Қазақ жеріндегі жыр айту мектептері



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 60 бет
Таңдаулыға:   
М А З М Ұ Н Ы

КІРІСПЕ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _
_ _ _ _ _ 3

1-тарау. ЖЫРАУЛЫҚ, ЖЫРШЫЛЫҚ ӨНЕР _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ 5
1.1. Жыршылық, жыраулық өнердің тарихы және
оны зерттеуші ғалымдар _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _
_ _ _ 5
1.2. Қазақ жеріндегі жыр айту мектептері _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _
_ _ 16

2-тарау. СЫР ӨҢІРІНІҢ ЖЫРАУЛЫҚ-ЖЫРШЫЛЫҚ ДӘСТҮРІ _ _ _ 25
2.1. Сыр сүлейлерінің орындаушылық дәстүрі _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _
25
2.2. Сыр сүлейлері шығармашылығындағы жанрлық ерекшеліктер _ _ 34

3-тарау. ОРТА МЕКТЕПТЕ ӘДЕБИЕТ ПӘНІН ОҚЫТУ _ _ _ _ _ _ _ _ _ 47
3.1. Орта мектепте әдебиет пәнін оқытудың әдістері _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _
47
3.2. ХІ сыныпта факультативтік сабақтарда Бұдабай Қабылұлының ислам
тақырыбындағы өлеңдерін оқыту _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _
54

ҚОРЫТЫНДЫ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _
_ _ 59
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _ _
_ 61

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қай кезеңде болмасын адамзат тіршілігінің
бүткіл болмыс-бітімін, қасіреті мен қуанышын, ерлігі мен серілігін, азабы
мен ғажабын кейінгі ұрпаққа жеткізуші құдыретті күш – әдебиет. Соңғы
жылдары қазақ әдебиеті ғылымында Сыр сүлейлері салған сара жол әдебиет
зерттеушілерінің назарын өзіне аударып отыр. Осы орайда көптеген ғылыми
мақалалар жазылып, соны пікірлер айтылды. Ал жыраулар, ақын-жыршылар
төңірегіндегі толыққанды зерттеу жұмыстары сонау 60-70 жылдардан-ақ бастау
алған еді.
Алайда Сыр сүлейлерінің дәстүрлі мектептері, орындаушылық
ерекшеліктері толығымен қамтылып зерттеліп болды деуге әлі ертерек.
Сыр сүлейлері шығармашылығының қырларын ғылыми түрде дәлелдеуге
көптеген ғалымдар қажырлы еңбек етті. Кейбір жыраулардың шығармашылықтары
жеке зерттелініп, тиісті бағасын да алды. Бірақ бүгінгі күнде мұнымен
қанағаттанып қалуға болмайды.
Ғасырлар бойы сақ, скиф, оғыз-қыпшақ сияқты көптеген көшпелі тайпалар
мекен еткен Сыр өңірінде өзіндік мәдениеттің болмауы мүмкін емес еді. Осы
аймақта Оғызнаме, Қорқыт ата жырлары, М.Хорезмидің Махаббатнамасы,
Қожа Ахмет Иассауидің Диуани хикметі, А.Иүгінеки мен С.Бақырғанидің
шығармаларының да дүниеге келгені мәлім.
Сыр бойының ақындық өнерінде ерекше тоқталуға лайық өзіндік көптеген
сипаттар бар екенін қазақ әдебиетін көп зерттеген ғалым Есмағанбет
Ысмайылов дәл тауып айтқан еді. Оның Ақындар атты кітабында Сырдария
ақындары мен шайырларының, жыршыларының қымбат мұрасы туралы ғылыми терең
байқаулар, тұжырымдар бар. Соның бірі – бұл өлкеде жазбаша шайырлық пен
ауызша ақындықтың жыршы, термешіліктің қатар дамығандығын атап көрсетуі.
Бір тақырыпқа бірнеше ақынның қатарласа, жарыса жазып, өнер бәйгісіне
түсуі, шығыс аңыздарын заманға, халық өміріне лайықтап жаңартып жырлауы,
хат арқылы айтысулар, жұмбақ шешісулер, өмірдің философиясын жан-жақты
толғайтын ғибрат өлең, тағы басқа ерекшеліктер бұл атырап ақындарының
шығармашылығына хас белгілер болатын.
Тақырыптың өзектілігі. Сыр сүлейлерін сөз еткенде, олардың олардың
әдеби мұраларына тоқталғанмен, орындаушылық дәстүріндегі ерекшеліктерге
жете мән беріле бермейді. Біздің жұмысымызда осы өңірдегі өнерпаздарға тән
мақам үлгілерінің өзгешелігі, жыраулық мектептердің ерекшеліктері туралы
арнайы қарастырылды. Өйткені сүлейлер шығармашылығын оның қалыптасқан
мектебінен, орындаушылық дәстүрінен бөліп қарау мүмкін емес.
Жеке ақындардың шығармашық қалыптасуы сол тұлғаның туып-өскен
мекендегі ықпалды дәстүрлі мектептердің ұлағатына тығыз байланысты. Мысалы,
XIX ғасырдың бірінші жартысында Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысы
жағалау алқаптарындағы қазақ ақындары кеңістігінде Сыр сүлейлері деген
атаумен танымал болған дәстүрлі ақындық ортаның ақындық-жыраулық мектебі
болды.
Сыр сүлейлері атты ақын-жыраулардың ұлттық сөз өнеріне қосқан
үлестері даралана көрінеді. Олар қазақтың фольклоры мен ауызша ақындық
поэзиясын Шығыстың классикалық әдебиеті дәстүрлермен тоғыстыра дамытты.
Профессор Е.Ысмайылов Сыр сүлейлері шығармашылығындағы дастандарға
байланысты былай дейді: Қармақшы, Тереңөзек аудандарының жерінде болып
өткен ақындардың репертуарында Ер Қосай, Қарабек жырларымен қатар
Лұқпан әкім Жүсіп Ахметбек, Ләйлі-Мәжнүн, Таһир-Зуһра дастандары
және Мың бір түн, Шаһнама, Тотынама сюжеттерінің жеке тараулары
айтылады [1, 236]. Тұтастай алғанда, Сыр бойы ақын-жыраулары
шығармашылығының ұлттық және әлемдік әдеби сабақтастығын танытатындығын
зерделеу тақырыптың өзектілігін танытады.
Сүлейлер сымбатының дараланған тұлғалары олардың өздеріне дейінгі
және тұтас ақын-жырауларға арналған арнау өлеңдері арқылы айрықша
байқалады. Бұл өлеңдер сол кезең үшін әдебиет сынының қызметін де атқарған.
Себебі, қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихындағы көрнекті ақын-жыраулардың
шығармашылық тұлғаларына поэтикалық көзқараспен шынайы баға беру –
әдебиетшілердің үлесіндегі жұмыс.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті: Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – Сыр
сүлейлерінің жыршылық, жыраулық ерекшеліктерін сипаттау, олардың
поэзиясының жанрларына кеңірек тоқталу, шайырлардың жазба айтыс дәстүрін
байыптау және орындаушылық дәстүріндегі ерекшеліктерді анықтау.
Жұмыста қолданылған әдістер: Диплом жұмысында баяндау, жинақтау,
тарихи-салыстырмалы талдау, қорыту әдістері пайдаланылды.
Пайдаланылған дерек көздер: Ғылыми-теориялық әдебиеттер, Сыр
шайырларының жинақтары, тарихи дерек көздер, баспасөз беттері.
Диплом жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш тараудан
және қорытындыдан тұрады. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі соңынан беріледі.

1-тарау. ЖЫРАУЛЫҚ, ЖЫРШЫЛЫҚ ӨНЕР
1.1. Жыршылық, жыраулық өнердің тарихы және
оны зерттеуші ғалымдар

Әдебиетші ғалымдар назарын көп аударған тақырыптың бірі – жыраулық-
жыршылық өнер. Жыраулық дәстүрдің тарихи тегі мен генезисі көне замандардан
бастау алады. Адамзаттың алғашқы қауымдық құрылысынан тайпа көсемі, тәңірі
дінін тұтынған тұста тұтас халықтың батагөй бақсысы мен көреген абызы,
хандардың оң тізесін басып билік айтқан заманға дейін жыраудың қилы міндеті
мың құбылған. Басында бақсы, сәуегей, абыз, би, батыр, ақылшы болса, өмір
көші ілгерілей келе түрлі тарихи-әлеуметтік өзгерістерге байланысты жырау
қызметі де басқа кейіпке көшті. Жырау енді тайпа көсемі де, бақсы-абыз да,
ханның қолбасшысы, ақылшы биі де емес – өнерпаз. Орыстың отарлау саясаты
қазақ әлеуметін саяси билікте бұғаулағанымен, ұлттың ішкі саясатын
ауыздықтай алмаған. Сахараның сансыз сүргіні сиреп, аттың белі, атанның
қомынан тақым тартқан жауынгер халықтың ұрпағы замана қыспағына қарамастан
қайта өрлеу дәуірін бастаған. Сан ғасыр сахара сардары болған жырау
кітаби ақындарға кезек берді.
Жыршылық терменің Қазақстан бойынша бір заманда биік шоқысындай
болған өнерпаздар Сыр бойы аймағында туып, өмір кешкені айқын. Ұзақ жырды
да, қысқа толғауларды да өзіне лайық сазымен, өрнек нақышына келтіріп
айтатын теңдесі жоқ, сұлу терме әуені осында сақталып келген. Терме айту
үрдісі өзге жерлерде де жоқ емес. Дегенмен, олардың қай-қайсысы да мазмұны,
әсерлілігі, сәнділігі, байлығы жағынан Сыр бойы термесіне барабар келеді
деу қиын. Бұл өңір жыршыларында әрбір өлеңнің ырғағына, құрылысына,
мазмұнына сәйкес терменің де сазы өзгеріп отырады. Терме сазы – өзгеше
әсем, өшпес өмір әуеніндей мәңгілік, мәнді саз. Оның ырғағы домбыраға да,
қобызға да, сырнайға да қатар жарасып, үйлесіп, өзгеше өрнек тауып кете
береді.
Сөз етіп отырған жыршылық дәстүр Сыр бойының, әсіресе, Қармақшы
жерінде ежелден ерекше жемісті дамыған. Гүлді көріп гүл өседі дегендей,
бұл өңірде ақындық пен жыршылық қатарласа жетіліп, өзгеше үлгілі із
қалдырған. Жырды, толғауды, термені атадан балаға мирас етіп, жалғастырып
айтушылықтың өте сирек, тосын, қымбат мысалын да осы аймақтан
кездестіреміз.
Жалпы алғанда эпос және жырау, жыршылар өнері деген тақырып –
фольклортанудың ең қызғылықты, ескірмес тақырыптарының бірі. Бұл мәселені
егжей-тегжейлі тексеру үшін, әлбетте, бір өлкенің ғана емес, Қазақстанның
бұрын жыр айтқан барша атырабының мұрасын мүмкіндігінше қамту қажет. Соның
ішінде Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Арқа, Алтай елдеріндегі
дәстүр мен ерекшеліктер ескерілуі абзал. Бұл ғана емес, тілі, тарихы, тегі,
тағдыры жақын қарақалпақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, ноғай, құмық, башқұрт,
саха халықтардың жыршылық өнегесін де салыстыра қарастыру пайдалы. Якут
жыршылары, мәселен, ұзақ эпосты музыкалық әуенсіз-ақ тақпақтап айтады.
Манасшылар да солай. Мұның да өзіндік себептері болуы тиіс. Тіпті жыршы,
жырау, бақсы, қиссашы, ашуг, хафиз, термеші, шайыр, ақын деген атаулардың
мағынасы да әр дәуірде бірдей болмағандығы белгілі.
Толғаулардың небір дүр үлгілерін Базар жырау мұрасынан кездестіреміз.
Осы күні жыршылық дәстүр ізі неғұрлым молырақ сақталып отырған Сыр бойында,
Қарақалпақта, Бұхара өңірінде жыршылар мен термешілердің ерекше көп
айтатыны Базар жырлары болып келетіні кездейсоқ емес. Ежелгі толғаулар
үлгісімен ақын заман мен адамның өте күрделі кезеңдерін философша талдайды,
дүниенің ағысына, өмірдің қарама-қайшылықтарына тұжырымды, білгір
тоқталады.
Жырау, ақын-жыршы, ақындар жөнінде М.Әуезов, Е.Ысмайылов,
Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, Е.Тұрсынов, М.Мағауин, Ж.Тілепов еңбектерінде
сөз болды.
Әйгілі жазушы С.Мұқановтың айтуына қарағанда, ақын типі жырау типінің
негізінде дамыған. Демек, ақындардың ең көне түрі – жыраулар [2, 11-12].
Бұл пікірді Е.Ысмайылов та қостайды: Тарихи деректерге қарағанда,
жырауларды ақындардың ең көне типі деп есептеуге болатын сияқты [1, 43].
Профессор Е.Ысмайыловпен бірігіп, Қазақ әдебиетінің тарихы үшін жазған
тарауында Е.Тұрсынов та осы пікірді қолдаған болатын: Ақын сөзінің талдауы
қазақ фольклоры үлгілерін тудырушы әрі сақтауш-таратушыларының осы типі
жыраулардан кейінгі дәуірде пайда болғанға ұқсайды. Алайда ақындар мен
жыраулардың репертуары мен атқаратын міндеттеріен салыстырып қарасақ,
ақындардың бойынан көне дәуір сипаттарын, ал жыраулардың бойынан одан
кейінгі дәуірдің сипаттарын байқаймыз.
1. Ақындардың арасында еркектер де, әйелдер де кездеседі. Тіпті қыз
бен жігіттің айтысы қызсыз өтуі мүмкін емес. Жыраулар болса, тек ер кісілер
арасынан шығады. Мұның өзі жыраулардың тек патриархаттың әбден нығайған
кезінде пайда болғандығын көрсетеді.
2. Ақын – рудың өкілі. Айтыс кезінде ол өз руының атынан сөйлейді.
Жырау болса бүкіл елдің, яки тайпалар одағының (жүздің, хандықтың) өкілі.
Ақын ауыл ішінде жүрсе, жырау хан ордасында жүреді, бүкіл хандықтың, елдің
тіршілігіне байланысты жағдайларда олханға, бүкіл елге ақыл айтады, кеңес
береді, осыдан жыраулардың бұрын жеке-жеке өмір сүрген тайпалардың
тайпалық одақ құрып, біріге бастаған дәуірде пайда болғандығын байқауға
болады. Ақындар кейінгі дәуірде ғана пайда болып, жыраулар дәстүрін әрі
қарай жалғастырған сәтте олар жыраулардың бүкіл елдің атынан сөйлеу
дәстүрін де жалғастырған болар еді.
3. Бұл болжамның негізсіз емес екендігін мынадан да байқауға болады:
ақын – ырыми рәсімдерді атқарысуға қатысатын адам, оның үстіне ол тек
қатысушы емес, ол ырыми рәсімдерді басқарушы міндетін атқарады. Аса көңіл
аударарлық жайт: бұл рәсімдер ең көне рәсімдердің қатарына жатады. Мысалы,
үйлену салтына байланысты басты ырымдарды ақын атқарады. Ал жыраулардың
атқаратын негізгі міндеті – өлген кісінің аруағын мадақтап, толғау, жыр
айту. Ақындардың жырауларға қарағанда синкреттік сипаттарының молдығын
қоссақ, олардың жырауларға қарағанда көнелеу тип екендігін мойындауға
мәжбүр боламыз
4. Ақын типінің көнелігін дәлелдейтін тағы бір жайт: ақындар өнері
туралы ұғымдардың ішінде тотемдік ұғымдар кездеседі. Тотемдік ұғымдар ең
көне наным-сенімдер қатарына жататындығы белгілі. Мысалы, Жамбылдың
айтуынша, әр ақынның аң кейпіндегі жебеушісі болады-мыс. Бұл жебеуші тек
ақынның көзіне ғана көрінеді.Жырауларға тотемдік ұғымдар тіпті тән емес.
5. Ақын типінің, тамырларының өте ерте дәуірдің тереңінде жатқандығын
олардың негізгі жанры – айтыс жанры екендігін де байқауға болады. Жыраулар
болса, айтысқа түспейді [3, 35].
Ал Будаговтың түсіндіруінше, жырау – үндінің асыл тас мағынасындағы
сөзінен тууы мүмкін дейді [4, 12].
Жыраудың жылаумен де жақындығы бар. Қазақта өлген кісіні арнап жоқтап
жылағанда пәленнің басына жырау айтты дейді, яғни жоқтау айтты. Сонымен
қатар, жыраулар өмірдің ұсақ мәселесіне аз араласып, өмір, көбінесе, заман
– дәуір, өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық, жамандық жайлы ойлар,
болжаулар, қағидалы сөздер айтып отырған. Бұл тақырыптағы толғау сөздерінде
сезімге ұратын лирика болмайды, көбінесе, меңзеу, мақал-мәтелдер ретінде
келетін тақпақтар, термелер болып отырады.
В.Жирмунский мен Х.Зарифов та жырауды ақын, шайыр типінің ең көне
түрі деп таныған [5, 27]. Бұл пікірді олардан кейін жырау туралы сөз
қозғаған қазақ, қарақалпақ фольклоршылары да қостап жүр. Профессор
Н.Смирнова Жырау сөзінің мағынасы-жыр айтушы деген сөз... Бұл жыр
айтушылар институты қаншалықты көне болса, атауы да соншалықты көне,- деп
жазады [6,40]. Профессор Е.Ысмайылов Н.Ильминскийдің пікіріне және татар
тілінде жыру, жыруче сөздерінің жыр сөзімен мағыналас екендігіне
сүйене отырып, жырау сөзін жыр, жыр айтушы, жырламақ сөздерімен
байланыстырып, бұл сөздің мағынасы тарихи жыр айтушы, болашақты болжаушы
екендігін айтады [1, 39-40]. Ал жырау типінің пайда болу кезеңі жайлы
Е.Тұрсынов былай дейді Мұның өзі жырау типінің әскери демократия кезінде
пайда болғанын аңғартады. Батырлар жырының тарихта болған батырлар, дарынды
қолбасшылар, көсемдер туралы баяндайтыны белгілі. Алғашқы батырлар жырының
үлгілері осы адамдардың құрметіне шығарылған мадақтау, мақтаулардан
туғандығы да барлық фольклоршыларға белгілі. Алғашқы батырлар жырының
әруақтарды мадақтауға арналғандығы және магиялық мақсатта орындалғандығы
батырлық эпос үлгілерінің, ертегілер сияқты, әрқашан да сәтті аяқталуына
себеп болды деп ойлаймыз. Демек жырау типінің пайда болуы әруақтар
культінің пайда болып қалыптасуы процесімен қатар өтіп жатты [3, 175].
Жырау – әлі қоғамдық ғылымда зерттелмеген, сыры ашылмаған күрделі
ұғым. Жыраулар – қазақ этномәдени дамуының ең бір шешуші, кульминациялық
кезеңі – тарих сахнасына қазақ атымен шығып дербес хандық құру кезеңін
сипаттайтын терең рухани құбылыс. Ол өз жанынан өлең-жыр шығарып айтатын
және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі.
Махмұд Қашғари жырау сөзін йарығу, өлең шығарушы, музыкант деп
түсіндіреді. Орта ғасырлардағы қазақ поэзиясында жыраулар жетекші жетекші
рөл атқарды. Олардың шығармалары дидактикалық сипаттағы философиялық
толғаулар түрінде келеді. Жырау толғауларында өзінің замана жайындағы
түйгендерін, мораль, этика хақындағы ойларын баяндайды, елеулі қоғамдық
әлуметтік мәселелер көтереді. Жырау жаугершілік заманда жорықтарға қатысып,
кейде батыр, елбасы бола жүріп, ел қорғау, азаматтық тақырыптарға арналған
өлең-жырлар туғызған. Жыраулар қолданған көркемдік тәсілдер оның
поэзиясының ішкі мазмұнына орайлас, сәуегейлік, батагөйшілдік түс көру,
ырым айту, табиғат құбылыстарына, т.б жайларға қарай болжамдар жасауға-көне
дәуір жырауларына тән қасиет. Жырау туындылары адам көңілін дөп басар
әсерлілігімен, мірдің оғындай өткірлілігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған
мықтылығымен, қиыннан қиыстырған көркемдігі және қуатты серпінділігімен
ерекшеленеді. Қазақ әдебиетінде жыраулар поэзиясының тұңғыш өкілдері
ретінде XV ғасырда өмір сүрген Асан қайғы, Қазтуған есімдері аталады.
XVII–XVIII ғасырларда өмір сүрген Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетей
жыраулардың поэзиясында отанды қорғау, жат жерді басқыншыларға қарсы күрес
тақырыбы ерекше жырланды. XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі
– Бұқар жырау жыраулық поэзияны жаңа биікке көтеріп, оның тақырып аясын
кеңейте түсті.
Сырдағы сүлейлер мектебінің негізін қалаушылардың ендігі бір өкілі,
назым сөздің шебері – Қарасақал Ерімбетті сол кездегі замандастары және
жасы кіші жыр дүлдүлдері өздеріне ұстаз санағанын мына төмендегі
шығармаларынан көруге болады.
Жыр жампозы Кете Жүсіп өзінің Ұстаз атты өлеңінде:
Осы заман ішінде,
Аттары мәлім дүрлер бар.
Алшаңдаған әр топта,
Бедеубай қойған тағалап.
Шәді менен Ерімбет,
Әзілкеш,Абай, Бұдабай,
Олардың айтқан сөздері
Әр жұртты кеткен аралап –
десе, Сыр сүлейлерінің бірі Тұрмағамбет Ізтілеуов Әр елдің бар
бұлбұлыатты өлеңінде:
Қарасақал Ерімбет–
Құтқармас құсты бедеудей.
Шабысына шаң ермес,
Ат шаптыратын бүлкілі.–
дейді.
Жас кезінде ағалы–інілідей араласқан сыйлас ағасы Балқы Базар жырау:
Қарасақал Ерімбет
Сөз сөйлейді термелеп.
Қашағанды құтқармайды,
Бұғалық салып күрмелеп, –десе,
енді бірде:
Ереке, шын тұлпардың бірі едіңіз,
Шабытты шайыр сөзге дүр едіңіз,–
деп бата берген екен.
Осынау жыр жампоздары жазған шығармалардан Қарасақал Ерімбеттің жыр
өлкесіндегі сөз маржандарын терген замандастарынан шоқтығы биік, халық
ақыны екенін көреміз. Шайыр өзінің өсиет өлең нақылдарын, сахилықты,
қайырымдылықты насихаттаған қисса–дастандарын, айтыстары, жұмбақ
айтыстарын, қазақ шежірелерін қағаз бетіне түсіріп, XIX ғасырдың өзінде
халқымыздың жазба әдебиетіне өз үлесін қосқан адам. Сол сияқты Ерімбет
шайыр жазба, жұмбақ айтыстардың да негізін салушы. Ол – халық ақыны, ислам
дінінің, құранның пайдалы жақтарын дәріптеуші ахун дәрежесіндегі назым
сөздің шебері–шайыр, ойшыл–философ, шежіреші–тарихшы, этнограф, жазба,
жұмбақ айтыстың негізін қалаушы, жалпы адамгершілік тәрбиені
насихаттайтын, қазақ жазба әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосқан
ағартушы, бір атаның ақыны емес, ұлтымызға ортақ ақын, қоғам қайраткері
екенін көреміз.
Археологиялық тұрғыда жүргізілген зерттеулер Арал өңірінің
палеоантроптық, яғни, алғашқы қауымдық қоғамнан бүгінге дейін түрлі тарихи
өзгерістердің орталығы болып келе жатқандығын дәлелдейді. Өте көнеден
тарайтын аңыз-әпсаналар, тұрмыс салт жырлары, ғашықтық жырлар Сыр өңірінде
өзінің алғашқы шығу қалпын бұзбай бізге жеткен. Осы тақырыптардың дәл осы
өңірде сақталуының өзі-ақ жыраулық-жыршылық дәстүрдің бұл өлкеге тән және
басқа халықтарға тараған сюжеттерге ұйтқы бола білген ең ескі поэтикалық
орталықтардың бірі екендігіне дәлел. Мұндай поэтикалық орта дүние жүзінде
некен-саяқ. Мысалы: батырлық-поэтикалық шығармалар немесе лиро-эпикалық,
діни-мистикалық, таза танымдық, дүнияуи тақырыптарды қозғаған поэзия
тарихына белгілі көптеген ағымдар Сыр өңірінің әдеби-музыкалық мұраларынан
көрініс табады. Сондықтан, Сыр бойы жыраулық-жыршылық дәстүрінің сөз, саз
табиғатын зерттеу өте актуалды, тарихи-тәрбиелік маңызы аса зор.
Сыр өңірінің тарихи ерекшелігі бұл өлке мұсылман дінін ең алғаш
қабылдаған. Жыраудың өз идеалдарына кіршіксіз адалдығы сонда, оны бұзған
пенделерді аяусыз шенеп, өткір тілімен найзалап отырған. Жалпы бұқара
халықтың ұлы болғандықтан, ол дінді әр нәрседен құтылып кетер құрал ретінде
емес, дүниетаным деп қабылдайды.осындай жағдайдан шыққан Балқы Базар
жырының бірі – Қалжан ахунға
Жаны ардақты жақсының
Күнде бірі өлсін дер;
Жаназасын оқы, деп
Шақыртушы келсін дер;
Қатым құран шығарып
Мал мен мүлкін бөлсін дер;
Сол бөлінген олжадан,
Өзгелерден көбірек,
Сыбағама берсін дер-
Бұл молдалар тілегі,
Сондай тілек бола ма
Жақсылардың тілегі.
Жыраудың жеке басының адалдығы, жалған атаулыға төзбес қайсар мінезі
оның тумагерлігінің ғана емес, өз өмірінің де басты сипаты болғанға
ұқсайды. Оның ойынша рухани тәуелділік түптің түбінде саяси тәуелділікке
алып келеді. Жырау ұғымындағы дін соқыр сенімдер жиынтығы емес, ол нақты
мұраттарды көздеген, болашаққа ғана тәуелді, жалғанды жалған деп танитын
келешек келбеті. Ішкі дүниесін жақсы ниеттерге толтырып, жүрек кірін жуа
алған адам ғана рухани адасудан құтылады. Рухани адам ғана саяси
тәуелділіктің шын мағынасын түсіне алады.
Өз заманындағы тарихи ахуалдың екі жақты сипаты жырауды қатты
толғандырғаны көрініп тұр. Бұл кез Сыр өңірінің екі жақты саяси қыспаққа
түскен шағы еді. Солтүстігінен орыс, оңтүстігінен Қоқан, Хиуа хандығы
тарапынан рухани, экономикалық, саяси регресті сипаттағы отаршылдықтың
тұсы. Бұл кезде көршілес түркімен елінің кіші жүз адайларына шүйлігіп
тұрған кезі. Алатаудағы қырғыз ағайыынның орыс отаршыларына ойысып,
солардың сойылын ұстай бастаған тұсы. Саяси кіріптарлыққа түскені өз
алдына, халықтың ең қуатты қаруы идеологиясы, азаттық мұраттары тоқырауға
түсті. Бұған басты себеп мұсылмандықты желеу еткен, сары уайымшыл идеясы
өзінің кертартпа қырынан қау етіп шыға келді. Осы бір рухани аурудың
әлеуметтік дертке, келешекті кеулеп бара жатқанын жазбай таныған Базар
ашына жырлайды.
...Мұсылманшылық кімде жоқ.
Ділде бар да дінде жоқ...
Алланы жан дүниең арқылы таны, келешектің берік іргетасы деп ұғын
деген принципті жалғыз Базар жырау емес, төніп келе жатқан рухани азу
қаупін сезінген қазақтың Ыбырай, Шәкәрім, Абай, Мұрат, Әбубәкір сияқты
дүниеге көзі ашық талай перзенттері шығармашылықтарына арқау етті.
Өз заманының қоғамдық мүдделерін жете түсініп терең жырлаған, ақындық
әдіс-тәсілдерді барынша мол пайдаланған, заманының ащы шындығын жыр тілімен
мейлінше кең сипаттаған ақындардың бірі- Тұрмағамбет. Т.Ізтілеуовтың бір
ерекшілігі бұрынғы ақындарда сирек қолданылған ойды жұмбақтамай, сыртқы
форма мен ішкі мазмұнның арасын алшақтата сөйлеу өзінің төлтума қасиет
екендігін, ақынның төңкеріске дейін жазылған жырларынан да анық аңғарамыз.
Қасқырда қуат қалмаса,
Апа дейді ешкіні.
Тоңған-торқа көреді,
Қырық құраулы ескіні
Үміт үзбе, бұзылсада,
Ісіңнің ерлер кескіні...
Халықтың рухани денсаулығын көздеген ұлы мұратта өңірде екі түрлі
сипатта көрініс тапты. Бірі – азаматтық саяси бостандық, екіншісі –
танымдық мұраттар бостандығы. Осы екі бағыт өңірде өмір сүрген ақын,
жыраулардың келешек үшін сіңірген еселі еңбегі.
Заман талабына сәйкес әр кезеңнің ақын, жыршылары образ жасаудың
түрлі тәсілдерін меңгеріп, қолданғаны мәлім. Мысалы, Әбілхан Маханов
ақынның композиция құру ерекшелігі жасаған образдарын ашық-айқын, конкретті
текстпен беру арқылы концепциялар мен тұжырымдарды санада жасауға
ұмтылуында. Себебі оның тыңдаушылары жалаң лозунгылармен дақпырт уәделерге
құлақ-құлқы үйренген. Сондықтан, күрделі поэзияны, астарлы сөзді қажет
етпейді. Бірақ ақын партком емес, ол өз ниетін көркем сөзбен безендірмей
тұра алмайды. Осы қайшылықтан барып өнер адамының алдынан екіұдай мәселе
шығады. Ақын әрі конкретті, әрі метафоралы жыр жасауы керек болды.
Сондықтан, ақын жыраулар шығармаларының мәтін туралы толғау түрінде
плакаттық сипаттама. Бұл мәселе жалғыз Әбілхан ақынның ғана емес, сол
замандағы талай сөз зергерлерінің алдынан шыққан күрделі мәселе. Бұрын
халық жырауға бейімделсе, енді ақын халыққа бейімделуге мәжбүр болды.
Ақынның қабырғасы қайысатыны тыңдаушысын жоғалтты, асыл сөздің қадірі
кетті, халықтың көңілі басқаға ауды. Осы қара дүрсіндікке қарсы ол өз
программасын ұсынады.
...Ендігі қалған жалғыз жол-
Атаның жолы, даңғыл жол.
Сыналған талай ғасырдан,
Адассаң одан алдың сор.
Бұл – сары уайымшылдық, көнені көксеу, эллегия емес, күйініш-қылжылыс
тудырған жыр.
Сыр бойы ақын-жырауларының шығармашылығына тікелей нұрын төккен кітап
– Иассауидің Диуани хикметі. Бұл кітапты солай көшірушілердің көбі
мұсылманша сауатты молдалар, ақын-жыраулар болған. Сондықтан, бұл өңір
шайырларының бәрі дерлік қасиетті кітаптан тәлім алды. Айталық, қазақ
ақындары арасындағы жыр сеңгірінің бірі Балқы Базардың Дүние қудым деген
толғауындағы:
Опасы жоқ бұл дүние,
Түспеді қолға қуғанмен,
Неше алуан түрленіп
Өткіздік өмір қапылатпен.
Атаңа нәлет дүниенің,
Алдағанын шын көріп,
Дүниенің әлегі,
Қалды көңіл кірленіп,
Талма –тал түс болғанда,
Талықсығанға ұқсаймыз
Дүние –киік, адам –ит.
Қуа –қуа ізденіп,
Бізден бұрын өтіпті,
Екі етегін түрініп,
Иманын тілеп жүгірген,
Хақ дегенде еңіреніп,
Ғайып ерен қырық шілтен,
Шылауында екен олардың
Жұмыла әулие күңіреніп, -
деген жыр жолдары Ахмет Иассауидің даналық кітабындағы:
Дүние боқ соңынан итше жорыттым,
Іздеп оны артынан күн–түн қудым
Әмірін тұтпай хақ жолына көзім
жұмдым,
Қайда барам, иә, достар, қатем
міне?
Дүниеқоңыз мал жинағанда көзбен
көрдім,
Өлер кезде қалайсың деп жақын
келдім,
Шайтан айтты: иманына қолым
салдым,
Жан шығарда жылай–жылай кетті
достар,
Зікір айтып, риза болып хақты
таптым,
Дүние қызығын талақ етіп жаншып
тептім,-
деген өлең шумақтарымен туыстас секілді.
Асылы Қожа Ахмет бабаның даналық кітабындағы барлық хикметтер
құрандағыдай арнайы мақаммен айтуға негізделіп жазылған... Сыр бойының
дарабоз ақыны Балқы Базардың туындыларының көбісі де тыңдаушы көңілін
тербетер мақамға бейімделіп шығарылған.
Қожа Ахмет Иассауи адам жасының ілгері өсу барысындағы өзіндік
ерекшелігін көрсетіп, оны өмірмен сабақтастырып жырлаған алғашқы ақынның
бірі. Осы дәстүр қазақ поэзиясында да, соның ішінде Сыр бойы ақын-жыраулары
шығармаларында да шынайы жалғасын тапқан. Бұған қоса айтарымыз: Қожа Ахмет
Иассауидің Диуани хикмет кітабы Сыр бойының сүлейлері Қарасақал Ерімбет,
Дүр Оңғар, Бұдабай Қабылұлы, Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары,
Қуаныш Баймағамбетұлы және басқа сандаған ақын -жыраулардың шығармашылығына
елеулі әсер еткен. Аталған жыраулардың ішінен біразының шығармашылығына
толығырақ тоқталып өтсек деймін.
Жыраулардың жампозы атанған Базар жырау Оңдасұлы (1841-1911)
есімінің күні бүгінге дейін исі қазақтың жадында жатталып келуі тегін емес.
Шығармашылық ғұмыры XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың алғашқы
онжылдығында тура келетін Базар жыраудың жыр–толғауларының сол кездің
өзінде-ақ Сыр бойына ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне тарап үлгергені
туралы, сондай-ақ осы аймақтардағы сөз ұстанған, өнерпаздардың Базар
жырларымен ауызданып, өнерлік жолын бастағаны жөнінде нақты деректер
ғылымға белгілі.
Жыраудың өзі:
Қазақты сүттей ұйытты,
Аузымнан шыққан лебізім
немесе
Дабылым кетті алысқа,
Жиреншенің өзіндей,–
деп жырласа, ақынның замандас інісі Оразымбет Естайлақұлы Базар жырауға
арнаған қарындастың қамы үшін атты толғауында:
Дабылың кетті, Базеке,
Жиреншедей ұзаққа.
Петербор, Мәскеу, Марғұлан,
Орал мен Төрткүл, Жызаққа,-
деп қайырады.
Базар жырау шығармалары Сыр өңірінен шыққан ақын-жыраулардың ішінен
алғашқылардың бірі болып С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ә.Диваев, Ә.Марғұлан,
М.Әуезовтердің қолына тиген. Шығармаларының әдеби әрі ғылыми айналымға өз
тұстастарына қарағанда ертерек түсуі, әдебиет жинақтарына енуі жырау
мұраларының ел аузында көп айтылып, жатталып келуінен ғана емес, оның
ғалымдар мен зерделі жинаушылардың назарын еріксіз аударатындай
көркемдігінен болса керек. С.Сейфуллин : Бұқар жыраудан кейінгі қазақтың
ірі жырауы – Базар жырау десе, М.Жұмабаев: Асса елдің қамын ойлаған,
қалса өзінің терең бойлаған,- деп Базар жыраудың ақындық қарым-қабілетін
жоғары бағалайды.
Базар жырау бәрінен бұрын дәстүршіл ақын болған. Есін білгелі ел
аузындағы жыр–термелерді, толғау–дастандарды жаттап өсу жыраудың балалық
шағына тән базарлы уақыты, ал халық ауыз әдебиетінің мол қазынасы, тарихи
әдебиеттің тағылымды мұралары, өзі өмір сүрген өнер ортасы–бұл оның
өмірлік, өнерлік жолы.
Баласы батыр қабақ, молда Қисық,
Қолыңа қалам алып жазшы хатқа,
Себеппен азын–аулақ айтып толғау,
Жаздым сөз жақсыларға сынатпаққа,-
дейді.
Ұзақ толғауды айтылған заматында хаттап үлгеруге қаншалықты
мүмкіншіліктің болғанынан бейхабар біз қалай болғанда да түйдек–түйдегімен
беріліп отыратын орамды ой, кестелі сөз, ойлы образдарды дүниеге келтірудің
қиямет–қайым іс болатынын, бұған суреткердің сирек таланты, шығармашылық
қабілеті, импровизациялық қуат–күші қажет екенін айтпай өте алмаймыз.
Жыраудың Әр кемелге бір зауал атты толғауын кішігірім философиялық
трактаттан кем емес деп айта алар едік. Бірақ Әр кемелге бір зауал-
философиялық трактат емес, толғау өлең. Дүние, оның өтпелілігі–бұлар әрі
таза ойға негізделген философиялық тұжырым болғанымен, өлең контексінде
сезіммен суарылып беріліп отыр. Өйткені, бұл дүние батырда, биден,
арудан,тұлпар ат, сұңқар құс бәрінен қалған. Дүниеде мәңгілік еш нәрсе жоқ.
Өлшеулі демі біткенде,
Ажалдың оғы жеткенде,
Бадана көзді берік сауыт
Тең болар оның наласы
Жалаңқат киген шекпенге,-

дейді Базар жырау.
Бұл тұста жырау бадана көзді берік сауыт пен жалаңқат киген шекпенді
қатар бере отырып, бәрібір ажалдың келетініне, адам баласының өлімге
қалайда мойынсұнатынын толғап отыр. Жалпы ой толғауларының өзін таза ойдан,
ақылдан ғана тұрады десек, қателесер едік. Терең ойды сезімге орап, бөлнп
айту–толғау өлеңге де тән сипат.
Дүние қалай қысқа, шолақ болса, оның қызығы да сондай, қусаң
жеткізбейтін қашаған, баянсыз. Базар жырау толғауларында осы мотив біраз
қаузалып, жырланып отырады.
Опасы жоқ бұл дүние,
Түспеді қолға,
қуғанмен,
Неше алуан түрленіп

деп толғанады. Енді бірде ол:
Дүние зат екенсің
іштен туған,
Жігіттің ақылы жоқ
сені қуған, -
деп қайырса енді бірде өлім жайын толғай түседі.
Бай да өткен, патша да өткен, батыр да өткен,
Түбіне бұл пенденің өлім жеткен
Қаншама өлмеймін деп шалқаясың
Өлмесе ата–бабаң қайда кеткен,-
деген шумақтар тумақ бар да өлмек бар дегенге дәлел бола алады. Ешқандай
бас ауыртпайтын ақиқат, толғау тілінде жеткізілген түздік философияның
табиғи бір тіні осындай.
Базар жырау өлімнің өзінен ғибрат алуды жырлайды.
Алыңдар ойлап ғибрат,
Шың басындағы өліктен,
Бір жерге бәрі жиналып,
Жатыр деп олар неліктен.

Өмірдегі не нәрсе болсын, бәрінің екі жағы бар, ақиқатқа жету үшін
оларды салыстырып жырлау – толғаудың жанрлық сипатын танытатын басты
белгілерінің бірі. Бұндай сарын Базар жырауда жетіп артылады. Жырау Атасы
жақсы қандай-ды,- деп аталатын толғауында екі түрлі зат пен құбылысты
салыстыра отырып, оның мәнін аша түседі.
Әдебиет тарихындағы өзіндік орны бар ақын-жырауларды бәрінен бұрын
басқалардан көркем тілі, айшықты ойы, бейнелі ойы ерекшелесе керек. Білікті
әдебиетшілер әдебиет тарихының күні бүгінге дейін ойлаудың екі–ақ сатысынан
өтіп үлгергенін айтып келе жатыр. Олар:
1. Мифологиялық ойлау.
2. Метафоралық ойлау.
Осы сатылардың образды ойлауға қатыстылығын әдебиет тарихы мен
әдебиеттің көрнекті өкілдері шығармаларының сапалық өлшемі ретінде
қарастыруға болатынын айтқанда, метафоралық ойлау әбебиеттің есейген, өскен
кезеңі мен дәуірлеріне дөп келетінін тұжырымдауға болады.
XV–XVII ғасырлар этникалық тарихының негізгі мағынасы – қазақ
этносының қалыптасуының аяқталуы. Ал осы бір шешуші тарихи дәуірдің рухани,
мәдени саласын жетілдіруде жыраулық мәдениет зор қызмет атқарды. Олар осы
этникалық бірігу процесінің рухани-идеологиялық іргетасын жасады, Ұлттық
сана, менталитет мәселесіне тікелей қатысы болды. Бұл кезеңде халық алғы
философия деңгейінен көтеріліп, ойлаудың сезімдік-деректік нұсқасынан
арылып, ақыл-ойын кемеліне келтіре бастаған. Себебі ислам өркениетіне
кіргеніне бірнеше ғасыр өтті. Түркі тайпалары әл-Фараби, Иассауи,
Ж.Баласағұн, М.Қашғари сынды ойшыл, философ, ғалым дәрежесіне көтерілген
тұлғаларды өз орталарынан шығарып үлгірген еді. Алтын Орда дәуірінде де
мұсылмандық философия, суфизм, ғылым әсері жоғары болды. Толыққанды
философия кезеңі осы дәуірден басталады. Жыраулық мәдениеттің рухани алғы
шарттарын зерттегенде біз осы мәселені меңгеруіміз керек. Ислам
философиясының, әсіресе, суфизмнің түркі дүниетанымын, ішкі әлемін дамытуға
зор әсер еткенін мойындамауға шара жоқ.
Толыққанды өркениет өкілдері, саналы субьект, тұлғалар ретінде X-
XVIII ғасырларда өмір кешкен жыраулар қазақтың ұлт мінезін, көне мұрасын
зерттей отырып, оны одан да жетілдіріп немесе оған қауіпті тенденциялармен
күресуге ат салысады.
Жыраулар өмір сүрген қазақ хандығы кезінде суфизм қазақ мәдениетіне
терең тамыр жайған еді. Иассауи дәстүрімен қоса осы дәуірде орталық Азия
қалаларында: Бұқара, Самарқан, Хиуа сияқты білім, дін ордаларында софы
бауырластығы зор белсенділік танытты. Көшпелі қазақтар да осы рухани
әсерден тыс қалған жоқ.
Орта ғасырлық қазақ мәдениетіне, атап айтқанда ақын-жыраулардың
шығармашылығына суфизм үлкен әсер еткенін А.Жақсылықов өз еңбегінде тілге
тиек етеді. Жырауды тек ақын емес, көріпкел-әулие, рухани ұстаз, идеолог
деп қарауымыз керек, себебі сол кездегі рухани өмір синкреттік сипатта
болғандықтан жыраулар қызметі де полифункционалды болып келеді. Ал жырау-
ақындардың әулиелігінің, даналығының қайнар көзі суфизм еді. Сонымен,
жыраулар тек жыршылар емес, дәстүрлік типтегі діни психологиялық сананың
иелері еді. Жыраулар – мұсылманша оқыған, шариғат пен тариқат тәжірибесін
бойына сіңіргенұлы тұлғалар. Олар діни қисса, сопылық поэзиядан да
сусындаған. Қорыта айтсақ, осы бір құбылыстың рухани алғышарты –суфизм,
ислам руханияты демекпіз. Дәлірек айтсақ, суфизмнің қазақ топырағында
көшпенділер мінез-құлқына сай бейімделуі негізінде туған синкреттік құбылыс
– жырау мәдениеті.

1.2. Қазақ жеріндегі жыр айту мектептері

Жыр айтушылық өнердің ішкі сырын, табиғатын, даму, өзгеру тарихын
тереңірек білудің бірден-бір жолы оның әр түрлі мектептерін анықтау,
олардың өзіндік репертуар, саз (мақам) ерекшеліктерін нақтылау болып
табылады. Жалпы қазақ фольклористикасында бұрын жыраулық, жыршылық
мектептер тек эпостарды айтушыларды қарастырып келді. Осы олқылықты кейінгі
жылдары Р.Бердібаевтың Сыр бойы, Оңтүстік Қазақстан, Қ.Сыдиқовтың Батыс
Қазақстан жыраулық, жыршылық дәстүрлері туралы жазған еңбектері
толықтырғандай болды. Жыр айтушылық мектептер туралы пікірлер Одақтық
фольклористика ғылымында да біраздан да бері айтылып келеді. Оны
В.И.Чичеровтың заонежья жыр айтушылар мектебі туралы, М.Әуезовтің,
К.Рахматулин, Р.Қыдырбаеваның қырғыз манасшылар мектебі туралы,
Жирмунскийдің Х.Т.Зарифов, Т.Мирзаевтың өзбек бақсылар мектебі туралы,
К.М.Мақсетов, Қ.Айымбетовтың қарақалпақ жырау бақсылары мектептері туралы
еңбектерінен көруге болады.
Бірақ бұл ғалымдардың көпшілігі жыр айту мектептерін арнайы зерттеу
обьектісі етпегендіктен, көбіне көңілдерін мектептердің таралу аймағы,
өкілдері, кейбірінің репертуары дегенге ғана аударған. Ал әр мектептің
репертуар ерекшелігі, ортақтығы, жыр айту дәстүрінің өзіндік және ортақ
сипаттары, әр мектептің айтушыларының толық өмірбаяны, репертуары, бар
мектепке ортақ репертуардағы жырлардың мектептерге байланысты нұсқалық
ерекшелігі деген фольклорист ғалымдарды ғалымдардың зерттеуін күтіп тұрса,
әр мектептің өзіндік және ортақ жыр айту сазы деген музыка зерттеушілердің
көңіл аударуын тосуда. Сондай-ақ, түрлі мектептер ғана емес, бір мектептің
ішіндегі бір жырдың әртүрлі нұсқаларының айырмашылығы, ұқсастығы деген де
бір монографияға жүк боларлық мәселе.
Жыр айтушылар мектебіне көз жіберіп отырғанда анық байқайтынымыз
мектеп атауына байланысты біркелкіліктің жоқтығы. Бірде жер атымен (Батыс
Қазақстан, Сыр бойы, Жетісу) аталса, бірде белгілі ірі өнер адамдарының
атына байланысты (Нұртуған, Жиенбай) аталады. Біздіңше жыр айту мектебін
жер атына байланысты атау дұрыс секілді. Себебі бұл белгілі жырау, жыршының
ғана емес, онымен дарыны қатар барлық айтушыларды сол өңірге тән өзіндік
жыр айту ерекшелігіне қарап топтастыруға мүмкіндік береді.
Қазақ халқының жыр айту дәстүріне тереңірек көз жібергенде, жалпы
дүние жүзілік эпикалық дәстүрге тән ортақ қасиеттерге де ие жырау,
жыршыларымыздың өзіндік ерекшелігін де анық көруге болады. Бұл
ерекшеліктерді ғалымдар мен жалпы қауым бір-бірін қайталамайтын жыр
саздарына (мақам), тұрақты эпикалық жырларына қарап ажыратқаны да даусыз.
Ал кейін осы шарт жыршылық мектептердің саралануына да негіз болған сияқты.
Осы тұрғыдан келгенде қазақ жыраулық, жыршылық мектептерін былайша жіктеуге
болатын секілді:
1.Батыс Қазақстан;
2.Сыр бойы;
3.Орталық Қазақстан;
4.Жетісу;
5.Оңтүстік Қазақстан жыраулық, жыршылық мектептері.
Аталған жыршылық мектептерді бір-бірінен ажырататын ерекшеліктерімен
қатар барлығына ортақ қасиеттердің да аз емес екенін айта кеткен жөн. Бұл,
біріншіден, жыр айту дәстүрінің ежелгі тамыры бір екендігін көрсетсе,
екіншіден қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі көшпенділік салдарынан өнер
иелерінің араласуы арқасында бір-біріне әсер еткендігін, сол арқылы өнер
ауқымын кеңейткендігін аңғартады. Бұл екінші себеп салдарынан қазақ жырау,
жыршылары тіпті республиканы былай қойып көршілес қырғыз, қарақалпақ, өзбек
жыр айтушыларымен араласып, үйреніп қана қоймай, оларға өзінің озық жыр
айту дәстүрін үйреткен де. Мұның мысалын қарақалпақ жырауларымен араласқан
Қазақбай, Мұрын, Жалғасбай, Алдаберген, қырғыз манасшыларымен араласқан
Жамбыл, Кенен өмірі мен шығармашылығынан анық көруге болады.
Адамгершілік ұлы мұраттар қай өңірде, қай заманда өмір сүрмесін,
адамзаттың ұлы мақсаттармен тоғысып, үндесіп жататындығы көңіл аударылмай
келген мәселе. Көңіл аударылса да, типологиялық негізін таппай келген жайт.
Жалпы адамзаттық құбылыс ретінде бұл мәселе түрлі әдеби безбендер
таразысына тартылса да, өзінің ортақ бөлінгішін таба алмай келді. Жыраулар
мен жыршылар осы глобальды мәселені өз шығармашылығында басты нысана етіп
алып, шешімін де тарқан болатын. Мәселені шешуде олар екі тиянаққа
сүйенеді. Бірі-өзінің дарыны, өзіндік тәжірибесі, таным деңгейі. Екіншісі-
өзіне дейінгілердің рухани мұрасын игереді, меңгере білу қабілеті. Демек,
тарих және оны жасаушыларға берілген мінездеме бірімен-бірі өте тығыз
байланысқа біте қайнасқан дүние екендігін әрдайым есте ұстауымыз шарт.
Тарих өзін жасаушыны тудырса, оның туындысы сол тарихты жасайды. Тұлғалар
мен олардың өмір жолдары бір-бірімен егіз. Ақын өмір – заманның айнасы,
заманы-ақын тумагерлігін айқындайтын мизам таразы. Адамның таным табиғатын
салмақтаудағы бірден-бір өлшем шындық және оны тану мүмкіндіктері аясында
жатыр.
Менің жарым-қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Оны сезер сіз емес,
Көзге таса бұл сыры...
...Көрем десең жарымды,
Мас бол, жүрек тазала
Өртеп жібер барыңды,
Қарсы ұмтыл қазаға...
Шәкәрім [19, 51].
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Бірақ ол қайта айналып сірә келмес,
Мені мен менікінің айрылғанын,
Өлді деп ат қойыпты өңшең білмес.
Абай [20,
36].
Келтірілген мысалдар бір қарағанда пессимитік сарын, сары уайымға
толы сияқты. Алайда, адами мұраттар тұрғысынан алғанда аса өміршең, нағыз
диалектикалық ниетімен таң қалдыраты, қоғам алдындағы келешек нысаналардың
программалық айқындамасы. Осы өзектес тақырыптар Сыр саңлақтары
тумагерлігіне тән эпиграф. Олардың азаттық тұлғасын айқындайтын негізгі
сипаттарының бірі – қай тақырыптарды қозғамасын, келешекке бағытталған өрлі
рухында. Осы жеңімпаз рухтың негізгі мақсаты – замана талабына жауап бере
білу, келешек тағдырына өзінің күрескер үнін қосу; тарих шыңына көміліп
қалған бедерсіз із болмайтығына кәміл сенімдері өз тумагерліктеріне
сонардағы іздей сайрап жатыр.
Дүниеден өмір бітіп, өтсемде өзім,
Аралап жердіің жүзін жүрер сөзім!
Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім!

Тұрмағамбет
Сыр өңірінде жасаған ақын-жыршылар кемуге ұмтылған жалған,
өткінші, фәни, бақи, мәңгі туралы пайымдардың өзара қарым-
қатынасын, ара салмағын шешуге тырысқан, ұлы мақсаттарға қол созған
ақындардың бірі – Шораяқтың Омары. Ол өз кезегінде замандастарынан Дүр
Омар, Молла Омар деген атақ-дәрежеле алып марапатталған.

Шылдырмақ жас баланың ойынындай,
Азды күн дүние ғой көңіл алдас.

...Басты иген көп құлшылық неге керек,
Де де қой: Екі дүниеңді өзің оңдас.
Тар заман құрсауында өтсе де өмір,
Адамдық қасиетке жастан жармас.
Мәз болмай азды күнгі күнкөріске,
Есіңе ал келешекті жора-жолдас.
Өмірге келгеннен кейін адам шылдырмаққа мәз болған бала сияқты, оның
мәнін, қызығын іздей бастайды. Әр нәрсені бір... алданыш тұтады. Көп
жағдайда ол, осы алданыштың өткінші, тұрақсыз екенін бағамдай бермейді.
Алайда негізгі мақсат тұрақтану, пайымдау. Бұл жерде алдымыздан тартылатын
сауал: шылдырмақтың дыбысына, артық бақ, дәулет, мансап, т.б. сияқты
өткінші мұраттарға көп әуестенбе, салынып кеппе деген толымды ойдың
қанағатшыл пікірі. Бұл мәселелерді шешудің бірден-бір жолы дархан
адамшылық, кең кісілік деп, өз сауалдарына байлам жасайды. Ақынның
бағдарламасы құрса өмірдің проблематикасы келешек мұраттар талқысынан,
тезінен өткізгенде ғана оң шешімін табады деп тұжырымдалады. Олар-өткен
дүниені көксеушілер емес, дүние ғапыл деп танушылар. Өткен дүниеден қайыр
жоқ, қайыр келешекте. Осы ұлы идея өңірдің күйлерінің аттарында да сайрап
жатыр. Өттің дүние, кеттің дүние, Көкіл, Домалатпай, Жолаушының
жолды қоңыры, Қоңыр қаз, т.б.
...Қапылат жастығында жата бермей,
Байқа, өлім-басындағы бөркіңдей-ақ.
Сөз қалдыр соңғыларға нышан етіп,
Бір байдың қыстап кеткен мұртындай-ақ.
Жаңалық жазып форма таратамын,
Мерзімі әр мезгілдің менікіндей-ақ.
Ақынның ағынан ақтарылып айтпақ ойы бейқамдық құшағында жере берме,
дүние қойған сұрақтарға көңіл аудар. Ақынның негізгі идеясы: ғұмырдың
ғұмырдан айырмасы жоқ. Алайда келешегі бар түйінді түйсік қана. Ақын өз
пікірлерін, жарқын ойларын бір образдың ішінен сол образдың шеңберінде
тұрып, литоталық тарылту әдәсә арқылы көздеген нысанасына нақты, жинақтап
алып келеді. Омар ақынның образ жасау тәсілі тарқатылып бара жатқан
ұршықтың ұршықтың сабы көрініп келе жатқан процесін елестетеді. Оның
әдеби әдіс-тісілінің бірі – жалпыдан жалқыны аршып алу, мәселені біртіндеп
кішірейту арқылы діттеген мақсатына дөп түсу.
Қазақ топырағындағы көне мифтік заманда туған мифологиялық ойлау
үлгілерін қайта нәзиралаған, осыған үндес шығыстық тақырыптарға да көңіл
бөлген, бірнешелеген жазба айтыстары мен түрлі тақырыптардағы жыр-
толғаулары жеткен, көп қырлы жыр жампозының бірі – Кете Жүсіп Ешниязұлы.
Жүсіп Сыр бойындағы салдық мектептің өкілі, бірнеше ән-күйлері сақталған
сазгер.
Көңілім – гүл, өмірім – бақша, тілім – бұлбұл,
Адамзат осы үшеуімен жайнайды гүл.
Өмірі адамзаттың жаз бен қыстай.
Гүлденіп тұрады ол жасап жыл-жыл...
Ақын поэзиясында салдық өмір салты тудырған өткінші өмірдің толассыз
қызықтары айқын көрініс тапқан.
Мақсатын жоғалтқан, сеңдей соғылысқан заманда да халық арасынан небір
көкірегі ояу, ілкі мұраттардан қол үзбеген тұлғалар бой көрсетуін
толастатқан жоқ. Осындай заманда өмір сүру, тоқсаныншы жылдарға дейін өз
ортамызда келген Сыр бойы жыраулық-жыршылық дәстүрінің белді өкілі, ақын
Әбілхан Маханұлы пешенесіне бұйырған екен. Ол аты сөніп өшуге айналған Сыр
бойы, Арал өңіріндегі көне дәстүрдің қайта қалпына келу жолында аянбай тер
төккен бірден-бір адам. Оның талайына идеологиялық құм басқан бұлақ көзін
қайта аршып, жарыққа шығару жазылған болып шықты. Біз зерттеу объектіміздің
мақсатына орай ақынның өмірлік мұраттар туралы концепциялық тұжырымдарына
тоқталуды жөн көрдік. Осы тақырыптағы жырлардың бірі– Не сұлу?.

...Армансыз әлем жүзін айналғанмен,
Мұз басар мұзбалақты келсе кезі.
Таусылса топшыдан әл, тырнпқтан ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ мәдениетінің қалыптасуы туралы
Қазақ сахнасында ән-аспаптық эстрадалық ансамбль өнерінің даму мәдениеті
«Қазақ мәдениетінің тарихы» курсынан дәрістер
«Қазақ мәдениетінің тарихы» курсы пәнінен дәрістер
Қазақтың күй өнері және күйшілік мектептері
Жаңғали ұстаздың еңбегінен дәм татыңыздар!
Мектепке дейінгі мекемелер ересектер тобына қазақ халық әндері негізінде эстетикалық тәрбие берудің ғылыми теориялық негізі
Қазақстанның ежелдегі мәдени мұралары
Қазақ ғашықтық жырларының орындалу ерекшеліктері
Ғалымның қазақ тілін оқыту әдістемесіне енгізген жаңалықтарын саралау
Пәндер