Съезді облыстық Қазақ комитетінің төрағасы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 21 бет
Таңдаулыға:   

АЛАШОРДА ҮКІМЕТІНІҢ ШЫҒЫС БӨЛІМІ

1991 жылдың желтоқсан айында қазақ халқы өзінің ғасырлар бойы армандаған тәуелсіз мемлекет мәртебесіне қол жеткізгеннен кейін төл тарихымыздың қасақана бұрмаланып, мән-мағынасы шындыққа жанаспайтын тұрғыда баяндалып келген мәселелерін қайта жазып, жұртшылыққа жеткізуге мүмкіндік туды. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінде елеулі рөл атқарған Алаш қозғалысы, "Алаш" партиясы және Алашорда үкіметі тарихын зерттеуді жан-жақты, әрі терең ғылыми тұрғыда жалғастыру міндеті тәуелсіз Қазақстан тарихшыларының еншісіне тиді. Белгілі тарихшы К. Нұрпейісов алаштану саласының төмендегідей маңызды деп табылған мәселелер тізбегін зерттеуді ұсынды: "Алаштың әлеуметтік, саяси және экономикалық бастау көздері, оның ХХ-ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі алатын орны мен атқарған ролі; 1917 жылғы екі революция аралығындағы Алаштың басқа партиялармен өзара қатынасы мен байланысы; Алаш пен Алашорда және Кеңес өкіметі; Алаш қозғалысының ішкі қайшылықтары және оның көріністері; Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің көзқарас эволюциясы; Алаш қозғалысына қатынасушылардың 1920 жылдан кейінгі қасіреті; Алаш қозғалысы және оның Орта Азия мен Еділ бойының түрік тілдес, мұсылман діндес халықтарының саяси партиялары мен қозғалыстарымен байланысы; Алаш қозғалысы және бүгінгі Қазақстан, т. с. с. "/1/.

Алаш немесе Алашорда қозғалысы мәселенің ғылыми жан-жақты, толық әрі шынайы тұрғыдан зерттелінуі КСРО ыдырағанға (1991 ж) дейін мүмкін болмады. Алайда КСРО-ның қоғамдық саяси өміріндегі өзгерістер толқыны (1985 жылдан бастау алған) жаңа бетбұрыс әкелді. Тарихшы М. Қойгелдиевтың сөзімен айтсақ: " . . . идеологиядағы соңғы бетбұрыс, ғылыми, қоғамдық ойлардағы сілкіністер, сталиндік репрессия құрбаны болған бір топ қазақ интеллигенттерінің ақталуы және олардың еңбектерінің туған еліне қайтарылуы "Алаш" мәселесін күн тәртібіне қайта қойып отыр"/2/.

Қазақстанда "батыстық" үлгідегі құқықтық мемлекет құрылымын қалыптастыру, оны ұлттық мақсат пен мүддеге сәйкес үйлестіру, әрі Ресей құрамында баянды ету, елде қазақ ұлтының жетекшілік позициясын айқындап беру, ұлттардың тиянақты қарым-қатынасын қалыптастыру, Қазақстан құрамына түрлі әкімшілік жүйесіне бағындырылған қазақ жерлерін біріктіру, елдегі экономикалық игіліктерге ие болу, халықтың әлеуметтік тұрғыдан берік қорғалуын қамтамасыз ету және рухани сұраныстарын ұлттық менталитетке сәйкес өтеу бағыттарында белсенді қызмет атқарған Алашорданың Қазақстанның шығыс өңіріндегі іс-әрекетін нақтылы ғылыми тұрғыда зерттеу арқылы көрсету аса маңызды болып табылады. Оның үстіне осы өңірде Алашорданың негізгі тірегі болған қазақ зиялыларының (басым бөлігі), елдің түрлі сатыдағы әлеуметтік топтарын құрайтын парасатты, абыройлы, беделді және байлыққа ие қазақ азаматтарының жұртшылықпен бірлесе атқарған қызметтерін де терең әрі мүмкіншілігінше кең ауқымда зерттеу маңыздылығы даусыз. Әсіресе, Алашорданың Орталық және Семей облыстық комитеттерінің бірлесе атқарған қызметтері 1918 жылдың басында Семей қаласында басталып, бүкіл Қазақстанға тараған қоғамдық-саяси қызметі тарихын нақты деректерге сүйене отырып зерттеу қажеттілігі тақырыптың мән-мағыналық астарын ашатыны сөзсіз. Сонымен, Алашорданың Семейдегі бөлімінің тарихи қызметін Орталық комитет қызметімен үйлестіре қарастыру, оның жетекші қайраткерлерінің нақтылы қоғамдық-саяси қызметтеріне тоқталу, сол кезеңдегі түрлі бағыттағы саяси күштердің тоғысуы (антибольшевиктік) және олардың аймақтық ұлттық құрылымдарға деген көзқарасының эволюциясын көрсету, большевиктердің ұлт саясатындағы "күштеу" элементтерінің түп тамырын ашу арқылы Алашорданың саяси ұстанымдарындағы саяси метаморфозаларға тиісті талдау жасау тақырыбымызды зерттеудегі басты мақсат болып табылады.

Тақырыбымызға байланысты зерттеулердің ішінде ХХ ғасырдың бас кезінде жарық көрген еңбектердің ерекшелігі, ол мәселенің негізгі мән-мағынасын ашып көрсетуде жан-жақтылық пен деректілік сипат танытуында деп білеміз. Алашордаға қатысты тарихи шындық тұрғысындағы тұжырымды ойлар А. Байтұрсыновтың атақты "Революция және қазақтар" деген мақаласында айтылды/3/. А. Байтұрсынов аталған еңбегінде Алашорданың нағыз халықтық сипатын көрсете отырып, болашақта құрылар Кеңестік Қазақ мемлекетінде де ұлттың өзін-өзі басқаруы мәселесін және Орталықтағы биліктің өз кезегінде аймақтағы билікпен санасуы қажеттілігін көрсеткен.

Бұдан кейін С. Сейфуллин "Қазақ интеллигенциясы" деген мақаласында Алаш қозғалысының 1905 жылдан бергі тарихына шолу жасайды. Алаш қайраткерлерін контрреволюцияшыл, реакцияшыл деп айыптай келе, олардың қазақ қоғамын жандандыруға ізденістерін де жоққа шығармаған/4/. С. Сейфуллиннің Алаш немесе Алашорда қозғалысы туралы көзқарасы 1927 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып шыққан "Тар жол, тайғақ кешу" деп аталған тарихи еңбегінде нағыз большевиктік рухта сипат алғаны мәлім. С. Сейфуллиннің Алашорданы реакцияшыл ұлтшылдық көзқарастағы саяси ұйым ретіндегі айыпталуын іле-шала Ә. Әйтиев те қостаған/5/. Ал, 1922 жылы "Степная правда" газетінің 26, 27 шілдедегі 160-161 сандарында "Н. Ш. " деп бүркеншік атпен жарияланған "К истории революционного движения в Восточной Киргизии" деген мақала Алашордаға байланысты саяси пікірталасқа жол ашып берді. Бұл пікірталасқа қатысқан Ә. Байділдин мен А. Кенжин Алаш қозғалысын кері сипатта көрсетудін әділетсіз екенін көрсетеді/6/. Өйткені, олардың өздері Алаш қозғалысы аясынан өсіп шыққандар болатын. Осы пікірталасқа қатысқан М. Атаниязов Алашорда қозғалысының "" кеңінен ашып көрсетуге тырысқан/7/. А. Кенжин өз мақаласында Алашорда қозғалысын сол кездегі қазақ қоғамында туындаған қоғамдық-саяси жағдайлардан өрбіген қозғалыс ретінде, оның қызметін нақты тарихи жағдайлармен байланыстыра қарауды ұстанды. А. Кенжиннің Алашордаға қатысты нағыз азаматтық позицияда тұруын ерекше атап өткен жөн. Өйткені, оның мақаласы жарияланардан бұрын, яғни 1922 жылғы 15 қазанда РК(б) П Қазақ облыстық комитеті Президиумның мәжілісінде (хаттама №37) А. Кенжиннің, Б. Қаратаевтың және Мұрзағалиевтың Алашордамен байланыстары жөніндегі мәселе қаралады. Президиум мүшесі Рябоконь Кенжин мен Қаратаевты Торғай қаласында Алашорда жағында болып, оның торғайлық отрядын құруға қатысқандар деп айыптайды. Оған жауап сөзінде Кенжин Алаш отрядында (Торғайдағы) тек шаруашылық істеріне басшылық жасағанын, ал соғыс қимылдарына қатыспағанын атап өтеді. Аталмыш мәжілісте Кенжин, Қаратаев және Мұрзағалиевтерге байланысты біржақты шешімге келе алмаған /8/.

(Осы бет)

Алашорда қозғалысы тарихы ресми тұрғыдан, таптық және партиялық тұрғыдан "зерттеу" науқаны Ф. Голощекиннің Қазақстанның партия ұйымын басқаруға келген 1925 жылдан кейін үдей түседі. Осы кезден бастап Алашорданы қаралайтын еңбектер пайда бола бастайды. Бұл істің басы-қасында Өлкелік партия комитеті болғанын архив құжаттары растайды.

БК(б) П Қазақ өлкелік комитеті секретариатының 1926 жылғы 10 қарашадағы мәжілісінің №55 хаттамасында былай делінген: " . . . 10 п. Оқу орындарында Алашорда қозғалысын тарихи арналарда оқыту үшін арнайы брошюра-көмекші құралдарды шығару жөнінде. Брошюраны құрастыруды Мартыненко және Сейфуллин жолдастарға тапсырылсын"/9/. Секретариат мәжілісінен кейін, іле-шала сол жылғы 25-30 қарашада өткен БК(б) П Қазақ өлкелік комитетінің екінші пленумы Қазақстан партия ұйымдарын Алашорда идеологиясына қарсы идеялық күресті күшейтуге шақырады. Партиялық тапсырыспен сол кездегі республикалық мемлекеттік баспаның директоры А. К. Бочагов 1927 жылы Алашорда туралы "Краткий исторический очерк о национально-буржуазном движении в Казахстане периода 1917-1919 гг. " деген атпен кітапша шығарады. Бұл еңбек идеологиялық сұраныс тұрғысынан жазылғандықтан, Алашорданы қаралаудан аса алмаған, Алашорда қызметіне тарихи негізде объективті талдау жасалынбаған. Соған қарамастан, А. К. Бочаговтың еңбегі құжат материалдарымен қоса берілгендігімен құндылығын әрі күнге дейін жоғалтқан жоқ деуге болады.

Алайда А. К. Бочаговтың Алашорда тарихына байланысты осы еңбегіне партия тарапынан тыйым салынады. Осы мәселе БК(б) П Қазақ өлкелік комитеті Секретариаты мәжілісінде (21 наурыз 1927 жыл) арнайы қаралады. Енді құжатқа жүгінейік: "Хаттама №79/А. БК(б) П Қазақ өлкелік комитеті Секретариатының мәжілісі 1927 жылғы 21 наурыздағы. Қатысқандар: жж Голощекин, Рябоконь, Литвин . . .

1. Бочагов жолдастың брошюрасы жөнінде. 1. Бочагов жолдастың "Алашорда" деген брошюрасын шығару тоқтатылсын…" /10/. Бұдан байқайтынымыз, Ф. Голощекин басқарып отырған Қазақстан партия ұйымы А. К. Бочаговтың еңбегіне қанағаттанбаған. Осылайша, партиялық тапсырыспен Алашорданы идеологиялық тұрғыда жамандап көрсету ісі жалғаса береді. Бұл мақсатта арнайы кітап шығаратын комиссия құрылады. Бұл комиссиядан өз өтініші бойынша Юсуфбеков босатылып, орнына Н. Мартыненко ұйғарылады. Құжатта былай делінген: "Хаттама №93. 1927 жылғы 23 маусымдағы. 29 п. "Азамат соғысы және Алашорда" атты жинаққа кіріспе құрастыру міндеті жүктелген Юсуфбеков жолдасты осы аталған міндеттен босату жөніндегі өтініші. 29 п. Юсуфбеков жолдас босатылсын. Оның орнына комиссия құрамына Мартыненко жолдас енгізілсін. "/11/. Большевиктік партия үшін сәтсіз деп табылған А. К. Бочаговтың еңбегінен кейін құрылған Комиссия жұмысы Қазақ өлкелік комитетінің Секретариатында қайта қаралған: "Хаттама №28. БК(б) П Қазақ өлкелік комитеті Секретариаты мәжілісі 1928 жылғы 13 мамырдағы. 5 п. "Алашорданың" құжаттарын шығару жөнінде (Оразбаев жолдас) . 5 п. "Алашорданың" негізін көрсететін "Алашорда" құжаттары жинағын тиісті алғысөзбен және ескертпелермен шығару қажет деп есептелінсін. Аталған жинақты шығаруға байланысты барлық жұмыстар мына құрамдағы комиссияға жүктелсін: 1. Мартыненко. 2. Тоқтабаев. 3. Сейфуллин. 4. Оразбаев және 5. Байдильдин"/12/. Нәтижесінде, 1929 жылы Қызылордада Н. Мартыненконың құрастыруымен "Алашорда: сборник документов" деген құжаттар жинағы шығарылады. Бұл жинақтың түсініктемелерінде Алашордаға қарсы пікірлердің орын алғанына қарамастан, Алашорданың тарихының әр қилы кезеңіндегі тарихына талдау жасауға мүмкіндік беретін құжаттар жинағы ретінде қазіргі зерттеушілер тарапынан кеңінен қолданыс табуда.

1933 жылғы 8-28 желтоқсан аралығында БК(б) П Қазақ Өлкелік Комитеті жанындағы ҚМЛҒЗИ тарих секторында Алашорда қозғалысына арналған пікірталас ұйымдастырылады/13/. Аталған институт қызметкерлері С. Брайнин мен Ш. Шафиро "Алашорданың тарихи рөлі" деген тақырыпта баяндама жасайды. Осы баяндамаларындағы негізгі тұжырымдар, пікірсайыс барысында айтылған пікірлермен нақтыландырып, екі автор 1935 жылы "Очерки по истории Алаш-Орды" деген атпен кітап шығарады. С. Брайнин мен Ш. Шафироның бірлескен еңбектеріндегі негізгі тұжырым да сол кездегі идеологиялық сұранысқа сәйкес келгеніне қарамастан, кітап тағдыры басқаша шешіледі. Жоғарыда аталған, Н. Мартыненко құрастырған "Алашорда: сборник документов" және С. Брайнин мен Ш. Шафироның "Очерки по истории Алаш-Орды" деген кітаптары Қазақ Өлкелік партия ұйымының ұйғаруымен пайдаланудан алынып тасталынады. Бұл еңбектерге тағылған айып: оларда Алашорда қозғалысының тарихын жан-жақты талқылауға негіз болатын құжаттардың беріліп кетуі және оны авторлар Алаш идеологиясын насихаттау сипатында қосты делінеді/14/.

Белгілі қазақ қайраткерлері Т. Рысқұлов пен С. Асфендияровтар өз кезегінде замана ықылымынан шыға алмағанымен, еңбектерінде Алаш зиялыларының қалыптасу тарихының алғы шарттарына тоқталады, әрі ұлт зиялыларының қазақ қоғамын саясаттандырудағы іс-әрекеттері Қазақстандағы Қазан төнкерісінің жеңістерімен салыстырмалы көрсетіледі/15/.

30-жылдары Қазақстанда үстемдік алған жаппай қуғын-сүргін саясатының шеңгеліне Алаш қозғалысы қайраткерлері алдымен ілінеді. Ал ресми өкімет органдарының Алаш мәселесін жабық деп табуы салдарынан, тікелей Алаш немесе Алашорда қозғалысына арналған зерттеулер жүргізуге 80-жылдардың соңына дейін мүмкіндік берілмеді. 1950-1960 жылдары жарық көрген Т. Елеуовтың, Ж. Қарагусовтың және К. Бейсембиевтің зерттеу еңбектерінде, Қазан төнкерісі және Азамат соғысына арналған мақалалар мен құжаттар жинақтарында Алаш қозғалысы сол ескі сарындағы (20-30 жылдардағы) көзқарастар тұрғысынан бағаланады/16/.

Ал, 1970-1980 жылдардағы зерттеушілердің бұл кезеңдегі "социалистік реализм" тұрғысынан маркстік-лениндік әдістемесімен жазылған монографияларында негізінен Қазан төнкерісін дәріптеу, Қазақстандағы Кеңестік өкімет құрылысының жүргізілуі, азамат соғысы кезіндегі большевиктер партиясының ұлттық аймақтардағы жетекшілік рөлі және т. б. ерекше сипатталған.

Бұл кезең зерттеушілері тарапынан позитивті көзқарастар да байқалады. Ол қазақ зиялыларының ағартушылық қызметінің кеңестік тарихнамада танылуы еді. Оның үстіне зерттеушілер Алашорда қозғалысының сипатын ашып көрсетуде тарихи құжаттар негізінде және сол кездегі "Қазақ", "Айқап", "Сарыарқа", "Абай" және т. б. газет және журналдарды ғылыми айналымға енгізуін атап көрсетеміз.

1970-1980 жылдары жарық көрген еңбектердің ішінде тарихи маңызды еңбектер де туындалды. Атап айтсақ, С. Зимановтың, К. Нұрпейісовтің, П. Пахмурный мен В. Григорьевтың, М. Асылбеков пен Д. Дулатованың зерттеулері тарихнамамызда орын алды/17/.

Кеңестер Одағындағы демократия мен жариялылықтың кеңінен өрістеген тұсында, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтынын ұйымдастыруымен "Алашорда: пайда болуы, қызметі және күйреуінің тарихы" атты тақырыпта пікір алысу болып өтті. Оның ықшамдалған түрі "Социалистік Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінің 1989 жылғы 19 шілдедегі санында жариялануы республика зерттеушілеріне тың серпіліс әкелген еді. Жоғарыда көрсетілген пікір алысуға қатысқан зерттеушілердің пікірі Алаш және Алашорда тарихын жан-жақты, әрі толыққанды түрде зерттеу керектігіне және бұрын бұрмаланып келген шындықты ашу қажеттігіне қарай ойысқанын байқаймыз. Осы кездері А. Сармурзиннің, М. Қозыбаевтың, зерттеу еңбектері жарық көрді /18/. Қазақстанда алаштану мәселесін алғашқылар болып зерттеуді К. Нұрпейісов, М. Қойгелдиев, Д. Аманжолова және Т. Омарбековтер бастады.

"Қазақстан Коммунисі" журналының 1990 жылғы 5-санында редакция алқасының ұйымдастыруымен "Алаштың ақиқатын кім айтады?" деген тақырыпта топтама берілді. Осы тақырып бойынша зерттеушілер В. К. Григорьевтің, К. Нұрпейісовтің және Т. Кәкішевтің мақалалары жарық көрді. Зерттеушілер К. Нұрпейісов пен Т. Кәкішев Алаштың саяси ұйым ретіндегі қызметіне алғаш рет оң баға берді. Сол жылы зерттеуші М. Қойгелдиевтің "Арай" журналының 1990 жылғы 8-9 сандарында "Алашты бұғаудан қашан босатамыз?" деген объективті мақаласы жарияланды.

Ғалым К. Нұрпейісов Алаш қозғалысы, Алаш партиясы және Алашорда үкіметі тарихына арналған қомақты еңбегін 1995 жылы жариялады /19/. Дәл осы жылы зерттеуші М. Қойгелдиевтің Алаш қозғалысы мен қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси өмірдегі қызметтері жөніндегі еңбегі жарық көрді /20/.

Зерттеуші К. Нұрпейісовтің еңбегі 30 жылдан астам уақыт бойғы ғылыми ізденістері барысында дүниеге келді. Зерттеудің маңыздылығы, оның Ресей кеңістігінде қазақ халқы мен оның саяси ұйымы тарихының сол кезендерде туындалған қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік қатынастар астарымен тереңнен сипатталуы болды. Зерттеуші М. Қойгелдиев еңбегінің маңыздылығы, оның зерттеу арнасында қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси өмірінің жарқын беттерін нақты ғылыми дәлелдермен көрсетілуі болды. Алаштану мәселесін зерттеуге тарихшы Д. Аманжолованың да қосқан үлесі зор/21/. Д. Аманжолова еңбектерінің құндылығы - деректерінің молдығында. Ғалымның ғылыми айналымға Ресей архивтеріндегі Алаш қозғалысына қатысты құжаттарды қосуын атаймыз.

Қазақстанның 1991 жылы тәуелсіздікке ие болуы, егемен ел тарихына деген қызығушылықты арттыра түскені сөзсіз. Академик М. Қозыбаев алаштану салаларын зерттеуді Алаш ұғымының тарихи негіздерінен бастауды көрсетті /22/. Ал ғалым Т. Омарбеков алашшыл зиялылардың кеңестік кезеңдегі атқарған қоғамдық-саяси қызметіне және тағдырына байланысты құнды зертттеулер легін бастады /23/.

Қазіргі кезде Алаш қозғалысы қайраткерлеріне арналған зерттеулер жазылып жатыр. Бұл зерттеулер жекеленген қайраткерлердің қоғамдық-саяси қызметіне және олардың шығармашылықтарына арналған /24/.

Сондай-ақ, Қазақстанның Ақпан - Қазан төнкерістері және азамат соғысы жылдарындағы Алаш партиясы мен Алашорданың жекеленген мәселелері бойынша зерттеулері жазылды/25/. Бұл зерттеулердің тақырыптары сан-алуан мәселелерді қамтиды, атап айтсақ, Алаш қозғалысының тарихнамасы, Ақпан төңкерісінен кейінгі қазақ қоғамындағы демократиялық өзгерістер, Қазақ комитеттері қызметі, қазақ съездері туралы және т. б.

Сонымен бірге, Ресейдегі XX-ғасырдың бас кезінде (қос төңкеріс тұсында) қалыптасқан саяси жағдайларға байланысты эмиграцияға кетуге мәжбүр болған отандық қоғам қайраткерлерінің еңбектері де мазмұнды мағлұматтар беретіні сөзсіз. Әсіресе, саяси идеологиялық талас-тартыс мәселесі, яғни Кеңес өкіметі пен оған қарсы күштер арасындағы келіспеушіліктің сырына жетуде және барша Ресейлік саяси күштердің бағыт-бағдарын білуде З. У. Тоған, М. Шоқаев сияқты түркі халқының біртуар ұлдары қалдырған тарихи мұралары аса құнды болып табылады /26/. Қазіргі кезде жергілікті Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси қызметін, олардың саяси көзқарастарын көрсету және Алашорданың жер-жердегі ұйымдарындағы қызметін жан-жақты зерттеу ісі әлі де толық қамтылмағаны, әсіресе Алашорданың шығыс бөлімінің тікелей атқарған істері туралы аз жазылуы зерттеуімізге негіз болды.

Шығыс Алашорда қайраткерлерінің нақтылы қоғамдық-саяси қызметтеріне тоқталу, қос төңкеріс пен азамат соғысы жылдарындағы саяси күштердің тоғысуы және аймақтың ерекшеліктері негізінде Алашорданың шығыс бөлімінің тарихи қызметіне талдау жасау - зерттеудің басты мақсаты болып табылады.

Алашорда үкіметінің шығыс бөлімінің (орталығы Семей қаласы) қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани саласындағы іс-әрекет аясын кең көлемде зерттеу міндеттері төмендегідей:

1) Алашорданың шығыс бөлімінің құрылу тарихы және оның өлкедегі ықпалын анықтау;

2) Жетекші саясаткерлердің тікелей қызметтеріне талдау жасау;

3) Алашорданың шығыс бөлімінің Кеңес өкіметімен арақатынасы және нәтижесін көрсету;

4) Азамат соғысы кезінде Шығыс Алашорданың антисоветтік күштермен бірлесіп Кеңес өкіметіне қарсы күресін жаңа тұрғыда көрсету;

5) Шығыс Алашорданың мемлекеттік құрылымы, оның ішінде әскери, шаруашылық және мәдени салалардағы қызметтеріне талдау жасау;

6) Шығыс Алашорда қайраткерлерінің өмірі мен қызметтерінен жан-жақты, толық мағлұмат беру.

Қазақстан Республикасында бүгінде қалыптасу процесін өткеріп отырған демократиялық жаңғырулар барысында ел тарихының "ақтаңдақтарына" айналып келген көптеген күрделі де тартысты тарихи мәселелерге жаңа сыңдарлы зерттеулер жүргізу, оны ұлттық мақсат пен мүддені және жалпы адамзаттық идеясына үйлестіре отырып іске асыру аталған тақырыпты зерттеудің ерекшелігі болып табылады. Зерттеудің ғылыми жаңалығына тың архивтік деректердің ғылыми айналымға енгізілуін жатқызамыз.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі 1917 жылғы ақпан айы мен 1920 жылдың басына дейінгі мерзімді қамтиды.

Тақырыпты зерттеуде біз соңғы жылдары Отандық тарих ғылымында болып жатқан түбегейлі методологиялық және теориялық өзгерістерді негізге алдық. Алаш проблемасына қатысты нақты деректерге сүйене отырып тарихи білімді жинақтау тұрғысында зерттеудің методологиялық негізі тарихи және шыншылдық принциптері болмақ. Сонымен қатар, кейінгі кезде қалыптасып келе жатқан тың бағыттағы ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдарды, жаңа тарихи көзқарас тұрғысында жазылған еңбектерді басшылыққа алдық.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ зиялылары және Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы Кеңестерінің Орталық Атқару Комитеті жанындағы Қазақ бөлімінің қызметі (1920-1922 жылдар)
Күнбатыс Алашорда қайраткерлері
ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстандық элитасының қалыптасуы және қоғамдық-саяси қызметі
ХХ ғасырдың бас кезіндегі Жетісудағы саяси жағдай және 1916 жылғы ұлт- азаттық көтеріліс
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихы
Кеңестік ұлттық-мемлекеттік құрылыс үлгісін қолдану
ХХ ғасырдағы Қазақстанның Конституциясылық дамуы
1917 жылғы Қазан төңкерісі және Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы
Жаһанша Досмұхамедов
Жер мәселесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz