Арпа сорттарының өсімдік жиілігі


Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 39 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ4

1 ҒЫЛЫМИ ӘДЕБИЕТТЕРГЕ ШОЛУ . . . 6

2 ЭКСПЕРИМЕНТАЛДЫҚ БӨЛІМ . . . 18

2. 1 Жұмыс орындалған жердің топырақ, климат және агротехника

жағдайлары18

2. 1. 1 Шаруашылықтың орналасқан орны . . . 18

2. 1. 2 Рельефі. . 19

2. 1. 3 Климат жағдайлары. 19

2. 1. 4 Топырақ жағдайлары20

2. 1. 5 Өсімдік жамылғысы. 21

2. 2 Зерттеу әдістемелері22

2. 2. 1 Тәжірибенің мақсаты мен міндеттері. 22

2. 2. 2 Тәжірибе сызбасы. 22

2. 2. 3 Зерттеу учаскесінің топырағы. 22

2. 2. 4 Тәжірибеде жүргізілген бақылаулар мен есептеулер. . . 23

2. 2. 4 Зерттеу жүргізілген жылдағы қалыптасқан метеорологиялық жағдай. . 23

2. 3 Зерттеу нәтижелері. 25

2. 3. 1 Арпа сорттарының даму кезеңдерінің ұзақтығы. . 25

2. 3. 2 Арпа сорттарының өсімдік жиілігі. 26

2. 3. 3 Арпа сорттарының аурулармен және зиянкестермен зақымдануы. . … . . . 28

2. 3. 4 Арпа сорттарының өнімділігі және оның құрылымы . . . 29

2. 3. 5 Арпа сорттарының дәнінің сапасы. . . . . 31

3 ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІНІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМДІЛІГІ34

4 ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК37

Қорытынды және қуат пен қор үнемдеу туралы ұсыныстар40

Қолданылған әдебиеттер тізімі42

КІРІСПЕ

Республикамыздың 2000-2010 жылдар ішіндегі әлеуметтік және экономикалық дамуының негізгі бағыттарында атап көрсетілгендей, егін шығымдылығын арттыру мақсатында жоғары өнімді әрі сапалы сорттарды пайдаланып, егіншілікте озық технологияны кеңінен қолдану және ауыл шаруашылығына ғылыми негізделген агротехникалық әдістер жүйесін енгізу астық өндірісінің тиімділігін көтерудегі басты шарттар болып табылады.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің алдында тұрған негізгі міндет - халықты жеткілікті мөлшерде сапалы азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен, ал мал шаруашылығын қажетті жемшөп қорымен қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі күн талабына сай әр аймақтың өзіне тән топырақ-климат ерекшеліктерін ескере отырып, өндіріске ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің аймақтық технологиясын немесе жетілдірілген жеке агротехникалық тәсілдерді айтылған мәселені шешудегі алғашқы қадамдардың бірінен саналады.

Бұрынғы Кеңес Одағының ыдырап, еліміз егемендікке жеткен кезеңде ауыл шаруашылығы өндірісі айтарлықтай дағдарысқа ұшырағаны баршамызға аян. Әсіресе, жекешелендіру кезінде аймақтық және экономикалық жағдайларына байланысты арнайы мамандандырылған шаруашылықтардың мезгілсіз таратылып, кішігірім ауыл шаруашылығы құрылымдарына айналуы жылдар бойы қалыптасқан материалдық-техникалық базаның құлдырап, егіс құрылымындағы дақылдардың үлес салмағы мен ауыспалы егістердің бұзылуына себепші болды. Осындай келеңсіз құбылыстың салдарынан көптеген дақылдардың егіс көлемі амалсыз қысқарып, өнімділігі әлдеқайда төмендеп кетті.

Дегенмен, бертін келе шағын құрылымдардың өндірістік кооперативтер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестерге және акционерлік қоғамдарға қайтадан бірігуі ауыл шаруашылығы өндірісінің қайтадан жанданып, тұрақтану кезеңіне біршама тезірек өтуіне мүмкіндік жасады. Оның үстіне кейінгі 2003-2005 жылдардың арнайы ауылға арналуы - мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көрсетіліп отырған нақты қолдауы мен тікелей көмегінің айғағы. Нәтижесінде осыдан 8-10 жыл бұрын жағдайы сын көтермейтін ауыл шаруашылығының барлық салалары қазіргі уақытта қайта жаңарып, жан-жақты даму үстінде.

Ылғалы жеткіліксіз тәлімі аймақта орналасқан егіншілік аудандарының астық өндірудегі мүмкіндіктері айтарлықтай жоғары. Әйтсе де агротехниканың жетімсіз зерттелуінен аймақтағы арпа өнімі бірталай тұрақсыздыққа ұшыраған және қазіргі талап деңгейіне сәйкес келмейді.

1 ӘДЕБИЕТКЕ ШОЛУ

Арпа - Қазақстанның бүкіл аудандарында жаппай өсірілетін негізгі мал азықтық дақылдардың қатарына жатады. Құрғақшылыққа төзімділігі мен дән қоректілігінің құндылығына байланысты оның жемшөп құрылымындағы маңызы ешқашан жоғалмақ емес. Шөл және шөлейт жерлердің өзінде арпаның түсімі басқа жаздық дәнді дақылдармен салыстырғанда едәуір басым.

Арпаның халық шаруашылығындағы маңызы өте зор, оның дәнінен көптеген салада пайдаланылатын сан алуан заттар жасалады. Арпа жармасы - бағала әрі нәрлі тағамдардың бірі. Арпаны тері илейтін, тоқыма және кондитер өнеркәсібімен қатар медицинада да кеңінен қолданады. Ол әдетте сыра қайнататын өнеркәсіпте таптырмайтын аса құнды шикізат ретінде ерекше орын алады.

Арпаның дәні белок пен крахмалға бай болғандықтан, одан малға жұғымды құнарландырылған құрама жем дайындалады. Мал шаруашылығы, әсіресе шошқа мен құс өсіру дамыған сайын бұл дақылдың қажеттілігі күн санап арта түсуде.

Арпа дәнінің химиялық құрамы өте күрделі. Шығарылатын сорттардың бағыты мен өсу ортасына байланысты оның құрамында 12-14 % белок, 2-3 % май, 54-55 % крахмал, 5, 5-5, 8 % клетчатка және 2-3 % күл кездеседі. Дәннің 85 пайызы құрғақ заттардан түзіліп, мынандай химиялық қосылыстардан тұрады: көміртегі, азот, оттегі, сутегі, күкірт, фосфор, калий, кальций, магний, темір және кремний. Бұларға қосымша дәнде йод, бор, мырыш, темір, марганец, және сол сияқты сирек кездесетін элементтер бар. Олар кәдімгі жасушадағы физиологиялық және биохимиялық процестердің бір қалыпты жүруіне айрықша ықпал етеді.

Көптеген әдебиеттердің мәліметтеріне жүгінсек, жергелекті топырақ - климат ерекшеліктеріне қарай арпаның өсу кезеңі 60 пен 120 күннің аралығында созылып, сорттық белгілері бойынша ерте, орташа және кеш пісетін топтарға бөлінеді. Сыртқы орта жағдайларына өте бейімділігінің арқасында бұл дақылды құрғақ далалы аймақтан бастап, Қиыр Солтүстік және биік таулы аудандардың егіс алқаптарынан да кездестіруге болады.

Арпаның өсу және даму кезеңдеріндегі топырақ ылғалдылығы мен температурасына талаптары біркелкі емес. Оның тұқымы 1-3°С жылылықта өне бастайды, бірақ толық көктеуі үшін қолайлы 15-25°С температура қажет. Жер бетіне көктеп шыққаннан бастап, толық піскен уақыт аралығында бірнеше даму кезеңдерінен өтіп, әсіресе қысқы-көктемгі ылғал қорын тиімді пайдаланады да, оңтүстік аудандарда шілде түскенге дейін дән түзіп үлгереді [1] .

Кез келген табиғи-климат аймақтарында өсірілетін сорттардың биологиялық ерекшеліктеріне, топырақ ылғалдылығы мен құнарлылығының деңгейі, енгізілетін тыңайтқыштар мөлшері, себу тәсілі және басқа да факторларға байланысты оңтайлы тұқым себу мөлшерін анықтау - арпа егістігінде сорттық агротехниканы қолданудағы өзекті мәселелердің бірі.

Арпаның оңтайлы тұқым себу мөлшерін анықтау - өте жауапты агротехникалық шара, өйткені бұл күтіп-баптау тәсілдерін жетілдіру мен сыртқы орта жағдайларына жақсы бейімделген жаңа сорттардың аудандастырылуына сәйкес әрдайым нақтылауды талап етеді. Агротехниканың осы әдісінің мән-маңызы ылғалы жеткіліксіз жерлерде одан сайын арта түспек, себебі тұқымның шектен тыс мөлшері қосымша шығынмен қатар өсімдіктердің ойдағыдай дамуына қажетті топырақ ылғалының тиімсіз пайдалануына бірден-бір себепші болады. Ал сирек егістік органикалық заттарды түзу үшін күн энергиясын, топырақ құнарлылығы мен ылғалын толық пайдалана алмай, нәтижесінде арамшөптермен ластанып, жоспарлы өнім денгейін қамтамасыз ете алмайды.

Неміс ғалымы E. Wolni [2] өсімдіктердің өсуі мен дамуын тыңғылықты зерттей келіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының қоректену алаңы жөніндегі теорияны дамытуға қомақты үлес қосқан. Көптеген егістік және зертханалық тәжірибелердің негізінде ол бірқатар дақылдардың оңтайлы қоректену алаңын өсімдіктердің тіршілік жағдайларымен - құнарлылық, ылғалдылық, топырақтың ластануы, аурулар мен зиянкестердің әсері және тағы сол сияқты факторлармен байланыстыра отырып, ғылыми түрде негізді дәлелдеген. Зиянкестер мен ауруларға, арамшөптерге қарсы бәсекелестікті күшейту үшін егістіктің тығыздығын көбейту қажеттігі жөніндегі тұжырымдары іс жүзіндегі егіншілікте қолданылатын айтарлықтай бетбұрыс болды.

Түрлі арпа сорттарының агротехникасы мен тұқым себу мөлшерін талдай келіп, біршама авторлар сорт пен топырақ құнарлылығына байланысты оны өсірудің дифференцивті тәсілін қолданудың астық түсімін арттырудағы аса маңыздылығын атап өткен [2-10] .

Агрономия ғылымында өсімдіктердің топырақ құнарлылығына сәйкес жиілігі туралы екі қарама-қарсы пікір қалыптасқан. Біреулері құнарлы топырақта сирегірек себудің қажеттігін айтады, өйткені неғұрлым топырақ қоректік заттарға бай болса, ең жоғарғы өнім алу үшін соғұрлым себу материалы аз кетеді [4, 6, 7, 11, 12, 13] .

Академик Д. Н. Прянишников [14] өз уақытында: «Астық егісіне мынадай ережені қолдануға болады: тіршілік жағдайлары жақсарған сайын, егін сирек болуы тиіс. Жалпы ережеден бір фактор - ылғал алынып тасталынады, яғни оның аз мөлшерінде жиі егіс себу өзінен-өзі түсінікті себептермен тиімсіз», - деп жазған болатын.

Басқа зертеушілердің пікірінше, географиялық өсіру орнына байланыссыз қоректік заттар және ылғалмен жақсы қамтамасыз етілген топырақтарда тұқым себу мөлшерін көбейту қажет [4, 5, 6, 15, 16, 17] . Зерттеу нәтижелерінің қайшылығы тәжірибелердің әр түрлі топырақ-климат жағдайларында жүргізілгендігінен болуы ықтимал. Демек, өсіру жағдайларына байланысты арпаның тұқым себу мөлшерін сәтті түзету айтарлықтай экономикалық әсер етуі мүмкін.

Д. В. Козинец [18] мемлекеттік сорт сынау жүйесінің мәліметтеріне сүйене отырып, арпаның тұқым себу мөлшерін жыл сайын дифференцивтендіру арқылы ғана гектарына 2 центнерден артық қосымша өнім алуға болатынын дәлелдеген. Автордың тұжырымдауынша, бұл жағдайда топырақтың құнарлылығы және өсірілетін сорттардың түптену қабілеті, сондай-ақ тұқымның егістік сапасы мен өнімділік қасиеттері есепке алыну тиіс.

Өсімдіктердің жиілігі топырақтың құнарлығына байланысты қалыптастыруды зерттеушілер олардың түптену қасиетімен байланыстырады. Егіс танабындағы сабақтар саны айтарлықтай дәрежеде өсімдіктердің түптілігімен анықталады, сол себепті соңғы көрсеткіш арпа өнімі құрылымының өте маңызды элементтерінің бірінен саналады. Дегенмен, бұл тұрғыда да ғалымдар арасында өсімдіктің түптенуі жөнінде екі көзқарас қалыптасқан. Алғашқылары түптенуді қажетсіз құбылыс деп тапса, кейінгілері оны өнім көтерудегі шешуші фактор ретінде қабылдайды.

Д. Н. Прянишников және И. В. Якушкиннің [19] ғылыми пайымдауынша, себілетін тұқымның мөлшері егістіктегі өсімдіктер жиілігін білдіретін соңғы кезеңі емес, өйткені егістің жиі, не болмаса сирек болуы өсімдіктердің белгілі бір дәрежеде түптенуімен теңестіріледі: сирек орналасқан өсімдіктер көбірек түптенеді де, соның есебінен кейбір қолайлы жағдайларда жалпы сабақ саның толықтырып, нәтижесінде масақтың ұзындығы, масақтағы дән саны және 1000 дәннің массасы тәрізді өнім құрылымының басты бөліктері арқылы жоғары өнім түзуде ешбір кемшілігі болмайды. Дәл осындай құбылыстың айнымас заңдылығын жақтайтындардың қатарында В. Я. Юрьев [20], З. Б. Борисоник [21], Г. П. Ушарова [22], Қ. Ш. Жаңабаев, Т. С. Саудабаев, И. С. Сейітов [23], М. Қ. Сүлейменов [24], Е. М. Зенкова, Қ. О. Сауранбаев [25], Ж. А. Қасқырбаев [26], А. Қ. Кереев, Ж. І. Қожабаев, А. Қ. Үмбетов [27], Ғ. С. Ожанов [28] және тағы басқалар да бар.

Керісінше, М. С. Савицкий [29] мен И. И. Синягин [30] аз мөлшермен себілген өсімдіктердің барынша жақсы түптенуі егістіктің сиректігін ешқандай жағдайда толықтыра алмайды деген қағиданы бетке ұстайды. Олардың ойынша, қалыпты тұқым себу мөлшері арқылы алаң бірлігіндегі өсімдіктердің оңтайлы санын қалыптастыру аса күшті түптенумен салыстырғанда жоғары өнім алу үшін сенімді кепіл болады.

Бірқатар зерттеушілердің [30-35] есептеуінше, арпаның себу мөлшері тұқымның ірілігіне де қарай өзгеріп отырады. Бұл жөнінде В. Я. Юрьев [20] кезінде былай деп жазған: «Ұсақ дәнмен салыстырғанда ірі дәндер әр уақытта күшті және біркелкі өскіндер беретініне күмән жоқ. Егістік жағдайда ірі дәндерден пайда болған өскіндер саны әрдайым басым келеді, сондықтан мұндай ерекшелікті ірілігі әр түрлі тұқымның себу мөлшерін анықтағанда міндетті түрде есепке алу қажет».

Өсіру жағдайларына байланысты жаздық арпаның тұқым себу мөлшері түрлі аймақтар бойынша бірталай шамада ауытқиды. Мысалы Белорус ауыл шаруашылығы академиясының Могилев облысындағы шымды орташа күлгінделген топырағында жүргізген тәжірибелерінде арпаның Московский 121 сортының себу мөлшерін гектарына 6-дан 4 млн. дәнге азайту өсімдіктердің өнімді түптілігін, масақтың дәнділігі мен толықтығын жақсартатындығын В. А. Петровская мен А. И. Горбылева [36] дәлелдеген.

А. Н. Анохин [37] Белорус ғылыми зерттеу мекемелерінің эксперименттік деректерін жинақтап қорыта келе, шым тезекті батпақты топырақтарда тыңайтқыштар мен жауын-шашынның көлеміне байланыссыз арпаның оңтайлы тұқым себу мөлшері 2, 0-2, 05 млн. дән/га екендігін хабарлайды. Оны гектарына 3, 5 миллионға дейін көтеру автордың пікірінше, тұқымның артық шығындалуына, нәтижесінде егістіктің, әсіресе ылғалды жылдары жатып қалып, өнім ысырабына жол берілуіне себепші болады.

Чернигов ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында К. П. Афендулов және басқалардың [38] мәліметтері бойынша, арпаның Носовский 2 және Черниговский 5 сорттарының ең жоғары өнімі гектарына 4-5 млн. дән себілгенде алынған. Егістің жиілігін 6 миллионға дейін көбейту дән құрамындағы азотты байланыстар мен күлді элементтерді азайтып, тиісінше органикалық қосылыстардың үлесін көтерген.

В. В. Докучаев атындағы АШҒЗИ мен Воронеж ауыл шаруашылығы институтының зерттеулеріне жүгінсек, Орталық Қара топырақты аймақта Докучаевский 1 және Вальтицки сорттарының ең үйлесімді тұқым себу мөлшері 4-5 млн. дән болып табылады. Тығыздығы одан әрі көбейтілген егістікте астықтың түсімі мен сапасы едәуір төмендеп, тыңайтылған нұсқаларада өсімдіктердің жатып қалу жағдайлары жиі байқалған [39, 40] .

Б. Егоров, В. Пронин [41], А. И. Заварзин, Ш. А. Халилов [42] және басқалардың Саратов ауыл шаруашылығы институтында жүргізген тәжірибелері арпаның гектарына 3-4 млн. дән арасындағы себу мөлшері өсімдіктердің өсіп-дамуына қолайлы жағдай туғызып, барлық жылдары өнімнің өсуін тұрақты қамтамасыз еткен. Аталған авторлардың пікірінше, себу мөлшерін көрсетілген көлемдегі шамадан кеміту егістіктің арамшөптермен ластануына жол ашып, лажсыз қосымша шығынды талап етеді.

Тюмень облысындағы арпаның себу мерзімі және мөлшерімен жүргізілген ғылыми жұмыстар гектарына 5, 5 млн. дән жиілігінің қалыпты жағдайда болып, ең жоғары өнімге қол жеткізетіндігін нақтылы көрсеткіштер арқылы растайды. Тұқым мөлшерін одан ары көтеру өнім құрылымының аса маңызды бөліктеріне және астық сапасына айтарлықтай әсер етпеген [43] .

Татарстаннан Р. С. Шакировтың [44] пайымдауынша, тұқымдық егістің көбею коэффициентін арттыру үшін гектарына 4 млн. себу мөлшерін қолданған тиімді. Мәселен, зерттеу барысында тұқымды 6-дан 4 милионға дейін азайту шикі протеинді 1, 7 %, 1000 дәннің массасын 1, 2 г көбейтіп, оның егістік сапасы мен өнімділік қасиеттерін біршама арттырған.

М. А. Белоножко, Х. Х. Кусайнов, А. Б. Нұғманов [45] мәліметтерін сараптайтын болсақ, украинаның жеңіл саздақты қара топырағында олар тұқымының дифференцивті жүйесін пайдаланудың артықшылығын айта келіп, арпаны интенсивті технологиямен өсіргенде 3, 5 млн. дән/га, ал ылғалды жылдары 4, 0-4, 5 млн. себудің қажеттілігіне тоқталады. Мұндай жүйені енгізу арқылы көп факторлы егістік тәжірибеде тұқым себу мөлшерінің өнім түзудегі үлес салмағын арттырып қана қоймай, сонымен бірге астық өндірісінің тиімділігін жоғарлатуға да үлкен мүмкіндік туады.

Кейбір зерттеушілер [46, 47] дәннің сапасы мен жалпы түсімін арттыруда гектарына 4 млн. дән себудің тиімділігін бір ауыздан мақұлдаса, сондай-ақ Қара топырақты емес орталық аудандарда және Мәскеу облысының мәдениеттендірілген шымды күлгінді топырақтарында арпаның осы көлеміне бедені қосып себуді ұсынады [48] . Жоғарыда аталған аймақтардаға топырақтың шайылмаған және әлсіз шайылған түрлерінде себу мөлшері 4, 0-4, 5 млн., орташа немесе күшті шайылғанда 5, 0-5, 5 млн. дәннен болуы тиіс деп есептелінеді [49] .

Бұрынғы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы метеорологиясы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе деректерін талдау Қара топырақты емес аймақтағы арпаның оңтайлы тұқым себу мөлшерін анықтайтын факторлардың бірі - ылғал режимі екендігін көрсетеді. Ылғалы жеткіліксіз (ылғал шығыны 40-70 мм) және себу мөлшері гектарына 5 млн. дәннен кем болған жағдайда салыстырмалы түрде сабақтар саны сирек қалыптасады, ал өсімдіктері ылғалмен жақсы жабдықталған, тығыз өнімді сабақтар саны (800 данадан көп) - гектарына 5 млн. дәннен асыра сепкенде байқалады. Осы көрсеткіштерді басты белгі ретінде ала отырып, айтылған аймақ үшін төмендегідей ұсыныстар енгізілген: ылғалы жеткіліксіз жағдайда 3-4 млн., ылғалы ора деңгейде 5-6 млн. және жоғары болғанда 7-9 млн. дән себу [50] .

В. А. Алабушев, М. Г. Ткачеваның [51] зерттеулері бойынша, тыңайтқыш нұсқаларына байланыссыз себу мөлшерінің өнімді түптілікке тікелей әсері бар. Алаң бірлігіндагі өсімдік саны ұлғайған сайын олардың өнімді түптілігі азаяды немесе керісінше тұқым себуді 4, 5-тен 2, 5 млн. шамасына төмендету түптілікті 1, 9- дан 2, 3-ке өсіріп, масақтың дәнділігі мен ірілігін арттырған.

Арпаның жоғары өнімін алу үшін екі фактордың маңызы зор: ол топырақтағы қоректі заттардың жеткілікті аясын жасап, соған сәйкес оңтайлы өсімдік тығыздығын қалыптастыру. Бұл жөнінде жүргізілген тәжірибелер негізінде бір шаршы метрдегі өсімдіктер санын 600 данаға дейін ұлғайту егістік шығымдылығын төмендетіп, ал 500 дана болғанда өнімнің біршама көбейтетіндігі байқалған [51, 52] .

Масақты дақылдың түсімі мен дәнінің технологиялық және өнімділік көрсеткіштерінің шамасы кез келген жағдайда егістікте қолданылатын агротехникалық шаралардың қысқа мерзімде әрі сапалы атқарылуына, яғни шаруашылықтағы егіншілік мәдениетінің деңгейіне тікелей тәуелді. Осы заңдылықты барынша қуаттайтын бірқатар зерттеушілер егіншілік мәдениеті дамыған ауыл шарашылығы құрылымдарында арпаның себу мөлшерін гектарына 3, 5-2, 5 млн. дәнге дейін төмендетуге болатындығын айтады [53, 54] . Бұл тәсілдің материалдық және энергетикалық шығындарды азайтумен қатар, әсіресе жаңадан шығарылған перспективті сорттардың жалпы тұқымының көбею коэффициентін арттырып, өндіріске тезірек енгізілуіне теңдесі жоқ ықпал ететіндігі ақиқат [55] .

Э. Д. Неттевич, А. В. Сергеев, Е. В. Лязловтың [56] деректерін талдар болсақ, Орталық қара топырақты аймақтарда арпаның ең жоғары өнімі гектарына 5-6 млн. себу мөлшеріне сай келетіндігі байқалада. Белогор тәжірибе учаскесінде жүргізілген зерттеулерден мынадай мәліметтер алынған: 5 млн. - 7, 1 ц/га, 6 млн. - 40, 3; 7 млн. - 39, 7 ц/га, ал А. В. Маркитанова, Л. М. Бондареваның [57] деректері бойынша, дәл осындай себу мөлшері шаршы метр алаңда 370 дана өсімдік, 510 дана сабақтардың түзілуін қамтамасыз еткен.

Украинаның шығыс аймағында арпаның қалыпты себу мөлшері 4, 0-4, 5 млн. /га делінсе, оны тұқымдық мақсатқа және көп жылдық шөптермен араластырып сепкенде мөлшерін біршама азайтуға болады, ал интенсивті сорттарды құнарлы топырақта өсіру кезінде тұқымды 15-20 пайызға, жонышқамен қосып жамылғы дақыл ретінде пайдалану гектарына 3, 5-3, 0 млн. дәнге дейін төмендетуді ұсынады [51] .

Жоғарыда айтылғандай, егіншіліктегі ғылыми-техникалық прогрестің негізгі қорғаушы құралы ретінде өсірілетін сорттардың астық шаруашылығындағы алатын орны айрықша. Дәнді дақылдардың аудандастырылған сорттарының ішіндегі кез келгені өндірісте интенсивті технологияны қолдануға жарай бермейді, сондықтан бұл - табиғатынан өсімдік сабақтарының жіңішке әрі жұмсақ келетін арпа сорттарына қойылатын басты талаптардың бірі.

Ежелден арпа селекциясы үшін «өсімдіктер биіктігі» белгісі жатып қалмайтын қысқа сабақты сорттар шығару бағытында селекционер-ғалымдардың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Сол себепті жоғары агротехникалық аяны тиімді пайдаланып, енгізілетін тыңайтқыштар бірлігіне (1 кг әсер етуші затқа 6-7 кг дәннен артық) сәйкес барынша көлемді өнім түсімін қамтамасыз ететін интенсивті сорттар қажет. Мұндай сорттар жоғары өнімі және сапасымен қатар жатып қалуға, құрғақшылық, аурулар мен зиянкестерге төзімділігі, тағы сол сияқты бағалы қасиеттерімен ерекшеленуі тиіс.

Алаң бірлігіндегі өсімдіктер санының мөлшерден тыс артықтығы олардың көбінесе жатып қалуына себепші болады. Мысалы, Қара топырақты емес аймақта арпа егістігі жиі (10 жылдың тең жарымында) жапырылып қалады, сондықтан да бұл дақылдың жатып қалуын болжау өзекті мәселеге айналған. Осы теріс құбылысты болдырмау үшін топырақтағы ылғал қоры, ауаның тәулікті температурасы мен жауын-шашынды негізге ала отырып, бір шаршы метрдегі сабақтар санын 700 данадан асырмай қалыптастыру ұсынылады [57] .

Алтай өлкесіндегі сорт сынау учаскелерінде жаздық арпаның ең жақсы себу мөлшері анықталған. Атап айтсақ, Донецкий 4 сорты үшін далалы және орманды - далалы аудандарда гектарына 4 млн., Красноярский 1 үшін тау бөктерінде 6 млн., жоғары таулы алқапта 4 млн., өнгіш дән деп есептелінеді. Егістік жиілігінің биіктік пен кеңістікке байланысты өзгеруін сорттардың пісу мерзімі мен арпа өсімдіктерінің жатып қалуын болдырмау шараларымен түсіндіреді [58] .

Бұрынғы Одақ көлемінде және сондай-ақ шетелде ғалым-селекционерлер арпаның жоғары өнімді сорттарын шығарумен тынымсыз айналысуда. Ылғалы жеткілікті аймақ үшін арпа сорттарының өнімділік мүмкіндігі 60-70ц/га, өсімдіктер биіктігі 70-80 см, Солтүстік Кавказ, Оңтүстік - Шығыс, Орал, Сібір және Солтүстік Қазақстанның құрғақ далалы аудандары үшін тиісінше 40-50 ц/га және 90-110 см болуы жоспарланған [59] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Күріш сорттарының тозаңқаптарынан гаплоидты өсімдіктер алу
Астық тұқымдасының соматикалық ұлпасының дақылында морфогенез және регенерация мәселелері
Топырақ тұздануының арпа сабақтарының өсуіне және құрамындағы абсциз қышқылына әсер етуін зерттеу
Арпа дақылының зиянкестері
Клеткалық селекция
Қазақстанның оңтүстік – шығысында тәлімі арпа өсірудің ғылыми негіздері
Арпа аурулары
Күздік арпа жапырақтарының түрлері
Күздік арпаның морфологиялық және биологиялық ерекшеліктері
Казахстанская 3 сортынынан алынған мутантты линияларға цитогенетикалық талдау
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz