ҚАЗАҚ КӨСЕМСӨЗІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ


ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Тақырыбы: ХХ ғасыр басындағы қазақ көсемсөзінің дамуы және Ш. Құдайбердіұлы
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 ҚАЗАҚ КӨСЕМСӨЗІНІҢ ДАМУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
1. 1 ҚАЗАҚ КӨСЕМСӨЗІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ . . . 6
1. 2 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ ДАМУЫ . . . 17
2 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ КӨСЕМСӨЗІНІҢ ДАМУЫ ЖӘНЕ Ш. ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ
2. 1 СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БАСЫЛЫМДАРДЫҢ ХАЛ-АХУАЛЫ, БАСПАСӨЗДЕРДЕГІ КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ЖӘНЕ Ш. ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ . . . 24
2. 2 Ш. ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ КӨСЕМСӨЗІ . . . 50
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 57
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 60
КІРІСПЕ
Халықтың рухани дүниесiне, ғасырлар бойы жинақталған мәдени қазынасына Кеңестiк заман кезiнде ел-жұрттан жасырын ұсталып, үнемi қараланып келген, бүгінде қазақ мәдени дамуындағы бiрегей құбылыс болып табылатын алыптардың шығармашылық мұрасы бұл күндерi халық игiлiгiне айналды. Ұзақ ғасырлар бойы жасалған фольклордан бастап, қазақ әдебиетiнiң барлық тарихи кезеңдерi жөнiнде кешегi Кеңестiк идеология ықпалымен айтылған ойлар, пiкiрлер қайта қаралып тарихи ақиқат аясында ғылыми дәйектiлiкпен сарапталуда.
Алайда қазақ әдебиетiнiң тарихында өзiнiң шешiмiн таппаған, өзiмiз жете танып болмаған, басқаға да танытуымыз қажет мәселелер баршылық. Кеңес империясының жетпiс жылдан астам уақытқа созылған отаршылдық үстемдiгiнiң кесірінен қазақ халқы бiрнеше ауыр қиын кезеңдi басынан кешiрдi. Кеңестiк қатал билiктiң қыспағынан тайсалмай халықтың ауыр тағдырын, елдiң мұңын тура айтқан қазақ әдебиетiнiң өкiлдерi үнемi қуғындалып, түрмеге жабылды, атылды.
ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының көшбастаушысы - Ш. Құдайбердіұлы шығармашылық қызметтің бірнеше саласында - поэзияда, прозада, аудармада, трактат жазуда, журналистикада үлкен мұра қалдырды.
ХХ ғасырдың басындағы көсемсөз жанрының қалыптасуына үлес қосқан қаламгерлердің бірі - Шәкәрім Құдайбердіұлы болды. Өз тұстастары секілді ол да көсемсөздің саласында қалам тербеді. Түрлі тақырыптарға барды. Дегенмен, Шәкәрімнің мұрасы ешкімге ұқсамайтын айрықша қасиетке бай болды. Мәселен, Шәкәрімнің шығармаларында философиялық-психологиялық сипат басым болды. Бұл Шәкәрім қазақ прозасындағы философиялық-психологиялық арнаның бастауы болды деген сөз.
Диплом тақырыбының өзектілігі. Әлемдік әдебиет аясында болмыс-бітімі, жүріп өткен жолымен ішкі әлеуметінен туындайтын бағыты айырықша болып табылатын қазақ әдебиеті-ғаламдық үйлесімдікте орны бар ұлт руханиятының басты арнасы. «Әдебиет - ұлт жаны». Осы тұжырымды Шығыстың да, Батыстың да ғұламалары да айтқан. «Шер толқытып шығарған таза мінсіз асыл сөз» - ұлт қасиетінің белгісі. Шер - көркем өнер, сын табиғаты мен біте қайнасқан мұң-қайғы емес, қаһар мен намыста. Алаш азаматтарының жүрегін қозғаған, қанын қыздырған осы ұғымдар Алашты ұлт етті дей аламыз. Дүниедегі ең қатал сын - тағдыр мен тарих сыны. Жүріп өткен жолына қарасақ, қазақ қай сыннан болсын мүдірмей өтіпті. Әр кезде ұлтқа тұтқа болар ерлер шығып, халқының санасын алға тартыпты. Әр заманның өз танымы мен әдебиеті болғандығын ескерсек ХХ ғасыр басындағы қазақ көсемсөзінің туу, даму ерекшеліктерін айқындарымыз сөзсіз.
Шәкәрім ақынның ХХ ғасыр басында жарық көрген қазақ публицистикасының алғашқы қарлығаштарындай мақалалары оның алғашы қалам тартып жазу жұмыстарына кірісе бастаған кезімен сәйкес келеді.
Ең алғашқы еңбектерінің өзінен дала данышпанының ұлтын бар жанымен сүйіп, елінің жарқын болашағы үшін жанын салып, жан айқайға басып жанталасқанын көре аламыз.
Ш. Құдайбердіұлының қазақ көсемсөзін қалыптастырудағы ролі арнайы ғылыми түрде жүйелі назарға алынған жоқ. Әр ғалым, әр ұлтын сүйген азамат ғалым жазғандары туралы қайталай айта берсе, мақалаларының мән-маңызын қайта-қайта ұғындыра берсе еш артықтық етпес. Себебі, Шәкәрім сол замандардың өзінде жазған еңбектерінің тәрбиелік, тағылымдық мәні күні бүгінге дейін еш жойылған жоқ, қайта өткенімізге үңіле қарап отырып, өнеге алар, темір қазық етіп ұстар қаламгер ойларына соншалықты жақындау керек екендігімізді танытатындай. Сол себептен де зерттеу жұмысымыздың тақырыбы аса өзекті деп санаймыз.
Диплом жұмысының нысаны. Ш. Құдайбердіұлының қазақ көсемсөзін қалыптастырудағы ролін анықтай отырып, жиырмасыншы ғасырдың басында жазылса да, тағылымдық мәні уақыт өткен сайын да арта түскен мақалалардың сыр-сипатын аша түсу бүгінгі күннің басты міндеті. Жазылған еңбектердегі саналы ойларды жас ұрпақтың бойына сіңірту барлық ұстаздардың міндеті екендігі анық. Ендеше ақын көсемсөздерін талдай отырып, олардың көркемдiк сипатын айқындай келе, алғаш көсемсөз дамуындағы орнын саралау басты алар нысанамыз.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Дипломдық бітіру жұмысының басты мақсаты - Ш. Құдайбердіұлының қазақ көсемсөзі дамуының алдыңғы қатарында тұрғандығын дәлелдей келе, мақалаларының тақырыбына қарай жан-жақты талдау, мән-маңызын айқындау. Осы мақсатты шешу жолында алдымызға төмендегідей міндеттерді қойдық:
- Ш. Құдайбердіұлының мақалаларының жариялану тарихын айқындау;
- Мақалаларының басты тақырыптары мен негізгі айтпақ болған идеяларын жан-жақты талдап, түсіндіру
- Әлеуметтік, оқу-ағарту, ұлт мәдениеті мен өнері туралы мақалаларын зерттеу назарына алу
Диплом жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Жұмыстың тұжырымдары, қорытындылары мен нәтижелері қазақ әдебиеті тарихына арналған пәндердің семинар, практикалық, ОСӨЖ сабақтарында студенттерге пайдалы. Сондай-ақ, студенттердің ғылыми-практикалық конференцияларында жасалар баяндамалар мен реферат, бақылау, курс жұмыстарында да қолдануға жарайды. Зерттеу нәтижелерін мектеп бағдарламасында кеңінен қолдануға болады.
Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы. Дипломдық жұмыс Ш. Құдайбердіұлының көсемсөздерін ХХ ғасыр басындағы қазақ публицистикасы жан-жақты қамтып, бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарастырған зерттеу еңбек болып табылады. М. О. Әуезовтің қазақ көсемсөзінінің дамуындағы ролін айқындау барысында дипломдық жұмыстың жаңалығы бірнеше сипаттарымен көрінеді:
- Қазақ көсемсөзінің дамуындағы Ш. Құдайбердіұлының алар орны сараланды;
- Шәкәрімнің ғылыми мақалалары жан-жақты талданды.
- Дала данышпанының мақалаларындағы тағылымдық сипаттар айшықталып көрсетілді;
- Ең негізгі Шәкәрімнің әр мақаланы жазу барысында ұлтын сүйген, халық болашағы үшін терең тебіренген қазақ елінің біртуар азаматы екендігі дәлелденді
Диплом жұмысының базасы. Диплом жұмысының базалық сипатын анықтауда нысанада салыстырмалы-тарихи әдiстi ұстап, қаламгер мұрасын тұтас бiр көркемдік әлем ретiнде жүйелi талдау обьектiсiне айналдыруды көздедiк.
Диплом жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, ішкі бөлімшелері бар екі көлемді тараудан және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады
1 ҚАЗАҚ КӨСЕМСӨЗІНІҢ ДАМУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
1. 1 Қазақ көсемсөзінің зерттелуі
ХХ ғасырдың екінші жартысында Т. Амандосов, Х. Бекхожин, Х. Бекхожин, С. Қозыбаев, С. Матвиенко, С. Имашев, Б. Кенжебаев, Т. Қожакеев, М. Фетисов сияқты белгілі ғалымдар кеңестік баспасөздің тарихын зерделеді. Заман талабына байланысты бұл ғалымдардың зерттеулерінде кеңестік газеттер тарихы партия мен кеңес өкіметінің көзқарасы тұрғысынан қарастырылады, дегенмен қазақ баспасөзінің қалыптасу және даму тарихы құнды деректер негізінде жүйелі түрде сарапталғанын жоққа шығаруға болмайды.
Дипломдық жұмысымызда соңғы жылдары қазақ тілінде жарық көрген Бауыржан Жақып [1], Қ. Аллаберген, Ж. Нұсқабайұлы [2], [3], Ф. Оразай [4], Қ. Атабаев [5] сынды зерттеушілердің еңбектеріндегі жаңа басылымдар тарихын жан-жақты саралаудағы жаңа әдіс-тәсілдер басшылыққа алынып, ұлттық баспасөз тарихын зерделеудің соны жолдары ұсынылады.
Жоғарыда көрсетілген авторлар өз еңбектерінде Семей өңіріндегі баспасөз тарихына қатысты мәселелерге біршама терең тоқталған, сонымен қатар кейбір еңбектердің библиографиялық шолу, анықтама сипатында екенін де айтқан жөн [6, 56-58 б. б. ] .
Қазақ басылымдарының қалыптасу және даму тарихының, журналистиканың зерттелуі жалпы ұлттық баспасөзіміздің тарихын түгендеу үшін ғана емес, бүгінгі қазақ журналистикасының даму бағыттарын өз деңгейінде айқындау, әрі жүйелеу үшін де қажет. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы мерзімді басылымдар тарихын зерттеу ісі әлі де толық қолға алынбаған, әсіресе басылымдарға белмен араласқан қарымды қаламгерлер мен олардың көтерген мәселелері туралы аз жазылғандықтан, бұл іс осы зерттеу жұмысының үлесіне тиіп отыр.
Қазақ публицистикасының қалыптасуы мен дамуын ғылыми тұрғыда ең алғаш зерттеп, жүйеге түсірген, өз заманының ауанына қарай баға берген Михаил Иванович Фетисов (1907-1960) екенін атап айту керек. Ол өзінің «Зарождение казахской публицистики» орыс тілінде жариялаған көлемді монографиясында қазақ әдебиетінің аса маңызды саласы ретінде қазақ публицистикасын жеке бөліп алып қарайды [7, 23-33 б. б. ] . М. И. Фетисов алыстан бастап, баспасөзді және публицистиканы дамытудағы орыстың төңкерісшіл-демократтарын алға тартып, орыс публицистикасының тәжірибесін қазақ топырағына сіңіруге талпынған. Бұл - ғылыми әдістемелік жағынан бірден-бір дұрыс бағдар болғанымен, алғашқы зерттеу, кейінгі ізденістерге жоралғы еді. Халқымыздың көрнекті қайраткерлерінің шығармашылығына тереңірек үңілген автордың бұл еңбегін қазақ мәдениетінің тарихында елеулі табыс деп бағалап, өз орнын көрсетуіміз керек. Еңбектің ішкі тақырыптарының өзі көп нәрсені аңғартқандай: «Шоқан Уәлихановтың публицистік шеберлігі», «Ыбырай Алтынсаринның публицистикасы», «Абай Құнанбаевтың публицистикасының ұлттық және жанрлық ерекшеліктері», «Қазақ ағартушыларының публицистік дәстүрлерінің дамуы» т. б. мәселелер қамтылған. Қазақ баспасөзінің пайда болуын ұлт тарихындағы елеулі құбылыс деп бағалаған М. И. Фетисов, отарлаушы елдің «орыс шовинизмінің» керітартпалылығын да батыл сынаған. «Орыс қоғамының реакцияшыл қауымы жер-жерде, түрлі ұлт тілдерінде мерзімді баспасөздің пайда болуын ызамен айыптап, қолынан келгенше қарсылық жасап бақты», деген шындық болатын.
Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейінгі мерзімді баспасөз ұлттың мәдениет тарихының елеулі құбылысы, баспасөздің дамуы ұлттың қоғамдық ой-санасының өсу деңгейін көрсететін өлшем деп емес, тек қана маркстік-лениндік ілімді насихаттаушы, коммунистік партияның сөзін сөйлеп, жырын жырлаушы саяси күрес құралы ретінде қарастырылып келді. Бұл дұрыс па еді? Баспасөз жалпы алғанда бұқаралық ақпарат құралдары қоғамда қандай рөл атқару керек? Баспасөздің ақпар таратушы, қоғамдық пікір қалыптастырушы, ғылым-білім жетістіктерін насихаттаушы, түрлі діндегі, тілі әртүрлі халықтардың басын қосып, ынтымақта өмір сүруге бастаушы т. б. қызметі жөнінде ұстанар бағыт қайсы? Бұл жөнінде тарих тәжірибесі не айтады?
Осынау көп сұрақтардың жауабын іздеп-табу үшін еліміздің тәуелсіздікке дейінгі тарихын тереңірек зерттеу қажет. Яғни, таптық жіктелу деген желеу түсініктен арылып, бір ұлттың тұтастығын меншік мөлшеріне қарай қаққа жарып, бірімен-бірін атыстырып-шабыстырып қойған жағдайды анық түсінуіміз керек. Гуманитарлық ғылымда зерттеу әдістемесіне негіз болған маркстік-лениндік таптық ұстаным өзінің бүкіл кесір-қырсығын санамызға сіңіріп болғанын мойындаған жөн. Демек, ХХ ғасырдың кеңес заманының әдебиеттерін сын көзімен қайта қарайтын уақыт жетті.
Рас, ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ баспасөзінің тарихын қоғам дамуының заңдылықтарына байланыстыра қарап, ақиқатты айтуға талпыныс жасағандар болған.
Баспасөз тарихшылары арасында алдыңғы орын Міржақып Дулатұлынікі. Ол сонау 1923 жылдың өзінде-ақ баспасөздің ұлттың өркендеуінде қандай маңызы болатынын ғылыми тұрғыда тұжырымдаған еді. «Мерзімді баспасөз бізде қашан туғаны белгілі. Әр жұрттың, әр мемлекеттің мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатасыз бір өлшеуіші - баспасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді. Яки қай жұрт өнерлі болса, оның шексіз баспасөзі күшті болатындығы айдай анық. Бұған еш нәрсе білмейтін надандар, соқырлар болмаса, көзі ашық көңілі тетіктер көптен иман келтірген. Сондықтан Еуропа жұрты баспасөзге «алтыншы билік» деп ат қойған» [8] .
Осы күнгі Қазақстан аймағында шығып тұрған мерзімді баспасөз нұсқаларын, соның ішінде Семей қаласының баспасөз нұсқаларын алғашқысынан бастап, 1923 жылға дейін толық санамалап шыққан да Міржақып Дулатұлы еді [9] . Ол баспасөз атауларын тізбегенде уақыт жағынан қайсысының алдында, қайсысының кейінде тұрғанын қатаң сақтамаған. Сондай-ақ, баспасөздің тарихқа мағлұм аттарын ғана атаған, шын мәнінде әуелде басқаша аталып, кейінде аты өзгеріп, дәстүрі жалғасып келе жатқандығына назар аудармаса керек.
Қазіргі қалыптасқан ғылыми тұғырнама бойынша бұларды біз өзімізше жүйелеп, рет-ретімен зерттеуге тиіспіз.
Мұхтар Әуезов «Қазақ тілі» газетінің тарихи миссиясы туралы 1923 жылдың өзінде берген бағасы күні бүгінге дейін аса сындарлы және ғибратты болып саналады. «Сол уақыттарда «Қазақ тілі» газетінің бетінде анда-санда оқып отырған әсерлі анық сөздер, қауіптің пішінін айқын ғылып көрсетіп, мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттеткендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын жол мұндалап, жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді». « . . . Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денеге қан жүгіртіп, күзгі таңының салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ тілі» газеті болатын» [10, 35 б. ] . Жүсіпбек Аймауытовтың қазақ журналистикасының тарихы, оның ішінде «Абай» журналының шығарылуына байланысты жазғандарында бағалы деректер бар.
Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде кеңестік баспасөз органдары көбейген кезде қазақ баспасөзінің, соның ішінде Семей қаласындағы баспасөз тарихы жөнінде әңгіме қозғала бастады.
Кеңес дәуірінің алғашқы кезеңінде жалпы баспасөз тарихы мен оның халық үшін қаншалықты маңыздылығын кезінде «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы Т. Рысқұлов өзінің «Баспасөз міндеттері», «Қазақ ұлты мен қазақ пролетариатының қалыптасуы» атты мақалаларында көрсетті. Тұрар Рысқұловтың «Баспасөз мәнісі» деген атпен 1926 жылы шыққан еңбегінде тасқа басылған сөздің қалың қауымға қандай ықпал ететіні көрсетілді. Негізінен баспасөздің теориялық мәселелерін қамтығанымен, автор қазақ баспасөзінің өткендегі жағдайына да назар аударған. Бұл тақырыпта Сәкен Сейфуллиннің 1922-23 жылдар аралығында жарияланған «Баспасөзді күшейту жұмысы», «Қазақстан баспасөздері», «Оқушы жастарға үлгі», «Газетке не жазу керек?», «Қазақ халқының төмен табының азаматтарына», «Қазақ жұмыскер кедейлері газет - журнал оқу керек» сияқты мақалаларында да айтылады. Кезінде «Қызыл Қазақстан» журналына жарияланған «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи - мемуарлық романында ұлттық басылымдар туралы көп мағлұматтар береді [11, Б. 52; 85] .
Сондай-ақ «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген оқулығында Сәбит Мұқанов қазақ тіліндегі баспасөз нұсқаларының ауыз әдебиетін жинап, халыққа қайта ұсынудағы еңбегі көрсетіледі де, баспасөз тарихының кейбір мәселелері қозғалады. Уақыт қысымымен осы еңбекте аты аталған көптеген басылымдар саяси айыптау тұрғысына ұшыраған. Дегенмен, 30-жылдардың басында жарық көрген С. Мұқановтың бұл еңбегінен қазіргі кезде қарастырылып жүрген мерзімді баспасөз тарихына қатысты деректерді кездестіреміз.
«Алғашқы өлкелік басылымдарды, оның ішінде Семей өлкесіндегі газет-журналдар тарихын зерттеуші С. М. Бабинцевтің мақаласы қазірге дейін өз құндылығын жойған жоқ. С. М. Бабинцевтің «Семей өлкесіндегі мерзімді баспасөз туралы естеліктері» атты мақаласы 1931 жылы «Қазақстанды тану қоғамының Семей бөлімінің жазбаларында» (Бұрынғы мемлекеттік география қоғамының Семейдегі бөлімі) басылып шықты. Бұл естелік мақалада жалпы Семей облысындағы алғашқы баспасөздің пайда болуынан бастап, кеңестік дәуірдегі басылымдардың өрістеуіне дейінгі кезеңді қамти отырып, барлық газет-журналдарға қысқаша баға береді. Кеңестік дәріптеу тұрғысында жазылған бұл мақалада ұлттық газет-журналдарға таптық идея тұрғысынан баға берілген», - дейді ғалым Р. Асанқызы [12, 65-68 б. б. ] .
Көрнекті әдебиеттанушы профессор Бейсембай Кенжебаев «Қазақ баспасөзінің тарихынан мәліметтер» (1956 ж. ) және сол автор Т. Қожакеевпен бірігіп «Қазақ совет баспасөзінің тарихынан» (1962 ж. ) деген еңбектер бастырды. Ол 1888-1929 жылдары қазақ тілінде шыққан газет-журналдарға тоқталып, «Дала уалаяты», «Серке», «Қазақ», «Қазақ газеті», «Қазақстан» газеттері мен «Айқап», «Абай» журналдарына талдау жасайды. Әсіресе, қазақ даласына кең тараған «Дала уалаяты газеті»мен «Қазақ» газетіне терең сипаттама береді де, екі революция мен азамат соғысы жылдарында (1917-1920) шыққан газет-журналдарды саяси-идеялық бағыттарына қарай екі топқа бөліп жіктейді. Оның бірінде буржуазияшыл-ұлтшыл, контрреволюцияшыл бағытта шыққан 13 газет-журналды, екіншісінде большевиктік Кеңес өкіметі бағытындағы 16 газет журналды қарастырады. Дегенмен, бұл кітаптарда ұлт баспасөзінің тарихы тұтас тұғырнамалық жүйеде алынып қарастырылған жоқ. Әлбетте, бұл еңбектер қазақ журналистикасының тарихын зерттеуші жаңа буынға жөн сілтеді, жол көрсетті. Баспасөз тарихы деген жаңа сала ғылыми проблема ретінде осылай қалыптаса бастап еді.
Қазақстан баспасөзінің тарихын 1870 жылдан, алғашқы кезінен бастап, жүйелеп, ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін келтірген профессор Хайыржан Бекхожиннің еңбегі ерекше. Бұл жөнінде оған тең келерлік есім әлі жоқ екенін мамандар айтып келеді. Әрине, оның 1964 жылғы «Қазақ баспасөзінің даму жолдары», 1981 жылғы «Қазақ баспасөзі тарихының очерктері», С. Матвиенко, С. Қозыбаевпен 1991 жылы бірігіп жазған «Очерки истории казахской журналистики» монографиялары идеялық жағынан коммунистік саясат сарынында болғанымен, танымдық құны қымбат. «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» еңбегінде [13, 18-19 б. б. ] . тек кеңестік Орынбор, Семей, Ақмола, Өскемен, Жетісу өңірлерінде шыққан өлкелік «Бірлік туы», «Жас қазақ», «Тіршілік», «Алтай үні», «Бостандық туы», «Айна» және «Қазақ тілі» газеттерінің маңызы мен саяси мәніне ғана тоқталып қоймай, қазан төңкерісіне дейін шығарылған ұлттық басылымдарға коммунистік идеология тұрғысынан талдауға мәжбүр бола отырып, «Сарыарқа», «Абай», «Бірлік» сияқты кезінде «ұлтшыл» деп айдар тағылған басылымдарға да орын береді. Х. Бекхожиннің «Қазақ баспасөзі тарихының очерктері» еңбегінде өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы Семейдегі қазақ баспасөзі дамуының кейбір ерекшеліктеріне, аталған басылым көтерген өзекті мәселелер, кейбір тақырыптары жайлы да айтып өтеді. Газетте қызмет атқарған Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаевтардың публицистикалық шығармаларына өзіндік баға берген. Алайда автор «Қазақ тілі» газетінен кейінгі «Жаңа ауыл», «Социалды Шығыс», «Екпінді», «Семей правдасы», «Ертіс» газеттерінің шығу тарихына тоқталмаған.
Т. Қожакеев өз еңбегінде Семей өңіріндегі Кеңес баспасөзінің басталу тарихы жайлы жазған. «Қазақ тілі» газетінің қалыптасуына ерекше үлес қосқан Ж. Аймауытов, М. Тұрғанбаев, М. Әуезов сияқты есімдері халыққа белгілі қайраткерлер жайлы да осы еңбекте автор кеңінен ой толғайды. Газет шығарушылардың басылым туралы естеліктерінен үзінділер келтірген, әрі басылым тарихының даму кезеңдеріне тоқталған.
Аталған еңбектер қазақ баспасөзінің тарихына ден қойған келесі буындарға бағыт - бағдар болып отыр.
1959 жылы 15-19 наурыз айында қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияда айтылған сын-пікірлер мен ұсыныстар толығымен жинақталып, 1961 жылы «Әдеби мұра және оны зерттеу» деген атпен жарыққа шықты. С. Бәйішевтің кіріспе сөзімен ашылған конференцияда қазақ әдебиетін зерттеудің өзектілігіне, қазақтың революцияға дейінгі және кеңес дәіріндегі қазақ әдебиетінің тарихы жөніндегі әдебиетші ғалымдардың пікірлері мен ұсыныстары қаралды. Осы конференцияда белгілі ғалым Б. Кенжебаев кеңестік идеология өктемдігіне қарамай, қаншама рет «ұлтшылдығы» үшін сөгіс алып, партиядан шығарылса да, батыл түрде ұлт әдебиетінің мүддесі үшін сөз алды. Онда ол: «Біз қазақтың бұрынғы ақын, жазушыларын саяси-идеялық қатесі бар және саяси-идеялық қатесі жоқ ақын, жазушылар деп жіктедік. Дұрысында, тарихта болған, заманында өзінің шамасы келгенше қоғамдық, прогресшіл қызмет атқарып, әлеуметтік-мәдени, әдеби мәні бар азды-көпті шығармалар қалдырған ақын-жазушылардың аттары аталуға, қызметтері мен шығармалары көрсетілуге, зерттелуге тиісті» - деп, кеңестік бұрмалануларға қарсы шығады, өзінің ұлты үшін ештеңеден қаймықпайтынын тағы да көрсетеді. М. Әуезов бастаған бірнеше ғалымдар Б. Кенжебаевтың бұл пікіріне қолдау жасайды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz