Нұрмағанбетов Тәшенев жайында



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 25 бет
Таңдаулыға:   
Жоспар:

Кіріспе

І-тарау.

Ж.А.Тәшеневтың өмірі мен қызметі

1.1. Ж.А.Тәшеневтың балалық және жастық шағы

1.2. Ж.А.Тәшенев мемлекеттік және партиялық қызметке араласуы

ІІ-тарау.

Ж.А.Тәшенев халқына қызмет еткен тұлға

2.1. Ж.А.Тәшеневтың Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игерудегі
рөлі

2.2.Қоғам қайраткері Ж.А.Тәшеневтың аумақтық мәселелерді шешудегі үлесі

2.3. Ж.А.Тәшенев және Қазақстандық қоғамның өзекті мәселелері

ІІІ. Қорытынды

IV. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Ж.А.Тәшеневтың өмірі мен қызметі

Ж. Тәшенев – мемлекет және қоғам қайраткері, экономика
ғылымдарының кандидаты, КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары
партия мектебін бітірген.
1935-1945 жылдары әуелі аудандық, одан соң облыстық жер бөлімінің
бастығы және орынбасары қызметтерін атқарды. 1945-47 жылдары Солтүстік
Қазақстан облыстық партия комитетінде мал шаруашылығы бөлімінің
меңгерушісі, обком хатшысының орынбасары қызметін, 1947-48 жылдары
Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші
орынбасары, ал 1948-1951 жылдары сол облыстық атқару комитетінің төрағасы
болып жұмыс істеді.
1952 жылы қаңтар айынан 1955 жылғы сәуір айы аралығында Ақтөбе
облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Көп ұзамай
саяси сахнаға қабілетті Тәшенев Ақтөбе облысының бірінші хатшысы, 1955 жылы
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының төрағасы, ал 1960-1961 жылдары
Республика Жоғарғы Кеңесін басқарды.
Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Сағадат
Нұрмағанбетов Тәшенев жайында: Ол қандай қызметте болса да ең алдымен өз
елінің мақсат-мүддесінен шығатын, халықтың жағдайын ойлайтын, ұлттық
мәселелерді КСРО басшыларының алдында тайсалмай қоятын. Жүрегі тек қазақ
деп соғатын біртуар азамат еді, - деп еске алатын. Ұлы Отан соғысы кезінде
тылдағы жұмысты ұйымдастыру үшін броньмен басшылықтағы бірқатар адамдар
әскерге алынбағаны белгілі. Кейін осы соғыстан қалып қойғандардың көпшілігі
жоғары орындарда қызмет атқарады. Жұмабек Ахметұлы солардың бірі. Кейін ол
қарамағындағы қызметкерлеріне үнемі: Біз броньмен соғысқа бармай қалдық
қой. Қабылдауымызға келген соғыс ардагерлерінің өтініш-тілегін жерге
тастамайық, олар от пен оқтың астынан келді деп ескертіп отырған екен.
Кезінде қайраткердің іскерлігін, қабілетін Шымкент облыстық партия
комитетінің бірінші хатшысы В.А.Ливенцовтың өзі мойындауға мәжбүр болған.
Ол 1964 жылы Мәскеудің өкілі қатысып отырған Қазақстан Компартиясы Орталық
Комитетіндегі мәжілісте: Н.С.Хрущев Ж.Тәшеневтың намысына тиіп, қызметінен
төмендетіп бізге облатком төрағасының орынбасары етіп жіберсе де, ол өзінің
таңғажайып қабілетінің арқасында Оңтүстік Қазақстандағы ең құрметті адам
болып отыр,- деп мәлімдеген еді.
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген экономист, профессор Ғарай Сағымбаев
Ж.Тәшенев республика басшылығында болған 6 жылда Қазақстанның экономикасы
мен мәдениеті қарыштап алға басқанын төмендегідей деректермен көрсетеді.
Осы жылдары электр энергиясы қуатын өндіру – 2 есе, мұнай өндіру – 1,6 есе,
көмір өндіру – 2 есе, цемент шығару – 15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе,
тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыш өндіру – 2 есе, аяқ
киім тігу – 4 есе, ет өндіру – 2 есе, қант өндіру – 1,5 есе, мал майын
шығару – 1,4 есе, өсімдік майын шығару – 2 есе өскен. Егіс көлемі – 6
миллионнан 22 миллион гектарға, ірі қара мал саны – 5,5 миллион, қой мен
ешкі – 28,5 миллион басқа дейін өсті. Халық шаруашылығында 125 мың жоғары
білімді, 215 мың орта білімді мамандар қызмет етті. Бес жылда 690 мың пәтер
салынып, 2,4 мың кәсіпорындар мен мекемелер іске қосылады. 6140 кітапхана,
5140 клуб, 4777 киноқондырғылар, 25 музей, 19 облыстық театрлар жұмыс істеп
тұрды. Сөйтіп, халықтың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс мәдениеті айтарлықтай
жақсарды.
Ж.Тәшенев жоғары қызмет бабына орай бір мезгіл Мәскеуде де басшылық жұмыс
атқарып отырған. Сол кездегі тәртіп бойынша КСРО құрамындағы 15 одақтас
республика Жоғағы Кеңестерінің төрағалары КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының
орынбасарлары болып есептелінетіндіктен мәскеулік төраға демалысқа
шыққанда 1 ай бойы Мәскеуге барып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының қызметін
уақытша атқарған.
Жұмабек Ахметұлы басшылық қызметі барысында елінің ертеңі жарқын болу
үшін ерінбей еңбек етті. Оған төмендегідей тарихи айғақтар дәлел:
1. Республиканың территориялық біртұтастығын сақтап қалды.
2. Ұлттық мамандарды басшылық кызметке тартты.
3. Алматыдағы орталық көшелердің біріне ұлы акын, ойшыл Абайдың есімін
беруді және оған ескерткіш орнатуды ұсынды.
4. Медеу мұз айдынының құрылысын аяктауға орталықтан қаражат алып
берді.
5. Репрессияға ұшырағандарды реабилитациялау комиссиясын басқарды.
6. 1958-жылы Мәскеуде қазақ өнері мен әдебиеті декадасын ұйымдастырып,
бес бірдей қазақ әртісіне КСРО Халық әртісі атағын алып берді.
7. Бауыржан Момышұлының Артымызда Мәскеу еңбегін жарыққа
шығартқызды.
8. М. Әуезовтің Абай жолы романын Лениндік сыйлыққа ұсынды.
9. Нұрмолда Алдабергеновке Социалистік Еңбек Ерінің үшінші алтын
жұлдызын, Бауыржан Момышұлы мен Ракымжан Қошкарбаевқа КСРО батыры атағын
беруге ұсыныс жасады.
10. Ядролық каруды сынауға түбегейлі қарсы шықты.

Ж.А.Тәшеневтың балалық және жастық шағы

Қазақтың біртуар азаматы Жұмабек Ахметұлы 1851 жылы 20 наурызда
Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Ново-Александров (Танакөл) ауылында
дүниеге келген (бұрынғы Целиноград облысы, Вишнев ауданы, ал тәуелсіздік
алғаннан кейін бұл елді мекеннің атауы Жібек жолы деп өзгертілген). Осы
ауылдағы мектепте орта білім алады. Ауылда бақташы болады. Зеректігінің,
еңбекқорлығының, алғырлығының, қазақ және орыс тілдерін еркін
білетіндігінің арқасында басшылардың көзіне түсіп ауылдық, кейін аудандық
қызметтерге араласады. Ол жасынан алғыр, өжет бала болып өседі. Оқуда алда,
белсенді, жүрген-тұрған ортасында үнемі алымдылығымен ерекшеленеді.
Мектептен соң ол Ақмоланың құрылыс техникумын бітіреді. Осы жерде комсомол
белсендісі болған оны бірден Вишнев аудандық атқару комитетіне жұмысқа
алады. Одан әрі қызмет баспалдақтары Солтүстік Қазақстан облыстық атқару
комитетінде, Ақтөбе облыстық партия комитетінде жалғасады. Осы, соңғы
облыста ол обкомның бірінші хатшылығына сайланады. Сол аймақтарда да оның
өрелі істерінің ізі бар.
Ж.А.Тәшенев еңбек жолын 19 жасында аудандық атқару комитетінің
хатшысы қызметінен бастады. Ж.А.Тәшенев туралы деректер жинап, халыққа
насихаттап жүрген журналист Жолдыбай Базаров Қазақ даласы дүрбелеңге толы
XX ғасырдың басында өзін қорғау үшін тағы бір ұлын өмірге әкелді де, арынды
айбат, абдырауды білмейтін ақыл, зеректік пен зейінділікті, кемеңгерлікті
Күн нұрымен, Арқаның керімсал самалымен бойына сіңірді де, күрес алаңына
аттандырып салды. Сол бір аумалы-төкпелі кезеңде балалықтың еркелігін,
жастықтың желігін жүрегінен ерте ысырып, бесіктен белі шықпай жатып,
жасанып жауға аттанған Алпамыс батырдың заңды жалғасындай атқа қонған
азаматтардың бірі, әрі бірегейі Жұмабек Ахметұлы Тәшенев еді,- деп
қаһарманның қазақ тарихындағы рөлін әсерлі, бейнелі оймен бедерлейді.

Ж.А.Тәшенев мемлекеттік және партиялық қызметке араласуы

Ж.Тәшенев – мемлекет және қоғам қайраткері, КОКП Орталық Комитеті
жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1934 – 1939 жылдары Ақмола
және Солтүстік Қазақстан облыстарында шаруашылық, кеңес және жауапты
партия жұмыстарында болған. 1940-1950 жылдары Солтүстік Қазақстан
облысында жер бөлімі, мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, облыстық
партия комитеті хатшысының орынбасары, облыстық атқару комитеті төрағасының
орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарды.Одан кейін жоғарыда айтылғандай
Ақтөбе облысында бірінші басшысы болып еңбек етеді. 1952 – 1955 жылдары
Ақтөбе облыстық партия комитетінің 1 –ші хатшысы, 1955 – 1960
жылдары Қазақ КСР – і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, 1960 –
1961 жылдары Қазақ КСР – і Министрлер Кеңесінің төрағасы
қызметтерін атқарған.
Қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің мемлекетіміздің қалыптасуына және
дамуына қосқан еңбегі зор. Ол көп жылдар жоғары мемлекеттік қызметтерде
еңбек етті. Ел тағдырына қатысты Жұмабек Тәшеневтың жасаған батыл қадамдары
тарих беттерінде мәңгі қалмақ. 60-шы жылдардың басында қазақ жерінің
аумақтық тұтастығына қауіп төнген кезде Қазақ ССР министрлер кеңесінің
төрағасы болған Жұмабек Тәшеневтың әрекеті ерлікпен пара-пар дейді
өлкетанушы Қайролла Мұқанов. Соғыс жылдары және одан кейінгі кезеңде
аянбай еңбек етіп, жиырма жылдан астам өңіріміздің дамып өркендеуіне көп
еңбек сіңірді. Жасұлан Құдабаев Тәшеневпен жақын араласқан екен. Жұмысына
адал, жауапкершілігі аса зор адам болатын деп еске алады қария.
Жұмабек Тәшенев - экономика ғылымдарының кандидаты. Бірнеше
монографиялық еңбектің авторы. Оның 30-50 жылдары саяси қуғын-сүргінге
ұшырағандарды ақтауға көп күш салғаны да атап өтілді. Аға буын өкілдері
мемлекет қайраткерінің жүріп өткен жолы жастарға үлгі екенін айтады.
Табиғатынан зерек, алғыр да сергек Жұмабек Ахметұлы Солтүстік
Қазақстан, Ақтөбе облыстарының басшысы болған кездерінде еңбекшілердің
күнкөріс қарекеттеріне, ой-өрістеріне, ұлттық сана-сезім мен дәстүрге
ерекше мән берді. Қазақстандықтардың бірлігін нығайту негізінде ұланғайыр
өлкенің байлығьн республика иелігіне кеңінен пайдалануға, осы жасампаздық
істерге қазақ қыздары мен ұлдарының белсене араласып, кеңінен қатысып,
білімді, мәдениетті игеруіне жағдай жасалуына жете көңіл бөлді. Қиын да
күрделі, сын мен талапқа толы талай мәселелерді шешті. Өндіріс алыптарын
дамытуға, жұмысшы табын жергілікті қазақ жастары есебінен толықтыруға,
әсіресе соғыс жылдарында азып-тозып кеткен тұрғын үй құрылыстарын салуға
халықты жұмылдыра білді. Фашистік басқыншыларға қарсы соғыста жеңіс жолына
бәрін құрбан еткен қарапайым халық ғажап ерлік, шыдамдылық пен
төзімділіктің баға жетпес үлгісін көрсетті. Соғыс аяқталған соң бірнеше жыл
бойы ауыл тұрғындарының көбі жеркепеде күнелтті. Отбасыларды жайлы
баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын Жұмабек Ахметұлы қауырт жүргізді. Сан
мың адам жаңа қоныстарға көшірілді.
Айта кетерлік жайт, ұлтжанды қайсар азамат республиканың басшы
қызметтерінің біріне тағайындалған сәтте 1937 жылы жазықсыз жазаның
құрбандарына айналып, қуғын-сүргінге түскен С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов,
Б.Майлин, С.Қожанов, I.Жансүгіров, X.Досмұхамбетов, М.Жұмабаев, т.с.с.
халықтың ақиық абзал азаматтары, Алаш қайраткерлерінің есімдері ақталып,
ұлттың рухы көтеріліп, болмыс-бітімі байып, дами түскен еді.
Ауыз толтырып айтарлықтай кінәсі болмаған Жұмабек Ахметұлын Оңтүстік
Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне
төмендету туралы жарлық шығарылды. Қазақ халқында батыр бір оқтық деген
нақыл сөз бар. Сол сияқты Тәшеневті орталық ұзақ бақылауға алып, оны еш
себепсіз қызметтен босатып, Шымкент облысының бірінші хатшысының орынбасары
етіп қойды. Сөйтіп, Тәшеневтің мансаптық сатысына балта шабылды.
Оңтүстік еліне келгенде Жұмабек Тәшенев қырықтың ортасында еді. Абзал
азамат жайлы торға түскен айбарлы арыстан ғой, сабаз деген сөздер жиі
айтылатын. Осы қызметті 1975 жылға дейін атқарған Жұмабек Ахметұлы
еңбекшілердің өтініш-тілектерін ескерусіз қалдырмай, барлығын бірдей қарап
отырған. Қала мен даланың тұрғындары оған тоқтаусыз ағылып келген көрінеді.
Көзкөргендердің айтуынша Жұмабек Тәшеневтің мінезі жайсаң, жүріс-тұрысынан
үнжырғасы түскен, төредей өзін ұстайтын қасиеттері көрінбейтін. Үлкенге
құрмет, кішіге ізет көрсету тұрақты әдеті болған. Сондықтанда ол ел ағасы
болып танылып, халық құрметіне бөленді.
Жұмабек Тәшенев 1975 жылдан Қаракөл ғылыми-зерттеу институты
директорының орынбасары, ғылыми-техникалық орталықтың директоры қызметтерін
атқарды.

Ж.А.Тәшенев халқына қызмет еткен тұлға

Халық тарихының, ел тағдырының қадау-қадау кезеңдері өзінің маңдайалды
біртуар азаматтарының есімдерімен ерекшеленіп отыратыны қашаннан-ақ
белгілі. Кеңестік замандағы тоталитарлық жүйенің биік лауазымына ие болса
да өз ұлтының мүддесін әсте естен шығармаған, халқының сілтесе семсері,
қорғанса қалқаны бола алған ұлтжанды, қайсар азаматы Жұмабек Тәшенев сондай
тұлғалардың бірі.
Төл тарихымыздан мәлім республика басшылығында болғандардың бәрі ел
арасында, халық аузында бірдей бағаға ие бола бермеген. Олардың
кейбіреулері көзі тірісінде мақталып жатса, енді біреулері бақи дүниеге
аттанған тұста датталып, шынайы бағасын алып отырған.
Мемлекет басқару, ел тұтқасын ұстау азабы мол, жауапкершілігі зор
кәсіп. Ел басқаруға қаншама шымырлық, шыдамдылық қажет екендігі белгілі.
Қоғам өмірінде кездесетін сан қилы, сан салалы кұбылыстарға терең үңіліп,
дәлме-дәл талдау жасау, тұрғындардың мұң-мұқтажын ескеріп, талап-тілегіне
сергек қарап, әрбір маңызды істі шешуде зеректік пен алғырлық, өткір
өжеттілік таныту - нағыз басшыға лайық қасиет. Қайраткер үшін халық
мүддесі, оның тарихы, тағдырының басты, өзекті мәселесі. Сондай ұлт
мүддесін қара басының қамынан жоғары коя білген азамат - Жұмабек Ахметұлы
Тәшенев еді.
Жұмабек Ахметұлы - көзі тірісінде ел аузында есімі аңызға айналған,
қарапайым халықтан жоғары баға алған абзал азамат. Сондықтан да оның есімі
оқшау аталады. Өз заманының ірі тұлғасы туралы кейінгі жылдары естеліктер
жазылып, қайраткер жайында айтыла бастады. Мұның өзі құптарлық жайт,
өйткені ел басқарған адамдардың өмірі мен қызметін танып, терең зерттеудің
маңызы зор.
1955 жылы сәуір айында Ж. Тәшеневтің еліне сіңірген еңбегі еленіп,
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының, яғни Президиумының төрағасы болып
тағайындалды. Бұл бүкіл КСРО-да соның ішінде Қазақстанда іске асырылған
экономикалық, әлеуметтік және идеологиялық шаралар нәтижесінде дамудың
көптеген көкжиектері ашыла бастаған кезең еді. Алайда бұл мүмкіндіктер
толығымен пайдаланылмай қалды. Оларға Н.С. Хрущев бастаған басшылықтың
қызметіндегі субъективтік әдістер кедергі жасады. Экономиканы басқару ісі
ойдан шығарылған әрекеттердің ырқына түсіп кетті. Саяси басшылықтың
волюнтаристік идеялары мен әрекеттері қоғамның берекесін кетіре бастады.
Коммунизмнің елесі жақындап, орыстандыру саясаты нығайып, жалған уәделер
мен болжамдар күшейген сәтте Қазақстан КП Орталық комитетінің 1955 жылы
тамызда өткен пленумы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші
хатшылығына Л.И. Брежневті тағайындады. Ол бюро мәжілісінде екінші хатшы
етіп сайлайтын кандидатуралар жөнінде пікір алысу рәсімін өткізді. Жаңадан
тағайындалған бірінші хатшы Мәскеумен келісілген, орталык ұнатқан
үміткердің есімін атады. Сондай-ақ бұл кезде республикада тың және тыңайған
жерлерді игеру қарқынды түрде жүргізіліп жатқан болатын. Орталықпен
келісілген осындай біржақты шешім бюро мүшелерінің кейбіреулерін бейжай
қалдырмады. Осы тұста өз ойын ашық білдірген Жұмабек Ахметұлы:
Қазақстандағы игерілген тың жер, одан өндірілген астық көлемі әлемге
әйгілі. Бұл күрделі өзгерістерді жүзеге асыруда қазақ халқы, партия үйымы
тәрбиелеген кадрлар өздерінің қабілетін көрсетті. Миллиондаған адамдар
келіп, жүздеген совхоздар пайда болды, оларға орысша атаулар берілді. Оған
қазақтардың қарсылығы болмады. Үлкен істе саңлақтар өсті. Аудан,
облыстарда, орталық аппаратта, министрліктерде екінші хатшыға лайық қазақ
азаматтары аз емес. Сондықтан оларды көзге ілмеу таң қалдырады. Мен мұны
қазақ кадрларын білгісі келмегендік, не оларға сенімсіздік таныту деп
түсінемін. Бірінші, екінші хатшылық қызметке қазақ кадрларын жолатпау
белгілі бір дәстүрге айнала бастады, - деп батыл пікір айтты.
Жұмабек Ахметұлының пікірі дұрыс деп саналғанымен, ол ескерілмеді.
Есесіне бірінші басшы ұлтжанды азаматтың ойын көкейіне түйіп, өкпесін
бүгіп қалды.
Ж. Тәшенев ұлттық кадрлардың да саяси элитаға айналуына тікелей
септігін тигізді. Бұған мына жайт дәлел. Бірінші хатшы болып сайланған Л.И.
Брежнев Алматыға келіп, Орталық Комитеттің бюросын өткізді. Жиында I және
II хатшылыққа И. Яковлев пен И. Журин кандидатураларын мәлімдеді. Сол кезде
бюро мүшелері Д. Қонаев та, Ф.Кәрібжанов та, М. Бейсебаев та мәлімдемеге
байланысты өз пікірлерін білдірмеді. Тек қана заман адамына теңеуге лайықты
Ж.А.Тәшенев Брежнев мәлімдемесіне байланысты өзіндік пікірін білдіру үшін
сөз сөйледі: аудандық, облыстық, орталық аппаратта республика
басшылылығына әбден сай келетін ұлттық мамандар өсіп келеді. Солардың бірі
Фазыл Кәрібжанов екінші хатшы қызметіне лайық. Ал мен сіздердің
мәлімдемелеріңіз қазақ ұлтын төмендетуге бағытталған деп санаймын. Орталық
мақсаты - қазақ ұлты өкілдерін басшылық қызметтен аластату. Сол себепті
бюро шешімімен келіспеймін . Көп ұзамай Ф.Кәрібжанов республиканың екінші
хатшылығына тағайындалды. Екі жылдан соң Д. Қонаев республиканы басқарды.
Мұндай батыл іс-қимылды Жұмабек Ахметұлының Отаны алдындағы ерлігі деп
бағалауға болады.
Қазақстан және Орталық Азияда кеңестік кезеңде бірқатар мемлекеттік
межелеулер өткізілген. Солардың бірі ауыл шаруашылығына бейімделген
Солтүстік облыстарын Ресейге, мақтаға қамтылған Шымкенттің үш бірдей
ауданын Өзбекстанға, мұнай мен газға бай Маңғышлақтың Түркіменстанға беру
мәселелері. Бұл орталық тарапынан қысым жасау арқылы шешілуге тиіс түйіткіл
болатын. Аталмыш мәселені Н.С. Хрущев Ақмола қаласында жиында қозғап, былай
деген: Республика аумағына байланысты бір сұрақ туындап отыр. Осы сұраққа
байланысты Д.А. Қонаев жолдастың және облыс басшыларының пікірлерін білдім.
Олар саяси бюро ұсынысын қолдап отыр. Ал енді осы мәселеге байланысты
Жұмабек Ахметұлы сіздің пікіріңізді білсек. Ж.Тәшенев еш кідірместен:
Никита Сергеевич, мен бұл шешімге жай ғана қарсы емеспін, бұл сұрақтың күн
тәртібіне қойылуының өзі дұрыс емес деп санаймын. Н.С. Хрущев Жұмабек
Ахметұлынан мұндай жауап күтпеген еді. Ол кызарып, бозарып: Сен саяси
бюроға карсы шығатын кімсің? Біз сенің қолдауыңсыз-ақ шешім қабылдай
аламыз. Кеңес Одағы бір мемлекет болғандықтан, республика аумағындағы
өзгерістерді Жоғарғы Кеңес шешеді, - деді. Егер Жоғарғы Кеңес өз еркімен
республиканың территориялық жағдайына араласса, КСРО Конституциясын алып
тастау керек. Ата заңда әр республика өз территориясына өзі құқылы
дегендігі тайға таңба басқандай көрсетілген емес пе? Егер бұл құқық
жойылатын болса, біз халықаралық құқық қорғау органдарына шағымданамыз, -
деп Н.С. Хрущевқа үзілді-кесілді қарсылығын білдірді.
Республика басшыларының қарсылығана карамастан 1954 жылдың тамыз
айында Н.С. Хрущев Қазақстанның оңтүстігіндегі Бостандық ауданын
Өзбекстанға қосу туралы ұсыныс жасады. Осы мәселе жөнінде Ж.Тәшеневтің
төрағалық етуімен арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында М. Бейсенбаев, С.
Дәуленов, X. Арыстанбеков, А. Морозов, В.Гогосов, В. Шереметьев болды.
Комиссия жергілікті жағдайды жете зерттеп, Бостандық ауданының жері мал
өсіруге мәні зор екендігі, кұрылыс материалдарын өндіруге,қорғасын, көмір
және машина жасайтын өндірістердің жұмыскерлері демалатын санаторийлер
ұйымдастыруға өте қолайлы екендігін ескеріп, бұл ауданды Өзбекстанға беруді
өте тиімсіз санады. Оңтүстік облысының Бостандық ауданын Өзбекстанға беру
жөніндегі Өзбек КСР-ы өкіметінің сұрауын комиссия негізсіз деп есептейді
деген хат Қазақстан Орталык партия комитетінің бірінші хатшысы Л.И.
Брежневке жіберілді.
Қазақстан Орталық партия комитеті мынадай қаулы қабылдады: Бостандық
ауданының жерінің мәнін жоғары бағалай келіп, Орталық партия комитетенің
бюросы Ж. Тәшенев басқарған арнайы комиссияның қорытындысымен келісті.
Осылайша, Бостандық ауданы Өзбекстанға берілмейтін болды. Бұйрығын екі
етуге төзбейтін және қысым жасауға дағдыланған коммунистік партияның
орталығы, кеудесіне нан піскен Никикта Сергеевич Хрущев қазақ
басшыларының пікіріне пысқырып та қарамады. 1955 жылы 12 қарашасындағы
Кремль жарлығы бойынша Бостандық ауданы Өзбекстанға берілді. Қазақтың 4
миллион гектар жері мен қалың елі көзі мөлдіреп Өзбекстанға кете барды.
Орталықтың шешіміне кім карсы екенін анықтап алған Мәскеу өз дегенін
істеді. Ал қарсыластардың қара тізіміне Жұмабек Тәшенев бірінші болып
енгізілді.
Кеңестік саяси жүйенің бір ерекшелігі өзі өсірген, халық қалаған, сол
жүйені нығайтуға өмірін сарп еткен азаматтар қарсы келе қалса, оларды су
түбіне жіберуге, ешбір шімірікпестен қыр соңына түсіп құртпай тыныш
таппайтын еді. Өмірінің соңына дейін кедергілерден құрсау құрып тастайтын.
Міне, осыдан елім, жерім, халқым деп азапқа түсетін азаматтар құтылмайтын.
Жұмабек Ахметұлы да саяси билеп-төстеушілердің ұзын құрығынан құтылмады.
Республика Орталық партия комитеті бюросының жабық мәжілісінде Қазақ
КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.А. Тәшеневтің қызметіндегі кемшіліктер
қаралды.
Ал Кремльдің отаршылдық пиғылымен қасақана жасалған қыстастығының
салдары күні бүгінге дейін сезілуде. Бостандықтағы қандастардың елге
қайтуға ынталары зор. Алайда бұл мәселенің түйінін шешу аса қиын.
Кеңестік заманда компартия қабылдаған стратегиялык саясатпен келіспеу,
оны орындаудан жалтару мүмкін еместігін қазақ басшылары жақсы түсінді.
Сондықтан да болар, тың игеру науқанына Д.А. Қонаев та, Ж. Тәшенев те ашық
түрде қарсылық көрсеткен жоқ. Ол мүмкін емес еді. Өйткені Мәскеуге
жергілікті пікірдің кажеті жоқ, барлығын өзі пішіп, өзі кесетін орталық
ұлттық мәселеге кырын қарады. Орталық қазақ жерін бөлшектеуге ниет
білдіріп, ел тұтастығына қауіп төнген тұста ұлттық мүддені қорғап, империя
саясатына қарсы шыққан Жұмабек Ахметұлы тағы да қайсарлық, бірбеткейлік
танытты. Никита Хрущев Тың өлкесін бүтіндей РСФСР-ға бағындырудың неше
түрлі амалын іздеп, саяси бюроға қайта-қайта ұсыныс жасап бақты. Ол кезде
Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаев пен
Министрлер Кеңесінің Төрағасы Жұмабек Тәшенев екеуі Тың өлкесін РСФСР-ға
беруге де, орталыққа тура бағындыруға да қарсы болды. Баса айтатын жайт,
егер сол жылдары Жұмабек Тәшенев секілді қайсар да бірбеткей, ұлтжанды әрі
шынайы күрескер билік басында отырмағанда еліміздің орталығы мен
солтүстігіндегі бес облыс Ресей Федерациясының меншігіне айналып кете берер
еді. Жұмабек Ахметұлы өткен ғасырдың 60- жылдары Қазакстанның аумақтық
жіктелісінің алдын алу арқылы өзінің Отанына деген патриоттық рухын
осылайша білдірді. Коммунистік партия басшысы Хрущевтің одақтас
республикалар арасындағы шекараларды жоюды көздеген саясатына тосқауыл қоя
білді. Орталыктың саяси авантюрасына өзінің күш-жігерінің, саяси білімінің,
ұлттық рухының арқасында тойтарыс беріп, елінің мызғымас біртұтастығын
сақтай білді.
Тарих Жұмабек Тәшеневтің туған жерге ғана емес, сонымен бірге ана
тілімізге, қазақ баспасөзіне де үлкен жанашыр болғандығына куә. 1958 жылғы
28 шілдеде республикалық Орталық партия комитетінің бюросында Қазақ
әдебиеті газетіндегі ұлтшылдық көзқарас ағымының өрістеуі туралы мәселе
қаралып, баяндама жасау газет редакторына жүктеледі. Ол мінберге
көтерілерде жүрексініп, сылбыр басып бара жатқанын байқаған Жұмабек
Ахметұлы Тайсақтамай батыл сөйле - деп жігер бере дауыстап қалған. Бұл
газет редакторы - Сырбай Мәуленовке күш-жігер қосқандай болған көрінеді.
Осы мәжілісте Социалистік Қазақстан, бүгінгі Егемен Қазақстан
газетінің сол кездегі редакторы Қасым Шәріпов Қазақ әдебиеті газетін жабу
керек. Ал басқа қазақ газеттерін түгел аудармаға айналдырмаса болмайды.
Егер Социалистік Қазақстан газетін Казахстанская правдадан аударып, мен
редактордың орынбасары болып қана қойсам, өзіме үлкен бақыт санар едім
дейді. Жұрт тына қалып, отырғандар не айтарын білмей абыржып қалған кезде
Жұмекең Газетті ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің, - деп Қасымның
бетін қайтарып тастайды. Отырғандардың арасынан Жүсіп Алтайбаев суырылып
шығып, Шәріпов, бұдан да сенің өлгенің жақсы еді, - дейді. Сол жолы
Жұмабек Тәшеневтің батылдығы мен табандылығының арқасында Орталық Комитетің
бірінші хатшысы И.Д. Яковлев дұрыс шешім қабылдауға мәжбүр болып, әдебиет
газеті бір қатерден аман калды.
Жоғарыда айтқанымыздай Жұмабек Тәшеневтің қызметі жабық мәжілісте
каралып, калыптасқан әдет бойынша қызметкер партиялық өткір сынға алынып,
жала жабылды. Мұның барлығы оны қызметтен алу үшін жасалып бақты. Оңтайлы
сәтті пайдаланып, жергілікті билеушілер Жұмабек Ахметұлын қаралауға көшті.
Кейбір қаралаушылар үкімет қызметкерлеріне арналып салынған үйлерден
шығармашылық қайраткерлерге пәтер үлестірді, сөйтіп, Ж.Тәшенев Алматы
ортасында қазақ ауылын құруға бар күш-жігерін салды, мемлекет есебінен
жомарттық жасаудан жазбады дегенді айтты. Тіпті белгілі ақын, Алаштың арысы
Мағжан Жұмабаевтың зайыбын пәтермен қамтамасыз ету керек деген нұсқауына
саяси сипат беруге тырысты.
Ал деректердің мәліметтері қазіргі Қонаев пен Қабанбай батыр
көшелерінің қиылысында Ж.Тәшенев үкімет басшысы болған кезде қазақтың
шығармашылық өкілдеріне, яғни жазушыларға, әртістерге, ғалымдарға арнайы үй
салдырып, бәріне пәтер бөлгізіп бергендігін дәйектейді. Тоталитарлық жүйе
жағдайында бұл шетін жағдай болып саналатын. Осыған орай қылышынан қан
тамған шовинистер Ташенов в центре Алматы создает казахский аул деп талай
уақыт, әр жерде шулап, айыптап жүрді.
Соқтықпалы соқпақсыз өмір жолын бастан кешірген аяулы азамат 1986 жылы
71 жасында дүниеден өтті. Халық Жұмабек Ахметұлының ерен еңбегін жоғары
бағалағанымен, саяси жүйенің алдында ол көзге де ілінбеді. Ұсыныс-тілектер,
жазылған хаттар аяқ асты калды. 1966 жылдың наурыз айында КОКП XXIII
съезіне, КСРО Жоғарғы Кеңесінің конституциялық комиссиясына жолданған хатта
халық тағдыры мен жеке бастарының тағдырын ажыратпаған ардагерлер Ж.А.
Тәшенов, Н.Алдабергенов, А. Қанапин, т.б. жөнінде жан-жакты әңгіме
көтерілген. Бірақ халық қайраткерлері жөнінде қатыгез жүйенің қаһары қатая
түсті. Өш алу, кеміту, мұқату майданы өршіді. Саяжайы, мәшинесі болмаған,
баюдан бойын аулақ ұстаған ағамыз өз мамандығына сәйкес жұмысқа кірісті.
Әдеттегідей Жұмекең қызметте әріптестерінің құрметіне бөленді. Себебі оның
бойында ең ерекше қасиет даралап айтар болсақ үлкен адамгершілік асыл
қасиет бар еді. Айналасындағылар Жұмабек Ахметұлының білгірлігіне де
тамсанып, қызығып қарайтын. Ал адамгершілікті абзал азамат өмір бойы ту
етіп көтеріп өткен. Оған дәлел ретінде Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқа
төрағасының орынбасары қызметін атқарып отырғанда Украинаның бір белгілі
ғалымы жазықсыз жаламен ату жазасына кесілгенде Жұмабек Ахметұлы оның
мәселесін әділетті түрде қайта қарап, тексертіп, ақтап шығарған.
Сол жылдары Ақтөбе облысының шалғай ауданынан келіп, Алматыдағы
баласының қазасына кезіккен қарияға мүрдені алыс ауылына жеткізу үшін
өзінің қызмет ұшағын ұсынған.
Денсаулығының нашарлауына байланысты мүғалімдіктен заңсыз босатылған
азаматты емдетіп, өз жұмысына қайта орналастыруы тәрізді қамқорлықтары
үлкен жүректі адамгершіліктің айқын көріністері болып саналады.
Жұмекең Бауыржан Момышұлын үш рет, Қошқарбаевты бір рет Кеңес Одағы
Батыры атағына ұсынған. Екеуін де өткізе алмаған. Дей тұрғанмен
Б.Момышұлының алғашқы кітаптарының жарыққа шығуына Жұмабек Ахметұлы
себепкер болғаны баршаға мәлім. Ол Алматы облысының Талдықорған ауданындағы
колхоз председателі Нұрмолда Алдабергеновке екінші рет Еңбек Ері жұлдызын
орталықпен таласып жүріп, алып берген.
1960 жылы Семей облысында қатты қыс болып, жем-шөп таусылып, мал
шығыны орын ала бастайды. Осы кезде Ж. Тәшенев өзінің шешімімен мемлекеттік
сақтандыру қорындағы астықты малға бергізген. Мәскеудің құзырындағы қордан
рұқсатсыз астық алдың деп айыптаған Н. Косыгин Д.А.Қонаевқа телефон соғып,
республиканың үкімет басшысын КСРО Министрлер Кеңесі мәжілісінде жауапқа
тартатынын айтады. Д.А.Қонаевтың бұл мәселені өзімізде карайық, астық мал
үшін жұмсалды ғой, - деген тілегіне құлақ аспаған орталық Ж. Тәшеневке
сөгіс жариялайды.
Айта кетерлік жайт, Жұмабек Ахметұлы үлкен қызметтен түсірілген бойда
араға жыл салып, 1962 жылы Мәскеуде экононмика ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті қорғап, кеңес мүшелері
тарапынан бірауыздан колдауға ие болды. Алайда оның бекітілуі Жұмекеңе
оңайға түспеген. Аяқтан шалып, етектен жармасуға бұл істе де белсенділер
табылды. Өзімен бірге қызметтес болып, қасында бірге жүргендер
диссертацияға қажетті мәліметтерді үкіметтен ұрлап алды, кейбір
цифрларды ойдан шығарды деген жалған пікір айтып, Мәскеуге домалақ арыз
түсірумен болды. Мұнда да Жұмабек Ахметұлы тексеруден өтіп, зерттеу
жұмысының дербестілігі, ғылымилығы, жаңалықтарының соңғылығы, деректерінің
шынайылығы анықталды. Сөйтіп, Ж. Тәшеневке экономика ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесі берілді.
Аса жауапты, қауырт жұмыстар атқара жүріп, Жұмекең Казахстан в
братской семье дружбы народов СССР, Резервы повышения эффективности
сельскохозяйственного производства атты еңбектер даярлап, жариялады.
Өзінің жеке мүрағатындағы деректерге сүйенсек, Ж.Тәшенев докторлық
диссертация да дайындаған. Докторлық диссертациясында аумақтық экономика
мәселелеріне талдау жасалып, тұғырнамалық көзқарастар танытылған. Ғылыми
тәжірибелік ұсыныстарға Оңтүстік Қазақстан аумағының экономикасындағы
табыстар және оның мүмкіндіктері арқау болды. Бұған қоса бірқатар еңбектер
қолжазба күйінде қалып, жарық көрмеген. Қазір бұл диссертацияның қолжазбасы
Жұмекеңнің жеке мүрағатында ұрпақтарының отбасында сақталған. Осылардың
барлығы айтарға оңай жайттар болғанымен, терең білімді, жоғары
біліктілікті, кажыр-қайратты, парасат пен төзімділікті талап еткен еңбек
екендігі өзінен-өзі түсінікті. Осы турасында белгілі кайраткер, қаламгер Ә.
Жылқышиев; Жұмекең ғұлама адам еді. Ел тарихы, өнер мен әдебиет, саясат
пен экономика, мәдени құрылыс осылардың бәрі туралы ең кем дегенде әр
саланың ғылым кандидатындай мағлұматы болатын - деп жазған.
Замандастарының айтуына қарағанда Жұмабек Ахметұлының сыртқы бейнесі
қиссаларда жырланатын батырларға ұқсас болып келген. Қарсыластары олай
лақтырса да, былай лақтырса да жауырыны жерге тимей, аяғынан тік тұратын,
жығылуды білмеген балуан тәрізді. Жұмекең төртбақ келген, қырғи қабақты,
ақсары кісі болатын. Денесі тұтас еді. Қой көздері тіктеп қарағанда, кімді
болса да жасқандырып тастайтын. Сөйлеген сөзінің анықтығы мен нық
айтылуынан бойында қажымас қайрат, жасымас жігер бәрі айқын сезіліп тұрушы
еді. Содан да оған қарсы сөз айтуға кез-келгеннің батылы жете бермейтін, -
деп әділ бағасын беріпті.
Бар саналы ғұмырын алты Алаштың аталы жұртының мүддесіне, халқының
амандығы мен жерінің тұтастығына арнаған өр тұлғалы азаматгың өмірі, еткен
қызметі ұлан-ғайыр. Алайда сол еңбек өзінің шынайы бағасын ала алмай
келеді. Өз заманының ірі тұлғасының өмірі мен қызметін жан-жакты зерттеп,
ұлтымыздың ұлылығын көрсетуіміз қажет.
Тәуелсіздігімізді нығайтар, жаңарған әлемдегі жаңа Қазақстан болар
тұста Ж.Тәшенев сияқты абзал, біртуар, ірі тұлғаларды кемел ұрпаққа өнеге,
үлгі етіп көрсетіп, есімін ардақтасақ елдігіміз еселенер еді. Ал осындай
аяулы азаматка арнап елдігіміздің белгісіндей ескерткіш орнатсақ, тарих пен
халық алдындағы борышымыз өтелер еді.
Қазақ халқы жерін, ұлтын қорғаған, елінің ар-намысына айналған
азаматтарын лайықты құрметтеп, әрқашан ілтипатпен еске алып ұрпағына үлгі
етіп отырған.. Ж.Тәшенев есімі ресми тарихта әлі жазылмаса да Қазақстанның
өткен ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап халық зердесінде орын алған айтулы
тұлға. Оның ерліктерін көзімен көріп куә болған аға ұрпақ, Тәшеновтің
тарихтағы еңбегін енді біліп жатқан кейінгі буын өкілдері аңызға айналған
қаһарманның рухына бас иеді. Бұл айтулы тұлғаның ерлігін республика халқына
насихаттап жүрген Хайдар Арыстанбеков, Сағадат Нұрмағанбетов, Сағындық
Кенжебаев, Ғарай Сағымбаев, Керімбек Сыздықов, Кәрішал Асанов, Ұлықпан
Бәшенов, Амантай Кәкен, Жолдыбай Базаров т.б. ғалымдар, қаламгерлер Жұмабек
Ахметұлының еңбектерін ұлтына танытуға көп еңбек сіңіруде. Ұлтжанды
азаматтардың араласуымен Жұмабек Ахметұлы туралы мерзімді баспасөз
беттерінде бірқатар естеліктер, зерттеу материалдары жарияланып, Оңтүстік
Қазақстан облысында бірлі-жарым кітаптар жарық көріп, Қазақстан ұлттық
энциклопедиясына өмірбаяны жазылды. Шымкентте, Астанада көшелерге есімі
берілді. Бірақ 80 және 90 жылдық мерей тойларының республикалық деңгейде
емес, өзі қызмет еткен Оңтүстік Қазақстан облысында ғана аталып өтілуі
көңіл көншітпеді. Бұл барлық қазақтың бағына туған батырға лайықты құрмет
көрсете алмағандық деп ойлауға болатын іс. Ж.Тәшеневтің туған жері Ақмола
облысының және Астана қаласының осы азаматты білетін, бірге қызмет еткен,
шарапатын көрген, араласқан аға буын қазақ азаматтары Жұмекеңнің 80 және
90 жылдықтары кезінде үнсіз қалды. Ол кездегі Тәшенев есімін білмейтін
жастарға әрине өкпе жоқ.
Мәскеуге барар бір сапары қарсаңында С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов
Тәшеневтен Бауыржан Момышұлының екі рет Батыр атағына ұсынылып өтпей
қалғанын, сол атақты алып беруге араласуын өтінеді. Жұмабек Ахметұлы
Мәскеуге барысымен мұрағаттан Баукеңнің құжаттарын алғызып танысады.
Батырлыққа екінші рет ұсынылған құжаттың қорытындысында соғыс кезіндегі
кейбір қылықтары кеңес офицерлерінің ар-ожданына қайшы келгендіктен
Б.Момышұлына мұндай атақты беруге болмайды деп маршал Конаев қолын қойыпты.
Ж.Тәшенев Жоғарғы Кеңестің атынан маршалды шақырып алып мәселені
түсіндіреді. Маршал Конаев Бұл туралы менің пікірімді білмек болсаңыз, мен
өз өмірімде ешқашан бір айтқан пікірімді өзгерткен адам емеспін. Бұл жолы
да солай қаламын деп көнбеген екен.
Мемлекет тарихы институтының қызметкері Сейтқали ағамыздан Тәшенев
жайында тағы біраз деректер алдық. Сейітқали Жахияұлының айтуынша,
қайраткер ҰОС ардагерлеріне расында да үлкен құрмет көрсеткен. Мәселен,
Қайраткер жөнінде профессор Мұқаш Елеусізов жас кезінде Жұмабек Ахметұлынан
көрген бір жақсылығын былай еске алады: Соғыстан кейін Солтүстік Қазақстан
облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарып жүргенмін.
Үйленгенмін, жұбайымыз екеуміз қарт әке-шешемізбен тар ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жұмабек Тәшеневтің ерлігі
Қазақстандағы тың игеру саясатының басталуы.
Танымдық психикалық процестерді дамытуға арналған ойындар
Балалар әдебиетінің бәйтерегі: Б.Соқпақбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған әдістемелік құрал
Қазақ диалектологиясындағы лингогеография мәселесі
Жұмабек Ташеновтің қайраткерлігі
Тасмола мәдениеті
Орталық сайлау комиссиясы
Қазіргі қазақ тілі лексикасының шығу арналары
Қазақ тілінің сөздік құрамы
Пәндер