Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Қазақстан үшін Әуезов – екінші Абай

Сейдиллаұлы Мұхамеджан 10 «а»
сынып оқушысы
№ 125 С.Сапарбеков атындағы
орта мектеп
(87025651275) Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы
Көркем сөздің алыбы

«Қазақстан үшін
Әуезов – екінші Абай»

Н.Погодин
Бұл тұжырымда бұрылтпас шындық бар: Абай Құнанбаев та, Мұхтар Әуезов
те – жомарт табиғаттың жарық дүниеге тым сараң сыйлайтын біртуарлары,
халқымыздың парасат әлеміндегі ғасырлық ғажайыптар, саф таза сұлу, айрықша
оқшау құбылыстар.
Қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдағы асқар белі – Абай, ХХ ғасырдағы заңғар
биігі – Әуезов.
Әдебиетке ең қатал сыншы, ең әділ төреші уақыт десек, сол уақыттың өзі
осыны дәлелдеп отыр.
«Әуезов – екінші Абай» деген ұғым Абайды қайталау деген сөз емес. «Ат
тұяғын тай басар» дейтін көне нақыл көркемөнер дүниесіне заң бола алмайды.
Демек, Әуезов – Абайдың ізін басушы емес, өнер жолын жалғастырушы: Мұхтар
қазақ әдебиетін Абай көтерген биіктен әрі қарай өрлетіп, бүкіл дүниежүзілік
классиканың күнес кеудесіне шырқатып шығарды. Абай мен Мұхтардың
шығармашылық туыстығын, екі алыптың өзара ұқсастығын, міне, дәл осы
ерекшеліктен іздеген жөн.
Жиырмасыншы ғасырдың бас жағында жарық дүниеден Абай кетіп, «қазақ
поэзиясының күні тұтылған» тұста жетіге жаңа толған жас Мұхтардың күні
ертең күллі ұлт мәдениетіне ұлы тұлға, алтын діңгек болар алып суреткер
екенін, Абайдан кейін «тұтылған күннің» Мұхтармен бірге қайта
жарқырайтынын, әлбетте, ешкім біле қойған жоқ-ты. Енді ойлап қарасақ, Абай
мен Мұхтардың бұл әдеби жалғастығында Пушкин мен Лермонтовтың рухани
туыстығындай бір тамаша тұтастық бар екен.
Абай қазақтың өзіне дейінгі сөз өнерін су жаңа соны арнаға салып, өз
кезіндегі өнер атаулының тың биігі сыншыл реализм шоқтығына өрлетіп әкеткен
болса, Мұхтар Әуезов жалпы шыншылдық пен шынайылық атаулының асу бермес
асқар шыңы болып қалып отыр.
Абай өнеге алған өнер мектептерінің бірі – ұлы орыс әдебиеті десек,
Мұхтар Әуезов сол әдебиетті түгел баурап, сол арқылы одан да әрі шырқап,
бүкіл дүниежүзілік мәдениет пен білімнен мейлінше мол сусындағаны белгілі.
Қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезовтей білімдар ғалым-жазушы бұрын-соңды болған
емес десек, бұл қасиеттің түп-төркіні дәл осы шындықта жатыр.
Мұхтар Әуезовтің өмірі мен өнер жолы - көп бұралаң,ойы мен қыры, қия-
қалтарысы мол, қиын әрі күрделі сапар. Шын мәніндегі шынайы таланттың
әдебиет пен өнерге келу тарихында жалпыға ортақ табиғи заңдылықпен қатар
өзгеге ұқсамайтын оқыс, оқшау құпиялар да болады. Бұл ретте бала Мұхтардың
алғашқы сауатын әдеттегі әліппемен емес, Әуез атасы ұсынған Мүрсейіт
қолжазбасындағы Абай өлеңдері арқылы ашуы – арнайы назар аударарлық нұсқалы
нәрсе! Өзі Шыңғыс баурайындағы Абай аулында туып, жусаны мен жыңғылы,
көдесі мен көкпегіне дейін желге тербеліп ән салып тұрған ақын далада өскен
Мұхтарға Абай кеткенмен оның «іңірде шайтан көшкендей» шартарапқа шалқып-
төгіліп жатқан думанды дәстүрі игі әсерін тигізбей қояр ма? Мұхтар Әуезов
ең алдымен жазушы – дүние сырын толқымай, тебіренбей, ұшқындамай,жалындамай
қабылдай алмайтын нәзік дірілді сыршыл жазушы. Мұхтар Әуезов әуел баста жер
бетіне дәл осылай өмірді өнерге, өнерді өмірге айналдыру үшін ғана келген
құдірет-күш болуға тиіс. Оның болмыс-бітімі тумысынан бөлек екені де
сондықтан шығар.
«Ол бөлек еді, – деп тамсанады шәкірт Мұхтарға Семей семинариясында
орыс тілінен сабақ берген Василий Попов, -- алдыңғы партада отыратын он
сегіз жасар сыпайы, сұлу жас қазақтың денесі сыптай түзу, киімі сәнді тап-
таза, қою шашы қап-қара, кең маңдайы кере қарыс, қоңырқай жүзі байсалды,
маңғаз, көзінде ақыл тұнып тұр... Қадір-қасиеті өз ортасынан өзгеше бөлек
осы жігіт орысшаға өте-мөте жетік; ал эрудициясына бәріміз таң қалатынбыз».
Мұхтар Әуезов әдеби-творчестволық еңбекпен ерте айналысқан. Оған, әрине,
тума қабілеті, өмірлік тәжірибе және өзі оқып-тоқып, үлгі тұтқан үш сала
өнеге мектебі (қазақтың төл әдебиеті, орыс және еуразия классикасы) шешуші
фактор болды.
Ол Семейдегі гимназияда, семинарияда оқыған кездерінде қаладан далаға –
өзінің туған аулына – каникулға келіп жүреді. Жай келіп жүрмейді,ауыл
өмірін әр қырынан байқап, байыптап, зерттеп жүреді. Шынында да, Қазан
революциясынан бұрынғы қазақ даласының тіршілігі мен тағдыры – Әуезовтің
жан-жақты зер салып, терең таныған дүниесі.
Феодалдық-патриархалдық қоғамдағы қазақ елінің мінезі, құлқы, сыры мен
сипаты, ру аралық алыс-жұлыс,күштінің әлсізге көрсетер зәбір-
жапасы,байлардың кедей қауымға үстемдігі мен өктемдігі,
қалыңмал, барымта, қыз алып қашу, көп әйел алу, күндестік, жер дауы, жесір
дауы – осылардың бәрі Әуезовтей ойлы, білімді, мәдениетті қаламгердің
қиялын сан қияға салып ойландырады, толғандырады. Кейбір оқиғалар жекелеген
көркем туындыларға қолма-қол мазмұн, сюжеттік желі, идеялық арқау болып
тартылады.
Осы арада көңіл ұйытар бір нәрсе – Әуезовтің азаматтық қабілеті. Болашақ
алып суреткердің әлеуметтік ой-пікірлері ертерек пісіп, эстетикалық
көзқарасы ертерек қалыптасқанға ұқсайды. Қалам қызметіндегі алғашқы
адымдарының өзінен ойшылдық, азаматтық ауқым аңғарылады, парасат әлемінің
ойы мен қырын көп кезіп, басын тауға ұрып, тасқа соғып дегендей, тынымсыз
ізденгені, халық, ел, қоғам хақында толассыз толғанғаны сайрап білініп тұр.
Тұңғыш жарық көрген тырнақалды туындысы «Адамдық негізі – әйел» (1917)
деген публицистикасында автор әйел азаттығы туралы келелі мәселені кең
қозғайды. Тақырыпты талдау мәнерінен, түрлі жайды топшылау машығынан оның
өз ортасынан озғын білімі мен мәдениеті саз береді. Әуезовтің пайымдауынша
әйелдің бас бостандығы, азаматтық құқы деген тек бір әйелдің жеке қара басы
үшін ғана емес, сол әйел негіз болып отырған бүкіл адам қауымының тағдыр-
тіршілігі үшін қажет.
Әуезов алған тақырыбының ішкі астарына, түпкі тамыр-тереңіне сүңгіп
барып, тарихи салыстырулар жасайды. «Отан от басынан басталады» дегендей,
әйелді қоғамдық ортаның ұйытқысы ретінде танытады. Ерлер жағы өздерімен-
өздері салт ат, сабау қамшымен жүргенде, төңірегін уыздай ұйытып,
«балаларын баулып, асырап, үйлік ұйымының басын құраған – әйел». Осы әйелге
теңдік бермей күйкі халде күң ғып ұстау тек бір адамға емес, барлық қоғамға
жасалған қиянат екенін айтады. Өйткені адам қоғамындағы адамгершілік – ана
тәрбиесінің нәтижесі. Ал «өмірде әділет, мархабат, махаббат деген нәрсенің
атын естімеген ананың» адамды адамдыққа тәрбиелеудегі өрісі қандай болмақ?
Демек, адам бойындағы жаман қылық, жат мінездің бәрі бас бостандығы жоқ,
сондықтан екі үйдің арасындағы пыш-пыш өсек-ғайбаттан әрі асып ешқайда бара
алмай қалған, көрбала, бұйығы, рухани мүгедек әйелдің сорлылығына
байланысты екенін дәлелдей келе: «Әйел басындағы тұман айықпай, халыққа
адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал,қазақ, мешел болып қалам
демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейін десең, әйелдің халін
түзе!» - деп, өзінен бұрынғы ілгерішіл ағартушы-демократтар тұрғысынан озат
идея, ойшыл тұжырым ұсынады.
Әйел, әйелге байланысты әсемдік әлемі - әдебиеттің мәңгілік тақырыбы.
Өткен ғасырдағы орыс әдебиетінде әлемге әйгілі «Тургенев әйелдері» бар
десек, қазіргі қазақ әдебиетінде «Әуезов әйелдері» деп аңыздауға болатын
жан тебірентер сырбаз, сұлу образдар галереясы жасалды. Дәл осының беташары
да Әуезовтің әлгі толғанысы – «Адамдық негізі – әйел». Бәрі содан
басталған.
Қаламгердің көркем прозасының бірі – «Қорғансыздың күні» әңгімесі.
«Қорғансыздың күнін» оқыған адамды , ең алдымен, жиырманың аз-ақ үстіндегі
жас жазушының шеберлігі қайран қалдырады, оның сол кездің өзінде Батыс-
Шығыс әдебиеттерін біраз шиырлап тастаған білімі мен мәдениеті танылады.
«Қорғансыздың күні» оқырманның көз алдына байырғы қазақ ауылындағы
кедейлер өмірінің бір көрінісін тамыр-тереңінен қопарып әкеліп, бейшара,
қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен
ауыртпалықты аса шыншылдықпен әсерлі жаяды. Егер бүгінгілер өз
отандастарының күні кешегі осы халін білмесе, қазіргі жайын да жете бағалай
алмас еді. Бұл ретте “Қорғансыздың күнінде» зор тәрбиелік мағына жатыр.
Әңгіме аса әсерлі табиғат суретінен басталады: «С. қаласының оңтүстігін
жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау
бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық
алыстан көрініп дәмелендіріп тұрады. Жолдың аузында созылып жатқан
көлденеңі он шақырымдай, бірақ ұзыны тәуір болғанмен енсіз кереге сықылды
жалғыз жал.Не бауыр, не сыртында ықтасын жер жоқ. Арқалық жадағай жалғыз
болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да панасы болмайды. Қыстың
басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қылып тегістеп тастайды».
Алыстан қарағанда да бұдыры жоқ жалаңаш, көруге аса көңілсіз Арқалықтың
осы түрі оқырманды бірден-ақ бір түрлі оқыс, оқшау сезімге салып, сүреңсіз
табиғаттың әлдеқандай бір беймәлім сырынан секем алғызады. Құлазыған құла
түз, жалаңаш жон, қаһарлы қыс, бұрқаған боран... Бұл өңірдегі табиғаттың
осы көрінісінің өзі-ақ әлдебір жұпыны, жоқ-жітік халдің хабаршысындай
адамға ауыр ой салады. Сонда бұл сурет тек қана табиғат көрінісі емес, сол
кездегі заман сипаты, адам тағдыр-тірлігінің түрі тәрізденеді.
Осындай әсерлі суретке жалғаса келіп, Күшікбай батыр жайлы аңыз
әңгімеленеді. Бұл да – бір тартымды оқиға, әңгіменің фабуласымен ұтымды
ұштасып кеткен қызық эпизод.
Дәл осы тұста автордың екі түрлі қасиетін анық тануға болады: біріншіден,
өмірді бейнелеудегі шыншылдық; екіншіден, ортаны танытудағы ұлттық
ерекшелік. Осы екі қасиет әңгімеге нақтылық, нұсқалық және заттық сипат
береді. Мысал келтірейік: «Күшікбайдың кім екендігін, басынан қандай дәурен
кешкендігін әрі-бері өтіп жүрген
керуеннің көбі білуші еді. Оларға білдіретін заманның шежіресі, дәурені
өтіп, кедейлік басқан, көңілсіз салқын өмірге түскен кәрілер болатын».
Әсіресе соңғы сөйлемнен аңғарылатын шындық адамға айрықша әсер етсе, енді
мына үзіндіні оқиық: «Ақсақал мал қоралап болып жайланып, шайын ішіп, қазан
аспаның аузында кейде жылтылдап, кейде лапылдап жанып жатқан отты көріп,
бұрқылдап қайнап жатқан еттің исі мұрнына келіп отырғанда серпіліп әңгіме
бастайтын». Бұл арадағы суреттен танылатын тұрмыс-тіршілікте де,мінез-
ғұрыпта да аса айқын ұлттық бояу бар. Бұл ерекшеліктер шығармадағы шындықты
жақсы типтендіріп, характерді аса шебер даралап тұр.
Ақан болыстың сыртқы түр-пішінінен ішкі сыр-бітімі ап-анық көрініп
қалады. Ақан көбіне үнсіз жүреді, әлденені терең толғағандай ойлы, тұйық
қалыпта келе жатады. Бірақ бұл түрі ғана, ал сыры: осынша «қадалып
ойлағанда, қиялында бір сұлу әйелдің суретін тауып алып, соған пәлендей деп
сөйлесіп, әзілдессем, сондай қылып құшақтасам, сүйсем деп,соны ермек қылушы
еді». Бей-берекет ызы-шу, ду-дырду, қызойнақ желіктерін бастан көп кешкен
құмарпаз серінің құлқы осылайша қызық әрі нәзік байқампаздықпен нұсқалы
суреттелген. Ой-өрісі, мақсат-мүддесі қарға адымындай ғана, арман-тілегінің
бар болғаны бір-ақ уыс бұл секілді жүгенсіз нәпсі, көзсіз құмарлық құлынан
кісілік күту, әрине, қиын...
Ақанға сыртқы түрімен де, ішкі сырымен де қарама-қарсы образ – Ғазиза.
«Сыпайы, нәзік өскен Ғазиза жіңішке, сұңғақ бойлы, аз ғана секпілі бар,
дөңгелек ақсұр жүзді. Ғазиза көрген көзге алғашқы жерден-ақ сүйкімділігін
сездіретін уыз жас. Жалғыз-ақ ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде және ылғи
шытынған, кірбіңдеген қабағында қалың уайымның салған ізі бар. Пішіні
мұңды, жүдеу. Жас басына орнаған қайғы, жүрегін жеген дерт сыртына шығып
тұр».
Уыз жас Ғазиза, оның басындағы қайғы-қасірет оқырманға ерекше әсер етеді
де, оқырманның ықылас назары осынау жас қызға ауады, онымен қалтқысыз
ұғысқан сыралғы дос оны есіркейтін қорғаныш, оған қамқор серік болып
кетеді.
Жесір әйелдер мен қыздың күші - бұлшық еттерінде емес, олардың күші –
рухани тазалығында. Мәселен, Ғазиза әжесінің портретіне үңілейік: «Дауылдың
қара бұлтындай болып, әдейі басына арналып келе жатқан қайғы-қасіретті
көріп, соның алдынан айласыз әлсіз күйде өзінің отырғанын біліп тұрса да,
кемпір жүзінде үлкен сабыр бар, күйіп-пісіп жасығандықтан белгі жоқ.
Сынбаған ажар, қажымаған қайрат, салқын ерлік».Автор сүйікті кейіпкерлерін
сипаттағанда олардың ішкі ажар-көркін сүйсіне суреттейді.Кемпір өз отбасы
туралы қисынды әңгіме шертіп, үйіне тоқтаған мырзалардан жәрдем дәметкендей
болады. Соры қайнаған бейшаралар, шынында да, қорғансыз. Бұл – қаралы үй.
Жақында ғана баласы мен немересінен айрылғанын кемпір зар қылып айтып отыр.
Кемпір көрген қиянатын жыр қып айтып сай сүйегіңді сырқыратады. Ал үйіне
келген қонақтары оны жөнімен тыңдағысы да келмейді, өйткені бұлардың
адамгершілік сезімі, танымы қатқан тоңдай жібімейді. Кінәсіз кішкене
Ғазизаның жүріс-тұрысын мысықша баққан Қалтай екеуі ретін тауып, шөп қорада
сұмдық зәбір жасайды... Ары қорланған қыз басын ажалға байлайды.
Өмірден өлімді артық санағандықтан емес. «Малым- -жанымның садағасы, жаным
– арымның садағасы» деген ежелгі қазақ халқының
мінезін қанына сіңіргендіктен.
Әуезовтің осынау алғашқы әңгімесінің өзінде өзгеге ұқсамайтын өзіндік
мәнер-машығы бар. Мұндағы шұрайлы тілі, шырайлы стиль, дараланған адам
характерлері, нәзік лиризм, нақты әлеуметтік ортаның айқын сипатын беретін
таза, мөлдір шындық Сәбит Мұқановтың дәл айтылған тұжырымын сөзсіз
растайды: «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесімен Мұхтар шын
мағынасындағы европалық прозаның дәрежесіне көтерілді».
С.Жиенбаев: «Мұқаң әдебиетімізге ұлы шығармалар ғана емес, ұлы мінездер
де әкеліп еді.Әлемнің ең ірі азаматтары – Луи Арагон, Пабло Неруда, Назым
Хикмет, Самед Вургун, Ғафур Ғұлям, Мырза Тұрсын-заде,Шолоховтармен терезесі
тең, құрбы-дос болуы – біздің де мерейімізді көтеретін.Солардың өзі де
кезінде Әуезовпен дос болғанды мақтан ететін. Мұқаң оларды дүниеге жайылып
кеткен атағы үшін емес, өзі ғана түсінетін суреткерлігі үшін қадір
тұтатын».
Абайдың да, Мұхтар Әуезовтің де халық жүрегінен орын алуына негізгі себеп
болған олардың өз шығармаларын нағыз шынайылықпен,
жүректен тудыра жаза білуінде. Өмірде атақ пен даңқ қумай, әрбір еңбегінің
есебіне белгілі бір қайтарым күтпей шығармашылықпен айналысу – дарынның
ісі. Ұлылардың ұлылығы да – осында.

Ұқсас жұмыстар
Мұхтар Әуезов тағылымы
М.әуезовтың өмірі мен өнер жолы, ұлылық үлгісі
М. Әуезов Жазушының өмірі меншығармашылығы туралы мәлімет Қараш-Қараш оқиғасы әңгімесі
Абайдың жасы
М.әуезов және жалпыадамзаттық құндылықтар
Абайдың шыннаты кім
Жетім әңгімесі
Әлем әдебиетінің алыбы
Тілшілер сұрақтары
Қазақ әдебиетінің тарихы
Пәндер