Оқушыларға сәндік - қолданбалы өнерін оқытудың әдістемесі


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 41 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

І Кіріспе . . . 3

ІІ Негізгі бөлім

1. 1 Жоғары сынып оқушыларын сәндік-қолданбалы өнерге баулудың педагогикалық-психологиялық аспектілері. . 7

1. 2 Жоғары сынып оқушыларын сәндік - қолданбалы өнерге оқытудың негіздері. . 12

  1. Жоғары сынып оқушыларын қолөнерге баулудың сипаттамасы……. 27

1. 4 Жоғары сынып оқушыларын еңбекке бейімдеудің мазмұндық сипаты. 36

Қорытынды 42

Пайдаланған әдебиеттер. 43

Кіріспе

Жеке тұлғаның рухани дамуына, дүниетанымдық көзқарасының жарасымды қалыптасуына көркем-қолөнердің зор ықпалы туралы теориялық мағлұматтар, жоғарыда айтып өткен сонау ерте дәуір ойшылдарының (Аристотель, Платон) философиялық, ой-пікірлерінен, қайта өрлеу дәуіріндегі өнерді, нақтылы шындықты түсінуге, тануға жетелейтін ғылым дәрежесіне көтерген өнер алыптарының трактаттарынан қолөнердің әлеуметтік қызметін айқындай отырып, оның саяси-адамгершілік сипатын ашып көрсеткен француз ағартушыларының (Д. Дидро, Ж. Ж. Руссо т. б. ) еңбектерінен және бұдан кейінгілердің (Кант, Гегель) философиялық тұжырымдарынан бастау алады. Ал, ұлдарды және қыздарды қолөнерге үйрете отырып, білім беру мәселесін Т. Мор қарастырған. Тіпті, ол алғаш кәсіби оқыту мәселесін көтергендердің бірі болып саналады.

« . . . Қолөнер өз табиғатымен тұлғаның сезіміне жеңіл әрі қажетті. Тек оны жас ұрпақ пен жастар бойына сіңіре білудің жолын табу керек. Баланы алғашқыда үстіртін болса да, өнер мәнін түсінетіндей дәрежеге жеткізсек, ол өнер туралы білуге, дағды алуға ұмтылатын болады, бұл салада табысқа жетуге тырысып, өнер жөніндегі түсінігін кеңейте түсуді көздейді» деп С. Т. Шацкий қолөнердің әсерін айқындайды. Ғалымның бұл пікірі жаңалығына, мәнділігіне қарамастан, қоғам қойып отырған педагогикалық міндеттермен ұштаса алмайтын деңгейде қалып қойды. Өйткені, педагогика: « . . . жас ұрпақтың бейнелеу іс-әрекеттерін, шындықты нақты бейнелеуді негіздейтін графикалық сауаттылықты ашуға жақындастыру» арқылы қолөнерге баулудың сол кезеңнің талабына тән бір жақты міндеттерін ғана жүзеге асыруды нақтылайды.

Халық мұрасының маңызы және оның жеке тұлғаның рухани дамуына тигізер әсері туралы ой-пікірлердің қалыптасуына Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш. Құдайбердиев, М. Шоқай, Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев сынды халқымыздың ойшылдары, ағартушыларының еңбектерінің үлесі үлкен.

Ш. Уәлиханов өзінің зерттеу жұмыстарында ол қазақ халқы мен Орта Азия халықтарының тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне баса көңіл бөледі. Сөйтіп, өз халқының ауыз әдебиеті, эстетикалық танымы арқылы сол халықтың бай мұрасының мәнін ашуға ұмтылады. Ол қазақ халқының өткен өмірі мен болашағы жайлы ой-арманын, тілегін көрсетіп, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерге, қолөнерге көңіл аударуды, оны халық тәрбиесінің құралы, әдіс-тәсілі ретінде пайдалануды және халық тәрбиесінің жастар тәрбиесіне де қажет екенін ескерткен.

Ы. Алтынсарин ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауға жас ұрпақтарды үйрету мәселесін көтерген. Ол қазақтың қолөнерін өте жоғары бағалаған және сол өнерге баулу мақсатымен бірнеше қолөнер мектебін ашқан.

Ж. Аймауытов тұңғыш «Психология», «Жан моделі мен өнер таңдау» атты еңбектерінде жастарды оқу-білімге, өнерге үйрету қажеттілігіне көңіл бөледі. Ол адам баласының мәдениеті тарихынан өнер түрлерінің көрнекті орын алып келгенін, өнер жоқ жерде қоғамның дамуы, рухани байлықтың молаюы мүмкін емес екендігіне тоқталып, ұлт мектептерінде әуелі кескін өнері мен әуез өнерін, яғни, сурет салу, ән-күй үйретуге негіз салу керектігін, әрбір баланың өнер түріне деген ынтасын қозғап, өнерпаздық қабілетін тәрбиелеудің қажеттігін баса айтады.

Жастарды сәндік-қолданбалы өнерге баулудың алғы шарттарының түпқазығы ертеректе жатыр. Қазақ халқының өмірге көзқарасында жастарды сәндік-қолданбалы өнерге баулуға ерте заманнан-ақ үлкен көңіл бөлінген. Мысалы, жіп иіру, киім тоқу, тігу, киіз басу, кесте тігу, өрмек тоқу т. б. бұйымдарды жасап, оларды аса шеберлікпен, түрлі ою-өрнектерді қолданып, әшекейлеп сәндеуге үйреткен. Халқымыз еңбек пен қолөнерді егіз деп қараған. Қазақ шаруасының қолөнері өзінің күнделікті өмір тіршілігімен, тұтыну қажетімен байланысты.

Қазақ халқы өз жерінде ертеден қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді дамытушысы болып табылады. Жергілікті көне мәдениет сырттан келген мәдениет элементтерінің сан толқынын бойына сіңіріп, үнемі жақсару, жаңғыру, яғни даму үстінде болды. «Осындай толассыз дамудың нәтижесінде ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халқының дәстүрлі қолөнері өз дамуында айтарлықтай жоғары деңгейге көтерілді», - дейді Х. Арғынбаев.

Қазақ қолөнерінің даму жолының өзіндік тарихы бар. Ол тарих сонау көне замандардан бастау алады. Оған Қазақстан жерінде жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде анықталған ежелгі мәдениеттің үлгілерін дәлел ретінде көре аламыз. Яғни, қазақтың қолөнері республика жерінде бағзы замандарда мекендеген сақ, үйсін, қыпшақ, ғұн, қарлұқ және тағы басқа көне түркі тайпаларының мәдениетінен бастау алып, бүгінгі күнмен ұштасып жатқанынының айғағы.

Қазақтың сәндік-қолданбалы қолөнері де басқа халықтар сияқты ағаштан, металлдан, сүйектен, теріден, тастан, батпақтан, жүннен жасалған бұйымдарды әшекейлеп безендіру арқылы және құрақ құрау, киім тігу, өрмек өру т. б. бйымдар негізінде жасалады.

Халыққа білім мен мәдениеттің қажеттігі туралы А. Т. Құлсариева, Б. Ж. Мұқанованың сияқты қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы қарлығаштар өз еңбектерінде құнды пікірлер айтқан.

Қазақ халқының баға жетпес мәдени мұрасын құрайтын сәндік-қолданбалы қолөнер туралы еліміздің белгілі ғалымдары: Ә. Сәдуақасов Х. Арғынбаевтың, С. Е. Нұрмұратовтың, С. Қасимановтың, Ә. Марғұланның, Ж. Мүтәліпов, С. Мұқановтың, Н. Нұрмұхамедовтың, Н. Адамқұлов т. б. еңбектері құнды еңбектер жазды.

Сәндік-қолданбалы қолөнердің табиғатын, оның адам, қоғам өміріндегі атқаратын қызметінің мәнін зерттеген орыс ғалымдары: А. А. Власова, Б. В. Веймарин, Е. Р. Шнейдер, Т. И. Еременко, З. А. Богатеева т. б. өз еңбектерінде қолөнердің өміршеңдігін, қайталанбас әсемдік құндылығын айқындай отырып, оның тәлім-тәрбиелік маңызына да баса назар аударады. Мысалы: «Ол - өткен өмірдің көлеңкесі емес, даму мүмкіндігінде шегі жоқ ұлттық дәстүр. Үлкен өзен бастау алатын бұлақтай, халық қолөнері де ешқашан суалмайды», - деп жазады И. Я. Богуславская.

Қазақтың сәндік-қолданбалы өнер үлгісін жас ұрпақ тәрбиесінде тиімді педагогикалық құрал ретінде пайдалану мәселелері Е. Асылханов, Қ. Әмірғазин, Ж. Балкенов, Ф. Н. Жұмабекова, М. Балтабаев, Б. Байжігітов, Қ. Болатбаев, К. Ералин, О. Сатқанов, С. Ұзақбаева сияқты педагог-ғалымдардың зерттеу жұмыстарында қарастырылды.

Осы аталған ғалымдар еңбегін зерттей келе біз өз зерттеу жұмысымыздың тақырыбын: « Жоғары сынып оқушыларына сәндік - қолданбалы өнерін оқыту » - деп алуымызға себеп болды.

Зерттеу жұмысының мақсаты: технология сабағында сәндік - қолданбалы өнерін оқытудың әдістері мен формаларын қалыптастыру мүмкіндіктерін педагогикалық, әдістемелік тұрғыда зерделеу.

Зерттеу жұмысының объектісі: Технология пәнінде сәндік қолданбалы өнерді оқыту барысы.

Зерттеу жұмысының пәні : Оқушыларға сәндік - қолданбалы өнерін оқытудың әдістемесі

Зерттеу жұмысының міндеттері:

  • зерттеу тақырыбына сай әдебиеттерге шолу және талдау жасау;
  • технология сабағында сәндік - қолданбалы өнерін оқытудың тиімді әдістері мен формаларын анықтау;
  • еңбекке баулу сабағында сәндік - қолданбалы өнерін оқытудың мүмкіндіктерін зерделеу;
  • сәндік - қолданбалы өнері арқылы оқушылардың іскерлігін, қабілеті мен дағдысының қалыптасуын мазмұндау;

1. 1 Жоғары сынып оқушыларын сәндік-қолданбалы өнерге баулудың педагогикалық-психологиялық аспектілері

Кеңес төңкерісіне дейінгі кезеңде қазақ жерінде қолөнердің дамуына сол кездегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық жағдай, яғни көшпелі өмірден отырықшылыққа ауысу үдерісі, бұрын үстем болып келген тұйық шаруашылықтың ыдырай бастауы, көрші елдермен, соның ішінде Ресеймен, сауда қатынасының, шаруашылық және мәдени байланыстарының артуы, басқа да көптеген ішкі және сыртқы факторлар өзіндік тұрғыдан ықпалын тигізді. Осыған байланысты, олардың өзіне қажетті үй бұйымдарының басым көпшілігін қалалардан сатып аларлықтай мүмкіндігі болмағандықтан, негізінен, халық шеберлерінің қолына қарады. Қазақ қолөнер шеберлері, көбінесе, кедейлер әулетінен шыққан. Олардың белгілі бір қолөнер түріне мамандануы, кәсіп етуі шеберлердің негізгі күнкөріс көзіне айналған деуге де болады. Күні бүгінге дейін қолдан жасалған бұйым сәнді әрі бағалы болып отыр.

Ертеде әлі жазу пайда болмай тұрып, адамдар өз ойларын тасқа, сүйекке, ағашқа сурет салу, ойып, қашап таңба түсіру арқылы білдіруге тырысқан. Бұл таңбалар қазіргі қолөнердегі ою-өрнектердің негізі екендігі белгілі. Тасқа, сүйекке, ағашқа ойылған таңбалар келе-келе қазақ үй-жабдықтарына арналған бұйымдарға ою-өрнек болып түскен. Ою-өрнектер халықтың өмір-тіршілігін бейнелеген.

Көптеген ғалымдарымыздың пайымдауынша, қазақтың қолданбалы өнерінің негізі ежелгі сақ тайпасының «аңшылық стилі» болған. Одан кейін басқа тайпалар да пайдаланған геометриялық стильдерді де қазақтың ою-өрнегінің төркіні деуге болады. Халқымыздың ең ежелгі және жиі қолданатын оюының аты да жануарларға байланысты: мысалы, «қошқар мүйіз», «сыңар мүйіз», «құстұмсық» және т. б. деп аталатын өрнек түрлері бар. Сонымен қатар ою-өрнекті орналастыру тәртібінде геометриялық фигуралар кеңінен қолданылады.

Кең далада емін-еркін өмір сүрген көшпелі халықтың ұрпақ тәрбиелеу мен оқытуда өзінің дәстүрі, тәжірибесі, қағидалары, талаптары болды. Қыздар өз таныстарына кестелі орамал сыйласа, ұзатылған қыз немесе келіндер төркініне уақыт өтуіне байланысты ою-өрнекпен безендірілген сәлем-сауқат беріп жіберетін. Сол ою-өрнектерге қарап, қыз төркіні оның хал-жағдайын біле алатын. Оюдың түсінің солғындығы, өрнектегі бейненің ұсқынсыздығы барған жерінің жайсыз екендігін білдірсе, керісінше құстұмсық оюымен безендірілген болса, жайлылығын білдірген.

Академик Ә. Марғұланның пікірі бойынша: «қазақ халқы кілең ою-өрнек дүниесінің ортасында өмір сүрген». Демек, халқымыздың өнер тарихында ою-өрнектердің алатын орны ерекше. Ерте заманнан-ақ адамзат баласы үй жиһаз, жабдықтарын, киім-кешектерін зергерлік, әшекей бұйымдармен сәнденген. Бұл бұйымдар дарынды қолөнер иелері - шебердің қолынан шыққан. Мәселен, тұлғаның қалыптасқан моральдік-психологиялық эталоны болатын жігіт «сегіз қырлы, бір сырлы» болуға тиіс. Оның бір қыры нағыз жігіттің ақындық дарыны, сөз шеберлігі, ойлау ұшқырлығы, тапқырлығы, яғни мәдениеті болып саналды. Жалпы, шебер адамдар сипаты «бармағынан бал тамған» деген балама сөз арқылы қолөнер шеберлігімен суреттелген. Яғни, қолөнер адамзат баласын іскерлікке, шеберлікке, әдемілікке, сұлулыққа, көркемдікке баулыған.

Ұлы ағартушы өзі ашқан мектептерінде жастар арасында қыздарға ұлттық қолөнерді үйретіп, сәнді ұлттық киімдер тігуге, тоқуға, кесте тігуге баулыған. Торғайдағы қазақ қыздары үшін ашылған мектепте ұлттық киімдер, кесте тігу, киім пішу, шәлі тоқу, жіп шалу және қазақ халқында көп болатын жүн, қыл сияқты материалдардан өрмек тоқу, киіз басу, бау және тақыр кілем тоқу сияқты жұмыстар жүргізілді. Яғни, Ыбырай Алтынсарин халықтың қолөнеріндегі әдемілікті, әсемдікті өзі ғана түсініп, қызықтаумен шектелмей, сол кездің өзінде-ақ өнерге балаларды да ынталандыруға ат салысқан. Оның ұмыт болып бара жатқан әдет-ғұрыптарды тезірек меңгеріп, құнды, пайдалы жақтарын алып, өмір қажетінен шығара білуге шақыруы, кәсіптік біліктіліктерді меңгертіп, сол арқылы оларды қолөнерге баулуға көңіл бөлуі қазіргі заман талабымен сәйкес келіп отыр.

Абай Құнанбаев «Басқа елдің мәдениетін, тілін үйренген адам сол халықпен терезесі тең болады» деген болатын. Ол адамның қай ұлтқа жатпасын, бірдей биологиялық-әлеуметтік мәні болатынын, қажеттіліктері мен мүдделерінің ұқсас екендігін айтты. Қазіргі уақытта біз Абайдың әлеуметтік-педагогикалық көзқарастарының К. Д. Ушинскийдің, Л. С. Выготскийдің, А. Бөкейханов және басқа да әлемге әйгілі социологтар, психологтар, педагогтардың пікірлерімен сабақтас екендігін көреміз.

Қазақтың сәндік-қолданбалы өнер үлгісін жас ұрпақ тәрбиесінде тиімді педагогикалық құрал ретінде пайдалану мәселелері Е. Асылханов, Қ. Әмірғазин, Ж. Балкенов, Ф. Н. Жұмабекова, М. Балтабаев, Б. Байжігітов, Қ. Болатбаев, К. Ералин, О. Сатқанов, С. Ұзақбаева сияқты педагог-ғалымдардың зерттеу жұмыстарында қарастырылды.

Е. Асылхановтың «Қазақтың сәндік-қолданбалы өнерін республика орта мектептерінде және педагогикалық институттарда оқып үйрену» (1986) атты еңбегінде қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің ұлттық ерекшелігін, құндылығын айқындай отырып, мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне бұл өнерді меңгертуге бағытталған, мазмұндық жағынан дидактикалық сабақтас арнайы оқу бағдарламасын жасауды қарастырса, Б. Әлмұханбетовтың зерттеулері дәстүрлі халық өнерін эстетикалық тәрбие моделінде пайдаланудың маңызы мен міндеттерін, бейнелеу өнері арқылы эстетикалық тәрбие берудің әдістемесін жасауға және оны жетілдіруге арналған.

Б. Байжігітовтың «Қазақ өнерінің эстетикалық табиғаты» (1994) еңбегінің мазмұны бейнелеу өнерінің, қазақ халқының дәстүрлі өнері мен көркем шығармашылығының эстетикалық табиғатын, ұлттық мәнін ғылыми тұрғыда дәлелдеген.

Ә. Қамақовтың «4-6 класс оқушыларына сәндік-қолданбалы өнер арқылы эстетикалық тәрбие беру» (1982) атты ғылыми-зерттеу еңбегі - халықтық сәндік-қолданбалы өнердің ұлттық ерекшеліктерін, бұл өнерге тән қалыптасқан көркемдік дәстүрлерді игерудің объективті заңдылықтарын көрсете отырып, сәндік-қолданбалы өнерге қатысты білімдерін пайдаланудың педагогикалық, психологиялық, әдістемелік негізін тәжірибе арқылы дәлелдеген республикамыздағы алғашқы ғылыми еңбектердің бірі. Автордың бұл еңбегі қолданбалы өнер сабақтарында оқушылардың өнер туындыларын қабылдай білу және бейнелі ойлау қабілетін, сәндік-қолданбалы өнерді меңгерудің педагогикалық негіздерін анықтай отырып, тәлім-тәрбие моделіндегі сәндік-қолданбалы өнердің мәнін, маңызын көрсеткендігімен, бұл өнерге жас ұрпақты баулудың бүгіні мен болашағы жайындағы ғылыми болжамдарымен құнды.

Қазақ халқының сәндік-қолданбалы қолөнерінің тарихын көптеген ғалымдар зерттеп көрсете білген. Мысалы, А. Х. Марғұлан, С. Қасиманов, А. Құралұлы және т. б. басқалар. Сәндік-қолданбалы қолөнердің үйірме жұмыстарын ұйымдастыру және оқытудың психологиялық, педагогикалық және әдістемелік негіздерін, ұлттық сәндік-қолданбалы қолөнер жұмыстарының ерекшеліктерін А. С. Хворостов ашып көрсеткен. Ал, қазақтың сәндік қолөнерін үйрету әдістерін Ш. Әбдуалиева зерттеген. Халық қолөнер дәстүрін өздерінің ұл мен қыздарына үлгі-өнеге етіп отырған. Мұндай жетістікке адам тек сәндік-қолданбалы қолөнер кәсібінің құпиясын, қыр-сырын меңгергенде ғана жететіндігін де санаға сіңіріп отырған. Қолөнер кәсібіне жас ұрпақты, әке-шешелерді ауылдың тәжірибелі салихалы қарттары, өнер шеберлері баулып отырды. Сонымен бірге, өз тәжірибелерінде түсіндіру, ақыл-кеңес беру, қолдау, мақтап-мадақтау және т. б. тәсілдерді пайдаланады. Әдетте халықтық педагогика қолданбалы қолөнер жұмыстарына баулуда ер баланың тәрбиесіне әкелері, қыз балалардың тәрбиесіне аналары көбірек көңіл бөлгені мәлім. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Ананың ізін қыз басар, атаның ізін ұл басар» деген мақал-мәтелдер соның айғағы болса керек. Жас ұрпаққа қолөнер кәсібінің бір саласын меңгерту өздеріне байланысты деп түсінген ата-ана өздеріндегі бүкіл жақсы қасиеттерді солардың бойына сіңіруге тырысты. Ер адамдар шеберлігі, өнері ат әбзелдерінен көрініс тапса, әйел затының қолөнерлерінің сипаты қызға төсек-орын беру дәстүріндегі үйге қажетті бұйымдардың көркемдігімен, шебер қолдар өрнегімен көрініс тауып, бағаланған. Атап айтқанда, өрнекті кілем, алаша, текемет, құрақ көрпе, аяқ қап т. б. бұйымдардың безендірілуі тек сол қыздың анасының ғана емес, ауыл әйелдерінің шеберлігін көрсетер болған. Бұл тұрғыда, аналар қыз балаларды қолөнердің кең тараған түрлері - киіз басуға, сырмақ сырып, киіз үйдің ішкі-сыртқы керек жабдықтарын әзірлеуге, шаруашылыққа қажетті бұйымдар жасап, киім, кілем, алаша, ши, кесте, шілтер тоқуға үйретсе, ер балаларды зергерлік бұйымдарды әзірлеуге, ер-тоқым, құрал-жабдық, сауыт-сайман жасауға үйретіп отырған. Осы айтылғандардың барлығы дерлік қолөнер өрнектерімен безендіріліп, әшекейлі жасалатын болғандықтан, жасаушыдан ерекше талғампаздықты, нәзік икемділікті, жоғары эстетикалық талғам мен шеберлікті талап етеді.

Әсіресе, ер балаларды тәрбиелеуде эстетикалық мәдениеттің қалыптасуына шығармашылық іс-әрекетінің дамуына әр қилы материалдардан бұйым жасауға, көбіне олардың малшы, егінші, сәулетші, зергер болуы мен әлеуметтік кәсіп үйренуі, негізінен іскерлігі мен жауапкершілігінен туындаған.

Қазақ халқы ұл-қызын 13-15 жасқа дейін өмірге дайындап, білгенін үйретіп шығаруға тырысқан. Яғни, қазақ халқы қыздары мен балаларының тәрбиесіне, эстетикалық көзқарасының дамуына үлкен мән бергені байқалады. Қазақ халқы қыздар мен ер балаларды сәндік-қолданбалы қолөнерге үйрете отырып, әсемдікті, сұлулықты түсініп, өмірді өнегелі етуге, қоршаған ортаның түрі мен бояуын қабылдай білуге қалыптастырады. Осы ежелден қалыптасқан қолөнер кәсібі, оның сан-алуан түрлері, әдіс-тәсілдері мен амал-жолдары ұрпақтан-ұрпаққа үзіліссіз беріліп келеді. Көркемдік өнер мен халық шеберлерінің туындысы бүгінгі жастарымызға үлгі және халықтың ғасырлар бойы жинаған көркемдік тәжірибесінің сарқылмас көзі болып отыр.

1. 2 Жоғары сынып оқушыларын сәндік - қолданбалы өнерге оқытудың негіздері

Мектеп оқушыларына халқымыздың қолөнерін үйретумен тәрбие береміз. Өнер мектеп өмірінің алғашқы күнінен бастап-ақ баланың әлемге көзқарасын қалыптастыру құралы ретінде, әлемді біртұтас жағымды мәнімен қабылдауға, бағалауға үйретеді және бейнелі ойлауын дамытады.

Өнерді бейнелі ойлауы тұрғыдан дамымаған адам өзін қоршаған ортадан тек оқулықтан нұсқаумен жарлықтардан алдын ала белгілі болған, есінде қалған нәрселерді ғана көре алады. Маңайындағы әдемі әсемдікті көре алмайды, өзінің ой елегінен өткізе алмаған, ол ештеңені түсінбейді. Неліктен кейбір жастардан маңайдағы әдемі заттарды сындырып, бүлдіріп кететінін байқаймыз, ол эстетиклық түсінігінің таяздығы және дұрыс қалыптаспағаны деп білемін. Басына қиын іс түскенде ол адам әрқашан сасқалақтап, қандай шешім қабылдарын білмей дал болады. Қиял - қоршаған орта әлемін қабылдауға адамның белсенділігін қамтамасыз ететін жан-жақты адами қабілеттілігі болып табылады.

Осындай құндылықтардың болашақта қолданыстан шығып қалмасы үшін жастардың санасына осы күннен бастап сіңірту қажет.

Эстетикалық мәдениеті дұрыс қалыптаспаған адам ғылымда, саясатта және қоғамда өзгелермен тіл табысуда мәденитті түрде адамгершілікпен әрекет жасай алмайды. Сондықтан, қазірден бастап мектеп оқушыларына ойлау, эмоционалдық сезімдерді қалыптастыру, экологиялық, патриоттық тәрбиелер ауадай қажет, бұл осы бейнелеу өнері, ұлттық қол өнеріміз бен мәдениеттің қатысуынсыз жеткізу мүмкін емес.

Қазіргі уақытта мектепте колөнерге үйрететін ұстаздың біліктілігеп артыpу, оларға шығарлашылықпен жүмыс жасауға арнайы кәбінеті, әдістемелік қоры, қазақ тіліндегі оқу құралдары, көркем іс-әрекеттер үшін қажетті материалдар алуға көмектесу қажет.

Білім беру - бұл білімгерді дамыту, атап айтқанда оның ой мүмкіншіліктерін дамыту, кез-келген мәселені шешуде адамға берілген сезім аппараттарына ғана сүйенбей, сонымен қатар адамның бойында оқу үдерісінде қалыптасатын бүкіл ойдың аналитикалық аппаратына да сүйенуін қамтамасыз ету. Бұл үдеріске ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың үлесі қаншалықты болатындығы талданды.

Педагогика және психология саласындағы көптеген мамандар үшін П. Я. Гальперин есімі оның жетекшілігімен жасалған оқытудың іс-әрекеттік теориясымен белгілі. П. Я. Гальперин оқушылардың ой-өрісін дамытудың сақталуы тиіс негізгі жағдайларын жасады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстандағы бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі
БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
Ши тоқуда «гүлдер әлемі» композициясын түстік үйлесімділікте орындау тәсілдері
Бейнелеу өнерінің теориялық негіздері
Әйелдер ұлттық көйлегін әзірлеу технологиясы және окыту әдістемесі
Қазақтың ұлттық киіміндегі ою-өрнек элементтерін оқыту
Мектепте бейнелеу өнері пәнін оқыту
КӘСІПТІК ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
Бейнелеу өнерінен үйірме жұмыстарында оқушыларды табиғатты бейнелеуге үйрету
Бейнелеу өнері және әдістемесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz