Математикалық мағынада сақтандыру жарнасы сақтанушының сақтандырушыға кезенді қайталанатын төлемі



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 88 бет
Таңдаулыға:   
Кіріспе
"Сақтандыру” курсы “Қаржы және несие” мамандығының пәнін білдіреді,
онда сақтандыру қатынастарының айрықшалықты ерекшеліктері оқытылады.
Нарықтық қатынастар жағдайында өндірушілер мен сатушылар, тұтынушылар
мен сатып алушылар өздігінен бәсекелестік жағдайда қызмет етеді. Олардың
қаржылық болашағы анықталмаған және аз болжамдалған, сондықтан сақтандыру
тәуекел дәрежесін төмендетудің әдістерінің бірі бола отырып, үнемі даму
үстінде және тәуекелді басқарудың жаңа әдістері пайда болып жатыр.

“Сақтандыру” курсы экономикалық жоғары оқу орындарының студенттері
“Экономикалық теория”, “Ақша, банктер, несие”, “Қаржы” сияқты пәндерді
оқығаннан кейін игеріледі.
Курстың мазмұны әртүрлі қаржылық-экономикалық міндеттерді шешу
барысында аналитикалық ойлау қабілетін қалыптастыру және дамытуды, жеке
және мүліктік сақтандыру шарттарына отыру кезінде сақтандыру операциялары
мен аудитіне талдау және бағалауды, сол сияқты сақтандыру саласындағы
кәсіби мүдделерді орындауды қарастырады.
Сақтандыру және қаржы - өзара тәуелді экономикалық категориялар; соңғы
жылдары сақтандырудың экономиканы дамытудағы нарықтық қатынастар
инфрақұрылымының қызмет етуінің базалық элементі ретіндегі ролі өсу
үстінде.
Сақтандырудың пайда болуын, оның қалыптасуы және дамуын оқу біздің
мемлекетімізде болашақ мамандарға сақтандыру қызметтері рыногын игеруге,
сол сияқты оның жағдайын талдау және даму проблемаларын өздігінен игеруге
мүмкіндік береді.
Пәнді оқытудың басты міндеті – сақтандырудың қызмет ету заңдылықтарын
оқу, қазіргі сақтандыру жүйесі мен оның ұйымдарын ұйымдастыру, сондай-ақ
нарықтық экономика жағдайындағы сақтандырудың орны мен ролін оқыту.
Пәнді оқытудың мақсаты – студенттердің қазіргі сақтандыруды ұйымдастыру
туралы білімді, дағдылары мен іскерлікті, әдістемені меңгеру. Студенттерге
сақтандыру жүйесінің қалыптасуы мен қызметінің, елдің экономикасын
дамытудың маңызы мен орны, әлемдік экономикалық бірлестіктегі экономиканың
интеграциясындағы оның рөлі, сақтандыру институттарының қызметі туралы
білім беру.

Дәріс сабақтарының конспектісі

1-дәрiс. Сақтандыру түсінігі және экономикалық мәні
Қоғамдық ұдайы өндіріс процесі - табиғи және әлеуметтік - экономикалық
сипаттағы әртүрлі күштердің қарсыласуы мен өзара әрекет етуі болып
табылады. Адам мен табиғат арасындағы қарама-қайшылық (су тасқыны,
құрғақшылық, дауылдар жер сілкінісі және т.б. табиғи кездейсоқ апаттар),
бір жағынан, қоғамдық қарама-қайшылықтар (экономиканық, саяси, діни,
ұлтаралық дағдарыстар, әртүрлі сипаттағы соғыстар және т.б.), екінші
жағынан, бұлар жинақтала келе, кездейсоқ сипаттағы жағымсыз салдарлардың
пайда болуына жағдай жасайды, қоғамдық – ұдайы өндірістің әртүрлі
кезендеріне және кез-келген әлеуметтік - экономикалық қатынастарға тән
белгілі бір тәуекел пайда болады. Осындай жағдайлар бүкіл әлемдегі
сақтандыру іс - әрекетінің пайда болуына және дамуына әкеледі.
Сақтандыру экономиканың маңызды, бірақ азырақ зерттелген саласы болып
табылады. Сақтандыру өте ертеректе пайда болған категориялардың бірі және
ол кездейсоқ қауіптерден сақтық қорғаудағы адамның әртүрлі қажеттіліктерін
қанағаттандыруға бағытталды. Сақтандыруда өндіріс, айналым, материалдық
игіліктерді айырбастау және тұтыну процестерде адамдар арасында
қалыптасатын белгілі экономикалық қатынастар іске асады. Ол барлық
шаруашылық жүргізуші субъектілер мен қоғам мүшелеріне шығындарын өтеуде
кепілдік береді, яғни көптеген тұлғалар арасында бөлу арқылы заңды немесе
жеке тұлғаның мойнына алған шығындарын өтеу әдісі ретінде көрініс береді.
Осылайша, шығындарды өтеу (немесе орнын толтыру) сақтандыру ұйымдарының
басшылығындағы сақтандыру қорларының қаражаттарымен жүзеге асырылады.
Экономикалық категория ретінде сақтандыру бұл әртүрлі тәуекелдер
кезіндегі сондай-ақ азаматтарға олардың өмірінде белгілі бір жағдайларда
көмек көрсету кезіндегі шығындарын өтеу үшін ақша қаражаттарының мақсатты
қорларын құру және пайдалану әдістері мен формаларының жиынтығын қамтитын
экономикалық қатынастар жүйесі болып табылады.
Сақтандыру, бір жағынан, адамдардың бизнесі мен әл-ауқатын қорғау
құралы, ал екінші жағынан, табыс әкелетін іс-әрекет түрі ретінде көрініс
табады. Сақтандыру ұйымдарының табыс көздері келесідей:
- сақтандыру іс-әрекетінен түсетін табыстар;
- мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша табыстар;
- басқа кәсіпорындардың акциялары бойынша табыстар;
- банктік депозиттер бойынша табыстар;
Экономикалық категория ретіндегі сақтандырудың қажеттілігі келісідей
белгілерімен анықталады:
- табиғи апаттардың немесе басқа да қиратушы күштерінің кездейсоқ сипаты;
- залалдың (зиянның, шығынның) натуралды немесе ақшалай формадағы көрінісі;
- шығындарды өтеудің объетивтік қажеттігі;
- нақты оқиғалардың салдарларын алдын алу және өзгерту бойынша шараларды
іске асыру.
Сақтандыру экономикалық категория ретінде қаржының құрамдас бөлігі
болып табылады, бірақ оның бірқатар ерекшеліктері бар:
- қаржыға әрқашан ақшалай қатынастары және ақша қаражат қорларын құру тән
болса, сақтандыру натуралдық-заттық сипатты болуы мүмкін;
- сақтандыру әрқашан сақтандыру жағдайының болу мүмкіндігіне ие, яғни
сақтандыру қатынастары кездейсоқ мінездемелі; сақтандыру қорының
қаражаттарын пайдалану, сақтандыру оқиғаларының болуымен және
салдарларымен байланысты;
- егер мемлекеттік бюджет табыстары заңды және жеке тұлғалардың міндетті
төлемдері есебінен құрылатын болса, мұнда, бұл қаражатты пайдалану осы
төлемдерді төлейтін төлеушілер шегінен шығып кетеді де белгілі бір уақыт
ішінде және аумақтық бірліктер арасында қайта бөлу жүреді, ал сақтандыру
– сақтандыру жарналары есебінен құралатын арнайы ақшалай сақтандыру
қорының көлемінде шығындардың тұнықталған қайта бөлінуін қарастырады;
- құнның ақшалай формасының қозғалысы сақтандыруда сақтандыру оқиғасының
нәтижесінде әкелінетін шығын ықтималдығының дәрежесіне бағынады.
Сондай-ақ, сақтандырудың қаржы және несие категорияларымен ұқсас
белгілері бар:
- "қаржымен" - сақтандыру кезінде арнайы сақтандыру қорын қалыптастыру және
пайдалану бойынша қайта бөлгіштік қатынастары пайда болады;
- "несиемен" – сақтандыру қорының қаражаттары қайтарымды болады (өмірді
сақтандыруға қатысты); мүліктік сақтандыру кезінде, қайғылы оқиғалардан
сақтандыру және тағы басқа сақтандырудың түрлері бойынша, төлемдер
сақтандыру оқиғасы пайда болғанда және сәйкес қаражаттар негізінде
төленеді. Бірақ, бұл төлемдердің экономикалық мазмұны сақтандыру
төлемдерін қайтарудан айрықша.
Сақтандыру - қаржы және несие категорияларымен
байланыстырушы белгілерге байланысты, экономикалық категория ретінде тек
өзіне тән функцияларды атқарады. Сақтандырудың функцияларын жалпы және
арнайы деп ажыратуға болады. Жалпы функциялары ретінде келесілерді
көрсетуге болады:
1. Ақша қаражатының арнайы сақтандыру қорын құру: ол міндетті және ерікті
түрде құрылады. Бұл функция арқылы келесі жағдайлар іске асырылады:
- банктік және басқа да комерциялық құрылымдардың қызметіне уақытша
бос қаражаттарды инвестициялау;
- жылжымайтын мүлікке ақша қаражаттарын салу;
- бағалы қағаздарға ие болу т.б.
2. Заңды және жеке тұлғалардың материалдық қамсыздандырылуы және
залалдардың орынын толтыру. Сақтандыру қорын құруға қатысушылар болып
табылатын, заңды және жеке тұлғалар ғана шығындардың орынын толтыруға
құқылы. Осы функция арқылы олар сақтық қорғануда өздерінің
экономикалық қажеттілігін іске асырады.
3. Сақтандыру оқиғасын алдын ала ескерту және шығынды (зиянды)
төмендету. Бұл функция табиғи апаттар, қайғылы оқиғалардың жағымсыз
салдарын азайту немесе болдырмауға байланысты іс шараларды
қаржыландыруды қамтитын шаралар кешенін қарастырады. Осы функцияны
іске асыру мақсатында сақтандырушы алдын – ала ескерту іс –
шараларының жүгізуде ерекше ақшалай қорын құрады. Қорды құрудың
көзі болып сақтандыру сомасы бойынша сақтандыру төлемдері табылады.

Қаржы категориясы өзінің мәнін бөлгіштік функциясы арқылы
бейнелейді, бұл функция сақтандырудың арнайы қызметтерінде көрініс табады:
- тәуекелдік;
- ескерту;
- жинақтық;
- бақылау.
Ескерту функциясы - сақтандыру тәуекелінің салдарымен дәрежесін
төмендетуге және сақтандыру қоры қаражатының бөлігін пайдаланумен
байланысты.
Жинақтау функциясы - отбасының жетістіктерін сақтық қорғауды
қажетсінуімен байланысты өмір сүруінің соңына дейін сақтандыру көмегімен
ақша сомаларын жинақтау.
Бақылау функциясы – сақтандыру қорын міндетті құру және оның
қаражаттарын мақсатты пайдалану ретіндегі, сақтандыру категориясының
қасиетін сипаттайды. Бұл функция сақтандырудың жоғарыда көрсетілген
функцияларынан шығады, және солармен бір уақытта нақты сақтандыру
қатынасында, сақтандыру жағдайларында көрініс табады. Бақылау функциясының
талаптарына сәйкес, сақтандыру операциясын дұрыс жүргізу бойынша қаржылық –
сақтандыру бақылауы жүзеге асырылады.
Сонымен, сақтандыру – сақтандыру ұйымының активтері есебінен,
сақтандыру төлемдері арқылы, сақтандыру келісімінде белгіленген сақтандыру
оқиғаларының пайда болуы кезіде жеке немесе заңды тұлғалардың, яғни олардың
заңды мүдделерін, мүліктерін қорғауға байланысты кешенді қатынастардың
жиынтығы болып табылады. (2000ж. 18-желтоқсандағы №126-II. Қазақстан
Республикасының Сақтандыру қызметі туралы заңы және өзгертулер мен
толықтырулар 2003 жыл 10-наурызда, №483 II бойынша, 4 бап).

2-дәріс. Сақтандырудың жіктелуі
Сақтандырудың жіктелуі сақтандырудың қызмет ету салалары, сала асты,
түрлері мен бөлімдері бойынша бөлініуінің ғылыми жүйесі болып табылады.
Сақтандырудың ұйымдастыру формасы бойынша, келесідей түрге бөлінеді:
- мемлекеттік;
- акционерлік;
- бірін бірі - өзара (взаимное);
- кооперативтік;
- медициналық;
Мемлекеттік сақтандыру – бұл ұйымға арнайы өкілеттенген мемлекеттің
сақтандырушы ретінде қатысатын ұйымдық формасы. Мемлекет мүдесінің
шеңберіне сақтандырудың кез-келген немесе жекеленген түрлерін жүргізуде
оның монополиясы кіреді.
Акционерлік сақтандыру – бұл салыстырмалы шектеулі қаражаттар
сақтандыру компанияның тиімді жұмысын тез дамытуға мүмкіндік береді. Заңды
және жеке тұлғаларға тиісті акция (облигация) және басқа да бағалы
қағаздардан құралатын акционерлік қоғам, жарғылық қор түріндегі жеке
капитал – сақтандырушы ретінде қатысатын мемлекеттік емес ұйымдық форма.
Бірін бір - өзара (взаимное) сақтандыру – жеке, заңды тұлғалар
топтарының арасында бір-біріне белгілі бір үлесті қабылданған шарттарға
сәйкес болашақтағы мүмкін шығындарды өтеу туралы келісімді сиппаттайды.
Комерциялық емес типтегі сақтандыру ұйымы болып табылатын өзара
сақтандыру қоғамы құрылған сақтандыру кәсіпорнынан пайда алу мақсатын
көздемейді. Бұл-сақтандыру жүргізүдің ірі ұйымдық формасы, дара сақтандыру
қоғамы заңды және жеке тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғау үшін олардың
арасындағы ерікті келісім негізінде құрылған ұйым ретінде бейнеленеді.
Өзара сақтандыру қоғамы заңды тұлға болып табылады және өзінің
міндеттемелері бойынша өзінің барлық мүліктеріне жауап береді, әрбір
сақтандырушы өзара сақтандыру қоғамының пайлық үлесі бар мүшесі болып
табылады. Пайлық үлесі бар мүшелердің минималды саны қоғам жарғысымен
анықталады.
Қазіргі уақытта өзара сақтандыру қоғамының қызмет етуі үшін құқықтық
база жоқ. Өзара сақтандыру ұйымдары шетелде аймақтық, ұлттық және
халықаралық сақтандыру рыноктарының ірі шаруашылық жүргізуші субъектілері
болып табылады.
Кооперативтік сақтандыру – мемлекеттік емес ұйымдық формасы. Ол
сақтандыру операцияларын кооперативтер жүргізілуімен түсіндіріледі. Жалпы
Ресейлік кооперативтік сақтандыру одағы ұйымдастырылған кезде, Қазақстан
КСРО-ғы құрамында болған, яғни 1918ж қызмет ете бастады. 1921 жылдан бастап
кооперативтік ұйымдарға сақтандырудың түрлерін, формаларын, тарифтік
ставкаларының мөлшерін дербес бекіту құқығы мен табиғи апаттардан жеке
мүмліктерін сақтандыруға рұқсат берілді.
Бүкіл Ресейлік кооперативтік сақтандыру одағы ауылшаруашылық,
өнеркәсіп, тұрғын үй құрылысы объектілерімен және кооперативтік ұйымдардың
басқа да қызмет түрлерін сақтандыру бөлімінде жұмысын үлестірді. Орталық
одақтың сақтандыру секциясы тұтыну кооперациясының жүйесі үшін
кооперативтік сақтандыруды жүзеге асырды. 1931 жылы кооперативтік
сақтандыру ұйымдық форма ретінде жойылды, ал бұл бағыттағы барлық
операциялар КСРО-ның Мемлекеттік сақтандыру ұйымында жинақталды.
Кооперативтік сақтандырудың өркендеуі 1988 КСРО-да "Кооперация туралы"
заңың қабылдануымен байлансты болды, бұған сәйкес кооперативтерге және
олардың одақтарына кооперативтік сақтандыру ұйымдарын құру, сақтандырудың
түрлерімен тәртібі, шарттарын анықтауға рұқсат етілді.
Сақтандыру қызметінің ерекше ұйымдық формасы – мидициналық сақтандыру
болып табылады. Ол халықтық денсаулығын сақтаудағы әлеуметтік мүддесін
қорғау формасы ретінде сипатталады. Оның мақсаттары:
- сақтандыру оқиғасы пайда болған жағдайда азаматтарға жинақталған
қаражаттар есебінен медициналық көмек алуға кепілдік беру (сондай-
ақ, деңсаулық сақтаудың мемлекеттік және муниципалды жүйесі);
- профилактикалық іс-шараларды қаржыландыру (диспансерлерді,
вакцинацияны жүргізу және тағы басқаларды);
Медициналық сақтандырудың субъектілері:
- азамат;
- сақтанушы;
- медициналық сақтандыру ұйымы (сақтандырушы);
- медициналық мекеме (емхана, амбулатория, аурухана және тағы
басқалары);
Мемлекеттік сақтандыру монополиясы кезінде КСРО-да келесідей екі
негізгі сала ерекшеленген: мүліктік және жеке. Рыноктік экономикада
сақтандыру объектілерін экономикалық сипаты бойынша келесідей айыруға
болады:
- жеке сақтандыру;
- мүліктік сақтандыру;
- жауапкершілік сақтандыруы;
- экономикалық тәуекелдіктерді сақтандыру.
Мұндай сыныптау сақтандыруға жататын объектілермен тәуекелдер
тізімімен анықталады.
Жеке сақтандыру – бұл сақтандырудың бір саласы, объектісі болып – адам
өмірі, денсаулығы және еңбекке қабілеттілігі табылады. Жеке сақтандыру
келесілерге бөлінеді:
- өмірді сақтандыру;
- қайғылы оқиғалардан сақтандыру.
Жеке сақтандыру да тәуекелдік және жинақтық функциялары көрініс табады.
Мүліктік сақтандыру – бұл, сақтық - құқықтық қатынастардың объектісі
әртүрлі мүліктер болып табылатын сақтандырудың саласы. Сақтандыру жағдайы
есебінен табылған шығындардың орнын толтыру – мүліктік сақтадырудың негізгі
қызметі. Сақтанушылардың меншігі ретіндегі, сондай-ақ оның иелігіндегі,
қолданудағы, бұйрық етуіндегі мүлік сақтандырылған бола алады.
Сақтанушылар ретінде тек мүлік иелері ғана емес, сондай-ақ мүліктің
сақталуына, қорғалуына жауапкершілікті көтере алатын басқа да заңды және
жеке тұлғалар бола алады.
Жауапкершілікті сақтандыру – бұл сақтанушының қандай да бір
әрекетінің (немесе әрекетсіздігінің) салдарынан зиян шегетін үшінші тұлға
(заңды және жеке) алдындағы жауапкершілік – объект болып табылатын
сақтандырудың саласы. Жауапкершілікті сақтандыру арқылы мүмкін болатын зиян
келтірушілердің экономикалық мүддесін қорғау жүзеге асырылады. Бұл мүдделер
әрбір сақтандыру оқиғасында нақты ақшалай сипатқа ие. Жауапкершілікті
сақтандыру келесі сала астыларына (подотрасли) бөлінеді: қарызды сақтандыру
және зиянды өтеу жағдайын сақтандыру, немесе ол азаматтық жауапкершілікті
сақтандыру деп аталады.
Экономикалық тәуекелдерді сақтандыру (кәсіпкерлік тәуекел) мынандай 2
сала астына бөлінеді:
- тікелей шығындар тәуекелін сақтандыру;
- жанама шығындар тәуекелін сақтандыру.
Тікелей шығындарға –пайданы толығымен алмау шығындары, шикізаттардың
толық жеткізілмегендігінің салдарынан құрал-жабдықтардың тоқтап қалуының
шығындары, ереуілдер және басқада объектифтік себептер шығындары жатады.
Жанама шығындарға – айырылып қалған табыстар және тағы басқалары
жатады.
Жүргізу формасына қарай, сақтандыру: міндетті және ерікті болып
бөлінеді.
Міндетті сақтандырудың бастамасшысы, заңды және жеке тұлғаларды
қоғамдық мүдделерді қамтамасыз ету үшін қаражаттар қосуға заң негізінде
міндеттеуші, мемлекет болып табылады. Міндетті сақтандыру мынандай
жағдайларды қарастыратын заңнамалық актілер негізінде жүргізіледі:
- сақтандыруға қажетті, объектілерінің тізімі;
- сақтандыру жауапкершілігінің көлемі;
- сақтандырумен қамсыздандыру деңгейі (нормасы);
- сақтандыруға қатысушы тараптардың негізгі міндеттері мен құқықтары;
- тарифтік қойылымдарды сақтандыру төлемдерін және басқа да кейбір
мәселелерді белгілеу тәртібі.
Заң, міндетті сақтандыруды жүргізу тапсырылған сақтандыру ұйымын
анықтайды. Міндетті сақтандыру кезінде сақтандыру объектілерінің
толықтығына қол жеткізеді. Бір жағынан, сақтандырудың міндетті формасы
ерікті формаға тән сақтандырудың жекелеген объектілердің таңдамалылығын
жоққа шығарады. Сақтандыру объектілерін максималды қамту есебінде, оны
жүргізудің міндетті формасында минималды тарифтік қойылымдарды қолдану,
сақтандыру операцияларының жоғары қаржылық тұрақтылығына қол жеткізу
мүмкіндігі туындайды.
Еркіті сақтандыру міндетті сақтандыруға қарағанда, сақтанушымен
сақтандырушы арасында тек ерікті түрде жасалған келісім кезінде ғана пайда
болады. Мұндай келісім жасауда көбінесе тараптар арасында сақтандыру
брокері немесе сақтандыру агенті сияқты делдалдар қатысады. Сақтандыру
келісімі сақтандыру полесімен куәландырады.

Ұсынылатын әдебиеттер

Негізгі . 1[9-12]; 8 [15-19]; 14 [16-25]; қосымша 18[26-45]; 19[12-
20]; 25[10-26].

Бақылау сұрақтары:

1. Мүліктік сақтандыру саласына жататын сақтандыру түрлері?
2. Жеке сақтандыру саласына жататын сақтандырудың түрлері?
3. Сақтандыру қандай басқа белгілеріне қарай сыныпталады?
4. Міндетті сақтандыру қандай ерекшеліктермен сипатталады?
5. Ерікті сақтандыру қандай ерекшеліктерімен сипатталады?

3-дәріс. Қайта сақтандырудың түсінігі, оның мәні
Қайта сақтандыру – бұл сақтандыру келісімінің мүмкіндігінше
балансталған портфелін құру, сақтандыру операцияларының қаржылық
тұрақтылығы мен рентабельдігін қамтамасыз ету мақсатында сақтандырушы
өзінің қаржылық мүмкіндігіне қарай сақтандыру тәуекелдерінің бір бөлігін,
жауапкершілікті қабылдай отырып, басқа сақтандырушыға келісілген
жағдайлармен сақтандыруды тапсыруда туындайтын экономикалық қатынастар
жүйесі, яғни тәуекелдерді қайта бөлу. Қазіргі уақытта кез-келген сақтандыру
компаниясы сақтандыру сомаларының тұрақты өсуі есесінен, қатаң қайта
сақтандырумен қамтамасыз ету тәуекелін ала алады. Қайта сақтандыру бірнеше
компаниялар арасындағы мүмкіндігінше ірі төлемдерді қайта бөлуге және
сақтандыру портфелін қорғауға көмектеседі.
Қайта сақтандырушы немесе цедент – бұл сақтандыру тәуекелік мойнына
алатын және оны толығымен немесе бөліктеп қайта сақтандыруға басқа
сақтандырушыға беретін сақтандырушы. Қайта сақтандыру тәуекелін мойнына
алған сақтандырушы, қайта сақтандырушы деп аталады. Қайта сақтандыруда
тәуекелді жеткізумен көбінесе қайта сақтандыру брокері айналысады. Қайта
сақтандыру тәуекелін ала отырып, қайта сақтандырушы оны бөліктеп, үшінші
сақтандырушыға бере алады. Мұндай операция ретроцессия деп аталады, ал
ретроцессияға тәуекелді беруші қайта сақтандырушы – ретроцессионер деп
атайды.
Қайта сақтандыру туралы мәселені қарастырғанда, әрбір сақтандыру
компаниясы оның мақсатқа жету жолында экономикалық тиімділікті, сондай-ақ
қайта сақтандыру бағасын ескеретіндей болу керектігін ұмытпауы керек. Қайта
сақтандыру бағасы – бұл қайта сақтандырушының есептелген үлесі ғана емес,
сонымен қатар, қайта сақтандыру тәуекелін жеткізумен байланысты жұмыстарды
жүргізудегі компания шығындары да болып табылады. Мұндай шығындарға қайта
сақтандыру келісімдерін рәсімдеу, клиенттердің карточкаларын жасау, есеп
және т.б. жатады.
Қайта сақтандырудың көлемін дұрыс анықтау әрбір сақтандыру компаниясы
үшін зор. Цеденттің жеке ұстап қалуы - сақтандыру компаниясының
сақтандырылатын тәуекелдің белгілі үлесін аз жауапкершілігінде қалдыратын
экономикалық негізделген сома деңгейі. Мұнда қайта сақтандыру келісімінің
неғұрлым кең тараған, танымал формасы, яғни эксцедентік формасы туралы
айтылуда. Жеке ұстап қалудың анықтауға әсер ететін бірқатар факторларын
қарастырайық:
- сақтандырудың түрлері мен сақтандырылатын тәуекел бойынша орташа
шығындылық, яғни бұл жерде жеке ұстап қалу шегі анықталады;
- сыйақы көлемі – тәуекелдердің жалпы көлемінен минималды ауытқыда
сыйақының көлемі неғурлым жоғары болса, соғурлым жеке ұстап қалу шегі
жоғары болады;
- сәйкес сақтандыру түрі бойынша операциялардың орташа табыстылығы -
операциялар неғұрлым табысты болса, жеке ұстап қалудың шегі соғұрлым
жоғары денгейде бекітіледі;
- сақтандырылған объектілердің территориялық бөлінуі – сақтандырылған
объектілер бір зонада неғұрлым көп жинақталған болса, жеке ұстап қалу
шегі соншалықты төмен болады;
- жұмыс жүргізу бойынша шығындар көлемі – сақтандырудың белгілі бір
түрі бойынша жұмыстар жүргізу шығындары өте жоғары болса, онда
сақтандыру компаниясы жеке ұстап қалу шегін осы шығындар қайта
сақтандырушыға аударылған жағдайда және комиссиондық сыйақы есебінен
жабылып кеткен жағдайдағы деңгейге қоюға тырысады.

Әдебиет: нег. 6 [56-98]; 8[23-36], қос. 5[56-70]; 18[89-92].

Бақылау сұрақтары:
1. Қайта сақтандыру түсінігін және оның
мәнін ашыңыздар?
2. Сақтандырудың жалпы шарттарын
сипаттайтын түсініктер мен
терминдерді атаңыздар?

4-дәрiс. Сақтандыру қызметін ұйымдастыру
Қазақстан Республикасының Сақтандырудың қызметі туралы заңына
сәйкес, сақтандыру қызметін мемлекеттік реттеу және лицензиялауды
ұйымдастыру және жүзеге асыру үшін сақтандыру салаларға, топтарға, және
түрлерге бөлінеді. Сақтандыру ұйымының қызметі өмірді сақтандыру және
жалпы сақтандыру салалары бойынша жүзеге асырылады. Өмірді сақтандыру
саласы сақтандырудың ерікті формасында келесі топтарды қамтиді.
1) өмірді сақтандыру;
2) аннуитетті сақтандыру.
Жалпы сақтандыру саласы сақтандырудың ерікті формасында келесі
таптарды қамтиді.
1) қайғылы оқиғалардан және аурулардан сақтау;
2) медициналық сақтандыру;
3) автомобиль көлігін сақтандыру;
4) темір жол көлігін сақтандыру;
5) әуе көлігін сақтандыру;
6) су көлігін сақтандыру;
7) жүктерді сақтандыру;
8) мүлікті сақтандыру, (осы бөлімнің 3.7. – пунктерін қоспағанда);
9) кәсіпкерлік тәуекелді сақтандыру;
10) автомобиль көлігі иелерінің азаматтың – құқықтық жауапкершілігін
сақтандыру;
11) теміржол көлігі иелерінің азаматтық құқықтық жауапкершілігін
сақтандыру;
12) әуе көлігі иелерінің азаматтық – құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;
13) су көлігі иелерінің сақтандыру;
14) тасымалдаушының азаматтық құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;
15) азаматтық – құқықтық жауапкершілікті келісім бойынша сақтандыру;
16) зиян келтіргені үшін азаматтық құқықтық жауапкершілікті сақтандыру
(осы бөлімдегі 10), 14) пунктерінде көрсетілген топтарды
қоспағанда).
Өмірді сақтандыру –сақтандырылған адамның қайтыс болу, немесе оның
сақтандыру мерзімінің соңына дейін өмір сүруі, немесе белгілі келісім
бойынша оның жасын сақтандыру жағдайларында сақтандыру төлемдерін төлеуді
қарастыратын жеке сақтандырудың түрлерінің жиынтығы.
Аннуитеттік сақтандыру – сақтанушының белгілі жасқа жету, еңбекке
қабілеттілігінен айырылу (жасы бойынша, мүгедектік бойынша, ауруы бойынша),
асыраушысының қайтыс болуы, жұмыссыздық немесе сақтанушының жеке табыс
көздерін жоғалтуына, немесе әлеуметтік басқа да жағдайларда кезеңдік
сақтандыру төлемдерін зейнетақы, немесе рента түрінде төлеуді қарастыратын
жеке сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Қайғылы оқиғалардан және аурулардан сақтандыру – бұл қайтыс болу,
(толық немесе жартылай) еңбекке қабілеттілігінен (жалпы немесе кәсіптік)
айырылу немесе қайғылы оқиға, әлде аурудың нәтижесінде сақтанушының
деңсаулығына зиян келетін жағдайлардағы сақтанушының қосымша шығындарын
толығымен немесе бөліктеп өтеудің тұрақты бекітілген сомада жүзеге
асырылатын жеке сақтандырудың түрлерінің жиынтығы.
Медициналық сақтандыру - сақтандыру бағдарламасында қамтылған,
сақтанушының медициналық мекемелерге медициналық қызмет үшін жұмсаған
шығындары толық немесе бөліктеп өтелетін сақтандыру төлемдерін жүзеге
асыратын жеке сақтандырудың түрлерінің жиынтығы.
Көлік құралдарын сақтандыру – бұл көлік құралдарын жүргізу, билік
жүргізу және бұйрық етуімен етумен оның салдарынан олардың зақымдауы немесе
жойылуы, сондай-ақ жоғалып кетуі немесе ұрлануының орын алуымен байланысты
тұлғаның мүліктік мүддесіне зиян келтіретін шығынды толығымен немесе
бөліктеп өтеуін жүзеге асыратын сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Жүктерді сақтандыру – жүктерді пайдалану, билік жүргізу және бұйрық
етумен, оның салдарынан олардың зақымдану және жойылуы, жоғлауының орын
алуымен байлансты мүддесіне зиян келтіретін шығынды толығымен немесе
бөліктеп өтеуді жүзеге асыратын сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Мүлікті сақтандыру – мүлікке иелік ету, пайдалану және билік
жүргізумен, осының салдарынан оның зақымдалуы немесе жойылынуының орын
алуымен байланысты тұлғаның мүліктік мүддесіне зиян келтіретін шығындарды
толығымен және бөліктеп өтеуді жүзеге асыратын сақтандыру түрлерінің
жиынтығы.
Кәсіпкерлік тәуекелді сақтандыру- Қазақстан Республикасының Азаматтық
кодексінің 810 бабында қарастырылған жағдайлары бойынша сақтандыру
төлемдерінің төлеуді жүзеге асыратын сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Көлік құралдары иелерінің азаматтық құқықтық жауапкершілігін
сақтандыру - көлік құралдарының пайдалануымен, үшінші тұлғалардың шеккен
шығындарын өтеу міндетімен байланысты, тұлғаның мүліктік мүддесімен зиян
келтіретін шығынды толық немесе жартылай өтеуді жүзеге асыратын сақтандыру
түрлерінің жиынтығы№
Тасымалдаушының азаматтық құқықтық жауапкершілігін сақтандыру -
тасымалдаушы ретінде көлік құралдарын пайдаланумен, үшінші тұлғаның шеккен
шығындарын өтеу міндетімен байланысты, тұлғаның мүліктік мүддесіне зиян
келтіретін шығынды толығымен немесе бөліктеп өтеуді жузеге асыратын
сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Келісім бойынша азаматтық құқықтық жауапкершілікті сақтандыру
-Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 812 бабында қарастырылған
жағдайлары бойынша сақтандыру төлемдерінің төлеуді жүзеге асыратын
сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Зиян келтірілген үшін азаматтық құқықтық жаупкершілікті сақтандыру -
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін 811 бабында көрсетілген
жағдайлары бойынша сақтандыру төлемдерін төлеуді қарастыратын сақтандыру
түрлерінің жиынтығы.
Сонымен, сақтандырудың ерікті формасында әрбір топтың мазмұны және оны
жүргізу шарттары бойынша қосымша талаптар өкілетті органның нормативтік
құқықтық актілермен белгіленеді. Сақтандыру түрі – бұл сақтандыру келісімін
бекіту арқылы бір немесе бірнеше сақтандыру топтарының шегінде сақтандыру
ұйымы сақтанушыға жасалатын және жеткізілетін сақтандыру өнімі. Сақтандыру
ұйымы сақтанушыға тек қана өкілетті органның бекіткен формасында сақтандыру
полисін беруімен және сақтандыру ережесімен келісілгеннен кейін ғана,
сақтандыру келісімін бекіту бойынша, іс-әрекетін жүзеге асырыруға құқылы.
Міндетті сақтандырудың әрбір түрі сақтандырудың жекелеген топтары
болып табылады. Сақтандырудың міндетті формасында әрбір топтың мазмұны және
оны жүргізу шарттары бойынша қосымша талаптар, осы сақтандырудың сыныптарын
реттейтін заңнамалық актілермен белгіленді.
Ұсынылатын әдебиеттер

Негізгі: [ 1. 39-48, 2 . 38-47, 5. 41-54 бет],
Қосымша: [ 9. 3-11 бет]
Бақылау сұрақтары:
1) Сақтандыруды қандай салаларға бөлуге болады ?
2) Сақтандырудың қандай сыныптамалары мен сала түрлері бар ?
3) Сақтандырудың әрбір түріне мінездеме беріңіз?
4) Сақтандыру (қайта) ұйымының қатысушы ретінде кім танылады?

5-дәріс. Қазақстан Республикасының сақтандыру (қайта сақтандыру)
ұйымдарын лицензиялау тәртібі және оны құру
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы коммерциялық ұйым болып табылады,
ол Қазақстан Республикасының Сақтандыру қызметі тұралы заңына және басқа
да нормативтік актілерге сәйкес өз қызметін жүзеге асырады. Ұйымдық
құқықтық формасы акционерлік қоғам болып табылады, өзінің атауы ретінде
жарғыда не жазылса, соны пайдаланады. Міндетті тәртіппен келесі ұжымдық
құрылымдарды құрады:
1) директорлар кеңесі – басқару органы;
2) басқару атқарушы орган;
3) тексеру (ревизиялық) комиссия – бақылаушы орган.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қатысушылары мен құрылтайшылары
ретінде Қазақстан Республикасының заңында және басқа да нормативтік
құқықтық актілерде көрсетілген талаптарға сәйкес, Қазақстан Республикасының
резидент және резидент емес – заңды және жеке тұлғалары бола алады.
Жарғылық капиталының 50% - нан көбі мемлекеттің үлесіне тиетін ұйымдар
сақтандыру ұйымының қатысушысы және құрылтайшысы бола алмайды. Мемлекет
сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері бойынша
жауапкершілікті өз мойнына алады, егер оның жарғылық капиталына құрылтайшы
немесе қатысушы шегінде қаражат салынса, осылайша, ұйымдық статусы бар,
оффшорлы аймақта тіркелген заңды тұлға немесе осы аймаққа тіркелген,
жарғылық капиталға тікелей қатысы бар заңды тұлғалар – құрылушы сақтандыру
(қайта сақтандыру) ұйымның (Қазақстан Республикасының резиденті) қатысушысы
бола алмайды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қатысушылары мен құрылтайшылары
иеленген акцияларын ақшалай ұлттық валюта негізінде төлеуге міндетті.
Сақтандыру ұйымының акцияларын басқа заңды тұлғалардың жарғылық
капиталындағы үлесі немесе акциясына төлем ретінде енгізілген активтер
сомасын есептемегендегі, өзінің жеке капиталының шегінде ақшалай төлеуге
құқылы. Бұдан басқа, заңды және жеке тұлғаларға сақтандыру (қайта
сақтандыру) ұйымының акциясын төлеу үшін қарызға, кепілге алынған
қаражаттар немесе басқа да тартылған қаражаттарды пайдалануға тиым
салынады. Құрылған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жарғылық
капиталының минималды мөлшері оны мемлекеттік тіркеуден өткізу кезіне дейін
оның қатысушыларымен толық төлеуі тиіс. Осылайша сақтандыру (қайта
сақтандыру) ұйымы акционерлерден жеке акция сатып ала алады, егерде келісім
нәтижесінде сақтандыру ұйымының қаржылық тұрақтылығы мен төлем
қабілеттілігіне қатысты заңнамалық талапттар бұзылмайтын болса.
Сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алу үшін сақтандыру
ұйымы өкілетті органдарға келесі құжаттарды көрсетуі керек:
- лицензия беру туралы өтініші;
- мемлекеттік тіркеу мен статистикалық карточка туралы куәліктің
нотариалді расталған көшірмесі;
- өкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген жеке
капиталдың минималды мөлшері бойынша талаптарды орындау, жарғының
капиталдық минималды мөлшерін толығымен төлегенін растайтын
құжаттар;
- жұмысшылар қызметіне таңдалынатын, тағайындалатын тұлғалар туралы
мәліметтер;
- актуариймен расталған және өкілетті органның нормативтік құқықтың
актілерінің талаптарына сәйкес жасалған сақтандыру сыныптары
бойынша бизнес-жоспар;
- ішкі аудиттің қызметі туралы мәлімет;
- ұйымдық іс-шаралардың жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқан іс-шаралар
туралы есеп;
- міндетті сақтандыру келісімі бойынша сақтандыру ұйымының жойылып
кетуі жағдайында сақтандырушыларға сақтандыру төлемдерін төлеуге
кепілдік беретін қорға қатысу келісімінің нотариалды расталған
көшірмесі (егер сақтандыру ұйымының мұндай қорға міндетті қатысуы
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен бекітілсе).
Мемлекеттік сақтандыру қадағалуының мазмұндық функцияларын,
сақтандыру қызметі бойынша мынадай негізгі топтарға бөлуге болады:
- лицензиялау – сақтандырушыларды, сақтандыру аудиторлары мен
брокерлерінің қызметін лицензиялау;
- нормо-шығармашылық функция - сақтандыру ұйымдарының қызметін
реттейтін нормативтік актілерді жасау;
- бақылау функциясы – қаржылық бақылау, қаржылық тұрақтылықты
бақылау, сақтандырушының құқығын сақтау аясында компанияның
қызметіне бақылау, келісім бойынша өз міндеттерін және нормативтік
акті талаптарын орындауға сақтандыру аудиторларының қызметін
бақылау.
Сақтандыру саласында мемлекеттік ретеудің негізгі міндеттемелері
мыналар:
1) Қазақстан Республикасының тұрақты сақтандыру жүйесін құру және қолдану,
және ұлттық сақтандыру рыногының инфроқұрылымын қалыптастыру.
2) Сақтандыру рыногын реттеу қағидалары мен әдістерін және сақтандыру
қызметіне қадағалау тәртібін белгілейді.
3) Сақтандыру негіздерін заңнамалық түрде бекіту, міндетті сақтандырудың
түрлерін белгілеу, халықаралық сақтандыру жүйесін Қазақстан
Республикасының қатысу принциптерін анықтау.
4) Сақтандырушылардың, сақтанушылардың заңды мүдделерін және құқықтарын
қорғау.
Сақтандыру аясында, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес,
мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, сақтандыру рыногындағы мемлекеттік
бақылау, өкілетті және басқа да мемлекеттік органдармен реттеледі.
Сақтандыру қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңымен
реттелмейтін басқа да мемлекеттік органдардың өкілеттігі міндетті
сақтандыру түрлері барынша сәйкес заңнамалық актілерімен реттеледі.
Өкілетті орган сақтандыру аясында өкілетті орган болғандықтан келесідей
функцияларды атқарады:
1) сақтанушылардың және сақтандыру рыногының басқа да қатысушыларының
заңды мүддесін қорғау, ұлттық сақтандыру рыногының инфроқұрылымын
қалыптастыру және Қазақстан Республикасында сақтандыру жүйесінің қызмет
етуін қамтамасыз етуі бірнеше мемлекеттік саясат жүргізу;
2) сақтандыру рыногын реттеудің әдістерімен принциптерін, сақтандыру
қызметтерін қадағалаудың ұйымдастыру тәртібін анықтау;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын құруға, оларды бақылау құқығын
иемденуге, олардың ерікті жойылуына қайта құрылуына рұқсат беру,
сақтандыру ұйымдарының филиалдарымен өкілдіктерін Қазақстан
Республикасының территориясында, сондай-ақ территориядан тыс жерде де
ашуға келісім беру;
4) сақтандыру қызметін жүзеге асыруға, сақтандыру брокеріне, сақтандыру
рыногында актуарлық қызметімен сақтандыру ұйымының аудитіне лицензия
беру;
5) сақтандыру ұйымы және ондағы жарғылық, жеке капиталдық минималды
мөлшері үшін пруденциналді нормативтер мен басқа да міндетті нормалар
мен шектерді бекітуі және олардың сақталуына бақылау;
6) жойылушы сақтандыру ұйымдарының жоюшы (таратушы) комиссиясының
қызметіне бақылау жасау;
7) сақтандыру ұйымының қаржылық тұрақтылығы мен төлем қабілеттілігін
талдау, бағалау, бақылау;
8) сақтандыру ұйымының сақтандыру келісімдері (сақатандыру полисі)
есебінің тәртібін белгілеу;
9) сақтандыру ұйымдарының, сақтандыру брокерлерінің, актуарий және
өкілетті аудиторларының реестрін жүргізу;
10) Ұлттық Банкпен бірлесе отырып, өзінің бақылау және қадағалау
функцияларын орындау үшін сақтандыру ұйымдарының, сақтандыру
брокерлерінің қаржылық және басқа да есеп берулерінің формаларын,
мерзімін және тізімін анықтау;
11) сақтандыру ұйымдарының және сақтандыру рыногының басқа да
қатысушыларының орындауындағы міндетті нормативтік құқықтық актілерді
қабыладау;
12) сақтандыру қызметі субъектілерін инспекциялау (тексеру) жүргізу;
13) сақтандыру рыногының кәсіптік қатысушыларына санкциялар жүргізу;
14) Сақтандыру рыногының кәсіптік қатысушыларына берілген лицензияның күшін
тоқтату және қайта шығару туралы шешім қабылдау.
Сақтандыру ұйымының қызметін реттеуде төлем қабілеттілігі және
қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету – маңызды шарт болып табылады.
Төлемқабілеттілік – ол қаржылық міндеттерін өз уақытында және толығымен
орындау қабілеттілігі. Ұйымның төлемқабілеттілік көрсеткіштері олардың
жойылуын ескеретін активтер мен қабылдаған міндеттемелер арасындағы
нормативтік қатынастардың сақталуы болып табылады. Қаржылық тұрақтылық -
ол қаржылық және басқа да сыртқы факторлардың жағымсыз әсерінен сақтандыру
және қайта сақтандыру келісімі бойынша қабылданған міндеттемелердің әсер
етуінің бүкіл мерзімі ішіндегі өзінің төлемқабілеттілік сақтап қалу
қабілеттілігі.
Қаржылық тұрақтылықтың көрсеткіштері мыналар:
1) жарғылық және жеке капиталдың минималды мөлшері;
2) активтер құны және олардың диверсификациясының деңгейі;
3) төлемқабілеттілік көрсеткіштері;
4) сақтандыру резервтердің және басқа да міндеттемелер мөлшері;
5) сақтандыру және қайта сақтандыру бойынша міндеттемелері көлемінің
арақатынасы;
6) көрсетілетін сақтандыру және қайта сақтандыру қызметтерінің
рентабельдігі (пайдалылығы);
7) іске асырылатын инвестициялық саясаттың тиімділігі.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабілеттілік және қаржы
тұрақтылық дейңгейін анықтауда оның активтерінің құны, олардың сапасы және
жойылуы боиынша жіктеу есебімен есептеледі. Жеке капитал-сақтандыру
резервтері мен басқа да міндеттемелер сомасына азайтылған барлық
активтерінің құны. Қаржылық тұрақтылықты және төлемқабілеттілікті қадағалау-
пруденциальді нормативтер мен басқада міндетті нормалар мен шектер бекіту
арқылы жүргізіледі.
Пруденциалді нормативтер өкілетті органдармен бекітіледі және
мыналарды қамтиды:
- Төлемқабілеттілік нормативтері;
- Қаржылық тұрақтылық нормативтері.
Сақтандыру және қайта сақтандырудың жеке келісімдері боиынша
міндеттемелердің максималды көлемі жеке капитал мен сақтандыру резервтері
сомасынан 10%-ға артуы мүмкүн емес.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жойылуы-банкротыққа ушырау
негізінде өкілетті органмен бекітілген нормативтік құқықтық актілер және
заң ерекшеліктерімен ҚР заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады. Ол
келесі негіздемелер бойынша жойылуы мүмкүн:
1) өкілетті органның рұқсатымен құрылтайшылардың шешімі бойынша
(ерікті жойылу);
2) ҚР заңнамасында қарастырылған жағдайларда сот шешімі бойынша.

Ұсынылатын әдебиеттер

Негізгі: [ 1. 39-48, 2 . 38-47, 5. 41-54 бет],
Қосымша: [ 9. 3-11 бет]
Бақылау сұрақтары:
1. Қандай ұжымдық органдары сақтандыру ұйымдарын құруға міндетті?
2. Лицензия алу үшін қандай құжаттар қажет?
3. Сақтандыру аясында өкілетті орган қандай тапсырмаларды
орындайды?
4. Сақтандыру аясында өкілетті орган қандай функцияларды атқарады?

6-дәріс. Сақтандыру келісімі және оның экономикалық мәні
Сақтандыру келісімі-сақтандыру мәмілелерінің ақиқаттығын растайтын,
сақтанушы мен сақтандырушы арасында бекітілген негізгі құжат болып
табылады. Сақтандыру келісімін бекіту талаптары - келісімнің барлық
шарттарына тараптар келісетін болса келісім бекітілген болып саналады.
Шарттардың мынадай 3 типі бар:
- келісімнің пәні бойынша шарт;
- осы типтегі келісім үшін заңды аталған шарт;
- өтініш бойынша тараптардың бірі келіскен салыстырмалы барлық
шарттар.
Заңды аталған шарт пәні қандай келісім бекітілгелі жатқанына
байланысты. Шартқа келісу заңда көсетілген формада жүргізулері тиіс.
(ауызша,жазбаша, нотариалды). Жоғарыда келтірілген талаптарға байланысты
сақтандыру келісімдері бөлінеді:
-Концессуалды – барлық жоғарыда аталған талаптарды қанағаттандыратын
және бекіту үшін оларға жеткілікті болатын сақтандыру келісімі.
-Нақты - тек екі талапты қанағаттандыратын және оны бекіту үшін
жеткіліксіз болатын сақтандыру келісімі.
Нақты сақтандыру келісімінде тараптар келісімінің күшіне ену кезін өз
тілектеріне қарай өзгертіп белгілей алады. Концессуалды келісімде оның
күшіне енуінің нақты мерзімі көрсетілуі тиіс. Сақтандыру келісімі
бекітілгеннен бастап, алғашқы сақтандыру жарнасы төленгеннен кеиін ол өз
күшіне енген болып саналады. Сақтандыру келісімін бекітудің екі нұсқасы
бар:
- келісім шарттың күшіне енгізілуі сақтандыру төлемдерін төлеуіне
байланысты жағдайда;
- келісім шарттың күшіне енгізілуі сақтандыру төлемдерін төлеуіне
байланысты емес жағдайда.
Сақтандыру келісім шарттың тоқтатылуы келісімнің аяқталуымен ұштасады.
Сақтандыру келісім шартты тоқтудың екі ережесі бар:
- егер сақтандыру жағдайының мүмкін болуы жойылса;
- егер сақтанушы келісім шарттан бас тартса.
Міндеттемелерді тоқтату үшін бұл шарт сақтандыру келісімінің өзінде
болуы тиіс. Бұл шартта қарастырылған келісім ондағы көрсетілген сәтке дейін
ғана мойындалады. Тәжірибиеге байланысты, сақтандыру келісімдері келесідей
болып бөлінеді:
- болмашы - жарамсыз және оның жарамсыздығын мойындау үшін ешқандай
арнайы процедураларды қажет етеді;
- таласты – тек сотпен ғана жарамсыз деп табыла алады.
Егер келісім жарамсыз деп табылса, онда реституция пайда болады.
Реституция – сақтандыру келісімін орындау кезінде тараптардың бір-бірінен
алғанын қайтарып беруі. Сақтандырушы келісімі жарамсыз деп мойындалатын
мынадай себептер бар:
- сақтандыру келісімі заңға немесе басқа да құқықтық актілерге сәйкес
келмеуі;
- сақтандырушы өз қызметін лицензиясыз жүзеге асырса;
- келісімге қол қойған тұлға аз өкілеттілігін көтерсе;
- сақтандырушы келісімі сынға ұшыраса;
- келісім мақсаты заң тәртібі және құлықтылық (нравствиность)
негізіне қарама-қайшы болса.
Сонымен, мінді, сынды келісім – бұл мәміленің нағыз мақсатын жасыру
болып табылатын келісім. Сақтандыру келісімдерін бекітуде заңнама бойынша
олардың жарамсыздығын мойындау үшін бірқатар арнайы негіздемелер
қарастырылған:
- егер сақтандыру сомасы сатандыру құнынан артық болса, онда
сақтандырушы келісімі осы айырмада жарамсыз болады;
- егер сақтандырушы келісімі шартында сугробация (шығын келтіруші
айыпталуы үшінші тұлғаға талап құқығының ауысуы) қарастырылса;
- егер сақтандырушы келісімі сақтандыру оқиғасы болганнан кейін
бекітілсе.
Сонымен, сақтандыру келісімі – бұл сақтандырушының сақтанушы алдында,
сақтандыру оқиғасы болған жағдайда сақтандыру төлемдерін төлеуді мойнына
алу, ал сақтанушы белгіленген мерзімде сақтандыру премиясын төлеп туру
шарты орын алатын, сақтандырушы мен сақтанушының арасындағы келісім.
Ұсынылатын әдебиеттер

Негізгі: [ 1. 39-48, 2 . 38-47, 5. 41-54 бет],
Қосымша: [ 9. 3-11 бет]
Бақылау сұрақтары:
1. Төлемқабілеттілік және қаржылық тұрақтылық түсініктерін ашыңыз?
2. Сақтандыру келісімдері түсінігін және оның түрлерін ашыңыз?
3. Қандай шарттар сақтандыру келісімдерінің жарамсыздығына
әкеледі?
4. Сақтандырушы мен сақтанушының міндеттері мен құқықтары қандай?
7-дәріс. Сақтандыру тарифтерін құрудың мәні және міндеттері

Сақтандыру тарифі - сақтандыру сомасының немесе сақтандыру сыйақысының
қщйылымы. Сақтандыру тарифі сақтандырудың міндетті түрлері бойынша тиісті
заңмен белгіленеді.Сақтандырудың ерікті түрлері бойынша сақтандырушының
өзімен есептеледі .Сақтандыру тарифін есептеу сақтаудың кез келген
бойынша(актуарлық есептеу) берілген обьектіні сақтандыру шығынын анықтау
процесі болып табылады
Актуарлық есептер көмегімен сақтанушыға сақтандырушының көрсеткен
қызметінің өзіндік құны мен құны есептелінеді , сақтау қорын құрудағы әрбір
сақтанушының үлесі анықталды, яғни тарифтік қойылымдың мөлшері анықталды.
Берілген объектіні сақтандыру үшін қажетті шығындарды анықтау
сақтандырушының қызметіндегі ең күрделі процестердің бірі. Сақтандырудың
бір түрін жүргізүге кеткен шығындарды есептеу формасы сақтандыру
(актуарлық) калькулациясы деп аталады. Актуарлық есеп айырысулардың
негізгі міндеттері келесілер:
– жиынтық сақтандыру шеңберінде тәуекелдерді зерттеу және топтау;
– сақтандыру оқиғасының болуының математикалық ықтималдығын есептеу,
жекелеген сақтандыру топтары, сондай-ақ жалпы жиынтық сақтандыру
жағдайының салдарының жиілігімен ауырлығын анықтау;
– сақтандырушының жұмысын жүргізүге қажетті есеп айырысулардың және
олардың даму тенденцияларын болжаудың материалық негізделуі;
– сақтандырушының қажетті резервтік қорын материалдық негіздеу осы
қорлардың құрылуының нақты әдістері мен көздерін ұсыну.
Сақтандыру ісінің тәжірибесімен байланысты, актуарлық
есепайырысулардың мынадай бірқатар ерекшеліктері бар:
– бағалауға ұшырайтын оқиға ықтималдық сипатқа ие, бұл сақтандыру
төлемдерін төлеу кезінде көрініс табады;
– жекелеген жылдарда жалпы заңдылық сақтандыру төлемдерінде тербелісте
болатын кездейсоқ оқиғалар арқылы көрінуі сақтандырушының көрсеткен
қызметінің өзіндік құны бүкіл сақтандыру соммасына қатысты есептеледі;
– сақтандырушының арнайы резервтерін ерекшелеудің қажеттігі, осы
резервтердің оптималды мөлшерін анықтау;
– сақтандыру оқиғасымен байланысты толық немесе жартылай шығындардың
болуы, бұл арнайы кестелер көмегімен уақытпен кеңістікке оның көлемін
ашу қажеттігін анықтайды;
– сақтандырушы төлемдері сақтандырумен қамсыздандыру арасындағы теңдікті
орнату.
Актуарлық есеп айырысулар теориясының негізі XVII-ғ Д. Граунт, Янадс
Витта, Э Галлей еңбектерінде қаланды. 1662-ж.ағылшын ғалымы Д. Граунттың
"Өлімділік бюллетенінде жасалған табиғи және саяси бақылаулар" атты
еңбегі басылды. Ол бірінші бөлып адамдар өлімі тұралы мәліметтер жасады
және өлімділік кестесін тұрғызды. Осы уақытта голландиялық ғалым Ян де Витт
өмірлік рентаны сақтандыру гарифтері атты еңбегін шығарды.Онда ол
ақшаның өсу нормасымен сақтанушының жасына байланысты сақтандыру
жарнамаларын есептеу әдісін көрсетті.
Актуарлы есеп айырысулар тиориясының одан әрі дамуы ағылшын астраномы
Э.Галлей еңбектерінде жалғасын тапты.Ол өлімділік кестесіне анықтама берді.
Өлімділік кестесі -өлімнен кейін туылғандар жиынтығының жас бойынша азаюын
көрсететін өзара байланысты өлшемдердің реттеме қатары. Бұл жас
көрсеткіштерінің жүйесі келесілерді өлшейді:
– әттүрлі өмір кезеңдерінде, өлім жағдайларының жиілігін;
– әрбір жасқа дейін, өмір сүрушілердің үлесін;
– өмір ұзақтығы.
Өлімділік кестесінің көрсеткіштері тұрақты бастапқы халықтың өмір
сүруі мен өлімі процесі ретінде сипатталады.

Кесте.1.
Өлімдік кестесінің құрылымы
Х 1x dx qx Px Ex
0 100000 4060 0,04060 0,09540 68,59
1 95940 860 0,00840 0,99160 70,48
... ... ... ... ... ...
20 92917 150 0,00161 0,99839 53,57
... ... ... ... ... ...
40 88565 319 0,00360 0,99640 35,65
41 88246 336 0,00381 0,99619 34,78
42 87910 352 0,00400 0,99600 33,91
43 87558 369 0,00421 0,99579 33,05
44 87189 384 0,00440 0,99560 32,18
45 86805 400 0,00461 0,99539 31,32
... ... ... ... ... ...

Кестенің бастауышы X – халықтың бір жылдық қайтарымды топтары. Баяндауышы
1х - әрбір берілген жасқа дейін өмір сүріп жатқандардың саны, яғни 100000
ішінен бір мезетте туған қанша тұлғалар 1 жасқа, 2 жылға... 20... 50 жылға
және т.с.с. дейін өмір сүруі;
dx - Х жастан Х+1 жасқа өткен кездегі өлгендер саны, қаншасы берілген жасқа
дейін өмір сүргенін, яғни келесі жасқа дейін өмір сүре алмағандардың санын
көрсетеді;
qx = dx1x Х жастағы өлім ықтималдығы, келесі Х+1 жасқа дейін өмір сүре
алмағандар;
px =(1x+1)1x келесі жасқа дейін өмір сүру ықтималдығы;
ex- алдағы өмірдің орташа ұзақтығы, осы жасқа дейін өмір сүрген бір адамның
алдағы орташа өмір сүру жасы.
Нетто ставкадан және жүктемеден тұратын сақтандыру тарифі брутто-
ставкаға тең. Нетто- ставка сақтандыру өтемақысын немесе сақтық қамтамасыз
етуді төлеуге арналған. Нетто- ставка сақтандыру тәуекелінің құнын
көрсетеді. Жүктеме сақтандырушынының үстеме шығындарын жабуға қажет, оған
тек сақтандырушының шығындары ғана емес, сонымен қатар алдын алу
шараларының резерві және табыс элементі кіреді.
Сақтандыруда сақтандыру тарифтерінің 3 – түрі қолданылады:
- орташа;
- дифиренциялды;
- жеке.
Орташа сақтандыру тарифтері сақтандыру жиынтығына кіретін объектілердің
жеке индивидуалды ерекшеліктері сақтандырушыға қызықтырмаған жағдайда
қолданылады. Орташа тарифті сақтандыру сомасының залалы тұрақты
деңгейінде мақсатқа сай қолданылады, өйткені залалдың өсімді болған
жағдайда кезең соңында орташа тариф қажеттіден төмен болады және
сақтандырушыға сақтандыру өтемін төлеуге қаражаттар жетпеуі мүмкін.
Орташа тариф міндетті сақтандыруда да қолданылады, ол сақтандырушыға
жататын біртекті объектілер көпшілігін қамтитін бас шарттарды жасасуда
пайдаланылады.

Анықталған белгілері бойынша ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
САҚТАНДЫРУ ЖАҒДАЙЫ
Сақтандыру қатынастары
Қазақстан Республикасының сақтандыру қызметі
Сақтандыру ережелері мен шарты
Сақтандыру шарты жайында
Сақтандыру шартының қолданылуы
Қазақстан Республикасының сақтандыру қызметінің жалпы сипаттамасы
Сақтандыру шарты туралы ақпарат
Сақтандыру шартының ұғымы элементтері мен мазмұны
САҚТАНДЫРУ ШАРТЫНЫҢ МАЗМҰНЫ, ҚОЛДАНЫЛУЫ
Пәндер