың аралас жүруінің қайран қалдырмайтыны да сондықтан; бұлардың көбісінің тайпалық тегі және нәсілдік сойы да әрқалай. Айталық, Анголаның азаттық қозғалысының айтулы ақындары Агостинью Нето мен Антониу Жасинтуды алсақ, бұлардың біріншісі - негроидтық, кейінгісі - еуропоидтық тұқымнан тараған . . . Ал қазақ сөзгерлерінің би бағланынан бастап былайғыларына дейін - жалғыз тудың астына жиналып, «алаш - алаш болғалы . . . » - өздерінің тілдік қана емес, тектік тұрғыдан да бір бүтін екендігін аруағы басқа аламанның алдында қасқайып айтқан. Бұл тамыры тереңде жатқан елдің тағылымын танытады.

Ендеше, қаншама қысталаң мен қиямет-қайымды, тіпті амалсыз кері кету кезеңдерін бастан кешірген қазақ поэзиясы бойға біткен бастапқы тәңірілік табиғатына көп кір жұқтырмай, өзінің өзегінде ұлтымыздың түпкі таным - түсініктері мен олардың жолайғы жаңғыруларының тіні «мың өліп, мың тірілген» / Ж. Молдағалиев/ шақтарда жат қиқым - қоспасыз сақтай білгендігіне сенеміз де сүйенеміз.

Сол тұңғиық тылсымның көзге көрінерлік бітімдерінің бірі әрі бірегейі - ұлттық идеялардың жыраулар мен ақындардың шығармашылықтарына қай тұрғы-тарапта көркемдік құйылым тапқандығының арналарын қарастыру арқылы өлең өнерінің эстетикалық маңызын оның қоғамдық қызметімен байланыстыра талқылауға болады.

Тақырыпқа тереңдемес бұрын « ұлттық идея» ұғымының мән - мағынасы мен ая - астарын ашып алғанымыз абзал.

Біле - білсеңіз, бұл оңайлықпен бетін бермен бұра қоятын құбылыс емес екен; алдымен ұлттың заты мен ұлттың атын жеке - жеке түстеп - түгендеп алмайынеша, жанабына жуысу қиын. Рас - ау, ұлт жоқ жерде, ұлттық идея қайдан болсын?!. Сол себепті қазақтануға қомақты үлес қосатын. Іргелес ілімдердің мамандарына - тарихшыларға, философтарға, этнопсихологтарға, антропологтарға қажетімізге қарай жүгінгенімізде жөн.

Сонымен, әрбір халықтың өзін өзгеден айрықшалайтын дара мүсінін, дербес мінезі мен мәдениетін танып - түйсінуі ең әуелі этникалық төркін - тамырын анықтаудан бастау алатыны белгілі. Жер жүзіндегі адамзат қауымдастығын құрайтын табиғи - тарихи жаратындылар - ру, тайпа, ұлыс және ұлттарға анықтама бергенде ғылымда көбіне гректің еthn’os /тайпа, халық /, латынның nation / тайпа, халық / сөздерінен жапырақ жайған атаулар қолданылады. «Ғылыми терминдердің көпшілігі батысеуропалық тұрмыстың топырағында туғандықтан, зерттеушілер қалыпты және қалыпты емес құбылыстардың арасын айырғанда солардың сұлбасына сүйенеді. Соның салдарынанбөгде бір ортада өзіндік өзгеше мәнісі бар болуы ықтимал нәрсені еуропалық ғылым «бүйректен шыққан сирақ» есебінде бағалауға мәжбүр», [2] - дейді Г. Гачев. Бұл - бас шұлғытар байлам. Біз ұлт ұғымының сыр - сипатын тәптіштегенде де күні кешеге дейін әрісі батыс, берісі орыс қазанында қайнап шыққан қисындарды қаз - қалпынша малданып та, мақұлдап та келдік. Ендігі жерде О. Бауердің, К. Реннердің, К. Каутскийдің теориялары негізінен Австрия мемлекетінің мүдделеріне, Н. Бердяевтің, С. Булгаковтың, Б. Вышеславцевтің тұжырымдары Ресей қауымының қажеттіліктеріне, ал сталиндік ұйғарымның большевизм саясатына сәйкес жасалғандықтарын барлап - байыптай білгеніміз жөн. Әрине, «ұлт» категориясына байланысты қалыптасқан қарама - қайшылықты концепциялардың қағидаларын түгелдей терістеу тәрізді біржақтылықтан да аулақпыз; өйткені олардың ішінде ұлттық территория, ұлттық мінез, ұлттық мәдениет, ұлттық рух, т. с. с. төңірегінде баяндалған баршаға бірдей құнды қорытындылар да баршылық. Бұлардың бәріне жеке- жеке тоқталып жату біздің міндетімізгк жатпайды. Шүкіршілік ететініміз: кейінгі кезде өз ғалымдарымыздың этнос және этносқа қатысты мәселелер турасында еркін пікір - пайымдарын білдірген зерттеулері жарық көре бастады.

« Ұлт » ұғымы жайында қазақтар арасында тұңғыш рет ғылыми түйін жасаған кісі - Ғаббас Тоқжанов \ 1900- 1937\. О л өзінің «Ұлт деген не ?» атты мақаласында бұл категорияға: « . . . тілі бір, жері бір, ғасырлар бойындағы тіршілік күресінен, тұрмыс салтынан, жиі қатынасынан туған мінез - жан сипаты бір жұрттардың қосылуы, бір жұрт болуы» [3], - деп анықтама берген. Бүгінгі таңда «ұлт»-тың мазмұнын Гиппократтан Гумилевқа дейін желісі үзілмей келген «жағрафиялық орта» туралы әртүрлі әліптемелердің ауқымында алып қарастырудың да бөтендігі байқалмайды. Сайран Әбушәріптің жазуынша: «Қазақтардың ұғымында ұлт - бұл табиғи, биологиялық сипатқа ие болған, этникалық ру - тайпалық құндылықтар негізінде пайда болатын этнос, суперэтнос, қауымдастық»[4] . Ұлтты даралауға тиісті қасиеттердің қатарында бұлардан басқа да бірқатар шарттар ауызға алынып жүр. Әйтсе де, этностың бүкіл жұрт бірдей мойындаған талассыз белгілерін тұжырып беру гуманитарлық ғылым белгілерінің жұмыла бітіретін жұмысы деп ойлаймыз.

Әзірге көңіл көншінетіні - «Қазақтардың этникалық қауымдастығының қазақ халқы болып бірігу процесінің ХҮ -ХҮІ ғасырларда Қазақ хандығының ұйымдасуына байланысты аяқталғанын қазақ халқының этникалық және мәдени дамуы жолдарын зерттеушілердің көпшілігі мойындап отыр. Этнос ретінде олардың осы кезеңде бірігіп, халық бола бастауы территориясының ортақтығына, мәдениетінің бірлігіне, сондай - ақ бүкіл этносқа түсінікті бірыңғай тілге негізделді. Мұның тарихи зор маңызы мынада: бұл кезде қазақтардың этникалық туыстық сезімі . . . көзге анық түсетіндей дәрежеге жеткен еді»[5] .

Әдетте ұлттың ұйысу процесі мен оның белгілі бір этнонимді басыбайлы иемдену сәтінің нақпа - нақ яки қоса - қабат келуі - екіталай нәрсе. Мысалы, Сәбетқазы Ақатай қазақ халқы мен «қазақ» атауының теңбе -тең еместігін; «қазақ» атауы пайда болғаннан көп уақыт бұрын қазақ халқының құрамына кірген тайпалар мен тайпалық одақтардың таихи тіршілігі басталып, болашақ қазақ әлеуметінің рухани және материалдық іргетасы қаланып үлгергендігін дұрыс бағамдайды[6] . Бұл ретте белгілі ғалым Рабиға Сыздық ХҮІІІ ғасырдағы жыраулық поэзияның тілі мен стилі туралы сөз ете отырып, елдік атаулардың поэтикалық эволюциясын төмендегіше тиянақтайды: «. . этникалық единица мағынасында бұрын жұрт, ел, халық сөздері талғаусыз бірінің орнына бірі жұмсала берсе, біз сөз етіп отырған дәуірде халық арабизмі бел ала бастайды. Ол әсіресе қазақ сөзімен тіркесімен тұрақтана түседі: Қазақ деген халқымыз / Бұқар/. Бұрын активтеу қолданылып келген алаш сөзімен қатар енді қазақ сөзі жиірек келеді. Мысалы, Бұқардың «Шүршіт деген сөз бар-ды» деген толғауының Г. Н. Потанин жазбаларындағы тексінде: Он сан қазақ тізгіні деген жол бар / бұрынғы он сан алаштың орнына/»[7] . Сол секілді, ХІХ және ХХ ғасырлар поэзиясында қазақ, алаш сөздерінің заманның ыңғайына қарай және жекелеген жыр жампоздарының санаткерлік сорабына қарай кейде эжарыса жұптасып қолданылуымен қатар, бәз бір тұстарда тіпті өзара кереғар контексте көрінушілігі көңіл аудартады. Бұл ағайындас этникалық атаулардың біраз уақыт бойына ара алшақтатуына әсіресе халқымыздың өміріне тыстан таңылған зорлықтың залалы тиді.

Сөйтіп, біртұтас мемлекетке біріккеннен бергі бес жарым ғасырға жуық мерзімнің ішінде көшпенділіктен капитализмге шейінгі қоғамдық құбылыстарды көзбен көріп, бостандықта да, бодандықта да күн кешіріп үйренген қазақ ұлтының қаншама ұрпағы жұрттықты сақтау жолында жанын жеп, түн ұйқысын төрт бөлдірген ой орамдарының, сезім мен сана сырларының құпияларын өлең өзегіне өріп кеткен.

«Халықтың құлқы, мінезі, ойы заманындағы әдебиетінен білінеді»[8], - депті Халел Досмұхаметұлы.

Француз әдебиетшісі Г. Лансонның пікірі де осы тектес: «Французкая литература - одно из проявлений национальной жизни: в своем долгом и богатом развитии она запротоколировала все движение идей и чувств, которое продолжало развертываться в плитических и социаальних фактах или кристаллизовавалось в учреждениях . . . Мы изучаем историю человеческого духа и национальной цивилизации в их литературных проявлениых»[9] .

Орыс символизмінің ғалымы Эллис бұл байламды:«Все «сучественное каждой вещи» и есть ее идея, познание идеи поэтому является сферой художественного творчесва»[10] - деп одан әрі бекіте түседі.

Сайып келгенде, «әр жаратындының бүкіл мәнді мәйегі - оның идеясы» екeндігіне қол қойсақ, этностың тумыс - табиғатына қатысты құбылыстардың уызы - ұлттық идея болып табылатындығы тайға таңба басқандай көрінеді.

Дегенмен, оның жалпы жұрт кермар болмай келісерлік даусыз дефинициясы тағы жоқ. Өйткені жер дүзінде қанша ұлт ұшырасса, сонша түрлі «ұлттық идея» кеуде көтеретіні анық. Сондықтан қыруар пікір сайыстың қорытындысы есебінде Ресей ғалымдарының: « и национальная идея - понятия, органично связанные между собой. Первое из них обзначает целый мир взглядов и представлений нации о самой себе, мир чувств, настроений и мнений, традиций и обычаев, нравов и других духовных образований, возникающих у нее как у социанально - исторической общности, пребывающей в состоянии движения, изменения, развития или угасания. Национальная идея схватывает суть этого мира в его самом общем виде. Поэтому любые ее определения будут весьма абстрактными»[11], - деп мойындаушылығында белгілі заңдылық бар. Бәрін айт та бірін айт: осы мәселеге саналы ғұмырын сарп етіп, «Орыс идеясы» аты арнаулы кітап жазған философ Н. А. Бердяевтің өзі алғашқы сөйлемінде - ақ: «Ұлттық типті, ұлттық даралықты айқындау - қиынның қиыны. Бұл ретте дәлме - дәл анықтама беру мүмкін емес», - деп ағынан ақтарылады да, әрі қарай «Россияның несібесіне байланысты Жаратушының не бұйрық бергендігін» түсініп, соған сәйкес «орыс халқының ой жетерлік образын, оның идеясын» тануға тырысатындығын жеткізеді[12] .

Сол сияқты, бүгін қай халықтың да өз табиғатынан басқаның бойында қайталанбас тәңірлік тылсым, қияға құмар мәртебе - мерей іздестіруінде шектен шыққан өрескелдіктің жоқтығы белгілі болып отыр. Бұл қарапайым да құдіретті талпынысты мансұқтауға немесе мойындамауғақойылған тосқауылдар үздіксіз қиратылу үстінде. Онсыз дидары жарқын дүниенің күллі адамзаттық күмбезіне кірпіш болып кірігемін деу - бос әурешілік. «Өз елін сүю дегенен адам өз халқынан басқа халықтарды мейлінше жек көрсін, басқа халықтарға қасқыр болып тисін деген сөз шықпайды»[13] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізгі тенденциялары
Қазакстанның рухани келбеті-ұлттық идеялогия
Адамның сенім жүйесі оның дүниетаным көрінісі
Қазақстандағы ұлт саясаты: мәселелері және келешегі
Әлеуметтік психологиядағы ұжым мәселелері
Ұлттық рухани құндылықтар негізіндегі адамгершілік тәрбиесі
Зиялыларымыздың рухани тұлғасы ұлт болмысымен сабақтас
Алаш Орда (1917—1920)
Ұлттық тәрбиенің әдіснамалық негіздері
ПАРТИЯ ЖӘНЕ ҚОҒАМ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz