МАҒЖАН ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТҮР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ


ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Филолгия факультеті
Әдебиет теориясы және фольклористика кафедрасы
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Мағжан жұмабаев өлеңдерінің мазмұн мен түр ерекшелігі
Орындаған: 4 курс студенті
Ғылыми жетекші:
Норма бақылаушы:
Қорғауға жіберілді: «___» 2010 ж.
Әдебиет теориясы және
фольклористика кафедрасының
меңгерушісі, ф. ғ. д., профессор
Алматы, 2010
Реферат
Диплом жұмысының тақырыбы: М. Жұмабаев өлеңдерінің мазмұн мен түр ерекшеліктері
Диплом жұмысының көлемі: 50
Диплом жұмысында пайдаланылған әдебиеттер саны: 30
Жұмыстың құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан тұрады. Жұмыстың бірінші бөлімінде Мағжан Жұмабаев өлеңдерінің мазмұны мен символизм ағымы жөнінде айтылса, екінші бөлімінде Мағжан өлеңдеріндегі түр ерекшеліктер туралы айтылады.
Жұмыстың нысаны: Мағжан Жұмабаев өлеңдерінің мазмұны мен өлшеміндегі жаңашылдығы.
Диплом жұмысында қолданылған тірек сөздер: романтизм, реализм, натурализм, символ.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері : зерттеудің мақсаты - Мағжан Жұмабаев өлеңдерінің мазмұндық мәселелерін пайымдап, өлең өлшемдеріндегі ерекшеліктерін айқындау.
Диплом жұмысында қолданылған әдіс-тәсілдер : саралау, өлеңдерді өзара салыстыру, талдау, мазмұн және түр ерекшеліктерін анықтау.
Д иплом жұмыстың дерек көздері : зерттеу еңбектері, отандық диссертациялық зерттеулер, оқу құралдары, ғылыми мақалалар, М. Жұмабаев шығармалары.
Жұмыс нәтижелілігі: жалпы жұмыс барысында Мағжан өлеңдеріне талдау жасай келе, келесі мәселелер анықталды:
1. Мағжан Жұмабаев шығармаларындағы символизмнің ерекшеліктері;
2. Ақынның өлең өрнегін өрудегі өзіндік жаңалықтары.
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1. МАҒЖАН - СИМВОЛИСТ
1. 1 Романтизм және символизм . . .
1. 2 Мағжан өлеңдеріндегі символдық бейнелер . . .
2. МАҒЖАН ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТҮР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
2. 1 Буын өлшемдері . . .
2. 2 Ұйқас ерекшеліктері . . .
ҚОРЫТЫНДЫ . . .
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . .
КІРІСПЕ
Диплом жұмысы тақырыбының өзектілігі - Мағжан Жұмабаев шығармалары бүгінгі күнге дейін біршама зерттеліп келді. Дегенмен, М. Жұмабаевтың өлеңдерінің мазмұн мен түр ерекшеліктерін бітіру жұмысы деңгейінде жан-жақты қарастырып, зерделеудің өзектілігі ақын шығармашылығын терең тануға ықпал ететіндігі белгілі. Мағжан шығармаларындағы көркемдік тәсілдерді қолдану шеберлігінің қарастырылуы да мәнді болып табылады. Мағжан дүниетанымының оның шығармаларының мазмұнына терең ықпалы да танылады. Ақын шығармаларын талдау нәтижесінде мазмұн мен түр байланысына айқын көз жеткізіледі.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері : Зерттеудің мақсаты - Мағжан Жұмабаев өлеңдерінің мазмұндық, түр ерекшеліктерін анықтау. Ақын шығармашылығының әдебиетімізге әкелген жаңалықтарын саралау. Мағжан поэзиясындағы романтизм, символизм, реализм ағымдарының көрінісін анықтау, мазмұндық ерекшеліктеріне жете мән беру. Өлеңдерінің өзіндік өрнегі мен ерекшеліктерін талдау. Қазақ поэзиясының жаңаша үлгідегі өлеңдерінің түр ерекшеліктеріне талдау жасау.
М. Жұмабаев шығармаларының көркемдік әлемін, құрылымдық ерекшелігін бүгінгі таңдағы әдебиеттану ғылымының көкейтесті мәселелері аспектісінде қарастыру.
Диплом жұмысында қолданылған әдіс-тәсілдер: дайын материалдарды мақсатқа сай іріктеу, бір жүйеге келтіру, саралау, өлеңдерді өзара салыстыру, жинақтау және мазмұндық, түр ерекшеліктеріне талдау жасау. Ерекшеліктерін ажырата отырып, түр жаңалықтарын ашу.
Диплом жұмысының дерек көздері: : зерттеу еңбектері, отандық ғалымдардың диссертациялық зерттеулері, оқу құралдары, ғылыми мақалалар, М. Жұмабаевтың шығармалар жинағы.
Зерттеудің нысаны: Мағжан Жұмабаев өлеңдерінің мазмұны мен өлшеміндегі жаңашылдығы.
Жұмыс нәтижелілігі: жалпы жұмыс барысында Мағжан өлеңдеріне талдау жасай келе, келесі мәселелер анықталды:
1. Мағжан Жұмабаев шығармаларындағы символизмнің ерекшеліктері; 2. Ақынның өлең өрнегін өрудегі өзіндік жаңалықтары.
1. МАҒЖАН - СИМВОЛИСТ
1. 1 Романтизм және символизм
Жаратылыс пен адам сұлулығының әсемділігінің, көркемділігінің сан қырлы сипатын танытуда өнердің барлық түрінің қызметі ерекше. Өнердің әр түрі адам-жаратылыс әлемін түсіндіруде сан түрлі мазмұн мен көркемдік әлемге бой ұрады. Көркемдіктің өзі өнерде тек әсемдік, сұлулық, жақсылық символы ғана емес, өмір, әлем, адам сырының теріскей жақтарын (өмірдің ауыр қасіретті шағын немесе адамның жауыздығын, зұлымдығын суреттеуде) танытуда адам санасы әлі толық бағдарлап танып үлгермеген сан қырлы мүмкіндіктерін ашып береді. Өнер - мәңгілік. Әр дәуірдің, әр заманның талантты өкілдері өнердің мәңгілігін, шексіздігін дәлелдеп кеткен. Сол өнердің бірі - поэзия. Поэзия әлемі - адам мен тіршілік сырын берудегі қызметінің шексіздігі соны жасаушы суреткер. Поэзияның көркемдік-эстетикалық сыры - сөз бояулары мен тілдік амал тәсілдері арқылы жүзеге асады. Жан дүниесінен, тебіренісінен ақыл-ойынан туған дүниелері ғасырларға өнер ретінде танылып болашақпен жалғасып жатады. Қай заманда, қай дәуірде де сол өнер халық қолына тигенде тот баспас асыл мұра екенін таныта алады.
Поэзия - сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі. Оның үстіне поэзиясының аса маңызды әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсете алатын зор мүмкіншілігі бар. Ол - айналамыздағы дүниені, өмірді танып-білудің күшті құралы, біздің қоғамдық ой-санамыздың, көркемдік, эстетикалық сезіміміздің үлкен, өнімді саласы. Сондықтан поэзиядағы сөз суреттілігі, бейнелілігі өмір шындығынан нәр алып, соған тікелей жалғас туады. Сөз қолдану шеберлігі, көркемдік шеберлік дегеніміз өмір құбылыстарын танып-білу, ұғынып-түсіну қабілетімен, көркем ой-сезім қуаттылығымен терең тамырласып, қабысып жатады.
Поэзия тілінің сипат-ерекшелігін сөз еткенде, оны поэзиялық туындылардың, өлең-жырлардың мазмұнынан бөлек алып қарауға болмайды. Өйткені поэзияның, өлеңнің тілі, оның негізгі өзгешеліктері көркем шығарманың идеялық мазмұнын ашу, жеткізу талабына сай қалыптасады.
Поэзияда тек тіл, сөз ғана көркем емес, ой да көркем, бейнелі. Өлең тіліне көркемдік сипат дарытатын, қуат беретін сол ой-сезім тереңдігі, өткірлігі, әсерлілігі. Поэзия өмір шындығын асқан ойшылдықпен, ерекше сезімталдықпен ашып көрсетеді, бейнелеп суреттейді десек, тіл, сөз әлгі ақындық, көркем ой-сезімді жеткізудің құралы ғана.
Поэзиядағы, өлең-жырлардағы бейнелі, өрнекті сөздер әлде қандай бір ерекше сұлулап сөйлеуге әуестіктен емес, эстетикалық сезімнен, образды, бейнелі ойдан, дүниені ақынша, суреткерше қабылдаудан туады. Өлеңге, өлеңмен жазылған шығармадағы әрбір суретке, әрбір сөзге поэзиялық сәулет, поэзиялық нәр, көрік беретін нәрсе - ақындық ой-сезімнің тереңдігі мен көркемдігі. Өлең сөз кестесіндегі, поэзия тіліндегі көп ерекшеліктерді дұрыс түсіну үшін ақындық ойдың, көркем ойдың өзгешелігін жақсы ұғу шарт. [1, 88. ] .
Сондықтан өлең сөз сезімге толы, мейлінше әсерлі, көркем, бейнелі болып келеді. Өмірді көркемдік жолмен қабылдап, сезіну, эстетикалық, ақындық сезім, айрықша эмоционалдық, сезімталдық - поэзия тілінің басты ерекшеліктерін, міне, осылар белгілейді. Өлең тілінің бейнелі, көркем, кестелі болып келуі поэзиядағы ой-сезімнің әсерлі көркемдігін, бейнелілігін, сұлулығын танытады.
Поэзия әлемінде айрықша із қалдырған, өзіндік үлкен өнер, өрнек тудырған, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін кейінгіге аманат етіп қалдырған ақын - М. Жұмабаев. Өзі де, өлеңі де қиын-қыстау тауқымет жолын көп кешкен. Қалың бұқара оқушы қауым арасында әуелден-ақ қаншалықты белгілі, аты мәшһүр ақын болып танылса да, ресми ортада барған сайын айдаудан көз аша алмай, тыныштық дүниеден қара үзіп, кешегі құғын-сүргін заманда есімі біржолата өшуге айналған жан. [2, 58. ] .
ХХ ғасыр басында қазақ поэзиясын жаңаша үлгімен, көркемдік талғаммен жырлаған Мағжанның қаламынан туған дүниелер халық үшін үлкен қазына.
ХХ ғасыр басында қазақ әдебиеті тілі толық орналасқан кезде М. Жұмабаев поэзиясы дүниеге келді. М. Жұмабаевтың көзі тірі кезінде 1928 жылы шыққан кітабынан кейін 1988 жылғы қайта құру кезінде оның шығармашылық дүниесімен оқырман қауым қайта табысты. Соқыр саясаттың құрсауында қалған ұзақ жылдар бойы күл астындағы шоқтай сақталған Мағжанның поэтикасы өз бағасын өз талантын танытар дер шағында ақын тағдырының жеке басқа табынудың салдарынан құрбандыққа ерте ұшырауына қарамастан, оның шығармашылық әлемі қазақ халқының рухани мол мұрасы болып табылады. М. Жұмабаев поэзиясы 60 жылдан астам оқуға тиым салынғанмен, оның поэзиясына берілген баға аз болғанмен, сол әділ бағалардың мағынасы мен мәні үлкен талантты ақынның қазақ поэзиясындағы бетбұрыс екендігін аңғартты.
Мағжан да өз жырларының қоғамдық сананың тот басқан тәлкегіне жолығатын білді ме, «Жан сөзі» атты өлеңінде:
« Сұлулықтың асығы - жыршы!-» - дер ме?
«Жүректің сырын шешер сыршы!» - дер ме?
Не қуаныш, не қайғы басқан күнде
Басыма келіп: «Ақыным, тұршы!» - дер ме?
Болмаса басыма да бармас па екен?
Атымды аузыма да алмас па екен
Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған.
Молама көз қырында салмас па екен?
Дариға, сол күндерде күнім қараң,
Қазақ елі бір ауыз сөзім саған:
Болғайсың: сыншы болсаң, әділ сыншы,
Кінәні жүрекке қой, қойма маған! [3, 89. ]
Бұл сөз - өнер адамының өзіне сындарлы сырмен қарап, парасатты ой түйіндеуінде. Осы орайда Ж. Аймауытовтың данышпандықпен айтқан пікірі тағы ойға оралады: «Күшті ақын өзгелерді өзіне еріксіз ертеді, соңынан шәкірт ертеді. Әдебиет жүзінде жаңа жол ашады. Мағжан күшті ақын. Күштілігі еліктеткеннен көрінеді. Осы күнгі өлеңшілердің көбі Мағжан өлеңінің не сыртқы түріне еліктемей жаза алмайды. Кім өлең жазса, Мағжан сөзінен бірдемені алмай қоймайды. Кестелі, ырғақты күшті даяр сөз, даяр ауызға түсе кетеді. Түбінде еліктегеніміз жоқ деп таласушылар болса, еліктегенін өлеңмен көрсетіп, жұрттың алдына тартармыз. Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңынан шәкірт ерткен мектеп ашқан ақын Мағжан екеніне дау жоқ», - дейді. [4, 2] .
Мағжан поэзиясының онын суреткерлік шеберлігін ақындық ой асқақтығының көркем тіл үлгісінің, стилінің даралық ерекшелігі оның жыр әлемі - адам жанының нәзік қатпарларына еркін сіңісіп, мейірімділікпен сұлулыққа жетелейтін бояуы ашық, нақышы әсем, кең тынысты, ғұмырлы мәңгілік жырлар толғауында. Мағжан жырларын қайта-қайта оқыған сайын өнерінің көркемдік көкжиегіне сәнді-салтанатты жыр-керуеніне кездескендей боламыз. Мәңгі ғұмырлы поэзияның өз тілі, өз үні бар десек, соның бірі бүгінгі қазақ поэзиясына жаңашылдығымен, ерекше еркіндігімен оралған Мағжан тілі еді. Шебер сыршыл ақын табиғатты, махаббатты, сұлулықты, адам бейнесін бейнелеп көрсетуде әрі нақышты, әрі сазды жыр өрнегімен қазақ поэзиясында өзіндік орнын анықтады. Мағжан поэзиясынан бейнелеп айту, көркем ойды сұлу суретпен өзіне тән айшықпен өрнектей отырып сөз құдіреті арқылы құлаққа жылы үн көңілге әдемі әсер қалдыратын, бір сөзбен айтқанда сыртқы ішкі сұлулықтың нәзік жібін қатар тартқан тамаша лирик ақынды көреміз. [5, 23. ] .
Мағжан сөзінде кездесетін әдемі әуез, сыршыл ырғақ, кейде жүректі тебірентіп, кейде мұңға батырып, алыс арманға құлаш ұрғызатын, кейде мына әлемнен басқа әлемді ұғындыратын, тылсым дүниенің қаттылығы мен тәттілігіне тәнті ететін сыбызғы поэзия бұрынғы ақындарда некен-саяқ. Ақын өлеңдеріндегі азаматтық әуен, өмірлік мұрат, ел, халық алдындағы перзенттік парызын сезіну, халықтың қалғып жатқан ой-санасына сәуле себуге талпынысы кең мағынада көрініс тауып, халқының көңілінен шыға білді. Ақын өлеңдерінің тереңінде терең ой мен парасаттылық жатты, елім деп еңіреген ердің өршіл рухы мен халық қайғысына қабырғасы қайысқан жанның нәзік сезімі жатты. Ақын жаны өз халқының марғауына күйініп, одан аршып алар жолды іздеді. Өркениетті елдердің тіршілігінен ой қорытып, болашақты болжайды, соған өз халқын шақырады. Халқының қайратына сеніп, жылыта отырып, жұбату айтқандай сабырлы да салмақты жыр жолдарына жеткізеді: «Жатыр», «Күз» т. б. өлеңдері осыған дәлел. [6, 12. ] .
Мағжан жаңашылдығы - көркемдік бейнелеу құралдарын қолданудағы ешкім ойына келмеген жерден сөздерді өз поэзиясының тұғырына қондыруында, тіл құнарлығын дамытып, нұрлы ой арманымен тоғыстыра әдемі әуезді сөз жасауында.
Қазағымды, қалың елді сағындым,
Сарыарқамды - сайран жерді сағындым.
Балдай бұлақ, мөлдір күміс көбікті,
Арқадағы айдын көлді сағындым! ( «Сағындым»), - деген жыр жолдарындағы өрнектеулер бүгінгі қазақ поэзиясының ең көркем, ең айшықты сөз тізбектеріне ұқсас.
Мағжанның жан-дүниесін, ой-әлемін түсіну оңай емес. Ақын көңілінде тұрақты мекен жоқ. Мейлінше шыншыл, ішкі байламын сынға салып, сүзгіден өткізуді қаламайтын ақынға нақты бір идеяның соңына түсіп, шаужайын көтерумен жүру жат. Кеше жарияланған, сәл бұрын айтқан пікір, толғам, көңіл-күйіне сәйкес келмейтін, кейде тіпті мүлде қарама-қарсы, яки едәуір жаңғырып, түрленген, поэтикалық бейне, болжам, топшылау, түйіндеу сәттері қайран қалдыра қоймайды. Өзгенің жөні бөлек Мағжаннан мұндай тосын да тапқыр, оқшау жағдай, жаңалық, әрекет, шешім күтудің қызығы зор. Өйткені ақын қалыпты сана заңына бағынбайды. Даланың жүз құбылған аспанындай сиқырлы сезім патшайымына қызмет ету бақытын ақкөз фанаттарша айқайлап қол соға аяламайды. Әдеттегі қисапсыз азап қобызын сарнату есебінде ғана қабылдайды. Осы қылығының өзі жұмбақ. Ессіз деген әрекетіне де тоңазыған салқын баға беру жиі. Түп ниет ақыл, зерденің қазығына байланады да, қиял мен мінез тұлпары шылбыр үзіп, табанын жерге тигізбес қанат байлап алады. Ұшқыр ой арқылы ақын уақыт пен ортаның дөрекі қыспағынан құтылар жол іздейтіндей. Романтик символистердің мезгілі мен мекен аясындағы еркіндікке ұмтылысы Мағжан Жұмабаевтың дүниеге тарихи, философиялық көзқарасынан бүгінгі күннің шындығын байырғы дәуірлердегі тағылымды сабақтар мен тамырлас алып, саралауынан, жыр бұрымын сұлу жарасыммен өру нәтижесіндегі ауқымды рухани серпілістермен танылады.
«Мағжан культурасы зор ақын . . . Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз - Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін»- деп М. Әуезов 1929 жылы айтса [7, 4] . одан бұрынырақта Мағжанның замандасы Ж. Аймауытов 1923 жылғы «Лениншіл жас» журналының №5 нөмірінде жарияланған «Мағжанның ақындығы» туралы мақаласында: « Қазақ әдебиетінде Мағжанның кіргізген жаңалығы аз емес, орыстың символизмін (бейнешілдігін қазаққа аударды, өлеңді күйге ) музыкаға айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан бітірді, жаңа өлшеулер шығарды . . . Мағжан ойдың ақыны емес, ұлт ақыны» деп жазды [8, 8] .
Сөз зергері Мағжанның ақындық дәстүрі, мәдениеті, поэзия әлеміне әкелген жаңалығы, тіл шеберлігі, сөз қолдану ерекшелігі қазақ әдебиетіне ғана емес түркі тектес халықтар әдебиетіне де зор ықпал еткені бүгінгі таңда қалдықсыз мойындалып отыр. Жоғарыда айтылған пікірлер, оның поэзиясына берілген әділ баға. Бүгінгі таңдағы жазылатын, айтылатын бағалау мен зерттеу еңбектері осыдан артық бола алмас. [9, 55. ] .
Қазақ поэзиясына мазмұндық-түрлік тосын жаңалықтар әкелген Мағжан поэтикасы енді ғана ғылыми зерттеу обьектісіне айналып отыр. Оның поэзиясы бір ғылым саласында ғана емес, әр түрлі (әдебиет, тарих, философия, психология т. б. ) ғылым салаларында түбегейлі, жан-жақты зерттеулер уақыты жетті. [10, 63. ]
Әдебиетіміздің үлкен тұлғасы, Абай шыңына иықтаса орналасқан сыршыл өлең сөздің бәйге бермес шабандозы Мағжан Жұмабаев ұзақ жылдардан соң алды кең, тынысы еркін, адамгершілігі мол бетбұрыс заманының есігін айқара ашып, ортамызға қайта оралды. [11, 77. ] Өзін қатты сағынған елі аяулы перзентін жатырқамай қарсы алды. Қазақ әдебиетінің боз үйіне ол сәлем беріп кіріп келгенде, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай, шексіз қуанышқа баттық. Сонда мардымсып жүрген әлдебіреулердің селк ете түскендері, қызарып-бозарғандары да болды. Солардың сойылын соғып, жыртысын жыртып жүрген жандайшап: «Байқас бол, ұлтшылдығын ұмытпа!» деп сұқ саусағын шошайтып, сақтандырғысы келді. Бірақ одан ештеңе өнген жоқ. Мағжанға ығысып, төргі орындардың бірін босатуға тура келді. Өйткені Мағжанмен бірге поэзиямыздың тұтас бір өлкесі көшіп келген жоқ па?
Мағжан Абайға арнаған бір өлеңінде ұлы ақын туралы: «Сендей жанды дүние қолын жайып енді күтпес» ақын кемде-кем. Мағжан Жұмабаев туралы Абай жөнінде айтылған осы пікірді жаңғыртса, артық емес. [10, 96. ]
Алдыңғы толқын Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сықылды Мағжанға да қара май, шашылмаған лас сөз қалған жоқ. Ол талай әділетсіз сындарды естіді. Соның бәрі оның елім, жұртым деген ақиық жүрегіне, халқының жігер-қайратын шыңдаймын, ішін жаңалаймын деп арпалысқан арманына шіркеу бола алмайды.
Оның бергеніне берері әлі көп еді. Мәуе төккен жеміс ағашын жайқалып тұрған шағында үсік шалды. Ақын дер шағының шабытты кезеңін айдауда, қуғын-сүргінде өткізді. Ақыры қаза тапты. Туған әдебиеті бақшасын баптасуға мүмкіндігін сарқа алмай арманда кетті. Оған енді амал бар ма? Осы күйінде де алтын қазынамызбен жылап көріскендейміз. Мағжанның ұста дүкенінде өшпес жиһаз жасалды. Ол әдебиетіміздің көркіне көрік қосып, молайтқан эстетикалық дәулетіміз, рухани байлығымыз. Алыстағы сайын биіктеген сеңгірімізге бұл күндері мақтана, сүйіне, сүйсіне қараймыз.
Жиырмасыншы жылдардағы қазақ ақын-жазушыларының дүниетанымдық бағдары ең алдымен Қазан төңкерісіне, оның алғашқы қайшылықты қадамдарына көзқараспен анықталады. Революциялық дәуірдің қатал көріністерін біреулер сенімді шабытпен жырласа, қайсыбір қаламгерлер көп ішіндегі дүрмекпен ұраншыл тұрғыдан, жалаң-жадағай дәріптеу, ескілік атаулының бәріне ойланбастан қарғыс айту, қарғы байлау сарынына ұрынды.
Мағжан Жұмабаев адамзат тарихындағы ерекше тосын тарихи-әлеуметтік құбылысқа алып-ұша қуанған жоқ, айналасына үрке қараумен болды. Төңкеріс қазақ жерін қамтыды, ел дүрлікті, өрт қаулады, жарлы қауым жақсылық күтуге хақылы еді. Зиялы жанды, ізгі сезімді Мағжан кедейлердің қуанышына назаланған емес, тек ол бақыттың рас, күмәнділігіне, ұзақ, қысқалығына шүбәләна көз салды.
Мағжан Жұмабаевтың шығармагерлігі, ақындығы бұған дейін социалистік реализм шеңберінде әр түрлі бағаланып келді.
Әдебиеттану, сын өлкесінің зерттеушілері ойда жоқта ашылған таңғажайып поэзия айдынына құлаш ұрды. Мағжан шығармаларын идеялық-эстетикалық жағынан талдауға, оған ғылыми обьективтік әділ бағасын беруге барын салды. Араға жетпіс алты жыл салып барып, ақынның өлеңдер жинағы шығарылып, халық қолына асыл қазынасы қайта тиді. Сол жиырмасыншы жылдары Мағжан ақындығын терең танып, шын пейілден биікте лайықты бағасын берген мандайалды қаламгер жазушылар Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовтердің қабырғалы сыни ой-пікірлеріне сүйене отырып, қазақ әдебиеттану ғылымында мағжантану атты саланың іргетасы қалана бастады. Әрине, мағжантануға ақынға байланысты барлық еңбектер енгізілуі тиіс.
Мағжан Жұмабаевтың шығармагерлік жолы негізінен үш кезеңнен тұрады. Біріншісі - Мағжанның өлең өлкесіне бет алғанынан бастап саналып, 1917 жылдың ақпанына дейінгі уақытты қамтиды.
Екінші кезең - ақпан төңкерісінен 1924 жылға дейінгі уақытқа тіреледі. Үшіншісі - сол 1924 жылдан бастап, өмірінің ақырына дейін созылады.
Бұлайша жіктеуде арқа тірейтініміз белгілі ақиқаттар: Бірінші, қандай көркем туынды болсын, нақтылы тарихи жағдайда жасалады. Елінің саяси-әлеуметтік ауа-райы оған әсер етпей қоймайды. Екінші, көркем туынды - әдеби процесс жемісі. Өзіне дейінгі шығармалармен бой салыстырады. Өз заманының әдеби талаптарымен есептеседі. Сөйтіп барып сыбағалы жолын жүреді, өзіне тиісті сөзін айтады.
Мағжан басынан бір емес, үш төңкерісті (1905, 1917 жылдардағы ақпан, қазан) бірдей өткізгені, бұдан кейін азамат соғыс жылдары, жаңа экономикалық саясат, тағы басқа дүрбелеңдерді кешкені, аумалы-төкпелі заманда өмір сүргені - бұл оқиғалар көркемдік «пешінде» қорытылып, ақын поэзиясының бағыт-бағдарына мықтап әсер еткені мәлім.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz