Сабақ жоспары :: Сценарилер

Файл қосу

Желбіресін көк байрағым мәңгілік

Астана қаласы
Райымбек батыр атындағы №50 <<Қазғарыш>>
мектеп-лицейінің тарих пән мұғалімі
Байгоринова Алмагүл Төлеуовна
Тақырыбы: "Желбіресін көк байрағым мәңгілік"
Мақсаты:
Білімділігі: оқушыларға рәміздердің мемлекеттің қалыптасу процесіндегі ролі мен мәнін терең түсіндіру.
Дамытушылығы: оқушылардың тарихи білімді шығармашылықпен қолдануын және ақпараттық құзіреттілігін қалыптастыру.
Тәрбиелігі: тақырып мазмұны арқылы Отансүйгіштікке, адамгершілікке, Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің нышандарын қастерлеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: дөңгелек үстел
Сабақтың әдісі: пікіралмасу
Пәнаралық байланыс: әдебиет, музыка.
Көрнекілігі: тақырыптық слайдтар, бейнетаспа.
Жүру барысы:
1. Ұйымдастыру.
2. Негізгі бөлім. Пікіралмасу.
3.Қорытынды бөлім.
1. Мұғалім кіріспе сөзі. Сабақтың мақсатымен таныстыру. Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар, оқушылар. Бүгінгі сабағамыз патриоттық рухтағы <<Желбіресін көк байрағым мәңгілік>> тақырыбына арналады. Сабақтың негізгі мақсаты: көк туымыздың мемлекеттің қалыптасу процесіндегі ролі мен мәнін зерделеу, тарихи білімді шығармашылықпен қолдану.
Ортаға 8 "Б" сынып оқушылары шығып, өлең шумақтарын оқиды (№1слайд көрсетіліп отырады).
1-оқушы:
Бөрілі байрақ көтерсе, қозуы қанның керекті,
Бөрілі байрақ белгісі кешегі күннен деректі.
Бөрідей жортқан далада бабалар неткен еректі,
Туыңды көрсең ендеше, өрекпі, жүрек, өрекпі!
2-оқушы:
Тарихын Тасқа қашаған Төныкөк, Білге, Күлтегін,
Тәңірдің өзі жасаған тәуелсіз етіп түркі елін.
Бірлігі болмай ,тірлігі тозғанда қолдан түсіріп
Алған-ды Туын амалсыз қапыда қалған бұл шерің.
3-оқушы:
Содан соң қанша көтерді қастерлеп қайта байрағын,
Жапырып жауын жасытып,көрсетііп қайрат-айбатын.
Тәуекел,Есім,Жәңгір мен Тәуке алып өткен киені,
Ордада биік ұстады Абылай сынды айбарым.
4-оқушы:
Алағай бұл заманда айрылып тағы туымнан,
Көзімнің кермек суына бетімді талай жуынғам.
Исатай,Кене,Бекболат,Тұрардай ерен,Қайраттай
Мыңдаған ерім мерт болды белдерін бекем буынған.
5-оқушы:
Анамның жасы,бабамның қанына төлеу-киелім.
Көргенде сені толғанып басымды төмен иемін.
Бекзатым кеше бес құрлық белдескен ұлы жарыста,
Көтерген сәтте көзімнің тамшысын тосты иегім.
6-оқушы:
Байрағым менің-айбарым,жырыма емес себеп құр,
Желбіреп тұрсаң әрдайым,қозуы қанның керек дүр.
Жеті қат аспан астында,жеті қат жердің үстінде,
Иіп бір мәңгі мейірің,Тәңірім,енді жебеп тұр.
7-оқушы:
Тәңірім,бізге дем бергін,жөн көргін ісін тектінің,
Жаратқан өзің дархан қып жетілер қазақ жетті күн.
Сығымдай ұстап сиынып көктегі Күнге жүрейін,
Жығылмай асқақ желкемнен желбіреп тұрсын Көк Туым.
Негізгі бөлім. Мұғалім: Тәуелсіздік жолы-қасиетті жол. Тәуелсіздік ұлттық сананы оятты, баршаны ата-бабаның жолына үңілдірді. Біз бостандық алған елден күтеріміз аз емес. Желбіреген көк байрағымыз, халқымыздың кемел ойы тәуелсіздігіміздің жалғасы. Еліміздің егемендігінің бір нышаны- Мемлекеттік Туымыз. Бiрыңғай көк түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанды және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Қазақ деген ордалы жұртты әлемге танытқан -ту. Сұлтанмахмұт Торайғыров <<алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!>> деген еді. Олай болса, тудың қазақ тарихындағы рөлі бүгінгі әңгімеге арқау болады.
Оқушылардың қорғайтын тақырыптары.
1. Ту- елдіктің символы. Оқушылар ортаға шығып келтіретін деректер: Тарихи сыры да көп, айтатын мұңы да көп түркі текті халықтардың ішіндегі іргелісінің бірі, бірі де болса бірегейі қазақ халқы. <<қазақ түрік емес, қазақсыз түрік емес>>, деген ежелгі мәтел қазақтың ерен мінезін, абзал қасиетін, асқақ көңілін, ата тарихына деген сүйіспеншілігін көрсететіні хақ. Қазақ халқының алғаш хандық болып қалыптасуы 15-ғасырдың еншісінде. Әбілқайыр ұлысындағы дағдарысты пайдаланып, Жәнібек пен Керей 50жылдардың екінші жартысында өздеріне бағынышты рулық-тайпалық топтарды, қазақ даласының көшпелі тұрғындарын Моғолстан жеріне бөліп әкетеді. Қазақтың өз мемлекетін құрып, ту тіккен жері Қозыбасы биігі. Үлкендік дәстүрі бойынша Керейді қазақтың ханы етіп көтереді. Батыс Жетісу жері, Шу мен талас өзенінің алабы тұңғыш рет <<Қазақ елі >> атанды. Мемлекет негізін <<алаш мыңы>> яғни Орыс хан тұсындағы Ақ орда халқының негізін құраған тайпалар қалады. 1468 жылы Әбілқайыр хан Қазақ Ордасына қарай аттанады. Бірақ, Әбілқайыр ханның межелі жер шегіне жетпестен іркілуіне жалғыз-ақ себебі болды дегіміз келеді. Ол әскердің қазақ болып бөлінген жұртты шабуға үзілді-кесілді қарсылығы. Керей мен Жәнібектің туы астындағы жұрт пен Әбілқайыр туының астындағы жұрт- бір-ақ халық еді, бәрі де Алаш ұлы, үш арыстың баласы. Жәнібек пен Керей хандар Қазақ Ордасы деп аталатын байтақ та қуатты ұлыстың тұғырлы туын берік ұстады. Біртұтас қазақ халқының ұлттық ұраны- <<Алаш>>, мемлекеттік гербі-<<Төре таңба>>(яғни бас таңба) аталатын, көне түрік заманынан тартылған, Алтын Орда тұсында қалыптасқан діңі бір үшем бітік. Бас байрағы-төре таңбалы қызыл ту. Жаугершілікке байланысты көбейе түскен салықтар мен міндеткерліктерге, билеуші топтардың тартыстары мен соғыстың ауыртпалығына қарсы шыққан халық бір тудың астына бірікті. Сондықтан да, ту-елдіктің символы. Елдік туын Керей, Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай хандар берік ұстап, қазақ хандығын іргелі елге айналдырды. (слайд)
Ту-ерліктің символы. Оқушылар ортаға шығып келтіретін деректер: Қазақ халқын бір тудың астына біріктірген кезеңдердің бірі жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес жылдары. 1710 жылы жоңғар тарапынан қатер туғанын аңдаған Тәуке хан Қарақұмда бүкіл Қазақ ордасының құрылтайын шақырады. Үш жүз бірігіп, 1710-1711 жылдары жоңғарларға тойтарыс берді. Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін Үш жүздің дербестеніп, бір-бірінен алшақтануы Қазақ хандығының әскери-саяси қуатын әлсіретті. 1723 жылдың көктемінде жайлауға көшуге қамданған бейқам қазақ еліне жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасады. Қазақстанның оңтүстік аудандарындағы бейбіт елді аяусыз қырғынға ұшыратты. <<Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның>> шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. Ұлт перзенттері бардың басын қосып, халық бірікпей тірлік болмайтынын түсінді, бір тудың астына бірікті. Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Райымбек, Малайсары, Абылай, Әбілқайыр бастаған қалың ел жоңғарларға қарсы майдан ашып, Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында, Аңырақай даласында ұлы жеңіске жетті. Алаш ұлының ақтабан шұбырындыдан соң қайта оңалуы, төре таңбалы қызыл тудың қайта оңалуы Абылай хан есімімен байланысты. Ш. Ш. Уалиханов: <<Абылайдың ғасыры қазақтың ерлік ғасыры болып табылады>>, деген баға береді. Батырдың батырлығын әйгілейтін белгінің бірі оның қан майданға шығып жекпе-жекте жеңіс алуы болса, тарихта сондай баһадүрлерге халқы немесе ханы ту ұстатып, қол бастатып отырған. Сол ту арқылы қосынның айбарын асырып, елім деген сарбаздар батырдың соңынан еретін болған. Рухы өр батырдың бірі Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанған . Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Көзі тірісінде <<көріпкел>>, <<әулие>> атанған Райымбек батырдың жорықта ұстаған туы мектеп-лицей мұражайының төрінде ілулі . (видеотаспа <<Көшпенділерден>> үзінді көрсетіледі.)
3. Ту-үміттің символы. Абылай ханның жауынгерлік туы кезінде бүкіл қазақ халқының атынан айтылатын жауынгерлік ұран ретінде қолданылған. 20 ғасырдың басында қазақ интеллигенциясы, алашорда жетекшілері халықты бірлікке шақырып, Абылайдың ақ туы астына жиналайық деген үндеу тастады. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М, Дулатов т.б. көптеген қазақ зиялылары Қазақстанның өз алдына жеке мемлекет болып құрылып, өз тілін, әдет-салтын сақтап, өркениетке жететін Қазақ мемлекетін құруды аңсады.
Арғы атам-ер түрік,
Біз- қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа жеріміз.
Сай-сайлап, мал айдап,
Сайрандап, ен жайлап.
Арқаның ерке өскен,
Еркесі-серіміз, деп Ж. Аймауытов пен М. Дулатовтың жазған Алашорда маршы еркіндікті аңсаған елдің сөзбен өрілген туы емеспе еді. Әттең, өкінішке қарай, тарих талқысы басқаша болды. (С. Торайғыровтың өлеңі оқылады).
4. Ту- бірліктің символы. Алаш азаматтары белсенділігі арқасында, қазақ этносын құлдыраудан сақтап қалды. Кеңес өкіметі Алаш қозғалысына белсене қатысқандардың барлығына кешірім жасағанына қарамастан, олар түгелге дерлік сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандарына айналды. Әрбір тарихи кезеңнің өз ерекшеліктері бар. Қазақ халқы жетпіс жылдан астам кеңестік жүйенің құрсауында болса да ел бірлігін сақтады. Ерен еңбегі мен ерлігі, Отанға деген сүйіспеншілігі арқасында әртүрлі ұлттардың Отанына айналды. Ел басына қауіп төнгенде жұдырықтай жұмылды, аянбай еңбек етті. Оған мысал: Ұлы отан соғысы жылдарындағы Қазақстандықтардың майдандағы және тылдағы еңбегі. Батыр халықтың ұрпағының бірі- Рақымж Қошқарбаев рейхстагқа жеңіс туын бірінші болып тікті емес пе. Қазақстанның отын-энергетикалық кешені, түсті және қара металлургия,химиялық және мұнай-химиялық салалары КСРО-ң негізгі тірегі болды. .
5. Ту-егемендік символы. Егемендік, тәуелсіздік халқымызға аспаннан түскен құдіреттің сиы емес. Ол ғасырларға созылған ата-бабаның қанды жорығының заңды жалғасы. Қаншама ер тәуелсіздіктің өзі емес, тек сәулесі үшін қанын төкті, жанын пида етті. Отан берік қамалы,таудан ескен самалы екендігін түсінген халық арманы сан ғасырлық жолдан өтті. Бүгінде Қазақстан Республикасы демократиялық, құқықтық, біртұтас, зайырлы елге айналды. Көк байрағымыз халықаралық кездесулер мен сайыстар төрінде. Сарыарқа төсіндегі <<Әлем қаласы>>- Астананың халықаралық деңгейде рухани- мәдени орталыққа айналуы, Қазақстанның ЕЫҚҰ-на төрағалық қызмет етуі, Азиада, Лондон олимпиадасындағы жетістіктер, <<Үлкен жиырмаға>> мүше болу, ЭКСПО- 2017 көрмесінің ұйымдастырылуы еркіндік үшін <<ту байлап жауға шапқан>>, <<әміршіл-әкімшіл жүйенің құрбаны>> болған қазақ зиялыларының арманының орындалғаны емес пе. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың <<Қазақстан-2050 стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты>> жолдауында көрсетілгендей біздің ендігі міндетіміз - егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру. Біздің басты мақсатымыз - 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. Егеменді елдің парызының бірі-елін, жерін қорғайтын перзент тәрбиелеу,баба салтын, ұлтжандылықты, ұлтқандылықты, патриотизмді ана сүтімен дамыту болса керек. (Елбасының патриотизм туралы пікірі видеотаспадан көрсетіледі).
Қорытынды бөлім.
Мұғалім: Қазақ халқы батыр халық. Сөйлессе Қазыбек данадай шешендігі бар, Төле бидей көсемдігі бар, Әйтеке бидей өктемдігі бар, дауласа қалса Райымбектей ерлігі бар, Бауыржандай өрлігі бар, Қабанбайдай ірілігі бар, қиыннан қиыстырып жол табар Абылай хандай іскерлігі бар елміз. Егемендіктің, елдіктің, бірліктің, үміттің, ерліктің Көк Байрағы мәңгілік желбіресін. (<< Көк тудың желбірегені>> әнімен сабақ аяқталады).

Ұқсас жұмыстар
Ауған ақиқаты
Тәуелсіздік - тірегім
Ұлы жеңіс
Суреттер сыздыру, сурет бойынша әңгімелету
Отан жүргізуші
Хор Жойылсын соғыс
Астана-Қазақстандықтардың тәуелсіздігі мен бірлігінің символы
Патриоттық әндер байқауы сценарийі
Жас ұлан әні
Тәуелсіздік теңдесі жоқ байлығым
Пәндер