Мұхамбет-Салық Бабажанов


Мұхамбет-Салық Бабажанов
(1834-1871)
Мұхамбет-Салық Бабажанов (1834-1871) - туған халқы және оның ар-абыройы мен теңдігі үшін қайрат-жігерін аямаған, әділдік жолдан таймаған аяулы, білімді, зерделі азаматтардың бірі, публицист, ғалым-этнограф әрі экономист.
Кеңес өкіметі кезінде мүлде атаусыз қалған М. Бабажанов есімі қазақ елі теңдік, азаттық алғаннан өз тұғырына қайта көтерілді.
М. Бабажанов - ХІХ ғасырдың орта кезінде Шоқанмен қатар шыққан белгілі ғалымдардың бірі. Ресей Географиялық қоғамына мүшелікке Шоқан мен Семенов-Тянь-Шанскийдің кепілдеме бергені оның ғалымдық дәрежесін айқындай түседі. Мұның сыртында ғылыми еңбектері үшін М. Бабажанов Ресей Географиялық қоғамының күміс медалімен Орта Азия және Қазақстан ғалымдары арасында тұңғыш алған қайраткер екенін де айтып өткен жөн. Ең алдымен айтар сөз сан қырлы саңлақ талант өз отанына, ел-жұртына деген ыстық та айнымас махаббатын ерекше қабілеті арқылы танытып та, дәлелдеп те берген ары биік, ойы терең, ақылы кемел азамат ретінде өмірден ерте өтті. Тағы бір ғажабы оның өмірі де, өнері де, өресі де, тіпті білім дәрежесі де Шоқанға өте ұқсас. Екеуі де текті атадан, екеуі де зиялы ортадан, екеуі де бір мектептен. Ең ақыры тағдыры да ұқсас болды, екеуі де өмірден ерте өтті.
Мұхамбет-Салықты ел-жұрты көбіне Салық деп қысқартып атаған. Ол 1834 жылы Бөкей ордасында қазіргі Орда ауданында туған. Әкесі Жәңгір ханның қайын атасы, Исатай, Махамбет көтерілісінде жиі атылатын Қарауылқожа Бабажанов. Салықтың анасының аты Жәмила, жұбайы Ғазиза атақты күйші Дәулеткерейдің қарындасы.
М. Бабажанов есімі белгілі Жәңгір ханның мектебін бітіріп және оның қамқорлығымен 1845 жылы М. Бекмұхамедов, Ж. Ниязов, М. Жантөриндермен бірге Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусында оқыған 8 жастың бірі. Бұлардың бәрі де кейін ел алдында абыройлы қызмет атқарған алғашқы білімді қазақ азаматтарының қатарынан орын алды.
Салық жас кезінен-ақ өнер мен ғылымға өте құштар болып өсті де, кадет корпусының қабырғасында жүрген бала кезінен-ақ Орынбордағы белгілі шығыстанушы-ғалым В. Григорьевпен танысып алды. Талапты жастың талантын таныған үлкен ғалым оны үйіне шақырып, оған өзінің бай кітапханасының есігін ашып қойды. Сөйтіп Салық өз бетімен оқып әр салада жан-жақты білім алды. Орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларымен танысты, оларды ден қоя оқыды. Орыс тілін де осы әдебиеттер арқылы жетік біліп алды. Ол Пушкин, Карамзин, Щербаков сияқты ақындар мен тарихшылардың еңбектерін оқыды.
Кадет корпусын аса зейінділігімен оқып, үлгілі-тәртібімен бітіріп көзге түскен ол 1851 жылы Орынбор қаласындағы Шекара комиссиясында жұмысқа орналасады. Бұл кезде ол небәрі 19 жастағы бала жігіт еді. Бірақ ол аталған жұмыста көп тұрақтай алмады. Оның себебі сол кездегі теңсіздік, әділетсіздік, патша әкімдерінің жергілікті халықтарға деген шектен тыс озбырлығы, Жайық бойын жайлаған казактардың мейрімсіздігі халықтың ашу-ызасын тудырған еді. Жас Салық халық жағына шықты, олардың сөзін сөйледі. Жәбірленушілердің арыз-шағымын жазып беріп, оның оң шешілуіне қолынан келгенінше жәрдем жасады. Оның бұл ісі әрине, патшаның астамшыл әкімдеріне ұнамады. Ақыры өтірік-шыны аралас дәлелдер тауып, Салықты жұмыстан қудырды, жер аудартты, соңына аңдушы қойды. Дегенімен қайда жүрсе де өзінің білімімен, әділеттілігімен, азаматтық жолдан таймаған оның жақсы қасиеттерін таныған сол Орынбор Шекара комиссиясы оны Ішкі Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің кеңесшісі етіп тағайындайды.
Жоғарыда айтылғандай М. Бабажанов есімі оның Шекара комиссиясындағы қызметімен емес, түбегейлі ғылыми-шығармашылық еңбектерімен және халықшыл, әділ қасиеттерімен танылды. Белгілі этнограф ғалым В. Григорьев оны « . . . аса қабілетті және тамаша білімді адам» деп өте жоғары бағалаған.
М. Бабажановтың атын шығарған оның ғылыми-этнографиялық және публицистикалық шығармалары еді. Сегіз қырлы, бір сырлы ғалымның бұл еңбегі айрықша тоқталуды талап етеді. Қуғындағы кезінде де, бақытты кезінде де ол қаламын қолдан түсірмей, әділдік, шындық жолындағы өткір мақалаларын жариялап, күресін тоқтатқан жоқ. 1854 жылдан бастап Санкт-Петерборда, Орынборда және іргелес Астрахань губерниясында шығып тұратын «Северная пчела», «Санкт-Петербургские ведомости», «Деятельность», «Охота», «Волга», «Орыс географиялық қоғамының хабарлары мен жазбалары», «Этнографиялық жинақтар» сияқты газет-журналдарды жаздырып алып, оқыды және оларға мақалалар жазды.
М. Бабажанов заманы алғашқы қазақ зиялыларының туып, өсуі мен шетел және орыс саяхатшылары мен ғалымдарының қазақ өлкесін зерттей бастауымен тұтас келді. Орыстардың жергілікті халық өмірі мен тарихын, әдет-салтын білмей жазған, көбінесе теріс пікірде құраған мағынасы тайыз мақалаларын оқыған ғалым қолына қалам алып, көптеген мәселелерді өзі жазды. Және білгірлікпен дәйекті түрде жазды. Оның бұл мақалалары жоғарыда аталған газет-журналдар кідіріссіз жариялап тұрды. Оның әсіресе «Қымыз туралы жаңалық», «Орал казак-орыстары мен Ішкі Орда қазақтарының айтысы», «Ішкі қазақ Ордасының жылқылары және оны бағу», «Нарын құмы жөніндегі мәліметтер», «Ішкі Бөкей ордасындағы аңшылық» деп аталатын мақалалары мен зерттеу еңбектері мән-маңызы өте жоғары еңбектер еді. Әсіресе, мұндағы жылқы, қымыз жөніндегі жазбалары күні бүгінге дейін құны жоғалмайтын дүниелер.
1860 жылы қазақ депутациясының құрамында Петерборға барды. Осы сапарында ол белгілі этнограф, шығыстанушы П. Небольсинмен, ұлы саяхатшы Семенов-Тянь-Шанскиймен жүздесіп, танысады. Атағы зор екі ғалым да жас қазақ ғалымын жақсы көріп, еңбегін бағалады. П. Небольсин «25 жаста. Келбетті. Ат жақты. Өңі қараторы, көзінің аясы үлкен, шашы қара, қалың. Бабажанов орыстың айшықты әдеби тілін жақсы меңгерген. Сөздері өткір, әрі көркем, әсіресе өзін толғандыратын мәселеге келгенде қызып кетіп, шешен сөйлейді . . . Әңгімелескен кезімде оны әсіресе екі мәселенің ерекше толғандыратынын байқадым. Оның бірі біздің бәрімізге ортақ кесел - біздің заңымыз және уездік сот қызметкерлерінің қылығы мен былығы болса, екіншісі надандыққа толы татар насихатының қазақ арасындағы зиянды кеселі және ешбір негізі жоқ соқыр сенімдер мен ескі аңыздарды құранға қосып халықты бұзып, аздыруы еді» деп жазды. Бұл үлкен ғалымның жас ғалымды тануы әрі берген бағасы еді.
Петерборға барған қазақ депутациясы осы сапарында Эрмитажда, мұражайдарда, көркемсурет академиясында, Пулков обсерваториясында тағы басқа тарихи, мәдени орындарда болған. Шоқан Уәлиханов осы депутация құрамындағы Ғ. Есенбаев, А. Байғалин, М. Жантөрин, М. Бабажанов, Ә. Сейталин, тағы басқаларды қонаққа шақырғанын депутация жетекшісі Л. Плотников «Руский вестник» журналында (1860 ж. №12, 263 бет) жазған. Қайтар жолында Мұхамбет-Салық Мәскеу шаһарына әдейі соғып Кремльде, Үлкен театрда, тағы басқа мәдени орындарда болған.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz