Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы, тарих ғылымдарының докторы



Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 54 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ 903:94(574) 652 Қолжазба
құқығында

БАЙГУНАКОВ ДОСБОЛ СУЛЕЙМЕНОВИЧ

Ежелгі Қазақстан тарихының тарихнамасы
(палеолиттен ерте орта ғасырларға дейін)

07.00.09 – Тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері

Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған
диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым
комитетінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Шығыстық
деректану, Шығыс халықтарының тарихы мен мәдениеті бөлімінде орындалды.

Ғылыми кеңесші: тарих ғылымдарының докторы,
профессор К.Л. Есмағамбетов

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Т.Ә. Төлебаев

тарих ғылымдарының докторы,
профессор Р.Ж. Кадысова

тарих ғылымдарының докторы,
доцент Т.З. Қайыркен

Жетекші ұйым: Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразиялық ұлттық университеті

Диссертация 2010 жылы 10 қыркүйекте сағат 14.30-да Қазақстан
Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р.Б. Сүлейменов
атындағы Шығыстану институтының жанындағы тарих ғылымының докторы дәрежесін
беру жөніндегі Д 55.40.03 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.
Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29.

Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Ғылым Комитетінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми
кітапханасында танысуға болады. Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы,
Құрманғазы көшесі, 29.

Автореферат 2010 жылдың 30 шілдеде таратылды.

Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы,
тарих ғылымдарының докторы
Ә.Қ. Муминов

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс ежелгі
Қазақстан тарихының тарихнамасына арналған. Археологиялық қазба
материалдары мен жазба дереккөздері негізінде тас, палеометалл, ерте темір
дәуірлеріндегі тарихи үрдістерді, оқиғалар мен құбылыстарды зерделеген
еңбектерге тарихнамалық талдау жасалынған.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Кез келген өркениетті ел өз тарихының
тамырын тереңнен іздестіреді. Тарихының бастауын ежелгі дәуірлерден тартқан
мемлекет мызғымас саяси-идеологиялық сана қалыптастыра алатындықтан, онда
ұлттық құндылықтар негізінде қоғамдық келісім және демократиялық өрлеу,
нарық пен ғылым байланыстары дамиды. Сондықтан да ұлттың келешегі мен
болашағы үшін өткенге бет бұру, одан сабақ алудың маңыздылығы ешқашан
төмендеген емес.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қазақ халқының
бұрын ақтаңдақ болып келген тарихы қайта жазылып, сан алуан мәселелер
заман талабына сай өзінің ғылыми бағасын алуда. Әсіресе, Қазақстанның
ортағасырлық, жаңа және қазіргі заман тарихында орын алған көптеген
мәселелер қайтадан қарастырылып, жүздеген іргелі еңбектер жарияланды.
Алайда жекелеген мәдени-тарихи кезеңдердің проблемасын көтерген
археологиялық бағыттағы бірен-саран ізденістерді есептемегенде, әлі күнге
дейін ежелгі Қазақстан тарихын арнайы толымды түрде қарастырған
монографиялық зерттеулер тұрмақ, оқу құралдары, оқулықтар жоқтың қасы
екендігі белгілі. Бұл өз кезегінде шетелдік тарихнамада, анықтамалық
басылымдар мен көптомдық еңбектерде Қазақстанның көне дәуірі туралы тарих
беттерінің толыққанды баяндалмай жатуына алып келуде. Мұндай олқылықтар
орнын толықтыратын тарихнамалық бағыттағы ғылыми ізденістер екендігін
ескерсек, онда осы зерттеу тақырыбының өзектілігі өздігінен-ақ байқалады.
Қазақстанның көне тарихынан орын алған сан қырлы да маңызды құбылыстар
мен оқиғаларды, өзіндік өркениеттер мен мәдениеттер ара-қатынасын, олардың
өзара байланысын білмеу республикамен іргелес жатқан көрші мемлекеттердің
де (РФ, ҚХР, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, тіпті Моңғолия, Шығыс
Еуропа мен Орталық Азия елдері) ілкі замандардағы тарихын танып-білудің
мүмкіндігін шектейді. Себебі Еуразия төскейінде орналасқан Қазақстан аумағы
арқылы ондаған ғасырлар бойы сауда жолдары жүрді, көптеген тайпалар мен
халықтардың тарихи тағдыры тоғысты, республика аумағы әлденеше рет Ұлы
қоныс аудару толқындарын бастан кешірді, миграциялық процестер мен әскери
қақтығыстар алаңына айналды. Мұнымен қатар Қазақстан аумағынан ауа көшкен
халықтардың біраз бөлігі көне дәуірлерде Еуразия саяси-экономикалық
картасын өзгертіп те жібергендігі белгілі.
Соңғы жылдары Қазақстанның ежелгі тарихына кеңінен назар аударыла
бастады. Жазба дереккөздері мен археологиялық материалдар негізінде көне
қоғам өмірінде орын алған түрлі жайттарға, соның ішінде археологиялық
мәдениеттердің қалыптасуы мен дамуына, шаруашылық қаракеттерге, діни
көзқарастар жүйесіне, ежелгі өнер мен мәдениет жәдігерлеріне,
антропологияға, қоғамдық құрылыс, мемлекеттілік пен билікке қатысты мол
мағлұматтар жинақталды. Бұған Мәдени мұра атты Стратегиялық Ұлттық Жоба
оң септігін тигізді. Бағдарлама аясында көне дәуірлердегі тарихи оқиғаларды
баяндаған түрлі тілдердегі (қытай, парсы, грек, т.б.) дереккөздері қайта
басылып шықты, бірқатары қазақ тіліне аударылды, ғылыми айналымға жаңа
деректемелер енгізілді. Әрбір мәдени-тарихи кезеңдердің негізгі
археологиялық ескерткіштері жүйелі түрде зерттелінді. Атқарылған осындай
игі шаралардың, соның негізінде жасалған ғылыми ізденістердің басым бөлігі
жүйелі талдаудан өте қойған жоқ. Яғни ежелгі Қазақстан тарихының
тарихнамасы толық қалыптасқанымен, бұл тақырып арнайы зерттеу нысанына
айналған жоқ.
Жаңадан алынған материалдар мен олжалардың көптігіне қарамастан, көне
дәуірлердегі түрлі тарихи кезеңдер мен құбылыстарды зерттеу әртүрлі
деңгейде. Мұны деректемелік қордың әр алуандығымен де түсіндіруге болады.
Осы кезеңдегі тарихи даму заңдылықтары археологиялық, палеоантропологиялық,
этнологиялық, эпиграфикалық және жазбаша дереккөздері пайдаланғанымен,
кейде барлығын бір ізге түсіріп, іргелі еңбек жазу жасала қоймаған. Сайып
келгенде, Қазақстанның ежелгі тарихы бойынша дереккөздерінің басым бөлігін
археологиялық мәліметтер құрайды. Кейінгі жылдары археологиялық далалық
ізденістер барысында кең байтақ республика жерінен ілкі замандармен
мерзімделінетін жүздеген тұрақтар, петроглифтер шоғыры, қоныстар, қорымдар,
жекелеген обалар мен ғибадатхана орындары анықталған. Далалық қазба
жұмыстарымен айналысқан археологиялық экспедициялардың негізгі нәтижелері
мен қорытындыларын, деректанумен айналысқан ғалымдардың ой-пікірлерін
ғылыми талдаудан өткізу, өзге мамандық иелері алған мағлұматтары саралаумен
қатар, қазақтың көне тарихын көпе-көрнеу бұрмалаған еуроцентристік
пиғылдағы зерттеушілердің еңбектері бар екендігін ұмытпаған жөн. Сол
себепті ежелгі Қазақстан тарихына тарихнамалық талдау жасаудың қажеттілігі
күн өткен сайын артып келеді.
Зерттеу тақырыбының өзектілігін бұрын осы тақырыпқа бірде-бір ғылыми
ізденістің арналмағандығынан нақты көруге болады. Жекелеген ғалымдардың
ізденістерінде белгілі бір өңірдегі немесе мәдени-тарихи кезеңдегі тарихи
даму көтерілгенімен, мұндай зерттеу жұмыстарының барлығын тарихи тұтастықта
біріктіріп, соны пайымдаулар мен тұжырымдамаларды саралау, алынған
нәтижелер мен түйіні түйіткілді мәселелерді шешудің негізгі бағыттарын
айқындау жүзеге аса қоймаған. Әлі күнге дейін ғылыми әдебиетте ежелгі
Қазақстан тарихының мәселелеріне қалам тартқан отандық және шетелдік
зерттеушілердің түрлі ұстанымдарын кешенді түрде қарастырған еңбектер жоқ.
Ежелгі Қазақстан тарихының тарихнамасы біртұтас қарастырылғанда барып
ортағасырлық кезеңдегі тарихи заңдылықтар мен күрделі үрдістерді ашып
көрсету аясы біршама жеңілдейді. Өйткені бұл уақытта орын алған саяси,
әлеуметтік және экономикалық құбылыстар көп жағдайда алдыңғы дәуірмен
жалғасып жатқандығы белгілі. Ал оларды дұрыс шешу үшін ежелгі замандардағы
жайттарды қарастырған абзал.
Жалпы алғанда, ежелгі Қазақстан тарихының тарихнамасы ғылыми жағынан
өте маңызды, бүгінгі күн талаптары жағынан өзекті тақырыптар қатарына
жататындығы анық.
Ежелгі Қазақстан тарихының проблемаларын, олардың сипаты мен мазмұнын
зерделеген ғалымдардың еңбектері зерттеу жұмысының нысаны болып саналады.
Зерттеу жұмысының пәніне патшалық Ресей тұсындағы, кеңестік дәуірдегі
және тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан көне дәуірлері тарихындағы
үрдістердің зерттелу деңгейін анықтауға, ақтаңдақ тұстарын айқындауға
мүмкіндік беретін отандық және шетелдік әдебиетте айтылған ой-пікірлер,
ғылыми ұстанымдар, пайымдаулар мен көзқарастар жатады.
Зерттеу жұмысының мақсаты – ежелгі Қазақстан тарихын зерделеген
еңбектерге тарихнамалық талдау жүргізіп, алынған нәтижелері мен ғылыми
жетістіктерін саралау болып табылады.
Осы мақсатқа жету үшін зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер
қойылды:
1) көне дәуірлерге қатысты теориялық, методологиялық мәселелерді
қарастыру;
2) ежелгі Қазақстан тарихын зерттеуге өзіндік үлесін қосқан
археологиялық экспедициялар тарихын бір ізге түсіру арқылы қорытындылары
мен негізгі нәтижелерін айқындау;
3) жекелеген ғалымдардың белгілі бір мәселеге қатысты айтылған
пайымдауларын, тұжырымдамаларын анықтау;
4) жазба дереккөздерінің шынайылық дәрежесін анықтай отырып қазақ
халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты мәтіндер іздестіру;
5) Мәдени мұра Стратегиялық Ұлттық Жобасы бойынша зерттелініп жатқан
археологиялық ескерткіштер мен жазба дереккөздеріне қатысты ізденістерді
саралау;
6) көне дәуірлерге жататын археологиялық ескерткіштердің
кезеңдестірілуіне, хронологиясына тарихнамалық талдау жүргізу;
7) әрбір мәдени-тарихи кезеңде тіршілік еткен халықтардың расалық
типтерін анықтаған палеоантропологиялық ізденістердің негізгі тұжырымдарын
бір ізге түсіру;
8) ілкі замандардағы діни сананы жүйелеп, наным-сенімдердің дамуына
тарихнамалық шолу жасау;
9) ерте замандардағы қоғамдық құрылысқа, мемлекеттілік пен билікке
қатысты айтылған ой-пікірлер аясын бағамдау арқылы осы мәселелердің отандық
тарихнамада негізгі түйіні қандай дәрежеде екендігін көрсетіп беру;
10) ерте темір дәуіріндегі этнонимдерге тарихнамалық талдау жүргізу;
11) көне мемлекеттердің астаналарына және тайпалар мен халықтардың
орналасқан аумағын қатысты айтылған көзқарастарды тарихнамалық тұрғыдан
зерделеу.
Зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негіздері.
Диссертациялық жұмыстың теориялық негізіне зерттеу мақсаты мен
міндеттерінен туындайтын, көтерілген мәселелерге оң бағдар беретін ғылыми
бағыттағы көзқарастар алынды. Теорияда тарихты зерттеудің жалпы мәселелері
шынайылық пен таным тарихы ретінде қарастырылатындығы, сондай-ақ тарихшының
теориялық ұстанымы көп жағдайда оның таңдауына немесе дербес шығармашылық
ізденісіне байланысты екендігі белгілі. Қазіргі таңда методология
түсінігі тарихи танымның біртұтас теориялық негіздерін, оның теориялық
сипаттағы проблематикасын да қамтитындығы айтыла бастады. Кезінде тарихи
танымның дамуы оның методологиялық негіздерінің де дамуына жол ашқан еді.
Бүгінгі күні белгілі болып отырған бір нәрсе – тарих ғылымында
методологияның ешқандай да жалғыз нұсқасы жоқ, оның қалыпты жағдайының
өзгеруіне байланысты, методологиялық ұстанымдары да өзгеріп отырады.
Диссертациялық жұмыста жан-жақтылық, нақтылық және объективтілік
принциптері басшылыққа алынды. Алайда әрбір тарихи тақырыпқа қойылатын
нақтылы талаптар бар екендігін ескерсек, онда зерттеу жұмысында көтерілген
алуан түрлі тақырыптарға да белгілі бір ғылыми принциптер мен әдістердің
таңдап алынуы заңды құбылыс ретінде қабылданды. Ең алдымен олардың арасынан
тарихи таным құрылымында зор мәні бар тарихилық принципін атап кетуге
болады. Ол тарихи танымның түпкілікті ерекшеліктерін айғақтайтын, қоғамдық
ортада құбылыстың сипаты мен өзіндік өзгешелігі туралы түсініктерді
түйіндейтіндіктен, диссертациялық ізденісте кеңінен қолданылды.
Жұмыста тарихи зерттеу әдістерінің молынан қолданылуын, тақырып
күрделілігі мен оның хронологиясының ауқымдылығы айқындайды. Сипаттау әдісі
негізінде азды-кемді археологиялық ескерткіштердің зерттелуі жеке
авторлардың өмірбаяндық, дүниетанымдық материалдарымен ұштастырылып, бір
жүйеге келтіру мақсатында ішінара қолданылып отырды. Ал, мүмкіндігі мен
қолдану қажеттілігі таным нысанының сипатына тікелей қатысты болып келетін
салыстырмалы-тарихи әдіс, танымдық шеңберінің ауқымдылығына байланысты,
диссертациялық жұмысымызда кеңінен қолданылды. Оның аналогия жасау, зерттеу
нысанының мәні мен мазмұнының сипатын анықтау, типология тәсілдері секілді
сатылары да қамтылды. Жекелеген құбылыстар ғана емес, бүтін бір тарихи
дәуірлерді зерттеуде ретроспективті әдістің маңызы зор болғандықтан бұл
әдіс те назардан тыс қалған жоқ. Терминологиялық талдау әдісі темір
дәуіріндегі этнонимдерге тарихнамалық талдау жүргізу барысында қолданылып
отырды. Оның топонимикалық және антропонимикалық талдау секілді құрамдас
бөліктері назарға алынды. Сондай-ақ тарихи құбылыстарға өлшем мен модельдеу
әдісі де еске алынды.
Түйіндеп айтқанда, жұмыста тарихи зерттеудің кеңінен танылған ғылыми
әдістері мен талдау тәсілдері, соның ішінде тарихилық, құрылымдық-
функциялық талдау, салыстырмалы талдау, жүйелілік, т.б. басшылыққа алынды.
Әсіресе, бұлардың арасынан жүйелілік зерттеудің методологиялық негізгі
принциптерінің бірі ретінде қарастырылды, себебі бірнеше дәуірлерді
қамтыған мәселелер (діни наным-сенім, антропология, қоғамдық құрылыс, т.б.)
көтерілген кезде осы принцип, сонымен қатар археологиялық ескерткіштердің
зерттелуі мен жазба дереккөздерінің пайымдалуын сипаттауда, отандық
ғылымның жетістіктері мен олқы тұстарын анықтауда тақырыптық-хронологиялық
принциптер кеңінен қолданылды деуге болады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі мәдени-тарихи кезеңдердің зерттелуімен
тікелей байланысты. Бастапқы кезде ежелгі Қазақстанның көне тарихы мен
мәдениетін зерттеу патшалық Ресей тұсында басталды. Жекелеген ғалымдар мен
орыс шенеуніктері, Орынбор мұрағаттық комиссиясы, Түркістан археология
әуесқойлары үйірмесі, т.б. қоғамдық ғылыми-зерттеу бірлестіктерінің
мүшелері ежелгі тарихқа азды-кемді ден қойды. Осы кездері жазба
дереккөздері де қарастырылды. Одан кейін кеңестік дәуірде бұрынғы деректік
қор одан сайын толыға түсті, іргелі археологиялық экспедициялар құрылды,
антикалық дәуірдегі деректемелер жүйелі түрде қарастырыла бастады.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін республика аумағында отандық
зерттеушілермен бірге шетелдік әріптестер де ғылыми жұмыстармен айналыса
бастады, халықаралық археологиялық экспедициялар жасақталып, сан алуан
дереккөздері ғылыми айналымға енді. Нәтижесінде ежелгі Қазақстан тарихын
тарихнамасын түзуге мол мүмкіндіктер ашылды.
Қазақстан тарихы палеолит дәуірінен басталады десек, онда мәселенің
зерттелу тарихын да осы дәуір ғылыми мәселелерімен айналысқан мамандарға
тиесілі іргелі еңбектерден бастаған дұрыс. Бұл жерде Х.А. Алпысбаев пен
А.Г. Медоев сынды ғалымдарды ерекше атап кеткен жөн. Бұл ғалымдардың
ізденістерінен қазақстандық палеолиттану негізі қаланған еді. Палеолит
дәуіріндегі мәселелерді шешуге қомақты үлесін қосқан ғалымдардың бірі Ж.Қ.
Таймағамбетов [1] болып табылады. Оның ізденістерінде палеолит дәуірінің
зерттелуі, жекелеген ескерткіштердің материалдары, адамзат дамуының күрделі
сауалдары қарастырылды. Сонымен қатар О.А. Артюхова еңбегінде мустье, Ж.Қ.
Таймағамбетов пен Д.В. Ожерельев ғылыми ізденісінде кейінгі палеолит
мәселелері арнайы көтерілді. Сондай-ақ М.Н. Клапчук, Б.Ж. Аубекеров, В.С.
Волошин, М.Р. Касымов, Л.Б. Вишняцкий, т.б. мамандардың еңбектерінде
республика аумағындағы палеолиттік ескерткіштердің бірқатар проблемалары
қарастырылған болатын. Тас дәуіріндегі зерттеулерге тәуелсіздік жылдарында
жаңа қарқын берген академик А.П. Деревянко бастаған ресейлік ғалымдардың
(В.Т. Петрин, А.Н. Зенин, А.Г. Рыбалко, А.А. Цыбанков, т.б.) еңбектері
болып табылады. Қазба жұмыстарының барысында жүзден астам тас дәуірі
ескерткіштері анықталған. Алынған материалдар нәтижесінде Қазақстанды
адамзаттың қоныстануы, тас құралдар эволюциясы, палеоэкология, т.б. күрделі
мәселелерді шешуде оң қадамдар жасалынды.
Мезолит пен неолит дәуірлері де ғалымдар тарапынан зерттелінді. Осы
жерде С.С. Черников, Л.А. Чалая секілді одақтық экспедицияларды басқарып,
республика шығыс және солтүстік өңірлерінде зерттеу жүргізген ғалымдардың
еңбектері зор екендігін айта кеткен абзал. Алайда неолитке қарағанда
мезолиттік ескерткіштерді зерттеу кемшін тартып жатыр. Мұны дәуірдің
өзіндік ерекшеліктерімен түсіндіруге жөн. Осы мәдени-тарихи кезеңдердің
көптеген нысандарына Қазақстандық ғалымдардан В.Ф. Зайберт, В.Н. Логвин,
Ғ.Т. Бексеитов, Ғ.Т. Искаков, В.К. Мерц, т.б. зерттеу жүргізген. Бұл
зерттеушілердің еңбектерінде белгілі бір аумақтардың тас дәуірі
ескерткіштері қарастырылып, тарихи дамуы анықталды. Олардан басқа тас
дәуірінің мәселелеріне бірқатар мамандар (А.Ю. Чиндин, А.Е. Астафьев, Е.В.
Подзюбан, А.В. Логвин, т.б.) жекелеген еңбектер арнаған. Басқа дәуірлерге
қарағанда археологтар тарапынан тас дәуіріндегі ескерткіштердің зерттелу
тарихы мен негізгі мәселелері толымды түрде зерделенген [2].
Жоғарыда аталған мамандардың көпшілігі энеолит дәуірлерін де зерттеуге
мол үлестерін қосқан, салихалы қорытындылар жасай білген. Мұны отандық
археология тарихнамасында энеолит дәуірі тас дәуірі ескерткіштерімен бірге
жиі қарастырылатындығымен де түсіндіруге болады. Энеолит те мезолит секілді
археологиялық нысандары аз зерттелген дәуір болып табылады. Басқа өңірлерге
қарағанда солтүстік аймақтардан энеолит ескерткіштері толымды түрде
қарастырылып, бірқатар археологиялық мәдениеттері анықталған. Дәуір
ескерткіштерінің өзіндік ерекшеліктерін В.Н. Логвин, С.С. Қалиева, сондай-
ақ В.Ф. Зайберт [3] көрсетіп берген, мәдени дамуын айқындаған. Ал С.В.
Захаров сынды зерттеуші энеолит дәуірі ескерткіштерінің зерттелу тарихын
жүйелеп шыққан. Энеолит және одан басқа да тарихи дәуірлердің бірқатар
мәселелері кейбір ғалымдардың (В.И. Заитов, В.К. Мосин, т.б.) еңбектерінде
де қарастырылған.
Қазақстанда кеңінен зерттелінген ірі мәдени-тарихи кезеңдердің бірі
қола дәуірі болып табылады. Ұзақ жылдар бойы жүйелі зерттеулер нәтижесінде
көптеген археологиялық мәдениеттер анықталып, ғылыми айналымға жүздеген
қоныстар мен қорымдардың материалдары енген. Дәуірді зерттеу тарихын өткен
ғасырдың алғашқы жартысында-ақ археологиялық экспедициялар жасақтап, ұзақ
жылдар бойы жүйелі жұмыстар жүргізген С.С. Черников, А.Н. Бернштам секілді
ғалымдардың еңбектерінен бастаса да болады. Осы уақыттарда зерттеу
жұмыстарын жүргізген М.П. Грязнов, П.С. Рыков, М.Н. Комарова, К.В.
Сальников, т.б. еңбектерінің ғылыми мәні зор екендігін атап кетуге болады.
Аты аталған ғалымдардың ізденістері Қазақстан аумағы қола дәуірі
мәдениеттері таралған ірі мәдени ошақ екендігі дәлелдеген еді.
Қола дәуірі ескерткіштерін зерттеумен екінші дүниежүзілік соғыстан соң
отандық зерттеушілер де кеңінен айналыса бастады. Орталық Қазақстанда
жүргізілген бірнеше жылдық археологиялық ізденістер кейіннен Ә.Х. Марғұлан,
К.А. Ақышев, М.Қ. Қадырбаев, Ә.М. Оразбаев сынды ғалымдардың бірлескен
іргелі жұмысында көрініс тапты [4]. Қола дәуірінің бірқатар проблемаларын
Ә.Х. Марғұлан [5], К.А. Ақышев, Ә.М. Оразбаев, т.б. өз еңбектерінде қамтып
өтіп, мәдени даму аясын белгілеп берді. Қазақстандық және одақтас
республикалардың ғалымдары (С.П. Толстов, Е.И. Агеева, А.Г. Максимова, Ф.Х.
Арсланова, Т.М. Потемкина, Г.Б. Зданович, С.Я. Зданович, Е.Е. Кузьмина,
В.В. Евдокимов, А.С. Ермолаева, В.В. Варфоломеев, т.б.) тарапынан далалық
ізденістер барысында алынған дәуірдің бірқатар тұрақтарының материалдары
жарияланды. М.Қ. Қадырбаев пен Ж.Қ. Құрманқұлов секілді ғалымдардың
монографиясында Бетпақдала өңіріндегі қола дәуіріне жататын нысандардан
алынған ақпараттық материалдар жайында әңгіме қозғалған еді [6].
Археологтар В.В. Варфоломеев, К.М. Қарабаспақова, Н.А. Ткачева, Э.Р.
Усманова секілді зерттеушілер еңбектерінде белгілі бір мәдени-тарихи
өңірлердің қола дәуірі ескерткіштері қарастырылды. Археологиялық
материалдар бойынша қола дәуіріндегі діни наным-сенімдер И.А. Кукушкин,
баспаналар мен үй құрылысының жай-күйі Ю.А. Лысенко, тау-кен ісі С.
Жауымбаев ізденістеріне арқау болды. Басқа да зерттеушілер (С.А. Агапов,
В.Г. Ломан, А.В. Рогожинский, А.А. Ткачев, А.Н. Марьяшев, Ю.А. Мотов, А.
Горячев, т.б.) еңбектерінде белгілі бір археологиялық кешендер жайында
толымды ақпараттар беріліп отырды. Сондай-ақ В.В. Ткачев, В.В. Евдокимов,
Е.Е. Кузьмина, М.А. Итина, Л.Т. Яблонский еңбектерінде, сонымен қатар А.З.
Бейсенов пен В.В. Варфоломеев [7] монографияларында белгілі бір өңірлердегі
қола дәуірі мәдениеттері жөніндегі пікірлер ғылыми талдаудан өткен.
Есімдері аталған ғалымдардың зерттеулері қола дәуірінің тарихи дамуын әр
қырынан көрсетіп берді, бірқатар мәдени-тарихи өңірлерде оның даму
ерекшеліктері мен ортақ заңдылықтарын айқындады.
Ерте темір дәуіріндегі тарихи мәселелерді де жоғарыда есімдері аталған
археолог-ғалымдардың біразы ғылыми еңбектерінде көтерген. Мәселен, К.А.
Ақышев пен Г.А. Кушаев [8], З.С. Самашев, Ә.Т. Төлеубаев, Г.С. Жұмабекова
[9], М.К. Хабдулина [10], А.М. Досымбаева [11], сондай-ақ А.Н. Подушкин,
А.З. Бейсенов, Ә.К. Ақышев, Г.С. Жұмабекова, Ғ.А. Базарбаева, т.б. ерте
темір дәуіріндегі тайпалардың жерлеу ескерткіштері, қоғамдық құрылысы,
тарихы мен мәдениеті туралы проблемаларды қаузады. Жекелеген зерттеушілер
(Ж. Құрманқұлов, Ғ. Омаров, Ж. Жетібаев, А. Бейсембаев, А. Оңғар, Ұ.
Үмітқалиев, т.б.) де өз еңбектерінде ерте темір дәуіріне жататын
археологиялық нысандардың материалдарын жарыққа шығарып келеді. Сайып
келгенде, отандық тарихнамада археологиялық зерттеулердің нәтижесінде
бірнеше мәдени-тарихи қауымдастық пен археологиялық мәдениеттер анықталды,
ғылыми айналымға енген материалдар негізінде қоғамдық даму, діни-
мифологиялық көзқарастар жүйесі, жерлеу ғұрпындағы өзгешеліктер, тұрмыстық-
шаруашылық бұйымдар эволюциясы анықталды. Бұл жерде жартас суреттерін
тарихи дереккөзі ретінде саралап шыққан З.С. Самашев зерттеуін [12] ерекше
атап кетуге болады. Ол Республика аумағынан табылған тасқа шекілген
суреттердің мән-мағынасын, архетиптерін анықтап, оларды талдау негізінде
хронологиясы мен этномәдени атрибуциясын, семантикалық интерпретациясын
жасап шықты.
Археологиялық материалдар негізінде алынған палеоантропологиялық
деректік қорды зерттеген ғалымдардың ғылыми ізденістері де ежелгі Қазақстан
тарихы тарихнамасында маңызды орын алады. Олардың арасынан әрбір мәдени-
тарихи дәуір материалдарын зерттеумен шұғылданған академик О. Ысмағұловты
және т.б. кеңестік, ресейлік мамандарды (Г.Ф. Дебец, В.В. Гинзбург, Т.А.
Трофимова, т.б.) атап кетуге болады.
Ежелгі Қазақстан тарихына қатысты жазба дереккөздері ғылыми талдаудан
өткендігі отандық тарихнамада кеңінен белгілі. Бастапқыда бұл проблемамен
патшалық Ресей тұсында көптеген авторлар (А.Н. Аристов, В.В. Григорьев,
т.б.) айналысқан. Шетелдік ғалымдар да аталған мәселемен шұғылданып,
салихалы қорытындылар жасаған болатын. Олардың ізденістерін зерттеген
мамандардың бірі К.Л. Есмағамбетов [13] шетелдік тарихнамада Қазақстан
тарихының сан алуан проблемаларына қатысты айтылған тұжырымдар мен
пайымдауларды зерделеген. М.Т. Лаумулин, Т.К. Бейсембиев еңбектерінде
библиографиялық әдіс негізінде ежелгі авторлардың ой-пікірлері жүйеленген.
Ерте темір дәуірінде тарихтың қалтарысты тұстары шығыстанушы Ю.А. Зуевтың
іргелі еңбегінде кеңінен саралаудан өткен [14]. Бұл дәуірде тіршілік еткен
халықтардың қытай тіліндегі баяны О. Мұхтархан, қаңлылар тарихи шежіресі Ә.
Қайдар сынды мамандардың ізденістерінде талданған. Сондай-ақ көне
замандардағы бірқатар шежірелер жеке жинақ болып басылып шыққандығы баршаға
аян. Мұндай бағыттағы ізденістер бастапқыда патшалық Ресей тарихнамасында
(Н.Я. Бичурин) көтерілсе, кеңестік дәуірде бірқатар мамандар тарапынан
(Н.В. Кюнер, Л.А. Боровкова, т.б.) өз жалғасын тапқандығы белгілі.
Қазақстандық зерттеушілер (Б. Еженханұлы, Н. Мұқаметханұлы, С. Сұңғатай, Ә.
Дәулетхан, т.б.) тарапынан көне дереккөздеріне ден қойылып келеді. Әсіресе,
антикалық және византиялық дереккөздері А.Н. Гаркавец құрастырған жинақта
толымды түрде қамтылды, құрастырушы әрбір автордың өмірбаянына тоқтап,
жазба мәтіндеріндегі бірқатар мәселелерге түсініктеме беріп кетті [15].
Жазба дереккөздерін ғылыми саралаудан өткізген мамандардың еңбектері
бойынша бүгінгі таңда ерте темір дәуірінде тіршілік еткен түрлі этностардың
саяси тарихы, этникалық мәселелері, қоғамдық қатынастары, миграциялық
үрдістері, мемлекеттілігі, т.б. түйіні түйіткілді сауалдары нақтыланған.
Бұл мәселелердің кейбірі Қазақ мемлекеттілігінің тарихы (ежелгі дәуір мен
орта ғасырлар) секілді іргелі жинақта да көтерілді. Онда мамандар (Б.Е.
Көмеков, З. Қинаятұлы, А.И. Исин, Н. Мұқаметханұлы, т.б.) жазбаша
дереккөздері арқылы ежелгі және орта ғасырлардағы мемлекеттіліктің тарихи
дәстүрін саралаған [16].
Ежелгі Қазақстан тарихы археологиялық бағыттағы оқулықтарда, көптомдық
ұжымдық еңбектерде сипатталған, деректемелік жинақтарда көрініс тапқан [17;
18]. Алайда бұл мәдени-тарихи кезең мәселелері тарихнамалық тұрғыдан арнайы
қарастырылмағандығын тақырыптың зерттелу деңгейі өздігінен-ақ аңғартады.
Зерттеу жұмысының деректік негіздері. Көне тарихтың мәселелеріне
арналған отандық және шетелдік зерттеушілердің теориялық-концептуалдық
көзқарастары көрініс тапқан мақала, монография, рецензия, шолу және басқа
да ғылыми шығармалардың формалары жұмыстың деректік негізін құрайды. Ежелгі
Қазақстан тарихы басқа дәуірлерге қарағанда, негізінен, археологиялық
материалдар бойынша ғана толымды түрде өрбітіліп келеді. Сол себепті де
зерттеудің деректік негізін ең алдымен археологиялық дереккөздерін талдаған
зерттеушілердің еңбектері, содан кейін барып көне жазба деректері бойынша
ой толғамдарын жасаған ғалымдардың ізденістері құрайды.
Басты дерек негізін Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты
мұрағатының қорлары және ғылыми басылымдарда жарияланған бірқатар
археологиялық экспедициялар мүшелерінің еңбектері құрайтындығын айта кету
керек. Осы орайда өткен ғасырдың алғашқы жартысынан бастап Қазақстан
аумағында далалық ізденістер жүргізген археологиялық экспедицияларды атап
кетуге болады: Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (С.С. Черников);
Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы, Жетісу археологиялық
экспедициясы (А.Н. Бернштам, Е.И. Агеева); Орталық Қазақстан археологиялық
экспедициясы (әр жылдардағы жетекшілері Ә.Х. Марғұлан, М.Қ. Қадырбаев, Ж.Қ.
Құрманқұлов, т.б.); Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (С.П.
Толстов, т.б.); Қаратау палеолит отряды (Х.А. Алпысбаев); Солтүстік
Қазақстан археологиялық экспедициясы (Г.Б. Зданович, В.Ф. Зайберт);
геологтар А.Г. Медоев, М.Н. Клапчук, Б.Ж. Аубекеров қатысқан экспедициялар
(Солтүстік Балқаш геологиялық; Шу-Іле геологиялық-геоморфологиялық; Орталық
Қазақстан геология басқармасының Сокур отряды, т.б.); Солтүстік Қазақстан,
Жетісу және Іле археологиялық экспедициялары (К.А. Ақышев); Отырар
арехологиялық экспедициясы, Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық
экспедициясы (К.А. Ақышев, К.М. Байпақов); Петропавл және Орал-Қазақстан
археологиялық экспедициялары (Г.Б. Зданович, т.б.); Шардара археологиялық
экспедициясы (А.Г. Максимова); Қостанай және Торғай археологиялық
экспедициялары (В.Н. Логвин, т.б.); Шүлбі археологиялық экспедициясы (А.Г.
Максимова, С.М. Ақынжанов, т.б.); Батыс Қазақстан археологиялық
экспедициясы (З.С. Самашев); Целиноград археологиялық экспедициясы (В.С.
Волошин); Павлодар археологиялық экспедициясы (В.К. Мерц), т.б. Сондай-ақ
республика аумағындағы Алматы, Шымкент, Қарағанды, Орал, Өскемен, Қостанай,
Ақтөбе, т.б. қалаларда орналасқан педагогикалық институттар,
университеттер, облыстық музейлер жасақтаған археологиялық экспедициялар
(А.Г. Кушаев, Ә.М. Оразбаев, В.В. Евдокимов, А.Н. Подушкин, И.И. Копылов,
А.Н. Марьяшев, Ф.Х. Арсланова, З.С. Самашев, Ә.Т. Төлеубаев, т.б.)
жетекшілері мен мүшелері жариялаған материалдар да зерттеу жұмысының
деректік негізін құрайды. Қазақстан аумағында кеңестік дәуірде зерттеу
жүргізген Астрахань (А.Н. Мелентьев), Еділ-Жайық (Л.Л. Галкин), Хакас, т.б.
экспедициялардың да материалдары біз үшін маңызды. Тәуелсіздік жылдарында
да Қазақстан археологиясын әлемге таныта түскен бірқатар экспедициялардың
жарияланған материалдары да зерттеу жұмысының деректік негізін құрап отыр.
Олардың арасынан Есіл археологиялық экспедициясы (К.А. Ақышев), Берел
археологиялық экспедициясы (З.С. Самашев), Шілікті археологиялық
экспедициясы (Ә.Т. Төлеубаев), Орал кешенді археологиялық экспедициясы
(К.М. Байпақов), Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы (Ж.Қ. Құрманқұлов),
Сарыарқа археологиялық экспедициясы (А.З. Бейсенов), сондай-ақ облыстар
бойынша құрылған Тарих және мәдениет ескерткіштер жинағының
экспедицияларын, т.б. атап кетуге болады. Сонымен қатар соңғы жылдары
нәтижелі жұмыс істеген халықаралық археологиялық экспедициялар (қазақ-
итальян, қазақ-француз, Қазақстан-Ресей, т.б.) мүшелері жарыққа шығарған
мағлұматтар да осы зерттеу жұмысының деректік негізін құраған. Мұны
кеңестік және ресейлік тарихнамада ежелгі Қазақстан тарихының белгілі бір
мәселелеріне қалам тартқан ғалымдардың (К.В. Смирнов, Г.Ф. Коробкова, Н.А.
Аванесова, В.А. Алекшин, Е.Е. Кузьмина, А.М. Хазанов, С.Ю. Гуцалов, А.А.
Ткачев, В.К. Мосин, т.б.) іргелі ізденістері толықтыра түседі.
Жазба дереккөздерін зерделеген мамандардың (Ю.А. Зуев, И.В. Пьянков, Су
Бихай, Н. Мұқаметханұлы, Ә. Дәулетхан, С. Сұңғатай, Б. Еженханұлы, т.б.)
еңбектері де диссертациялық зерттеу жұмысының деректік негізін құрайды. Бұл
жерде, дереккөздерін тіліне байланысты оларды көне грек, латын, қытай,
парсы және армян деп бөлуге болады. Олардан алынған мағлұматтар белгілі бір
мәселелерді анықтау үшін кеңінен қолданылды. Нәтижесінде түйіні түйіткілді
жайттарды шешуге ат салысқан мамандардың ізденістері, әсіресе, ерте темір
дәуіріндегі қордаланған мәселелерді шешуге кеңінен жол ашты.
Зерттеу жұмысының деректік негізін айқындайтын ескерткіштердің зерттелу
тарихы мен ғалымдардың ой-пікірлері негізгі бөлімде арнайы қарастырылған.
Ол зерттеу ісінің даму көкжиектерін нақтылау, өткенді екшеу, болашақ
ізденістерге жол ашу міндеттерінен туындаған болатын.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар. Диссертациялық зерттеудің алдына қойған
мақсат, міндеттерді жүзеге асырудың нәтижесінде қорғауға мынадай негізгі
тұжырымдар ұсынылып отыр:
1. Көне дәуірлер тарихы мен мәдениетіне қатысты зерттеулер жүргізген
ғалымдар арасында кейбір жекелеген мәселелер туралы бірнеше көзқарастардың
орын алуы, көп жағдайда мәселенің теориялық-методологиялық қырларының
қарастырылмай жатуынан туындайды.
2. Ежелгі Қазақстан тарихын зерттеуге патшалық Ресей тұсында, кеңестік
дәуірде және тәуелсіздік жылдарында археологиялық экспедициялар мол үлесін
қоса білді. Нәтижесінде Қазақстан аумағынан әрбір мәдени-тарихи кезеңнің
бірнеше археологиялық мәдениеттері анықталған, жүздеген нысандары
зерттелген, қазіргі таңда бұл материалдарға сүйеніп, ілкідегі тарихи
дамудың негізгі бағыттары анықталып отыр.
3. Сан алуан проблемаларды қарастырған ғалымдардың белгілі бір мәселеге
қатысты айтылған ой-толғамдары тарихнамалық талдаудан өтуге лайық. Себебі
олар деректанулық базаны, пайдаланылған археологиялық деректемелер сипатын,
археологиялық фактілерді зерттеудің нақты әдістерін көрсетіп, шешілмеген
мәселелер аясын аша алады.
4. Жазба дереккөздерінің шынайылық дәрежесін анықтау күрделі
мәселелердің бірі болғанымен, кейбір проблемаларды айқындауда, соның ішінде
қазақ халқының автохтонды екендігін көрсетуде олардың маңызы зор. Жазба
дереккөздері қазақ халқында кеңінен таралған аңыз-әңгімелері кем дегенде
ерте темір дәуірінен бастау алатындығын аңғартып отыр. Қазақ халқына тән
заттай мәдениеттің де қайнар-бастаулары көне замандардан басталатындығын
археологиялық мәліметтер де растайды.
5. Соңғы жылдары ғылыми көпшілік тарапынан Мәдени мұра Стратегиялық
Ұлттық Жобасы негізінде зерттелініп жатқан ізденістердің қорытындылары мен
нәтижелері қандай екендігін көрсету қажет екендігі белгілі. Атқарылған
жұмыстар аясы көне Қазақстан тарихын да зерделеуге қомақты үлесін қосты,
алынған бірегей материалдар бағдарламаның өміршең екендігін, оның өскелең
ұрпақты өткенді қастерлеуге жұмылдыратындығын көрсетті.
6. Далалық ізденістер барысында анықталған көне дәуірлерге жататын
археологиялық ескерткіштердің кезеңдестірілуі, хронологиясы әрбір мәдени-
тарихи кезеңнің зерттелуін, тарихи дамуын және қол жеткізілген табыстарын
тұжырымдауға мүмкіндік береді. Алынған нәтижелер ежелгі Қазақстан тарихы
әлемдік тарихнаманың құрамдас бөлігі екендігін және де оның өзіндік
даралығын да айғақтайды.
7. Ежелгі замандарда өмір сүрген халықтардың расалық типтерін анықтаған
палеоантропологиялық ізденістер әуел баста Қазақстан аумағында еуропоидтық,
кейіннен моңғолоидтық типтер араласуы нәтижесінде тұрандық расаның
қазақстандық нұсқасы қалыптасқандығын мәлімдейді, алайда алынған мәліметтер
барлық аудандарда мұның шартты түрде берілгендігін көрсетіп отыр, келешекте
әрбір мәдени-тарихи өңірлерде арнайы ізденістер жүргізілуі тиіс.
8. Ілкі замандардағы діни сана, наным-сенімдер әрбір дәуірдегі тарихи
дамуға байланысты өзгеріп отырды. Оған қоғамдық сана, шаруашылық
қаракеттер, табиғи орта өзіндік әсерін тигізді, сонда да болса сан ғасырлар
бойы ата-баба аруағына табыну секілді сенімдер, қола және ерте темір
дәуірлеріндегі діни көзқарастар жүйесінің сарқыншақтары сақталынып келеді.
9. Көне замандардағы қоғамдық құрылысты, мемлекеттілік пен билікті
қарастыруда дереккөздерінің мардымсыздығынан салихалы қорытындылар жасалмай
келеді, болашақта мұндай олқылықтарды бірнеше ғылым салаларының мамандары
(тарихшы, заңгер, этнолог, т.б.) бірлесіп кешенді түрде қарастырғаны жөн.
10. Ерте темір дәуіріндегі этнонимдерге жасалынған тарихнамалық талдау
көптеген терминдердің әлі күнге дейін нақты мән-мағынасы анықталмай келе
жатқандығын аңғартады. Бұл мәселені шешу үшін ең алдыиен терминологиялық
ақпаратты күшейту қажет.
11. Көне мемлекеттердің астаналық қалаларына және тайпалар мен
халықтардың орналасқан аумағына қатысты айтылған көзқарастарда пікір
алуандығы байқалады. Бұл заңды құбылыс. Өйткені дереккөздерін талдау арқылы
немесе жанама деректемелер арқылы белгілі бір топшылауға келу әрбір
ізденуші жұмысының өзіндік ғылыми жемісі болып табылады.
Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы. Қазақстанда тұңғыш рет ежелгі
дәуір тарихының тарихнамасы зерттеу нысанына айналып отыр. Зерттеу
барысында мынадай ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді:
1. Көне дәуірлердегі түрлі проблемаларға қатысты теориялық-
методологиялық мәселелер айқындалып, жекелеген сауалдар төңірегінде
айтылған концептуалдық ойлар мен түрлі көзқарастар бір жүйеге келтірілді.
2. Бірнеше тұтас мәдени-тарихи кезеңдерден тұратын ежелгі Қазақстан
тарихын зерттеуге қомақты үлесін қосқан археологиялық экспедициялар тарихы
жүйеленіп, ізденістерінің негізгі қорытындылары мен нәтижелері айқындалды.
3. Өзіндік методологиялық бағыттар мен ғылыми мектептер қалыптастырған
бірқатар ғалымдардың белгілі бір мәселеге қатысты айтылған пайымдаулары,
тұжырымдамалары анықталып, олардың концептуалдық ойларының кейінгі
жылдардағы жалғастығы, дамуы немесе өзгеріске ұшырауы нақтыланды.
4. Қазақ халқының Екі дос атты аңызы жазба дереккөздерінен сақ-
савромат дәуірінен бастау алатындығы анықталды.
5. Мәдени мұра Мемлекеттік Бағдарламасы немесе осы Стратегиялық
Ұлттық Жоба бойынша зерттелініп жатқан археологиялық ескерткіштер мен жазба
дереккөздеріне қатысты ізденістердің қорытындысы жасалынды.
6. Көне дәуірлерге жататын археологиялық мәдениеттер мен ескерткіштер
кезеңдестірілуі, хронологиясы тарихнамалық тұрғыдан талданды.
7. Әрбір мәдени-тарихи кезеңде тіршілік еткен халықтардың расалық
типтерін анықтаған палеоантропологиялық ізденістердің негізгі тұжырымдары
жүйеленді.
8. Ілкі замандардағы діни санаға, түрлі наным-сенімдердің дамуына
қатысты тұжырымдар жасаған ғалымдардың зерттеулеріне тарихнамалық шолу
жасалды.
9. Ерте замандардағы қоғамдық құрылыс, мемлекеттілік пен билік
мәселелері туралы ой қозғаған ғалымдардың ізденістері тарихнамалық тұрғыдан
талдаудан өтті.
10. Ерте темір дәуірінде өмір кешкен халықтар атауларының мән-мағынасы,
төркіні және олардың шығу тегі жөнінде пікірлерін білдірген зерттеушілердің
еңбектеріне тарихнамалық талдау жүргізілді.
11. Көне мемлекеттер астаналары, тайпалар мен халықтардың орналасқан
аумағы жөнінде пайымдауларын айтқан мамандардың ойлары тарихнамалық
тұрғыдан зерделенді.
Зерттеудің хронологиялық шеңбері ежелгі палеолит дәуірінен бастап ерте
орта ғасырларға дейінгі кезеңді қамтиды, яғни ғылыми ізденісте палеолит,
мезолит, неолит, энеолит, қола ғасыры мен ерте темір дәуіріндегі
тарихнамалық фактілер талдаудан өтеді. Дәлірек айтқанда ол Қазақстан
аумағын алғашқы адамдардың бұдан 1 миллион жыл бұрын қоныстануынан бастап,
ерте темір дәуірі соңына дейін, яғни ортағасырлық уақыт басталғанға дейінгі
кезеңді тұтастай қамтып отыр. Сондықтан ежелгі Қазақстан тарихының
проблемалары зерттеу нысанына кеңінен айнала бастаған ХІХ ғасыр ортасынан
қазіргі күнге дейін көрсетілген мерзімдегі көне тарихи процестерді
зерделеген мамандардың еңбектері қарастырылғандығын да айта кеткен жөн.
Отандық тарихнамада мұндай ауқымды хронологиялық шеңбер тұңғыш рет
алынды. Бұл, ежелгі Қазақстан тарихының біртұтас тарихнамасын түзу
мақсатынан туындаған еді.
Зерттеудің территориялық шеңберіне қазіргі Қазақстан Республикасы жер
аумағы түгелдей кіреді. Кейбір жайттарға байланысты мәселе көтерген кезде
оған аумақтық тұрғыдан шектеу қоюға болмайтындығы да белгілі. Өйткені
негізгі мәселелерді шешу және оларға қатысты қосымша сауалдарды айқындау,
нақтылау және толықтыру барысында республикамен шектесіп жатқан барлық
өңірлердегі тарихи процестерге назар аударылмаса, мәселенің байыбына бара
қою қиын екендігі де анық. Сол себепті де іргелес өңірлердегі тарихи дамуға
да көңіл бөлінді.
Жұмыстың тәжірибелік маңызы. Осы зерттеу жұмысын жазу барысында алынған
ғылыми тұжырымдар мен қорытындылар, зерттеулер бағыты Ежелгі Қазақстан
тарихы, Қазақстан археологиясы сынды оқулықтар, оқу құралдарын жазуға
негіз бола алады. Сондай-ақ жекелеген жайттарды Қазақстан тарихын жазуда,
ең алдымен оның ежелгі дәуірін сипаттау үшін қолдануға болады. Мұнымен
бірге көне замандардағы Орталық Азия республикаларының тарихи процестерін
зерделеуде, оқу құралдарын дайындауда диссертацияның тәжірибелік маңызы зор
болып табылады. Еңбекті тарихшы, археолог, деректанушы, тарихнамашы
мамандармен қатар, өлкетанушылар, музей қызметкерлері, т.б. пайдалана
алады. Жұмыс ежелгі Қазақстан тарихына байланысты зерттелген еңбектердің
қатарын толықтырады, ол тарихнамалық бағытта жазылғандықтан болашақтағы
ғылыми ізденістерге бағыт-бағдар беруімен ерекшеліндіреді. Мұның өзі
ізденістің ғылымды дамытуға септігін тигізетіндігін айғақтайды.
Диссертациялық жұмыстың сыннан өтуі. Тақырып бойынша негізгі
қорытындылар 1 монография, сонымен бірге 51 мақала түрінде республикалық,
халықаралық ғылыми конференцияларда, қазақстандық және шетелдік мерзімді
басылымдарда жарияланған. Жекелеген мәселелер Ресей Федерациясы, Моңғолия,
Түрікменстан мен Өзбекстан республикалары, Украина елдеріндегі басылымдарда
жарияланып, халықаралық ғылыми қауымдастықтың талқылауына ұсынылған.
Зерттеу жұмысының құрылымы оның мақсаты мен міндеттерін, тақырып
мазмұнын жан-жақты ашуға мүмкіндік беретіндей етіп құрылған. Диссертация
кіріспе бөлімнен, бес тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер
тізімінен тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Кіріспеде жұмыстың жалпы сипаттамасы берілген, тақырыптың өзектілігі
көрсетілген, мақсат пен міндеттер анықталған, зерттеу нысаны, пәні
айшықталған, сондай-ақ теориялық-методологиялық және деректік негіздері,
хронологиялық және аумақтық шеңбері, қорғауға ұсынылған тұжырымдар, алынған
ғылыми нәтижелер, жұмыстың практикалық және теориялық маңызы, оның сыннан
өтуі баяндалған.
Ежелгі дәуірдегі Қазақстан тарихының теориялық-методологиялық
мәселелері деп аталатын бірінші тарауда тас, энеолит пен қола, ерте темір
дәуірлерінің жалпы теориялық-методологиялық негіздері қарастырылады.
Отандық тарихнамада тарих ғылымының теориялық, методологиялық
мәселелері бірқатар ғалымдардың еңбектерінде соңғы жылдары біршама
қарастырылды. Олардың арасынан К.Л. Есмағамбетов, М.Қ. Қойгелдиев, С.Ф.
Мажитов, Х.М. Абжанов, Қ.Р. Несіпбаева, Г.М. Меңдіқұлова, Г.М. Какенова,
Р.Ж. Қадысова, Ғ.Қ. Халидуллин, У.Ж. Алиев, А.И. Оразбаева, т.б. ерекше
атап кетуге болады. Теориялық мәселелерді Е.А. Абиль [19], С.А. Турежанова
[20], М.Қ. Әбусейітова [21], Ж.Ж. Несіпбаева [22], Т.Ә. Төлебаев [23], Қ.М.
Атабаев [24], т.б. көтерген. Бұл зерттеушілердің ғылыми бағыты қазіргі
заман тарихының проблемаларымен астасып жатқандықтан, көпшілігі көне дәуір
мәселелеріне тереңдеп бара қойған жоқ. Көне дәуірдегі кейбір мәселелерді
Т.О. Омарбеков [25], Т.З. Қайыркен [26], т.б. мамандар еңбектерінде арнайы
қарастырған. Нәтижесінде отандық тарихнамада кеңестік тарих ғылымында ұзақ
жылдар үстемдік құрып келген маркстік ілімнің, өркениеттілік ұстанымның
теориялық, методологиялық проблемалары жаңа қырынан қарастырыла
бастағандығы белгілі болып отыр.
Айта кететін бір жайт, археология саласында да теориялық ұстанымдар көп
екендігі белгілі. Олардың ең негізгілері мен кең тарағандары материалистік,
экологиялық, эволюциялық, функционалдық, құрылымдық ұстанымдар болып
табылады. Бұл теориялық ұстанымдар белгілі бір дәрежеде басқа ғылым
саласының (философия, мәдениеттану, антропология, биология, химия,
география, физика, т.б.) мамандары тарапынан өткен ғасырдың соңында едәуір
ықпалға ұшырай бастаған болатын. Себебі, тарихи үрдістерді зерттеуде
бүгінгі археология жаратылыстану ғылымдарының түрлі жетістіктері мен
әдістемесін кеңінен пайдаланады десек, соған орай археологтардың сол ғылым
салаларына тиесілі зерттеулер мен теориялық ізденістерге сүйенуі заңдылық
деуге болады. Егер тас дәуірін зерттеу ісінде геологиялық кезеңдестіру,
геологиялық дәуірлеу мен түрлі физикалық-химиялық мерзімдеулер
қолданылмаса, онда алынған мағлұматтар құндылығы археология тарихнамасында
аса жоғары деңгейде байқала қоймайды. Осыған орай, археология ғылымында
жаңа технологияларды кеңінен қолдану, ғылыми-танымдық мүмкіндіктер
көкжиегін кеңейтеді деуге болады. Жыл сайын атқарылып жатқан ғылыми
ізденістер археологиялық нысандар санын арттырып қана қоймай, оның деректік
қорын да ұлғайта түсуі бұл ғылым саласының өзіндік бірегейлігін де аңғартса
керек.
Ежелгі Қазақстан тарихы әлемдік тарихнаманың құрамдас бір бөлігі десек,
ғалымдар арасындағы адам баласын кім жаратты, ол қайдан пайда болды деген
сауалдар төңірегіндегі пікір-таластар бүгінгі күні де толастамай
тұрғандығын айта кеткен жөн. Ол адамзат тарихымен тікелей байланыстағы ең
ежелден келе жатқан аса маңызды сұрақтың бірі болып табылады. Тарихшы Б.Б.
Ирмуханов адамзаттың шығу тегі туралы діни және ғылыми екі көзқарас бар
дейді. Алайда, қазіргі таңда бұл сұраққа қатысты негізгі үш концепцияны
атап кетуге болады. Оның біріншісі, ғылыми-материалистік немесе эволюциялық
концепция. Мұны қолдаушылар адам баласы маймылдан жаралды, оның дамуы ұзақ
жылдарға созылды, эволюциялық даму нәтижесінде қазіргі адам қалыптасты
деген көзқарасты ұстанады. Екіншісі, теологиялық немесе діни концепция. Бұл
концепцияны қолдаушылар адам баласын Құдай жаратты деп есептейді. Ол діни
сана, діни көзқарастар қалыптасқаннан бері келе жатқан ең көне
концепциялардың бірі. Оны әлемдік (ислам, христиан, будда), ұлттық
(иудаизм, конфуциандық, даосизм, сикхизм, синтоизм, т.б.) діндерді
тұтынушылардың кез келген өкілі қолдайды. Соңғы жылдары бірқатар теолог-
ғалымдар дәлелді де дәйекті пікірлерімен ғылыми-материалистік концепцияның
негізсіз екендігін нақты көрсетуге ұмтылуда. Ал зерттеушілер арасында азды-
кемді таралған үшінші палеоконтактілік (ғарыштық) концепцияны қолдайтындар
саны тым аз. Бұл концепцияны қолдаушылар ойынша, адамзаттың шығу тегіне
ғарыштан келген келімсектер тікелей әсерін тигізген, адам баласы солардың
ғылыми іс-тәжрибесінің жемісі болып табылады. Қазіргі танда аталмыш
концепция негізінде жаңаша палеовизитология атты ғылым қалыптаса бастады.
Бүгінгі күні палеовизитология кешенді гипотезалардан тұрады, олардың
шынайылығы ғылыми фактілермен нақты дәлелдене қойған жоқ.
Біздің Қазақстанда соңғы аталған концепцияны қолдаушы ғалымдар саны
жоқтың қасы деуге болады. Көпшілік оқулықтарда, ғылыми еңбектерде
Қазақстанның тас дәуірі ғылыми-материалистік тұрғыдан баяндалынады.
Дегенмен, алғашқы екі концепцияны (теологиялық, ғылыми-материалистік) қатар
алып жүрген, ғылыми еңбектерінде екеуін де қолданып, өзара байланыстыруға
тырысып жүрген авторлардың бірі Ж.О. Артықбаев болып табылады. Ол өзі
жазған бірқатар оқулықтарында, оқу құралдарында (2007) библиялық мәтіндерді
де, тас дәуіріндегі археологиялық ізденістердің нәтижелерін де қатар беріп,
кеңінен қолдануда.
Сондай-ақ, кеңестік тарихнамада шағын тас мәдени аймағы туралы
мәселелер көп көтерілді. Қазіргі таңда аталмыш аймақ күн тәртібінен түсіп
қалғанымен, ол өткен ғасырдың екінші жартысында ескерткіштерді
кезеңдестіруде, таралу аймақтарын анықтауда, жекелеген ортақ белгілерін
айқындауда методологиялық ұстаным ретінде қолданылып отырған еді. Шағын тас
мәдени аймағы концепциясын өткен ғасырдың 50-жылдарының соңына қарай А.А.
Формозов қалыптастырған болатын. Оның шағын тас мәдени аймағы жөніндегі ой-
пікірлерін былайша топтастыруға болады: біріншіден, шағын тас мәдени
аймағына кіретін ескерткіштерді біріктіретін алғашқы технологиялық белгі
пышақ тәрізді тас тілікшелерінен дайындалған құралдар жиынтығы;
екіншіден, жалпылама мағына беретін неолит термині шағын тас мәдени
аймағын алмастыра алмайды; үшіншіден, бұл техниканың сақталып қалуына
мезолиттік типтегі шаруашылықтың (аңшылық-балықшылақ) қалдықтары әсер
етеді; төртіншіден, нео-энеолиттік тұрақтардың материалдарын талдау барысы
шағын тас құрал-саймандары орманды және таулы аудандарға таралмайтындығын
көрсетеді. Бұдан кейін КСРО аумағынан жер-жерден неолиттік, энеолиттік
ескерткіштер көптеп анықталып, бұл белгілердің басқа өңірлерде де
ұшырасатындығы мәлім бола бастады. Сөйтіп, шағын тас мәдени аймағының
жалпылама түрде белгіленгендігі анық болған еді.
Сайып келгенде, А.А. Формозов қалыптастырған шағын тас техникасы
түсінігінің археология теориясында, әсіресе оның әдістемелік бөлігіндегі
орны зор екендігін айтуға болады. Алайда ұзақ жылдар бойы проблеманың осы
жайты мамандар арасында қызу пікір-таластар тудырды. Мәселен, В.Е. Ларичев,
т.б. мамандар шағын тас техникасындағы негізгі белгі геометризм болуы
тиіс деп есептесе, Л.А. Чалая секілді зерттеушілер А.А. Формозовты қолдай
отырып, оған жататын құралдардың өте шағын (миниатюралы) болуы тиіс
екендігін атап көрсетті. Ал Ф.В. Зайберт, Т.М. Потемкина сынды ғалымдар
болса, шағын тас мәдени аймағындағы еңбек құралдары өз кезегінде пышақ
тәрізді шақпақ тас индустриясына негізделгендігін айтып, бұған неолит пен
энеолиттен басқа мезолитті де қосып қарастыру керек екендігін көтерді.
Келесі бір зерттеуші В.И. Заитов болса тілікшелі техникаға көбірек мән
берді.
Тоқтала кетер бір жайт, белгілі ғалым Гордон Чайлд (1892-1957)
еңбегінен кейбір зерттеушілер (В.Г. Бондарцов) тарихи-археологиялық және
теориялық-методологиялық екі аспектіні бөліп көрсету қажет деп есептейді:
оның бірі В.Г. Чайлдтың археология теориясы мен практикасына қосқан іргелі
үлесі нәтижесінде қалыптасқан археологиялық мәдениет категориясы болса,
екіншісі алғашқы қауым тарихының жалпы проблемаларын (кезеңдестіру, бір
кезеңнен екіншісіне өту тетігі (механизмі), тарихи даму мен факторлардың
бағыты, т.б.) айқындауы; сонымен қатар Чайлдтың ғылыми ұстанымдарына
тікелей әсер еткен Б. Малиновский функционализмі, Э. Дюркгейм әлеуметтік
концепциясы дейді. Расын айтқанда, археологиялық мәдениет терминінің
келіп шығуы ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр бас кезіне жатады. Орталық Еуропа
археологиялық дереккөздерін жүйелеу барысында Монтелиус қалыптастырған
типологиялық әдісті қолдана отырып, ғалымдар типтердің картасын жасау әдісі
арқылы кеңістіктегі мәдениет шекарасын белгілеген кезде археологиялық
бірліктер сыныптамасы жасалып, соңынан осы термин қалыптаса бастайды. Мұны
кейіннен Г. Коссина, Л. Фробениус, т.б., содан кейін Гордон Чайлд дамытты.
Соңғы ғалым әлеуметтік-экономикалық тарихқа аса ден қойып, археологиялық
ескерткіштер негізгі категориясының арнайы өзара байланыстағы жиынтығын
археологиялық мәдениет деп таныды.
Ал археологиялық мәдениетті кейбір мамандар археологиядағы зерттеу
категориясы ретінде қарастырған (А.П. Ганжа). Методологиялық ұстаным
ретінде қарастырылған мәдениет пен оның жергілікті нұсқаларына ғалымдар
(В.С. Бочкарев, Ю.Н. Захарук, Г.П. Григорьев, И.С. Каменецкий, Л.С. Клейн,
В.М. Массон, В.А. Ранов, А.А. Формозов, т.б.) кең көлемде әдебиет арнаған.
Олардың ішінде Ю.Н. Захарук мәдениетті аумақтық және хронологиялық жағынан
өзара байланыстағы археологиялық ескерткіштер жиынтығы деп таныса, оны Г.П.
Григорьев типтердің тұрақты құрылымы ретінде бағалайды, А.А. Формозов
болса, тек аумақтық белгіге иек арту қажет деп санайды, ал В.М. Массон
археологиялық мәдениетті уақыт пен кеңістікте шектелген заттай мәдениет
нысандарының өзара байланыстағы нақты жиынтығы ретінде сипаттайды. Десе де,
көпшілік ғалымдардың Ю.Н. Захарук тұжырымдамасынан асып кете қоймағандығы
байқалады.
Қола дәуірін зерттеуде қазақтың көрнекті ғалымы академик Ә.Х. Марғұлан
озық теориялық пайымдаулар жасай білді. Ә.Х. Марғұлан Солтүстік-Шығыс
Қазақстан, Баянауыл мен Қарқаралы, Солтүстік Балқаш маңы, Бетпақдала,
Сарысу өзені алабы, Қарағанды мен Жезқазған өңірлеріндегі неолиттік және
энеолиттік ескерткіштерді саралай келіп, Орталық Қазақстан неолиті мен қола
ғасырын байланыстырған энеолит (б.з.б. ІV мыңжылдық) болған, сонымен қатар
қола дәуірі мәдениетінің алғашқы өзегі татталған мыс кентастары, құйма мыс
кесектері кездесетін өңірлерде қалыптасқан деп тұжырымдама жасайды. Және де
сарабдал ғалымның пікірінше: бұлар келімсектер ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Кеңес мүшелері
Қазіргі заманғы қазақ философиясы
Коммунистік Кеңестік Партиясы Орталық комитеті
Әлемді діни тұрғыда зерттеуге ғылымның әcepi
Ж.Қасымбаевтың өмір тарихы мен ғылыми - педагогикалық қызметі
Ресейде жарық көретін Наука Сибири мерзімді басылымының 1990 жылғы
Міржақып Дулатұлының әдеби публицистикалық мұрасы
М.Е. Массонның Орта Азия мен Қазақстан археологиясына қосқан үлесі
Қазақ жастары мерзімді баспасөзінің тарихы (ХХ ғасырдың басы – 1940 жж.)
Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттар қорлары құжаттары саяси репрессиялар тарихының дерек көзі
Пәндер