Контаминация құбылысының қазақ тіл білімінде зерттелінуі



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 62 бет
Таңдаулыға:   
Мазмұны
Кіріспе 3-6
1 Контаминация құбылысы және оның лингвистикалық сипаты7-11
1.1 Контаминацияның қазақ тіл білімінде зерттелінуі 11-20
1.2 Контаминацияның ассимиляция, редукция, эллипсис және 20-30
парцелляция құбылыстарынан айырмашылығы


2. Контаминациялану тәсілі арқылы пайда болған бірліктер31-34
2.1 Контаминациялану жолымен қалыптасқан фразеологизмдер 34-46
2.2 Бірыңғай мүшелердің сыйысу ерекшеліктері 46-49
2.3 Тұрлаулы мүшелердің сыйысуы 49-53
2.4 Тұрлаусыз мүшелердің сыйысуы 54-56
Қорытынды 57-60
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 61-62

Кіріспе

Қазақ тіл біліміндегі синтаксистік құбылыстар (деривация,
трансформация, контаминация және т.б.) тілдің шығармашылығымен, ондағы
бірліктердің функциясымен тығыз байланысты. Дәстүрлі синтаксис тарапынан
қарастырылатын сөздің морфологиялық тұлғасы контексте өзінің негізгі
синтаксистік қызметімен сәйкес келе бермейді. Яғни кез келген тілдік
құралдың функциялық потенциялы дәстүрлі грамматикада танылғандығынан
әлдеқайда кең екендігі байқалады. Тілдегі жаңа қолданыстар мен фактілерді
танып білу синтаксистегі қалыптасқан қағидаларды жетілдіруді, кейбір
заңдылықтарды тереңірек қарастыруды талап етеді. Тіл біліміндегі
контаминация құбылысын ықшамдаудың (үнемдеудің) бір тәсілі ретінде қараған
дұрыс. Ықшамдау (үнемдеу) жалпы тіл жүйесіне қатысты және әртүрлі
тәсілдермен жүзеге асатын құбылыс.
Ықшамдаудың түрі көп және оның деңгейлік сипаты бар екендігін айта кету
қажет. Ассимиляция, редукция құбылыстары фонетика деңгейіне тән болса,
контаминация, синкретизм және т.б. одан жоғары тұрған деңгейлерге тән болып
келеді.
Контаминация құбылысы валенттілік теориясымен тығыз байланысты. Олай
дейтін себебіміз, контаминацияның өзі процестің сыртқы атауы болса,
валенттілік сол құбылысқа негіз болатын тірек. Тіл білімінде оның тұлғалық
және мағыналық түрлері болады.
Демек, контаминация екі немесе бірнеше бірліктердің қандай да бір
ортақ, жақын белгілерін бір тілдік бірліктердің, яғни бір сөйлемнің бойына
сыйыстыру, кіріктіру, жинақтау, топтау, тоғыстыру. Контаминацияның тіл
біліміне байланысты анықтамалары көп.
Ықшамдау мәселесімен шұғылданған ғалымдар Г.Пауль, П.Пасси, А.Мартине,
Л.Блумфилд, Е.Поливанов, Г.Вайнрих, Р.А.Будагов, М.Мамудян, В.Вундт,
О.Есперсен және т.б. оны сөйлеуге және тілге қатысты деп екіге бөледі.
Олардың айтуынша, лингвистикалық экономия (ықшамдау) тілдің деңгейлік
сипатына байланысты болады. Бірақ синтаксис саласы тіл жүйесіндегі
құралдардың барлығының жұмсалу ортасы болып табылады. Синтаксистегі
заңдылықтарды жүзеге асыратын сөйлеуші мақсаты да осы синтаксис дейгейінде
көрінеді.
Контаминацияланған бірліктердің қайсысы болмасын құрамы, құрылымы
жағынан ықшамдалады. Жалпы тіл білімінде контаминациялық құбылыстар еркін
тіркес және тұрақты тіркеске қатысты алғаш рет өткен ғасырдың жетпісінші
жылдарынан бастап сөз бола бастады.
Контаминация негізінде жаңа бірліктер пайда болады. Контаминация
құбылысын жаңа бірліктердің пайда болуының бір көзі ретінде қарауға болады.
Мамандар контаминация заңдылығының әсіресе фразеологизмдер жасауда актив
қолданылатындығын айтады.
Қазақ тіл білімінде тілдік қолданыстағы бұндай заңдылықты алғаш
байқаған ғалым – Ахмет Байтұрсынұлы. Ғалым қазақ тіліндегі сөйлем
құрылысынан контаминация құбылысын алғаш сөз етумен бірге, оның қазақ
тіліндегі баламасын да (сыйысу) ең алғаш ойлап тауып, тілдік жүйеге термин
ретінде енгізген.
Қазақ тіл білімінің тарихында мұндай заңдылыққа А.Байтұрсынұлынан кейін
Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, Р.Әмір, Қ.Есенов, С.Исаев, З.Ахметжанова,
Н.Уәли, Б.Шалабай, Б.Сағындықұлы, Б.Қапалбеков, М.Қойшыбаевтар назар
аударған.
Тақырыпты зерттеу барысында қазақ тіл білімінде сыйысудың синтаксистік
түрімен қоса, семантикалық түрі де болатындығы айқындалады. Семантикалық
контаминация көбіне құрмалас сөйлемдерге, оның ішінде негізінен
сабақтастарға тән құбылыс болып табылады. Өйткені сабақтас сөйлемдердің
арасындағы мағыналық қатынастар көбіне бірдей тұлғалар арқылы жасалады.
Диплом жұмысының өзектілігін контаминация құбылысының арнайы зерттеу
нысанына айналғандығымен негіздеуге болады. Бұл мәселе қазақ тіл білімінде
енді ғана қолға алынып келе жатқан коммуникативтік синтаксис мәселесімен де
өте тығыз байланысты. Коммуникативтік синтаксис тіл білімінде қазір өте
актуалді болып табылатын функционалдық бағытпен ұштасып жатыр. Жалпы тіл
білімінде функционалдық бағыттың бірнеше түрлері бар. Солардың бірі белгілі
бір тілдік заңдылықты (мәселен, контаминация құбылысын) тіл жүйесінде тұтас
алып қарастыру болып табылады. Бұдан олардың арасындағы деңгейаралық
байланысты анықтауға мүмкіндік туындайтындығы белгілі.
Диплом жұмысының нысаны ретінде қазақ тіл жүйесіндегі контаминация
құбылысы арқылы жасалған тіл бірліктері (лексема, фраза), синтаксистік
құрылымдар (сөз тіркесі, сөйлем) алынды. Оның ішінде сыйысқан құрмалас
сөйлемдер, контаминация жолымен қалыптасқан тұрақты және еркін тіркестер.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диплом жұмысының негізгі
мақсаты – қазіргі қазақ тіліндегі сыйысқан тілдік бірліктерді анықтап,
олардың сыйысу механизмдерін көрсету және оған әсер етуші
экстралингвистикалық факторларды табу.
Осы мақсаттарға сай мынадай міндеттерді шешу көзделеді:
- контаминация құбылысының лингвистикалық анықтамаларын жинақтап,
сараптама жасау;
- контаминация құбылысының тілдегі басқа заңдылықтардан (синкретизм,
ассимиляция, эллипсис, парцелляция, редукция және т.б.) айырмашылығын
көрсету;
- контаминация жолымен қалыптасқан еркін және тұрақты тіркестерді
тауып, оларға компоненттік талдаулар жасау;
- бірыңғай тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелердің сыйысу ерекшеліктерін
көрсету;
- сыйысудың субъективтілік мәнін дәлелдеу және контаминация құбылысына
әсер ететін экстралингвистикалық факторларды анықтау;
- контаминацияланған сөйлемдердің коммуникативтік-экспрессивтік
қызметін көрсету.
Диплом жұмысының ғылыми тұжырымы. Осы диплом жұмысында қазақ тілі
жүйесіндегі контаминациялық құбылыстар кешенді түрде сөз болды:
( Тілде контаминацияға ұқсас құбылыс көп. Контаминацияның олардан
айырмасы – сыйысатын екі бірліктің құрамындағы әйтеуір бір компонент түсіп
қалады.
( Сыйысу құбылысы белгілі бір деңгейге ғана емес, жалпы тіл жүйесіне
тән заңдылық болып табылады.
( Синонимдес, варианттас фразеологизмдердің сыйысуы арқылы жаңа
фразалық бірліктер пайда болады; мағыналары алшақ тұрақты тіркестердің
сыйысуы арқылы да тұрақты тіркес пайда болады, бірақ мұндай бірліктер
синонимдес, варианттас фразеологизмдерге қарағанда тілімізде сирек
ұшырасады.
( Жаңа еркін тіркестің жасалуына семантикалық және синтаксистік
валенттілікпен қоса, контаминация заңдылығы да елеулі әсер етеді.
Алдыңғылары тілдің ішкі заңдылығына негізделсе, сыйысу құбылысы арқылы
пайда болған жаңа тіркестің жасалуына экстралингвистикалық фактордың әсері
күштірек болады.
( Күрделі құрылымдар сыйыса және қиыса байланысады. Сыйысқан құрылымдар
контаминация заңдылығы арқылы жүзеге асады; контаминацияланған құрылымдар
барлық сөйлем мүшелерінің сыйысуы арқылы жасала береді және әртүрлі
деңгейдегі бірліктердің барлығына, яғни тіл жүйесіне түгелдей тән құбылыс
болып табылады.
Диплом жұмысының зерттелу деңгейі. Зерттеуге теориялық негіз ретінде
контаминация құбылысына қатысты жалпы тіл білімінде айтылған барлық
тұжырымдар, сондай-ақ ұлт ғалымдары А.Байтұрсынұлы, Н.Сауранбаев,
С.Аманжолов, Е.Қ.Жұбанов, Қ.Есенов, С.Исаев, З.Ахметжанова, Н.Уәлиев
Г.Қосымова және т.б. тілдегі сыйысу құбылысы туралы айтқандары алынды.
Тақырыпты зерттеу барысында сипаттау, жүйелеу, салғастыру, салыстыру,
жіктеу, талдау әдістері қолданылды. Негізгі бөлімдердегі тұжырымдар тілдік
мысалдарды талдау арқылы түйінделіп, нәтижелері сызбалармен, кестелермен
тиянақталды.
Диплом жұмысының дереккөздері. Контаминациялану жолымен жасалған тіл
бірліктері, синтаксистік құрылымдар, тұрақты сөз тіркестері, еркін
тіркестер. Диплом жұмысын жазу барысында қазақ әдебиетінен 500-нан аса
тілдік материал жиналып, сараланды. Сыйыса байланысқан құрылымдар теріліп
алынып, оларға компоненттік талдаулар жасалды.
Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспе, екі тарау, қорытынды
және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 Контаминация құбылысы және оның лингвистикалық сипаты

Тіл біліміндегі контаминация құбылысын ықшамдаудың (үнемдеудің) бір
тәсілі ретінде қараған дұрыс. Ықшамдау (үнемдеу) жалпы тіл жүйесіне қатысты
және әр түрлі тәсілдермен жүзеге асатын құбылыс. Кезінде А.Мартине
үнемдеуге (экономия) аса мән берген болатын: Постоянное противоречие между
потребностями общения человека и его стремлением свести к минимум свои
умственные и физические усилия может рассматриваться в качестве движущей
силы языковых изменений. Здесь, как и в ряде других случаев, поведения
человека подчинено закону наименьшего усилия, в соответствии с которым
человек рассматривает свои силы лишь в той степени, в какой это необходимо
для достижения определенной цели [1, 77 б.].
А.Мартиненің ойынша, ықшамдаудың екі түрі болады: синтагммалық және
парадигмалық. Тіл жүйесіндегі ықшамдауды ғалым синтагмалық, ал сөйлеу
кезіндегі ықшамдалуды парадигмалық деп таниды. Ықшамдаудың өзі сөйлеуге
тікелей қатысты болатындығын осы салаға қатысты қалам тартып жүрген бірде
бір ғалым жоққа шығарған емес. Тағы бір шетел ғалымы Г.Паульдің пікірінше,
тіл жүйесінде синтаксистік құрылымдардың толық нұсқалары болғанымен
сөйлеуде сөйлеу жағдаяты мен контекске қарай қажеттілері ғана
пайдаланылады екен [2, 86 б.]. Шындығында да, сөйлеу кезінде қолданылатын
синтаксистік құрылым бір-ақ сөзден де тұруы мүмкін. Сөйлеушілер үшін оның
өзі түсінікті болады, егер олар жалпы жағдайға қанық болса. Мұндай жағдай
барлық тілдерге тән. Ықшамдаудың түрі көп және оның деңгейлік сипаты бар
екендігін айта кету қажет. Ассимиляция, редукция құбылыстары фонетика
деңгейіне тән болса, контаминация, синкретизм және т.б. одан жоғары тұрған
деңгейлерге тән болып келеді.
Э.Г.Ризельдің айтуынша, тілде ықшамдаудың үш түрі болады: окказионалды
және жекелік ықшамдау, сондай-ақ узуалды ықшамдау. Ғалым үшінші узуалды
ықшамдауды контекске байланыссыз деп қарайды [3].
Узус дегеніміз (лат. usus) сөздердің әдеби тілдеріндегідей норма емес,
бір тілде сөйлейтін адамдардың басым көпшілігі қабылдаған сөйлеу үлгісі,
сөз қолданудағы әдет, дағды. Әдеби нормалар әр дәуір талабына сай үрдіс
ретінде өзгеріп отыруы мүмкін, ал узус тұрақты, оны халық үнемі қолданады.
У. тілдік дәстүрмен ұштасып жатыр. Узус контекстерде не жеке адамдардың
тілінде кездесетін, уақытша қолданылатын сөз формаларына қарама-қарсы
құбылыс [4, 370 б.].
Ғ.Қалиев окказионал сөздерді тосын сөз деп аударған да, оған мағыналары
көпшіліктің қолдануына сәйкеспейтін, әдетте контексте ғана кездесетін,
тілде орнықпаған сөздер деген анықтама береді [4, 328 б.]. Э.Г.Ризельдің
айтуынша, оккозионалды және индивидуалды ықшамдау узуалды ықшамдауға қарсы
қойылады. Ықшамдаудың қай түрі болмасын құрылымға экспрессивті мән үстейді:
... сокращенные и упрощенные конструкции характеризуются динамичностью,
свежестью, живостью изображения, особой экспрессивной выразительностью [3,
130 б.], - дейді ғалым. Ал ықшамдаудың өзі аяқталған ойды жеткізуге
арналған синтаксистік құрылымды біріктіретін, байланыстыратын морфологиялық
құралдардың, лексикалық бірліктердің түсірілуі арқылы жүзеге асады. Мұндай
құбылысты татар тіліндегі ықшамдалу құбылысын қарастырған ғалым
Ф.С.Сафиуллина Семантикалық компрессия деп атайды [5, 82 б.]. Біздің
ойымызша, автор бұл жерде компрессия құбылысын жалпы ықшамдаумен синоним
мағынасында алып отырған сияқты. Өйткені компрессия құбылысы да парцелляция
сияқты ықшамдаудың бір тәсіліне жатады.
Тілдегі деривация құбылысының бірнеше түрі бар: лексикалық,
семантикалық және синтаксистік. Синтаксистік деривация арқылы сөйлем
құрлымы жағынан күрделенеді. Ал оның кері тәсілі тілдегі ықшамдалу заңымен
тығыз байланысты. Мысалы, Мен алыстағы ауылға барамын ( Мен ауылға барамын
( Ауылға барамын ( барамын.
Бүгінгі синтаксис мамандары синтаксистегі құрылымдардың ықшамдау
құбылысын компрессия тәсілімен жүзеге асады деп қарайды. Компрессия да
халықаралық термин. Латын тіліндегі беретін мағынасы тығыздалу сығылу.
Компрессия құбылысы жоғарыда талданған синкретизммен ұштасып жатады. Бір
тілдік элементтің бойында екі немесе одан да көп тілдік элементтердің
функциялылық түйісіп қабаттасып жұмсалуын тіл білімінде синкретизм деп
атайды.
Тілімізде екі немесе одан да көп сөйлемдердің бір сөйлемнің бойына
сыйысып жұмсалу сәттері жиі кездесіп жатады. Мысалға, Көш алдында Тәкежан,
Әзімбай, Майбасар барады (М.Әуезов); Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып (Абай); Бақ ішінде қызыл, сары, көк гүлдер
жайнап тұр (Ауызекі тіл) және т.б. сипаттағы сөйлемдерді алсақ, бірінші
мысалдағы сөйлемді көш алдында Тәкежан барады, көш алдында Әзімбай барады,
көш алдында Майбасар барады деп немесе екінші мысалдағы сөйлемді қырдағы ел
ойдағы елмен араласады, күлімдеседі, көріседі, құшақтасады деп құруға
болады. Ал үшінші сөйлемді Бақ ішінде қызыл гүл жайнап тұр, сары гүл жайнап
тұр, көк гүл жайнап тұр деп өзгертсек, айтайын деген ой ешқандай да
өзгеріске ұшырамайды.
Байқағанымыздай, жоғарыдағы мысалдардағы белгілі бір сөйлем мүшелері
(бірінші сөйлемде Тәкежан, Әзімбай, Майбасар, екінші сөйлемде араласып,
күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, үшінші сөйлемде қызыл, сары, көк)
бірыңғайда қолданылған, яғни бірінші сөйлемде бірыңғай бастауыш болса,
екінші сөйлемде бірыңғай баяндауыш болады, ал үшінші сөйлемде сөйлемнің
тұрлаусыз мүшесі анықтауыш мүшелері қолданылған. Тіл білімінде осы
сипаттағы сөйлемдерді контаминация құбылысы деп атайды. Жоғарыда
келтірілген мысалдарда бірыңғайда қолданылған жеке-жеке сөйлемдерді қандай
да бір жақын жақтарына қарай бір сөйлем бойына сыйыстыра қолданылғандығын
байқауға болады. Бірінші сөйлемдегі ортақ белгілері, яғни жақын жақтары
олардың бастауыштарынан (Тәкежан, Әзімбай, Майбасар) көрініс тапқан, екінші
сөйлемдегі жақындастыратын бірліктері, сөйлемнің баяндауыштарынан
(араласады, күлімдеседі, көріседі, құшақтасады) байқалады. Ал үшінші
сөйлемде сөйлемнің бірыңғай мүшелері, анықтауыштар арқылы (қызыл, сары,
көк) жақындасады. Міне осы құбылыстарды контаминация деп атайды.
Контаминацияның тіл біліміне байланысты анықтамалары көп. Тіл білімі
сөздігінде: Контаминация (лат. contaminati – жанасу, араласу) ағыл.
contamination, blending, фр. сontamination, нем. Kontamination –
ассоциациялық, құрылымдық немесе функциялық қатарда өзара жанасқан, тілдік
единициялық немесе функциялық қатарлардың ықпалдасу нәтижесінде олардың
семантикалық немесе формальдық өзгерістерге түсуі және тілдік жаңа
единицаның жасалуы. Әдетте К. ауызекі сөйлеу аясында байқалады және әдеби
нормадан ауытқу болып табылады [6, 189 б.]. Контаминация латын тілінен
аударғанда араластыру мағынасын береді. Ал Л.Н.Мурзин Контаминация
дегеніміз- екі сөйлемнің бір-біріне кірігуі [7, 27 б.], - деп көрсетеді.
Шет тілдер сөздігінде контаминация: 1. Бір шығарманың әртүрлі
редакциялық мәтіндерін қосу (біріктіру); 2. Екі немесе бірнеше оқиғаны
қосақтап, араластыра сипаттау; 3. Екі сөз немесе сөйлем бөліктерін
біріктіріп қосудың нәтижесінде пайда болған жаңа сөз немесе сөйлем [8, 248
б.].
О.С.Ахманова тіл білімі терминдері сөздігінде: Контаминация ... бірігу
нәтижесінде мағыналық және тұлғалық өзгерістерге ұшырайтын немесе үшінші
жаңа тілдік бірлік пайда болатын ассоциативті немесе синтагмалық қатарда
тоғысатын тілдік бірліктердің өзара қатысы [9, 206 б.], - деп түсіндіреді.

Н.И.Кондаковтың логикалық сөздігінде екі немесе бірнеше құбылыстың
араласуы, тоғысуы деген түсінік берілген де, оған жабродышащие
(желбезекпен дем алушылар), лже свидетель (жалған куәгер болу), сенокосилка
(шөп шалғы) және т.б. мысалдар келтірілген [10, 261 б.]. Бұдан контаминация
құбылысын сөзжасам (күрделі сөзжасам) мәселесіне де қатысты қарастыруға
болатындығын байқауға болады. Синтаксисте контаминация құбылысы валенттілік
теориясымен тығыз байланысты. Олай дейтін себебіміз, контаминацияның өзі
процестің сыртқы атауы болса, валенттілік сол құбылысқа негіз болатын
тірек. Тіл білімінде оның тұлғалық және мағыналық түрлері болады. Жоғарыда
аталған логикалық сөздікте контаминация құбылысының тілдік нормаға
тигізетін кері әсері бары көрсетілген: иногда контаминация осуществляется
некорректно; напр., результате непродуманного смешается двух выражений:
играть роль и иметь значение возник неприемлемый оборот: играть
значение [9, 261 б.]. Біздіңше, тіркесте мағыналық валенттілік
ескерілмеген.
Кейінгі 2005 жылы шыққан Ғ.Қалиевтің сөздігінде контаминация тіл білімі
термині ретінде талданып, оған мынадай анықтама берілген: Контаминация –
сөз тіркестерінің немесе ұқсас тұлғалардың бірігуі, тоғысуы, шектестігі
нәтижесінде туған жаңа сөз я сөз тіркесі. Мысалы, қолы жүйрік деген
тіркеске шектестіктен қаламы жүйрік (қолы мен қаламының шектестігінен)
тіркесі шыққан. Ауыз әдебиетіндегі сұр жебе, ақ перен тіркестерінен
Нысанбай жырау сұр перен тіркесін жасаған: Наурызбай сынды сұр перен және
т.б.[4, 159 б.]
Бұл келтірілген сілтемелерден бірақ нәрсені байқауға болады. Ол
контаминация – араласу, кірігу, қосақтау, тоғыстыру. Демек, контаминация
екі немесе бірнеше бірліктердің қандай да бір ортақ, жақын белгілерін бір
тілдік бірліктердің, яғни бір сөйлемнің бойына сыйыстыру, кіріктіру,
жинақтау, топтау, тоғыстыру.
А.Салқынбай мен Е.Абақан шығарған лингвистикалық түсіндірме сөздікте
контаминация – семантикалық, қызметтік, құрылымдық жақындық негізінде екі
тіл бірлігінің элементтерінің сөйлеу кезіндегі араласуы [11, 110 б.] деген
анықтама берілген. Контаминация нәтижесінде әйтеуір бір тілдік бірлік пайда
болады. Тілдік бірлік жоғарыда талданғандай құрмалас сөйлемдер немесе
күрделі құрылымдар ғана емес, фразеологизмдер, жай еркін тіркестер немесе
сөздер болуы мүмкін екен. Мәселен, қара+ала+құс – қарлығаш; бұл+күн –
бүгін; бұл+жыл – биыл және т.б. Сөздіктерде, түрлі лингвистикалық
әдебиеттерде берілген анықтамаларға сүйеніп, осындай құбылыстарды да
контаминацияға жатқызатын болсақ, онда оларды тілдегі басқа да фонетикалық
құбылыстардан (ассимиляция (ассибиляция), редукция, аккомодация және т.б.)
ажыратып, ерекшеліктерін көрсетіп беруіміз керек.
Фонетикалық деңгейдегі ықшамдалуды А.Қалыбаева былайша негіздейді:
Бірнеше формадан тұратын сөздер мен сөз негіздерінің тіл-тілде айтыла келе
деформацияланып кетуі барлық тілде бірдей шарт емес және бұл құбылыс
белгілі тілдегі, мәселен, қазақ тіліндегі, барлық сөзді қамти беруі заң
емес. Қатар айтыла кірігіп, деформациялану процесін алдыңғы орында тұрған
компонентінің минимум қысқаруын дәлелдейтін тілдік факты есепті: әкел -
әпкел, әпер, апар, өйт т.б. мысалдар келтіруге болса, соңғыпостпозитивті
компонентінің де бастапқы түбірі танымастай өзгертіп кету мүмкіндігі барын
көрсететін заңды құбылысқа: отыр, жатыр, тұр етістіктерінен, сондай-ақ
көптеген аффикстер төркінін жатқызуға әбден болады [12, 54 б.].
Ықшамдау мәселесімен шұғылданған ғалымдар Г.Пауль, П.Пасси, А.Мартине,
Л.Блумфилд, Е.Поливанов, Г.Вайнрих, Р.А.Будагов, М.Мамудян, В.Вундт,
О.Есперсен және т.б. оны сөйлеуге және тілге қатысты деп екіге бөледі.
Олардың айтуынша, лингвистикалық экономия (ықшамдау) тілдің деңгейлік
сипатына байланысты болады. Шындығында да, тілдің төменгі деңгейіндегі
бірліктердің саны шектеулі. Фонемалар морфемалардан аз болса, морфемалар
лексемалардан аз болып келеді және төменгі деңгейдегі бірліктердің саны
шектеулі болады. Ал синтаксистегі сөйлемдер мен сөйленімдердің санына жету
мүмкін емес.
Контаминацияланған бірліктердің қайсысы болмасын құрамы, құрылымы
жағынан ықшамдалады. Жалпы тіл білімінде контаминациялық құбылыстар еркін
тіркес және тұрақты тіркеске қатысты алғаш рет өткен ғасырдың жетпісінші
жылдарынан бастап сөз бола бастады. Оған Инцкович В.А., Шварцкопф Б.С.,
Ройзензон С.И., Шведова Н.Ю., Молотков А.И., Болдырева Л.М., Бабкин А.М.,
Кунина А.В. сияқты ғалымдардың еңбектерін жатқызуға болады.
Контаминация негізінде жаңа бірліктер пайда болады. Контаминация
құбылысын жаңа бірліктердің пайда болуының бір көзі ретінде қарауға болады.
Мамандар контаминация құбылысының, әсіресе, фразеологизмдер жасауда актив
қолданылатындығын айтады. Осы мәселеге қалам тартқан авторлар
(С.И.Ройзензон және Л.М.Болдырева) контаминация құбылысы арқылы қалыптасқан
фразеологизмдердің әр тілдегі (ағылшын, неміс, орыс) ерекшеліктеріне
тоқталып, жұмсалу мүмкіндіктерін сипаттайды. Ал Н.Д.Шведова мен А.И.
Молотков контаминацияланған фразеологизмдердің бір-ақ (орыс) тілдегі
қолданылу ерекшеліктеріне тоқталады.
Контаминация құбылысына берілген анықтамаларға келетін болсақ, оның
шеңбері сыйысқан фразеологизмдерден әлдеқайда кең. Тіпті филологияның
қанаттас бір саласы әдебиеттану ғылымына да кетіп қалады. Бір шығарманың
әртүрлі редакторлық мәтіндерін қосу (біріктіру) немесе бірнеше оқиғаны
қосақтап, араластырып сипаттау деген анықтамалар [8, 248 б.] әдебиеттану
саласын қамтитындығы белгілі. Біз жұмысымызда контаминация арқылы туындаған
жаңа тілдік бірліктерді қарастыратын боламыз. Мәселенің зерттелу тарихына
шолу жасай келе, жалпы тіл білімінде фразеологизмдер және еркін тіркестер
жөнінде көбірек сөз болса, қазақ тіл білімінің тарихында бұл мәселе
құрмалас сөйлем тұрғысынан көбірек қаралғаны анықталды. Төмендегі тараушада
біз осы мәселелерге кеңірек тоқталатын боламыз.

1.1. Контаминация құбылысының қазақ тіл білімінде зерттелінуі

Біздің ойымызша, тілде бір-біріне қарама-қарсы антогенистік сипаттағы
екі үлкен заңдылық бар. Бірі – күрделену де, екіншісі жоғарыда сөз болған
ықшамдалу. Бұл заңдылықтар біріне-бірі қарама-қарсы болғанымен, тілдің даму
барысында бірін-бірі толықтырып отыратын құбылыстар. Тілдің жүйесінде осы
екі заңдылықтың біреуі ғана әрекет етіп тұрса, айталық, ықшамдалу, онда
күрделі құрылымдар кеми-кеми қарапайым сөйлеу үлгілеріне айналып, тіл
негізінен шағын ықшам тұлғалардан ғана тұратын еді. Олай болмас үшін тілде
күрделі ойды, күрделі ұғымды білдіру үшін жеке бірліктер бірігіп, күрделі
құрал жасап отырады. Мұндай құбылыстар тілдің барлық деңгейлеріне тән.
Фонетика деңгейіндегі аффрикат және дифтонг дыбыстардан бастап синтаксис
деңгейіндегі күрделі құрмаластарды (көп бағыныңқылы сабақтас, көп сыңарлы
салалас, аралас құрмалас) дәлел ретінде келтіруге болады.
Ықшамдалудың да түрі көп. Біздің тақырыбымызға өзек болып отырған
контаминация құбылысымен қоса, оған тілдің әр деңгейінде ұшырасатын
редукция, ассимиляция, синкретизм, элипсис, парцеляция және т.б. жатқызуға
болады. Бұл мәселелер тілдің деңгейлеріне қатысты түрлі еңбектерде
қажетінше айтылған. Кейбір құбылыстар жөнінде (синкретизм, парцеляция) жеке
диссертациялар да қорғалды. Ал ықшамдалу заңдылығын алғаш байқаған
А.Байтұрсынұлы болатын. Ғалым қазақ тілінде бағыныңқы сөйлемдердің екі
түрде айтылатындығын байқаған: 1) толық түрде, 2) ықшам түрде. Бағыныңқы
сөйлемдерді зат есім, сын есім, етістіктің есімше және көсемше түрі арқылы
ықшамдауға болады. Мысалы: 1) Түсі қандай болса, ісі сондай болады. Бұл –
толық түрі. Ықшам түрде айтқанда, ісі түсіндей болады дейміз (зат есім
арқылы). 2) Ит жүйрік болса, оны түлкі сүймес. Мұны ықшамдап айтқанда, ит
жүйрігін түлкі сүймес дейміз (Мұнда сын есім арқылы). 3) Қалай пішілсе,
киім солай тігілмекші. Мұнда ықшамдап айтқанда, пішілуінше киім
тігілмекші дейміз (мұнда етістік зат есімге айналған түрі арқылы). 4)
Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер. Мұны ықшамдап айтқанда, Атаңа қылғаның
алдыңа келер дейміз (мұнда етістіктің есімше түрі арқылы). 5) Олар көше
алмады, үйткені көлігі жоқ болды. Мұны ықшамдап айтқанда, Көлігі жоқ
болып, олар көше алмады дейміз (мұнда етістіктің көсемше түрі арқылы).
1-інші мысалда түсі қандай болса деген бағыныңқы сөйлем жоғалып,
түсіндей деген жалғыз ауыз сөз болып, басыңқы сөйлемге сіңісіп кетіп тұр.
2-інші мысалда ит жүйрік болса деген бағыныңқы сөйлем жоғалып, ит
жүйрігін деген екі ауыз сөз болып, басыңқы сөйлемге сіңісіп тұр. 3-інші
мысалда қалай пішілсе деген бағыныңқы сөйлем жоғалып, пішілуінше деген
бір ауыз сөз болып сіңісіп тұр. 4-інші мысалда атаңа не қылсаң деген
бағыныңқы сөйлем жоғалып, атаңа қылғаның деген екі ауыз сөз болып,
басыңқы сөйлемге сіңісіп тұр. 5-інші мысалда үйткені көлігі жоқ болды
деген бағыныңқы сөйлем ықшамдалып, көлігі жоқ болып деген бағыныңқы
сөйлемге айналып тұр. Мұнда алдыңғы сөйлемдер сияқты бағыныңқы сөйлем
жоғалып кеткен жоқ, тек ықшамдалған. Оның себебі, көсемше арқылы
ықшамдалуында. Көсемше арқылы ықшамдалған бағыныңқы сөйлемдер өз алдына
сөйлемнің күйін ықшамдалған күнде де жоғалтпайды [13, 308 б.].
Синтаксис саласы тіл жүйесіндегі құралдардың барлығының жұмсалу ортасы
болып табылады. Синтаксистегі заңдылықтарды жүзеге асыратын сөйлеуші
мақсаты да осы синтаксис дейгейінде көрінеді. Оны А.Байтұрсынұлы ықшамдау
(ықшамдалу емес) деген термині арқылы анық байқатып тұр. Ғалымның айтуынша,
толық түрде айтылған бағыныңқы сөйлемдердің бәрін болмаса да, көбін-ақ
ықшам түрге айналдыруға болады. Ықшамдау деп сол толық түрден ықшам түрге
айналдыру айтылады. Қазақ тілінде толық түрінен де ықшам түрі көбірек
жүреді. Бағыныңқы сөйлемнің көбі ықшам түрге айналғанда, басыңқы сөйлемге
сіңісіп, жоғалып кетеді. Жазғанда бағыныңқы сөйлемнің толық түрі мен ықшам
түрінің қай қолайлысы, көркемі алынады. Сондықтан толық түрінен ықшам түрі
көркем болып шықпайтын болса, онда сөйлемді ықшамдаудың қажеті жоқ [13, 308
б.].
Ықшамдау жалпы тіл жүйесіне тән заңдылық болса, контаминация,
парцелляция синкретизм, элипсис және т.б. сол ықшамдаудың әр түрлі жолдары
болып табылады.
Қазақ тіл білімінде тілдік қолданыстағы бұндай заңдылықты алғаш
байқаған ғалым – Ахмет Байтұрсынұлы. Ғалым құрмалас сөйлемдер сыйыса және
қиыса құрмаласады деп екіге жіктейді. Сыйысулы құрмаластарға Қозы Көрпеш –
Баян сұлу жырынан мынадай мысал береді: Қарабай мен Сарыбай аңға шықты. Екі
дос бірін-бірі сүйді, құшты. Қолға алды татулықты, араздықты. Далада ойда-
қырда, орман-тауда сау қалған жан болмады бұл індеттен [13, 301 б.].
Ғұлама ғалым сыйысудың заңдылықтарын Сыйысулы сөйлемдердің белгісі –
бірнеше мүшелері бір өңкей болу деп түсіндіре келе, қосылмай тұрғандағы
түрлер мынау: Қарабай аңға шықты, Сарыбай аңға шықты. Бұларды екі қайта
айтып жатпас үшін, екеуін сыйыстырып қосып бір-ақ айтқан [13, 301 б.]
дейді.
Бұл жерде тағы бір мәселені айта кету керек, ғалым қазақ тіліндегі
сөйлем құрылысынан контаминация құбылысын алғаш сөз етумен бірге, оның
қазақ тіліндегі баламасын да ең алғаш ойлап тауып, тілдік жүйеге термин
ретінде енгізген.
Шынында да, А.Байтұрсынұлының сыйысу сөзі шет тіл термині (латын)
контаминацияның мағынасын толықтай аша алады. Және де соның баламасы
ретінде қолданылуына да толықтай семантикалық мүмкіндігі бар. Оған жоғарыда
келтірілген шет тілдер сөздігіндегі контаминацияға берілген екінші мағынасы
(екі немесе бірнеше оқиғаны қосақтап, араластыра сипаттау) дәлел бола
алады. Қазақ тіліндегі сыйысу сөзінің де мағынасы осыдан соншалықты
алшақтап кетпейді.
А.Байтұрсынұлы сыйысулы құрмаластың екі түрлі 1) шұбалаң түрде, 2)
ықшам түрде айтылатындығын ескерткен. Мұнда дамудың үш негізгі заңдылығының
( санның сапаға өтуі, қарама-қайшылық және терістеу) бірі – терістеуді
терістеу құбылысы барын байқауға болады. Яғни құрмалас сөйлемдер сыйысу
процесі арқылы ықшамдалады да, А.Байтұрсынұлынша айтқанда, сыйысулы
құрмаласқа айналады. Оның өзі әрі қарай ықшамдала алады. Бірақ бұл жердегі
ықшамдалу сыйысу құбылысы арқылы емес, көсемше тұлғалары арқылы жүзеге
асады.
Қазақ тіл білімінің тарихында мұндай заңдылыққа А.Байтұрсынұлынан кейін
Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, Е.Қ.Жұбанов, Р.Әмір, Қ.Есенов, С.Исаев,
З.Ахметжанова, Н.Уәли, Б.Шалабай, Б.Сағындықұлы, Г.Қосымова,
Б.Қапалбековтер назар аударған.
Жоғарыда аталған ғалымдар өз еңбектерінде А.Байтұрсынұлының ізімен
сыйысқан деген терминді қолданғандығын байқауға болады.
С.Аманжолов Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсы атты
еңбегінде: Өткен түнде қар жауып еді. Бүгін жаңбыр жауды деген сөйлемді
сыйыстырып, Өткен түнде қар, бүгін жаңбыр жауды деп қысқартып айтуға
болатындығын көрсетеді [14, 312 б.].
С.Аманжолов осы еңбегінде сыйысқан сөйлемдер кезінде құрмалас сөйлем
болып тұрғандағы мәні жоғалмайтындығын ескерткен болатын. Жалпы
А.Байтұрсынұлының синтаксиске қатысты қолданған терминдерін өз еңбектерінде
толық сақтауға тырысқан ғалымдардың ішінде Н.Сауранбаев пен С.Аманжоловты
ерекше атап өтуге тиіспіз. Дегенмен, басқа ғалымдар да, А.Ысқақов 1940 жылы
жарияланған Құрмалас сөйлем мәселелері атты мақаласында С. Жиенбаев 1941
жылы жарық көрген Синтаксис мәселелері еңбегінде А.Байтұрсынұлының ізін
қатаң сақтаған. А.Байтұрсынұлының бағыныңқыларды сөйлем мүшелерімен атау
дәстүрі өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына, Т.Қордабаевтың еңбегіне шейін
сақталып келгендігі белгілі.
Ойдың ықшамдалып айтылуы ойдың көркем берілуіне негізделетіндігін
А.Байтұрсынұлы себеп мәнді салаластарды сабақтасқа айналдыру арқылы
көрсетіп берді [13, 306 б.]. Бірақ бұл ықшамдалу сыйысуға жатпайды.
С.Аманжоловтың келтірген Өткен түнде қар жауып еді, бүгін жаңбыр жауды
деген сөйлемі баяндауыш мүшенің сыйысуы арқылы жасалған: Өткен түнде қар,
бүгін жаңбыр жауды.
Құрмалас сөйлем, жалпы күрделі құрылымдар жөнінде көлемді еңбек
қалдырған Н.Сауранбаев контаминацияланған сөйлемдерді А.Байтұрсынұлының
сыйысу терминімен атай отырып, Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі
атты еңбегінде олардың үйірлі мүшелерден айырмасын былай анықтайды: Асан 10
класты алтын медальмен бітіргеннен кейін институтқа экзаменсіз келіп түсті.
Бұл сыйыспалы сөйлем. Мұның сыйыспалығы – бұл сөйлемді екі сөйлем етіп
бөлек айтуға болады. Мысалы, Асан 10 класты алтын медальмен бітірді, сонан
кейін институтқа экзаменсіз келіп түсті. Сөйлемде қанша баяндауыш
болғанымен, барлығының бастауышы (субъектісі) логикалық жақтан да,
грамматикалық жақтан да біреу-ақ. Бағыныңқы сөйлемде олай емес, қандай
формада тұрмасын әрбір баяндауыштың өзіне арнаулы логика-грамматикалық
бастауышы болады. Салалас құрмаласта ондай бағыныңқылардың баяндауыштары өз
бастауыштарымен жақтасып тұрады да, сабақтас құрмаласта жақтаспайды. Бұл
екі негізгі мүше жақтасқан жерде бағыныңқының бастауышы анық грамматика –
логика түрінде болады да, жақтаспаған жерде (яғни сабақтаста) логика-
гамматикалық түрде болады. Мына мысалды талдайық: Асан орта мектепті алтын
медальмен бітірді. Ата-анасы мұратқа жеткендей қуанды. Бұл екі сөйлемді:
Асан орта мектепті алтын медальмен бітіргенде, ата-анасы мұратқа жеткендей
қуанды деп құрмаластырсақ, алдыңғы дербес сөйлем бағыныңқыға айналып тұр.
Бірақ бағыныңқы түрінде дербес қалпынан айныған жері бар. Дербес қалпында
ол сөйлемнің баяндауышы тиянақты қалыпта тұрса, бағыныңқы қалыпта ол
тиянақсыз түрде тұр. Мұның себебі, ол сөйлемнің бағыныңқылығында.
Бағыныңқы сөйлем әрқашан дербес сөйлемдерден ғана болмайды. Кейде
сыйыспалы сөйлемдегі ортақ бастауыш есімдік арқылы екіге айырылады я өзі
қайталанады. Мұндайда сыйысып тұрған сөйлемдер екіге ажырап тұрады.
Бастауышы ортақ бірнеше баяндауышты жайылма сөйлемде осылай болып
құрмаласқа айналады. Мына мысалдарды талдайық: Асан орта мектепті алтын
медальмен бітіргендіктен, институтқа экзаменсіз алынды. Бұл сыйыспа,
үйткені бастауышы біреу-ақ. Ал былтыр Асан орта мектепт іалтын медальмен
бітіргендіктен, институтқа ол биыл экзаменсіз түсті, я болмаса: Асан 10 жыл
бойы ынтамен оқып, орта мектепті алтын медальмен бітіргеннен кейін, ол енді
университеттің филология, логика факультетіне түспек болды десек, бұл екі
мысалда да ортақ бастауыш арқылы сыйысып тұрған жеке сөйлемдердің ол
есімдігінің арқасында жігі ашылып барып құрмаласқан. Құрмаласқан екі
сөйлемнің субъектісі (логикалық жағынан) Асан, бірақ екінші сөйлемде оның
орнына ол есімдігі айтылып, бастауыш болып тұр [15, 52 б.].
Сонымен Н.Сауранбаевтың пікірінше, бағыныңқы сөйлемдер жай сөйлем
мүшелерінің қызметін атқарғанымен, жай сөйлемдердегі жай тұрлаусыз мүшелер
ондағы ойды кеңейту, айқындау үшін айтылса, сабақтастағы бағыныңқылар
басыңқыдағы ойды толықтыру үшін құрмаласады екен. Біздің ойымызша, сыйысқан
сөйлемдерде айтушының мақсаты болатындықтан бір бастауышты сөйлемдердің
барлығы айтушы талабынан туындаған деу қиын. Мәселен, жоғарыда келтірілген
Асан орта мектепті алтын медальмен бітіргендіктен, институтқа экзаменсіз
алынды деген Н.Сауранбаевтың сөйлемін сыйысқан құрылымға жатқызу дұрыс
емес. Жүйе тұрғысынан дұрыс, сөйлеу синтаксисі тұрғысынан дұрыс емес.
Сөйлеу синтаксисі тұрғысынан алғанда, сыйысқан сөйлемдер өзара синонимдік
қатар құрауы шарт. Мәселен, С.Аманжолов келтірген Өткен түнде қар, бүгін
жаңбыр жауды деген құрылымның сөйлеуде толық түрі де сыйысқан түрі де,
кездеседі. Олар өзара синоним түзеді, синтаксистік парадигма құрайды.
Сөйтіп сөйлеуші өз мақсатына қарай парадигмалық қатардың бірін таңдауға
мүмкіндік алады. Ал Н.Сауранбаевтың сыйысқан сөйлемін олай парадигмалық
қатарға қою қиын. Қалай қойсақ та, бір бастауыштың ортақтығы айқын
көрінеді. Салыстырыңыз: Асан орта мектепті алтын медальмен бітіргендіктен,
институтқа экзаменсіз алынды. –Асан орта мектепті алтын медальмен
бітіргендіктен (ол) институтқа экзаменсіз алынды. Бұл сөйлемдерді қалай
трансформацияласақ та, бір бастауыштың артықтығы байқалып тұрады: (Асан
(ол)) орта мектепті алтын медальмен бітіргендіктен (ол (Асан)) институтқа
экзаменсіз алынды.
Тілдегі сыйысқан сөйлемдер бірыңғай мүшелі сөйлемдер бойынан көрініс
табатыны белгілі. Және де бұл құбылыс сөйлеушінің мақсатынан туындап
тұрады. Қазақ тілі синтаксисінің білікті маманы Р.Әмір Бірыңғай мүшелі
сөйлемдер – күрделі ойды, бірнеше сөйлемді сыйыстырып берудің амалы. Оларды
құрмалас сөйлемнің функциялас сыңары деп те атауға болады [16, 175 б.]
дейді. Және де бұл құрылымда келетін сөйлемдер сөзге риторикалық сипат беру
үшін қолданылады деп тұжырымдай келе, Мәселен, мына сөйлемнің құрмалас
болып, бірыңғай мүшелі болмай құрылуы да осы мақсатқа байланысты: Сырым
естір сөзді сен де естідің, мен де естідім (М.Әуезов). Бұны бірыңғай мүшелі
жай сөйлем ретінде құрғанда ілгерідегі ритм жоғалады: Сырым естір сөзді сен
де, мен де естідім [17, 175 б.] дейді.
Р.Әмір келтірген сөйлемдерді бір ұғымды берудегі синоним құрылымдар
ретінде қарауға болады. Өйткені бұл құрылымдар қазіргі қазақ тілінде
кездеседі. Бұнда контаминация құбылысы бар. Екі баяндауыш (есту) бір
тұлғаға сыйысқан.
Сыйыса жұмсалатын құрылымдар жөнінде синтаксистің үлкен маманы Қ.Есенов
те пікір білдірген: Бір бүтін құрмаластағы кейбір синтаксистік
компоненттердің осылайша сыйыса жұмсалуы жалпы сөйлемнің құрылысын
өзгертіп, оны жаңа типтегі сөйлемнің басқа бір түріне айналдырып
жібермейді. Сабақтас құрмалас сөйлем компоненттері арасындағы ықшамдалу
тәсілі белгілі бір сөздердің артық, қажетсіздігінен болмай, белгілі бір
заңдылықтың нәтижесінен, стильдік құрылыстың нормасынан туындап жатады.
Сондықтан да сөйлем бойынан кездесетін осы бір жайды да тілдік
құбылысымыздың арнайы бір тәсілі ретінде қарайтын боламыз [17, 57 б.]
дейді ғалым.
Байқап отырғанымыздай, қазақ тіл білімінде контаминация құбылысы
негізінен (Е.Қ. Жұбанов, С.Исаев, Н.Уәлиұлы, Г.Қосымованың еңбектерінен
басқасы) құрмалас сөйлемдерге қатысты сөз болады. Мәселен, З.Ахметжанова
салыстырмалы сабақтастың тиянақсыз компонентін басыңқы компоненттің
пысықтап толықтырушы құрылымы ретінде сипаттайды да, бағыныңқы компонент
бүкіл басыңқы компонентке қатысты болады дейді. Сонымен қатар бағыныңқы
баяндауыштың тұлғасы ретінде екі тәсілді атайды: 1) есімшенің -ғандай және
2) есімшенің -ған тұлғасына сияқты, тәрізді сөздерінің қосылуы. Автордың
ойынша, бұндай тұлғаға келген баяндауыштар ирреалды, болжамды салыстыруды
көрсетеді. Ал нақты, реалды салыстырмалы құрылымның ұйымдастырылуы
тиянақсыз баяндауыштың -п-ып тұлғалы көсемшесі арқылы болады дейді.
Осы орайда, ойын жалғастыра отырып ғалым мынадай пікір қосады:
салыстыруға түсетін заттар (бастауыш сөздер) емес, тек қимыл-істер,
оқиғалар, ендеше, осы оқиғаларды реалды жағынан баяндау үшін -п-ып тұлғалы
көсемшенің орнына салыстырудың аналитикалық көрсеткіші болып деген
көсемше тұлғалы сөз қолданылады немесе көсемшелік туынды құрылымдар
(сияқтанып, тәрізденіп, ұқсап) келеді. Мысалы:
1. Алдымда асқар тау боп сен тұрсаң (М.Ш.). 2 Қосылды тағдырым,
қосылған қос өзен секілденіп [18, 119 б.].
З.Ахметжанованың көрсеткен сөйлемдерінде амалдық мағына мен
салыстырмалық мағына қатар келіп отыратын сияқты. Құрмалас сөйлемдерде
ондай жайттар кездесіп отырады. Мәселен, Н.Сауранбаев кезінде себеп
бағыныңқылар тілдің дамуына байланысты мезгіл бағыныңқылардан бөлініп шықты
деген болатын [15, 74 б.]. Ғалым мұндай құбылысты былайша түсіндіреді:
Тоқалдан туған жалғыз ұлға шырылдатып зорлық қыла берген соң, оны жұрт
Шіңкілдек деп атапты (ертегі).
Мұндағы алдыңғы сөйлем себеп бағыныңқы. Ал оның себеп бағыныңқы
болуының өзі мезгілге байланысты. Әуелі Тоғыз тоңқылдақ тоқалдан туған
жалғыз ұлды шырылдатып зорлық қыла берген. Бұл ел оған Шіңкілдек деп ат
қоймастан бұрын болған оқиға. Сол болған оқиғаның салдарынан екінші бір
оқиға туған. Ол – жалғызды жұрттың Шіңкілдек деп атауы. Сөйтіп, бұдан себеп
бағыныңқының мезгіл бағыныңқыдан бөлінгенін, содан шыққанын байқауға
болады. Осымен байланысты есімше баяндауыштың соң демеулігімен жалғасқан
түрінің мезгіл бағыныңқы, себеп бағыныңқы категориясын бірдей тұлғалау
себебін де білуге болады [15, 74 б.].
Бір құрылымнық бойында екі мағыналық қатынастың көрініс беруін
З.Ахметжанова контаминация құбылысы, яғни екі мағынаның бір құрылым бойына
сыйысуы деп қарайды. Мәселен, ғалым Кісі қалай жүрсе, көлеңке солай
жүреді деген мысал жайында мынадай пікір келтіреді. Очевидно, в примере
передается сравнение между частями сложного предложения. Но известно, что
такие фразы передают и значения образа действия. Значит, в конструкциях
этого типа происходит контаминация сравнительного значения и значения
образа действия. Видимо, сравнительное значение – это их добавочное
значение, а не основное [18, 199 б.].
Сонда қазақ тіл білімінде сыйысудың синтаксистік түрімен қоса,
семантикалық түрі де болатындығы айқындалып отыр. Семантикалық контаминация
көбіне құрмалас сөйлемдерге, оның ішінде негізінен сабақтастарға тән
құбылыс болып табылады. Өйткені сабақтас сөйлемдердің арасындағы мағыналық
қатынастар көбіне бірдей тұлғалар арқылы жасалады. Мәселен, Б.Қапалбеков
көсемшелердің сабақтас сөйлем жасауға қатысу үлесін былайша көрсетеді:

Көсемшелердің қолданылу 1. -а, ма-й, 2. -п, 3. -ғалы,
жиілігі 4. -ғанша
Сабақтастың 5. -ғандай, 6. -мастан,
Түрлері 7. -ысымен, 8. -майынша
Амал бағыныңқылы сабақтас 2, 1, 5
Себеп бағыныңқылы сабақтас 2, 1
Мезгіл бағыныңқылы сабақтас 2, 1, 4, 7, 3
Мақсат бағыныңқылы сабақтас 2
Үлестес бағыныңқылы сабақтас 2
Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас 2, 1, 4, 6
Шартты бағыныңқылы сабақтас 1,8

[19, 129 б.].
Байқап отырғанымыздай, көсемшенің -п тұлғасы шартты бағыныңқылы
сабақтастан басқасының бәрін жасауға қатынасады екен. Бұл дегеніміз, бірдей
тұлғамен жасалған сабақтастардың арасындағы мағыналық қатынасты ажыратуда
қиындық туып қалады деген сөз. Біздің ойымызша, құрмаластардың сыңарлары
(бағыныңқы, басыңқы) арасындағы мағыналық қатынастардың сыйысуы осындай
бірдей тұлғамен сабақтасқан құрылымдарда көбірек кездеседі.
Б.Шалабаев Құрмалас сөйлем құрылымына бірер сөз атты мақаласында
атаулы сөйлемдер құрмаластың бір компоненті бола алатындығы жөнінде, төл
сөзді құрмалас сөйлемдердің назардан тыс қалып келе жатқандығын айтқан
болатын [20, 76 б.].
Атаулы сөйлемдердің өзі ықшамдалған сөйлемдерге жатады. Бұнда сөйлеуші
мақсаты жатады. Төл және төлеу сөзді құрмаластарда, әсіресе төлеу сөзді
құрылымдар өздерінің бастапқы тұлғасынан құрылымдық жағынан айырмасы
болатындығы белгілі. Мұндай құрылымдар сөйлеуші мақсатына қарай күрделенуі
де, ықшамдалуы да мүмкін.
Қазақ тіл білімі тарихында құрмалас сөйлемдердегі сыйысу құбылысын сөз
еткен ғалымдардың бірі Б.Сағындықұлы. Автор Құрмалас сөйлем түрлерінің
теориялық негіздері деген еңбегінде сыйыстырудың бір тәсіліне тоқталады.
Менің айрықша тілейтінім, сыйлықтарды беруде кандидаттың ұлты мен нәсіліне
назар аударылмай, оны нағыз лайықтылар алса екен (Альфред Нобель). Сөйлемде
алғашқы құрылымның баяндауышы – мынау да, екінші құрылымның бастауышы –
ол. Екеуі де сыйыстырудың нәтижесінде ығыстырылған, бірақ сөйлемде
мағынасыздық жоқ. Екінші бір ескеретін нәрсе, сөйлемдік құрылымның тәуелдік
жалғаулы болып тұруы – сыйыстырудың бір амалы іспетті. Тек осындай
түзілімде ғана мынау (сол, осы) ол моделі болады. Қараңыз: Менің
Отаным - Қазақстан. Біздіңше, бұл екі жай сөйлемдік бірліктердің тұтасуына
ұласқан сыйысулы құрмалас сөйлем. Оның біріншісі – Менің Отаным – мынау
(сол, осы) да, екіншісі – ол - Қазақстан.
Тағы да баса айтарымыз сол, екі есім сөзден болған предикаттық
қатынастағы тіркестерден сыйысулы құрмалас іздеуге әсте болмайды. Мысалы:
Сол жақ қаптал – күлгін бозғылт жусанды кең дала (М.Мағауин). Бұл
сөйлемдегі қаптал – кең дала тіркесімінің Отаным - Қазақстан
тіркесімінен айырмашылығы шамалы. Бірақ алғашқыда сыйысулыққа әкелетін осы
- ол моделі жоқ. Ал ондай өлшемді өз еркімізбен кіргізу сөйлем мағынасына
нұқсан келтірмесе де, шығарма авторының құқығын, қала берді, тілдік
заңдылықты бұзу болып табылады [21, 14 б.].
Ғалым әрі қарай құрмалас сөйлемдердің сыйысулы жолмен берілуі
С.Аманжолов тарапынан көтерілгенімен, кейіннен жалғасын таппады [21, 14 б.]
деген дәлелсіздеу пікір айтады. Зерттеу барысында біз бұл мәселені кейіннен
Р.Әмір, Қ.Есенов және З.Ахметжанова, сондай-ақ фразеологизмдерге қатысты
Е.Қ.Жұбанов, С.Исаев, Н.Уәлиұлы, Г.Қосымова сөз еткендігін анықтадық.
Е.Қ.Жұбанов эпос тілінің қызықты құбылыстарының бірі, біздің
байқауымызша, фразалық тіркестердің контаминациясы,- деп контаминациялар
эпос тілінің фразеологизмдерінде жиі ұшырасатындығы туралы сөз етеді. Ал
С.Исаев тұрақты тіркестердің контаминациялық құбылыс арқылы туындайтындығын
тілдік фактілер арқылы дәлелдеген [22, 78 б.].
Б.Қапалбеков қазақ тіліндегі бірыңғай мүшелердің сыйысу ерекшеліктеріне
арнап мақала жазған. Ғалым онда С.Аманжолов пен Р.Әмірдің келтірген
сөйлемдерін талдаған және олар мезгілдестік қатынаста болатындығына көңіл
аударған. Бұндағы қимыл белгілерге немесе етістік баяндауыштың санына
қарап, ондағы таксистік қатынасты жоққа шығаруға болмайды. Өйткені екі
сөйлемнің жалпы мағынасы бірдей, тек соңғы сөйлем алдыңғысының сыйысқан
түрі ғана болып табылады [23, 101 б.] дейді. Одан әрі бұндай баяндауыш мүше
сыйыстыра айтылған сөйлемдерді жоғарыда берілген С.Аманжоловтың сыйысқан
бірыңғай мүшелері ретінде ұсынып отырған мысалдарынан да байқауға
болатындығын сөз ете келе, олардың бір-бірінен айырмашылығы ретінде, бұл
сөйлемде (Өткен түнде қар, бүгін жаңбыр жауды) әрекет бірінен кейін бірі
іркес-тіркес өтуін келтіреді. Яғни Сырым, естір сөзді сен де, мен де
естідім деген сөйлемде. Демек, бұл жерден мынандай қорытынды шығаруға
болады: сыйысулы сөйлемдерде таксистік қатынас болады.
Яғни құрмалас сөйлемдер де, сыйысқан сөйлемдер де бүгін тілімізде бір-
бірінің функциялас сыңары ретінде жарыса қолданылып жүрсе, ондай
құрылымдардың бойында мезгілдестік қатынас бар деуге болады. Өйткені
бірыңғай мүшелердің барлығы да сыйысқан құрылымдарға жата бермейтіндігі,
яғни бірыңғай мүшелерге құралған сөйлемдердің барлығы да айтушының
мақсатынан туындай бермейді. Мысалы, Жолбарыс, аю, түлкі, қасқыр – төртеуі
жолдас болды (Ертегі). Айғай салды, өзгелерден бұрын жеткен Михаил, Нартай,
Әлішер – үшеуі Бұлынбай мен Алшағырды осы күйде көріп еді (Ғ.Мүсірепов).
Бұл сөйлемдерді құрмалас сөйлемдердің функциялас сыңарына жатқызу қиын.
Себебі, біріншіден, сөйлемдерді мағынасын бұзбастан жеке-жеке баяндауыш
арқылы айту мүмкін емес. Онда бірыңғай бастауыштардың басын біріктіріп
тұрған жалпылауыш сөз (төртеуі, үшеуі) – жинақтық сан есімін түсіріп айтуға
тура келеді де, сөйлем бір-бірінің телнұсқасы (вариант) болмай,
трансформацияланып кетеді. Сондықтан біз бірыңғай бастауыштарды жинақтап
тұратын синтаксемасы бар құрылымдарда екі қимыл-әрекет және олардың
арасында мезгілдестік қатынас бар деп айта алмаймыз [23, 101 б.]. Демек,
бірыңғай мүшелерге құрылған сөйлемдердің барлығы да сыйысулы сөйлемдерге
жатпайды. Олардың өздерінің белгілі бір заңдылықтары бар. Оны
Б.Қапалбековтің жоғарыдағы мақаласының қорытындысынан байқауға болады:
Егер жай сөйлем ішіндегі бірыңғай бастауыштардың синтаксистік қызметі
бірдей екенін аңғарту үшін, оларды жинақтаушы тұлға (көптік жалғауы) мен
жинақтаушы сөздер (сан есімдер, жинақтаушы есімдіктер және т.б.)
қолданылса, олар құрмалас сөйлемдердің сыйысқан түрлеріне жатпайды. Сондай-
ақ, мен, және жалғаулықтары арқылы салаласқан бірыңғай бастауыштары бар жай
сөйлемдер де құрмалас сөйлемдердің мағыналық телнұсқасы бола алмайды. Тілде
да, де, та, те жалғаулығы арқылы байланысқан бірыңғай бастауыштары бар
сөйлемдердің көбі негізінен өздерінің мағыналас нұсқасы болып келетін
құрмаластармен парадигмалық қатар құрайды [23, 103 б.].
Контаминациялану жолымен қазақ тілінде бір қатар тілдік бірліктер пайда
болатындығына көз жеткіздік: тұрақты тіркестер, еркін тіркестер, күрделі
құрылымдар. Төменде біз солардың әрқайсысын жеке-жеке талдайтын боламыз.
Әзірше контаминация құбылысының ықшамдаудың басқа түрлерінен айырмашылығын
анықтап алуды жөн көрдік.

1.2 Контаминацияның тілдегі ассимиляция, эллипсис, парцелляция және
редукция құбылыстарынан айырмашылығы

Сөйлеуші сөз қолданысы кезінде өзінің жеткізер ойын өз мақсатына сай
кейде қысқа әрі нұсқа беруге тырысады, да сөйлеу сөйлеу актісін
жеңілдетеді. Жоғарыда айтып өткендей бұл құбылыс тілдің барлық деңгейінде
кездеседі. Қысқа, ықшам қолданыстарға фонетикадағы ассимиляция, редукция
құбылысы, синтаксистегі парцелляция, эллипсис және біз қарастырып отырған
контаминация құбылыстары жатады. Мәселен, Алақай, жазгелді! (Ауызекі тіл);
Трактор сынып, соған запас бөлшектер қажет боп қапты (М.Мағауин); Бейшеннің
мына бір әні тек маған арналғандай. Маған ғана сыр шерткендей. Мен бұл әнге
құмармын! Ынтықпын! (І.Жақанов); Ошаған би жан-жағына қарағыштап, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Контаминацияның қазақ тіл білімінде зерттелінуі
Контаминация құбылысының тілдегі көрінісі
Жағдаяттық толымсыз сөйлемдер
Қазақ тілінде фразеологизмдердің зерттелуі
Қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің өзге тілдерден айырмашылықтары мен ұқсастықтары
Қазақ тіліндегі окказионал (тосын) фразеологизмдер және олардың қазіргі тілдік қордағы жиі қолданылу сипаты
Тілдегі үнемдеу заңдылығының теориялық негіздері
Сөздердің лексикалық тіркесімділігінің кейбір мәселелері
Қазіргі қазақ тіліндегі окказионал фразеологизмдер
«Қазақ тіліндегі терминдік атаулар мен ұғымдарды білдіретін лингвостатистикалық сөздер мен сөз тіркестері»
Пәндер