Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының еуропа векторының халықаралық құқық қырлары



Кіріспе

1. Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының Еуропа векторының жалпы анықтамалық жүйесі
1.1 Қазақстанның сыртқы саясаты еуропалық векторының мәні мен мазмұны
1.2 Жалпы және арнайы нормативтік актілердегі еуропалық вектордың орны және рөлі

2. Қазақстан Республикасының арнайы еуропалық құрылымдарымен қарым.қатынасы
2.1 Еуропалық Одақ және Қазақстан серіктестігі мен ынтымақтастығының құқықтық негіздері
2.2 Қазақстан және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы арасындағы екі жақты қатынастар үрдісі
2.3 Қазақстан Республикасының Еуропа Кеңесі ұйымына қосылу мәселелері мен олардың шешу жолдары

3. Қазақстан Республикасы мен Еуропа мемлекеттері арасындағы екіжақты қатынастар
3.1 «Ескі Еуропа» мен солтүстік Еуропа мемлекеттері және Қазақстан Республикасы
3.2 Орталық және шығыс Еуропа мемлекеттерінің Еуропалық Одақтың жаңа мүшелері мәртебесінде Қазақстан Республикасымен қарым.қатынастары

Қорытынды
Библиография

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Халықаралық қатынастар факультеті

Халықаралық құқық кафедрасы

Бітіру жұмысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ
ЕУРОПА ВЕКТОРЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ҚЫРЛАРЫ

Алматы
2007
МАЗМҰНЫ

Кіріспе

Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының Еуропа векторының жалпы
анықтамалық жүйесі

1 Қазақстанның сыртқы саясаты еуропалық векторының мәні мен мазмұны

2 Жалпы және арнайы нормативтік актілердегі еуропалық вектордың орны және
рөлі

Қазақстан Республикасының арнайы еуропалық құрылымдарымен қарым-
қатынасы

1 Еуропалық Одақ және Қазақстан серіктестігі мен ынтымақтастығының құқықтық
негіздері

2 Қазақстан және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы арасындағы
екі жақты қатынастар үрдісі

3 Қазақстан Республикасының Еуропа Кеңесі ұйымына қосылу мәселелері мен
олардың шешу жолдары

Қазақстан Республикасы мен Еуропа мемлекеттері арасындағы екіжақты
қатынастар

1 Ескі Еуропа мен солтүстік Еуропа мемлекеттері және Қазақстан
Республикасы

2 Орталық және шығыс Еуропа мемлекеттерінің Еуропалық Одақтың жаңа мүшелері
мәртебесінде Қазақстан Республикасымен қарым-қатынастары

Қорытынды

Библиография

3

7

7

12

18

18

29

36

42

42

50

55

58
КІРІСПЕ

1991 жылы бұрынғы КСРО орнында пайда болған жаңа мемлекеттер үшін өз
ішкі және сыртқы саясатын қалыптастырудың, дүниежүзілік қауымдастықта өз
орнын алудың мақсаты пайда болды. Бұл мақсатқа жетуде Қазақстан
Республикасы өз алдына нақты міндеттер қойды. Қазақстан ядролық қарудан бас
тартып халықаралық аренаға бейбіт мемлекет ретінде шығу, жаңадан қалыптасып
келе жатқан көпполярлы жүйенің мәнін ескере отырып, сыртқы саясатының
бағыттарын барынша диверсификациялау жолын таңдады. Сол бағыттардың бірі
болып Еуропа векторы табылады. Көпвекторлы сипаттағы Қазақстан
Республикасының сыртқы саясатында экономика, саясат және мәдениеттің
дүниежүзілік орталығы болып табылатын Еуропа ерекше орын алады. Яғни
Қазақстанның Еуропамен қарым-қатынастарды дамытудың қажеттілігі мен
басымдығы Еуропаның дүниежүзілік саясатта, экономикада, білім беруде және
мәдениетте алатын орнымен сипатталады.
Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының Еуропа векторының мақсаттарын
екіжақты қатынастармен қатар көпжақты нысандағы қарым-қатынастар арқылы
жүзеге асырады. Өйткені қазіргі таңда интеграцияның ерекше үлгісін көрсетіп
жатқан Еуропамен ынтымақтастықты дамытуда Еуропалық Одақтың рөлі ерекше.
Яғни, болашақта Еуропаның атынан сөйлеп, ортақ сыртқы саяси бағытты
анықтайтын ұйыммен ынтымақтастық пен серіктестікті дамыту – Қазақстан үшін
басым мақсатқа жатады. Оған қоса әртүрлі бағыттарда әрекет ететін еуропалық
құрылымдармен байланыс орнату мен дамыту Қазақстан Республикасы үшін
маңызды болып табылады.
Өз жағынан еуропа меммлекеттері үшін Орталық Азиядағы сыртқы
саясатының мәселелі қыры болып аймақтағы серіктесті табу мен сыртқы
саясатын сол серіктес арқылы жүргізу болып табылады. Аймақтағы көшбасшы
рөліне талпынған Қазақстан Республикасы үшін сыртқы саясатын жүзеге асыруда
осы факторды пайдалануы маңызды болып табылады.
Еуропа мемлекеттері мен Қазақстан Республикасы арасындағы қарым-
қатынастар бастапқы кезеңнен экономикалық бағыт алып, ерекше мәселе болып
энергетикалық сұрақ табылатынын атап өткен жөн. Бұған дәлел болып Қазақстан
Республикасының тәуелсіздік алған сәтінен бірінші қосылған көпжақты құжат
болып Еуропалық Энергетикалық Хартия екендігі табылады. Яғни, Еуропа да,
Қазақстан да өзара тиімді қарым-қатынасты дамытуда мүдделі. Ал бұл мүдделер
мен қызығушылықтарды жүзеге асырудың мүмкіндіктері қандай және қандай
кедергілер болуы мүмкін сұрағына жауапты табу үшін бұл қатынастардың
халықаралық құқық қырларын зерттеу қажет.
Осы бітіру жұмысының өзектілігі қысқаша түрде келесідей. Біріншіден,
1 қаңтар 2007 жылы Еуропалық Одақ мүшелер саны 27 мемлекет болды.
Екіншіден, 2007 жылы маусымда Еуропалық Одақ Орталық Азияға қатысты жаңа
стратегия қабылдауға дайындалып жатыр[1]. Яғни, Біріккен Еуропа шекаралары
кеңеюде және Еуропа мемлекеттерінің Орталық Азия аймағында, соның ішінде
Қазақстанға қатысты қызығушылығы өсуде. Ал энергетикалық мәселелердің
күннен күнге көбейе беруіне байланысты жақын уақыт арасында Еуропаның бұл
қызығушылығы кемімейтіні анық. Қалыптасып отырған осындай жағдайларда
Қазақстан Республикасының қабылдаған сыртқы саяси бағытын жүзеге асыруға
халықаралық құқық қандай жағдайлар жасайтынын зерттеу, және ондай жағдайлар
болмаса, қойылған мақсатқа жету үшін қандай нормативтік негіз қалыптастыру
қажеттілігі өзекті мәселе болып табылады.
Проблеманың зерттелу жағдайын сипаттау кезінде, келесі тұжырымға
келеміз. Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты тақырыбына көп зерттеулер
арналған. Атап өтетін болсақ, Қазақстан Республикасының көрнекті саяси
тұлғасы, сыртқы істер ведомствосының бұрынғы басшысы Тоқаев Қ.Қ. еңбектері:
Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының өзекті мәселелері[2],
Тәуелсіздік туының астында[3], Қазақстан Республикасының
дипломатиясы[4]. Бұл еңбектерде Қазақстан Республикасының сыртқы
саясатының негіздері, жүзеге асырылу қағидалары және бағыттары
қарастырылады. Қазақстан мен Еуропа мемлекеттері арасындағы қарым-
қатынастарды сипаттауға кейбір тараулар ғана арналған. Нақты Қазақстан мен
Еуропа арасындағы қарым-қатынастар бойынша маман болып ҚазҰУ Халықаралық
қатынастар факультетінің профессоры Ибрашев Ж.О. табылады. Бұл жұмысты
орындау кезінде аталған маманның Қазақстан Республикасы сыртқы
саясатындағы Еуропалық Одақ атты еңбегі пайдаланылды[5]. Аталған мәселе
Еуропалық интеграция және адам құқықтары[6], 11 қыркүйектен кейінгі
Орталық Азия[7] сияқты мақалалар жинақтарында қарастырылады. Алайда
Қазақстан мен Еуропа мемлекеттерінің қарым-қатынастарының нақты құқықтық
қырларына арналған еңбектер жеткілікті емес. Бұл тақырыпқа арналған іргелі
зерттеулер жоқтың қасы. Аталмыш қатынастардың құқықтық реттелуіне ағымдағы
басылымдардың жеке мақалалары арналған. Бұл мақалаларда Қазақстан
Республикасының Еуропамен қарым-қатынастардың нысандарының жеке түрлерінің
құқықтық қырлары зерттеледі. Мысалы, жұмыстың авторы жиі түрде келесі
мақалаларға жүгінді: Азиядағы өзара әрекеттесу және сенім шаралары бойынша
кеңес процесі үшін аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Еуропадағы
қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының халықаралық-құқықтық тәжірибесін
пайдалану (Аманжолов Ж.М.)[8], Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық
ұйымының Орталық Азия векторы (Аманжолов Ж.М.)[9], Еуропалық Одақ және
Қазақстан Республикасы ынтымақтастығының құқықтық аспектілері (Байзақова
Қ.Е.)[10].
Осылайша, Қазақстанның сыртқы саясатының Еуропа векторының құқықтық
қырларының жеткіліксіз зерттелуі жұмысты дайындауда қиыншылық тудырды.
Сондықтан автор негізінен бірінші реттік қайнар көздерге, яғни, нормативтік
құқықтық актілерге, халықаралық құқықтық актілерге жүгініп отырды.
Бітіру жұмысының мақсаты болып Еуропа векторының Қазақстан
Республикасы сыртқы саясатындағы мәнін анықтау арқылы Қазақстан мен Еуропа
мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастардың құқықтық реттелуін зерттеу.
Анықталған мақсатқа сәйкес зерттеу кезінде келесі міндеттер қойылды:
• Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы Еуропа
мемлекеттерінің орны мен рөлін нормативтік актілерді талдау
арқылы анықтау;
• Қазақстан Республикасының дүниежүзіндегі бірден бір саяси
құрылым - Еуропалық Одақпен ынтымақтастығының құқықтық
реттелуін анықтау;
• Қазақстанның Еуропадағы арнайы құрылымдарда қатысуының
мәселелерін қарастыру;
• Қазақстан Республикасының Еуропа мемлекеттерімен екіжақты
қатынастарының құқықтық негіздерін зерттеу.
Зерттеудің объектісі болып Қазақстан Республикасының халықаралық
аренадағы әрекеті негізінед туындайтын қоғамдық қатынастары табылады. Ал
зерттеу пәні Қазақстан Республикасының Еуропа континентінде орналасқан
мемлекеттермен қарым-қатынастарының құқықтық реттелуі болып табылады.
Зерттеу кезінде ғылыми танымның жалпы әдістері қолданылды. Атап өтсек,
нормативтік актілерді зерттеу, салыстыру, талдау және синтез. Бұл әдістерді
пайдалану арқылы аталған пәнді зерттеуге қол жеткізілді.
Мәселені зерттеу барысында жасалған және қорғауға шығарылатын ережелер
келесі.
1. Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және
ынтымақтастық ұйымының толық мүмкіншіліктерін ұйымды реформалау
бағытындағы ұсыныстарды жасау арқылы пайдалану қажеттілігі
туындап отыр. Қазіргі уақытта аталған еуропалық ұйым өзінің
негізгі үш бағыттағы қызметтерінің біреуін ғана (адам кеңістігі)
атқаруда. Бұның өзі республикамен қарым-қатынастарын тек сайлау
процестерін сынға алумен байланысты. Ұйымды реформалау арқылы
қол жеткізуге болатын әскери-саяси, экономикалық-экологиялық
потенциалдарын пайдалану қажет. Алайда ұсынылатын реформалаудың
нақты жолдары тереңірек зерттеуді қажет етеді.
2. Қазақстан Республикасының Еуропа Кеңесінде мүше мемлекет ретінде
қатысу – халықаралық құқық нормаларына қайшы келмейді және адам
құқықтарын қорғауда Қазақстан үшін алға үлкен қадамы болады.
Еуропалық адам құқықтары жөніндегі сотқа жүгіну мүмкіндігі -
Еуропа Кеңесінің мүшелеріне ұсынылатын игілік. Бұл мүмкіншілікті
пайдалана алу үшін Еуропа Кеңесінде тек бақылаушы немесе арнайы
шақырылған мәртебесін алу жеткілікті емес. Сондықтан бұл ұйымда
мүшелікке барынша ұмтылу қажет.

3. Қазақстан Республикасының еуропалық құрылымдармен
ынтымақтастығын еуропа мемлекеттерімен екіжақты қарым-
қатынастарды дамыту арқылы нығайту. Екіжақты қатынастардың
мүмкіндігінше терең және өзара тиімді болуы, бұл байланыстың
көпжақты нысандағы қарым-қатнастарда өз жағымды әсерін тигізеді.
Сондықтан, Еуропа мемлекеттерімен, әсіресе шығыс және орталық
еуропа мемлекеттерімен екіжақты байланыстардың құқықтық
негіздерін кеңейте беру қажет.

Зерттеу кезінде жасалған қорытындылар мен қол жеткізілген нәтижелер
Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын, Қазақстан Республикасының Еуропа
мемлекеттерімен қарым-қатынастарының құқықтық қырларын зерттеуге және
талқылауға өз үлесін қосады. Жинақталған екіжақты келісімдер тізімдері,
еуропалық құрылымдар туралы жинақталған ақпарат зерттеуді жалғастыруға
көмек көрсетеді. Ал жалпы жұмысты дайындау барысында жасалған қорытындылар
заңнаманы, халықаралық құқықтық нормаларды жетілдіруге қолдану мүмкіншілігі
бар. Осы аталғандар жұмыстың теориялық және тәжірибелік маңыздылығын
құрайды.
Жұмыстың құрылымы қалыпты кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды және
библиографиядан тұрады. Негізгі бөлім үш бөлімнен, бірінші және үшінші
бөлім екі кіші бөлімнен, ал екінші бөлім үш кіші бөлімнен тұрады. Негізгі
бөлімде, біріншіден, халықаралық актілер мен ішкі нормативтік актілерді
талдау арқылы сыртқы саясаттағы Еуропа векторы түсінігіне, яғни оның орны
мен рөліне анықтама беріледі. Екіншіден, Еуропадағы интеграцияның маңызын
ескере отырып, Қазақстан Республикасының Еуропадағы құрылымдармен
ынтымақтастығының құқықтық негіздерін қарастыру көзделген. Үшіншіден, автор
Қазақстанның еуропа мемлекеттерімен екіжақты қатынастарының реттелуін
сипаттауға тоқталады. Яғни, жұмыстың құрылымдық элементтерінің осындай
кезектілігі жоғарыда аталған міндеттерге қол жеткізу үшін жасалған. Бітіру
жұмысының жалпы көлемі – 64 бет.

1. Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты еуропалық векторының
жалпы анықтамалық жүйесі

Қазақстан Республикасы сыртқы саясаты еуропалық векторын дұрыс түсіну
мақсатында оның мәні мен мазмұнын, және нормативтік актілерде алатын орнын
ұғыну қажет.
Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын, соның ішінде еуропалық
веторын Конституция бойынша Президент анықтайды. Сондықтан ҚР Президенті
жасаған ресми мәлімдемелерге мұқият шолу жасау арқылы Қазақстан
Республикасы Конституциясы негізінде сыртқы саясат нақты бағытының мәнін
ашуға мүмкіншілік туады. Ал сыртқы саясат белгілі бағытының мазмұнын ашу
үшін міндетті түрде оның мақсаттары мен міндеттерін, көрініс алу нысандары
мен бағыттарына сипаттама беру қажет. Бұл мақсатқа жету үшін ҚР сыртқы
саясатын іске асырушылар, зерттеушілер еңбектерін қарастыру міндеті тұр.
Мұндай ақпарат ресми мәлімдемелер, ғылыми еңбектер, жалпы жаңалықтар
легімен қатар нақты нормативтік актілерде орын алады. Осындай жалпы және
арнайы сипаттағы нормативтік актілерге талдау жасай отырып олардағы сыртқы
саясат еуропалық векторының рөлін, және жалпы сыртқы саясат бағытын анықтау
және жүзеге асырудың мүмкіншіліктерін түсінуге болады.
Аталған жолдар арқылы осы бөлімде ҚР сыртқы саясаты еуропалық
векторының анықтамалық жүйесін қалыпатстыру көзделген.

1. Қазақстанның сыртқы саясаты еуропалық векторының мәні мен мазмұны

Сыртқы саясат деп мемлекеттің халықаралық істердегі жалпы бағытын
айтады. Ол мемлекеттің халықаралық қатынастардағы әрекеттерінің
мақсаттарын, міндеттері мен бағыттарын, және де нысандары мен әдістерін
анықтайды. Сыртқы саясат кез келген мемлекеттің егемендігінің көрінісі.
Өйткені мемлекеттік егемендік – мемлекеттің өз аумағындағы билігі және
халықаралық қатынастардағы тәуелсіздігі. Яғни егемендік деп мемлекеттің
ерекше саяси-құқықтық қасиетін айтады. Бұл қасиет мемлекетке оның пайда
болған сәтінен тиесілі және мемлекеттің жойылуымен бірге жойылады[11]. Ал
сыртқы саясат егемендіктің, мемлекет болудың бірден бір белгісі[12].
Қазақстан Республикасы 16 желтоқсан 1991 жылы Тәуелсіздік туралы заң
қабылданғаннан бері халықаралық жүйенің толыққұқықты субъектісі болды. Жаңа
мемлекет алдына сыртқы саясат концепциясын, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік
және сыртқы экономикалық қызметінің концепцияларын құрудың міндеті пайда
болды. Бұл мақсаттар Қазақстан үшін қиын болды, өйткені сол уақытқа дейін
өзінің сыртқы саясаты, сыртқысаясаттық доктринасы, дипломатияны жүргізу
тәжірибесі, ұлттық дипломатиялық кадрлары жоқ еді[13]. Қазақстан осы іргелі
міндеттерді жүзеге асырудың тәжірибесі жоқ болғандықтан бұл жұмыстарды
жаңадан бастауы қажет болатын.
Жалпы Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының орнығуын үш кезеңге
бөлуге болады. Бірінші кезең – сыртқы саясаттың құрылуы мен орнығуы, яғни
1990 жылдардың бірінші жартысы; екінші кезең – республиканың сыртқы саясаты
қызметінің тереңдеуі мен дамуы; үшінші кезең – 11 қыркүйектегі қаралы
оқиғалардан бастап, Қазақстан республикасының сыртқы саясатының
дүниежүзіндегі стратегиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты түзетілуі[14].
Атап өтілген кезеңдерге негізделетін болсақ, Көпвекторлы дипломатия
доктринасы екінші кезеңде пайда болды. Бұл доктрина бірінші кезеңде
қалыптасып жұмыс істеп келген Еуразиялық көпір концепциясының
трансформациясынан пайда болады. Сыртқы саясаттың негізі болып көпвекторлық
қағидасы орнығады, бұл қағидаға сәйкес мемлекет өзі үшін маңызды
бағыттардың барлығында тең және диверсификацияланған қатынастар орнатады.
Қазақстан үшін басты бағыттар мен әріптестер болып Ресей, Қытай, ТМД
елдері, АҚШ, Еуропа және де Жапония, Үндістан, Түркия, Иран анықталады.
Көпвекторлы сыртқы саясат концепциясына сәйкес Қазақстан қарым-
қатынастарын тек қана жақын көршілерімен ғана емес, кеңірек саяси және
географиялық кеңістікте байланыстар мен ынтымақтастықты дамытуды жөн
көреді. Әрине осындай сыртқы саясат республиканың экономикалық және саяси
мүмкіншіліктеріне сәйкес болуы тиіс[15].
Жалпы осылайша Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын аша келе,
және оның көпвекторлығын түсіне отырып, бұл бөлімде ҚР сыртқы саясатының
нақты еуропалық бағытының мәні мен мазмұнын ашуға мақсат қойылған.
ҚР Президентінің ресми мәлімдемелеріне негізделе отырып Қазақстан
Республикасының сыртқы саясаты еуропалық векторының мәнін келесідей түрде
анықтауға болады: қазіргі дүниежүзілік тәртіпті анықтауға маңызды үлес
қосатын мемлекеттермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту. Яғни Еуропамен
қарым-қатынасты дамытудың болашағы мен қажеттілігі Еуропа мемлекеттерінің
дүниежүзілік саясат, экономика, білім беру мен мәдениетте алатын орнымен
түсіндіріледі[16].
Тақырыпты жалғастыра отырып ҚР сыртқы саясатының еуропа векторының
мазмұнын айқындау үшін осы бағыттағы сыртқы саясаттың (i) мақсаттарын; (ii)
міндеттерін; (iii) нысандарын; және (iv) бағыттарын анықтау қажет.
Қазақстан Республикасының Президентінің Қазақстан – 2030 Қазақстан
халқына жолдауында белгіленген бірінші ұзақ мерзімді басым мақсат болып
Ұлттық қауіпсіздік белгіленген. Осы бағыттың негізгі құрамдас бөлігі -
демократиялық, индустриалды дамыған мемлекеттермен байланысты күшейту. Бұл
мемлекеттер тәуелсіз және дамыған Қазақстанды құру олардың ұлттық
мүдделеріне сай келетіндігін түсіне бастауда. Қауіпсіздікті қамтамасыз
етудегі басты мақсат сыртқы саяси қызметке бағытталған және оның негізі
болып дүниежүзінің көшбасшы мемлекеттерімен қарым-қатынас құру болып
табылады[17]. Бұл көшбасшы мемлекеттерінің қатарына әрине жоғары дамыған
Еуропа мемлекеттері жатады және осы бағыттағы сыртқы саясаттың (i) мақсаты
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.
Жалпы айтқанда Қазақстан Республикасының Еуропа елдерімен
ынтымақтастықта мүдделілігі келесімен түсіндіріледі: біріншіден, Еуропадағы
интеграцияның жоғары деңгейімен, екіншіден, ҚР аумағының кейбір бөлігі
Еуропада орналасқанымен байланысты[18]. Яғни бұл пікірді талқылайтын
болсақ, Қазақстанның Еуропа мемлекеттерімен қарым-қатынаста қызығушылығында
іргелі екі себеп жатыр және олар сыртқы саясаттың Еуропа бағытындағы
негізгі (ii) міндеттерді құрайды: біріншіден, Еуропа мемлекеттерінің
тәжірибелерін (соның ішінде интеграция мәселесіндегі тәжірибесі) Қазақстан
өз мақсатына пайдалану; екіншіден Еуропа мен Қазақстан шартты түрде
көршілес болғандықтан (Еуропа Одағының шекаралары кеңеюде, және де
география тұрғысынан Қазақстанның бір бөлігі Еуропа континентіне жатады)
екі жақта да орын алып жатқан оқиғалардың өзара қауіпсіздік, экономика және
басқа да мәселелер үшін әсері зор; сондықтан қарым-қатынас бағыттарын
мүмкіндігінше диверсификациялау. Яғни жоғарыда атап өтілген мақсатқа жету
үшін осы міндеттерді орындау керек.
Соңғы уақытта ҚР ішкі реформаларының үрдісіне сәйкес сыртқы саясат
мақсатына жетудің жаңа міндеттері қойылып жатыр. Қазіргі сыртқы істер
министрі Марат Тажин Қазақстан Республикасы Батыс мемлекеттері үшін Орталық
Азиядағы іргелі серіктес ретіндегі рөлді қалыптастыруда, және оны бекіту
қажет деп санайды. Оған қоса ҚР экономикасының қарқынды даму арқасында
дамыған мемлекеттерден тек үйрену міндеті (жоғарыда аталғандай) ғана емес,
отандық бизнес мүдделеріне сыртқы рынокта, соның ішінде Еуропада, қамқорлық
жасау қажет[19].
Қазіргі уақытта Еуропалық Одақтан дамыған сауда-экономикалық және
саяси интеграциялық бірлестік жоқ. Халқы саны соңғы кеңеюден кейін 500 млн.
адам шамасында, жалпы ішкі өнімі Америкамен теңестіруге келетін және
Жапонияның жалпы ішкі өнімінен үш есе артық. Дүниежүзілік тауарлар
саудасының 40 процентін, қызмет көрсетудің 30 процентін қамтамасыз ететін,
АҚШ-тан кейінгі ғылыми-техникалық және қаржылық мүмкіншілігі бойынша екінші
орындағы бірден бір құрылым болып табылады[20].
Қазақстан Республикасының сыртқы саяси қызметі бірінші күннен бастап
екі деңгейде: көпжақты және екіжақты деңгейде жүзеге асырыла бастады[21].
Дәл осыны сыртқы саясаты еуропа бағытының (iii) нысаны деп атаймыз, яғни
сыртқы саясаттың нақты көрініс алуы. Көпжақты деңгейде Қазақстан Еуропалық
Одақпен, Еуропалық қайта құру мен даму банкімен, Еуропадағы қауіпсіздік
және ынтымақтастық ұйымымен (ЕҚЫҰ) белсенді түрде ынтымақтаса бастады.
Екіжақты деңгейдегі қарым-қатынасты қарастыратын болсақ, қазіргі кезде
Қазақстан дүниежүзінің 120 мемлекетімен дипломатиялық қатынастар орнатқан,
солардың ішінде Еуропа мемлекеттері алдыңғы қатарда. Қазақстан сыртқы
саясатының еуропа бағытын жүзеге асыруын аталмыш екі нысанның жағымды
жақтарын толықтай пайдалану қажет, және тек бір нысандағы ынтымақтастықты
жүзеге асыруға талпынбауы керек. Әрине Еуропалық Одақ болашақта басқа
елдермен қарым-қатынаста бүкіл Еуропа атынан әрекет ететін болады[22].
Сондықтан көпжақты форматтағы қарым-қатынастың маңыздылығын елемеу қателік.
Алайда осы көпжақты ынтымақтастықты жүзеге асырудың жемістілігі Қазақстан
Республикасының Еуропа елдерінің әрқайсысымен екіжақты қарым қатынасына
тікелей байланысты. Осылай сыртқы саясат бағытының нысандарының
диверсификациясының маңыздылығы көрініс табады.
Сыртқы саясат еуропалық векторын жүзеге асырудың (iv) бағыттарын
келесідей анықтауға болады.
Негізгі бағыттардың бірі халықаралық қарым-қатынастар үшін құқықтық
негіз жасау. Сыртқы саяси бағытты эффективті түрде жүзеге асыру үшін
қабылдауға қажетті негізгі шарттар тізімі бар:
1. Мемлекетаралық қатынастардың қағидалары туралы келісімдер;
2. Инвестицияларды қолдау және өзара қорғау туралы келісімдер;
3. Екіжақты салық салуға жол бермеу туралы келісімдер;
4. Құқықтық көмек туралы келісімдер;
5. Консулдық қатынастар туралы келісімдер;
6. Мәдениет және гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы келісімдер[23].
Жалпы мүмкіндігінше барлық қатынастардың құқықтық реттелуі олардың
эффективтілігінің негізі болып табылады.
Басымды бағыттардың бірі болып сыртқы экономикалық қатынастарды дамыту
мен нығайту болып табылады. Бұл республикамыздың сауда-өндірістік
мүмкіншіліктерін іске асыруға жағдай жасайды. Мысалы, Австрия мен Германия
ҚР үшін кредит ашты; Еуропалық қайта құру мен даму банкі, Еуропалық
Экономикалық Қауымдастығымен қаржылық көмек туралы келісімдер жасалды.
Еуропа мемлекеттерінің қуат ресурстарының үлкен тұтынушысы ретінде
Қазақстанда ауқымды мүдделері бар. Болашақтағы бұл тұтынудың тек өсуін
ескере отырып Еуропа мемлекеттері қуат көздерін өндірумен, мұнай-газ
құбырларын салумен байланысты жобаларға қатысуға қызығушылық білдіріп
отыр[24].
Сыртқы саясат еуропалық векторының басқа да бағыттары туралы атап
өтетін болсақ, олар транспорттық және техникалық ынтымақтастық, білім беру
жөніндегі ынтымақтастық. Осы бағыттар аясында ИНТАС, КОПЕРНИКУС, ТАСИС,
ТРАСЕКА, ИНОГЕЙТ сиықты маңызды бағдарламалар қабылданған.
Жалпы сипаттамадағы ҚР сыртқы саясаты еуропалық векторының мәні мен
мазмұны осындай. Алайда ҚР сыртқы саясаты мен нақты векторларын дұрыс
түсінуде келесілер ескерілген жөн:
Қазақстан Республикасы өз қарым-қатынастарында тек бір ғана мемлекетке
арқа сүйеп немесе сол мемлекетке ғана тәуелді болуы мүмкін емес[25].
Қазақстан сияқты үлкен мемлекет үшін кез келген бағыттағы біржақты бет
алу, тіпті ол жоғары дамыған Еуропа болса да, біз үшін бақыт пен өнегелі
әсердің көзі болып табылмайды. Керісінше Қазақстанның ұзақ мерзімді іргелі
мүдделері үшін мұндай көзқарас көрегендіктің болмауының белгісі және саяси-
экономикалық жағынан зиянды[26].
Яғни, қысқаша қорытынды жасайтын болсақ, дүниежүзінің дамыған
мемлекеттерімен өзара тиімді қарым-қатынас дамыту үшін және аймақтық
көшбасшы мәртебесіне ие болу жолында сыртқы саясаттың функционалды
аксиомаларын үнемі есте сақтау қажет: а) сыртқы саяси амбициялар
мемлекеттің ресурстық мүмкіншіліктеріне сай болуы қажет; ә) ұзақ мерзімді
мақсаттарды рационалды көзқараспен бағалау; б) стратегияны жүзеге асыруда
икемділік таныту; в) Орталық Азия геосаяси жүйесінің константты факторларын
ескере отырып сыртқы саясатқа кешенді көзқарас қалыптастыру[27].

1.2 Жалпы және арнайы нормативтік актілердегі еуропалық вектордың орны
және рөлі

Нормативтік актілер деп бұл бөлімде құқықтық нормалар, яғни белгілі
субъектілерге жүріс-тұрыс ережелерін орнататын тиісті түрде қабылданған
құжаттарды түсінеміз. Осындай құжаттарға 1998 жылы 24 наурызда қабылданған
Нормативтік құқықтық актілер туралы ҚР заңының 1 бабында және 2005 жылғы 30
мамырда қабылданған ҚР халықаралық келісім-шарттар туралы заңының 1 бабында
аталған құжаттар түрлері жатады. Әрине нормативтік актілерді жалпы және
арнайы деп екі түрге бөлу шартты түрде жасалған, және олардың маңыздылығын
салыстыру мақсатында жасалмаған.
Жалпы нормативтік актілерге сыртқы саясатты жүзеге асырудың жалпы
негіздерін құрайтын құжаттар жатады. Бұл құжаттар жалпы сипаттағы
болғандықтан, әрине сыртқы саясаттың нақты еуропалық вектор бағытын жүзеге
асырудың механизмдерін бекітпейді. Олардың мағыздылығы сол механизмдерді
анықтауға іргетас құрауда. Яғни бұл құжаттарға ішкі мемлекеттік жалпы
актілер және мемлекеттер арасындағы барлық салалардағы қарым-қатынас
негіздерін қалайтын саяси келісім-шарттар жатады[28]. Ал арнайы актілер
белгілі бір саладағы қарым-қатынастар үшін негіз жасап, оларды реттейді.
Солай бола тұра, кейбір құжаттарды нақты жалпы немесе арнайы нормативтік
актілердің қатарына жатқызу қиыншылық туғызуы мүмкін, өйткені бір жағынан
қатынастарға жалпы негіз жасай отырып, екінші жағынан кейбір ынтымақтастық
бағыттарын реттеуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын, соның ішінде еуропалық
векторын тәуелсіз түрде жүзеге асыруын мүмкін ететін негізгі құжат болып
1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік
тәуелсіздігі туралы ҚР Конституциялық заңы табылады. Дәлірек айтатын болсақ
осы конституциялық заңның 13 бабына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін
халықаралық құқықтың толықтай субъектісі ретінде жариялайды, дипломатиялық
және консулдық өкілдіктермен алмасады және халықаралық ұйымдарға кіре
алады. 14 бапқа сәйкес республика өзінің сыртқы экономикалық қызметі
сұрақтарын өз бетінше шешеді[29]. Осы сұрақта даулы мәселе пайда болуы
мүмкін. Өйткені 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ Кеңес
Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны
қабылдады. Және осы құжат халықаралық құқықтағы мемлекеттерді танудың
декларативтік теориясы бойынша жаңа субъектінің пайда болғанын бекітіп,
Қазақстанға сыртқы саясатын өздігінше анықтауға толық мүмкіндік берді.
Бірақ Декларацияны мұқият талдайтын болсақ, 1 және 6 бапқа сәйкес Қазақ КСР
егеменді мемлекет жариялай отырып, сыртқы қатынастардағы сұрақтарды ерікті
түрде Одақтық келісімге сәйкес Егеменді республикалардың Одағының
құзіретіне береді[30]. Яғни Декларацияға сәйкес Қазақстан сыртқы саясатын,
соның ішіндегі сыртқы саясат бағыты ретінде еуропалық векторды өзі
анықтауға мүмкіншілігі болған жоқ.
Жалпы сипаттағы нормативтік акті болып 30 тамыз 1995 жылы
республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының
Конституциясы табылады. Конституцияның 8 бабына сәйкес Қазақстан
Республикасы халықаралық қатынастарда ынтымақтастық саясатын жүзеге
асырады[31]. Конституцияға 2007 жылдың мамыр айында өзгертулер енгізілді.
Бұл өзгерістер негізгі институттардың мәртебесіне, құқықтары мен
міндеттеріне, функцияларына, құрылу жолдарына қатысты болғанымен, сыртқы
саясатты анықтаушы және жүзеге асыру мәселелері өзгеріссіз қалды.
Конституцияның 40 бабына сәйкес мемлекеттің сыртқы саясатының негізгі
бағыттарын анықтаушы болып мемлекет басшысы институты – президент табылады.
Бұл негізгі функциясын Президент жыл сайынғы халыққа жолдауы арқылы арқылы
жүзеге асырады. Бірақ Конституцияның 45 бабына сәйкес Конституция мен басқа
заң ақтілерінің орындалуы үшін жарлықтар мен өкімдер шығарады. Немесе
Конституцияның 53 және 61 баптарында көрсетілген жағдайларда жарлықтар мен
заң күші бар жарлықтар шығарады[32]. Президенттің шығара алатын актілерінің
тізімі осымен шектелген. Яғни жыл сайынғы халыққа жолдау түсінігі
нормативтік актілерге жатпайды, сондықтан ешбір міндетті күші жоқ. Біздің
ойымызша бұл мәселенің нақты құқықтық реттелуі үшін жолдау Конституцияның
45 бабында аталған акт нысанында шығуы қажет. Яғни халыққа жолдауды жарлық
ретінде рәсімдеу керек. Осындай нақтылау арқылы Президент анықтаған сыртқы
саяси бағыттарды Сыртқы істер министрлігіне нақты міндет ретінде жүктеуге
болады[33]. Сыртқы саясатты эффективті түрде жүзеге асыру үшін концепциядан
басқа нақты сыртқы саяси бағдарлама немесе стратегия болуы қажет. Өйткені
концепция – тек көзқарастар жүйесі. Ал бағдарлама – концепцияда белгіленген
мақсаттарға жету үшін нақты қадамдар және жауаптылар белгіленетін құжат.
Осындай стратегиялар Америка Құрама Штаттарында, Еуропалық Одақта
қабылданады. Мысалы, Еуропалық Одақтың Орталық Азия мемлекеттеріне қатысты
нақты стратегиялық жоспары бар. Алайда Конституция мен Президент туралы
конституциялық заңды қарастыратын болсақ, құрамында Президенттің осындай
міндеттері белгіленбеген. Оған қоса Сыртқы істер министрлігі туралы ережеде
министрліктің Президент үшін сыртқы саяси стратегия үшін ұсыныстар жасау
міндеті белгіленген. Аталған фактілерді ескере отырып осындай тиімді
тәжірибені пайдалану республика үшін пайдалы болады деп санаймыз. Сондықтан
Президент сыртқы саясат мәселелеріне байланысты құзіретіне осындай
стратегияны бекіту міндетін жүктеу қажет.
Жалпы сипаттағы құжат болып Қазақстанның сыртқы саясатының концепциясы
табылады. Алайда Концепцияда белгіленген ақпарат мемлекеттік құпияны
құрайды[34]. Концепция туралы тек қана оны Сыртқы істер министрлігі
дайындайтыны және Президент пен Үкіметке ұсынатыны[35], 1995 жылы Президент
Концепцияның мәтінін бекіткенін[36], 2001 жылы 16 наурызда Қауіпсіздік
кеңесі Қазақстанның сыртқы саясатының концепциясын бекіткені белгілі[37].
Жаңалықтар мен ресми мәлімдемелерге сүйенетін болсақ дәл осы құжат
Қазақстан республикасының көпвекторлы сыртқы саясатын орнықтырады, және
еуропа мемлекеттеріне басымды орын береді. Әрине бұл стратегиялық маңызы
бар құжаттың құпиялы болуы және қоғамдық талқылауға салынбауы даулы мәселе
болуы мүмкін. Заң бұл құжаттың құпиялылығын келесідей негіздейді: бұл
ақпараттардың күні бұрын таратылуы және мәлім болуы мемлекет мүдделеріне
зиян келтіруі мүмкін[38].
Халықаралық деңгейдегі жалпы сипаттағы құжаттарға тоқталатын болсақ,
іргелі құжат түріне жататыны – Брюсселде 23 қаңтар 1995 жылы қабылданған
бір жағынан Қазақстан Республикасы, екінші жағынан Еуропалық
қауымдастықтары және олардың мүше мемлекеттері арасындағы серіктестік және
ынтымақтастық туралы Келісім. Бұл құжат ынтымақтастықтың келесі мақсаттарын
бекітеді:
• Саяси диалог үшін жағдайлар жасау;
• Тараптардың тұрақты экономикалық дамуы үшін сауда, инвестиция
және экономикалық қатынастарға жәрдемдесу;
• Құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, қаржылық, ғылыми,
технологиялық және мәдени ынтымақтастық үшін негіз жасау;
• Қазақстанда демократияның нығайуы үшін және экономикасының дамуы
үшін Қазақстан бастамаларын қолдау[39].
Бұл маңызды құжатты жұмысты келесі бөлімінде тереңірек қарастыру
көзделген.
Жалпы еуропа мемлекеттерімен егемендік пен аумақтық тұтастықты, шабуыл
жасамау және өзара ішкі істерге араласпауды, күшті пайдаланбауды, теңдік
және өзара тиімділікті жариялайтын саяси келісімдер жасалған. Мұндай
келісімдердің декларативтігіне, императивті нормалары жоқ болуына
қарамастан олар қарым-қатынастардың іргетасы болатындықтан, орындауға
тиісті өзара міндеттер туғызады[40]. Құқықтық тұрғыдан осындай міндетті
емес құжаттардың орындалуы 9 сәуір 1996 жылы қабылданған Президент
жарлығымен реттеледі: сәйкес министрліктер мен Сыртқы істер министрлігіне
халықаралық құқық бойынша міндет жүктемейтін келісушіліктерді ҚР орындауы
мен жүзеге асыру механизмі анықталған[41]. Бұл әрине жасалған барлық
міндетті емес келісушіліктерді орындауға міндет жасамайды, бірақ
халықаралық деңгейде жасалған барлық ресми мәлімдемелер, меморандумдар т.б.
бақылауға алынуын және талдануын қамтамасыз етеді.
Қысқаша сипаттағы Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты еуропалық
векторын жүзеге асырудың жалпы негіздерін құрайтын нормативтік актілер
осындай.
Арнайы құжаттардың негізін Қазақстан Республикасы мен еуропа
мемлекеттері арасындағы белгілі саладағы қарым-қатынастарды реттейтін екі
жақты келісімдер құрайды. Жоғарыда атап өтілген: сыртқы саяси бағытты
эффективті түрде жүзеге асыру үшін қабылдауға қажетті негізгі шарттар
тізімі бар: Мемлекетаралық қатынастардың қағидалары туралы келісімдер;
Инвестицияларды қолдау және өзара қорғау туралы келісімдер; Екіжақты салық
салуға жол бермеу туралы келісімдер; Құқықтық көмек туралы келісімдер;
Консулдық қатынастар туралы келісімдер; Мәдениет және гуманитарлық
ынтымақтастық саласындағы келісімдер. Бұл тізімдегі Мемлекетаралық
қатынастардың қағидалары туралы келісімдерден басқаларын шартты түрде
арнайы заң актілеріне жатқызуға болады.
Негізінен сыртқы экономикалық қатынастарда негізгі қажетті құжат болып
өзара инвестицияларды қолдау және өзара қорғау туралы келісім табылады.
Еуропа мемлекеттірінің ішінде Қазақстан осындай келісімдерді Бельгия-
Люксембург экономикалық Одағымен (16.04.1998, Алматы); Болгария
Республикасының үкіметімен (15.09.1999, София); Біріккен Ұлы Британия және
Солтүстік Ирландия үкіметімен (23.11.1995, Лондон); Венгрия Республикасымен
(07.12.1994, Будапешт); Испания Корольдығымен (23.03.1994, Мадрид); Италия
Республикасының үкіметімен (22.09.1994, Рим); Литва Республикасының
үкіметімен (10.08.1994, Клайпеда); Польша Республикасы үкіметімен
(21.09.1994, Алматы); Румыния үкіметімен (25.041996, Бухарест); Финляндия
Республикасы үкіметімен (29.09.1992, Алматы); Франция Республикасы
үкіметімен (03.02.1998, Париж); Чехия Республикасымен (09.10.1996, Прага);
Швейцария Федералды Кеңесімен (12.05.1994, Алматы) жасасты[42].
Реттелуді міндетті түрде қажет ететін мәселе болып екіжақты салық
салуға жол бермеу туралы келісімдер табылады. Олардың жасасуы екі жақтағы
бизнес құрылымдарының эффективті жұмыс істеуі үшін, салықтық жоспарлау
жасауы үшін, және салдар ретінде екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың
дамуына алып келеді. КСРО кезінде бұл мәселе КСРО жасасқан келісімдер
арқылы реттелетін, бірақ ҚР өз мүдделеріне қайшы келетін нормалар
болғандықтан бұл келісімдерді өз тарабынан денонсациялайды[43]. Бұл мәселе
шешілуі үшін оперативті түрде құқықтық негіздер мен реттелуді қажет етеді.
ҚР осындай келісімдерді Бельгия Корольдығымен (16.04.1998, Алматы);
Болгария Республикасы үкіметімен (13.11.1997, Алматы); Біріккен Ұлы
Британия және Солтүстік Ирландия үкіметімен (21.03.1994, Лондон); Венгрия
Республикасымен (07.12.1994, Будапешт); Федеративті Германия
Республикасымен (26.11.1997, Бонн); Италия Республикасының үкіметімен
(22.09.1994, Рим); Литва Республикасымен (07.03.1997, Алматы); Нидерланды
Корольдығымен (24.04.1996, Алматы); Норвегия Корольдығымен (03.04.2001,
Осло); Польша Республикасы үкіметімен (21.09.1994, Алматы); Румыния
үкіметімен (21.09.1998, Бухарест); Франция Республикасы үкіметімен
(03.02.1998, Париж); Чехия Республикасымен (09.04.1998, Алматы); Швейцария
Федералды Кеңесімен (21.10.1999, Берн); Швеция Корольдығы үкіметімен
(19.03.1997, Мәскеу); Эстония Республикасы үкіметімен (01.03.1999, Астана)
жасасты[44].
Құқықтық көмек туралы келісім қазіргі уақытта Литва Республикасы
үкіметімен (09.08.1994, Вильнюс) жасалған. Және Қазақстан және Германия
делегацияларының құқықтық көмек туралы келіссөздері Хаттамасына қол
қойылған (30.01.1996, Бонн). Бұл мәселе шешімін интенсификациялауды қажет
етеді, сондықтан Сыртқы істер министрлігі алдына нақты міндеттер қойылу
қажет.
Жалпы еуропалық вектордағы стратегиялық әріптестермен қатынастар
негізгі болып табылады. Осы аспектіде ҰлыБритания, Германия, Франциямен
жасалған келісімдердің басқа еуропа мемлекеттерімен салыстырғанда көбірек
болуы соған дәлел. Аталмыш еуропалық вектордағы стратегиялық әріптестермен
келісімдер әртүрлі бағыттарда жасалған: денсаулық сақтау, мәдениет, әуе
қатынастары, энергетика, білім беру, қорғаныс, қаржы, жүк тасымалдау т.б.
Жалпы келісімдердің әртүрлілігі Еуропаның Қазақстан Республикасы сыртқы
саясатындағы ерекше рөлін көрсетеді.

***
Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің алдында жасаған
мәлімдемесінде Токаев Қ.К. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатқа зақым
келтіре отырып біржақты бағыт алуына қарсылығын білдірген. Токаев мырзаның
айтуы бойынша Қазақстан сыртқы қатынастарда өзінің ең біріншіден ұлттық
мүдделерін ескеріп әрекет етеді[45]. Бұл пікір нақты түрде бөлімді
қорытындылайды. Біз сыртқы саясат еуропалық векторының мәні мен мазмұнын
анықтап алдық, еуропалық вектордың нормативтік актілерде алатын орнын
белгіледік. Соның арқасында Қазақстан Республикасы сыртқы саясатында
прагматикалық және ұлттық мүдделер мәселесін алға қойып әрекет ететіні
айқын болды. Геосаясат классиктерінің пікірі бойынша Қазақстан теңіз
державалары мен құрлық державалары арасындағы көшпелі зонада
орналасқан[46]. Яғни екі жақ та бұл зонаны өз жағына қаратып алуды көздейді
және дүниежүзілік державалардың аймақтағы әрекетттері осындай мақсатпен
түсіндіріледі[47]. Мұндай көзқарас тұрғысынан Қазақстан сыртқы саясатын
дұрыс жүргізіп отыр, өйткені біржақты бағыт алу идеясы бірден шетке
қойылып, халықаралық аренада өз серіктестерімен және ынтымақтас елдермен
прагматикалық қарым-қатынас жүргізуде. Дәл осы контекстіде сыртқы саясат
еуропалық векторын түсіну қажет.
2. Қазақстан Республикасының арнайы еуропалық құрылымдарымен қарым-
қатынасы

Қазақстанның сыртқы саясаты бағыттарын жүзеге асыруда әртүрлі нысандар
орын алады және бұл нақты бір сыртқы саясат векторының мазмұнын құрайды.
Қазақстан Республикасы сыртқы саясаты еуропалық векторының мүмкін болатын
нысандарының біреуі еуропалық құрылымдармен қарым-қатынас. Еуропадағы
интеграция қарқыны бұл аймақта халықаралық құрылымдардың көптүрлілігін
тудырды. Бұл құрылымдардың мақсаттары, қатысу негіздері (мүшелілігі),
әрекет ету жолдары, шешімдері, қатысушылары әртүрлі болғандықтан,
құрылымның түріне қарай қарым-қатынас мақсаты мен міндеттері әртүрлі
болады.
Бұл бөлімде Еуропа кеңістігіндегі негізгі ірі құрылымдардың әрекет
етуінің құқықтық негіздері қысқаша қарастырылып, Қазақстан Республикасының
бұл құрылымдармен мүмкін болатын қарым-қатынас жолдарының құқықтық қырлары
сипатталады.
Ірі құрылым ретінде әрине де прецеденті жоқ Еуропалық Одақ пен
Қазақстан ынтымақтастығының мүмкіншіліктері қарастырылады. Одан басқа
қауіпсіздік саласындағы ЕҚЫҰ-ның Қазақстанмен өзара тиімді қатынастар
мүмкіншілігі зерттеледі. Және де атауы адам құқықтарымен тығыз
байланыстырылатын Еуропа Кеңесінің жұмысында Қазақстанның қатысу
мүмкіндіктері сипатталады.

2.1 Еуропалық Одақ және Қазақстан серіктестігі мен ынтымақтастығының
құқықтық негіздері

Еуропалық Одақ қазіргі кезде дүниежүзілік саясаттың негізгі
полюстарының бірі болып тұр. Еуропалық Одақтың аймақтық ынтымақтастықты
дамытудағы, дауларды шешудегі, еуропалық континетте бейбітшілік
операцияларын жүргізудегі, және шығыс блок елдері арқысында шығысқа қарай
кеңеюі республикамыздың Еуропалық Одақпен қарым-қатынастың нығаюы мен
стратегиялық серіктестік деңгейіне шығару бағытындағы белсенді сыртқы
саясатымызды анықтайды[48]. Осы пікірдің нақтылығына күмәндану қиыншылыққа
соғады. Өйткені Еуропалық Одақ сияқты аумақтық интеграция мысалы бұрын жоқ
болатын, және болашақта Еуропамен қарым-қатынас Еуропалық Одақпен қарым-
қатынасқа тең болатыны анық. Яғни Қазақстанның құрамына 27 мемлекет кіретін
Еуропалық Одаққа қатысты сыртқы саясаты оның дүниежүзілік экономикадағы
орнымен және сәтті интеграциялық саясатымен түсіндіріледі. Сондықтан
Қазақстан Республикасының осы бағыттағы сыртқы саясатының жүзеге
асырылуының, Еуропалық Одақпен ынтымақтастық пен серіктестіктің құқықтық
негіздері маңызды рөл атқарады.
Еуропалық Одақ пен Казақстан Республикасы арасында дипломатиялық
қатынастар 1993 жылы 2 ақпанда орнатылды. Ал 1993 жылы Брюсселде Еуропалық
Одақ жанындағы Қазақстан Республикасы өкілдігі ашылды. 1994 жылы Алматыда
Еуропалық Комиссияның өкілдігі ашылды. ҚР мен ЕО арасындағы қатынастар
үрдісі 1995 жылы Брюсселде Ынтымақтастық пен серіктестік туралы келісімге
қол қойылумен (1999 жылы 1 шілдеде күшіне енді) жаңа леп алды[49].
Еуропалық Энергетикалық Хартия Қазақстан Республикасы үшін
тәуелсіздігін алған сәттен бастап бірінші қосылған халықаралық құжаты болып
табылады. Бірнеше кезеңдік келіссөдер барысында қуат секторына
инвестициялар бойынша, транзит пен тасымалдау бойынша келісімдер жасалды.
1995 жылы Қазақстан Республикасы Президенті заң күші бар жарлығымен ЕЭХ
ратификацияланды[50]. Бұл келісімнің Қазақстан үшін түпкілікті маңызы бар.
Өйткені осы келісім бойынша қуат (мұнай, газ т.б.) рыногында республиканы
дискриминацияламауға кепілдік беріледі[51]. Келісім Қазақстан рыногына ЕО
мемлекеттерінің инвестициялауына, ноу-хау ендіруге жағдай жасайды. Яғни
бұл келісім Қазақстан Республикасы экономикасының ең маңызды саласына ықпал
жасайды[52].
Қазақстан шетелдік капиталдардың республикаға инвестициялануы үшін
инвестицияларды қолдау және өзара қорғау туралы келісімдерін, және екіжақты
салық салуға жол бермеу туралы келісімдерін Еуропалық Одақ мемлекеттерінің
көбісімен жасасты (10-11 бет).
Еуропалық Одақ Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясынан кейінгі
ірі сауда-экономикалық серіктесі болып табылады. Қазақстан Республикасының
сыртқы саудасының және тікелей инвестициялардың төрттен бір бөлігін
құрайды. Еуроодақ мемлекеттері ішіндегі негізгі инвесторлар болып Ұлы
Британия (12,6 %), Нидерланды (2,6 %), Германия (2 %), Италия (1,7 %)
табылады. Ал Қазақстан экспортының негізгі тұтынушылары болып Италия
(7,9 %), Франция (2,2 %), Нидерланды (1,4 %), Ұлы Британия мен Германия
(әрқайсысы 1,5 %) табылады.
Алайда Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы көпқырлы
қатынастарды орнататын масштабты акт болып ҚР мен ЕО арасындағы
ынтымақтастық пен серіктестік туралы келісім табылады. Жоғарыда атап
өтілгендей бұл құжатқа 1995 жылы 23 қаңтарда қол қойылады, ал күшіне
1999 жылы 1 шілдеде енеді. Ратификациялаудың мұндай ұзақ уақыт алу себебі,
Келісімді Еуропа Қауымдастықтарымен қатар (Еуропа Экономикалық
Қауымдастығы, Еуропа Көмір мен Болат Бірлестігі, ЕврАТОМ) Еуропалық Одаққа
мүше мемлекеттердің барлығы ратификациялауы қажет еді. Бұл ұзақ
ратификациялау кезеңіне тараптар арасында Сауда және онымен байланысты
сұрақтарға қатысты уақытша келісім жасалды (1997 жыл 1 сәуірде күшіне
енді). Оның күшіне енуі үшін тек Еуропарламент пен Министрлер кеңесінің
мақұлдауы ғана қажет еді. 1995ж. 5 желтоқсанында Брюссельде орын алған
Уақытша шартқа қол қойылуы бұрынырақ жасалған Ынтымақтастық пен серіктестік
туралы Келісімді ЕО-тың бірқатар мүше-мемлекеттерімен (Испания, Ирландия,
Ұлыбритания, Дания, Финляндия, Швеция, Австрия) ратификациялауына түрткі
болды.
Берілген уақытша келісімнің негізгі мақсаты сауда мен онымен
байланысты сұрақтарға қатысты Еуріопалық Одақ пен Қазақстан Республикасы
арасындағы Ынтымақтастық пен серіктестік туралы Келісімнің нормаларын
жүзеге асырылуын іс жүзінде қамтамасыз ету болып табылады. Уақытша келісім
Ынтымақтастық пен серіктестік туралы Келісімнің сауда мен онымен байланысты
сұрақтарға қатысты баптарын дәлме-дәл қайталайды. Сонымен бірге, Уақытша
келісімнің принципиалды жаңа алты бабы (14, 16, 17, 18, 27, 29 бб.) бар.
Уақытша келісімнің жаңа 14 бабы ҚР мен ЕО бәсеке туралы сәйкес
заңдардың келісілген негізде ол екі Тарап арасындағы саудаға әсер ететін
жағдайда ғана қолданылуының әдістерін зерттеуге келіседі деп
регламенттейді.
Жаңа 16 бапқа сәйкес ЕО пен ҚР-ның әкімшілік биліктерінің кедендік
мәселелер бойынша өзара көмегі Уақытша келісімге жатқызылатын Кедендік
сұрақтарда әкімшілік органдар арасындағы өзара көмектесу туралы Хаттамаға
сәйкес үсынылады.
Жаңа 17 бапта 1989 жылы 18 желтоқсанындағы Сауда, коммерциялық және
экономикалық ынтымақтастық туралы Келісімнің нәтижесінде құрылған Бірлескен
комитет өз міндеттерін Ынтымақтастық пен серіктестік туралы Келісімнің 77
бабына сәйкес Ынтымақтастық кеңесі қүрылмайынша жүзеге асырады деп
айтылған.
Жаңа 18 бапқа сәйкес, Бірлескен комитеттің Уақытша келісімнің
мақсаттарына жету үшін ерекше көрсетілген жағдайларда сәйкес кеңестерді
беруге құқығы бар.
Жаңа 27 бапта Уақытша келісім Ынтымақтастық пен серіктестік туралы
Келісім күшіне енгейге дейін ғана әрекет етеді деп баса айтылған. Сонымен
бірге кез-келген Тараптың, басқа жақты ескерте отырып, Уақытша келісімді
денонсациялауға қүқығы бар. Алайда, ЕО пен Қазақстан бүл құқығын
пайдаланған жоқ ол тараптардың сауда байланыстарын ары қарай кеңейтуге және
тереңдетуге ниетінің дәлелі деп ойлаймыз.
Жаңа 28 бапта I және II қосымшалар мен № 1 хаттама Сауда мен онымен
байланысты сұрақтар бойынша Уақытша келісімнің ажырамас бөлігін құрайтыны
жөнінде айтылған.
Енді Ынтымақтастық пен серіктестік туралы келісімге тоқталайық. Ресми
мәтін Келісімнің өзінен, преамбула мен тоғыз бөлімді құрайтын 100 баптан,
кеден сұрақтары бойынша әкімшілік органдары арасындағы өзара көмек туралы
Хаттамадан, үш қосымша мен Қорытынды актіден құралады.
Ынтымақтастық пен серіктестік туралы Келісім 1989ж. КСРО мен ЕҚ
арасындағы сауда, коммерциялық және экономикалық ынтымақтастық туралы
Келісімді ауыстырьш отыр. 1-бапқа сәйкес Келісімнің басты мақсаттары:
1. Саяси қатынастардың дамуына демеу беретін Тараптар арасындағы
саяси сұхбатқа сәйкес жағдайларды қамтамасыз ету;
2. Тараптар арасындағы саудаға, инвестиция жасауға және үйлесімді
экономикалық қатынастарға демеушілік жасау, сол арқылы олардың тұрақты
экономикалық дамуына көмектесу;
3. Құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, қаржы, ғылыми, технологиялық және
мәдени ынтымақтастыққа негіз жасау;
4. Қазақстанның республикадағы демократияны нығайту және нарықтық
экономикаға көшуді аяқтау мақсатымен оның экономикасын дамыту бағытында
жасап жатқан қадамдарын қолдау болып табылады.
Келісімнің ажырамас бөлігін құрайтын үш Қосымша мен Хаттама бар. I
Қосымша Қазақстан Республикасы мен жаңа тәуелсіз мемлекеттерге 3
параграфтың 8 бабына сәйкес ұсынатын артықшылықтардың индикативті тізімін
қамтиды.
II Қосымшада Қауымдастықтың 1 параграфтың (В) 23 бабына сәйкес алып
тастаулары қамтылған.
III Қосымшада Коммерциялық, өнеркәсіптік және интеллектуалды меншік
құқықтары бойынша Конвенция орын тапқан.
Кедендік істер бойынша әкімшілік органдар арасындағы өзара көмек
көрсету туралы Хаттама қолдану аясы, сұраулар, ақпараттандыру нысаны, т.б.
сияқты кедендік ынтымақтастықтың аспектілерін қамтитын 15 баптан құралған.
ЕО пен ҚР арасындағы ынтымақтастық бойынша негізгі кұжаттарға 3
біріккен қазақстандық-еуропалық декларациялар мен оның шетел
департаменттері мен территориялары бойынша француз үкіметінің Декларациясын
қамтитын Қорытынды акт жатады.
V бөлімнің (43 бап) ережелері заңнама саласындағы өте маңызды баптарды
қамтиды. Ынтымақтастық пен серіктестік туралы Келісімге сәйкес ЕО пен
Қазақстанның қазіргі және болашақ заңнамасының үқсастығы тығыз экономикалық
байланыстардың маңызды шарты болып табылатынын таниды. Келісімде екі жақтың
заңнамасың бір-біріне жақындату процесін реттейтін заңнаманың келесі
салалары бекітілген: бұл кеден заңнамасы; кәсіпорындар туралы заңнама;
банктер және банк қызметі туралы заңнама; компаниялардың шоттары мен
салықтар; интеллектуалды меншік; еңбекті қорғау; қаржылық қызмет көрсету;
саудаға әсер ететін кез-келген сәйкес сұрақтарды және практикалық
әрекеттерді қоса алғанда бәсеке ережелері; мемлекеттік сатып алулар;
адамның, жануарлар мен өсімдіктердің денсаулығы мен өмірін қорғау; қоршаған
ортаны қорғау; тұтынушылардың құқықтарын қорғау; жанама салық салу;
техникалық нормалар мен стандарттар; ядролық қауіпсіздікті қорғайтындарын
қоса алғандағы ядролық саладағы заңдар мен нормативтік актілер; көлік[53].
Еуропалық Одақтың кұқықтық реформа саласындағы көмегі құқықтық
реформаны жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес берулер, заң жобаларын
дайындауда көмек, сарапшыларды жіберу, құқық қолдану институттарын құру
және реформалау, оқыту бағдарламаларын үйымдастыру сияқты түрлі нысандарда
көрсетілуі мүмкін[54].
Сауда және онымен байланысты сұрақтар бойынша Ынтымақтастық пен
серіктестік туралы Келісімнің 2 бабында серіктестіктің айтарлықтай құрамдас
бөлігі демократияны, БҰҰ-ның Хартиясында, Хельсинки Қорытынды Актісі мен
Жаңа Еуропа үшін Париж хартиясында анықталған халықаралық қүқық қағидалары
мен адам құқықтарын, сонымен қатар, құқықтың экономика қағидаларын
құрметтеу болып табылатыны баса айтылған.
Ынтымақтастық пен серіктестік туралы Келісімнің III бөлімнің 8 бабы
Тараптар бір-біріне "Тауарлар саудасы" салаларының барлығында аса қолайлы
режимді ұсынады деп айтылған, атап көрсетсек:
Ондай баждар мен алымдарды алу әдісін қоса алғандағы, импорт пен
экспортқа кедендік баж бен алымдарға;
Кедендік рәсімдеуге, транзитке, тауар қоймалары мен тасымалдауға қатысты
ережелерге;
Импортталатын тауарларға қолданылатын салықтар мен басқа алымдардың кез-
келген түрлеріне;
Ондай төлемдерді төлеу мен аударудың тәсілдеріне;
Тауарлардың ішкі нарықта сатылуына, сатып алынуына, тасымалдануына,
таратылуы мен пайдаланылуына қатысты ережелерге қатысты.

Жалпы Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы
Ынтымақтастық пен серіктестік туралы Келісімнің үшінші бөлімі (8-18 б.б.)
екі жақтың сауда ынтымақтастығына арналған. Келісімге сәйкес, Тараптар бір
біріне сауданың барлық салаларында аса қолайлы режимді үсынады. Бүгінгі
таңда ЕО Ресейден кейін Қазақстанның екінші ірі сауда серігі, ал Қазақстан
- Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серігі болып табылады.
Келісімге сәйкес, ЕО пен Қазақстанның бір-бірінің нарықтарына қатысты
артықшылық құқықтары бар. Яғни, ЕО пен Қазақстаннан әкелінетін тауарларды
дискриминациялауға жол берілмейді. Бұл бір-біріне басқа сауда серіктерімен
бірдей сауда режимін ұсыну және импортталатын ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстанның еуропа мемлекеттерімен байланысы
Еуропалық қауымдастықтан Еуропалық одаққа дейін
Сыртқы саясаттың негізгі бағыттары
Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық қатынастардағы ролі
Еуропалық одақтың құрылуының тарихы
Қазақстан және Батыс ынтымақтастықтың саяси қырлары
Қазақстан Республикасына шетел жұмысшыларын жұмысқа тарту мәселесі: халықаралық құқықтық қырлары
Негізгі құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру және қорғау кепілдіктері, адамның және азаматтың міндеттерін орындау
Сауда саясатының теориялық негіздері
Ондай экономика құрудың басты шарты - Қазақстанның әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігуі
Пәндер