Айтбай Белгібайұлы айтыс жанрындағы келбеті


МАЗМҰНЫ:
КІРІСПЕ . . . 4
І
1. 1. Айтбай Белгібайұлының өмірі
мен шығармашылық ғұмырбаяны . . . 8
ІІ Айтбай Белгібайұлының ақындық әлемі.
2. 1. Айтбай Белгібайұлы айтыс жанрындағы келбеті……. . ……… . . . 20
- Айтбай ақын шығармашылығындағы кітабилық дәстүр . . . 29
2. 3. 2. 3. Айтбай Белгібайұлының түрлі тақырыптарға арналған өлеңдері . . . 54
ІІІ Айтбай ақын шығармашылығындағы Ұлы Отан соғысының батырларының жырлануы.
3. 1. Ақын шығармашылығындағы Ұлы Отан соғысындағы қазақ батырларын жырлауы . . . . . . 59
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 66
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 68
І. КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының бүгінгі таңда және жарқын келешекте алдында тұрған аса ірі міндеті - халқымыздың бұрын-соңды жасаған рухани көркемдік мұрасы мен дәстүрін меңгеру, оны жұртшылықтың игілігіне айналдыру болып табылады. Әдебиеттің белгілі бір дәуірлері, елеулі ескерткіштері, қайраткерлері туралы нақтылы және сенімді ұғым қалыптастыру үшін ең алдымен шығармалар мәтінін ғылыми тексеріп, жариялау, олар жайында талдаулар жүргізу шарт. Онсыз дәлел орнына дақпырт жүретін, зерттеуден бұрын қорытынды үкім жасалатын қырсық әдеттен құтыла алмаймыз.
Әдеби мұраның игерілу ахуалын қысқаша шолсақ, қазақ әдебиетінің сан ғасырлық жасалу, даму жолдарын шолатын еңбектер бізде жоқ емес, бар! Бірақ, қайсы дәуірдің көркемдік қазынасы туралы да түсінігіміз жартыкеш болып келгенін айтпасқа шара жоқ. Мысалы, түркі тілдес халықтарға ортақ мұра болып табылатын V-VI ғасырлар арасындағы жазба ескерткіштердің мән - мағынасын ашып көрсетуге енді - енді ғана ден қоя бастады. Бірсыпыра көркемсөз байлығы тікелей зерттеушілік мәдениеттің әлсіздігінен қозғаусыз қалып келеді. Бұл ретте өткен ғасырдағы Шортанбай, Мұрат сынды ақындар туындыларын атаған болар едік. Ал енді бір шоғыр ақындар туындылары бір кезде олардың авторларына тағылған түрлі саяси кінәраттар салдарынан мүлде жабық күйінде қалған. Бұл көрсетілген үш сала мұраны тексерудің баяулап немесе тоқырап қалғанына түрлі себептер табылуы мүмкін. Соның ең бастысы ғылыми зерттеу дәстүрінің қалыптасып болмауынан, әдебиеттің көпқырлы жанды
құбылысын қатып-семген догматикалық жаттанды, жасанды қағидалар өлшемімен қараудан туған болатын. [1-65]
Зерттеушілер назарынан тыс қалған тағы бір шоғыр мұра Қазақстанның әр өңірінде жасаған ақындар шығармаларына қатысты. Бұл тараптағы кемшілік санаулы, белгілі ақындар есімін ғана тілге тиек етумен шектеліп, көркемдік мәдениетімізге азды-көпті үлес қосқан сөз шеберлерін ұмыт қалдырушылыққа байланысты.
ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы әдебиет қолданған әдеби тәсіліне ұстанған бағыт - бағдарына қарай танылмай жүр деуге келмейді. Сөйтседе, Қазан төңкерісіне дейін қаншама кітаптар шығарған біраз қаламгерлердің туындылары әлі күнге дейін өз ұрпақтарынан өгейлік көріп келеді. Өз ұлтымызды өзіміз тануға толық мүмкіндік болып жатқан кезде, бұл дәуірдегі ірілі-уақты ақын, жазушылар жаңа көзқараспен қайта қаралып, дұрыс бағалануы тиіс-ақ. Сондай жаңаша бағалап, бағамдауды қажет ететін
әдеби ағым өкілдері - кітаби ақындар. Бұлардың алды елуден асса, соңғылары төрт - бестен дастан жазған ерекше дәстүрлі өзгеше ағымдағы ақындар. [2-28]
Кітаби ақындар қоғамдағы ауыр саяси - әлеуметтік дағдарыстың себебінен дүниеге келген жаппай орыстандыру, шоқындыру белсенді жүргізіліп,
халықтың рухани байлығына шабуыл жасалып, халықтың ғасырлардан келе жатқан сенімі шайқалып, тұрған тұста, сол суық ызғарды замандастарынан күн ілгері біліп, оның зардабын жан -жүрегімен сезініп, орысшылдыққа түрікшілдікті, шоқындыруға ислам дінін қарсы қару етіп күреске шыққан ақындар - осы біз сөз ететін кітаби ақындар. Бұл ақындарды өздері өмір сүрген кезеңінен бөліп қарауға болмайды. Олар өз дәуірінде қоғам қажеттілігінен туған, өз кезегінде міндеттерін адал орындаған ағартушы ақындар. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін сөз еткенде, «ағартушы», «ағартушы демократ» деген атауға бір жақты талап қойылды. «Ағартушы» - деп тек орыс мәдениетін насихаттаушы -ларды ғана атап келді. Әлем әдебиетінде «ағартушылық» қоғамда адам санасын біліммен азықтандырып, рухани тазалыққа шақырып, идеясын ұстанған білімді азаматтарға берілген атақ екендігі белгілі. Олай болса, кітаби ақындардың да әдеби идеялық көз-қарастары ағартушылық ағымына сәйкес келеді. [2-32]
Бұл туралы ғалым Б. Кенжебаевтің пікірі біздің ойымызды нақтылай түседі. « ХХ ғасырдың басындағы ақын-жазушыларыды, кітаби ақындар, ағартушы демократ ақындар деп бөлгенде, бір дәуір әдебиетін екі түрлі принциппен бөлген, жіктеген боламыз. Бұл ғылыми жіктеу емес. Бір дәуірде жасаған ақын-жазушыларды бір принциппен ғана, яғни идеялық - әдеби көз қарастарына қарай жіктеген орынды болмақ ». Ол ақындардың қай - қайсысы да білім алуды насихаттады. Білім алудың мағынасын тарылтып, жіберген соңғы жылдары бұл бағыт білім көзі деп мойындалмады. Әйтпесе бұларда жастарға, жалпы халыққа білім таратушылар болатын. Бұларда білім алуды, адалдықты, адал еңбекпен мал табуды, рухани тазалықтты насихаттады. Рухани тазалықтың құралы - ислам моральі деп түсіндірілді. Исламның аты аталып, Алла мен пайғамбар сөз болған соң-ақ, бұл ақындарды халықтан алыстатуға күш салынды. Оларды идеялық әдеби көзқарасына қарай емес, саяси тұрғыда бағалау басым болды. [3-58]
Кітаби ақындарды өз ұлтынан бөліп тастау - белгілік түрік танушы ғалым В. В. Радловтың бұларға «кітаби» деген анықтауышты қосқаннан бастау алатын сияқты. Кейінгі зерттеушілер діңи көпшілігі бұл ақындар шығармашылығына жоғарыдағы Радловтің көзқарасы тұрғысынан келіп оларды қазақ әдебиетіндегі белгілі даму кезеңіндегі ерекше үлгілерінің бірі деп емес, сырттан келген дүние іспетті қарап келді. Бірте-бірте шығыстан
алынған көшірме дүниелер (сырттан алынған дүниелер есебінде), әдебиет тарихынан ысырылып тасталынды. Бұған елдегі саяси ахуал тікелей әсер етті. «ХХ ғасыр басында олардан қалған мұра 120 поэма еді », - деп М. Әуезов сөз ететін сол әдебиет қазіргі күнге дейін, өз деңгейінде танылып болды деп айта алмаймыз. Ғалымдар бұл ақындарға мойын бұратын кезі келгенін ескертеді. «Қазақ Әдебиетін зерттеу ғылымында, жете зерттеліп, әрі толық, лайықты орындарын таба алмай жүрген кітаби ақындар біраз бар. Олар: Ақылбек Сабалұлы, Шәді Жәңгіров, М. Жұмашев, Жүсіпбек Шайхисламұлы, Оразмолда, Баймұханбек Бейсенов, Мағаз Батырғалиұлы, Кашафуддин бин Шахмардан, Мақыш Қалтаев, Ғали Махмұдов, Нұржан Наушабаев, Ақмолла, Есенмолла, Әбубакір, Ахмет Оразбаев, Жанұзақ, Тұрмағанбет Ізтілеуов т. б. есімдері ескерусіз аталмай қалтарыста қалып қойған яғни, аттары көпке мәшһүр емес осы ақындарды бір мақамға салып, «ескішіл бағыттағы ақындар» деп сипай өте шығып жүрдік», - дейді ғалым Ө. Күмісбаев. Бұлардың ішінен Шәді Жәңгірұлы, Н. Нысанбайұлының шығармашылығына арналған диссертация қорғалды. Майлықожа, Мәделіқожа, Молда Мұса және Н. Нысанбайұлы, Ергөбек ақындар шығармашылықтарын топтастыра сөз еткен еңбекте жарық көрді. Әбубәкір Кердері, Ақмолла шығармаларын Уәлихан Қалижан зерттеп, ХХ ғасырдағы діни - ағартушылық ағым атты еңбегінде жарияланды. . Қалғандары - ақындар шоғырының ішінде аттары аталғаны болмаса, тікелей зерттелмей, тың жатқан дүниелер.
Солардың бірі - төңкерістен бұрын Ташкентте «Шырын - Жігер» дастанын жазып, баспа бетінен жарыққа шығарған, кезінде ел арасына кең танылған, соңғы кеңестік саясаттың ызғарының нәтежесінде көп көзінен тасаланып қалған ұстаз, ақын - Белгібайұлы Айтбай.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Дипломдық жұмыстың негізгі мақсаты - кезінде өзінің төкпе термесі, ағынды ақыл жырымен тыңдаушы қауымның құлақ құрышын қандырған әсем әуенді Айтбай ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен мағлұмат беріп, оның шығармашылығымен, әдеби мұрасымен оқырман қауымды кеңінен таныстыру мақсатында жан-жақты зертеулер жүргізу. Дипломдық жұмыста мынадай міндеттерді басты мақсат қоямыз
- Айбай Белгібайұлының өмірі мен шығармашылық ғұмырбаянына тоқталып өту;
- Айтбай Белгібайұлының ақындық әлеміне;
- Айтбай Белгібайұлы айтыс жанрындағы келбеті;
- Айтбай ақын шығармашылығындағы кітабилық дәстүрге тоқталу;
- Айтбай ақын шығармашылығындағы Ұлы Отан соғысының батырларының жырлануы;
- Ақын шығармашылығындағы Ұлы Отан соғысының қазақстандық батырлардың жырлануына назар аудару;
- Айтбай Белгібайұлының туған жер тақырыбына арналған өлеңдеріне ден қою;
Диплом жұмысының зерттеу пәні - бір кезде ел арасына кең тарап, қазір ұмыт бола бастаған күміс көмей, жезтаңдай әнші - ақын Айтбай Белгібайұлының асыл мұрасын ел игілігіне айналдыру.
Зерттеу нысаны. Әрі сауатты, әрі ауызша төте жырлайтын да, кітаби ақындығымен де жыр сүлейі атанған Айтбай Белгібайұлының өмірі мен шығармашылығын дипломдық жұмысымыздың басты мақсаты етіп аламыз.
Диплом жұмысының құрылымы - кіріспеден, екі тарау, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады
БІРІНШІ ТАРАУ
1. Айтбай Белгібайұлының өмірі мен шығармашылық қызметі
Қазақтың сөз өнері көп ғасырлар бойы үш түрде жасалып, өмір сүріп келеді. Оның біреуі - фольклор, екіншісі - авторлық ауыз әдебиеті, ал үшіншісі - жазба әдебиет. Олардың бір-бірімен қатынасы өте тығыз, үшеуі бір-біріне әсер етіп, өзара байланыста дамыды. Фольклор - ежелгі заманда пайда болып, халықтың өзімен бірге жасап, жалпыхалықтық руханиятқа айналған болса, авторлық ауыз әдебиеті мен жазба әдебиет орта ғасырларда туып, фольклормен қатарласа өрбіп, халық пен қоғамның сапалы өсуін айғақтаған мәдениет болды. Үшеуі де біздің дәуірімізге жетіп, қазіргі рухани өмірімізде үлкен рөл атқарып келеді. Әрине, әрқайсысы ереукшелігіне байланысты әртүрлі сипатта көрінеді. Мысалы, халық әдебиеті, яғни фольклор көбінесе бүгінгі мәдениетіміздің қайнар көзі болып, өнеріміз бен әдебиетіміздің тұғыры ретінде қызмет атқарса, авторлық ауыз әдебиеті қазіргі таңда айтыс түрінде көрініс беріп жүр, ал жазба әдебиет осы күнгі бүкіл өнеріміздің көшбасшысы екені дау туғызбайды. Рас, ылғи да бұлай болмағаны белгілі. Жиырмасыншы ғасырға дейін ұлттық руханиятымызда фольклор мен авторлық ауыз әдебиеті басым болып келді. Авторлық ауыз әдебиеті жиырмасыншы ғасырдың ортасына дейін өзінің белсенділігін, мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Халық ақындары ертеден келе жатқан жыраулар мен ақын-жыршылардың дәстүрін бұзбай, өздерін әрі ақын, әрі жыршы, әрі әнші ретінде танытып, авторлық ауыз әдебиетін жеке шығармаларымен де, бұрынғы жырлар мен әндерді
орындауымен де дамыта түсті, басқа сапаға көтерді. Бұл процесте олар бұрынғы мұраны біліп, пайдаланумен шектелген жоқ, олар өз тұстарындағы жазба әдебиет үлгілерімен танысып, оқыған шығармаларынан өнеге алды, сөйтіп баяғыдан келе жатқан авторлық ауыз әдебиетін жазба әдебиетке қарай бет бұрғызды, жазба әдебиеттің элементтерін қолданып жаңа дастандар, тіпті поэмалар шығарды. Мұндай шығармалардың тууы бірде ауызша, бірде жазбаша түрде болды, себебі жиырмасыншы ғасырдағы халық ақындарының біразы арабша сауатты болып, шығыс әдебиетін жақсы білетінді, ал кейбірі қазіргі әріптегі кітаптарды да оқи алатын. Сондай ақындардың бірі - Айтбай (шын аты - Айтмұхаммед ) Белгібайұлы еді.
Ақынның өзі туралы «Ақын Айтбай көргені» атты өлеңінде былай дейді:
Сегіз жүз сексен жеті бірде бір мың сана,
Келіппін бұл дүниеге болып бала.
Атамекен бабаның қонысы екен,
Қаратаудың алқабы жалпақ дала.
Көз ашып нұрын көрдік ай мен күннің,
Тәрбиелеп ата - ана берді сүтін.
Онға жетіп өрмелей қадам бастық,
Мағдарын білмесек те дүние бүтін.
Өлкесі Сырдария қонысы екен,
Жер кепе қаласы жоқ мұнан бөтен.
Жас шаңырақ шөлдеген жазирада,
Көр секілді жер кепе қыста түтін. [4-172]
Айтбай Белгібайұлы -халық ақыны, жырау. 1888 жылы Сырдария өңірінде, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданының Тартоғай-Сумағар дейтін жерінде дүниеге келген. Ол жастайынан оқу іздеп, әрекеттенумен болады. Тіпті Түркістан қаласындағы Иван Калыч дегеннің орыс мектебінде оқымаққа да талап етіп әрекеттенген. Бірақ, егіншілік пен малшылықтан басқа кәсібі жоқ кедейдің баласына өмір өз кедергісін келтірді. Жігерлі бала сонда да алған бетінен қайтпай, он үш жасында Түркістан маңындағы Қарнақ кентінің медресесіне қашып барып, жалданып оқуға түседі. Зейінді бала мұның бес жылға шақталған бағдарламасын үздік тамамдайды. Бес жыл сонда мұсылманша оқып, Бұқарада оқуын жалғастырады. Бұл Орта Азия мен Қазақстан аймағындағы ең жоғары мұсылман оқуы еді. Онда төрт жыл оқып, ислам дінінің үлкен білгірі болып шығады және парсы, араб тілдерін меңгергенінің арқасында шығыс классиктерінің шығармаларын оқып, өзіне сарқылмас рухани нәр алады. Бұл медреседе ақынмен бірге «суды теріс ағызады» деген Әбубәкір қары да білім алған. Осы 1903-1906 жылдары Бұқарада оқып жүрген жылдары парсы тіліндегі кітаптармен мол танысады. Фердауси, Низами, Рудаки, Омар Хаям тәрізді алыптар туындыларын түпнұсқадан қызыға оқиды. Осы ұлы шығыс ақындарының кітаптарын жинап, өмірлік серік етеді. [5-145]
Айтбай ақын өз туындыларын жазып шығаруды әдетке айналдырған ақын десек те, ауыз әдебиетінің күшті ықпалында болған. Өз тұстастарының ұғымына, түсінігіне жеңіл соғатын шығармалар жасау қамын көбірек қарастырған. Себебі, ақын өзі өмір сүрген, ақындық қызметі қалыптасқан ортаның, кезеңнің өзі оған осы талаптарды қойып отырған. Өзінің өлең-жырға деген ынта-ықыласы оны қазақтың бай фольклорлық мұрасына жетелейді. Сонымен бірге Қаратау мен Сыр өңіріне аты мәшһүр болған Молда Мұса, Мәделі, Қожа, Шәді Төре, Майлықожа,
Құлыншақ сынды жыр алыптарының шығармаларын оқып, жатқа да айтатын болған. 1913-14 жылдары ташкент қаласында Маруся
деген орыс қызымен танысып, арада бірер жыл өткенде оны еліне алып қашады. Ол - сол кездегі Ташкент генерал-губернатордың туысы Лушник деген сары уәзірдің қызы болатын. «Арманды Айтбай» дастанында өмірдің қиыншылығын, сезімнің шырғалаңына түскен балаң жігіттің
көңіл - күйін былай суреттейді:
Нашарлап кедейліктен Ташкен барып,
Шамалы қайрат - күшім, жүзім налып.
Күнбе күн елім үшін қызмет еттім,
Бірінде орақ, бірінде кетпен алып.
Сауатым бар шамалы арабшадан,
Үлкені оқымаған күбкүн надан.
Басыма айналдыра бөз орап а(лы) п,
Саналдым өзімді - өзім молдалардан.
Сол кезде жиырма бесте жасым еді,
Құраннан жігіттігім басым еді.
Бір қызға жатсам - тұрсам көңілім ауып,
Ақылым әр алуан қашып еді.
Қызы екен Сары төренің білдім сұрап,
Дабысы талай жерге кеткен тарап.
Орыс - қазақ демеді біздің көңіл,
Қайтейін мен қалған соң, жаным қалап.
Қазақ әдебиетінде қазақ жігіттеріне орыс аруларының ғашық болуы көптеп кездеседі. Соның бірі - Дударға ғашық болған Мариям Жагорқызы болса. Екіншісі - Арманын хатқа жазып, сезімін әсем үнімен жеткізген ақын Айтбай десек артық айтқан болмаспыз
Айтбайға туған өлкесі Сумағар - Тартоғай, Тіней мешіт жамағаты жиылып той жасап, соңынан екеуіне «балаларымызды біреуің қазақша, бірің орысша оқытыңдар» ден қолқа салады.
Шешем шықты алдымнан, әкем бірге,
Қарады қыз ап келген біздің түрге.
Бозқасқаны құдайы шалып тастап,
Ағайын хабар берді, жетер жерге.
Той болды ұлы жиын, ғажап думан,
«Законшіктер» жиналды небір құмай.
Апыр-ай, бұл недеген тамаша деп,
Қыз - бозбала шулады, Қалың тоғай.
Қызды көріп, ер әйел есі кетті,
Тазаның жұрнағы деп, қандай текті.
«Әлемде мұнан артық сұлу жоқ» - деп,
Кейбіреулер: «Перінің қызы» - депті! [4-24 ]
Сөйтіп, олар бірнеше жыл балаларды оқытып, көптеген қазақ балаларының сауатын ашады. Ақынның інісі Төле Белгібайұлы «Ақынның өмір тарихы» атты мақаласында «Ол кезде орыстан қыз алған қазақ жігіті болмайтын. Күздің кезі еді, ауылға келген соң үлкен той жасап, мереке өткізілді. Тойдан соң Сыр бойындағы үлкен - кішінің бәрі бас қосып, балаларды өзің қазақша оқыт, әйелің орысша оқытсын деп ұйғарым жасады. Жан - жақтан балалар ағылып келіп жатты. Түске дейін қазақша, түстен кейін орысша оқу жүре бастады. », баян етеді. [6-3]
Айтбай мен Маруся Қазан төңкерісі туралы хабарды үмітпен қарсы алады. Тіпті Түркістан қаласында құрылған совдеп жұмысына ә дегеннен араласып, айрнайы тапсырмалармен аш-арықтар үшін Ақтөбе қаласынан астық тасу жұмысымен айналысады. Ол кезде паровозды жүргізу үшін Сырдан, Қызылқұмнан сексеуіл тасиды. Қара жұмыстың ешқайсысынан қашпайды. Осынау аумалы-төкпелі кезеңде Марусяны әкесі шақыртып әкетеді де, ақсүйек ағаларының қысымымен ақыры екеуін ажыратып тынады.
Бұл үшін, надандығым болды басым,
Малайлықпен өтті де оқу жасым.
Оқытпаған обалым Некалайға,
Жібегім - жүн, жез болды - ау гауһар тасым.
Зорлықпен тартып алды сүйгенімді,
Кімге шағып жылаймын күйгенімді.
Тілмаштары ол күндегі «жалап» екен,
Көтеріп олар, сүйер мекен бір белімді. - деп қапалығын хатқа түсіреді. [4-32]
Кеңес өкіметі орнағанға дейін жас Айтбай қазақ ауылдарында медресе ашып, балаларды оқытады, ал Кеңес өкіметі келгеннен соң әртүрлі қызмет атқарады: мұғалім болады, болысқа хатшылық етеді, ликбез, яғни сауатсыздықты жоюды ұйымдастырады, есепші жұмысын атқарады. Ақынның ұлы Өмірзақ Айтбайұлы: «Менің әкем Айтбай Белгібайұлы Ислам ілімін терең игерген ғалым, әрі ақын адам еді. Мектеп, медреседе сабақ бере жүріп, оқиғалы дастандар жазған, ақындар айтысына қатысқан, үнемі ел алдында жүріп, өмірдің қилы - кезеңдерін өлең сөзбен өрнектеп отырған.
1919 жылы Айтбай Ташкент қаласындағы мұғалімдер дайындайтын аймақтық курсқа оқуға түсіп, оны бітіреді. Сонда алған дипломға кезінде Орта Азия мен Қазақстанда Кеңес өкіметінің қаз тұруына көп еңбек
сіңірген партия, кеңес қайраткерлерінің бірі С. Қожанов қол қойыпты. Мұны бітірген соң Айтбай бірнеше жыл Түркістан қаласындағы бесінші интернатта мұғалім болып жұмыс істейді. Осыдан отыз сегізінші жыдарға дейін әртүрлі сауат ашу істерімен шұғылданып,
Шәуілдір ауданына көшіп келіп, жаңа ұйымдасып жатқан колхоз жұмысына араласады. [4-146]
Ұлы Отан соғысы жылдарында және одан кейін де әуелі аудандық ақша бөлімінде, одан әрі ұзақ жылдар Қызыл отау жұмысын басқарады. Айтбай өлеңді жазып шығарған ақын, және де жазғанын
сол сәтінде халық алдына шығып, әдемі даусымен әуендетіп айтуға дағдыланған ақын. Оның ерекшелігі де осында. Яғни, өлеңдерін үнемі баспа жүзінде жариялатып отыруды құнттамаса да жұртшылыққа дер кезінде жетіп отырған. Жалпы алғанда Айтбайдың өмір жолы біркекі шуақты болмаған, талай қиыншылықты басынан кешірген. Бірақ соған қарамастан Құдай дарытқан ақындығын тастамаған. Айтбайдың ата-анасы да сөзге ұста, ауыл арасындағы айтыстарға қатысып, ақындық талантын көрсетіп жүрген екен. Айтбай ақын бала күнінен өлең-жыр шығарумен шұғылданған, алайда оларды жариялауға ұмтылмаған. Оның алғаш жарық көрген шығармасы - «Шырын-Жігер» дастаны. Ол сонау 1913 жылы Ташкент қаласында басылған. Өкінішке орай бұл кітап қазір таптырмай тұр. [4- 147]
Айтбайдың ақындығына Шығыс поэзиясымен қатар қазақ фольклоры және өзі өскен ортаның Қызыл Жырау, Нартай Бекежанов, Елеусіз, Байбосын, Мақан, Балтабай, Орынбай, Қазанғап, Баймұрат, Желеу, Өтебек, Сәдуақас, Сәнбай тәрізді саңлақтарының әсері болса керек. Осының өзі-ақ Айтбайдың поэзияның эпикалық түріне ерте кезден ден қойғанын көрсетеді. Оның қолжазба күйінде сақталып, бізге жеткен тағы да бірнеше дастаны бар. Атап айтқанда: «Арманды Айтбай», «Нарбота», «Қоқаннан қашқан Нарбота», «Тазша бала - Аяз би», «Қызылқұм», «Мұрынқарақ», «Шәуілдір», «Қажымұқан», «Үш мұңлы», «Сейітқасым батыр», «Темірбек батыр», «Туған жермен қоштасы» тәрізді көлемді туындылары мен «Мырзашөлге аттаныс», «Оқу таппай шөлдедім», «Кедейлік тақсіреті», «Әкемнен хат», «Құдық суреті», «Малшыларға», «Оқушы балаларым», «Шәуілдір қонысы», «Темір стансасы», «Еңбек Ері», «Отаныма қырық жыл», «Қорғаушыларыма», «Өмірімнен өсиет» деген өлеңдерінің көбін елі кезінде жатқа айтып, жадында сақтап келген.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz