Б.Қаратаевтың өмірбаянын толық қамтып баяндап, қайраткердің қоғамдық-саяси қызметін зерттеу



Кіріспе
I Б.ҚАРАТАЕВТЫҢ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ
1.1 Б.Қаратаевтың өскен ортасы, саяси көзқарасының қалыптасуы
1.2 Бақытжан Қаратаев . II Мемлекеттік Дума депутаты
2 Б.ҚАРАТАЕВТЫҢ КЕҢЕСТІК ЖҮЙЕ ТҰСЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ.САЯСИ ҚЫЗМЕТІ
2.1 Б. Қаратаев Азамат соғысы жылдарында
2.2 Б.Қаратаев .Қырғыз (Қазақ) Революциялық Комитетінің мүшесі
Қорытынды
Кеңес Одағының күйреуі, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болуы қоғамдық ғылымдарда назардан тыс қалып келген мәселелердің шешімін табуға, соның ішінде тарих ғылымында бұрын сыңаржақ қаралып келген, идеологиялық себептермен айтыла бермейтін жабық тақырыптарды зерттеп, ғылыми талдаудан өткізу үшін жаңа міндеттер жүктеп отыр. Бүгінгі таңда осы проблемаларды пайымдылықпен зерттеудің нәтижесінде тарихымыздың көмескі беттерінің шындығы ашылып, оларға шынайы баға берудің ғылыми деңгейі жаңа сатыға көтерілді.
Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде, еліміздің тарихына жаңаша ой-пікірлердің қалыптаса бастаған шағында халқымыздың азаттық жолында қызмет атқарған тарихи тұлғалардың өмірі мен қоғамдық- саяси қызметі туралы мағлұматтарды ғылыми арнада жүйелеп, ұрпақтан – ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік туды.
Халқымыздың шынайы тарихын қалпына келтіру, Қазақстан тұрғындарына тарихи сананы қалыптастырудың мемлекеттттік концепциясында маңызды мәселе ретінде қойылды. “Отан тарихының тағылымдары және Қазақстан қоғамының қайта жаңғыруы” атты Халық бірлігі және Ұлттық тарих жылына арналған ғылыми сессияда да: “Мыңжылдыққа аяқ басарда бізге өткен-кеткенімізді қайтадан сараптамасқа жағдай жоқ. Өйткені тарихи жадымызды қалпына келтіріп, тағдырымызды қайта таразылау тәуелсіздігіміздің де мән-маңызын тереңірек ұғындыра түседі”,- деп көрсетілді.[1. 9б]
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін күреске толы кезең. Өйткені, Ресей үкіметінің қол астында болып, патша мен оның шенеуніктерінің езгісі мен тепкісін көрген қазақ халқы басқа бұратана халықтармен қатар өз азаттығы үшін күреске шықты. Бұл кезде қазақ қоғамында ұлттың еңсесін көтеріп, патша саясатына ашық түрде қарсы шыққан қазақ интеллигенциясының қатары қалыптаса бастаған болатын. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында қазақ интеллигенциясының жаңа легінің пайда болуы азаттық күресін сапалы жаңа сатыға көтеріп, елдің мәдени-рухани өсуіне үлкен жол ашып берді.
Осы зиялы топ қазақ елін отарлық езгіден құтқарып, ұлт-азаттық жолындағы күресте көш бастаушы болды. Қазақ интеллигенттерінің бұрыннан алдына қойған мақсаттарының бірі- жер мәселесі еді. Жер мәселесін шешуде қазақ интеллигенттері Ресей Мемлекеттік Думасын, патша үкіметінің әкімшілік органдарын пайдалануға тырысты. Осы кезеңде қазақ мүддесі үшін күрес жүргізген нар тұлғалы тұлғалардың бірі, II Мемлекеттік Думаның депутаты - Бақытжан Бисәліұлы Қаратаев болды.
1. Отан тарихының тағылымдары және Қазақстан қоғамының қайта жаңғыруы. Халық бірлігі және ұлттық тарих жылына арналған ғылыми сессияның материалдары. Алматы.,1999.
2. Шонанұлы Т.Ш. Жер тағдыры – ел тағдыры. Алматы., 1995
3. Якунин Я.Ф. Революция 1905-1907гг в Казахстане / Революция 1905-1907 годов в национальных районах России М.,1949
4. Асфендияров С.Д. Қазақ тарихының очерктері. Алматы., 1994
5. Бекмаханов Е.Б. Присоединение Казахстана к России. М.,1957
6. Бейсембиев К.Б. Прогрессивно-демократическая и марксисткая мысль в Казахстане в начале XX века. А.,1965
7. Бейсенбаев К.Б. Ленин и Казахстан. А.,1968
8. Пахмурный П.В. Большевики Казахстана в революции 1905-1907 годов. А., 1976
9. Джаксалиев М.Д. Экономические и социально- политические взгляды казахских общественных деятелей конца XIX начале XX веков. Автореферат. дисс. М.,1973
10. Зиманов С.З. В.И.Ленин и советская национальная государственность в Казахстане. А.,1970
11. Ысмағұлов М.Ш. Революция сарбазы // Жалын. 1989., №1
12. Қозыбаев М.К. Ақтаңдақтар ақиқаты. А.,1992
13. Нұрпейісов К.Н. Алаш һәм Алашорда. А.,1995
14. Қойгелдиев М.Қ. Алаш қозғалысы. А.,1995
15. Аманжолова Д.А. Казахская автономизм и Россия. История джижения Алаш.М.,1994
16. Құл-Мұхаммед М. Алаш ардагері Жақып Ақбаев. А.,1996
17. Өзбекұлы С.Ө.Арыстары Алаштың. Тарихи очерктер.А.,1998
18. Өзбекұлы С.Ө. Барлыбек Сыртанов. А.,1996
19. Қойшыбаев Б.О. Бақытжан Қаратаев. А.,1993
20. Малтусынов С.М. Социально-экономическое и политическое положение Казахстана и Государственная Дума (1905-1907гг). Автореферат.канд.дисс.А.,1981
21. Смагулова С.О. Ұлттық интеллигенция және XIX ғасырдың соңы-XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы аграрлық мәселе. Т.ғ.к.дисс.А.,1999
22. Озғанбай Ө.О. Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан (1905-1907жж) А.,1997
23. Каратаев Б.Б. Обзор материалов из истории колонизации Казахского края в связи с восстанием казахов Оренбургского края в 1869 году и в начале 1870-х годов. Сост.А.Б.Абенова А.,2006.
24. Государственная Дума. Указатель к стенографическим отчетам. Второй созыв. 1907год. С-Пб.,1907
25. Государственная Дума. Стенографические отчеты. 1907 год. Сессия вторая. Т-1.С-Пб.,1907
26. Хрестоматия по новейшей истории Казахстана.(1917-1934гг) Под.ред. К.С.Каражанова А.,2002
27. Субханбердина Ү. Дәуітов С. Айқап. А.,1995
28. ҚРОММ.1227 қ, 1т, 1 іс.
29. Қабижанұлы А.А. Қаратай Нұралыұлының қоғамдық-саяси қызметі (1771-1826жж) Т.ғ.к.дисс. Атырау.,2003
30. Щетинина Г.И. Университеты в России и Устав 1884 года. М.,1976
31. Созақбаев С.С. Қарлығаштар / Білім және Еңбек.1983., №3
32. Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы. Ред.басқ. Қ.С.Қаражан. А.,2005
33. Хамиқызы Ү.Б. Бақытжан Қаратаев және патша үкіметінің жер саясаты./ Қазақ тарихы. 2006, №5
34. Зиманов С.З. Исмагулов М.Ш. Б.Б.Каратаев во второй Государственной Думе/ Известия АН КазССР, серия общественных наук, 1974, №1.
35. Верт Н. История советского государства.(1900-1991гг) М.,1997
36. Ленин В.И. Толық шығармалар жинағы. Т.16. А.,1976
37. Б.Қаратаевтың 1907жылы II Думада сөйлеген сөзі./ Жалын, 1989., №1
38. Сидельников С.М. Аграрная политика самодержавия в период империализма. М.,1980
39. Атабаев Қ.М. Қазақ баспасөзі. Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1918) А.,2000
40. Омарбеков Т.О. Омарбеков Ш.Т. Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас. А.,2004
41. Мухатова О.Х. “Айқап” журналы мен “Қазақ” газеті XX ғасырдың басындағы қоныстандыру, жер мәселесі туралы./Ақиқат, 1998., №3.
42. Бөкейхан Ә. Таңдамалы. А.,1995
43. Байтұрсынов А. Ақ жол . А.,1991
44. Алдабергенов Қ.М. Ресейдің Қазақстандағы отарлау саясатының бағыттары мен нәтижелері (1860-1918) Автореферат т.ғ.д А.,2000
45. ҚРОММ.1227 қ, 1т, 4 іс.
46. ҚРОММ.1227қ, 1т, 3 іс.
47. Сапаргалиев.М.С.Возникновения казахской советской государственности (1917-1920гг.). Алматы, 1948.
48.Сартаев С.С. Образование и становление Казахской Советской государственности. Алматы, 1960
49.Образование Казахской АССР. Сборник документов и материалов. Алматы, 1957.
50.Советы и ревкомы в Казахстане (октябрь І917-1920гг). Документы и материалы. Алматы, 1971.
51."Известия киргизского края" 1920. 15 апрель
52. Шапоров Ю. "Ревкомдағы жанжал" \\ Арай, 1997,
53.ҚРОММ, 1227қ, 1т, 2 іс.

Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 56 бет
Таңдаулыға:   
Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі. Кеңес Одағының күйреуі, Қазақстанның тәуелсіз
мемлекет болуы қоғамдық ғылымдарда назардан тыс қалып келген мәселелердің
шешімін табуға, соның ішінде тарих ғылымында бұрын сыңаржақ қаралып келген,
идеологиялық себептермен айтыла бермейтін жабық тақырыптарды зерттеп,
ғылыми талдаудан өткізу үшін жаңа міндеттер жүктеп отыр. Бүгінгі таңда осы
проблемаларды пайымдылықпен зерттеудің нәтижесінде тарихымыздың көмескі
беттерінің шындығы ашылып, оларға шынайы баға берудің ғылыми деңгейі жаңа
сатыға көтерілді.
Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде, еліміздің тарихына жаңаша ой-
пікірлердің қалыптаса бастаған шағында халқымыздың азаттық жолында қызмет
атқарған тарихи тұлғалардың өмірі мен қоғамдық- саяси қызметі туралы
мағлұматтарды ғылыми арнада жүйелеп, ұрпақтан – ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік
туды.
Халқымыздың шынайы тарихын қалпына келтіру, Қазақстан тұрғындарына
тарихи сананы қалыптастырудың мемлекеттттік концепциясында маңызды мәселе
ретінде қойылды. “Отан тарихының тағылымдары және Қазақстан қоғамының қайта
жаңғыруы” атты Халық бірлігі және Ұлттық тарих жылына арналған ғылыми
сессияда да: “Мыңжылдыққа аяқ басарда бізге өткен-кеткенімізді қайтадан
сараптамасқа жағдай жоқ. Өйткені тарихи жадымызды қалпына келтіріп,
тағдырымызды қайта таразылау тәуелсіздігіміздің де мән-маңызын тереңірек
ұғындыра түседі”,- деп көрсетілді.[1. 9б]
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін
күреске толы кезең. Өйткені, Ресей үкіметінің қол астында болып, патша мен
оның шенеуніктерінің езгісі мен тепкісін көрген қазақ халқы басқа бұратана
халықтармен қатар өз азаттығы үшін күреске шықты. Бұл кезде қазақ қоғамында
ұлттың еңсесін көтеріп, патша саясатына ашық түрде қарсы шыққан қазақ
интеллигенциясының қатары қалыптаса бастаған болатын. XIX ғасырдың екінші
жартысы мен XX ғасырдың басында қазақ интеллигенциясының жаңа легінің
пайда болуы азаттық күресін сапалы жаңа сатыға көтеріп, елдің мәдени-
рухани өсуіне үлкен жол ашып берді.
Осы зиялы топ қазақ елін отарлық езгіден құтқарып, ұлт-азаттық
жолындағы күресте көш бастаушы болды. Қазақ интеллигенттерінің бұрыннан
алдына қойған мақсаттарының бірі- жер мәселесі еді. Жер мәселесін шешуде
қазақ интеллигенттері Ресей Мемлекеттік Думасын, патша үкіметінің әкімшілік
органдарын пайдалануға тырысты. Осы кезеңде қазақ мүддесі үшін күрес
жүргізген нар тұлғалы тұлғалардың бірі, II Мемлекеттік Думаның депутаты -
Бақытжан Бисәліұлы Қаратаев болды.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасы кәсіби парламентінің 10 жылдығына
жасаған баяндамасында Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов Думаға сайланған
депутаттар туралы айта келіп олардың еңбегін: “... тіпті баршамызға үлгі
болар қазақ парламентарийінің алғашқы тарихи келбетін қалыптастырды”- деп
жоғары бағалаған еді.
XX ғасырдың басындағы журналист, заңгер Бақытжан Қаратаевтың қоғамдық-
саяси қызметі, “Айқап” журналы мен “Қазақстан” “Орал” газеттерінің
беттерінде жарияланған қазақ қоғамының келешегі, қазақ шаруаларының
тағдыры, жер мәселесіне қатысты көзқарасы бүгінгі күнге дейін маңызын
жойған жоқ.
Жеке тұлғалар тарихы ешқашан халқынан бөлінген емес, керісінше
ұлтымыздың әйгілі қайраткерлерін тану арқылы тұтастай еліміздің тарихы
жазылады.Сондықтан бүгінгі қазақ тарихнамасына ғасыр басында қазақ
қоғамының көкейкесті мәселелерін шешуге тырысқан Бақытжан Қаратаевтың өмірі
мен қоғамдық-саяси қызметін зерттеу ғылыми зерттеу обьектісі болуға
лайықты, тарих ғылымындағы өзекті мәселердің бірі болып табылады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бақытжан Қаратаевқа арналған зерттеулер
біраз болғанмен, оның өмірбаянын ғылыми тұрғыда неғұрлым толық әрі жүйелі
тұрғыдан талдауға алған зерттеу еңбектер әлі жазыла қойған жоқ. Бақытжан
Қаратаевтың Қазақ төңкерісіне дейінгі кезеңде қалыптасқан көзқарасы туралы
әр кезеңде әр түрлі жазылып келді.
XX ғасырдың басындағы патша үкіметінің саясатына қарсы мақсаттағы
азаттық қозғалыстар мен көкейкесті мәселелерді шешуде жол сілтеп, жол
көрсеткен Бақытжан Қаратаевтың саяси мақсатын Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов
еңбектері айқындайды. Сонымен қатар, 1923 жылы Орынборда жазылып, 1995 жылы
профессор Ә.Тәкенов пен архивист-ғалым Б.Байғалиев, жас ғалым
Г.Жүгенбаеваның құрастыруымен жарық көрген Телжан Шонанұлының “Жер тағдыры
– ел тағдыры” еңбегінде қазақ жерін талан-таражға салып, қоныстандыру
саясатын жүргізіп келген патша үкіметінің заңсыз әрекеттері батыл
әшкерелеген. Ол қазақ жеріндегі отарлауын кезеңдерге бөліп, тигізген
зиянын, осының нәтижесінде қазақ - орыс арасында туындаған қақтығыстарды
баса көрсетеді. [ 2 ]
Бірінші орыс революциясынан кейінгі Б.Қаратаевтың көзқарасы туралы
зерттеуші- ғалым А.Ф. Якунин “Қазақстанда 1905-1907 жж революция” атты
еңбегінде 1905-1907 жылдар аралығында Қазақстанда екі түрлі бағыттағы
зиялы қауым тобының болғандығын атап өтеді. Ол буржуазияшыл-ұлтшыл бағыттың
өзін екіге: “батысшылдар”(Ә.Бөкейханов басқарған), “мұсылмандық”
(Б.Қаратаев басқарған) деп екіге бөліп, олардың патша шенеуніктеріне қарсы
жүргізген күрес барысын айқындап беруге тырысты. [3]
Ұлттық интеллигенция тарихы мен қызметі 20-40 жылдары сол заман
ағымымен зерттелгені белгілі. Қазақ интеллигенциясының саяси қызметін
шынайы түрде көрсетуге тырысқан ғалымдар Т.Рысқұлов пен С.Асфендияровтар
үкімет тарапынан қудалануға түсті. Т.Рысқұлов қазақ интеллигенциясының
пайда болуы мен қалыптасуына зор көңіл бөліп, олардың саяси қызметін
саралап көрсетуге ұмтылса, ал С.Асфендияров қазақ интеллигенциясының пайда
болуын XIX ғасырдың аяғына жатқызып, олардың іс- әрекеттерін дәйекті түрде
көрсетуге тырысты. [4.] Кеңестік кезеңдегі әміршіл-әкәімшіл жүйенің
салдарынан көптеген зерттеушілер Бақытжан Қаратаевты бай- феодалдар
мүддесінің қорғаушысы ретінде танып, таптық көзқарастың шырмауына маталған
пікірден алшақ кете алмады. Ғылыми тұрғыда әділетті баға беруге цензорлық
тосқауылдар қойылды. Мысалы, танымал, ірі тарихшымыз Е.Бекмахановтың 1957
жылы жарық көрген еңбегінде Бақытжан Қаратаевтың есімі тікелей аталмаса да
, II Мемлекеттік Думаға сайланған қазақ депутаттарының бәрі “Ұлтшыл
көзқарастағы қазақ зиялыларының өкілдері және бай феодалдардың мүддесін
қорғаудағылар”-деп бағаланған еді. [5.317 б]
Сонымен қатар, Бақытжан Қаратаевтың Қазан төңкерісіне дейінгі
кезеңдегі көзқарастарын зерттеген ғалымдардың бірі - К.Бейсембиев болды. Ол
өзінің еңбегінде Бақытжан Қаратаевтың атқарған мен қоғамдық - саяси
көзқарастарына коммунистік-тоталитарлық идеология талаптарына тән талдау
жасады. Бақытжан Қаратаевтың жар құлағы жастыққа тимей өз халқының саяси
құқын, бар байлығы- жерін қорғап, өз елін әлеуметтік дамуға қоса толыққанды
мұсылмандылық пен имандылыққа шақырған еңбектерін К.Бейсембиев:
“панисламизм мен пантюркизм реакциялық қозғалысының диірменіне су құйды” –
деп бағалады. [6.116б]
Осындай тұжырымдарды С.Бейсенбаевтың, [7.] П.Пахмурныйдың да
еңбектерінен аңғаруға болады. Пахмурный Бақытжан Қаратаевтың Қазан
төңкерісіне дейінгі кезеңдегі жан-жақты қызметін жоққа шығарып, оны
монархияны жақтаған, бай-феодалдардың сойылын соққан, ұлт азаттық қозғалыс
пен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған әрекеттерін еш уақытта жақтамаған
мағынада суреттейді: “ ... националистическая интеллигенция оказалась не в
состоянии возглавить национально-освободительное движение ...Б.Б.Каратаев
...будучи членом кадетской партии, оставался сторонником монархии и
всячески это засвидетельствовать”[8.161-164б]
70-жылдары Б.Қаратаевтың және XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының
экономикалық көзқарастарын зерттеген М.Жақсалиев болды. Коммунистік
идеологияның таптық талаптарынан еркін шыға алмаған зерттеуші қазақ
зиялыларының көзқарастарын бағалауда көптеген тосқауылдарға тап болды.
Соның салдарынан, мысалы, Бақытжан Қаратаев прогрессивтік-демократиялық
бағыт ұстанған, қазақ халқының әлеуметтік прогресін жақтаған ағартушы -
демократ және ірі қоғам қайраткері ретінде танылса, Ә.Бөкейханов,
А.Байтұрсынов, Ж.Досмұхамедовтар сияқты қайраткерлер діни-ұлтшыл ағымның
өкілдері ретінде сипатталады. [9. ]
80 жылдары Бақытжан Қаратаевтың II Мемлекеттік Думада сөйлеген
сөздеріне ғылыми тұрғыда талдау жасаған академик С.З.Зиманов [10.55-75б]
пен Бақытжан Қаратаевтың мол мұрасына біршама көңіл бөлген М.Ш.Ысмағұлов
болды. [11.]
Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі өзгерістер Алаш қозғалысы мен Алашорда
тарихын қайта қарап, ақиқат тұрғысынан зерттеуге мүмкіндік берді. Қазақ
интеллигенциясы тарихын, олардың ұлттық ерекшеліктері мен өзіндік қадір-
қасиетін анықтауда жаңа тарихи таныммен күрделі зерттеулер басылып шықты.
Бұған М.Қозыбаевтың (Ақтаңдақтар ақиқаты. А., 1992) [12.], К.Нұрпейісовтің
(Алаш һәм Алашорда А., 1995) [13], М.Қойгелдиевтің (Алаш қозғалысы.А.,1995)
[14], Д.Аманжолованың (Партия Алаш; история иисториография.Семей., 1993;
Казахский автономизм и Россия. История движения Алаш. М.,1994) [15], М.Құл-
Мұхаметтің (Алаш ардагері Жақып Ақбаев . А., 1996;) [16], С.Өзбекұлының
(Барлыбек Сыртанов.А.,1996; Арыстары Алаштың. Тарихи очерктер. А.,1998; )
[17], [18] Б.Қойшыбаевтың (Бақытжан Қаратаев.А.,1993) [19] еңбектері айқын
дәлел.
XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ депутаттарының Ресей
Мемлекеттік Думасындағы қызметі, қазақ зиялы қауымының Ресей Мұсылмандық
қозғалысына қатынасуы С.Малтусыновтың,[20] С.Смагулованың кандидаттық
диссертациясында қаралған.[21] Ғалым Ө.Озғанбайдың докторлық диссертациясы
мен сол негізде шыққан монографиясы Мемлекеттік Дума мәселесін, оған
қазақтардың қатысу барысын қарастырады. [22]
2006 жылы Б.С.Әбенованың құрастыруымен Бақытжан Қаратаевтың “Обзор
материалов из истории колонизации Казахского края в связи с восстанием
казахов Оренбургского края в 1869 году и в начале 1870-х годов” атты
қолжазбасын басып шығарды. [23]
Жұмыстың деректік негізі. Тақырыптың деректік негізіне келсек,
Бақытжан Қаратаевтың II Мемлекеттік Думадағы қызметі туралы II Мемлекеттік
Думаның стенографиялық есептерінен толық мәліметтер алуға болады [24],[25]
Құжаттар мен материалдар жинақтарында Б.Қаратаевтың Қырғыз (Қазақ)
Революциялық Комитетінің құрамындағы қызметі туралы деректер келтіріледі.
[6]
Соңғы жылдары Қазақстан ғалымдары сол кездегі ұлттық басылымдарды
дерек көзі ретінде зерттеп, оның нәтижелерін ғылыми айналымға енгізуде.
Мұның жарқын мысалы ретінде Үшкілтай Субханбердинаның "Қазақ", "Алаш",
"Сарыарқа" атты мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші мен Мәмбет
Қойгельдиевтің 1994 ж "Қазақ" газетінде жарияланған ұлт зиялыларының
мақалаларын атаған жөн. [27]
Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архивінің (ҚРОМА)
1227 қорында Бақытжан Қаратаевтың жеке қоры сақталған. Бұл қорда Бақытжан
Қаратаевтың өмірбаяны туралы мәліметтер беретін құжаттар, фотосуреттер,
Азамат соғысы жылдарында Орал түрмесінде жазған күнделігі мен кейінгі
жылдардағы қоғамдық-саяси қызметі туралы мәлімет беретін естелігі
сақталған. [28]
Бітіру жұмысының мақсаты мен міндеті. Бітіру жұмысын жазудағы басты
мақсаты- Б.Қаратаевтың өмірбаянын толық қамтып баяндап, қайраткердің
қоғамдық-саяси қызметін, ғылыми айналымға енген жаңа тың деректер негізінде
тарихи шындық тұрғысынан талдауға алу. Осы мақсатқа жету үшін мынандай
міндеттер койылды:
- Б.Қаратаевтың өскен және білім алған ортасы, оның қоғамдық көзқарасына
әсер еткен жағдайларды;
- Б.Қаратаевтың II Мемлекеттік Думадағы депутаттық қызметін;
- Белсенді публицист-журналист ретінде Бақытжан Бисәліұлының 1911-1914
жылдардағы “Айқап” журналы мен “Қазақстан” газетіндегі атқарған қоғамдық-
саяси қызметі мен ағартушылық жұмысын;
- Азамат соғысы жылдарындағы Бақытжан Қаратаевтың өмірі мен сол жылдардағы
қоғамдық-саяси қызметін;
- Бақытжан Қаратаевтың кеңестік жүйе тұсындағы Қырғыз (Қазақ) Революциялық
Комитетіндегі қызметін;
- Бақытжан Қаратаевтың тарихшы-ғалым ретінде Қазақ тарихын дамытуға қосқан
үлесін,осы уақытқа дейін ғылыми айналымға тартылмаған сондай-ақ, осы
уақытқа дейін жарияланған деректік материалдар негізінде талдауға алу
көзделінді.
Жұмыстың құрылымы кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан,
пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

I Б.ҚАРАТАЕВТЫҢ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ

1.1 Б.Қаратаевтың өскен ортасы, саяси көзқарасының
қалыптасуы

Бақытжан Бисәліұлы Қаратаев - қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бірі.
Туған халқын құлдық бұғаудан құтқару мақсатында патша үкіметімен ымырасыз
күрес жүргізген көрнекті қоғам қайраткері, алғашқы қазақ заңгері болған
Бақытжан Қаратаевтың есімі 20 жылдай бойы Ресей мен қазақ баспасөзі
беттерінен түспей, қаламы “Айқап”, “Қазақстан”, “Орал” сияқты т.б. көптеген
басылымдардың бағыт-бағдарына үлкен әсерін тигізген еді. Терең
публицистикалық мақалалары болса қазақ қоғамының көкейкесті мәселелеріне
арналып, Ресей мұсылмандарының назарын аударған-ды. Өткір сынды, ашын
жазылған мақалалары халықты азаттық пен бостандық идеяларына баулумен
қатар, қазақ халқының рухани өсіп, шыңдалуына да өлшеусіз үлес қосты.
Бақытжан Қаратаевтың табиғатынан ұшқыр ойы, отты жүрек дара тұлғасы,
асқан білімділігі, халықтың жарқын болашағы үшін әр салада атқарған қызметі
мен заңдылықтарды басқару процесін ауадай қажетті талап ретінде енгізу
мәселесін көтеруі-оны даланың дарынды перзенттеріне жатқызады.
Энциклопедиялық білім иесі, ірі гуманист, реформатор, публицист, ағартушы
демократ, қазақ қоғамының демократиялық жолмен дамуын көксеген қайраткер
сонымен қатар, қарама-қайшылықтар мен аумалы-төкпелі өзгерістерге толы өз
заманының да ұлы еді.
Бақытжан Бисәліұлы Қаратаев - Орал облысының Қаратөбе аумағының
Ақбақай ауылында 1860 жылы мамырдың 10 жұлдызында Дәулетжан сұлтанның
шаңырағында дүниеге келген. Жарық дүниеге енді есік ашқан кішкене
Бақытжанды үлкен әкесі Бисәлі Қаратайұлы бауырына басқан екен. Бақытжан
Қаратаев сұлтан тұқымы әулетінен тарайды және Кіші Жүздің ханы Әбілхайыр
ханның шөбересі болып келеді. Оның атасы Қаратайдың анасы Ырысқа тоқталар
болсақ, ол 1771 жылы тарихтағы “қалмақ көшу” немесе “шаңды жорық” кезінде
қазақтардың қалмақтармен шайқасында қолға түсіп, Нұралы ханның күңі болған.
Өз шежіресінде Бақытжан Қаратаев: “ Нұралы хан осы күңге үйленіп, одан:
Есім, Қаратай, Орман, Шотқара және Елтай атты бес бала көреді. Ел арасында
оларды “бес қалмақ” деп атап кеткен”,-деп көрсетеді..[23.22б] Одан тараған
Нұралы ұлдарының бесеуі де мүмкіндігінше орыс отарлауына ашық қарсылық
танытты. Солардың ішінде 1805-1815 жылдары патша әкімшілігіне қарсы табанды
күрес жүргізген - Қаратай Нұралыұлы еді. [29.107б]
Бақытжанның әкесі Бейсәлі ауқатты адам болған және өзінің сұлтан
тұқымынан шыққандығына қарамастан өте қарапайым, жағымды мінездерімен
жұртшылыққа сыйлы адам болған. Қайсыбір адамды болмасын біліміне, ақыл-
ойына қарап баға беріп отырған. [17.69б]
Бақытжан Бисәліұлының тәрбиелік болмысы бала жастан ел арасындағы
ғасырлар бойғы көшпелі өмір салты мен кең даланың әдет-ғұрпы ықпалында
қалыптасады. Әбілхайыр ханның шөбересі, атасы Қаратайдың тәрбиесінде болып,
қазақ дәстүрі бойынша оның есімін өзінің тегі етіп алады. Жасынан зерек
болып өскен жас сұлтан алғаш ауыл мектебінен сауат ашады. Білімге деген
ынтасын байқаған әкесі оны Орынбор қаласының азаматтық гимназиясына оқуға
береді. Бақытжан Қаратаев гимназияны ойдағыдай аяқтап, тәртібі “өте жақсы”
деген дәрежемен аяқтап шығады. Өз біліміне сенген Бақытжан Қаратаев Ресей
империясының астанасы Санкт-Петербургте, университет қабырғасында білім
алуды көксейді. Оның мұндай жауапты шешім қабылдауына Орынбор қаласының өзі
дәріс алған гимназиясындағы Нева жағалауынан арнайы жолдамамен немесе саяси
қуғынға ұшырап, қудаланып келген озық-ойлы, демократиялық бағыт ұстанған
орыс зиялылары зор ықпал етті. Олардың бірсыпырасы гимназияда тек ғана
бағдарлама бойынша оқытылатын пән көлемінде дәріс беріп ғана қоймай,
сонымен қатар оқулық шеңберінен шығып, гимназистерге сабақ арасында оларға
саясаттан, дүниежүзілік азаттық қозғалысынан, Санкт-Петербургте болып
жатқан саяси жағдайлардан мәліметтер беріп отырды. Кеудесінде сәулесі бар
зерделі шәкірттер, әрине, олардың бәрін саналарына сіңіріп отырды. [17.69б]
“Ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясы сан жағынан көп болған жоқ”-
дейді М.Қойгелдиев. Оның себебі түсінікті де. Қазақстанда бірлі-жарым орта
білімді мұғалімдер даярлайтын курстар мен училищелер болмаса, арнайы оқу
орындары ашылған емес. Түрлі мекемелерде, әкімшілік орындарда қызмет
жасаған қазақ мамандары негізінен Ресейлік оқу орындарынан білім алды.
Патша үкіметі қазақ халқының жалпы мәдени деңгейінің өсуіне мүдделі болған
жоқ, керісінше қараңғылыққа ұстау оған пайдалырақ көрінді. Ал XIX ғасырдың
соңғы ширегінен бастап қазақ даласында азын-аулақ ашыла бастаған орыс-қазақ
мектептері мен гимназиялары жергілікті жұртты “Мұхаммед дінін уағыздаушы
моллалардың зиянды ықпалынан” сақтау үшін және сонымен бірге “далада орыс
ықпалын” жүргізу үшін керек болды.
Сонымен бірге отаршыл әкімшілік ресейлік оқу орындарынан бірлі-жарым
орынды қазақ жастарына да бөлуге мәжбүр болған. Мұндай шараға ол жыл өткен
сайын өсе түскен басқару жүйесінің ұлттық кадрларға мұқтажын қанағаттандыру
үшін барды. Осы мақсатта генерал-губернаторлықтар кеңсесі жанынан қазақ
студенттеріне жылына 3-4 стипендия белгіленіп отырды. Міне, осы белгіленген
қаржыға сүйеніп, қазақ жастары Мәскеу, Петербург, Қазан, Орынбор, Омбы,
Варшава сияқты қалаларда түрлі мамандықтар бойынша білім алды. Ресей
империясына ғана емес, бүкіл Еуропа мәдениеті мен ғылымында өзіне лайық
орны бар бұл оқу орнында өткен ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде
(1917 жылға дейін) 20 жуық қазақ студенті оқып, жоғары білім дипломын
иеленді. Олардың қатарында Бақытжан Қаратаев, Бақыткерей Құлманов, Барлыбек
Сыртанов, Жаһанша Сейдалин, Айдархан Тұрлыбаев, Жаһанша Досмұхамедов,
Мұстафа Шоқаев, Жақып Ақбаев, Райымжан Мәрсеков сияқты XX ғасырдың
басындағы қазақ қоғамының саяси өміріне белсене араласқан қайраткерлер
болды. [14.88б]
Сол кезеңдегі қазақ жастары үшін нағыз білім шаңырағына айналған орта
Петербург университеті еді. Орынбордағы азаматтық гимназиядан рухани нәр
алған Бақытжан Қаратаев 1886 жылы қазан айының 7 жұлдызында Санкт-
Петербургке келіп, университеттің заң факультетіне түседі. Сол жылы
Бақытжан Қаратаевпен бірге Ресей империясының астанасына білім іздеп
Жетісудан Барлыбек Сыртанов, қырғыздан Абдолла Теміров, Көкшетаудан
Мәмбетәлі Сердалин сияқты жастар да келген еді.[17.69б] Университетінің
қабырғасында қазақ жастары бір-бірімен тығыз, туысқандық қатынаста
болуымен қатар, Санкт-Петербургтің қайнаған саяси, рухани өмірі мен
мәдениетінің тыныс-тіршілігімен де жан-жақты танысып, бойларына сіңіреді.
Ресей империясының түпкір-түпкірінен келген басқа жастар сияқты қазақ
жігіттері де сол мүдделеріне сай “Жерлестер ұйымын” құрады.
80 жылдары Санкт-Петербургтың барлық жоғарғы оқу орындарында
“Жерлестер” деп аталатын астыртын ұйымдар кең қанат жайған болатын. Олардың
құрылуының негізгі себебі-бір өлкеден, бір топырақтан шыққан студенттердің
қоян-қолтық араласуы және бір-біріне қамқор болуы еді. Алғашында
“Жерлестер” ұйымының мүшелерінің мақсаты бір ұлттан немесе бір өлкеден
келген мұқтаж студенттерге көмек көрсету болды. Бірақ, бұл ұйымдардың өсіп-
жетілуі барысында алдарына қойған мақсаттары саясатқа ұштасып отырды. Бірте-
бірте “Жерлестер” үйірмелері ұлғая келе көп студенттерді қамтыған
“Жерлестер одағына” айналып отырды. Олардың арнайы уставтары, мүшелік
жарналары болды. 80 жылдары бір ғана Санкт-Петербургте студенттер арасында
20 жуық “Жерлестер” үйірмелері болған және олардың мүшелігіне 1500-ге тарта
студенттер кірген. Атап айтсақ, студенттердің Сібір, Поволжье, Кубань, Дон,
Грузия, Армения сияқты “Жерлестер” үйірмелері мен одақтары тұрақты түрде
қалыптасты.
Бақытжан Қаратаев Барлыбек Сыртанов, Абдолла Теміров, Мәмбетәлі
Сердалин және шығыстану факультетінде бұлардан бұрын келіп дәріс алып
жүрген Бақтыгерей Құлманов сияқты жігіттермен “Жерлестер” үйірмесін құрады.
Қазақ жастары үйірмеге мүше болған студенттерге қаражатпен көмектесу,
ауырған жағдайда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сияқты мәселелерді шешіп
қоймай, сонымен қатар, оның жиылыстарында революциялық мазмұндағы
прокламацияларды оқып талқылау, теңсіздік пен әділетсіздік, қазақ даласында
мәдени-ағартушылық ісін тарату туралы пікірлер жиі айтылып тұрды.
“Землячество как бы собирали и сортировали материал, и не только для
себя , но и для дальнейших, более широких политических организации”,- деп
атап көрсетті сол кездегі оқиғалардың куәгері. [18.25б]
Университет әр уақытта Ресейдің рухани өмірінің барометрі болып
қалыптасқандықтан, саяси мәні бар барлық оқиғаларға студенттер митинг,
шеру, акция арқылы өз пікірлерін білдіріп отыратын еді, яғни, әр топтағы
студент жастар “Жерлестер ұйымы” арқылы қайсыбір шекесіне батқан көкейкесті
мәселелерді үндеулер, прокламациялар тарату әрекеттерімен өз пікірлерін
білдіру дәстүрге айналдырғанды.[ 30.31б ]
Бақытжан Қаратаев - өзінің университеттік әріптестерімен бірге жалпы
саяси ағымның алғы шебінде болып, отарлық саясаттың езгісінен тепкі көрген
қазақ халқының ауыр жағдайларына назар аударады. Қазақ жастарымен бірге ол,
тек қана дүниежүзіне әйгілі университеттің білімімен шектеліп қалмай,
мүмкіндігінше барлық азаттық, демократиялық озық ойлы идеяларды бойына
сіңіреді [ 31.26б ]
Патша өкіметі әр уақытта студенттік ортаны ерекше бақылауды көзден
таса қылмады. 1886 жылы Ресейдің барлық университеттерінде 1884 жылы
бекітілген жаңа Устав енгізіледі. Жаңа Уставтың талаптары студенттер мен
оқытушы-профессорларға қатал тәртіптер енгізіп, университетте дәстүрлі
болып жалғасып келе жатқан демократиялық дәстүрлер қыспаққа алынды. Жаңа
Устав студенттердің ұйымдар мен үйірмелер құруларына, ақшалай қор
ұйымдастыруға, тіпті, жиылып концерт қоюларына тыйым салынды. Университет
басшылары әрбір студенттен ешқандай қоғамға кірмеуді, студенттік қозғалыс,
ұйымдарға қатыспауды талап ететін қолхат алды. Айталық, Бақытжан
Қаратаевтың студенттік өзіндік ісіндегі қолхаттың сипаты мынандай: “1887 г.
сентября 29 дня, я ниже подписавшиеся, даю сию подписку в том, что во время
своего пребывания в числе студентов или слушателей Императорского Санкт-
Петербургского университета, обязуюсь не только не принадлежать ни к какому
тайному сообществу, но даже без разрешения на то, в каждом отдельным
случае, ближайшего начальства, не вступать и в дозволенные законом
общества, а так же не участвовать ни в каком денежном сборе; в случае же
нарушения мною сего обещания, подвергаюсь немедленному удалению из
заведения и лишаюсь всякого права на внесение мною, в пользу недозволенного
сбора, деньги.
Студент 3 семестра юридического факультета султан Бахиджан Бисалиевич
Каратаев”.[17.71б]
Бекітілген тәртіптерге қарсылық білдірген студенттерге Устав бойынша
сөгіс жариялау, 24 сағаттан 4 аптаға дейін карцерге қамау, университеттен
уақытша куу және оқудан шығару сияқты жазаларды қолдану іс жүзіне асырылды.
Студенттердің қайсыбір қалаған жеріне бару үшін университет инспекциясынан
міндетті түрде рұқсат куәлігін алу заңдастырылды және оны полицияның талабы
бойынша көрсетуге міндетті болды. Сонымен қатар, университетті
тәмамдағаннан кейін де қызметке орналасу үшін университет басшыларының
“сенімді” деген куәлік қағазын барлық жерде талап етіп отырған. Мұндай
әрекеттер адам құқығын аяққа таптаудың айқын көрінісі болуымен қатар, патша
өкіметінің жантүршігерлік саясатының полициялық сипатын анық көрсеткендей
еді.
Бірақ зерек жігіт терең білімімен университет профессорларының
ілтипатына бөленген еді. Осындай саясаттың ызғарынан Бақытжан Қаратаев
сүрінбей өтіп, 1860 жылы университетті “ИСПУ. 1890. Қаратаев.” деп жазылған
алтын медальмен (II степень) аяқтап шығады. [11.69б] Ол туралы “Дала
уәлаятының газеті” былай деп жазды: “Император хазіретінің есіміне ашылған
Петербург қаласындағы университет курсын екінші дәрежелі дипломмен үздік
аяқтаған Торғай облысы, Іле оязы, Бурта елінің сұлтаны Бақытжан Қаратай ұлы
Юстиция министрлігінің қарауына кіргізіліп, департаменттік басқару
сенатындағы екінші мекемесіне қызметке қалдырылды”[17.71б]
Байқап қарасақ, Бақытжан Қаратаевтың біліміне, оның туа біткен дарынды
тұлғасына патша өкіметінің чиновниктері назар аударып, оны Санкт-
Петербургте қызметке қалдырған. Ондағы басты мақсаттары оның біліміне, жеке
басын отарлық саясатты жүргізуге пайдалану болған. Бірақ Ресей астанасында
үлкен қызмет атқара жүріп, Бақытжан Қаратаев “халықтар түрмесі” атанған
Ресейдің шет аймақтарында жүргізіп отырған отарлық саясаты, зорлық-
зомбылығымен, жерді талан-таражға салып жатқан әрекеттерімен ымыраға келе
қоймайды. Бұл мәселелер хақында патша чиновниктерімен айтысқа түсіп, өз
пікірін батыл түрде ортаға салып, терең білімін көрсете біледі. Әрине,
патша өкіметіне Бақытжан Қаратаевтың мұндай “батырлық” іс-әрекеттері жаға
қоймайды. Оларға аймақтағы өз ұлтының құқығын қорғап, мұңын мұңдап, жоғын
жоқтайтын қайраткер қажетсіз еді. Демек, одан тез арада құтылудың амалын
ойластырған патша чиновниктері оны арнайы тағайындаумен Санкт-Петербургтен
алысырақ аймаққа - Грузияның Кутаиси қаласына тергеу жүргізу қызметіне
ығыстырып тастайды. Өйткені, 1891 жылы патша үкіметі қазақ даласын
басқарудың жаңа Далалық Ережесін даярлап жатқан еді. Сондықтан да олар үшін
әкімшілік Сенатында көзі ашық қазақтың жүргені қауіпті болып көрінсе керек.
[19.178б]
Грузия жерінде Бақытжан Қаратаев 1897 жылға дейін тергеу жұмысында
болып, тау халықтарының тұрмыс-тіршілігімен жақсы танысады. Ержүрек,
қайсар, елдің жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, достық қатынасын
нығайтады.Табиғатынан дарынды, ойына келген пікірін тіке айтатын Бақытжан
Бисәліұлы тау халықтарының арасында да үлкен абырой мен беделге ие болып
“князь” атанды. Жеті жылдай Қазақстаннан тыс жүрген Бақытжан Қаратаев 1897
жылы өзінің кіндік кескен Орал топырағына оралады. [22.222б] Өз мамандығы
бойынша, халық құқығын сақтау мақсатында, адвокат болып орналасады. Патша
чиновниктерінің қазақ даласында жергілікті халыққа қарсы жүргізіліп отырған
озбырлық саясатына, адамдық құқықтарын аяққа таптаған әрекеттеріне қарсы үн
көтереді. Ел ішіндегі дау-жанжалдарды әділдікпен шешіп, жұртшылықтың
ризашылығына бөленіп, үлкен саяси беделге ие болады. Қарапайым халық
мүддесін патша өкіметі чиновниктерінің заңсыз әрекеттерінен қорғап,
орнатылған тәртіпке наразылық білдірген Бақытжан Қаратаев енді “сенімсіз”
адам ретінде таныла бастайды.
Бақытжан Бисәліұлының қазақ халқын, оның жері мен суын, азаматтарының
құқығын қорғауға бағытталған іс-әрекеті, қызметі Бірінші Орыс революциясы
жылдарында ерекше байқалады. Ендігі жерде Бақытжан Қаратаев халықтың
шекесіне батқан жер мәселесіне ерекше көңіл бөледі. 1905 жылы шілде айында
орыс қоныс аударушылары мен казактарының қазақ жерін талан-таражға салып
жатқан әрекеттерін тоқтату мақсатында Санкт-Петербургке барып, Орал,
Орынбор облыстарынан арнайы келген делегацияны патшаның тікелей
қабылдауында болатындай етіп ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Бұл
делегацияның құрамында С.Б.Кейкин, М.Қайдаров, Д.Тоқбаев, С.Алдияров, ишан
Д.Мусин, хазірет Ғ.Есмұхамбетов, молда М.Меңдіқұлов, судья А.Бірімжанов,
сот мүшесі Ж.Сейдалин сияқты аймаққа танымал болғандар кіреді.[17.72б] Ол
бұл жөнінде 1911 жылы “Айқап”журналына: “1905-інші жылы Орал һәм Торғай
облыстарынан көп адамдар Петерборға барып, патша ағзамды һәм министрлерді
көріп, жер тұрғысында, жер қазақтардың өзіне де жеткіліксіз деп; Қазақ
адамдарының ішінде мен де бар едім ”,-деп жазады. [21.70б]

Жалпы Қазақстан еңбекшілерінің саяси оянуына, өлкедегі отарлық езгіге,
әлеуметтік теңсіздік пен қанаудың басқа да түрлеріне қарсы ұлт-азаттық,
жұмысшылар мен шаруалардың бостандығы жолындағы қозғалыстардың ерекше
серпін алуына, әрине, патшалық Ресейдегі 1905-1907 жылдарда өткен тұңғыш
буржуазиялық-демократиялық революцияның ықпалы зор болды. Біріншіден,
өлкенің экономикалық,және саяси дамуы дәрежесінің салдарынан жұмысшы
қозғалысы өрістеді. Екіншіден, оған өнеркәсіп пен қала жұмысшылары қатысты.
Үшіншіден, аграрлық қозғалыстар, негізінен, қазақ ауылдарының, қоныс
аударған деревнялардың, еңбеккерлер топтарының іс-әрекетінен көрінді.
Төртіншіден, ұлт зиялылары қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласып, ұлт-
азаттық қозғалысты жаңа сатыға көтерді.
Сөйтіп, 1905-1907 жылдарда өткен Қазақстанда жұмысшы қозғалысы өзінің
саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Қазақ даласында осы жылдары
Ресейдегі революциялық процестердің жалпы барысымен тығыз байланысты
жұмысшылардың бірқатар саяси жөне экономикалық толқулары болып өтті. Оларға
1905 жылдың желтоқсанында Успенск мыс руднигіндегі, 1907 жылдың маусым
айында Спасск мыс қорыту зауытындағы, Қарағанды кендері мен Успенск
руднигіндегі, сондай-ақ , Семей, Орал, Ақтөбе, Верный, Қостанай және басқа
да қалалардың кәсіпорындарындағы өткен ереуілдерді жатқызуға болады.
[32.89б] Төніп келе жатқан халықтық толқуларды болдырмау үшін және солшыл
күштердің тегеурінін бәсеңдету мақсатында Николай II 18 ақпан күні Ішкі
істер министрлігі А.Булыгин дайындаған рескриптке қол қойды. [14.94б]
“Руссияның барлық адал ұлдарына Отан алдындағы борыштарын орындауға
мынадай құлақ естіп, көз көрмеген бүлікті тоқтатуға, бізбен бірге туған
жерімізге тыныштық пен бейбітшілік орнатуға барлық күштерін салуға
шақырамыз”,-деп көрсетілді. [21.103б] Міне, осылай дүниеге келтірілген
Мемлекеттік Думаның мақсаты елдегі революциялық күштерді жойып, олардың
көңілін конституциялық жолға бұру еді. Онда “халықтан сайланған” адамдарды
заңдық жобаларды дайындауға және талқылауға қатыстыру туралы айтылған еді.
Сол күні жеке адамдар мен ұжымдарды мемлекет қызметімен халықтың әл-
ауқатын, жетілдіре түсуге байланысты өз ұсыныстарын орталық билікке
жеткізуге шақырған құжатта өмірге келді. Бұл қаулының әрбір әрпіне сенген
қауымдар, муниципалитеттер, думалар, Земство жиналыстары, жеке азаматтар
үкіметке түрлі қарарларын, өтініштерін, ұсыныстарын, қардай боратты.
Олардың біразы күн өткен сайын батылдық танытқан баспасөз беттерінде жарық
көріп жатты. Бұл мемлекет тарихында сөз еркіндігіне жол берілген алғашқы
оқиға еді. [14.95б]
Ресей империясындағы 1905 жылғы қалыптасқан саяси ахуал қазақ халқының
азаттық қозғалысының жаңа сатыға көтерілу кезеңін бастап берді. Сол
кезеңдегі әкімшілік орындарына түскен мәліметтердің бірінде: “Патша
үкімдерінің жариялануынан бері қарай қырғыз жұрты мерзімді басылымдарға
қызығушылықпен зер сала қарай бастады. Сауаты барларының көпшілігі
астаналық газеттерді жаздырып алуда. Қырғыздар арасында бұрын-соңды
болмаған құбылыстар байқалуда”-делінген. [32 .89б]
18 ақпан қаулысы тудырған көңіл-күй туралы Әлихан Бөкейханов өзінің
“Қазақтар” атты мақаласында былай деп жазды: “... халық сеніміне ие болған
адамдарды ” жинауға және халық мұқтаждығын білдіретін петицияларды беруге
рұқсат еткен 18 ақпан рескриптін дала үлкен құлшыныспен қарсы алды. Бүкіл
дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді.
Қазақ халқының мұқтаждықтары жөнінде хат арқылы пікір алысу басталып кетті.
17 сәуірдегі дін сыйластығына қатысты қаулы көңіл күйді одан бетер көтере
түсті. 1905 жылдың жазғытұры кеңшілік өмір келісімен далада, жайлауда
жергілікті мәселелерді және барлық қазақ жұртының мұқтаждықтарын талқылаған
съездер өте бастады. Осы жылғы барлық ірі дала жәрмеңкелері қазақтардың
саяси съездерінде қазақтар артынша Жоғары мәртебеліге жолданған
петицияларды талқылап, оларға қолдарын қойды.” Осылайша қазақ даласында
саяси күрес патшаға, орталық билікке петиция жазып тапсыру түрінде көрініс
бере бастады. [14.95б]
Отарлық тәуелділіктегі қазақ елінің мұқтажын білдірген арыз-тілектер
батыста Оралда, орталықта Қарқаралыда, оңтүстік-шығыста Жетісуда, басқаша
айтқанда, кең қазақ даласының барлық аймақтарында жазылды. Жетісу облысы
Лепсі уезінің қазақтары дайындаған петицияға 1000 адам, арнайы делегация
арқылы Петербургтегі үкімет орындарына тапсырылған Орал және Торғай
облыстары қазақтары жазған петицияға 44 адам, ал белгілі Қоянды
жәрмеңкесінде өмірге келген Қарқаралы петициясына 14,5 мың адам қол қойған
еді. [14.96б] Қазақ халқының атынан жазылған петицияларында жерді тартып
алуға, салықтың ауырлығына, төменгі басқару органдары мен патша
чиновниктерінің тарапынан озбырлық, қиянат, қоқан-лоққы жасалуына наразылық
білдірді. Сонымен бірге өздерінің діни істерін Орынбор муфтилігіне қарату,
қазақ арасында оқу-ағарту ісін ретке келтіру және өлкеге земство енгізу
сұралды. [32.89б]
Бұл петициялардың мазмұны жөнінде нақты түсінікті Орал және Торғай
облыстары жолдаған петициямен танысу арқылы алуға болады. Ол қазақ тілінде
жазылып, 1905 жылы Орал қаласындағы К.М.Тухватуллин баспасында жарық
көреді. Екі бөлімнен тұратын бұл құжатта қазақ елінің дін және жер
мәселелеріне байланысты талаптары жан-жақты және дәл баяндалған. Қазақ
жерін талан-таражға салуды тоқтату мәселесін назарынан ешқашан тыс
қалдырмаған Бақытжан Бисәліұлы бұл петицияны дайындауға да ат салысты және
онда жер мәселесіне байланысты мынандай талаптар қойылды:
“1) Қазақ жерінде бұл күнге дейін қала салып алып, бейбіт өмір сүріп
отырған орыстар отыра берсін және олар алған жерге талабымыз жоқ. Бірақ
қалған жеріміз қырғыз-қазақ халқының өз пайдасына мәңгі ұрпақ мұрасы
ретінде ешкімнің ортағынсыз берілсін, сондай-ақ, бұл жерді қырғыз-қазақ
халқы императрица Анна Иоановнаның грамотасына сәйкес ықтиярлы, тығыздық
көрмей пайдалансын;
2) Мұнан былай орыс шаруаларына қазақ жерінен жер берілмесін және қазақ
жерінен қоныс аудару учаскелері ашылмасын ;
3) Далалық Ереженің 119-136, яғни барлық он жеті баптары негізсіз деп
танылып, жойылсын;
4) Қырғыз-қазақ халқының қолына жер мәңгілік өзіңдікі деген құжат
берілсін; [33.50б]
Ресейдегі азаттық қозғалыстың өрлеу барысында қазақ қоғамына да
жеткен үлкен тарихи жаңалықтың бірі -1905 жылы 6 тамызда шыққан манифест
бойынша қазақ еліне де Мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқығының
берілуі еді. 1905 жылдың соңына қарай қазақ интеллигенциясы бірінші
Мемлекеттік Думаға депутаттар сайлау науқанына қызу араласып та кетті. Осы
арада олар сайлау науқаны сияқты күрделі саяси шараға араласа отырып ірі
мәселеге кезікті. Қазақ қоғамында бұл уақытта белгілі бір қоғамдық
айқындамадан үгіт-насихат жұмысын жүргізе алатын саяси ұйымдар жоқ еді.
Міне, осындай жағдайда Думаға даярлық мерзімінің тар қыспағына іліккен
ұлттық интеллигенция тұңғыш рет саяси партия құру әрекетін қолға алды. [14
105б]
1905 жылдың соңына қарай Орал қаласында өткен бес облыстың (Ақмола,
Семей, Торғай, Орал және Жетісу) делегаттық съезі “Қазақ конституциялық-
демократиялық партиясын” құру туралы шешім қабылдады. Оралда шығып тұрған
“Фикер” газеті (редакторы К.М. Тухватуллин) оның 9 адамнан тұрған Орталық
Комитетінің құрамын жариялады. Олар Б.Қаратаев, Т.Бердиев, М.Бақыткереев,
И.Тоқтамбердиев, Х.Досмұхамедов, Н.Айтмұхамедов, М.Мұқанов, Т.Рахымбердиев
және И. Дүйсембин еді. Бұл съезде қазақ кадеттерінің бағдарламасы 1905-1906
жылдары Орал қаласында Камиль Тухватуллиннің “Фикер” (Пікір) атты газетінде
жарық көрген. Онда қазақ жерінің бүтіндей сол елдің меншігі етіп
жариялайтын заң қабылдау қажеттілігі, ішкі Ресейден көшіп келіп қоныстану
толқынын тежеу, қазақ жұмысшыларына еркіндік, теңдік беру, олардың мүддесін
қорғайтын заңдар шығару, қазақ балалары үшін мектеп, медресе,
университеттер ашу, тағы сол сияқты осы жылы түрлі облыстарда жазылған
петицияларда көтерілген түрлі талап-тілектер айтылған. [14.106б].
Думаға дайындық барысында қазақ интеллигенциясының кадеттер партиясы
тұғырнамасына жақын болуының бір себебі - 1905 жылы Ресейдің мұсылман
дініндегі халықтар арасында отарлық езгіге қарсы саяси одақ қалыптасып және
ол діни сипат ала бастайды. 1905-1906 жылдары мұсылмандардың бүкіл ресейлік
үш съезі өтеді. Үкімет орындарының келісім бермеуіне қарамастан,
Петербургте 15-23 қаңтар аралығында өткен екінші бүкіл ресейлік мұсылмандар
съезі “Ресей империясының мұсылмандарын жалпы мемлекеттік мүддеге сай,
сондай-ақ Ресей өмірі мен жағдайында бүгін және болашақта бірігіп қимыл
жасау үшін бір саяси партияға бірігуге үндейтін” жарғы қабылдап,
қаулысында “Мемлекеттік Думаға депутат сайлау мерзіміне дейін тым аз уақыт
қалуына байланысты ішкі губерния мұсылмандарының осы сайлау науқанында
“Конституциялық-демократиялық партиямен” ынтымақтаса әрекет жасауға
шақырған” ұсынысын қуаттайды. Енді ғана күрес жолына түсе бастаған қазақ
ұлт-азаттық қозғалысының басқа халықтармен ынтымақтастықтан бас тартуы,
әрине мүмкін емес еді. Сол кезеңдегі Кадет партиясының мүшесі болған
Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов сияқты қазақ интеллигенттері саяси
күресте діни фактордың маңызын жақсы түсінді. Отаршыл күресте өз
мүмкіншілігін терең ұғынған қазақ зиялылары орыс және басқа халықтардың
демократиялық күштермен бір болу қажеттілігін жақсы түсіне отырып, бұл
шараларға белсенді түрде араласты, сол арқылы қазақ қоғамының негізгі
мәселелерін шешуді мақсат етті. Алайда, қазақ интелигенттерінің 1905-1906
жылдары саяси партия құру әрекеті сәтсіз аяқталады. Тарихшы М.Қойгелдиев
оның екі себебін көрсетеді: “Біріншіден қазақ қоғамында жалпы ұлттық
негізде саяси партияның құрылуына қажет алғышарттар әлі пісіп жетіле қойған
жоқтын. Екіншіден, ұлыдержавалық, шовинисттік бағыт ұстанған кадеттер
партиясының басшылығы үшін Қазақстан сияқты аймақта ұлттық еркіндік пен
теңдікті мұрат тұтқан саяси ұйымның пайда болуы соншалықты тиімді емес-тін.
Сондықтан да олар қазақ кадеттеріне қолдау жасап, ыңғай таныта қоймады.”-
деп көрсетеді. [14.109б]
Міне, осындай даярлықпен қазақ интеллигенциясы Мемлекеттік Думаға
сайлау да келіп жетті. 1906 жылғы 22 ақпанда Николай II “Ақмола, Семей,
Орал және Торғай облыстарында Мемлекеттік Думаға сайлау жағдайын қолдану
ережесі мен оған қосымша енгізулер” деген арнайы жиналыста қаралған заң
жобасын бекітті. Түркістан өлкесіндегі Думаға сайлау Дурнов жобасы бойынша
жүргізілді. Дума заңы бойынша орыс тілін білмейтін адамдар сайлауға
қатыстырылмады. Бұл ереже қазақтарға ауыр тиген болатын.
Қазақ халқынан Думаға сайлау 1906 жылғы 22 ақпандағы заң бойынша
Ақмола, Семей, Орал және Торғай облыстарындағы бұратаналардан Мемлекеттік
Думаға бір-бір мүшеден, ал қалалық жерлерде және отырықшы өмір сүретін
халық арасынан әр облыстан Мемлекеттік Думаға I мүше сайлауға тиіс болды.
Мемлекеттік Думаға сайлау құрылымы бірнеше сатыға бөлінді. Мәселен,
Ақмола, Семей, Орал және Торғай облыстарындағы қазақтарды сайлау үш сатылы,
ал Сырдария облысы қазақтары үшін төрт сатылы болды. Жетісу облысының
тұрғылықты халықтары, соның ішінде ұйғыр, дұнғандар да үш сатылы құрылыммен
сайланатын болды. Сібір, Орал, Жетісу әскери бөлімшелерінің казактарын
Думаға сайлауда көптеген жеңілдіктер жасалды. Олар үшін сайлау екі сатылы
болды. [20.12б]
Сонымен Мемлекеттік Думаға 30 млн мұсылман халқының атынан 14-ақ адам
қатысты. Бұл Мемлекеттік Дума құрамының 3,1% ғана еді. Мемлекеттік Дума
қарсаңында қазақ халқының саны 4 млн 800 мың болды. [21.337б]
Газет беттерінде Думаға сайлау басталғаны жайлы хабарлар жариялана
бастады. Қазақ халқы сайлауға қатысу құқығын 1906 жылдың ақпан айының
соңына қарай алды. Егер сайлау метрополияда үш жетінің ішінде (1906 жылдың
26 наурызынан 20 сәуіріне дейін) аяқталса, бірінші Мемлекеттік Дума
таратылған күні Жетісуда әлі сайлау өтіп те үлгерген жоқ еді. 1906 жылы
Мемлекеттік Дума өз жұмысын бастап кеткенде, Семей облысында болыстар өз
сайлаушыларын (выборщик) енді ғана анықтаған еді. Бұл кезде I Мемлекеттік
Дума өз жұмысын бастап қойған еді.
“Семипалатинский листок”, “Фікір”, “Степной голос” газеттерінде I Дума
жұмысының барысы жайында күнделікті хабарлар басылып жатты. Қазақ
интеллигенциясы Мемлекеттік Думаны жер мәселесін шешетін бірден-бір құрал
деп есептеді. Сондықтан да, Думаға депутат сайлау барысында Дума ісіне
толық араласа алатын, қазақ мұңын үкімет басшыларына жеткізетін адамды
сайлауға тырысты. Ә.Бөкейхановтың сайлауына үлкен үлес қосқан
“Семипалатинский листок” газеті ол жөнінде : “15 маусым күні Семейде...
Семей облысының қырғыз жұртының атынан Мемлекеттік думаға мүше сайлау
болып өтті. Оған бірауыздан Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының қазағы,
орманшы-ғалым, қырғыз Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов сайланды.
Редакция қырғыз халқын нәтижелі сайлау қорытындысымен құттықтайды,
өйткені Бөкейханов арқылы қырғыздар Мемлекеттік Думада өз мүддесі үшін
күресе алатын нағыз күрескерді иемденіп отыр” деп жазды. [14 112б]
Сонымен, бірінші Мемлекеттік Дума жұмысына қазақ елінің атынан үш
депутат қатысты. Олар Орал облысынан-Алпысбай Қалменов, Торғай облысынан-
Ахмет Бірімжанов және Семей облысынан-Әлихан Бөкейханов болатын.
1906 жылы Санкт-Петербургтан шыққан “Ресейдің бірінші Мемлекеттік
Думасы” атты кітапта Думаға қатысқан қазақ депутаттары жайлы жайлы
мәліметтер берді. Осы басылымда Ахмет Бірімжанов, Сәлімгерей Жантөрин,
Дәуіт-Ноян Тұндытовтың, Алпысбай Қалменовтың , Сақыпзада Мақсұтовтың
суреттері беріліп, бірсыпыра мәліметтер келтірілген. Депутат кітапшасында
Шәймерден Қосшығұлов пен Әлихан Бөкейханов сайлау науқанының кеш
жүргізілуіне байланысты кірмей қалған.
I Мемлекеттік Дума жұмысы 1906 жылдың 27 сәуірінде Таврия сарайында
ашылды. Мемлекеттік Дума ашылар қарсаңында Ресей империясының 87 губерниясы
мен облыстарының 82-сіне төтенше әскери жағдай енгізілді. [21.107б]
Қазақ депутаттары А.Бірімжанов және А.Қалменов Петербургке Дума
ашылғаннан кейін бір жарым ай өткен соң, яғни 10-17 маусым аралығында
келіп, Дума жұмысына қатынаса бастағанда аграрлық, азаматтық теңдік туралы
және басқа мәселелер алғашқы талқылаудан өтіп, олар бойынша тиесілі
комиссиялар құрылып қойған болатын. Сондықтан Бірімжанов пен Қалменов ең
әуелі өздері қатынаса алмаған 20-жуық отырыстарының есебімен және соған
дейін жұмыс атқарған комиссиялардың ісімен танысуға кірісті. Ал
Ә.Бөкейханов болса, Дума жабылуға 1-2 күн қалғанда жеткен. Міне, осыған
қарағанда қазақ депутаттарына Дума жұмысына араласуға берілген уақыт тым
өлшеулі еді. Соған қарамастан 2 шілде күнгі Дума отырысында А.Бірімжанов
сөз сөйлеп, қазақ елінің жерге байланысты шешілмей жатқан көп мәселелері
бар екендігін айтып, аграрлық мәселе бойынша құрылған комиссияның қазақ
депутаттарының өкілін енгізуді ұсынады.
Қазақ депутаттары Дума жұмысына мұсылман депутаттары фракциясы
құрамында қатынасты. Бұл фракцияның заң жобасы ретінде дайындаған ең басты
құжаты аграрлық мәселеге байланысты болды. Мұсылмандар фракциясы аграрлық
тұжырымдамасына мұсылмандар партиясының бағдарламасын ала отырып,
біріншіден жерді облыстық меншікке айналдырып, сол арқылы облыс
қарауындағы жерді оның тұрақты жұрты арасында бөлуді, екіншіден, жер үлесі
көлемі оны игеруші егіншілер үшін ғана емес, сондай-ақ малшылар үшін де
өсуін, үшіншіден, жер мәселесі шешілгенде сырттан келіп, қоныс тебу біржола
тоқтатылуын, төртіншіден, жеке мүшелері арасында берілуін талап етті.
Думаның аграрлық комиссиясының назарына ұсынылған бұл құжатпен бір мезгілде
Бірімжанов, Қалменов және басқа депутаттар тиісті үкімет орындарына қоныс
аударушыларды жерге орналастыру комиссияларының қазақ облыстарында жасап
жатқан заңсыз әрекеттері жөнінде сұрау салады.
Айта кетуге лайық елеулі жағдай, бірінші және екінші думалардың
құрамында қазақ елінің жерге байланысты отарлық жағдайын тура және
жанашырлықпен түсінген орыс депутаттары да баршылық еді. Мәселен, бірінші
Дума жұмысы барысында орынборлық депутат Тимофей Иванович Седельников және
басқа Сібірлік депутаттардың ұйымдастыруымен Ақмола, Семей сияқты
облыстардағы жергілікті халықтың жер тапшылығына байланысты ауыр жағдайын
баяндаған 53 депутаттардың қолы қойылған мәлімдеме дума төрағасына
тапсырылды. Мәлімдемеде депутаттар переселен учаскілерін жасаушы
чиновниктердің жергілікті халықтың құқығын аяқасты етіп жататын айта келіп:
“қазақтардың артық-мыс деген жерін мемлекет қажетіне алу үшін жүргізіліп
жатқан жұмыстардың ешқандай да заңдық негізі жоқ”,-деп көрсетеді. [14.114б]
Сонымен, 1906 жылдың 27 сәуірінен 7 шілдеге дейін бар болғаны бір
сессия, 40 отырыс өткізіп, 72 күн жұмыс жасаған I Мемлекеттік Дума 1906
жылы 9 шілдеде үкімет шешімімен таратылады. Нақ сол күннің кешінде Думадағы
оппозизияның 182 өкілі (кадеттер, трудовиктер, меньшевиктер) Финляндияның
Выборг қаласына келіп, әйгілі “Выборг үндеуіне” қол қояды.
Қол қойған депутаттардың арасында 6 мұсылман депутаттары Әлихан Бөкейханов,
Сәлімгерей Жантөрин, Сейітгерей Алкин, Ахмутов, Зиятханов (бір депутаттың
аты-жөні көрсетілмеген) бар еді. Дума депутаты Ахмет Бірімжанов та Выборгқа
баруға вокзалға келген кезде бір себепке килігіп бара алмай қалады. Үкімет
бұл “Воззваниені” заңға қарсы деп тауып, “Выборг үндеуіне” қатысқандардың
үстінен 22 тамызда іс қаралады. [21.111б] Сол үшін Әлихан Бөкейханов келесі
Думаға сайлану құқығынан айырылып қана қойған жоқ, сонымен бірге жауапқа
тартылып, абақтыда отырып шығады.
Сонымен, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында
қалыптасқан қазақ зиялыларының бірі- Бақытжан Қаратаев болды. Оның алғаш
ауыл мектебінен білім алып, 1886-1890 жылдар аралығында Санкт-Петербург
университетінде білім алуы оның саяси көзқарастарының қалыптасуына үлкен
әсерін тигізді. Алайда, 1891жылы патша әкімшілігінің Сенатына қызметке
тағайындалған Б.Қаратаевты патша чиновниктері Санкт-Петербургтан алысырақ
аймаққа - Грузияның Кутаиси қаласына тергеу жүргізу қызметіне ығыстырып
тастауға тырысты. Өйткені, 1891 жылы патша үкіметі қазақ даласын басқарудың
жаңа Далалық Ережесін даярлап жатқан еді, сондықтан да олар үшін әкімшілік
сенатында көзі ашық қазақтың жүргені қауіпті болып көрінді. Жеті жылдай
Қазақстаннан тыс жүрген Бақытжан Қаратаев 1897 жылы өзінің кіндік кескен
Орал топырағына оралып, өз мамандығы бойынша халық құқығын сақтау
мақсатында, адвокат болып орналасады. Патша чиновниктерінің қазақ даласында
жергілікті халыққа қарсы жүргізіліп отырған озбырлық саясатына, адамдық
құқықтарын аяққа таптаған әрекеттеріне қарсы үн көтереді.
Бақытжан Бисәліұлының қазақ халқын, оның жері мен суын, азаматтарының
құқығын қорғауға бағытталған іс-әрекеті, қызметі Бірінші Орыс революциясы
жылдарында ерекше байқалады. Оның Орал және Торғай қазақтарының атынан
жолданған петицияны даярлауға қатысуы, 1905 жылы Орал қаласында өткен бес
облыстың делегаттық сьезінде “Қазақ конституциялық демократиялық партиясын”
құрудағы әрекеті оның қоғам қайраткері ретінде қалыптасқанын көрсетеді.
Ресейдегі азаттық қозғалыстың өрлеу барысында қазақ қоғамына да
жеткен үлкен тарихи жаңалықтың бірі - 1905 жылы 6 тамызда шыққан манифест
бойынша қазақ еліне де Мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқығының
берілуі еді. Қазақ халқынан Думаға сайлау 1906 жылғы 22 ақпандағы заң
бойынша жүргізілді. Бұл заң бойынша ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бақытжан Қаратаевтың қоғамдық - саяси қызметі
Бақытжан Қаратаев және патша үкіметінің жер саясаты
Қоғам қайраткері Міржақып Дулатовтың өмірі мен қызметі
Бақытжан Бисәліұлының кеңестік кезеңдегі қоғамдық - саяси қызметі
М.Әуезовтің Абайтану саласындағы ғылыми еңбегі
Абайтану ғылымы туралы
Мұхтар ӘуезовтIң өмIрбаяны мен ғылыми - творчестволық көзқарасының қалыптасуы
Тарихи тұлғалар және оқиғалар
М.Әуезовтің Абайтануға қосқан үлесі
Ораз Жандосовтың қоғамдық-саяси қызметі
Пәндер