Сабақ жоспары :: Қазақ тілі

Файл қосу

Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз

Астана қаласы әкімдігінің <<Медициналық колледж>> МКҚК

<<Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз>>

Құрастырған: қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы
К.Ы. Ахмет

Астана-2016 ж.

Астана қаласы әкімдігінің <<Медициналық колледж>> МКҚК-де 2016 жылы өткізілетін <<Армысың, Әз Наурыз>> атты қалалық байқау аясында өткізілетін Наурыз мерекесінің сценарийі

Тақырыбы: <<Ұлыстың ұлы күні, әз-Наурыз!>>
Мақсаты: Қазақ халқының ұлы мерекесі Наурыз мейрамы жөнінде түсінік бере отырып, халқымыздың салт-дәстүрін бойларына дарыту арқылы, шынайылыққа, адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Қазақтың киіз үйі, ұлттық тағамдар, Алтыбақан, қазақ халқының ұлттық ойындары т.б.
Түрі: Мерекелік сазды әдеби-музыкалық кеш.
І. Қонақтарды қабылдау
ІІ. Өнерпаз жігіт жиналған қауымды Наурыз тойын тойлауға шақырады.
ІІІ. <<Ұлыстың ұлы күні, әз-Наурыз>> мерекесінің жүру бағдарламасы.
1. Қазақтың салт дәстүрлері туралы түсінік беру
2. Халық әндері мен билерін тамашалау.
3. Қызыр атаны қарсы алу, бата сұрау.
4. Ұлттық ойындардан көрініс (қазақша күрес, кіртас көтеру, алтыбақан, аударыспақ ойнау)
Қонақтарды қарсы алу.
Қонақтарды Наурыз мерекесі өткізілетін жерге алып бару.
1-жүргізуші: Ассалаумағаликум, алатаудай ағамыз, ақша бұлттай анамыз.
2-жүргізуші: Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған шежіредей әжелер, бақуатсыздар ма!
1-жүргізуші: Армысыздар, қадірлі қонақтар, наурыз мейрамына жиналған көпшілік қауым.
2-жүргізуші: Бүгінгі наурыз мерекесіне арнап ұйымдастырылып отырған <<Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз>> атты наурыз мейрамына қош келдіңіздер!
Қазақстан көпұлттың басын қосқан, бірлігі жарасқан Мәңгілік ел.
Музыка. <<Достық>> биі (Өзбек, Орыс, Монғол, Украин)
(осы кезде топты жарып Қыдыр ата келеді)
Қыдыр ата: - О, бәрекелді, Наурыз мерекесі басталып кетіпті ғой. Ауыл аймақты аралап наурыз мейрамында ақ бата берейін деп аттың басын бұрған жайым бар. Медициналық колледжде наурыз мерекесі тойланып жатыр деген соң сіздерге ат басын тіредім.
Қыдыр атаның батасы
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алсаң
Сонда олжалы жол болар.
Амансыз ба, ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!
Ұлыс бақты болсын
Төрт түлігі ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Шашу шашылады.
(<<Алтыбақан>> ұлттық ойынын көрсету.
Ұлттық ойындар:
<<Алтыбақан>> ойыны ойналады, таныстырылады
<<Қазақша күрес>> спорт түрімен таныстырады;
<<Арқан тарту>> ұлттық ойыны туралы түсініктеме беріледі;
<<Тоғыз құмалақ>> ұлттық ойыны туралы түсініктеме беріледі;
<<Асық ойнау>> ұлттық ойыны туралы түсініктеме беріледі.
Қонақтар арнайы тігілген киіз үйге шақырылады.
( Қонақтарға келіндер сәлемін жасайды, самаурын қойған ер балалар сәлем
береді. Қонақтар алаң ішіне кіреді ).
Қонақтарға ыстық бауырсақтан ауыз тигізеді.
Келін: Келіңіздер, Наурыз мерекелеріңіз құтты болсын, ақ мол болсын, нан көп болсын, ыстық бауырсақтан ауыз тиіңіздер. (Қонақтарды киіз үйдің алдынан бірнеше кісі амандасып, қарсы алады.
1. Үй иесі
2. үй иесі
3. Бала
4. үйдің келіні
Үй иесі - Ал, қадірлі қонақтар, Наурыз мейрамына арналған дастарханнан дәм татыңыздар, наурыз көже ішіңіздер! Киіз үйдің ішінде бірнеше кісі отырады, олар да амандасып, Наурыз мерекесімен құттықтайды).
Бала: - Ата, сіз айтқан сәлем беру ер азаматтарға ғана қатысты екен, ал әжелер, апалар, қыз балалармен қалай сәлемдеседі?
Үй иесі: Ата-бабамыздан келе жатқан қазақтық ғұрыпта және оны өмір салтында, тұрмыста, іс пен қозғалыста сәлем берудің әдептері мен мынадай әдеттері бар: ауызша сәлемдесу, қол алысу, қос қолдап амандасу, төс түйістіру, құшақтасу, бала болса беттен сүю, әйел кісі болса, бірін бірі сүю, бармақ басымен сәлемдесу. Бас ию де сәлемдесудің түріне жатады. Төсіне қолын қойып сәлемдесу не болмаса, ұстазың болса шәкірті ретінде бас киіміңді қолыңа алып сәлемдесуге болады.
(Сырттан ата, әже, бала кіреді)
Ата: - Ассалаумағалейкум.
Әже: - Амансыздар ма?
Жауабы: - Уағалейкумассалам.
- Аман - саусыз ба?
Әже: - Амансың ба, балам?
Бала:- Амансыз ба, әже?
Үй иесі : - Бала - шағаларың, мал - жандарың аман ба? Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Қонақ бала: - Сәлем.
Бала: - Сәлем.
Үй иелері: - Құдайға шүкір, аманбыз. Наурызға да аман - есен жеттік. Төрлетіңіздер!
Бала: - Мадина жеңешем, апаммен амандасқанда иіліп сәлем берді ғой.
Үй иесі:
- Иә, иілу де сәлемнің бір түрі. Мұны жасы кіші әйел адам не жас келін үлкен қайын ата, қайын енелеріне жасайды. Ал сәлем жасау қазақ келіндеріне тән ізеттелік белгісі. Ал, үлкендер оған: <<көп жаса>>, <<жасың ұзақ болсын>>, <<бақытты бол>>, <<ұл тап>>, <<қосағыңмен қоса ағар>> деген сияқты сөздермен бата тілек айтады.
Үй иесі: - Балам, сәлемдесу әдептерін үнемі есіңде сақта.
Бала: - Ол қандай әдептер?
Үй иесі:- Танысын, танымасын үлкен кісіге сәлем бермей өтпейді.
- Ат үстінде тұрып сәлем бермейді.
- Бір адам көп адамға сәлем беруі керек.
- Атты адам жаяу адамға сәлем беруі керек.
- Келе жатқан адам отырған адамға сәлем беруі керек.
(Сырттан келін, қыз балалар, жас келіндер кіріп, сәлем береді Келіндер иіліп сәлем береді, қыз балалар :
- Сәлеметсіздер ме? Наурыз тойларыңыз құтты болсын!
Отырғандар: - Амансың ба, қызым! Рахмет. Көп жаса!
<<Көп жаса>>, <<Жасың ұзақ болсын>>, <<Бақытты бол>>,
<<Ұл тап>>, <<Қосақтарыңмен қоса ағарыңдар>>
1. Сүйінші сұрап бала келеді:
oo Сүйінші, сүйінші, Балкенже жеңешем ұл туды.
Үй иесі:
- Айналайын, аузыңа май, астыңа тай. Келінім Ұлыстың Ұлы күні дүниеге перзент әкелді.Ұзағынан сүйіндірсін. Менің қуанышыма ортақ болыңыздар!.
Әже:
- Құтты қонақ келсе қой егіз табады демекші, ұлыңның бауы берік болсын. Өмір жасы ұзақ болсын. Сүйінші сұраған баланың қолы құр болмасын.
Келіні: Мырза бала, наурыз дастарханынан дәм тат.
Үй иесі:
oo Балам, бізге әкелген сүйіншіңе есік алдында байлаулы тұрған құнан сенікі, мініп қайта ғой.
Бала: (дастарханнан дәм ауыз тиіп болған соң)
- Рахмет, ата, мен кеттім(сырттан дабырлаған дауыс естіледі)
Ата:
oo Бір қозы дүниеге келсе, бір жусан артық шығады деген бар емес пе? Мереке қарсаңында дүние есігін ашып отырған нәрестелердің ырысы мен несібелері көп болсын!.
Барлығы: Әрине, айтқаныңыз келсін!
Үй иесі:
- Мына келген құтты қонақтарымыз біздің қуанышымызға ортақ болып келіп қалған екен, жаңа туылған ұлымызға атты сіздер қойыңыздар.
Автор - 1: (қыз бала) Жаңа туған сәбиге ат қою - ерекше салтанатты ғұрыптың бірі. Ат қоюға қазақ халқы ерекше көңіл бөлген. Әрине, алдымен жақсы есімдер мен елге әйгілі адамдардың атын қойған.
Автор - 2 (ұл бала) : Сонымен бірге бала есімін жақсы, беделді кісілерге қойғызып, батасын алуды ұмытпаған.
Автор - 1: Баласының беделі, болашақта ел қамын ойлайтын азамат болғанын кім қаламайды. Атам қазақ ырымдарға да қатты сенген. Мәселен, Қаныштың әкесі туылғанда атасы Сәтбай Сегіз серіні әдейі шақырып, баласының атын қойғызған.
Автор - 2 : Иә, сонда Сегіз Сері Иманжан деп ат қойып, " бұл баланы еркелетсеңдер Имантай деп атарсыңдар" деп балаға былай деп бата береді:
Әнет бидей еліңнің ағасы бол,
Халқыңның Қазыбектей данасы бол.
Жер, суды жау қалмақтан қорғап қалған,
Бөгенбайдай жұртыңның панасы бол.
Ер Сырымдай халқыңның көсемі бол,
Тоқсан бидей үш жүздің шешені бол.
Керейде Белгібайдай білекті бол,
Беріште Исатайдай жүректі бол..."
Автор - 1: Ал, Кенесары ханның есімін Арғынның атақты биі Шоқай қойған екен. Ырым етіп бұрынғы батырлар мен ақындар, шешендердің де атын қойған. Бірақ өте қасиетті әулие-әмбиелер мен ұлы адамдар есімін қоюға тыйым да салған.
Ал, ұлы Абай дүниеге келгенде құрметті ақсақалдар мен бәйбішелер бала туылған ақ үйге кіріп: "Бауы берік болсын! Ата- бабаларындай атақты, абыройлы болсын "- десіп арнайы азан айтып, баланың құлағына үш рет айғайлап арапша Ибраһим деп ат қояды. Сүйікті немересінің Ибраһим деген атына тілі келмей, оны "ойлы болсын, аңдағыш болсын, абайлағыш болсын" деген тілекпен Абай атандырған да аяулы Зере әжесі емес пе?.
Автор - 2 : Ал, айтыс өнерінің дүлділі Жамбыл атамыздың атын Хан тауы, Жамбыл тауының атауымен "таудай биік болсын, Жамбыл тауындай еліне пана болсын" деген ниетпен "Жамбыл " деп атасы қойған екен.
Ал енді балаға көз тимесін деп Бишай, Қосқұлақ, Итемген деп те қойған. Қазір Бауыржан, Абай, Сәкен, Абылай, Фаризалар көп. Бұл да сол кісілердей болсын деп қойылған есімдер. Балаға ат қою жеңіл-желпі іс емес. Сондықтан балаға лайықты әдемі есімдер қойған жөн.
Ата: - Бізге мұндай сыйлы жолды берсеңіздер, немерелеріңіздің атын мен қояйын.
Әже: (Есіктен енесі құндақтаулы баланы алып келеді.)
oo Ал, ағайын, келініміз дүниеге ұл әкелді. Елдің сыйлы да құрметті
кісілері деп сіздерге немеремнің атын қойғызбақ ниетіміз бар.
Бәрі: - О, бәрекелді!
Келін: <<Құтты қонақ келсе, қой егіз туады>> деген.
Бұл жақсылық бүгінгі Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп тұр
екен.
Бәрі: - Онда не тұрыс, балаға лайықты ат қоялық.
Әже: -Балаға атты ауылда үлкен абыройға ие, өсіп-өнген, ауыл ақсақалына қойдырған. Ол азан шақырып, құлағына үш рет айғайлап атын атайды. Осындай атқа лайықты ел ағасы, ауылдың құрметті адамы, қаншама ұл-қызды өсіріп, орнына қондырған Қалжан атамыз арамызда. Сол кісіден бата алалық.
Ата: - Наурыз айы жаймашуақ көктем айы, жыл басы емес пе, көңілі дархан, көктемдей құлпырып өсіп өнсін деп <<Наурызбай>> деп қойсақ қайтеді?
Бәрі: Иә, өте орынды.
Ата: (Баланы қолына алып, құлағына үш рет айғайлайды)
- Сенің атың Наурызбай!
- Сенің атың Наурызбай!
- Сенің атың Наурызбай!
Бәрі: О, аты Наурызбай болды, Наурызбай!
Ата: - Ал балам, немереңіздің бауы берік болсын, айналасы нұрға толсын. Өз елінің ағасы болсын, жұртының панасы болсын!
Дүниеге келген ұрпағың,
Ғұмырлы болсын деп айтам.
Тілек тілеп алладан,
Зікір салып көп айтам.
Сәбидің бауы берік болсын,
Өзіңе жақын серік болсын.
Аяқ қолын тез жинап,
Келін тағы жерік болсын.
Ұрпағың өсіп ел болсын,
Байлығың тасып көл болсын.
Көршің ұлықты болсын,
Ауылдасың қылықты болсын. Аумин!
Әже: - О, бәрекелді! Рақмет сіздерге! Немереме осы отырған жақсылардың жолын берсін! Бата құр болмасын Базарбек атамыздың жолын, жасын берсін, батасы қабыл болсын деген ниетпен шапан жабыңыздар.
Жүріңіздер барлығыңызды үлкен үйге тойға шақырамын.(Баланы алып барлығы шығып кетеді)
Бала: Жеңеше, үлкендер тойға кетенін пайдаланып, ауыл жастары бастаңғы жасауға келе жатыр.
Автор: Жастар <<бастаңғы>> деп аталатын тамақ істеп, бас қосады. Үйдің үлкендері жол жүріп кеткенде ауыл жастары сол үйге жиналып, <<жолаушылардың жолда басы ауырмасын, бастаңғы жаса>> дейді. Бастаңғының мәнісі - жастардың сол үйде ойын-сауыққа бас қосуы. Дәстүр бойынша бұған тыйым салуға болмайды. Бастаңғыны жастар жасайды.
Жеңеше: Келсе келсін. Наурыз дастарханым дайын, оған кім қарсы келеді?
(Жастар кіреді.Амандасады)
Жас жігіт: Жеңеше, бүгін сіз құлпырып кетіпсіз ғой?!
Жеңеше: Ай, қағыңғыр! Мына сөзіңді аған естімесін. Онан да кештің сәнін кіргізетін әнінді айт.
ЖІГІТТЕР: <<Құралай>> әнін айтады
Айт дегенде өлеңді аңырмаймын
Көлден ұшқан аққудай
Мамырлаймын
Құралай
Әркім бір сізге құмар ай
Қайтқанда көңілім ооу тынады ай
Қайырмасы:
Қарақат көз Құралай
Отырсың жәйді сұрамай
Мәнісін айтшы қыздар бұл қалай
ЖІГІТТЕР:
Аяғына кигенім былғар етік сәулем-ай
Табаныннан бара ма ызғар өтіп сәулем-ай
Жақсы болсаң келерсің судан өтіп сәулем-ай
Жаман болсаң қаларсың суға кетіп сәулем-ай
А-хоу
Сәулем, сәулем, сәулемсің
Басымдағы дәуремсің
Жақсы болсаң сәулемсің
Жаман болсаң әуремсің
Жақсы болсаң сәулемсің
Жаман болсаң әуремсің
ЖІГІТТЕР:
Айналайын қыздарау хал жақсы ма
Сала берме көзіңді әр жақсыға
Құралай
Әркім бір сізге құмар ай
Қайтқанда көңілім ооу тынады ай
Қайырмасы:
Қарақат көз Құралай
Отырсың жәйді сұрамай
Мәнісін айтшы қыздар бұл қалай
ҚЫЗДАР:
Сенде сері сәулем-ай, менде сері сәулем-ай
Шын сүймесең көңілімді бермес едім сәулем-ай
Томағасын алдырған лашындаймын сәулем-ай
Сен болмасаң бұл жерге келмес едім сәулем-ай
А-хоу
Сәулем, сәулем, сәулемсің
Басымдағы дәуремсің
Жақсы болсаң сәулемсің
Жаман болсаң әуремсің
Жақсы болсаң сәулемсің
Жаман болсаң әуремсің
ЖІГІТТЕР:
Қайда жүрсем жақсының қасындамын
Іздегенде жаманға табылмаймын
Құралай
Әркім бір сізге құмар ай
Қайтқанда көңілім ооу тынады ай
Қайырмасы:
Жеңеше: Әй, сендер айтыса бермей наурыз көжелерінді ішіңдер. Алтыбақанға барындар. Үлкендер келіп қалады.
(Жастар сыртқа шығып кетеді.)
Сырттан үлкендер кіріп келеді
Бала: Ата, жаңағы дастархан басында берген батадан басқа тағы қандай баталар бар?
Үй иесі: - Шырағым, қазақта батаның түрі көп. Ас қайыру батасы, жолға шыққанда берілетін бата, жастар үйленгенде берілетін бата және т.б.
Автор: Қазақ халқында қызды оң жаққа шығару деген салт бар. Қыз он екіге толғанда ата - анасы киіз үйдің оң босағасынан орын беріп, оның көрпе төсегін көлегейлеп шымылдық ілген. Бұл дәстүр ел ішінде <<қызын оң жаққа шығару>>деп аталады. Шымылдық ішінде <<қыздың үйі>> - <<қосаға>> деп аталады. Ал осы қосағаны бүркемелеп тұрған перде <<көсеге>> делінеді.
Қызы тұрмысқа шыққанда жасауымен бірге көсегесін де ала кетеді. <<Көсегең көгерсін>> деген тілек бата сөз осы дәстүрге байланысты қалыптасқан.
Бала: Ата, мен <<Көсегең көгерсін>> деген бата - тілектің мәнісін енді түсіндім. Қазақ халқының салт - дәстүрі неткен бай.
Үй иесі:Әрине, балам. <<Батаменен ел көгереді, жауынменен жер көгереді>> деген бар. Ал, мен дастархан батасын беріп, ас қайырайын.
Асың, асың, асыңа,
Береке берсін басыңа!
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа
Сенен байлық өтпесін,
Тәңірі берген берекең
Тепкілесе кетпесін
Желіңнің екі шетіне
Тай шаптырса жетпесін.

Ұқсас жұмыстар
Наурыз сынып сағаты
Наурыз атаулары, Наурыз көже
Наурыз салтанаты
Ұлыс күні кәрі - жас
Қыдыр ата
Армысың Әз-Наурыз
Наурыз. 9 сынып
Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы сценарийі
Қош келдің, әз - Наурыз сценарий
Наурыз имандылық мерекесі
Пәндер