Ирония мен сарказм - айтыс жанрын көркемдеуіш тәсілдер


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 37 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе . . . 3

І-тарау. Ирония мен сарказм - айтыс жанрын көркемдеуіш тәсілдер . . . 7

І. 1. Көне айтыс үлгілеріндегі ирония мен сарказм, олардың әдеби шығармаларда қолданылуы . . .

І. 2. Айтыстың түрлері (әужар, қайымдасу, жұмбақ айтыс), олардың грамматикалық ерекшеліктері . . .

ІІ-тарау. Қазіргі ақындар айтысындағы әзіл-әжуаның сипаты . . .

ІІ. 1. Жаңа заман айтыстары: пішіні, мазмұны, ауқымындағы

тілдік өзгерістер . . .

ІІ. 2. Қазіргі айтыс ақындары тіліндегі мақал-мәтелдердің тілдік сипаты . . .

ІІ. 3. Жаңа замандық телеайтыстағы ирония мен сарказмның қолданысы . . .

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . .

Жұмыстың жалпы сипаттамасы

Тақырыптың өзектілігі: Айтыстағы ирония сипаты түрлі зерттеушілердің еңбектерінде ішінара айтылғаны болмаса, әлі күнге дейін теориялық тұрғыдан зерттер тұстары көп. Көшпелі тұрмыс пен ұлттық салт-сана дарытқан айтыс өнеріндегі сатираның сипаты күрделі. Ирония мен сарказмның айтыс шығармаларынан алатын орнын анықтау айтыстың сан қырлы табиғатына тікелей байланысты. Аталмыш диплом жұмысында айтыс өлеңдеріндегі ирония мен сарказм мәселелері жайлы ой толғауға талпындық.

Жаһан халықтары мәдениетінің тарихына үңілсек, ирония мен сарказмға мысалды көптеп кездестіруге болады. Мәселен, Еуропа халықтарындағы орта ғасырларда, тіпті, одан әріректе де болыпты делінетін күлдіргі өнершілер - сайқымазақтар, шпильмандар, шуттар; орыс славян жұртындағы скомарохтар, елкезбелер; ал шығыс халықтары фольклорындағы кейіпкерлер қатарына арабтың Джухасын, парсының Бахуласын, түріктің Базаралысы мен тәжіктің Мүшфихасын, сондай-ақ түркі халықтарындағы қоғамдық сипат алған Қожанасырдың типтік образын қоса атау орынды болмақ.

Ауыз әдебиетінің өрісі кең, арқалайтын жүгі мол, арналы саласының бірі - суырыпсалма ақындық өнерінің жемісі болып табылатын ақындар айтысындағы әзіл-қалжыңның, юмор мен сатираның, ирония мен сарказмның сан алуан сипатын іздеп табу, оның салмағын айыру үшін айтыстың әр түрін жеке-жеке әрі жіті қарастыруымыз керек.

Әлем халықтарының сын-сықағына үңіле қарасақ, қай халықтың болмасын сын-садағына нысана етіп алған қалжыңдары тақырыбы жағынан, кейіпкерлері мен көздеген идеялық мақсаты жағынан бір-біріне ұқсаса, тіпті, кей жағдайларда бірдей де болып кездесе береді. Бірақ, сол ұқсас тақырып пен мазмұнды, кейіпкерлер мен типтерді күлкіге айналдыруда, әзіл-әжуа етуде әр халықтың үні, өз бояуы болады. Қазақ халқының жан-дүнесін, танымын, түйсік-сезімін танытатын - оның әзіл-қалжыңы, сын-сықағы, ойын-оспағы, әжуасы.

Зерттеу нысаны . Айтыстағы ирония мен сарказм мәселесін қарастырғанда, көне айтыс үлгілері, ХІХ ғасырдағы, ХХІ ғасырдағы ақындар айтысы мен қара өлең үлгісі, қазіргі қазақ сахнасында айтылатын айтыс мәтіндері зерттеу жұмысының негізгі нысанына алынды.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты - айтыс жанрындағы ирония мен сарказмның орнын, үлес салмағын, қолдану тәсілдерін анықтау. Осы мақсатты айқындау үшін алдымызға мынадай міндеттер қойдық:

  • көне айтыс үлгілеріндегі әзіл мен әжуаның маңызын саралай келе, соның ішінде айтыстардағы әзіл-әжуаның идеялық-көркемдік маңызын анықау;
  • қазіргі айтыстардағы әзіл-әжуаның қолдану тәсілдерін, өзіндік мәнін саралау;
  • көне дәуірден бастап бүгінгі күнгі айтыстардағы әзіл-қалжыңның салмағын, айтыс жанрының көркемдік сипатын арттырудағы орнын көрсету;
  • Ирония мен сарказмның айтыс жанрының ролін арттырудағы өзіндік қызметі жайлы ой қортып, тұжырымдар жасау;
  • бүгінгі айтыскерлер шығармаларының болмыс-бітімі, таным-түйсігі, салауат-сауаты, этикалық-эстетикалық ой-өрісі қаншалықты дәрежеде екенін айқындау;
  • айтыстың көркемдік сипатында, мазмұндық деңгейінде, пішіндік ерекшелігінде нендей өзгерістер барына баға беру;
  • айтыстағы сын-сипат, астарлы ой, шеберлік, әзіл-қалжыңның, мысқыл-әжуаның поэтикалық салмағын зерделеу;
  • айтыс өлеңдеріндегі әлеуметтік мазмұн және өткір мәселе көтерудегі ақындардың сатиралық әдіс-тәсілдерді қолдануы туралы ой қорыту.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Осы диплом жұмысы аясында айтыстағы ирония мен сарказм мәселесі зерттеліп, ғылыми тұрғыда жан-жақты талданып отыр. Бұл орайда зерттеу жұмысындағы жаңалық мазмұнын мынадай басты тұжырымдар құрайды:

  • ирония мен сараказм айтыс ауқымында қарастырылды;
  • айтыста көп қолданылатын әсірелеу, кішірейту, кекесін, әжуа секілді бейнелеу құралдарының сатираға тән сипаты ғылыми тұрғыдан сараланды;
  • айтыс үстіндегі жағымды-жағымсыз бейнелердің алуан түрі жасалуындағы иронияның, сарказмның маңызды ролі пайымдалды;
  • айтыстағы иронияның өмірді бейнелеу мен танытудағы мәні, философиялық астарлары тұжырымдалды;
  • өтірік өлең мен мысал айтыстардағы негізгі арқау сарказм болып табылатындығы тың пікірлермен түйінделді;
  • айтыстағы тәсілдер, олардың ұтымды жағы немесе ұтылудың себеп-салдары теориялық тұрғыдан түйінделді;

Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері. Зерттеу барысында айтыс жанры туралы айтылған, жарыққа шыққан пікір-тұжырымдар, сондай-ақ юмор мен сатираға қатысты теориялық тұжырымдар, ғылыми, әдеби-сын еңбектер жұмыстың әдіснамалық негізі етіп алынды. Әдебиеттанушы ғалымдар қатарында Ш. Уәлиханов, А. Байтұрсынұлы, М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Р. Бердібаев, Т. Кәкішев, Т. Қожекеев, Р. Нұрғали, М. Жармұхамедұлы, А. Мұсаевтың пікірлеріне сүйендік. Сондай-ақ сатира теориясына қатысты жазылған орыс ғалымдары В. А. Алексеевтің, У. А. Гуральниктің, Я. Е. Эльсбергтің, Ю. Б. Боревтің еңбектерін, қазіргі айтыскер ақындардың мәтіндерін басшылыққа алдық.

Зерттеу әдістері. Дипломдық жұмыста тарихи-салыстырмалы, баяндау, талдау, жинақтау әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І-тарау. Ирония мен сарказм - айтыс жанрын көркемдеуіш тәсілдер

Айтыс - халық өмірін бейнелейтін көркем әдебиет саласының бірі. Одан халықтың қуанышы да, қайғысы да, саяси - шаруашылық тұрмысы да, әдет - ғұрпы да, жалпы әлеуметтік және жеке адамдардың қарым - қатынастары да, заманына лайық өрбіген тартыстың формалары да көрінеді. Сондықтан айтыс жанрының тақырыптары әлденеше тарау боп бұтақталып кетеді, сол бұтақтардың бәрі халық тұрмысының шындығын біршама дұрыс та дәл бейнелей алады.

Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша ұлттық ерекшелік, дәстүр бар. Әр халықтың туа бітті болмысынан жаралған, өмірге келу жағдайына орайлас қалыптасқан осы дәстүрлердің тозығын уақыт өзі екшеп, озығын ел кәдесіне жаратып жатса, мұның өзі адамзат көшінің жарасымымен ілгері озуына септігін тигізбек. Үшінші мыңжылдықтың аясында өз кемесінің желкенін керіп шыққан қазақ халқының ешкімге ұқсамайтын бітімі мен болмасын ажарлайтын ұлттық қадір - қасиеті аз емес. Соның бірегейі есте жоқ ерте замандарда туып, қалыптасып, дамып - жетіліп, бүгінгі күннің де қажетіне жарап отырған халық ауыз әдебиеті болса, оның ең бір өміршең жанры - айтыс та ұлттық ескірмес рәміздерінің қатарында жаңа ғасырдың табалдырығынан аттап отырғаны талас тудырмайды.

Ұлы ұстазымыз М. Әуезов: «Айтыс заманында өзге елдерде де болған. Парсыда “ мүшәйр а”, арабтарда “ мұғал - ләкәт ” деген. Арабтардың көшпенді бәдәуилері қара сөзбен емес, үнемі өлеңмен сөйлескен, қазақ халқының аса бір ұлы қасиеті сол қынаптан суырып алған қылыштай қолма - қол қиып айтатын айтқыштығында, айтыскерлігінде. “Бұл қай халықтың алдында да мақтануға тұрарлық өнер”, - деген еді [7, 213] . Осы өнер қазір тек қазақ пен қырғызда ғана қалды. Әсіресе, қазақ ішінде үздіксіз дамып келеді.

Дала демократиясының жүзі қайтпайтын қаруына айналған ақындар айтысы ақиқаттың аузын буған не бір қатаң заманның өзінде хан мен төренің, би мен бектің бетіне қасқайып тұрып тіке айтқанынан айныған емес. Осылай тәрбиеленген халық «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, оны ұлттық моральдік кодексінің темір қазығына айналдырған. Ақындардың шымырлатып, шыңғыртып шындықты айтқан шумақтары қашан да халықтың рухын асқақтатты.

Сонау Қазтуған, Шалкиіз заманынан бері қарай ақиқатты айнымай айта алатын ақындық дәстүр желісі үзілмей жалғасып келіп, Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Әсет, Біржан, Шөже, Кемпірбай, Нүрила, Ұлбике, Орынбай, Исаларға ұласса, бұл сол ғасырлар бойы өр рухын түсірмеген дәстүр сабақтастығының жемісі болмақ. Кешегі Кеңес тұсының дәмін татып, қызыл саясаттың өтінде тұрған айтыскерлерге де өкпелеудің қажеті жоқ. Өйткені олар сонда да атадан балаға мұра болған ақиқатты айту дәстүрінен жаңылған жоқ. Айтыс - қай дәуірде де халық өмірінің айнасындай дидарынан, демократиялық табиғатынан таймаған өнер. Қоғамдық - әлеуметтік салада айтыскерлердің назарынан тыс қалатын қалтарыс та, бұлтарыс та болмады. Баяғыдан келе жатқан айтыстың жазылмаған, бірақ, жұрт мойындаған кодексі осы. Осы ерекшелігі жойылған жерде айтыстың халыққа еш кедергісі де, еш керегі де болмайды. Айтысқа саясат, билік араласса, онда ол өзінің қасиетін, қоғамдағы орнын жояды, қадір - қасиетінен айырылады. Кеңестер дәуірінде сөз еркіндігі шектеліп, ақындардың аузына қақпақ қойылғандықтан, айтыскерлер өз ойын ашық айта алады - ау деген ой әсте болмады. Жалпылама айтылған сындар болмаса, нақты мәселелерге келгенде үкіметтің рәсми саяси позициясымен есептесуге тура келеді. Сондықтан айтыскерлер де айтысуға ынталы болмай, айтыс дамымай, тоқырау кезеңін бастан кешірді. Оның себебін сол айтыс демократиясына жасалған қиянаттан деп білген абзал. Дегенмен, сол заманда да айтыс қоғамдық пікірдің қолбасшысы бола алды. 40 - жылдардағы Кенен мен Нартайдың, Балман мен Шашубайдың, Орынбай мен Маясардың, Доскей мен Қуаттың ең таңдаулы жырлары аталы сөздің алдындағы адалдықтың көрінісі болғанын сөз танитын кісі ұғынады. Бұлар бұрынғы ұлы ақындардың көзін көрген, суырып салма дәстүрдің бастауынан нәр алған адырна жақ ақындар еді. Оларды көре қалған кейінгі ақындар да шындықты айтудың ақындық парыз екенін жақсы түсінді. Орайы келген кезде опырып айтып, төкпе жырдың тарпаң да таза табиғатын көрсетіп отырды. Осылайша әр кезеңде алдаспанын алмасқа суарған ақындық өнер кешегі тоқырау аталған заманның да жаназасын өзгеден бұрын шығара бастағанын көзіміз көрді. Құрсауы босап, уығы ыдырай бастаған қызыл империяның үкімін 80 - жылдардың басында ақындар айта бастады. Осы тұста жаңа бір серпінмен қанатын қаққан жыр додасы жылдар бойы ішіне бүккен қуат күшін қайта бұлқынтты. Бүгінде айтыстың абыройын асырып жүрген Аманжол Әлтаев, Мәле Қосымбаев, Ақмарал Леубаева, Мұхамеджан Тазабеков, Кәрима Оралова, Серік Құсанбаев, Айнур Тұрсынбаев, Оразәлі Досбосынов, Бекарыс Шойбеков секілді даусыз дарындар дәл осы кезде қосылып, жаңа жыр өрнегін турдырды. Қоғамда айтыс ақындарына ықылас таныта бастады. Оларға мемлекеттік деңгейде марапат жасалып, әр түрлі атақтар мен сыйлықтар тағайындалды. Айтыстың көркемдік дәрежесін жаңа сатыға көтеріп, суырып салма дәстүрді жаңғыртып, ел рухын биіктетуге айтарлықтай үлес қосқан төрт бірдей айтыскерге - Әселхан Қалыбековке, Әсия Беркеноваға, Қонысбай Әбіловке, Әсімхан Қосбасаровқа - Қазақстанның халық ақыны деген құрметті атақ берілді.

Айтыс - «айт» етістігінен туған зат есім, өз мағынасымен алғанда «айтыс» екі кісінің сөйлесуі. Бұл сөйлем - қазақ арасында көп ұшырасады. «Айтыс» кейде «талас» мағынасында алынып, біреу мен біреу таласса, жан - жалдасса «пәленше мен түгенше айтыса қалыпты» деп те айтады.

Айтыстың мағынасы осындай кең болғанмен, айтыс ұғымындағы сөздердің ішіндегі ең басымы өлеңмен айтысу.

Жазба әдебиетінің тарихы әріден келе жатқан, мәдениетке ерте суарылған елдерде (грек, рим, т. б. ) «айтыс» поэзиясы ұшыраспайды. Тек ескі мәдениетті елдерде «айтыс» бар ел - араб. Арабта біздің «айтысқа» ұқсас өлеңмен сөйлесу (мұғаллақат) бар, бірақ зерттеушілердің сөзіне қарағанда, «мұғаллақат» көбінесе арабтың көшпелі тұқымы - бедуиндер арасында ұшырасатын көрінеді. Жазба әдебиеті ескіден келе жатқан басқа елдерде «айтыс» поэзиясы бары бимағлұм.

Соңғы кездерге дейін көшпелі өмір сүріп келген қазақ, түрікпен, моңғол сықылды елдердің көбінде айтыс жанры бар. Бұл жанрдың тууына және өркендеуіне бас себеп - бұл елдердің сауатының аздығы, мектебі, оқуы жоқтың кедергі болуы. Мектебі, оқуы, қалам, қағазы жоқ елде ақынның күші ауызға түседі. Басқа жанрлар сықылды, айтыс жанры да ауызша өркендеді.

Айтыс - қазақтың ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан жанр. Мысалға «жар-жар» (немесе «ау-жар»), «бәдік» айтыстарын алсақ, олар ерте заманда шыққанға ұқсайды. Бірақ ескі заманда шыққан айтыстардың пайда болу мезгілін, шығарушысын шамалау қиын, бұлар ауыздан ауызға көшіп ел мүлкі, ел қазынасы болып кеткен.

Қазақ тұрмысының жағдайында, жазба әдебиет тумаған кезде ақынға «ақын» деген атақ әперетін ең басты поэзия - «айтыс» болған. Ақын болу үшін ақынға өзінің ақындық күшін көп алдында таныту керек; ақындығын жарыстырып, көптің сынына түседі. Егер осы жарыста көптің сынына толса, оған көпшілік ақындың атақ тағанды да, сынға толмаса ақын деп танымайды.

Қазақтың ескі тұрмысында ақындардың айтысы жүйрік аттардың бәйгесімен бірдей болған. Жарыста озғанда бәйге беру сияқты айтысушы ақындарға да бәйге тігіліп, бәйгені қай жеңгене алған.

Қазақтың ескі әдетінде жарысқа түскен жүйрек те, айтысқа түскен ақын да өз намысы үшін емес, ел намысы үшін түседі. Бәйгеге шапқан аттың озғанын ат иесі ғана емес, сол ат иесінің елі боп тегіс тілейді. Бәйгеде озған атқа шінік шапқан бала қарақшыға жаңындағанда ұранға ат иесінің есімін шақырмайды, руының есімен шақырады.

Ақын да солай. Қазақтың ескі әдетімен айтысатын ақындардың әрқайсысы өз елін артық көрсетуге тарысады, қарсы ақынның елін жамандап, шінін табуға, кемшілігінін көрсетуге тырысады. Ақындардың айтысы осылай ел намысына тиетін болғандықтан, ешбір ақынды оның елі өз ішіндеде сынап алмай, зор айтысықа жібермейді. Соңдықтан ақын болғысы келген адамдар өзінің ақындық күшін әуелі жастардың әзіл-оспағында, ойын-сауығында, әдет жағдайларында (құда түсер, қыз ұзатар, келін түсер, шілдехана т. б. ) көрсетіп, өз ауылының, өз елінің мөлшерінде ақын деп танылып, үлкен күрделі айтысқа содан кейін түседі.

Ауыз әдебиетінде ақынның ақындығы екі ақын айтысқанда әрқайсысының күшіне қарай танылады. Негізінде екі ақынды екі ел айтыс жарысына түсіріп, әр ел өз ақынының жеңуін тілегенмен, ақынның ақындық күшін бағалағанда қай жағы болса да озған ақынға таласпайды, озған ақынды екі жағы да мақтайды, содан кейін озған ақын қайда, қай елге барса да ақындың құрметімен пайдаланады, қай ел болса да оны ақын деп сайлайды. Әрине, бұдан енді ол ақынмен ешкім айтыспайды деген ұжым тумайды, көпшіліктен ақындық атын алған ақындар өзара талай кездесіп, бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүреді.

Айтыста халық ақынды жынысымен емес, талантымен, сөзімен бағалайды. Ақындық талантын көзге көрсетіп аузынан асыл, ақылды, көркем, тоқтаулы сөз шыққан ақынды халық жынысына, тегіне, жасына, руына қарамай ардақтайды. Айтыста озған халық алдында ақындыққа мандат алады. Бұл мандаттың жазылатын қағазы - халықтың жүрегі. Ақын халықтың жүрегіне ең сүйкімді, халыққа ең ардақты адамның қатарында тұрады.

Халықтың ақынды жақсы көруіне себеп - ақынның тіл шешендігі ғана емес, ақынның халыққа сүйкімді, сүйікті болуына бас себеп - олардың айтыста я басқа шығармалада халық тұрмысының шындығын суреттеуі, халықтың қуанышына да, қайғысына да шын көңілмен ортақтасуы.

Қазақ әдебиетінің тарихына сөз салсақ, ақындар айтысы іштей әр түрлі тарауға бөлінеді. Солардың бірнеше түрі жұмыстың келесі тарауларында қамтылады.

І. 1. Көне айтыс үлгілеріндегі ирония мен сарказм, олардың әдеби шығармаларда қолданылуы

Ақын ұлттық тілдің дыбыстық жүйесін, сөйлем құрылысының заңдарын, сөздің экспрессивтік - эмоционалдық бояуын, сөздердің орналасу тәртібін, поэзиялық сөздің мәні мен мағынасын тлғам таразысына салып, өлең жырларын мәнерлі, өткір, шебер ұйымдастыруға, қиыннан қиыстыруға ұмтылуы тиіс. Бұл - қай кезеңнің ақынына болмасын, қойылатын талаптардың бастысы. Осы талаптармен қатар айтыскер ақын үшін ойын дөп, айтарын нақ, қарсыласына тұспалдап жеткізуге көмектесетін көркемдеуіш құралдардың бірі - ирония мен сарказм. Өз сөзін ирония мен сарказммен жеткізу сонау өткен ғасырдың ақындарына да тән қасиет болса керек.

Фольклор тілінің стилистикасы - жалпы әдеби тіл стилистикасы мен көркем әдеби тіл стилистикасы мен көркем әдеби тіл стилистикасының іргетасы, қайнар көзі. Қазақ әдеби тілінің даму тарихындағы, атап айтқанда, Орхон-Енисей, Талас руникалық жазба ескерткіштеріндегі, Қараханид тұсындағы жазба мұралардағы, Шағатай хандықтары мен ұлыстарында дүниеге келгенқыпшақ жазбаларындағы тілдік бояу-өрнектердің, айшықты оралымдардың өміршең құбылыс екендігіне ақындар поэзиясы дәлел. Сан ғасырлық тарихы бар ақындар айтысының фразеологиялық тіркесімдер, мақалдар, сыни сөздер, сөз ауыстырулары қазіргі таңда да өз қалпынан айныған емес.

Көне айтыс үлгілерінде ұйқасты сөз тізбектері, тұрақты сөз тіркестері, ащы шындықты айтар мысқыл, әжуа көптеп кездеседі. Мәселен, былайшы: «Басымды әбжыландай қайқайтайын» (қыз бен жігіт айтысынан), « Ай мен күндей толқыған» (Сарыбай), «Бикешім айдай ару, сүттен сұлу» (Сейдәлі), «Ойды орып, қырды қырқып» (Төлеу) т. с. с.

Айтар ойын тұспалдап, мысқылмен жеткізуде ақындар поэзиясының лексикалық байлығын, интонациялық жолын, ырғақтық кестесін көркейтіп көрсететін тізбектерді айта кеткен жөн. Мәселен, «өнер-айла» (Шәріпжан), «бота-тайлақ» (Оспантай), «тіл-көмейі» , «ақыл-қайрат» , «жал - құйрық» (Сүйінбай) т. б. Осынау тіркестер жайдан-жай ойға орала бермейді. Тілге шеберліктен, шешендіктен туып жатады. Олардың өлең ішінде қаншалықты әсерлі болып тұратынын білу үшін мына айтыс үзіндісін келтірейік:

Жерімді туып-өскен сағынамын,

Қайтейін жібермей жүр ырыздық-дәм (Ақтөре)

Айдаған алыс жерден ырыздық-несіп,

Кім болжар лдағыны болмақ нешік (Кемел)

«Айтыс ақындары өз бәсекесінде, өнер бәйгесіне түскенде ең алдымен, ақындық қуатын, өнерпаздық қабілетін, сөз қисыны мен нақысын келтірудегі зергерлігін көрстеуге тырысады. Ал айтыстың тыңдарман үшінде, қарсылаы үшін де мазмұнды да, маңызды өуіне ой қолданыстарындағы өткір әзіл мен әжуалар көмекке келеді». [11, 218-бет] Бұл - әріден тамыр тартқан көне дәстүр. Ақын бейнесі бейнелі сөздерден көрініп тұрады. Небір әсерлі, көрікті сөз-ұғым, сөз-символ осынау ақын образының айналасында жанды, көрікті суреттер жасап, тамырласып тұтасқан.

Өлең сөзге өрен жүйрік екенін таныту үшін «Түлкісін қызыл алтай сөздің қуып», «шаңқай боздай сөзіме шаң жұқпайды» (Үмбетәлі), «Өлеңнің таңдайымда ұяс бар» (Ләтипа), «Өлеңнің тау мен тасын құлат маған, кәрі тарлан Жамбылдан дәсең болса» (Жамбыл) деп толқыған мысалдар жеткілікті.

І. 2. Айтыстың түрлері (әужар, қайымдасу, жұмбақ айтыс), олардың грамматикалық ерекшеліктері

Жар-жар (әужар) - айтыстың көне түрі. Ескі заманнан және бір қалыпта өзгермей, трафарет боп келген сияқты. «Жар-жар» - қызды ұзатар алдында болатын айтыс. Той тарқар кезде бозбалалар ұзатылар қыз отырған үйге келіп, үзіктің жабығын түреді де, өлеңмен қоштасады. Бозбаланың қоштасып айтқан әрбір ауыз өлеңіне ұзатылатын қыз жауап береді. Олардың қоштасу өлені (жар-жар) былай келеді:

Бозбала:

Қара насар замандас,

Қара насар, жар-жар-ау!

Қара шақпал сәукеле

Шашың басар, жар-жар-ау!

Мұнда әкем қалды деп,

Қош демеңіз, жар-жар-ау!

Жақсы болса қайын атаң,

Орнын басар, жар-жар-ау!

Қыз:

Есік алды қара су,

Майдан болсын, жар-жар-ау!

Ақ жүзімді көргендей,

Айнам болсын, жар-жар-ау!

Қайын атасы бар дейді,

Бозбалалар, жар-жар-ау!

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мектеп бағдарламасында әдеби-терминдердің берілуі
Көркем шығарма тілі
Әдеби мәтінде кездесетін мысқыл сөздердің қазақ, орыс тілдерінен ағылшын тіліне аударылуы
Шет тілі сабағында әзіл-сықақ жанрды қолдану ерекшеліктері
Айтыс жайында
Көркем бейненің танымдық, эстетикалық мәні жайлы
Қазіргі қазақ айтысы
Эмоционалды - экспрессивті лексиканың зерттелу тарихы
ХАЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ӨТІРІК ӨЛЕҢДЕР туралы
Комедия. Драмадағы тарихи тұлға
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz