Барлық ұлттық банктер


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 85 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФАКУЛЬТЕТ

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

ТАҚЫРЫБЫ: «ДЕПОЗИТТЕРДІ САҚТАНДЫРУ МЕН ОЛАРДЫҢ ПӘРМЕНДІЛІГІ»

Жұмыс факультет Кеңесінің шешімімен

Мемлекеттік Аттестациялық Комиссия

алдында қорғауға жіберілді

Хаттама №___

Факультет деканы

АЛМАТЫ 2007 ж.

Жоспар

Кiрiспе . . . 3

Тарау 1 Депозиттердi сақтандыру және оның банктiк жүйенiң қаржылық

тұрақтылығын қамтамасыз етудегi рөлi

1. 1 Халықтың ақшалай қаражаттарын жинақтау құралы ретiндегi депозиттердiң

мәнi, қызметтерi және түрлерi . . . 6

1. 2 Салымдарды сақтандыру жүйесiнiң негiзгi элементтерi және банктiк жүйе үшiн

сақтандыру институттары . . . 18

1. 3 Депозиттердi сақтандыру жүйесi дамуының шетелдiк тәжiрибелерi . . . 26

Тарау 2 Қазақстан Республикасындағы депозиттердi сақтандыру жүйесiнiң

қалыптасуы және дамуы

2. 1 Банктiк депозиттердi сақтандыру жүйесiн қалыптастырудың объективтi

алғышарттары, қажеттiлiгi, оның даму кезеңдерi мен ағымдағы жағдайы . . . 37

2. 2 «Темірбанк» АҚ-ң жалпы сипаттамасы және оның депозиттік

саясаты . . . 52

2. 3 Қазақстанның екінші деңгейдегі банктердің салымдарды мiндеттi ұжымдық

кепiлдендiру жүйесiне қатысуы . . . 57

Тарау 3 Қазақстан Республикасындағы депозиттердi сақтандыру жүйесiнiң

өзекті мәселелері мен даму перспективасы

3. 1 Қазақстан Республикасында қазiргi кезде депозиттердi сақтандыру жүйесiн одан

әрi жетiлдiру қажеттiлiгi . . . 75

3. 2 Банктiк депозиттердi сақтандыруды жетiлдiру жолдары . . . 80

Қорытынды . . . 90

Қолданылған әдебиеттер тiзiмi . . . 93

КIРIСПЕ

Халықтың жинақ ақшалары кез келген мемлекеттiң iшкi инвестицияларының негiзгi көзi болып табылады. Мемлекет бұл ақша қаражаттарын негiзгi екi жолмен: бағалы қағаздар нарығы арқылы және қаржылық мекемелер арқылы жұмылдыруға тырысады. Қазiргi уақытта Қазақстанда халықтың жинақ ақшаларын тарту мәселесiнде басты орынды банктер иеленiп отыр. Осындай жағдайда мемлекеттiң жалпы қаржы жүйесiнiң негiзi болып табылатын банктiк жүйенi нығайту күн тәртiбiнде басты орынды алып отырған мәселелердiң бiрi болып табылады.

Диплом жұмысының өзектiлiгi. Қазақстан Республикасының банктiк саласы - жоғары қарқынмен дамып келе жатқан экономикадағы салалардың бiрi болып табылады. Банктiк жүйе көпфункционалды - ол ақша-несие саясатын жүргiзедi, тәуекелдердi бағалайды, есеп айырысуларды жүзеге асырады, клиенттерге көптеген дәстүрлi және дәстүрлi емес қызметтердi ұсынады. Сонымен қатар, банктер қызметiнiң ерекшелiгi оларды тәуекелге бағыттайды және де бiр банктiң ауыр жағдайға ұшырауы мемлекеттiң жалпы қаржы жүйесiнiң тұрақтылығына ықпал етуi мүмкiн. Тәуекелдердiң алдын алу мақсатында көптеген елдерде банктердiң қауiпсiздiгiнiң өзiндiк жүйесi қалыптасқан, атап айтқанда банктiк жүйеге қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенiнiң басты бағыттарының бiрi болып табылатын, салымшылардың мүдделерiн қорғаудың құрылымдары ендiрiлген. Бұл құрылымдар банктердегi халықтың салымдарын кепiлдендiру жүйелерi болып табылады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң, банктiк жүйенi реттеудегi өкiлеттi орган ретiндегi маңызды мiндеттерiнiң бiрi - банк депозиторларының мүделерiн қорғау мен халықтың банк жүйесiне деген сенiмiн арттыру болып табылады. Мiне, осы мәселенi шешу үшiн көптеген шаралар жүзеге асырылды, оның iшiнде 1999 ж. депозиттердi сақтандыру жүйесi iске қосылып, осы сақтандыру жүйесi шеңберiнде Ұлттық Банктiң бастамасымен “Қазақстанның жеке тұлғалардың салымдарын (депозиттерiн) кепiлдендiру (сақтандыру) қоры” құрылды.

Депозиттердi сақтандыру жүйесi айтарлықтай “жас” деуге болады. Қазақстан Республикасында депозиттердi сақтандыру жүйесiнiң қалыптасуы өмiр қажеттiлiгiнен туындады және ол банк жүйесiн, жалпы экономиканы жетiлдiрудiң негiзгi бағыттарының бiрi болып табылады. Мiне, осы жағдай маған осы тақырыпты таңдауға септiгiн тигiздi.

Диплом жұмысының негiзгi мақсаты - екiншi деңгейдегi банктердегi жеке тұлғалардың депозиттерiн сақтандыру жүйесiнiң қызмет етуiн талдап, оның басты артықшылықтары мен кемшiлiктерiн анықтау.

Осы мақсатқа жету үшiн алдыма мынадай міндеттер қойылды:

  • депозит ұғымын талдап, оның маңызын ашып көрсету, депозиттердiң түрлерiмен жете танысу;
  • депозиттердi сақтандыру жүйесiнiң негiзгi элементтерiн анықтау және оның қажеттiлiгiн ашып көрсету;
  • Қазақстан Республикасында депозиттердi сақтандыру жүйесiнiң қалыптасуын және даму кезеңдерiн талдау;
  • Отандық депозиттердi сақтандыру жүйесiн дамыған мемлекеттердегi депозиттердi сақтандыру жүйелерiнiң тәжiрибесiмен салыстыра отырып, негiзгi артықшылықтары мен кемшiлiктерiн және болашақтағы даму бағыттарын анықтау.

Диплом жұмысында зерттеу объектiсi ретiнде Қазақстан Республикасында депозиттердi сақтандырумен байланысты қалыптасатын коммерциялық банктер мен сақтандыру қорының арасындағы экономикалық қатынастарды ұйымдастыру.

Коммерциялық банктердiң мiндеттемелер портфелiндегi жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың депозиттерi және сол депозиттердi сақтандыру тәртiбi диплом жұмысының зерттеу мәселесi болып табылады.

Диплом жұмысын жазуда теориялық - методологиялық негiз ретiнде шетел, Ресей мен Қазақстанның алдыңғы қатарлы ғалым-экономистерiнiң депозиттер туралы және депозиттердi сақтандыру жүйесiнiң проблемалары туралы ғылыми еңбектерi мен монографиялары, “Жеке тұлғалардың салымдарына мiндеттi ұжымдық кепiлдiк беру қорының” мәлiметтерi және Ұлттық Банктiң нормативтiк құжаттары қолданылды.

Диплом жұмысының құрылымы үш тараудан құралған. Кiрiспеде диплом жұмысының өзектiлiгiн дәлелдей келе, мен, бiрiншi тарауда жалпы депозиттердiң мәнi мен маңызын зерттеп, олардың атқаратын қызметтерiн және негiзгi түрлерiн талдай отырып, депозиттердi сақтандыру және оның банктiк жүйенiң қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудегi рөлiн ашып көрсетуге тырыстым. Сондай-ақ депозиттердi сақтандыру жүйесiнiң дамуының шетелдiк тәжiрибелерiн зерттеп, алынған мәлiметтер негiзiнде салыстырмалы кесте құрастырылды.

Екiншi тарауда Қазақстан Республикасындағы депозиттердi сақтандыру жүйесiнiң қалыптасуы және дамуы қарастырылды. Отандық банктiк депозиттердi сақтандыру жүйесiнiң қалыптасуының объективтi алғышарттары мен қажеттiлiгi, оның даму кезеңдерi және қазiргi жағдайы, сондай-ақ салымдарды мiндеттi ұжымдық кепiлдендiру жүйесiне қатысушы екiншi деңгейдегi банктердiң құқықтары мен мiндеттерi, банкротқа ұшыраған жағдайда депозиторларға өтемдердi төлеу тәртiбi мен шарттары анықталды.

Қазақстан Республикасындағы депозиттердi сақтандыру жүйесiнiң кемшiлiктерi, оны жетiлдiру қажеттiлiгi және даму перспективасы үшiншi тарауда қарастырылып, бiрқатар ұсыныстар жасалған.

ТАРАУ 1 ДЕПОЗИТТЕРДI САҚТАНДЫРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ БАНКТIК ЖҮЙЕНIҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ

ЕТУДЕГI РӨЛI

  1. Халықтың ақшалай қаражаттарын жинақтау құралы ретiндегi

депозиттердiң мәнi, қызметтерi және түрлерi

Коммерциялық банктер қаржы сегментiнiң ерекше дербес саласын құрайтын субъектiлер қатарына жататындықтан, олардың ресурстарының құралу көздерi әртүрлi болып келедi. Әдетте банктiк ресурстарды құралу көздерiне байланысты екi үлкен топқа бөлу қалыптасқан:

  • сырттан тартылған қаражаттар есебiнен қалыптасқан банктiк ресурстар;
  • меншiктi қаражаттар есебiнен қалыптасқан банктiк ресурстар.

Банктердiң коммерциялық кәсiпорын ретiндегi ерекшелiгi - оның ресурстарының басым бөлiгi өз қаражаттары есебiнен емес, сырттан тартылған қаражаттар есебiнен құралады. Коммерциялық банктердiң сырттан тартылған қаражаттар есебiнен құралатын ресурстары үшiн жауапкершiлiгi өте жоғары. Бiрiншiден, коммерциялық банктер клиенттер алдында сырттан тартылған қаражаттардың өтiмдiлiгiн үнемi сақтап отыруы керек. Екiншiден, коммерциялық банктер сырттан тартылған қаражаттар үшiн сыйақы төлеп отыруы керек.

Банктердiң сырттан қаражаттарды тарту мүмкiндiгi шексiз емес және кез келген мемлекетте орталық банк тарапынан реттелiнiп отырады.

Банктер тартатын қаражаттар құрамы жағынан әркелкi болып келедi. Ең негiзгi түрлерi - клиенттермен жұмыс iстеу процесiнде тартылатын қаражаттар (депозиттер), қаржы инструменттерiн шығару жолымен жинақталған қаражаттар (депозиттiк және жинақ сертификаттары, вексельдер, облигациялар) және басқа несиелiк мекемелерден қарызға алынған банкаралық несиелер мен Қазақстан Республикасы Орталық Банкiнiң ссудалары түрiндегi қаражаттар.

Депозит терминi латын тiлiнен аударғанда “depositium” - сақтауға берiлген зат дегендi бiлдiредi. Депозит - бұл бiр тұлғаның екiншi бiр тұлға - банкке қайтарылу шартымен уақытша пайдалануға беретiн ақшаның сомасы. Бұған шарттағы мерзiмi өткен соң қайтарылуға тиiс пайыздық сома мен депозиттiң негiзгi сомасы жатады.

Әрине, алтын стандарт тұсында депозиттiң мәнi және мазмұны бiржақты болатын. Себебi, монета сарайының иелерi сақтау мақсатында қабылдаған алтын монеталарды өз еркiмен пайдаланып, қарыз капиталына айналдыруға мүмкiндiгi болған жоқ. Ал, несиелiк ақшалардың пайда болып, кейбiр коммерциялық банктердiң және Орталық банктердiң эмиссиялық қызметi мемлекет тарапынан қолдау тапқан соң депозиттер ақша массасына өздiгiнен көбеюiнiң негiзiне айналды. Алтын стандарт тұсында депозит ұғымының тек қана салым мағынасы болса, ал қазiргi ақша жүйесi шеңберiнде депозит ұғымының мағынасы күрделi және экономиканы инвестициялауда маңызы зор.

Сонымен, депозит дегенiмiз коммерциялық банктердiң ресурстық базасын құрайтын және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететiн клиенттермен арада белгiлi бiр шарт негiзiнде сырттан тартылған қаражаттардың жиынтығы. Депозиттер банктердiң мiндеттемелер портфелiнiң негiзгi бөлiгiн құрайды.

Қазiргi кезде сырттан тартылған қаражаттардың депозитке жататын түрiн тек қана коммерциялық банктер емес, басқа да қаржы институттары пайдаланып, тарта алады. Ол үшiн Ұлттық Банктiң лицензиясы керек. Мiне, осының нәтижесiнде депозиттердi тартуға лицензиясы бар коммерциялық банктердi де, банк типтес емес несиелiк және қаржы институттарын да депозиттiк институттар деп атау қалыптасқан.

Депозит тек қана салымшы емес банк үшiн де тиiмдi. Көптеген депозиттер банктiң ссудалық капиталын қалыптастырады. Капиталды қарызға алушылардан келетiн пайыздар мен депозиттер бойынша пайыздар арасындағы айырма банк үшiн көрсетiлген қызметтер бойынша пайыздық табыс болып табылады. Банктер осы пайыздық табыстың көлемiн ұлғайту үшiн өздерiнiң ресурстық базасын кеңейте түседi.

Депозиттер депозиттiк операциялардың объектiлерi болып табылады. Депозиттiк операциялар - бұл заңды және жеке тұлғалардың қаражаттарын белгiлi бiр мерзiмдегi немесе қажет уақытында талап етiлетiн салымдарға тартуға байланысты жүргiзiлетiн банктiң операциялары. Әдетте депозиттiк операцияларға пассивтердiң 70-80% үлесi тиедi.

Шетелдiк банктiк тәжiрибеде депозиттердi әртүрлi белгiлерi бойынша топтау қалыптасқан:

  • субъектiлерiне немесе салымшыларының категорияларына байланысты:
  • жеке тұлғалардың депозиттерi;
  • заңды тұлғалардың (кәсiпорындардың, ұйымдардың, басқа банктердiң) депозиттерi;
  • қаражаттарды алуына байланысты немесе мерзiмдiлiгiне байланысты:
  • мерзiмсiз депозиттер (нақты мерзiмi жоқ мiндеттемелер) ;
  • мерзiмдi депозиттер (белгiлi бiр мерзiмi бар мiндеттемелер) ;
  • жинақ салымдары;
  • мерзiмiне байланысты:
  • қысқа мерзiмдi;
  • орта мерзiмдi;
  • ұзақ мерзiмдi;
  • ашылатын шоттардың түрлерiне байланысты:
  • қажет уақытында талап етiлетiн шоттар;
  • мерзiмдi шоттар;
  • жинақ шоттары;
  • пайдалану режимiне байланысты:
  • қажет уақытында талап етiлетiн салымдар;
  • мерзiмдi және трансакциялық салымдар;
  • бекiтiлген пайыздық мөлшерлемелердің түрлерiне байланысты:
  • тұрақты пайыздық мөлшерлеме;
  • өзгермелi пайыздық мөлшерлеме;
  • қаражаттарды тартудың шарттарына байланысты:
  • стандартты шарттары бар салымдар;
  • жеңiлдiкпен немесе ерекше шарттары бар салымдар;
  • төлем инструменттерiне байланысты:
  • жинақ кiтапшасы арқылы қызмет көрсетiлетiн салымдар;
  • депозиттiк пластикалық карточкамен берiлетiн салымдар.

Мерзiмсiз депозиттерге қажет уақытында талап етiлетiн депозиттер жатады. Мұндай депозиттердiң мерзiмсiз деп аталатындығының себебi мынада: клиенттер мұндай депозиттiк шоттағы ақшаларын өз еркiмен кез келген уақытта трансакциялық мақсатта пайдалана алады және банк мұндай депозиттiк шоттағы ақшаларды өз қалауынша пайдаланып, клиенттердi өтiмдi активтерге мұқтаж етпеуi керек. Мiне, сондықтан клиенттер үшiн де, банктер үшiн де мұндай қаражаттарды пайдалануға уақыт бойынша ешқандай шек қойылмайды. Қажет уақытында талап етiлетiн депозиттердiң өтiмдiлiгi өте жоғары. Банктердiң депозиттiк портфелiнiң құрамында мерзiмсiз депозиттердiң үлес салмағы көп болған сайын, олардың депозиттiк базасы тұрақты болады. Мiне сондықтан, қажет уақытында талап етiлетiн депозиттердi ғылыми әдебиеттерде коммерциялық банктердiң депозиттiк базасы деп атау қалыптасқан. Себебi, мұндай депозиттер нарықтық конъюнктуралық өзгерiстердiң әсерiн өте сараң қабылдайды және макро-микроэкономикалық тепе-теңдiктiң ауытқуына тез сыңай таныта қоймайтын коммерциялық банктердiң орнықты депозиттiк базасы. Мұндай депозиттер мөлшерiнiң көптiгi коммерциялық банктiң клиентуралық нарықтағы репутациясын сипаттайды. Себебi, неғұрлым банк қызмет көрсететiн клиенттердiң саны көп болса, соғұрлым мұндай депозиттердiң мөлшерi де көп болады.

Қажет уақытында талап етiлетiн депозиттерге ағымдағы, есеп айырысу, бюджеттiк және т. б. шоттардағы қаражаттар жатады.

Әдетте банк қажет уақытында талап етiлетiн депозиттер бойынша ең төмен пайыздар төлейдi, ал кейбiр жағдайларда мүлдем төлемейдi. Кейбiр елдерде пайыздарды есептеуге заңды тәртiппен тыйым салынған.

Қажет уақытында талап етiлетiн депозиттер бiрiншi кезекте ағымдағы есеп айырысуларды, төлемдердi жүзеге асыру үшiн арналған. Депозиттiк шоттың иесi оларды әртүрлi формаларда - қолма-қол ақшалармен, чектермен, аударымдармен жүргiзе алады. Бұл қауiпсiз және тиiмдi болып табылады.

Банктiң өтiмдiлiгiн басқару тұрғысынан алғанда банктер үшiн ағымдағы және бюджеттiк шоттар, күрделi салымдарды қаржыландыру шоттары, арнайы мақсатты шоттар тиiмдi болып келедi, себебi, олар бойынша қаражаттар қозғалысының сипаты (сомасы, мерзiмi, төлемдердi жүзеге асырудың мерзiмдiлiгi және аударымдардың келiп түсуi) банкке алдын ала белгiлi болуы мүмкiн. Сондай-ақ, қажет уақытында талап етiлетiн депозиттерге банктердiң корреспондеттiк шоттары жатады. Банктiң басқа банк-корреспонденттерiнде ашқан корреспондеттiк шоты - “ностро” шоты, ал басқа банктiң берiлген банкте ашылған корреспондеттiк шоты “лоро” шоты деп аталады. “Ностро” және “лоро” шоттары банктер арасындағы келiсiм-шарт негiзiнде ашылады. Келiсiм-шартта шоттардың қызмет ету шарттары мен олар бойынша жүргiзiлетiн операциялардың тiзiмi анықталады.

Сондай-ақ, қажет уақытында талап етiлетiн депозиттерге контокорренттiк шоттар жатады. КОНТОКОРРЕНТ (итал. conto corrente - ағымдағы шот) - бұл банктiң клиентпен жүргiзетiн барлық операциялары көрiнiс табатын бiрыңғай шот. Бұл есеп айырысу және ссудалық шоттардың бiрiгуiн сипаттайтын активтi-пассивтi шот. Контокоррентте: бiр жағында - банктiң ссудалары мен клиенттiң тапсырысы бойынша барлық төлемдер, екiншi жағында - түсiмдер, аударымдар, ссудаларды қайтару және т. б. түрiнде шотқа келiп түскен қаражаттар көрiнiс табады. Несиелік қалдық клиенттiң меншiктi қаражаттарын бiлдiрсе, ал дебеттiк - айналымға қарыз қаражаттарының түскенiн және шот иесi банкке несие бойынша қарыздар екендiгiн сипаттайды. Несиелік сальдо бойынша банк клиентке пайыздар есептейдi, ал дебеттiк қалдық бойынша өз пайдасына пайыздар алады. Айта кететiн жәйт, банктiң пайдасына түсетiн пайыздар шот иесiнiң пайдасына түсетiн пайыздармен салыстырғанда жоғары мөлшерлемемен алынады. Контокорренттiк шоттар сенiмдi клиенттерге, бiрiншi сыныптағы қарыз алушыларға ашылады. Клиент кез келген уақытта шоттан өз салымын алып қана қоймай, ол белгiлi бiр уақытқа несие алуы мүмкiн.

Әлемдiк банктiк тәжiрибеде ОВЕРДРАФТ (ағыл. overdraft) ағымдағы шотының контокорренттiк шотпен белгiлi бiр ұқсастықтары бар. Бұл шот бойынша клиент пен банк арасында бекiтiлген шарт негiзiнде белгiлi бiр мөлшерде дебеттiк сальдо рұқсат етiледi. Алайда бұл екi шот арасындағы айырмашылықты бiлу қажет. Овердрафт бойынша мұндай қарыздар (контокоррентпен салыстырғанда) тұрақсыз сипатқа ие. Сәйкесiнше, бұл шотқа пассивтi (кредиттiк) қалдық тән. Овердрафт ағымдағы шотымен қатар қосымша депозиттiк және ссудалық шоттар ашылуы мүмкiн, ал контокорренттiк шотта банк пен клиент арасындағы барлық операциялар көрiнiс табады. Сонымен қатар, контокорренттiк шоттар заңды тұлғалар үшiн ашылады, ал овердрафт шоты сондай-ақ, жеке тұлғалардың қаражаттарының келiп түсуi мен шығыстауының арасындағы уақытша айырманы жабу үшiн ашылады.

АҚШ-та коммерциялық банктерге талап еткенге дейiнгi шоттар бойынша пайыздарды төлеуге заң бойынша тыйым салынған. Коммерциялық банктер өз салымшыларын сақтап қалу мақсатымен депозиттiк шоттың жаңа түрiн салымшыларға ұсынады, ол бiр жағынан жоғары өтiмдiлiк деңгейiн, шоттарды есеп айырысу үшiн пайдалану мүмкiндiгiн қамтамасыз етсе, ал екiншi жағынан салымшыларға белгiлi бiр табыс алуды қамтамасыз еттi. Бұл шот - НАУ-шот (NOW - negotiable order of withdrawal) деп аталады. Ол тек жеке тұлғаларға ғана ашылады. Бұл үшiншi тұлғаға төлемдер үшiн пайдалануы мүмкiн есеп айырысу траттасы немесе қаражаттарды алу туралы бұйрығы, сондай-ақ ол чектер сияқты есеп айырысу тратталарын беруге болатын депозиттiк шот, ол бойынша нарықтық пайыздық төлемдер түрiнде табыс алуға болады. 1981 жылдан бастап заң арқылы АҚШ-тың бүкiл аймағында шоттың бұл формасы рұқсат етiлдi.

Супер-нау шоттары - бґл шоттар бойынша пайыздық мөлшерлеменің жоғарғы шегi жоқ, яғни ол өзгермелi болуы мүмкiн. Супер-нау шоттары - бұл қолма-қол қаражаттарды басқару шоттары, олардың ашылуы қызметтер кешенiн ұсынуды қарастырады.

Депозиттiк шоттардың келесi түрi - ATҚ шоттары (счета автоматического перечисления) . Бұл ақша қаражаттарын жинақ шоттарынан автоматты түрде чектiк депозиттерге аударуға мүмкiндiк беретiн депозиттердiң түрi. Банктер қаражаттарды автоматты түрде салымшының рұқсатымен пайыздар алып келетiн шоттардан қажет уақытында талап етiлетiн депозиттерге несиенi жабу үшiн немесе чектiк шоттарда минималды балансты сақтау үшiн аударады. Мұндай тәжiрибе салымшыларға қажет уақытында талап етiлетiн салымда өте аз соманы сақтауға және автоматты түрде аудару шоттары бойынша пайыздар алуға мүмкiндiк бередi.

Қажет уақытында талап етiлетiн депозиттерге қарағанда мерзiмдi депозиттер банкке белгiлi бiр мерзiмге орналастырылады және салымшыларға пайда алып келедi. Мерзiмдi салымдар тек қана сақтау мерзiмiне сай алынуы мүмкiн, керi жағдайда клиент пайыздарынан айырылып банкке айып төлейдi. Мұндай салымдар банк үшiн өте тиiмдi, себебi салымшылардың депозиттерiн ресурс ретiнде пайдалана отырып, банк оларды еркiн қолдана алады.

Мерзiмдi салым бойынша клиентке төленетiн сыйақының мөлшерi депозиттiң мерзiмiне, сомасына байланысты. Салым мерзiмi ұзақ және сомасы үлкен болған сайын сыйақы мөлшерi де жоғары болады. Әдетте тәжiрибеде мерзiмдi салымдарды 1, 3, 6, 9, 12 ай және одан жоғары мерзiмге рәсiмдейдi. Ол салымшыларды өз қаражаттарын тиiмдi ұйымдастыру мен салымдарға салуға ынталандырады, сондай-ақ банктерге өздерiнiң өтiмдiлiгiн басқаруға жағдай жасайды. Әдетте мерзiмдi салымның сомасы бүтiн сома ретiнде бекiтiледi және келiсiм шарттың әрекет ету мерзiмi бойы өзгерiссiз қалады. Мерзiмдi салымдар ағымдағы төлемдердi жүзеге асыру үшiн пайдаланылмайды.

Мерзiмдi салымдар меншiктi мерзiмдi салымдар және керi алу туралы ескертуi бар мерзiмдi салымдар болып бөлiнедi. Меншiктi мерзiмдi салымдар шот иелерiне алдын ала белгiленген күнi қайтарылады, ал осы күнге дейiн банк оларды өз қалауы бойынша иемденедi. Егер шот иесi белгiленген күнi соманы керi алмаса, онда оны сол күннен кейiн ағымдағы шот секiлдi пайдаланады, сондай-ақ ол өз ақшаларын кез келген келесi күндерде керi ала алады.

Ескертуi бар мерзiмдi депозиттерде салымшының ақшаларды керi алу туралы арнайы арызын банкке алдын ала түсiруi талап етiледi. Әдетте ескерту мерзiмдерi - 1 айдан 3 айға дейiн, 3 айдан 6 айға дейiн, 6 айдан 12 айға дейiн және 1 жылдан жоғары. Ескерту мерзiмiне байланысты сәйкес проценттiк мөлшерлемелер белгiленедi.

Мерзiмдi салымдар клиент пен банк арасында шарт негiзiнде бекiтiледi. Банктер депозиттiк шарттың нысанын өздерi жасап, әр салымның түрiне қатысты жеке бекiтедi. Шарт 2 данада жасалады: бiреуi - салымшыда, ал екiншiсi - банктiң несиелiк немесе депозиттiк бөлiмiнде. Шартта салымның сомасы, оның қызмет ету мерзiмi, пайыздар, салымшының мiндеттерi мен құқықтары, банктiң мiндеттерi мен құқықтары, дауларды шешу тәртiбi анықталады. Көптеген банктер кiшi, орта және iрi клиенттерге жеке-жеке мерзiмдi салымның минималды мөлшерiн бекiтедi.

Мерзiмдi депозиттер туралы қорытындылай келе, олардың келесiдей жалпы ерекшелiктерiн атап көрсетуге болады:

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сыртық экономикалық банкі
Қазақстан Республикасының банк жүйесiнің қалыптасуы мен дамуы
Ұлттық Банк – Қазақстанның банк жүйесінің жоғарғы үзбесі
Қазақстан Республикасында екі деңгейлі банк жүйесін құру
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БАНК ҚЫЗМЕТІНІҢ РӨЛІ МЕН ЖАҒДАЙЫН ТАЛДАУ
Қазақстанның банк жүйесінің қалыптасуы мен дамуы
Екінші деңгейлі банк
Қазақстан Республикасының банк жүйесінің қалыптасу тарихы
Қазақстан Республикасында банк жүйесінің қазіргі жағдайын талдау
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің құрылымы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz