Сабақ жоспары :: Сценарилер

Файл қосу

Тілім-тірегім, соғып тұрған жүрегім

Қоянды орта мектебі

Сыныптан тыс сабақ
Тақырыбы: <<Тілім-тірегім, соғып тұрған жүрегім>>

Сыныбы: 10<<Б>>
Мұғалімі: Кенжетай Б

Қоянды,2015ж

Мақсаты: Оқушыларды ана тілін сүюге, қадірлеп, қастерлеуге тәрбиелеу. Патриоттық сезімдерін ояту. Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру.
Әдіс-тәсілдер: Сұрақ - жауап, полиглот , жатқа оқу т.б.
Көрнекілігі: қанатты сөздер, ұлы тұлғалар портреті.
Өтілу барысы:
1-Жүргізуші: Біздің ата мекеніміз - Қазақстан Республикасы. Қазақстан - достықтың киелі мекені. Республикамызда 130- дан астам ұлт өкілдері мекендейді Бүгінгі мереке Қазақстанда тұратын барша халық тілдерінің мерекесі. Ендеше, ортақ мереке құтты болсын, ағайын.
2-Жүргізуші:
Туған тілім - тірілігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы.
Өшсе тілім, менде бірге өшемін,
Өссе тілім, мен де бірге өсемін.
1-жүргізуші:
Кенің бай , келімің мол туған тілім!
Дыбыстың теріп сөз ғып буған гүлін.
Қайырған қайдағыны жүйрік ең сен,
Мен қосып, құтыла алмас қусам білім.
Сәлеметсіздер ме құрметті оқушылар мен ұстаздар, бүгінгі <<Мемлекеттік тіл-менің тілім>> атты тіл мерекесіне қош келдіңіздер!
2-жүргізуші:
Қонып тұр ордаң міне, жаңа жұртқа ,
Салып тұр ұлың <<Қазақ>> көзін сыртқа.
Жау болсаң, жақындама, аулақ жүр деп,
Ел болсаң есігім бос, ен деп ұлтқа.
Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар.
1-жүргізуші:
1989 жылы қыркүйектің 22-і күні <<Қазақстан Республикасындағы тілдер>> Заң қабылданып, қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды.Кейін 1993 жылы қаңтардың 28-і күні бұл статус Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында тұрақталып, Тіл туралы Заңы 1997 жылы шілденің 7- күні жаңа <<Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы>> Заңы қабылданды.Бұл Заң бойынша қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының ұлттық тілі болып есептеледі.
2-жүргізуші:
Білеміз шаттық хабар қайдан ұшты,
Бәрі енді өзімізге байланысты.
Қаумалап, тік көтеріп әкетейік,
Қанатын жаңа ғана жайған істі!
Осы заң талаптарынан соң 22 қыркүйек - Қазақстан халықтарының тілдері мерекесі болып аталып өтілуде. Қазір іс қағаздарын тек мемлекеттік тілде жүргізетін мекемелер көбейді, жоғарғы оқу орындарындағы қазақ тілінде өтетін сабақтар саны бұрынғыға қарағанда көп өсті. Мекеме, ұйымдар Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасымен жұмыс істеді. 2011-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы шықты.
2-жүргізуші: Өткен ғасырдың өзінде француз ғалымы Жорри де Манси <<Қазақ тілі түркі тілдері ішіндегі ең бір таза тілдердің бірі>> деп тамсанған.
1-жүргізуші: Орыстың әйгілі ғалымы Василий Васильевич Радлов <<Ең сауатсыз деген қазақтың өз тілін жете меңгергендігі сондай, ондайды біз Европада француздар мен орыстардан ғана байқаймыз. Егер олар әңгіме айта қалса сөз оралымдары көркем де сүйкімді, тілі өткір әрі майда шешен де тапқыр>> деп әділ бағасын беріпті.
2-жүргізуші:
Ия, оған мыңдаған мысал келтіре аламыз.Әсіресе, бүгінгі өткізгелі отырған сыныптан тыс сабағымызда туған тілін сүйіп оқитын оқушыларымыз мысал бола алады деп ойлаймын.
1-жүргізуші: - Белгілі шешендер мен шешен билердің сөздері жазылып сақталмағандықтан, тек бізге ұзын-ырғасы, желі-жұрнағы ғана жеткен. Олар халық даналығын , тіл байлығын көрсетеді.
2-жүргізуші: Көрініс. <<Үш би>>. 10 <<Б>> оқушылары.
Төле би: Уа, халқым, сөз қадірін білесің;
Жаңбыр жауса жер жетім,
Басшысы болмаса жер жетім,
Ұқпасқа айтқан сөз жетім. . .
Атың жақсы болса
Ер жігіттің пырағы.
Балаң жақсы болса,
Жан мен тәннің шырағы.
Қазыбек би: Аты жаманның арманы кетер.
Баласы жаманның дәрмені кетер.
Әйтеке би; Биікке шықсаң, көзің ашылады
Жақсымен жолдас болсаң, көңілің ашылады
Төле би: Сөз танығыш жастарға айтар он түрлі жұмбағым бар,
Әйтеке би: Айтыңыз ұлы аға.
Төле би: Айтсам он түрлі жұмбағым мынау; бір, екі, үш, төрт, бес, алты, Жеті, сегіз, тоғыз, он.
Дауыс: Бұл не деген жұмбақ? Осындай да жұмбақ бола ма?
Қазыбек би: Ұлы аға! Бұл жұмбағыңызды мен шешейін, рұқсат етіңіз.
Төле би: Рұқсат , қаз дауысты Қазыбегім, рұқсат>>
Қазыбек би: Бір дегеніңіз-бірлігі кеткен ел жаман. Екі дегеніңіз-егесіп өткен ер жаман. Үш дегеніңіз-үш бұтаққа бөлінген ағайын жаман. Төрт дегеніңіз-төсектен безген жас жаман Бес дегеніңіз-белсеніп шапқан жау жаман. Алты дегеніңіз-асқынып кеткен дерт жаман Жеті дегеніңіз-жесір қалған жас жаман. Сегіз дегеніңіз-серпілмеген қайғы жаман. Тоғыз дегеніңіз-торқалы той, топырақты Өлімге бас көрсетпесе, сол жаман. Он дегеніңіз-оңалмас кәрілікке дауа болмас-деген сөзіңіз, ұлы аға!
Төле би: Рахмет, дәл тауып шештің, ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым менің. . .
Әйтеке би: Суалмайтын суат жоқ. Тартылмайтын бұлақ жоқ. Тамыры суда тұрса да, Уақытысы жеткенде Құралмайтын құрақ жоқ. . . Тек жақсыдан өлмейтін сөз қалады.
Төле би: Дұрыс айтасың, Әйтеке. Ал, қаз дауысты Қазыбек би, мынау жиылған халайыққа не айтасың? Қазыбек би: Өркенім өссін десең, Кекшіл болма- Кесапаты тиер еліңе. Елім өссін десең, Өршіл болма- Өшкеніңді өшірерсің. Басына іс түскен пақырға Қастық қылма- Қайғысы көшер басыңа Жанашыры жоқ жарлыға, Жәрдемші бол асыға Қиын-қыстау күндерде Өзі келер қасыңа. Бүгін сағы сынды деп, Жақыныңды басынба.
Төле би: Сөзің асыл, қаз дауысты Қазыбек!
Уа, халайық!
Көсіле шабар жерің бар,
Тау көтерген ерің бар!
Қол боларлық елің бар,
Атадан қалған сара жолың бар!
Сөз қадірін біліңдер!
Тілеукүл:
Тілім менің !
Тілім үшін мың өліп, тірілді елім,
Аралыммен,
Арыммен қатар қойып,
Тілді қорғау-парызым бүгін менің.
Айда:
Әуезов, Абайды өткен дәріс тілі,
Тіл қатқан Тоқтар, Талғат ғарыш тілі
Қанша Заң қабылдаймыз, жетер енді,
Етілсін мемлекеттік әр істе үні!
Тұлғалы ұлы ақын М.Шахановтың тіл төңірегіндегі көкейтесті ойларымен қатар елімізге сіңірген еңбегі қаншама.
10 сынып оқушысы Акжол:
М.Шаханов <<Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы>>.
Жаһандану рухсыздығы өз жеңісін тойлауда.
Содан қазір қаншама адам бейім былай ойлауға:
"Мен қай тілде еркін сөйлеп, оқи алам, жаза алам,
Білім, жұмыс, нан таба алам, сол тіл-менің өз анам"
Бірақ қарсы тұжырым бар осы адасқан байламға:
Біз жалқыны мойындамай, ұға алмаймыз жалпыны.
Тіршілікте бір адамды шексіз сүю арқылы
Адамзатты тану әрі сүюге жол табасың.
Және әркім шын қадірлеу арқылы өз анасын,
Ұғар оның сатылмайтын сезімінің бағасын.
Өз ұлтыңның тілін, салтын, парқын сүю арқылы
Күллі әлемдік биікке өрлеп, ардақтайсың жалпыны.
Сан түрлі тіл меңгереміз, айдындап ой қарқыны.
Ал ғаламдық ортақ тілсіз-
Бірлік - гүлсіз, сенім - нұрсыз,
Бірақ ана тіліңе оның түспеу керек салқыны.
Бұл табиғи жолдан айну қырсық қаупін өсірер.
Тарихың тұр санаңа өткел тастап,
Өз тіліңе ойлау, сөйлеу тоқталған сәттен бастап
Бүкіл баба рухымен
Ұлттық, гендік-ақпараттық байланысың кесілер.
Тағдырыңнан ата мұра шамын солай өшірер.
Өз тіліңді жерсінбеудің,
Өз анаңды менсінбедің
Арсыздығы қай дәуірде болып еді тапқырлық?
Ол - рухани мүгедектік әрі ұлттық сатқындық?
Аз қайғы ма, талабыңды түсінігің алдаса?..
Мейлі он тіл,
Тіпті жүз тіл меңгергенің далбаса
Өз ұлтыңның тілі менен рухы
Ой-санаңа іргетас боп қалмаса.
Сержан:
М.Шаханов Желтоқсан көтерілісіндегі тіл мүддесі және <<жемократия>> <<Тілсіздендіру анатомиясы>> атты эссе-поэмасынан.
1986 - да, желтоқсанның ызғырығында қақаған,
Қайсар ойларың кесіндерін үзіп, сан жылдар байлап,
матаған,
Саналарыңнан бағынғыш, құлшыл,
үркек сезімдердің еті өліп,
Шәмшінің <<Менің Қазақстаным>> әнін ту етіп,
шырқап, көтеріп,
Жаңа ұран айтып қиюы қашқан заманға,
Топтасып едіңдер Брежнев атты алаңда.
Ол кезде де ұлтыңның тілі екі аяғынан ақсаған,
Бүкіл Алматыда бір ғана мектеп,
бір ғана балабақша бар.
Мәжіліс - жиындарда қазақша сөйлеу жүргенмен
ұят саналып,
Ұлттық сенім дәл қазіргідей көрмеген еді тоналып...
Ызаға булыққан Кеңестік жүйе ұйқысыз таңды атырып,
Новосибирскіден, Челябинскіден,
Ташкенттен әскер шақырып,
Қаныпезер жаумен айқасардай-ақ бір қанды қимыл
бастады.
Зорлық пен мұңнан күңіреніп жатты алаңның бейбіт аспаны.
Ал содан кейін, боздақтарым - ау,
қос қанаттарыңнан байланып,
Қазақстан, Сібір түрмелеріне кете бердіңдер айдалып.
Күллі Кеңестер Одағын оятқан сол
демократиялық қозғалыс -
Қазіргі кейбір байларымыз үшін
<<мазмұны мүлде тозған іс>>
Желтоқсандағы үміт пен сенім
гүлдемей жатып солғандай.
Құрдымға сіңгендей үлестеріміз,
Сол кездегі барлық күрестеріміз,
Горбачевтармен, Крючковтармен тірескеніміз,
Күреске айналып сормаңдай,
Терещенколарға миллион гектар жер әперу үшін
болғандай.
Ең алдыменен рухани күштер қабылдады
ауыр сойылды,
Республикамызда он мыңға тарта
кітапханалар жойылды.
Ғасырлық мүдде - қазақтың тілі билікке әлі қажетсіз.
Орыстың тілі бұрынғы қалыпымен, Ағылшын тілі бүгінгі даңқымен
Мемлекеттік тілді бейшара көріп өзексіз,
Космополиттердің қолдауыменен
мінберге шықты кезексіз
Тіл менен ділден жыл сайын ақсап арымыз,
Мәдени ошақтарымыз, балабақшаларымыз
Мұң қосып елдің мұңына,
Алаяқтарға сатылып кетті бір шиша коньяк құнына.
Көзқарас жыл сайын өзгере бере ме демократияға ?
Күллі рухсыз демократияның барар жері
<<Жемократия>> ма?
Қарнына ғана жол берген халық ұқсамақ
мұңсыз кереңге,
Сатылмайтұғын мәдени байлық болуға тиіс әр елде.
Қандай мақсатпен сол байлықтарымыз
бағаланды екен тиынға?
Неге ешкім бұдан жаза көрмейді?
Осы әділетсіздік маза бермейді,
Тиындай сыңғырлап қарапайым жұрттың миында .
Рухымыз ұтылған сайын қоңдана түсетін байлар.
Сенбілік түскі асын Швейцарияға барып ішетін байлар
Балабақшаларымыз бен мәдени ошақтарымызды
қайтарсын,
Азаматтығы тірі тұрса егер, нақ осы істен байқалсын.
Мәресі мұңлы ма ғасырдан - ғасырға кетер ісінің,
Атақты Желтоқсан көтерілісінің ,
Ең басты күресі тіл үшін болғанын,
Ұлтының сондағы замани зарлы әнін
Талайлар қалайша жіберген есінен шығарып?
Биліктің тағы қателескенін
салқынқандылықпен ұғалық
Бақ тілеп тілге иліккендерге,
Бұл жолы да біз билікпен бірге,
Желтоқсанды еске ап бір минөт үнсіз тұралық...
1- жүргізуші:Ұлттың қуаты тілінде (бейне ролик)
Ғажайып:
Халықаралық байланыста әлемдік деңгейде қолданылатын 6 тіл бар.Олар: ағылшын, француз, орыс, испан, қытай, араб тілдері.Жарқын болашаққа ұмтылған Қазақстан үшін бүгінгі жағдайда біздің көп тіл білуіміз қажет.Бірақ өзге тілді білсек те, өз ана тілімізді ұмытпай, қастерлеп, құрметтей білуіміз керек. <<Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!>> дегендей, өз тілімізді құрметтеп өсу біздің парызымыз.(Оқушылардың әр тілде өлеңдерін қабыл алыңыздар)
1-жүргізуші:

Ендігі кезекті <<Полиглот>> сайысына береміз. Сайысқа қатысушылар топтарына ат қояды. (І топ: <<Тілден асқан байлық жоқ>>
ІІ топ: <<Туған тіл - тұғырың>>)

Сайыс шарты: жүргізушілеріміздің жасырған жұмбақтарының шешуін тауып оны үш тілде(ағылшын, орыс.қазақ) айту шарт.

Жұмбақ: 1. Оқтан жүйрік,
Қылыштан өткір
Шешуі: сөз.
2. Тілі бар, үні жоқ,
Өзін адам түсінген.
Жүрегі бар да, қаны жоқ,
Сөйлеп тұрған ішінен.
Шешуі: Кітап.
3. Ұзын-ұзын, ұзын жол,
Ұшына жеткен бар ма екен?
Түбі терең қара су,
Түбіне жеткен бар ма екен?
Түбіне жетіп бұл судың
Қанып ішкен бар ма екен?
Шешуі: Оқу.

4. Жаңылмастан жетеуі,
Кезек қызмет етеді.
Шешуі: аптаның жеті күні.

5. Қабат-қабат ақ бетті
Сызған жолдан бап көрді.
Көк тонға орап әкепті
Саған керек...
Шешуі: Дәптерді.

6. Дос қылатын өзіңді
Тосын-тосын әріпке,
Суреттері көзіңді
Табындырар...
Шешуі: Әліппе.
1-жүргізуші:
Бағдарламамыздың үшінші бөлімі - <<Сөз тапқанға қолқа жоқ>> деп аталады.Бұл сайысымыздың шарты шар ішіндегі көрсетілген, артына аталы сөз қалдырған , есімі ел жадында сақталған қазақтың келелі шешен билері мен бір туар ер азаматтарының даналық, шешендік сөздерінің түсіп қалған жерін жалғастыру және ол кімнің сөзі екенін табу.
1. Толғауы тоқсан ..., (қызыл тіл)
Сөйлейін десең ... (өзің біл)
(А.Құнанбаев)
2. Бар жақсылықтың басы - ... (тіл)
(Махмуд Қашқари)
3. Ақыл көркі - тіл
... көркі - сөз.(Тілдің)
(Жүсіп Баласағұни)
4. Сүйемін туған тілді - анам тілін
... (Бесікте жатқанымда - ақ берген білім)
(С.Торайғыров)
5. Тіл - адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын....(қаруының бірі.)
(А.Байтұрсынов)
6. Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады,
Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас жел толқытса шығады,
... (Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады.)
(Асан қайғы)

<<Сөзмерген>> сайысымыздың ІІ кезеңі <<Жүйрік болсаң шалып көр>>.Терезеде көрсетілген сөздер мен 2-бағанадағы сөзді байланыстырып мақал-мәтел құрау.
Мәселен: Құнды сөз құнарлы ойдан туады. Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез деген сияқты мақалды құрау немесе табу.
1-тапсырма:
Сөз
құрал
Өгіз
Жіп

Жауабы: Сөз - сиқырлы құрал, жақсыны да, жаманды да жасай алады.
2-тапсырма:
Сөз
тіл
Ақыл
Тіс

Жауабы: Тіспен түйгенді тіл шешеді.

3-тапсырма:
Сөз
азық
Тамақ
Ет

Жауабы: Жақсы сөз- жан азығы.
4-тапсырма:
Ой
сөз
Ақыл
Көңіл

Жауабы: Ой қаруы-тіл, тіл қаруы - сөз.

Күй Нурасыл?
1-жүргізуші:
Туған тіл-ақыл ой дамуының негізгі және барша білімдердің қазынасы.
Ия, бүгін біз ана тіліміздің құдіреті мен өміршеңдігіне біршама көз жеткізгендей болдық. Ана тілін ұлы мұхитқа баласақ, біз соның жағасына келіп екі алақанымызды қосып тұрып қос уыстап іліп алып ішкендей ғана болдық деп ойлаймын. Оның тереңіне бойлап түбіндегі інжу - маржанын ерінбей - жалықпай тере біліп өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз.
1-жүргізуші: Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш, тіл мәртебесі биік болсын, ағайын! Сөз кезегі алқасында.
Жеңімпаз топты марапаттау.

Ұқсас жұмыстар
Әли Қуан анам
Тілдің қоғамдағы мәні мен қызметі
Тіл тірегім соғып тұрған жүрегім
Менің Отаным - Қазақстан Елбасы суреті, Қазақстан Республикасының картасы, рәміздер
Ана тілін білмеген адам
Аяулы абыройлы ана тілім
Ана тілім қазақ тілім, туған тілім
Туған тілім - айбыным
Сабақтық өту барысы
Анам және мен
Пәндер