Сабақ жоспары :: Сценарилер

Файл қосу

Ер есімі ел есінде .Ұлы Отан соғысы, оның зардаптары, Ұлы Жеңіс туралы мағұлмат беру

Уақыты: 06.05.2015ж.
Класс: 7 <<в>>.
Тақырыбы: <<Ер есімі ел есінде>>.
Класс сағатының мақсаты: Ұлы Отан соғысы, оның зардаптары, Ұлы Жеңіс туралы мағұлмат беру. Отан үшін жан қиған аталар мен апалардың, соғыстан оралған, қазіргі кезде арамызда жүрген ардагерлеріміздің ерлігін үлгі ете отырып, оларды құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктері: батырлардың бейнелері, оқушылардың суреттері, презентация, плакат.
Барысы:
І. Мұғалім сөзі: Армысыздар, құрметті қонақтар, оқушылар, мұғалімдер! Әрқайсымыз үшін жақын әрі қымбат мереке Жеңіс күні де келіп жетті. Жеңіске жету жолында қазақстандықтардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлығы Отан соғысы тарихындағы жарқын беттерге айналды. Сондықтан бұл күннің маңызы өте жоғары. Жеңіс үшін шыбын жандарын құрбан еткен бірнеше миллиондаған адамдардың есімдерін есте сақтап, 1418 азапты күн мен түнді болашақ үшін ерен еңбекпен, қайсар ерлікпен өткізгендерін ұмытуға болмайды. Ендеше, бүгінгі <<Ер есімі - ел есінде>> аталатын ашық тәрбие сағатымыз Жеңіске, Жеңіс себепкерлеріне арналады.

ІІ. Жүргізуші (Датқа Мағжан): Төрт жыл бойғы қанды қырғыннан кейін, қырық бестің көктемінде дүние жүзі халқы бостандық алды. Халық Отан ұғымын терең сезіне түсті. Ерлік пен еңбек жеңіп шықты. <<Ешкім де ұмытылмайды, ештеңе де ұмыт қалған жоқ>>. Осынау сөздер Жеңіс күнін мерекелеу кезінде жиі айтылады. Осынау сөздер соғыстан қаза тапқандар ескерткішіне де қашалып жазылған.

Жеңіс деген жақсылықтың сыңары,
Жігер менен құштарлықтың құралы.
Күрескердің арманы мен ұраны,
Қуаныш пен мерекенің бұлағы.
Интерактивті тақтада <<Ұлы Жеңіске қалай жеттік...>> презентациясы көрсетіліп, талдау жасалынады.

Сабыржанова Мария: Қазақ арасында осы соғыста ерекше қаһармандық танытқан батырдың бірі әрі бірегейі - Бауыржан Момышұлы. Соғыс кезінде қолбасшы Рокоссовский лейтенант шеніндегі жап-жас қазақ жігітінің қабілетіне риза болып, полк командирлігіне тағайындаған. Б.Момышұлы соғыс кезінде 207 рет шайқасқа қатысып, 2 рет ауыр жараланды. Басшалық тарапынан бірнеше рет Кеңес Одағы батыры атағына ұсынылады. Бірақ, атақ кешіктіріле береді. Еңбекқор Б.Момышұлы мойыған жоқ. Ол 37 дәптер күнделік жазған батыр, бейбіт өмірдің қаруы қаламды алып қазақ және орыс тілдерінде көптеген кітаптар жазады. <<Артымызда Москва>> кітабы Кубаның бүкіл әлемге белгілі басшысы Фидель Кастроның сүйіп оқитын кітабына айналды. Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысында ұрыс жүргізу әдістері үлгі ретінде қабылданып, Кубаның әскери академиясында оқытылды.
Интерактивті тақтадан Б.Момышұлы туралы бейне материал көрсетіледі.
Байшов Медет: 9 мамыр - Жеңіс күні өмірді сүйер адамзаттың есінен мәңгі кете ме? Бірақ бұл Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Гитлершілдер соғыстың бас кезінде 190 дивизияны, 5 мыңдай ұшақты, 3700 танкті, 50 мыңдай қаруды шабуылға шығарды. Жерімізге басып кірген жау әскерінің жалпы саны 5,5 миллион адамға жетті. Қазақстандықтар Брест қамалын қорғады, Мәскеу түбінде де өлімге бастарын тікті. Сталинград, Курск доғасындағы шайқастарда ерекше көзге түсті. Берлинге шабуыл жасады, Рейхстагқа қазақ жігітіРақымжан Қошқарбаев Жеңіс туын 1945 жылдың 30 сәуірде тікті.
Медет өзінің <<Рейхстагқа ту тігуді>> бейнелеген суретін таныстырады.
Рақымжан Қошқарбаев туралы бейнематериал көрсетіледі.
Хайрушева Амина: Біздің халқымыз қазақтың батыр қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованыңесімдерін мақтанышпен атайды. Ата-анасынан ерте айрылған Мәншүк жастық шағын да тәрк етті. Алматы медициналық институтында оқып жүрген шағында жау жақтан ескен соғыстың ызғарлы желі жас қайыңның жапырағындай жайқалған бойжеткенді жұлып түсіреді. Халқына төніп тұрған қауіпке жаны шыдамай, дамыл таппастан әскерге өзі сұранып, жоғарыға мынадай өтініш жазады: <<Фашистерді жою үшін майданға жіберетін менің ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзімді жіберіңіз>>. Ел үшін қан төгіп, жан беріп жатқан отандастарына қалай да өз жәрдемін бергісі келген ниетпен, 1942 жылдың тамыз айында <<Қызыл армия>> қатарына алынды.
1943 жылдың 15 қазанында Псков облысындағы Невель қаласын босату үшін Изоча станциясындағы 173,7 биіктігінде қантөгіс соғыс болды. Сол күні Мәншүк жан серігі - пулеметімен дамылсыз оқ атып, ерен ерлік көрсетті. Жауыз жаудың Мәншүкке қарсы атқан оғы оның ажал оғы болып, өрімдей қызды қыршыннан қиып түсті.
1942 жылы Әлия өз еркімен майданға аттанып, мергендер мектебін үздік бітірді. Бірақ біраз уақытқа дейін оның алғы шептегі атыс-шабыс алаңында білім-білігін іс жүзінде көрсетуіне рұқсат етпеді. Бірақ жас қазақ қызы алға ұмтылды, жауға қарсы оқ жаудыруға асықты. Бір хатында ол өз құрбылары мен достары үшін фашистерден кек алуды қалайтынын жазады. Өзі оқыған қаласының құрсауда қалғаны оны қатты алаңдататын еді.
1943 жылы Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылдан бастап, 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбазы мен офицерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты.
<<Әлия>> әні орындалады.
Әлия туралы бейнематериал көрсетіледі.

Соғыс жылдарында айырықша көзге түскен ақындардың бірі - Нұрсұлтан Жұбатұлы. Ауылда мұғалім болып істейтін сауатты кісі болған. Оның майдан даласынан оралмай қалған батырдың бірі Ү.Түктібаевтың анасы Наурызбикеге арнап жазған <<Майданнан хат>> және анасының атынан жауынгер ұлына арнап жазған <<Майданға хат>> атты толғаулары осы күнге дейін ел есінде. Енді осы толғауларды тыңдап көрейік. Оқушы домбырамен орындайды: <<Майданнан хат>> (үзінді):

Хат жазамын майданнан,
Мейірімшіл ғазиз-анама
<<Жақыным-жарым>> дегенмен,
Анаңдай жақын бола ма?
Көңілінде тілек, көзде жас,
Екі қолың жағаңда.
Қасірет шегіп, қан жұтып,
Сарғайдың ба санаға?
Сағынған соң мен ойлап,
жүрегің оттай жана ма?
Ет бауырың елжіреп,
Қайғыра берме балаңа.
Сабырдың суын бере көр,
Жаныңдаға жараңа.
Ажалсыз адам өлмейді.
Мезгілсіз шөлмек сына ма?
Ердің басы ел үшін,
Арыма жаным садаға.
Бұлт жамылып қар төсеп,
Мен жатырмын далада.

Жүргізуші: 1418 азапты күн мен түнге созылған соғыс біз үшін Ұлы Жеңіспен аяқталды.
<<Жеңіс күні>> (Давид Тухманов пен Владимир Харитонов) әні тыңдалады.

Соққанда жылына бір Жеңіс күні
Жаныңың жазылғандай кеңістігі,
Қарт солдат өз полкінің туын ұстап,
Білдірмей жалғыз аяқ кемістігін.
Алаңға шығушы еді таңғы шақта,
Полктас бауырларын сан құшақтап.
Сүйісіп, амандасып болғаннан соң,
Қасқайып тұрушы еді алғы сапта.
Соңынан тізілетін жауынгерлер,
Отанның әр тұсынан келген ерлер,
Жарқырап өңірінде ордендері,
Бір кезде алып берген елге бедел.
Бір кезде алып берген елге Жеңіс,
Сабаздар бірте-бірте келмей тегіс,
Жыл санап сирек тартып бара жатты,
Сарқылып сабасынан бейне теңіз. (Ғ.Қайырбеков)
Қырық жыл, қырық қатар жиналысқан
Сағынып, бір-біріне түу алыстан.
Туған жер аспанында айқұш-ұйқыш
Жол қалып, қарт бүркіттер зулап ұшқан.
Кездесіп тоғызыншы май мейрамында,
Алысқан ғарасаттың майданында.
Еске алып, ескі жорық асуларын,
Қанатын қараушы еді жайған туға.
Ал бүгін... Өзге полк солдаттары
Қатарға тұрып жатыр аңдап бәрі...
Олар да түгел емес, сиреп кеткен
Кешегі бір-бір үйдің шаңырақтары.
Жалғыз тұр жалғыз аяқ мына солдат,
Төмендеп, көтерілмей туы аспандап,
Жалғыз тұр...
Әлі келген бір адам жоқ,
Жаңғырып дуылдайды тулап жан-жақ.
Сағаттар зырылдайды, ағады уақыт,
Өмірдің баянсызын баяндатып,
Байлайды бір орында қарт солдатты,
Әлі де қайран үміт алаңдатып. (Ғ.Қайырбеков)

Бір топ оқушылар соғыс кезінің және Ұлы Жеңістің бейнелерінен таныстырылым жасап, оны қорғайды.
Бейбітшілік ағашына оқушылар өзінің тілектерін жазады.
Жүргізуші:
Жасасын Жеңіс!
Бақытты елім, күле бер!
Тәуелсіз болып болашағыңда жүре бер!
Болмасын соғыс!
Болмасын соғыс!
Болмасын!
Осы тілекпен барша халайық түрегел!
Барлығы: БОЛМАСЫН СОҒЫС, БОЛМАСЫН!!!
Ж. Нәжімеденовтың <<Бейбіт күн тілегі>> әні хормен орындалады:
Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген,
Оқ даусы мәңгілік жойылсын.
Бомбаның орнын тегістеген,
Күректер музейге қойылсын.
Қайырмасы:
Кел, достарым, ән бастадым.
Көтеріп жаңғырық!
Данасын дала, баласын ана,
Жоқтамасын мәңгілік!
Көктесін жас ағаш одан әрі,
Өткен күн қайтадан жанбайды.
Сұлудың кестелі орамалы,
Сүртсін, тек тершіген маңдайды.
Қайырмасы:
Қайғыны білмесін ана жаны,
Қазіргі адамда арман сол.
Әлемнің бар сәби балалары,
Оянсын ұйқысы қанған соң.
Қайырмасы.

Мұғалім: Құрметті ұстаздар, оқушылар, міне, Жеңістің 70 жылдығына арналған ашық сабағымыз аяқталды. Атсалысқандарыңыз үшін барлығыңызға көп-көп рахмет! Ұрпағы үшін мерт болған халық қаһармандарын еске алу, құрмет тұту біздің парызымыз.
Ешкім де ұмытылмайды, ештеңе де ұмыт қалмайды.

Ұқсас жұмыстар
Ер есімі- ел есінде. ұлы жеңістің 70 жылдығына арналған
Сабақтың тақырыбы. Сабақтың әдісі
"ер есімі- ел есінде" тәрбие сағаты
Батыр қалалар
Отан ордені
Жасасын жеңіс
«ер есімі-ел есінде». ұлы жеңіс күніне арналған мерекелік концерт
Ер есімі – ел есінде туралы ақпарат
Ер есімі - ел есінде Ұлы Отан соғысы туралы
Қазақ батырларын жаттау
Пәндер