Абылайдың Қытаймен соғысы


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 58 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе . . . 4

1. Аңыз жанры және тарих шындық . . . 8

1. 1 Сабалақ аңызы және тарихи өмір шындығы . . . 8

1. 2 Абылайдың жорықтары мен бейбіт өмірде атқарған істері және

тарихи шындық… . . . 20

2. Абылай туралы аңыздардың фольклорлық сипаты . . . 33

2. 1 Абылай туралы аңыздағы тұрақты мотивтер . . . 34

2. 2 Абылай туралы аңыздағы тұтастану құбылыстары . . . 45

Қорытынды . . . 53

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 59

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Фольклордың көркемдік ерекшелігі, тағылымы терең салаларының бірі - тарихи аңыздар. Олар - сан ғасырлар бойы халықтың өткенін білуге, тануға деген сұранысы мен қызығушылығын өтеп келген бай рухани қазына. Аңыздарда қазақ руханиятына қатысты көркемдік танымдармен қатар ұлт пен мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы тарихында болған оқиғалар мен айтулы тұлғалар туралы хабар-деректер де сақталған. Ұлт тарихына алғаш көңіл бөлген зерттеушілердің көне деректер мен мәліметтерді аңыздар мазмұнынан алуға ұмтылғаны да белгілі. Зерттеушілер назарына маңызды дерек көзі ретінде ілінген аңыздар қазақ фольклорлық мұраларының ішінде алғаш жазбаға түсіп, қалың жұртшылықтың қызығушылығын өзіне ерте аударды. Аңыз дерегіне деген елдің қызығушылығы бүгінгі тәуелсіздік тұсында арта түспесе, кеміген емес.

Тарихи деректік, ақпараттық мәлімет тұрғысынан қызықты аңыздардың көркем шығармашылық қазанында қайнап, сан ұрпақтың жан-дүниесінен, рухани таным сүзгісінен өтіп шыққан тағылымы да аса маңызды. Аңыздарда халықтың сан ғасырлар бойында жинаған рухани мұрасы, ұлттық дүниетанымы, саяси көзқарастары, тарихи оқиғалар мен тұлғаларға берген бағасы қатар сақталып жеткен.

Халықтың өткен тарихынан, сондай-ақ рухани танымынан мол хабар беретін шығармалар қатарына ХҮІІІ ғасырдағы атақты тұлға Абылай хан туралы аңыздарды жатқызуға болады. ХҮІІІ ғасыр - қазақ мемлекеттілігі, тәуелсіздігі, азаттылығы қатал сынға түскен уақыт. Бір жағынан, жоңғар қалмақтарының жойқын шабуылы, екінші жағынан, көрші мемлекеттердің /Россия, Қытай/ империялық пиғылмен қазақ жеріне көз салуы қазақ даласындағы саяси жағдайды шиеленістіріп жіберді. Осындай сын кезеңде Абылай хан үлкен мемлекет қайраткерлігіне тән ерік-жігер, батылдық, батырлық, ақыл-айла танытты. Елдің тәуелсіздігін сақтап қалуға көп еңбек сіңірді. Өкінішке қарай, мемлекет тарихында ерекше орны бар, даңқы алысқа тараған Абылай ханның өзінің немесе замандасының қолымен жазылған толыққанды өмірбаяны, атқарған қызметі туралы толымды деректер жоқтың қасы. ХҮІІІ ғасырдағы жазба деректерде - Ресейдің сыртқы істер коллегиясының жазбалары мен Қытай жылнамаларында болған оқиғаларды, орын алған фактілерді, алыс-беріс, елшілік қарым-қатынастарды тіркеу секілді кеңселік қызметке тән жазбалар орын алған. Сол кездегі орыс деректеріне Абылай 1740 жылдан, ал Қытай жылнамаларына 1755 жылдар шамасынан бастап ілінеді. Оның есесіне Абылайдың өмір жолын бейнелейтін фольклорлық шығармалар - тарихи аңыздар мен жырлар, мадақ өлеңдер мен толғаулар мол сақталған. Осы аталған халық шығармаларының ішінде Абылай хан туралы аңыздардың маңызы ерекше. Аңыздарда атақты ханға қатысты тарихи деректер көркем суреттелген. Онда халықтың атақты тұлғалардан күтетін үміті, тілегі ел болашағы үшін қам жеген көңіл-күйі, арман-аңсарлары сақталған. Сол рухани мұраны зерттеу нысанасына алып, тәуелсіз елдің жаңа мұраты тұрғысынан алып зерттеу - өзекті мәселе болып саналады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Абылай ханның өмірбаянына, қайраткерлігіне жеке зерттеушілер мен тарихшылардың баға беру жұмыстары ХІХ ғасырдан бастап там-тұмдап қолға алынады. Бұл қатарда алғаш көзге түскендер -А. И Левшин, Ш. Уәлиханов, М. Ж Көпеев, Құрбанғали Халид, Шәкәрім Құдайбердіұлы секілді оқымысты зерттеушілер.

Абылай ханның қазақ халқының алдында атқарған саяси қызметіне алғаш тарихи баға берген зерттеуші - тарихшы, этнограф А. И Левшин. Ол Абылайдың қалмақты жеңуі, Ресей мен Қытай арасында саяси тиімді саясат жүргізе білуі хақындағы істеріне сипаттама жасайды. А. И Левшин еңбегінде Абылайдың өмірбаянын, толық тарихын жазу талпынысы байқалмайды. Себебі оның басты мақсаты - қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпын зерттеу болатын. Мұндай көрініс қазақ даласын аралаған саяхатшылардың басым көпшілігіне тән белгі еді. Өйткені ол тұста Ресей саясаты мен үкіметінің алдында қазақ өлкесінің жалпы тарихын білу істері кеңірек қолға алынады. А. И Левшиннің еңбегі «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» деген атпен 1832 жылы жарық көреді.

Абылайдың атқарған қызметімен қатар өмірбаянын жазу істері ХІХ ғасырдың орта шенінен басталды. Бұл істің көш басында қазақ ішінен шыққан европалық озық үлгідегі білімді игерген Ш. Уәлиханов болды. Ол өзінің атасы болып келетін атақты ханның өмірбаяны мен қызметін ел аузындағы аңыз-әңгімелер, тарихи көркем жырлар негізінде жазды.

Ш. Уәлиханов халық аңыздарында жалаң тарихи оқиға ғана суреттелмей, онда тұтас дәуір шындығы және халықтың «рухы мен ұғымдары, әдет-ғұрпы, өмір салты» баяндалатынын «Абылай» атты зерттеу мақаласында жазады. Зерттеуші Абылай туралы аңыздарында тұтастану құбылысының жүретінін де аңғарған. Ноғай Ордасы кезеңінде дүниеге келген халық аңыздарындағы басты кейіпкерлер Асан Қайғы, Жиренше шешендер Әз-Жәнібек ханның маңайына топтастырылған болса, XVІІІ ғасырдағы аңыздарда жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен би-батырлардың Абылай хан жанына жиналатынын байқаған. Оның қаламынан шыққан «XVІІІ ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» атты жинағына атақты ханның тұсында өмір сүрген халық батырларының ерліктері, жырау-шешендердің өнегелі істері туралы аңыздар жинастырылып берілген. Жинақтағы он төрт аңыздың он екісі Абылай ханға қатысты айтылды.

Абылай ханға қатысты тарихи аңыздарды жинау және зерделеу жұмыстарына Шоқанның досы Г. Н. Потаниннің де өзіндік қолтаңбасы бар. Г. Потанин Ш. Уәлиханов сияқты тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы айтылатын аңыздарды өзге ертегі, әпсана (легенда) жанрларынан бөліп алып, оны «предания» деп атаған. Ол Алаша хан, Асан Қайғы, Сабалақ (Абылай ) туралы тарихи аңыздарды жазбаға түсіреді.

Ерте жасынан ел арасындағы ескі сөздерді құмарта жинаған ақын, этнограф фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпеев, атақты ақын Шәкәрім, оқымысты шежіреші Халид Құрбағалилар Абылайға қатысты деректерді аңыз-әңгімелерден алған еді. Абылай туралы аңыздардың аталмыш тұлғалардың қаламына ілігуі ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғасырдың басында жүзеге асады.

Зертеудің мақсаттары мен міндеттері. Зерттеу жұмысының алға қойған басты мақсаты - Абылай хан туралы аңыздарды жүйелей, кешенді түрде қарастырып, аңыздардың тарихилығы мен көркемдік белгілерін ашу. Осы мақсатқа жету үшін зерттеу жұмысында мынадай міндеттерді шешу көзделді:

  • Абылай хан туралы аңыздарға әдебиеттану, фольклортану ғылымында түрлі кезеңдерде берілген бағалар мен ғылыми пайым, көзқарас-пікірлердің мәні мен маңызын көрсету;
  • аңыз бен тарихи шындықтың арақатынасын талдап, атақты тұлға мен оның фольклорлық бейнесі арасындағы байланысы мен айырмашылықтарын көрсету;
  • Абылай туралы кездесетін тұрақты мотивтер мен сюжеттердің әлемдік және түркілік танымдағы түп негізі мен өзгерістерін сипаттау;
  • Абылай туралы аңыздардағы фольклорлық циклизация құбылыстарының белгілері мен түрлерін көрсету, оның жанрлық ерекшеліктерін талдау.

Зерттеудің нысаны - Абылай ханға қатысты аңыздар мен тарих жырлар, жыраулар толғауы және өзге де тарихи-этнографиялық және дерекнамалық материалдар.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеудің негіздеріне тарих, әдебиеттану ғылымдарында қалыптасқан жалпытеориялық танымдар алынып, аңыздар мәтінін талдауға жүйелеу, тарихи-салыстырмалы, типологиялық әдістер қолданылды.

Дипломдық жұмыста қазақ фольклорын зерттеудегі іргелі теориялық және әдіснамалық пайымдары басшылыққа алынды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Дипломдық жұмыс - Абылай туралы қазақ тарихи аңыздарын жүйелі, кешенді зерттеуге арналған еңбек. Мұнда алғаш рет аңыздардың сюжеттік құрамы анықталып, оны жүйелеу, кезеңдік белгілерін сипаттау жұмыстары жүргізілді. Аңыздардың тарихи шындықпен арақатынасы, тұрақты мотивтердің қатары белгіленіп, қызметі сипатталды және фольклорлық тұтастану құбылысының мәселелері жан-жақты талданды. Аңыздың басты мақсаты хабар-дерек беру болғанымен, оның мазмұнында тағылым-насихатқа, үгіт-өсиетке құрылған мәнді де маңызды ғибраттар орын алатыны айқындалды. Сондай-ақ диплом жұмысында аңыздардың болған оқиғалар мен фактілерді көркемдеп баяндауы тұрғысынан қазақ шежірелерімен өзара жақындығы талданды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесінде төмендегідей тұжырым жасалынды:

Абылай хан туралы аңыздар - белгілі бір оқиғалардың ізінен туған, бірақ уақыт өте келе өзгерістерге ұшырап, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына сай мазмұндармен толықтырылып, көркемделген;

  • Абылай сынды тарихи тұлға мен оның аңыздық бейнесінде фольклорлық көркемдік шарттылықтың ерекшеліктеріне сай түзілетін үлкен айырмашылықтар бар;
  • Абылай хан туралы аңыздарда әлемдік және түркілік фольклорда жиі кездесетін тұрақты мотивтер мен сюжеттер қатары мол. Олар атақты ханның бейнесін эпикалық дәстүрге сай сомдауға елеулі қызмет етеді;
  • Абылай туралы аңыздардың көркемдік жүйесінде елеулі орын алатын фольклорлық құбылыстың бірі - тұтастану. Тұтастану - халықтың эпикалық санасымен тығыз байланысты және кейіпкерді фольклорлық қаһарман ретінде суреттейтін көркемдік әдіс-тәсілдердің жиынтығы.

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Дипломдық жұмыстың қорытындыларын қазақ тарихына, фольклорына қатысты курстық жұмыстарға, семинарларға пайдалануға болады.

Зерттеудің дерек көздері. Диплом жұмысына әр ғасырда жазбаға түскен мынадай мәтіндер пайдаланылды:

- XVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласын әскери және мемлекеттік қызметтің мақсатымен аралаған А. И. Левшин, Г. Н. Потанин сынды орыстың әскери қызметкерлері мен шенеуніктерінің еңбектеріне түскен аңыздар;

- қазақтың көрнекті фольклортанушылары Ш. Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларына іліккен аңыз нұсқалары;

- Шәкәрім Құдайбердіұлы, Халид Құрманғали сынды қазақ оқымыстыларының тарихи-этнографиялық, тарихи-шежірелік еңбектеріне тіркелген аңыздар;

- Республиканың түрлі мерзімдік басылымдарда жарияланған аңыздық мәтіндер.

Диплом құрылымы. Диплом кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 Аңыз және тарихи шындық

1. 1 Сабалақ аңызы және тарихи өмір шындығы

Фольклордың тарихи шындықпен қарым-қатынасының ғылыми зердедегі танымы өте күрделі және сан қырлы: «фольклор мен тарих», «тарихи шындық пен фольклор» деген мәселелер ерте кезден бастап арнайы зерттеу нысанасы болып келеді. Фольклорлық шығармалардан «таза тарих» жасаушылар мектебі болғаны да белгілі. Мұндай ғылыми талпыныстың себебі де негізсіз емес еді, өйткені фольклор - бір жағынан филологиялық, екінші жағынан тарихи да мәні бар мұра.

Қос ғылымының тоғысында тұрған фольклор тарихи оқиғалар мен өмір шындығына тікелей де, жанама да қатысы бар әрі белгілі бір уақытта өмір сүрген тарихи қайраткерлер туралы әңгімелейді, халықтың тарихқа қатысын, көзқарасын, маңызды оқиғалар мен көрнекті тұлғалардың қызметіне берген бағасын көрсетеді. Бірақ фольклорлық шығарма тарихи оқиғалар мен тұлғаларды едәуір өзгертіп суреттейді. Фольклорлық түрлі жанрлардың шындыққа қатынасы әр қилы. Айталық, эпос пен ертегі немесе тарихи жырлар мен аңыздар тарихи оқиғаны әр түрлі деңгейде бейнелейді. Егер ертегіде тарихи шындықтың бейнеленуі өте сирек және көмескі көрінсе, қаһармандық жыр мен тарихи эпоста шындық айқынырақ болады. Ал оның есесіне аңыздарда болған оқиғаның ізі әлдеқайда басым жатады, тіпті, кей жағдайларда тарихи аңыздардың сюжеті тарихи құжаттардың мазмұнымен үндес келеді. Сол себепті аңыздарды қажетті деңгейде тарихтың бір көзі, яки болмаса тарихи құжат деп қарастыру да бар.

Аңыздар - қай халықтың да болмасын елеулі оқиғалар мен айтулы тұлғалар жайында, белгілі бір мекен-жайдың атауы жайында айтатын ауызекі тарихы. Онда халықтың түрлі тарихи даму кезеңдері мен әр тұста орын алған оқиғалардан алған түйіні, шығарған қорытындысы, көрнекті тұлғалардың іс-әрекетіне берілген бағалары сақталып жеткен. Ол фольклордың жеке жанры ретінде қоғам дамуының белгілі бір тарихи шындығы мен өмірде орын алған тарихи фактілердің негізінде қалыптасады.

Фольклордың өзге жанрына, әсіресе, ертегілік проза, қаһармандық эпостарға қарағанда аңыздарда ақылға сыймайтын әсірелеу мен алыс қияға тартатын қиялдар болмайды. Дей тұрсақ та, ол жанрда әсірелеу мен қиялдың орны мүлдем мардымсыз дап айтуға болмайды. Алғашқыда қоғамның сұранысы мен қызығушылығына толық жауап берген шындық кейінгі ұрпақтың «дүниеге көзқарасын, таптық мүддесіне» [1, 124б. ] орай оқиғаның мазмұны, олардың іс-әрекеттері «басқаша бағаланып, өзгеше сипатталуы мүмкін» [1, 124б. ] .

Халықтың ауызша айтылған тарихына бағаланатын аңыздарды таза тарих деп қарауға және баяндалатын оқиғалар сол алғашқы тараған тұсынан еш өзгеріске ұшырамай, шындық қаз-қалпында қалған деп үзілді-кесілді тануға болмайды, екінші сөзбен айтқанда, аңыздық деректердің барлығын ақиқат деп қабылдауға болмайды. Аңызға түскен қандай да болмасын белгілі бір тарихи факті уақыт өте келе өзгеріп, қалыптасқан тарихи жағдай мен сол тұста өмір сүрген ұрпақтың көзқарасына орай сұрыпталып, өңделеді. Ескі түсініктерді жаңа ұғымдар, танымдар, түсініктер ауыстырады. «Аңыз жанры да, - деп жазады профессор С. Қасқабасов, - бүкіл фольклор сияқты, анахронизмнен құралақан емес. Біріншіден, ауызша тарағандықтан, екіншіден, әңгімеленген оқиғадан көп уақыт өтіп кеткендіктен, үшіншіден, әңгімеге көркемдік элементтері әсер еткендіктен аңызда баяндалатын оқиға көмескі тартады, әңгіменің варианттары пайда болады, тіпті оқиғаның мезгілі шатыстырылады» [1, 124] .

Олай болса, аңыздарды тарихи оқиғалардың тура баяны емес, халық тарапынан сұрыпталған, сан ұрпақтың сүзгісінен өтіп екшеленген ауызша дерек көзі деп бағалау - фольклористикада әбден орныққан пікір. Халықтық сипаты бел алып отыратын аңыздарда қайсыбір болмасын тарихи оқиғалардың баяны, сол оқиға қатысушы тұлғалардың бейнесі, іс-әрекеті кейінгі ұрпақтың көзқарасы мен біліміне орай, қалауына, арман-аңсарына қарай дүркін-дүркін жаңғырып, өзгеріп отырады. Бұл көрініс қазақ ұлтының тарихында ерекше кезең болып саналатын XV-XVІІІ ғасырлардағы оқиғаларға байланысты дүниеге келген аңыздарға да қатысы бар.

Абылай туралы аңыздар ішінде мынадай айырықша белгілермен ерекшеленетін аңыздар тобы бар:

  1. баяндалатын оқиғалардың сюжеттік желісі бір-бірімен байланысқа түскен;
  2. бас кейіпкер бойындағы, ерекше қасиеттілік басым сипатталған және оның қасиеттері түрлі жағдайда біреудің қатысуымен сыналатыны ;
  3. аңыз сюжетінде бас кейіпкердің жеке бас белсенділігін ерекше даралап суреттейтін аңыздар.

Аталған ерекшеліктерімен сараланатын аңыздарды ғұмырнамалық аңыздар тізбегі деп белгілейміз. Бұл топтағы аңыздар Абылайдың жеке басындағы қадір-қасиетіне, жасаған ерлік-істеріне қайрат пен қажырлығына, тапқырлық пен амал-айла әрекетіне, мұң-қайғысына басты назар аударады. Бұған қоса олар қазақ тарихындағы елеулі оқиғалармен байланысты болып келеді. Аңыздар тарихи шындық тұрғысынан баяндалып, оның мазмұнында ХҮІІІ ғасырда болған «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы, қазақ -қалмақ, қазақ -орыс, қазақ-қытай қарым-қатынасы, қазақтың ішкі әлеуметтік тұрмысындағы қайшылықтар көрініс табады.

Абылай туралы ғұмырнамалық аңыздардың хронологиялық ретін былай көрсетуге болады :

1. Абылайдың жастық шағы, алғашқы ерлігі немесе Сабалақ аңызы;

2. Абылайдың Қалдан Серенге тұтқынға түсуі;

3. Абылай мен Әмірсана достығы ;

4. Абылай ханның қайтыс болуы.

Сабалақ аңызы немесе сырттан келген жас жетім. Абылай жас шағында жетімдік күйін кешкен деген мазмұндағы аңыздар көп нұсқалы болып келеді. Ол аңыздардың барлығы дерлік болашақ билеуші жас күнінде әкеден жетім қалып, кісі қолында (Дәулеткелді, Төле би) жалшылық қызмет атқарды. Оның үстінде аңыздар жас Абылайды сырттан (Түркістан, Үргеніш, Бұқара) келтіріп, қазақ арасынан пана тапты деп көрсетеді. Бұл деректер Бұқар Үмбетей, Тәттіқара жыраулардың ханға айтқан толғаулары арқылы іргесі бекіп, шынайы шындыққа айналған.

Бұл тұста ә дегеннен назар аударатын мәселе сырттан келген жас жетімнің күйі -тек Абылай басында ғана емес, қазақ фольклорындағы Шыңғыс, Алаша хан бейнелеріне де ортақ күй. Мысалы, аллатағаланың әмірімен жүкті болған Алтынбел ханның қызы елден қуылып, ол Шыңғысты бөтен елде дүниеге келтіреді, сол Шыңғыс патша болды. [2, КМЖ-2, 91-93] . Бұқарада хандық құрған қызыл Арыстан ханның ордасында анадан ала болып туғандықтан шеттетіліп, Сырдария суынан өтіп, Алатау, Қаратау өлкесінде жан сақтаған Алашаны Майқы би өз қолына алып, алдына үш жүз жұрт салып хан етеді. [2, КМЖ-2, 60-63] .

Сырттан келу сарыны жекелеген кісі атауының түп-төркініне де енген. Қазақ хандарының түп атасы болып саналатын Алаша хан атауының бір мағынасы «сырттан келген бөтен кісі» дегенді білдіреді. Бұл туралы ХІХ ғасырда Шоқан былай деп жазған: «Қазақ деген одақты құрайтын үш жүз өзінің шығу тегін Алаша деген кісіге тірейді. «Алаша» сөзі жатжұрттық немесе, дәлірек айтқанда, сырттан келген бөтен кісі дегенді білдіреді»[3, Валиханов, 24] .

Жас Абылайдың сырттан келу сарынын жеткізетін аңыздық нұсқалардың жазбаға түскен уақыты бойынша ең көнесі -Шоқан Уалиханов жазбалары. Оның еңбектерінде «Абылай» атты мақала және жыр сондай-ақ «ХҮІІ ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар» жинағында атақты ханның балалық шағы туралы аңыз нұсқасы тіркелген. Аңыздық жинақ пен мақалада Шоқан Абылайдың өмірбаяны мен қызметіне мол орын береді. Ғалым қаламына ілігіп, алғаш жазбаға түскен аңыздың мазмұны мынадый:

«Аңыз бойынша, Түркістаннан қырға (қазақ даласына - автор) ең жақын туысы Әбілмәмбет ханға жол тартқан Абылай Ораз құлмен бір атқа мінгесіп келеді. Қалыптасқан жағдай оны біраз уақыт Қарауыл руының Жақсылық атасындағы Дәулетбай деген бай кісінің жылқысын бағып күн көруіне мәжбүр етеді. Дәулетбайдың әйелі сырттан келген жас баланың әкеп бермесе өзі ешқашан ас сұрап ішпейтінін, ішкеннің өзінде де тартынып отыратынын ешқашан жуылмаған ыдыстан ас алмайтынын байқайды. Бұл қазаққа тән емес мінез-құлық еді: баланың бекзаттылығы Дәулетбайдың да назарын аударып, Ораздан баланың жөн-жосығын, тегін сұрайды. Бар шындықты білген Дәулетбай Абылайға табыннан ең жақсы ат мінгізіп, Әбілмәмбет ханға апарады. Абылайға тарту етілген ат атақты Шалқұйрық еді. Шалқұйрық жас сұлтанның жорықтарында алғашқы сенімді серігі бола біледі. Соның арқасында Абылай өзіне батыр атағын алады, қазақ құрметіне ие болады» [4, 217] .

Шоқан келесі бір еңбегінде - «Абылай» атты мақаласында осы аңыздың кеңейтілген екінші бір нұсқасын келтіреді:

« . . . Атасы (оның да аты -Абылай) Түркістанның билеушісі болып тұрған. Батырлығымен, батылдығымен аты шығып, сол үшін қанішер деген қаһарлы да, құрметті атаққа ие болған кісі. Бірақ балсы Уәли әкесінің даңқын асыра алмай, Түркістанды басып алған көрші билеушілердің бірінің қолынан қаза табады. Қалтықсыз берілген бір құлының арқасында ғана он үш жасар ұлы Абылай аман қалады. Адал құл өз түлегін ертіп, қазақ даласына тартты. Ақсүйек ағайын-туғандары сыртқа тепкен жас Абылай қырға келіп, Жақсылық руының бір байына малшы болады» [5, 111] .

Сырттан келу сарыны Мәшһүр Жүсіп жинаған Абылайға қатысты аңыздарда «түрлене » түседі:

«Он екі жасар бала күнінде қасында Оразаулық деген сарт бар екеуі Түркістан шәһәріне келіп, Әбілмәмбет патшаға қызметкерлік қылады. Ол жерде орнығып тұра алмай, Ұлы жүз Үйсін Төле бидің түйесін бағып бағып жүрді. Онда да байырқалап тұра алмады: Сарыарқаға шығып, Атығай Қарауыл деген елдің ішіне келіп, Дәулеткелді байдың жылқысын бақты» [6, 12] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Абылай ханның тарих сахнасына шығуы
Абылай ханның тұрақтануы
Абылай хан жайында
Абылай және оның заманы туралы
ХҮІІІ ғ. 50-ші жж. – ХІХ ғ. бірінші ширегіндегі Қазақстандағы саяси үрдістер
Жоңғар шапқыншылығы туралы
Жоңғар мемлекеті
Абылай ханның Қытаймен мәмілегерлік саясаттары
Абылай хан тұсындағы қазақ елі
Абылай ханның Қазақ хандығын біріктіруі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz