Қазақстанның мұздықтары реликті мұздықтар


Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 28 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . 3-4

І - тарау. МҰЗДЫҚТАРДЫҢ ФИЗИКАЛЫҚ - ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАРЫ . . . 5-13

1. 1. Қазақстандағы мұздықтардың зерттелу тарихы жөнінде түсінік . . . 5-8

1. 2. Қазақстандағы мұздықтардың пайда болуы мен дамуы . . . 9-13

ІІ - тарау. ҚАЗАҚСТАН МҰЗДЫҚТАРЫНА СИПАТТАМА . . . 14-27

2. 1. Қазақстанның қазіргі мұздықтарына аудандық шолу . . . 14-19

2. 2. Қазақстанның ірі мұздықтарына сипаттама . . . 20-25

2. 3. Мұздықтардың экологиялық проблемалары . . . 26-27

Қорытынды . . . 28-29

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 30

Кіріспе

Зерттеу жұмысы тақырыбының өзектілігі. Тұрақты қозғалыстағы, негізінен құрлықта орналасқан, қатты атмосфералық жауын-шашынның жиналуы және қайта қалыптасуы жолымен пайда болған фирн мен мұздың табиғи жиынтығын мұздық деп атаймыз.

Қоршаған ортамен жалпы байланыстармен және өзара ішкі байланыстарымен және қасиеттерімен біріккен көптеген мұздықтар жиынтығы мұз құрсану немесе мұздықтар жүйесін қалыптастырады. Мұздықтар табиғи үрдістерде маңызды рөл атқарады. Аса мол су көлемін жинақтаушы болғандықтан табиғаттағы су айналымына атсалысады және жер шарындағы көптеген үрдістерге (Жер шарының жылу теңдестігі, мұхит суының температурасы мен тұздылығы, тау өзендерінің ағындысы және т. б. айтарлықтай ықпал етеді.

Мұздықтар жылдың жылы жартысында түскен жылудың маусымдық қарды ерітуге шамасы келмейтін аймақтарда қалыптасады. Мұндай аймақтардың төменгі шекарасы болып жылдық қатты жауын-шашынның кіріс-шығысы теңдестік жағдайда болатын жер деңгейіне сәйкес келетін климаттық қар шегі есептеледі. Әртүрлі ендіктердегі климаттық жағдайлардың құбылмалылығына байланысты қар шегінің биіктігі кең көлемде құбылып тұрады.

Қар шегінен төмен түскен мұздық жылу ағысының әсерінен ери бастайды. Еру үдерісіндегі негізгі рөлді климаттық факторлар атқарады. Мұздықтың беткі қабатының еруі күн сәулесінің тікелей жылуының әсерінен, жылы ауаның ысытуынан, жаңбырдың әсерінен және мұздықты қоршаған тау беткейлерінен шағылысқан радиациясынан болады. Таулы жерлерде ауаның температурасының тәулік ішінде шұғыл құбылмалылығының салдарынан мұздықтың беткі қабатының еруі күндізгі сағаттарда күшті көрініс береді. Қараңғы түсісімен және суық бұлыңғыр күндерде еру тез тежеледі.

Мұздың үздіксіз еру жағдайында мұздықтың тілінің қар шегінен төмен деңгейде ұзақ уақыт сақталуы тек жаңа мұз массалары тұрақты түрде түсіп тұрған жағдайда ғана мүмкін. Егер бұл масса еріген массаға тең болса, онда мұздықтың тілінің жағдайы өзгермейді. Егер жаңа мұз массалары оның еруі мен булануынан көп мөлшерде түсетін болса, онда мұздықтың тілінің мөлшері өсіп, аңғармен төменге, яғни алға жылжиды. Керісінше болған жағдайда мұздықтың массасы кішірейе бастайды, мұздықтың тілі қысқарып, аңғармен кейін қарай (жоғары) жылжығандай болады, яғни мұздық шегінеді .

Көп жылдардың көлемінде өтетін мұздықтардың алға жылжуы және шегінуі климаттың оралымдық (циклдық) құбылмалылығына сәйкес жүреді. Қоректену аймағындағы жауын-шашынның көбеюі мен еру аймағындағы температураның төмендеуі мұздықтың жүйелі түрде өсуіне, сөйтіп оның аңғармен төмен таралуына әкеліп соғады. Айтылған себептердің керісінше бағытта болуы мұздықтардың қысқаруына, тіпті оның жойылып кетуіне әкеліп соғуы мүмкін.

Бүгінде ғаламдық жылыну - бүкiл әлемдi алаңдатып отырған мәселе. Қазiр жер шары бұрынғыға қарағанда 0, 5 градусқа жылыды. Оны адам сезбейдi, әрине. Бiрақ жер шары мұны сезедi. Егер жер шары 3 градусқа қызса, онда апат болады. Ахуал түзелмесе, 20 жылдың iшiнде жер бетi 3 градусқа қызады. Ғаламшарымыздағы тұщы судың негізгі көзі - мұздықтар еріп, өсiмдiктер, жәндiктердiң сан алуан түрi жер бетiнен жоғалады.

Жалпы, ғаламдық жылыну - 40 жылдан берi қозғалып отырған мәселе. Қазақстанда да бұл - бұрыннан бар проблема. Өйткенi, таудағы мұздықтардың 40 пайызы ерiп кеткен. Ендi қалған мұздықтар бұдан да тез еруi мүмкiн. Қазақстандағы таулардың мұздықтары ғана емес, дүние жүзiндегi мұздықтардың барлығы дерлiк ерiп жатыр. Гималай, Кавказ, Альпi, Памир, Тянь-Шань, Анд тауларындағы мұздықтар еруде. Сондықтан болашақта миллиондаған адам ауызсусыз қалуы мүмкiн. Бiр ғана Гималай тауындағы өзендер Қытай мен Үндiстанды ауызсумен қамтамасыз етiп отыр. Сол сияқты елiмiз де мұздықтардан айырылса, ауызсусыз қалады. Бұл - бiр. Екiншiден, сел қаупi төнедi. Қалада жаңбыр жауса, тауға қар түседi. Ал егер мұздықтар ерiп кетсе, бiрден сел ағады. Онда Алматыны су шайып кетедi. Сол себепті қазіргі кезде мұздықтарды сақтап қалу мәселесі өзекті экологиялық мәселелердің біріне айналып отыр.

Зерттеу жұмысының мақсаты : Қазақстанның биік таулы аймақтарындағы мұздықтардың физикалық-географиялық жағдайларын жан-жақты талдай отырып, мұздықтардың қазіргі геоэкологиялық мәселелерін қарастыру.

Зерттеу пәні : Қазақстанның Алтай, Сауыр, Жетісу Алатауы, Күнгей Алатауы, Іле Алатауы, Қырғыз Алатауы, Талас Алатауы тауларындағы мұздықтар.

Зерттеу жұмысының міндеттері:

  • Қазақстандағы мұздықтардың физикалық-географиялық жағдайларын талдау;
  • мұздықтардың қазіргі кездегі геоэкологиялық мәселелерін қарастыру.

Зерттеу әдістері:

  • тақырып бойынша әдебиеттерді зерттеу;
  • бақылау, салыстыру және талдау;
  • жинақталған материалдарды сұрыптау әдістері.

І - тарау. МҰЗДЫҚТАРДЫҢ ФИЗИКАЛЫҚ - ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАРЫ

1. 1. Қазақстандағы мұздықтардың зерттелу тарихы жөнінде түсінік

Қазақстанның тау мұздықтарын зерттеу жұмыстары ХІХ ғасырдың орта тұсынан басталады. П. П. Семенов алғаш Тянь-Шаньдағы ірі тау мұздықтарын ашты. Бірақ ХХ ғасырдың басына дейін мұздықтарды зерттеу жұмыстары тек мұздықтарды тіркеумен шектесіп келді. ХХ ғасырдың басында Алтайда В. В. Сапожников ірі зерттеу жұмыстарын атқарды. Революциядан кейін Н. Л. Корженевский, КСРО Ғылым Академиясының ғалымдары (Г. А. Авсюк т. б. ), Қазақстан Ғылым Академиясының география секторы (Н. Н. Пальгов, Ғ. А. Тоқмағанбетов т. б. ) арнаулы зерттеулермен шұғылданды. 1964-1974 жылдары География секторы биік таулы аудандардың мұздықтарын түгел қамтитын 14 томнан тұратын каталог дайындап, тұңғыш рет мұзбасу картасын жасады [1] .

1884 жылдың аяғында Орыс Географиялық қоғамының вице - председателі П. П. Семенов пен физикалық география бөлімшесінің бастығы И. В. Мушкетов Қоғам алдында Тянь - Шаньдағы Хантәңірі тау тізбегін зерттеу үшін арнайы экспедиция жасақтау жөнінде мәселе қойды. Осындай экспедициялардың қажеттігін дәлелдеп И. В. Мушкетов Хантәңірінің ор қапталын жанай өткен саяхатшылардың бәрі де оның аумағының кереметтеі үлкендігіне, төбесі мен баурайына дейін түскен қардың соншалық қалыңдығына ауыздарын ашып, таңданып, оны алыстан болса да көргендеріне мәз болудан аса алмағанын, ол осынау заңғар тауға жақындап баруға ешкімнің жүрегі дауаламағанын жазды. Тек бір ғана саяхатшы, Тянь - Шаньды тұңғыш рет зерттеген орыс ғалымы П. П. Семенов 1857 жылы Хантәңірінің етегіне қарай жылжи бастаған Сарыжаз мұзарттарына жетіп, осы төңіректі зерттеудің маңыздылығын алғаш рет атап көрсетті. Ол кезде, яғни осыдан 30 жылға жуық бұрын, Тянь - Шаньға саяхат жасау үшін жағдайдың қиындығы мен қауіптілігі соншалық, тіпті жүйелі түрде зерттеу жұмыстарын жүргізуді ауызға алудың өзі әбестік сияқты көрінетін - ді. Міне сондықтан П. П. Семеновтың Сарыжаз мұзарттарын ашудың өзі-ақ асқан ғылыми ерлік болды. Ал қазір, машықтанған саяхатшыларды айтпағанның өзінде, тіпті туристердің өздері Тянь - Шаньды атша ерттеп бағындырып алған, ғалымдар оны жан-жақты танып-білуді өрістетіп, ендігі жерде таудың практикалық немесе ғылыми тұрғыдан неғырлым маңызды жекелеген тұстарын егжей-тегжейлі зерттеу қажеттігі туып отырған бүгінгі күні жағдай мүлде басқа. Хантәңірі - тап осындай өте-мөте көңіл аударарлық қызғылықты жерлердің бірі болып саналады. Тянь - Шань жайында осы заманғы деректі мағлұматтар қолда бар қазіргі жағдайда ол араларды егжей-тегжейлі зерттеу толып жатқан маңызды мәселелерді шешуге көмектесері хақ. Хантәңірге экспедицияны жасақтау ісі 1886 жылы тау-кен инженері И. В. Игнатьевке, ал ботаникалық зерттеулерге жетекшілік ету А. Н. Красновқа жүктелді [2] .

А. Н. Краснов өзінің ат басын тірейтін жері - Хантәңіріне барар сапарында жол - жөнекей Іле Алатауының бөктерлерін, Шарын мен Текес өзендерін шолып, Құюлы асуы арқылы Сарыжаздың тармағы Лирташ өзеніне өткен, одан шығып Бедел асуы арқылы Тянь - Шаньның Қытай жағына шыққан. Саяхатшы Құюлы өзенінің жоғарғы сағасынан жаңа мұздық ашты. Кейінірек ол Жетісу губернаторының құрметіне «Фриде мұздығы» деп аталды. Лирташ маңында жеті мұздық бар екені анықталды. Олардың ең ірісі дала өлкесі генерал-губернаторының құрметіне «Колпаковский мұздығы» деп аталды.

И. В. Игнатьев экспедициясының өзге мүшелері Сарыжаз өзені алқабының мұздықтарын, Мұзартты және Хантәңірі шыңын зерттеді, Сарыжаз өзенінің жоғары сағасындағы П. П. Семенов «мұз теңізі» деп атаған үлкен мұздықты экспедиция «Семенов мұздығы», ал Адыртүр өзенінің жоғары сағасындағы екінші біреуін «Мушкетов мұздығы» деп атады.

П. П. Семенов Тянь - Шань мен Қазақстан территориясын зерттеуге 1856-1857 жылдары кірісті. 1856 жылғы мамырда экспедицияға шыққан ол маусымда Барнаул қаласында жұмысын бастап, одан Алтайдың батыс аймақтарында болып, Семей қаласы арқылы Верный (қазіргі Алматы) қаласына аттанды.

П. П. Семенов Верный қаласынан екі жолы - Ыстықкөлге, бір жолы - Құлжа қаласына сапарға шықты. Алғашқы сапары Іле Алатауының тау асулары арқылы Ыстықкөлдің шығыс пұшпағына дейін созылды да, екіншісінде Қастек асуынан өтіп, Боам шатқалына барды. Қайтар жолында П. П. Семенов Күнгей және Іле Алатауының ең биік асуларын басып өтті.

1857 жылы П. П. Семенов Теріскей Алатау жотасын кесіп өтіп, Тянь - Шань сыртындағы биік адырларға шықты. Сөйтіп оған Сырдарияның негізгі тармағы - Нарын өзенінің жоғары сағасын тауып ашудың сәті түсті. Содан соң саяхатшы Тянь - Шаньды неғұрлым күрделі әрі қиын екінші бір маршрут бойынша - Қарқара мен Көкжар өзендерінің алқаптарын бойлай отырып қиып өтті де, Хантәңірі тау тізбегін көрді. Сарыжаз өзенінің бастауында болып, П. П. Семенов Хантәңірінің солтүстік беткейіндегі мұзарттарды тауып ашты. Қайта оралған сапарында ол Іле және Жоңғар Алатауын, Іле алқабындағы Қату деген жерді және Алакөл көлін зерттеді.

П. П. Семенов Тянь - Шаньда қар сызығы 11 - 11, 5 мың фут (яғни 3350-3500 м) биіктікке дейін көтеріледі деген қағида ұсынды.

П. П. Семенов Тянь - Шаньдағы қар сызығының тым биік болу себебін климат жағдайының ерекшеліктерімен байланыстырып, «Кавказ бен Алтайға қарағанда аспанмен таласқан заңғар тауда атмосфераның мейлінше құрғақтығынан» деп түсіндіреді.

Демек, Тянь - Шаньда «қар сызығының басқа таулардағыдай емес, соншалық биік» екенін П. П. Семенов география ғылымында тұңғыш рет айтты. Ең соңғы зерттеулер оның тұжырымына кейбір дәлме-дәлдіктер енгізді: қазір ішкі Тянь - Шаньда қар сызығының биіктігі 4200-5500 метрге жетеді де, Орталық Тянь - Шаньда 3800-4100 метрден аспайды.

Саяхатшы - ғалым Сарыжаз, Текес, Ақсу және басқа өзендерді қоректендіріп жатқан бірқатар мздықтарды ашты. Ол мұздықтардың кейбіреуін егжей-тегжейлі зерттеп жазды [3] .

В. В. Сапожниковтың 1902-1904 жылдары Тянь - Шань мен Жоңғар өлкесіне барған экспедициясы Қазақстан территориясын зерттеуде маңызды орын алды.

В. В. Сапожниковтың бірінші экспедициясы Іле Алатауында, Тянь - Шаньның Сарыжаз өзені бастау алатын маңында және Жоңғар Алатауында болды. В. В. Сапожников Арғанаты қыратына, Балқаш көліне, Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің алқабына саяхат жасады. Верный қаласынан шығып, Қастек пен Боам шатқалын басып өтіп саяхатшы - ғалым Ыстықкөлге, одан Пржевальск қаласына жетіп, әрі қарай Тянь - Шаньның биік шоқысы - Сарыжаз жүйесіне көтерілді. Семенов мұздығын зерттеу үшін Сарыжаздың жоғары ағысына бірнеше дүркін сапар шеккен В. В. Сапожников Хантәңірі шыңының биіктігін өлшеп, Баянкөл өзенінің алқабы арқылы Жаркент қаласына барды, одан шекарадағы Қорғас өзенінің алқабына өтіп, Көксу өзенінің аңғары арқылы Қапалға шықты. Экспедиция жолай Қора, Ақсу, Бүйен өзендерінде және олардың мұздықтарында болды.

Екінші саяхатында В. В. Сапожников Сауыр тау торабымен, оған жалғасып жатқан Маңырақ және Тарбағатай жоталарымен танысты.

Осы зерттеулер нәтижесінде В. В. Сапожников алдын-ала жазған есептермен қоса «Жетісу очерктері» деген атпен екі томдық еңбегін де жариялап, оларда жүрген жерлерінің табиғи-географиялық жағдайларын толық баяндап жазды, жолай кездескен өсімдіктерге егжей-тегжейлі сипаттама берді. Зерттеуші жолда кездескен тауларды, адыр-қыраттарды, төбелерді кейде барометрлік жолмен, бағзы бірде аспап-құралдармен өлшеп, олардың тізімін жасады. Автор аталған еңбегінде Жоңғар Алатауындағы Қора, Бүйен, Ақсу өзендерінің, сондай-ақ Түрген, Теректі және т. б. өзендердің бастау сағаларында өзі ашқан мұздықтар жайында көптеген деректер келтіреді. Саяхатшы Сарыжаз өзенінің маңында ежелгі заманда мұз басқан кең алқыптың іздері туралы қызғылықты мағлұматтар алды. Іле Алатауындағы Есік көлінің алқабында да ертеде мұз жатқаны атап көрсетілді [4] .

1902 жылы Мюнхен географы әрі альпинисі Г. Мерцбахер Жетісуға келеді. Оның басты мақсаты Хантәңірі тауларын және Сарыжаз өзенінің жоғары сағасын зерттеу еді. Геолог Кайдельмен бірге ол Ыстықкөлді, Санташ асуын, Баянкөл өзенін, Сарыжаз өзенінің жоғары сағасын, Ашатұр мен Инелшік мұздықтарының алқаптарын аралап, одан Нарынқол асуы мен Мұзарт арқылы Қашқар өлкесіне өтті. Орталық және Шығыс Тянь - Шаньның жалпы геологиясын, орографиясын, гляциологиясын, картографиясын және географиясын қарастырған Г. Мерцбахер экспедициясының жұмысы өте-мөте нәтижелі болды.

Тарихи - географиялық тұрғыдан алғанда Қазақстанның мұздықтарын зерттеу нәтижелері едәуір назар аударарлық. Тянь - Шаньның солтүстік тізбектерін ежелгі заманда қалай мұз басқаны, сондай-ақ қазіргі уақыттағы оның жағдайы туралы мәселелер жөнінде талай авторлар қалам тербеп, қыруар мақалалар жазған. Солардың арасында Іле Алатауының (Кіші Алматы, Талғар және Шілік өзендерінің бойлары) мұздықтарын егжей - тегжейлі суреттеп жазған С. Е. Дмитриевтің еңбектерінің орны айрықша бөлек.

Ю. М. Шокальский «1903 жылы Россия мұздықтарына жүргізілген бақылаулар туралы есеп» атты мақаласында С. Е. Дмитриев зерттеулерінің деректерін келтіріп, оның 6 мұздық және Есік өзенінің жоғары сағасында 2 шағын тау көлін ашқанын атап көрсетеді. Мақалада Талғар шыңының оңтүстігіндегі, Шілік өзенінің алабындағы жаңадан ашылған «Богатырь» мұздығы туралы толық сөз болады. Онда Тұйықсу мұздығына жүргізілген бақылаулар жөнінде де айтылады. Мысалы, Оңтүстік Тұйықсу мұздығының бір жыл ішінде (1902-1903 жылдар) 3, 2 метрге кейін шегінгені көрсетіледі. Мұздықтың төмендегі ұшымен белгілеп өлшегенде оның күнтәулігіне 0, 214 м жылжитыны анықталды. Ю. М. Шокальскийдің екінші бір еңбегінде Тұйықсу мұздығына 1905-1906 жылдарда жүргізілген бақылаулардың деректері келтірілген.

С. Е. Дмитриевтің өзі де бірнеше мақала жариялап, оларда мұздықтарға баратын жолдарды көрсетті және мұздықтардың қандай климат жағдайларында пайда болатыны туралы баяндады. Автор өз еңбектерінде 1903, 1905 жылдардағы бақылаулардың деректерін келтіреді, сонымен қатар оңтүстік Тұйықсу мұздығының екі жылда 4, 3 метрге кейін шегінгенін жазады.

Қазақстан мұздықтарына арналған өзге еңбектердің ішінен Я. И. Корольковтың зерттеулерін атап көрсеткен жөн. Ол Тышқан өзенінің жоғары сағасындағы, Жаркент қаласының маңындағы, Ыстықкөлге құятын Ақсу өзенінің, сондай-ақ Үлкен Кемін өзеніне құятын Ақсу өзенінің және Үлкен Кемін өзенінің өз аңғарларындағы мұздықтардың 4 тобын суреттеп жазды [5] .

1. 2. Қазақстандағы мұздықтардың пайда болуы мен дамуы

Қазақстанның биік таулы аймақтары солтүстік жарты шар климатының жалпы суынуына байланысты плейстоценде мұз басуға ұшырады. Бұған таулардың күшті көтерілуі де әсерін тигізген. Ертедегі мұз басудың іздері биік таулы аймақтардың көптеген жерлерінде байқалады. Мұнда бетінде мұздықтардың айғыздап кеткен іздері бар, бірақ тегістелген беткейлер; не ертеректегі, ені кең, қирап бұзыла бастаған, не таяуда ғана мұздықтардан босаған мұздық карлар; көлемі жағынан кішігірім, бірақ көркем, терең кар және мореналық тоған көлдері; кең әрі бірсыпыра терең трог аңғарлар; өсімдіктер қалың өсіп басып кеткен немесе әлі жас, қалың мореналық шөгінділер және осы күнгі өзен аңғарлары бойында жататын үлкен мұздық қой тастар кездеседі. Бұл ертедегі мұз басудың әр түрлі іздері палеонтологиялық жағынан сипатталған жоқ. Сондықтан Қазақстан тауларындағы ертедегі мұз басудың саны, сипаты, типі, көлемі мен шекарасы әлі жеткілікті анықталмаған.

Қазақстанның әр түрлі биік таулы аймақтарында ертедегі мұз басудыі саны әр түрлі болуы мүмкін емес, өйткені ол барлық таулы аймақтар ол кезде де қазіргідей физикалық-географиялық жағдайларда жатқан.

Қазақ ССР Ғылым Академиясының география секторы жүргізген соңғы жылдардағы зерттеулер бойынша мұз басу екі рет болған деп есептелінеді.

Бірінші мұз басу (рис) ол кезде онша тілімделмеген тауларды қалың жауып жатқан. Көпшілік ғалымдардың пікірінше, ол жаппай немесе жартылай жабу сипатында болған және кейінгі мұз басуға қарағанда анағұрлым үлкен территорияны қамтыған. Бірінше мұз басудың ізі қазіргі уақытта нашар сақталған. Оған кең, өте бұзылуға ұшыраған карлар, жоғарғы немесе ішкі трог аңғарлардың анағұрлым жайпақ бөліктері және жартылай шайылған трогтардың қабағындағы өсімдік басып кеткен мореналық шөгінділер жатады.

Екінші мұз басу (вюрм) таулы аймақтардың бөлшектелуі және терең тілімденуінен кейін өткендіктен аңғарлық сипатта болған. Бұл бірінші мұз басуға қарағанда көлемі жағынан шағын болғанымен, аңғарларды бойлап ұзаққа тараған.

Екінші мұз басудың іздері жақсы сақталған. Олар жас, кішігірім мұз карлары, трогты аңғарлардың бірсыпыра жіңішке бөліктері және мореналы шөгінділер түрінде кездеседі.

Қазақстан Алтайы плейстоценде (Алтай тау жүйесінің қалған бөліктерімен бірге алып қарағанда) үлкен мұз басу орталығының бірі болған. Тек бір ғана Оңтүстік Алтайда ертедегі мұз басудың көлемі 400 км 2 жеткен.

Рудалы Алтайда ертедегі мұз басу мұндай қалыңдыққа жеткен жоқ, бірақ онда да Өскемен қаласына дейін түскен альпі типіндегі Ивановский мұздығы сияқты ірі аңғар мұздықтары болған [6] .

Төменгі төрттік дәуірде Сауыр-Тарбағатай да жергілікті мұз басудың орталығы болған. Бірінші, анағұрлым үлкен мұздық мұнда 700 м биіктікке дейін, екінші - аңғар мұздығы 1000 м биіктікке дейін тараған. Сауырдағы Қосайрық мұздығының ұзындығы 20 км-ге жеткен.

Жоңғар Алатауы мұз басу кезінде оның ірі орталығының бірі болған. Жоңғарда бірінші максимальды мұз басу 1000 - 1100 м биіктікке дейін болған, қазіргі уақытта бұл жерлерде жартылай шайылған мореналар сақталып қалған. Жоңғардағы ірі мұздықтар 25-50 км-ге жеткен. Мысалы, Лепсі өзені жүйесіндегі мұздықтардың ұзындығы 52 км-ге дейін болған.

Плейстоценде Қазақстан Тянь-Шаньы да мұз басуға ұшыраған. Дегенмен Тянь-Шаньның, әсіресе оның батыс тармақтарының анағұрлым оңтүстікте жатуы нәтижесінде ертедегі мұздықтар мұнда жоғарыда айтылған таулы аймақтармен салыстырғанда бірсыпыра жоғарыда аяқталған, оған ертедегі аяққы мореналы шөгінділердің жоғарыда орналасуы дәлел бола алады. Мысалы, Қырғыз Алатауында ертедегі аяққы мореналар 2500 м, Талас Алатауында 2500-3000 м биіктікте жатыр. Бұл жерлерде ертедегі аңғар мұздықтары ұзындығы 10-15 км-ге жеткен.

Қазіргі кезде Қазақстанның биік таулы аймақтарында 2724-ке жуық мұздықтар бар, олардың жалпы ауданы 2033 км 2 -ге тең болса, ал ондағы жинақталған су қоры шамамен 100 км 3 -ге тең [7] .

Қазақстандағы мұз құрсанудың сипаты

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан мұздықтары және олардың таралу ерекшелігі
Қазақстандағы қазіргі мұз басулар
Адам әрекеті нәтижесінде табиғи кешендердің өзгеруі туралы ақпарат
Тау беткейлерінің мүздықтары
Су жүйелері және оның ластану көздері
ТЯНЬ-ШАНЬ ТАУЫНА ЖАЛПЫ СИПАТТАМА
Қазақстанның физикалық географиясы
Қазақстан бойынша саяхат. Қорықтар
Көлдер мен бөгендер
Тау мұздықтарының типтері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz