Жарнама түрлері және жарнама таратушы құралдар


Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 30 бет
Таңдаулыға:   

Жоспар

І бөлім. Жарнама және бұқаралық ақпарат құралдары

  1. Қазақ басылымдарындағы жарнама тарихы

1. 2. Жарнама түрлері және жарнама таратушы құралдар

1. 3. Жарнаманың көркемдік - бейнелеу құралдарын жүйелендіру

ІІ бөлім. Жарнама мәтінінің көркемдігі

2. 1. Жарнама мәтініне қойылатын негізгі талаптар, көркемдік - бейнелеу түрлері

2. 2. Жарнама мәтінін психологиялық қабылдау жолдары

2. 3. Жарнамадағы ұлттық ерекшеліктің көрінісі

Кіріспе

Жарнама - мәдениет пен өнерге тән құбылыс. Ол француздың «reclame», латынның «reclamo» - айқайлаймын деген сөздерінен шыққан. Жарнама - тауарлардың тұтынушылық қасиеттері жайлы және сұраныс тудыру мақсатындағы түрлі қызметтер туралы ақпарат. Сонымен қатар, жарнама белгілі бір тұлға немесе мекеме, кәсіпорынды көпке танымал етіп, имидж қалыптастыру үшін де қолданылады. Ағылшын тілінде жарнама - «advertising» және «publicity», ал француз тілінде - «publicité» және неміс тілінде - «Werbung» терминдерімен анықталған. Жалпы, жарнамаға берген ғалым-зерттеушілердің анықтамасы екі мыңға жуық екен.

Жұмыс барысында жарнама тарихына шолу жасай отырып, көркемдік-бейнелеуіш тәсілдерінің қалыптасуымен танысамыз. Жарнаманың ең қарапайым түрлері біздің дәуірімізге дейін ежелгі Греция мен Римде пайда болған. Ал, қазақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнаманың алғаш нұсқалары «Түркістан уалаяты» газетінде қалыптасқан деген деректер бар.

Жұмыстың өзектілігі: қазіргі нарық заманында сұраныс пен ұсыныстың өзара бағыттаушы құралы ретінде қалыптасқан жарнаманың рөлін анықтап, оның көркемдік - бейнелеуіш құралдарын талдау арқылы жарнама жасаудың тиімді жолдарын қарастыру. Сонымен қатар тұтынушы психологиясына жарнаманың әсерін анықтау.

Жұмыстың міндеттері :

  • қазақ басылымдарындағы жарнама тарихы жайлы жаңа ақпараттар келтіру;
  • жарнаманың жаңа қырларын ашу;
  • жарнамадағы қаптаған қателермен күрес жолын көрсету;
  • жарнаманың қоғамдық санаға әсерін бақылау.

Жұмыстың мақсаты : елімізде кенжелеп жатқан бұл саланың қыр-сырын кеңінен талдай отырып, жарнаманың көркемдік бейнелеу құралдарын жіктеп, бір жүйеге келтіру. Жарнама мәтіні қандай болу керек деген талаптарға жауап табу.

Жұмыстың жаңалығы : осыған дейін қозғала қоймаған қазақ баспасөзіндегі жарнаманың қалыптасуы, дамуы және қазіргі тәуелсіз Қазақстандағы жарнама деңгейін салыстырмалы түрде қарау.

Жұмыстың тұжырымы: қазіргі жарнама нарығындағы түрлі келеңсіздіктердің алдын-алу мақсатында, кенжелеп қалған қазақ жарнама агенттіктерінің қызметін анықтау, жарнама мәтінінде көп кездесетін қателерді қарастырып, әсерлі жарнама жасау жолдарын зерттеу.

І БӨЛІМ. Жарнама және бұқаралық ақпарат құралдары

  1. Қазақ басылымдарындағы жарнама тарихы

«Қазақ мерзімді баспасөзі Қазақстанның Ресейге қосылуының нәтижесінде пайда болды», - дейді баспасөз зерттеушілері. Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев сынды қазақтың біртуарлары қазақ журналистикасындағы демократиялық публицистикасының негізін қалады. ХІХ ғасырдағы қазақ халық ауыз әдебиеті мен ақын-жазушыларының шығармалары баспа бетінде жарық көре бастады.

XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ тілінде кітап, газеттер шығып тұрды. Газеттер шыға бастаған кезде публицистиканың түрлі жанрлары пайда болғаны белгілі. Алайда, жарнаманың алғашқы таза нұсқасы қазақтың қай басылымында екенін кесіп айту қиын. Дегенмен, нағыз жарнаманың өзі болмаса да, соған ұқсас түрлері баспасөз беттерінде жарық көріп отырды.

Жарнаманың мазмұны XIX-XX ғасырдың өзгерістеріне байланысты болған сияқты. Мәселен, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында мектептер салынып, халықтың сауатын ашу саясаты жүріп жатты. Осы кезеңде жаңа оқулықтар, кітаптар шыға бастағанда, «Жаңа кітаптар» айдарында «Дала уалаяты» газетінде (1888-1902) мынадай жарнама жарық көрген: «Жаңадан қазақтар турада бір кітап шығып сатылып жүр. Сол кітапта Орал жағының қазақтарының шежіресі бар, онан соң қалай орыстармен араласқаны бар, «жазған Алекторов» деген. Сол кітапты білімді, ғылымды қазақтар алып оқыса пайдалы. Ата-бабасының қалай жүріп, қалай түзеле бастағанын біледі. Сол кітаптың қағазы аз, бағасы 35 тиын. Астрахань губерниясының «Ханская ставка» шаһарында сатылса керек» (ДУГ 1890, №30) деп, Д. Высоков қол қойған. Ал «Торғай» газетінде: «Жақында Торғай облысында орысша оқудың қазақ арасында көбейгенінен сөйлейтін һәм Торғай облысының картасы бар жаңа кітап басылып шықты. Шығарған Васильев, аламын деушілер оны шығарған Торғай облысының военный губернаторының кеңсесіндегі советник Васильевке барсын» - деп жазылған жарнама жарияланған. Сондай-ақ «Айқап» журналында (1911-1915) да «Жаңа шыққан кітаптар» деген тақырыпта: «Жастық жемістері» қазақша өлеңмен басылған. Шығарушысы «Айқап» оқушыларына белгілі Әкірам Ғалымов. Ішінде әдемі-әдемі өлеңдер бар. Өлең оқуды сүюшілердің алып оқулары тиіс. Ұмтылған «Қалқаман-Мамыр» қазақ тілінде тарихи хикая. Шәкәрім Құдайбердіұлы. Бұл кітапта қазақта мұнан 190 жыл бұрын болып өткен бір уақиғаны қисса қылып өлеңменен жазылған. Оқушыларына әсерлі-көркем кітап. Алдырушылар Семипалатта «Ярдам» кітапханасынан алдыруға болады» - деген хабарландыру жарнамалар берілген. Дәл осындай жарнамалар журнал бетінде көптеп жарияланған. Міржақып Дулатовтың «Эсперанто тілі» («Айқап» 1913, №9) деген материалы таза жарнамаға жатпаса да, ол материалда жарнаманың кейбір элементтері ұшырасады: «Біздің заманымызда мәшһүр доктор Заменгоор деген жер жүзіндегі халықтарға бірдей ортақ «эсперанто тілін» ойлап шығарды. Бұл тілдің оңайлығы сонша: егер бірнеше ай көңіл беріп үйренген кісі өзінің ана тіліндей болып шығады», - деп айтып келеді де, кітаптың бағасына тоқталып, доктор Заменгоордың мекен-жайын келтіреді, - «Егер тұрған шаһарларыңызда «эсперанто» кітаптары табылмаса өз адресі мынау: г. Варшава, ул. Дикая. №9. Д-ру Л. Заменогоору». (6. 210)

«Дала уалаяты» газетінде 1895 жылы №24 cанында басылған Г. Н. Потаниннің тарихи-этнографиялық материалдарды жинау үшін қазақ арасына келгені хабарланып қана қоймай, халықтың онымен қалай байланыс орнату болатыны туралы айтылады. Онда: «19-інші июньде темір жолмен Петербур шаһарынан Омбы шаһарына атақты жиһан кезуші Г. Н. Потанин деген келеді. Григорий Николаевич Омбы шаһарында бірнеше күн тұрып, мұнан Көкшетау оязына шықса керек. Қазақтардың ертегісі мен бұрынғыдан қалған сөздерін жинамақ үшін. Сол жайларда осы жылдың сентябрь айына дейін тұрса керек», - дей келе, жергілікті тұрғындар халықтың ертегілері мен аңыздарын осы адамның жинауына көмек көрсетуі сұралады. Жарнама және хабарландыру ретінде берілген бұл материал былай аяқталады: «Әлбетте, Г. Н. Потанин Көкшетау оязының қазақтарының арасында да құрметі асып, сүйікті болып, һәм қазақтар да оның жүрген сапары турада ойына алған нәрселерін бажай келтіруіне болысып, уа көмек беруден тартынбаса керек», - деген өтініш, тілекпен аяқтайды. Бұл материалдағы жарнама элементтері көзге ұрып тұр. Г. Н. Потаниннің кішіпейілділігі, жақсы мінезі айтыла келе, қарапайым халықтың көмегіне сүйену арқылы ел әдебиеті мен тарихына қатысты құнды деректерді халық арасынан жинауға көмектесетін тек қарапайым халық екені баса ескертілген және басқа халықтардың мұрасын жинаудағы жетістіктері қоса айтылып, оқырманды осы іске жұмылдыру көзделіп отырғаны көрінеді.

1897 жылы «Дала уалаяты» газетінің №47 санында «Басылып шыққан кітап туралы» деген жарнаманың әдіс-тәсілдерінен көрініс беретін материал «Киргизско-русский словарь» сөздігі туралы басылған. Бұл мақаланың авторы - В. Ладыгин. Мақалада қазақ халқының ауылдарында мектептер мен гимназиялар ашылып жатқандығы айтыла келе, кішкентай болса да бұл сөздікте көп керекті сөздер жазылғандығы, қазақ балаларына орысша үйренуіне оңтайлы сөздік екені айтылады. Бұл тек қазақтарға ғана емес қазақтың рәсімін, жүрісін, тұрысын, заңын білгісі келетін орыстар үшін де үлкен пайдасы бар екені баса жазылған. Мақала соңында: «Құрамы үлкен емес, қалтаға салып жүруге ыңғайлы. Өзі 263 бет. Бұған қарағанда бағасы да (бір теңге) қымбат емес. Жалғыз-ақ сынауға тұратыны мынау. Орыс әрпімен жазылған, араб әрпімен переуат қылып, басына жазбаған екен». Қазіргі таңда кездесетін кітап жарнамасы осы материалға ұқсас болып келетіні дәлелдеуді қажет етпейді. Осы басылымда «Сарыарқа» атты газеттің шыға бастауы және оның таратылу тәртібі туралы жарнамалық белгілері бар қысқа мақала берілген. Онда: «Семейде шығаруға қам қылып жатқан «Сарыарқа» газетінің бірінші нөмірі келді. Газет қазірге жұмасына бір рет шықпақ. Жылдық ақы 6 сом, жарты жылдығы 3 сом 25 тиын» делінген.

«Қазақ» газетінің 1917 жылы шыққан нөмірлерінің бірінде «Сарыарқа» «Қазақ» емлесімен шығару мақсатымен «Қазақ» басқармасында қызмет етіп тұрған Имам Әлімбековты Семейге шақырды. Имам жүріп кетті. «Сарыарқа» көңілдегідей жақсы. Жолдасымызға құтты болсын айтамыз. Алдырушыларға «Сарыарқаның» адресі. Семипалатинск. Ред. газ. «Сарыарқа». Осы сияқты жаңадан шығып жатқан газет-журналдар туралы құттықтау мен жарнама сарындас қысқаша материалдарды бүгінгі БАҚ-та да кездестіреміз. Осыған ұқсас қысқа материалдарды «Қазақ» газетінен де көптеп кездестіруге болады.

«Қазақ» газетін парақтап шықсақ, жарнама сарынындағы материалдар көп және сол кездің өзінде газет-журналдарда жарнаманың үлкен орын ала бастағанының куәсі боламыз. Ол кездегі «Қазақ» газетіндегі жарнамалардың мазмұны көбіне жаңадан шыққан кітаптар, басылымдар, өнерге қатысты жаңалықтарды хабарлау, дүйім жұртты соны оқу мен көруге шақыруға арналған. Бұл жарнамалар халықтың жадын жаңғыртып қана қоймай, күнделікті өмірлерімен астасып, сабақтасып жатқандығын аңғара аламыз. «Қазақ» газетінің жарнама сарындас қай мақаласын алсақ та, айтылатын мәселесі маңызды және көкейкесті мәселелер бойынша халыққа қажетті жаңалықтан құлағдар ететін хабар-ошар ретінде беріліп отырған.

Кей тұстарда әуелі «Жарнама» айдарымен жарық көрген материалдар да болды. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтірсек. «Учредительное собраниенің члендерінен құралған комитет өкілдерінің Торғай облысының халқына таратқан жарнамасы» деп басталады. Жарнама «Торғай облысының халқына!» деп басталыпты. Жарнаманың мазмұнына қарап отырсақ, қазіргі таңда кездесетін саяси жарнаманың элементтерін көруге болады. «Торғай облысындағы қазақтар һәм орыстар біз, бүкілроссиялық учредительное собраниенің комитетінің өкілдері, шын көңілімізбен сіздерден учредительное собраниені қорғауларыңызды өтінеміз», - делінген тұстары қазіргі саяси жарнамада кездесетін үгіт-насихат формасының бастаулары екені көзге ұрып тұр. Міне, бұл алғашқы қазақ газеттеріндегі жарнаманың берілуі. Жоғарыдағы жарнама сарындас мақалалардың осы күнгі жарнамаға ұқсас жақтары басым деуге толық негіз бар. (1. 9)

Демек, қазақ басылымдарындағы жарнаманың пайда болу тарихы алғашқыда біз жарнама деп тани бермейтін шығармалардың нәтижелерінде қалыптасқан. Ол кездегі жарнамалар да нақты тауардың көбірек өтуін емес, сол тауар халықтың мүддесіне жарауын мақсат тұтса, кітап жарнамасы халықтың сауаты ашылсын деген игі тілектен туындаған.

  1. Жарнама түрлері және жарнама таратушы құралдар

Жарнама түрі оның мақсатымен тығыз байланысты, ал мақсат өз кезегінде тауар, жұмыс немесе қызмет тұтынушыларына бағытталады. Жарнаманың түрін таңдамас бұрын, мақсатты анықтап алу қажет:

  1. тұтынушының аталмыш тауар, қызмет туралы белгілі бір дәрежеде білім деңгейін қалыптастыру;
  2. тұтынушы ойында нақты фирма образын қалыптастыру;
  3. тауар, қызмет түріне деген қажеттілікті қалыптастыру;
  4. фирмаға дұрыс көзқарас қалыптастыру;
  5. аталмыш фирмаға тұтынушының келуін қамтамасыз ету;
  6. дәл сол тауарды сол фирмадан алуға тұтынушыны бұру;
  7. тауар өтімін немесе қызметті қолданысқа енгізуді ынталандыру;
  8. тауар айналымды жеделдету;
  9. аталмыш тұтынушыны сол тауардың тұрақты сатып алушысы, фирманың тұрақты клиенті етуге тырысу;
  10. басқа фирмалармен сенімді серіктес ретінде байланыс орнату.

Осы мақсатта жарнамалар атамлыш жарнама бағытталған шешімге мақсаты бойынша бір топқа біріктіру қажет:

  • ИМИДЖ-ЖАРНАМА - мақсаттар 2, 3, 4, 10
  • ЫНТАЛАНДЫРУШЫ ЖАРНАМА - мақсаттар 1, 5, 6, 7, 8
  • ТҰРАҚТЫЛЫҚ ЖАРНАМАСЫ - мақсаттар 5, 9, 10

Жарнама күнделікті өмірде біржақты, креативті, күлкілі болып көрінгенмен, негізгі жарнаманың табиғаты өзгеше. Кейде этикаға сай келмейтін, сенімсіз және басқа атақты маркаларды көшіруге дейін баратын жарнама түрлері кездеседі. Кейде осындай адам шошитын креативтердің авторларынан: «Мұны жасай отырып, не туралы ойладыңыз?» деп сұрағың келеді.

Жарнама дегеніміз - белгілі бір зат пен құбылысты, іс-әрекет пен қызметті елге таныту, насихаттау, оларға деген сұранысты күшейту мақсатымен жарияланған хабарлама жиынтығы. (3. 86) Жарнама (жар+нама; «жар» - жария етті, мәлімдеді, хабар таратты, жарияланды; «нама» - араб, парсы «жазылған хат, шығарылған бәйіт, дастан») - қазақ мәдениетінде кең қолданылған ұғым, дефинициясы айқын термин. Энциклопедиялық, лексикологиялық, мағлұматнамалық, терминологиялық еңбектерде берілген анықтамалардан шығатын қорытынды - «жарнама - спектакль, концерт немесе көрермендерге арналған басқа да мәдени шаралар, спорттық жарыстар, ойын-сауық туралы хабарландырудың бір түрі». (5. 9)

Жарнама - тілдік құралдар арқылы да, вербалды емес құралдар арқылы да ұлттық мәдениеттің белгілерін көрсетуі қажет. Ал, ұлттық мәдениеттің танылуы тілдің ұлттық белгілері: сөз қолдану, грамматикалық заңдылығы, нормалары игерілгенде көрінеді. Жарнама мәтіні ұлт тілімен, ұлттық мәдениетпен байланысты қалыптасатын жағдайда ғана, өзінің негізгі мақсатын атқара алады. (5. 11)

Қазіргі қазақ жарнамалары таралу жолдарына, қамтитын тақырыптарына, түрлеріне қарай әр түрге бөлінеді:

- сыртқы жарнама (маңдайшалар, жарнамалық қалқандар, панно, плакаттар)

- теле және радио жарнама (жарнама роликтері, жарнамалық телерепортаждар, теледидардағы жарнамалық қатарлар, радио хабарландырулар, радио роликтер)

- парақша жарнама (каталогтар, буклеттер, жапсырмалар, шағын жарнама парақтары, шақыру билеттері, баға көрсеткіштері)

- газет жарнамасы (газет-журналдарда жарияланған жарнама мәтіндері) (5. 11)

Жарнамалар жайлы Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» заңының 7-бабында айтылған. Онда тиіссіз жарнаманың келесідей түрлерін біріктіреді: қиянатшыл, дәйексіз, әдепсіз.

  1. Қиянатшыл жарнама тұтынушыларды адастырады, себебі жарнамаланатын тауарлар (жұмыстар, қызметтер) арасында дөрекі салыстыруларға толы болып келеді
  2. Дәйексіз жарнама дегеніміз ҚР «Жарнама туралы» заңының «Қиянатшыл жарнама» 7 бабы, 2 тармағына сәйкес келмейтін мәліметтерді қамтитын жарнамалар болып табылады
  3. Әдепсіз жарнама - жеке тұлғалардың нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, кәсiбiне, әлеуметтiк жағдайына, жасына, жынысына, дiни, саяси және өзге де нанымына қатысты қорлайтын сөздердi, теңеулердi, бейнелердi пайдалану арқылы жалпыға бiрдей қабылданған iзгілік пен мораль нормаларын бұзатын мәтiндiк, көрiнiстi, дыбыстық ақпаратты қамтитын жарнама.

Сонымен қатар, жарнаманың таратылуын да, аудиторияны қамтуында маңызды рөл атқаратын ақпарат беру құралдары бойынша жарнаманы былайша жіктейміз:

Сыртқы жарнама (визуалды) - «ашық аспан астында» орналасқан арнайы уақытша немесе стационарлы құрылымдарда бекітілетін мәтін, графикалық түріндегі жарнама, сонымен қатар ғимараттардың, үйлердің жоғары бөлігінде, көше жабдықтары элементтерінде, көшенің жүретін бөлігі немесе жол бойларында орналасқан түрлері.

биллбордтар мен тақталардағы жарнама

  • Биллбордтардың мәлімділігінің өсуі, ең алдымен олардың орналасуына жеңіп алған орындарына әсер етеді. Ең маңызды трассалар мен магистральдарда орналасқан биллбордтар, ереже бойынша жүргізушілер мен жолаушылардың назарындағы қолжетімді құралға айналады.
  • Өлшемі : Бүгінгі күні Қазақстанда жарнамалардың 3м*6м өлшемді сериялық тақталар көп тараған. Плакаттардың салдарлы өлшемдері - 9 ш. м. -ден 36 ш. м. - ге дейін - суретке күш және айбат береді. Көлемі ұлғайтылған жарнама бейнесі (сүт пакеті, шоколад бөліктері және т. б. ) назар аударып қана қоймай, таң қалдырары сөзсіз. Жарнаманың шығар бөлігі кеңістігін ұлғайту тақтаның ауқымын ғана үлкейтіп қоймай, тың шығармашылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
  • Жарықтандыру: Жарықтандыру жарнама плакатының әсерін еш жоғалтпайды. Қоғамдық биллбордтардағы жарнама күні-түні, жұмыс күндері де, мереке күндері де жұмыс істейді. Жарнама берушіге прайм-тайм немесе қарбалас кезең үшін қосымша қаражат төлеудің қажеті жоқ: биллбордтарға арналған прайм-тайм тәулігіне 24 сағат қызмет етеді. Қуаты күшті лампылармен жарықтандырылған биллборд кешқұрым сағаттарда және қараңғы түнде жолдың көңілсіздігін жасырып, көздердің шаршауына жол бермейді және жүргізушіге өзіндік маяктармен қызмет етіп отырады.
  • Орналастыру: Оқшау тұрған тақталар, ереже бойынша қозғалыс көп трассалар мен магистральдарға, көлік ағындарының көп болатын қиылыстарына, жекелеген жолақтар бойында орналастырылады. Тақталардың маңызды бөлігінің екі жағы болады. Бөлінген жол жолақтарында орналасқан тақталарға жақтарды таңдау маңызды роль атқармайды. Көлік ағынына көлденең орналастырылған тақталардың беткі жағына байланысты құны артқы бетінінің құнынан 30 пайызға артық.

«призмавижен» құрылғысында орналасқан жарнама

  • Жедел және қайталанып ауысып отыратын тақтадағы үш бейне - бұл жаңа идея емес. Адамның көзі кеңістіктегі аздаған өзгерістерді тез байқайды. Американ ғалымдарының зерттеуінше, 2000 -нан астам адамның 91 пайызы өзгеріп тұратын бейнелерді байқаса, жүргіншілердің 19 пайызы ғана аналогтық статистикалық суреттерді байқайды екен. Призмаларды қолдану техникалық және жарнамалық мақсаттар үшін өте таптырмас әрі сәтті шешім болды. «Prismavision» құрылғысының үсті тығыз орналасқан үшжақты призмадан тұрады, өз осінің айналасында осы призмалар айналып тұратындықтан бейне өзгеріп отырады. Үш суреттің тез өзгеруі (бір секунд ішінде) және «болжамсыз фактор» мен кезекті сюжеттің айқындылығы адамның назарын аударып қана қоймай, оны эмоционалды жағдайда ұстайтынын атап өту керек.
  • Өлшемі: Заманауи техникалық әлеует кез келген өлшем құрылымын жинауға мүмкіндік береді - үштен жүзге дейін призма қолданылатын үлкендеуінен бастап (0, 6 м. х 0, 6 м) көлемділеріне дейін (24 м. х 8 м), - және бірнеше жарнама орналасатын бірөлшемділері де кездеседі.
  • Жарықтандыру: «Prismavision» үшін галогенді жарықтандырғыштармен немесе күндізгі жарық лампалы сыртқы жарықтандырғыштар пайдаланылады.
  • Орналастыру: Сыртқы жарнамада «Prismavision» құрылғысын орналастырудың төрт тәсілі қабылданған - оқшау тұратын, қабырғаларға ілінетін, шатырлық және ілінетін. Оқшау тұрған «Prismavision» құрылғылары көпшілік жағдайда жарнаманың сериялық орналасуына қолданылады. Олар стандартты формада, өлшемдегі биллбордтарда - 3 м х 6 м беріледі. Мұндай құрылғылар кең даңғылдар мен қозғалыс көп қиылыстарда орнатылады. Қабырғада тұратын «Prismavision» құрылғысы қабырғаға бекітіледі немесе қабырғаға перпендикуляр орнатылады. Олардың формасы мен өлшемі үлкен қашықтықта өзгеріп отырады. «Prismavision» төбе құрылғысы имидждік жарнамаға арналған. Элита ауданында орналасқан үй шатырларын пайдалану жарнама орнын іздеуде мәселені шешіп қана қоймайды, әрине мұндай жарнаманың беделін арттырады. «Prismavision» төбе құрылғысының көлемдірек болуы және тиімді орналасуы жаяу жүргіншілерді ғана емес, көлік кептелісіндегі жүргізушілердің де назарынан тыс қалмайтыны анық.

аялдамалардағы және лайтпостерлердегі жарнама

  • Көлікті күте отырып жолаушылар түрлі бояулы плакаттарға қарайды. Көбінесе мұндай байланыс ұзақтығы аздаған секундтардан тұрмайды, көлік күтудің бар кезеңінде 10 минутқа дейін болуы мүмкін.
  • Өлшемі : Жарнама өрісінің стандартты өлшемі - 1, 2 м х 1, 8 м. Жарнама ілінетін тақтаның биіктігі - 2 м-ден 2, 3 м., құрылымның түріне байланысты; мұндай биіктік суреттің жаяу жүргіншінің және жүргізушілер мен жолаушылардың көз деңгейіне мөлшерлес болады. Барлық павильондар мен лайтпостерлер екі жарнамалық жақ пен ішкі жарықтанғыштан тұрады. Павильондардағы жарықтандырылған жарнама тақталары кешке және түнгі мезгілдерде ерекше көзге түседі, жарнама плакаттары тәулік бойы қызмет етеді және жоғары дәрежеде жарнамаға тиімдірек. Сонымен бірге, олар жарнама бейнелерінің тартымдылығын күшейте түскен сайын қауіпсіздікті сезінуге әсер етеді.
  • Орналастыру: Павильондардың функционалдығы мен лайтпостерлердің аздаған өлшемдері оларды қаланың орталық аудандарына - көлік көп шоғырланған магистральдар, қиылыстарда, сонымен қатар жіңішке тротуарлар мен жүргіншілер өткелдері тұсына орналастыруға мүмкіндік береді. Ұстамды дизайн мен пайдалылығының арқасында павильондар жеңіл әрі тиімді түрде кез келген қала ортасына кіреді. Жеңіл, тұнық, олар ескі көшелердің үйлесімді бейнесін бұзбайды, тіпті қаланың өзге де беделді аудандарындағы тарихи бөліктеріне де орнатуға болады.

ғимарат шатырына орнатылатын жарнама құрылғылары

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Маркетинг жүйесіндегі жарнама
Жарнамалық әрекетке қатысушылардың негізгі қызметтері
Жарнама қызметі рыногын дамыту
Жарнама агенттіктер туралы
Жарнама таратудың негізгі құралдары
Жарнама коммуникация ретінде
Жарнамалық әрекет
ЖАРНАМА ТЕОРИЯСЫ МЕН ӘДІСТЕМЕСІ
Банк саласындағы жарнама
ҚР кітапханалық жарнамасының мәселелелерін шешу жолдары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz