Сабақ жоспары :: Сценарилер

Файл қосу

Төрт түлігім - ырысым

Тақырыбы: Төрт түлігім - ырысым.
Мақсаты: Үй жануарларын таныстырып, төрт түлік жайлы түсініктерін кеңейту. Оқушылардың сөйлеу тілін дамыту, сөздік қорын байыту. Балаларға жануарларды күтіп бағуға сүйіспеншілігін ояту, оларға қамқорлық жасауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Аңдар, үй жануарлары мен төлдердің суреттері, ұршық пен мал жүні, тоқылған киімдер (шұлық, жеңсіз), айран, құрт, ірімшік, бренза, балқаймақ, шұбат, қымыз, май, арқан, тарақ, киіз, көрпе.
Сабақ барысы: 1. Ұйымдастыру кезеңі. -Табиғаттағы тірі денелерді атайық -Қандай жануарларды қалай атаймыз? -Жабайы аңдар. -Мына жануарларды қалай атаймыз? -Үй жануарлары, яғни төрт түлік мал дейміз. -Олай болса, балалар, бүгін біз төрт түлік малдар және төлдері туралы айтатын боламыз. Малдардың пірлерімен, олардан алынатын өнімдермен танысамыз. Төрт түліктер туралы өлеңдер айтып, жұмбақ шешіп, мақал-мәтелдер айтамыз. Мұғалім: Қазақ халқы ерте уақыттан мал шаруашылығымен айналысқан Халық. Бабаларымыз төрт түлікке ерекше көңіл бөлген. Әрі ас-ауқаты, әрі киімі, әрі көлігі, қымызы ем, әрі жек-жат жұртымен жасайтын алыс берісінің көзі, байлығы болғандықтан, қазақ үшін осы төрт түлік мал аса қымбат дүние болғаны белгілі. Халық бірін-бірі көргенде <<мал-жан аман ба?>> деп амандық-саулық сұрасқан. Яғни қазақ халқының өмірі, салт-дәстүрі осы төрт-түлікпен тығыз байланыста болған.
Жұмбақ айту: Кезікті бір жануар, Үстінде екі тауы бар. Бұл қандай жануар? (Түйе) -Олай болса, <<Төрт түліктің төресі - түйе>> туралы не білеміз?
Айшабибі: Түйе - түлік басы. Түйе - көштің көлігі. Оған көбінесе жүк артады. Сүтінен Шұбат, балқаймақ, құрт дайындайды. Жүнінен жылы киім тоқиды, көрпе тігеді.
Жазылбек: Түйе - байлық, салтанат Түйе атасы - Ойсылқара
Саят: Екі көзі танадай Екі өркеші баладай Елпеңдеген ойнақтап Енесіне қарамай Ойсылқара баласы Ботақаным қайдасың? Көс, көс.
Айкүнім: Түйе төлі ботақан Мөлдіреп көзі ойнаған.
Жұлдыз: Ең зор түлік түйемін Тікенді шөпті сүйемін Пайдалансаң, сүтім-шұбат Дертке дауа, жанға қуат.
Дариға: Шөлді жайлап, қыстаған, Жалпақ табан, күс табан, Ырысы бар адамның, Ойсыл қара ұстаған. Біздің байтақ өлкені, Әрлі-берлі ең кемі Бір айналып жүзетін Ол адамның желкені.
Мұғалім: Өте жақсы.
Түйе атасын қалай атаймыз?
Түйе төлін қалай атаймыз?
Түйені қалай шақырамыз?
Түйе қалай дыбыстайды?
Төрт түлік малдың ішінде ең қасиеттісі түйе болып есептеледі. Ол қырық күн шөлге шыдайды. Жүк артса - көлік, жесе - ет, ал жүні киімге жараған.
Мұғалім жұмбақ жасырады: 1.Көкке шаншып құйрығын, 2. Қамыс құлақ, Тостаған тұяқ Шауып келеді жүйрігім. Мінсең - қанат Бұл қай жануар? Сүті - дәрі, Еті - тамақ (жылқы) Мұғалім: <<Жылқы - ер қанаты>> Жылқы туралы не білеміз?
Нұрғиса: Жылқы - төрт түліктің бірі. Саусаң - қымызы сусын, мінсең көлік. Суыққа төзімді. Оның майы салқында тоңазымайды. Еті де, қымызы да ем.
Эльвира: Жылқы - сәндік, мақтан. Жылқы атасы - Қамбар ата
Асел: Әжем жиі сауады Боз биені баяғы Сүті неткен көп еді, Суалмай - ақ келеді. Құлыны да тояды, Сабамыз да толады. Қанады әбден қымызға Біздің үйдің қонағы.
Айдана: Құлдыр - құлдыр құлыншақ, Жібек жалды құлыншақ. Жүйріктігі құйындай Құлыншақты мінде шап
Манас: Құлыншағым - құндызым Құлдырайды, шабады. Жылтылдаған жұлдызым, Құстай қанат қағады.
Перизат: Жолға шықсам, көлігім, Жапанда жүрсем, серігім. Қамбар ата өсірген, Құлыным менің, қайдасың? Құрау, құрау!
Данел: Күмбірлеген әні бар, Желкілдеген жалы бар. Желкілдейді жүйрігім, Желмен шапқан жануар.
Ғайса: Жылқы төлі - құлыншақ, Тұяғы жерге ұрыншақ.
Мұғалім: Өте жақсы.
Жылқы атасын қалай атаймыз?
Жылқы төлін қалай атаймыз?
Жылқыны қалай шақырады?
Жылқы қалай кісінейді?
Жылқының сүтіне не дайындайды?
Мұғалім: Қазақтың қасетті малдарының бірі - жылқы. Жылқы - жүйрік жануар, көлік ретінде мінген. Жылқы малын аса жоғары бағалаған қазақтар, оны үлкен ас тойларда жарысқа салып, бәйгеге қосқан. Ер азаматтарға жасалатын сыйдың да үлкені ат мінгізіп, шапан жабу болған.
Жұмбақ: Айран берген, құрт берген, Шелек-шелек сүт берген, Айтыңдаршы балалар, Бұл қандай мал, кім білген? (сиыр)
Олай болса, сиыр туралы не білеміз?
Ұлмекен: Сиыр - ірі қараға жатады. Оны көбіне - көп сүті үшін ұстайды, етін азық етеді. Сиырдың сүтінен қаймақ, май, айран, құрт, сүзбе, ірімшік дайындайды.
Айдос: Сиыр - қанағат, ақтық Сиыр атасы - Зеңгібаба.
Жұлдыз: Мінезі жайлы сиырмын, Байлығымын бір үйдің. Сырымды менің ұғып ал Етім - дәмді, сүтім - бал.
Елдос: Ақ бұзауым ұнайды, <<Мө-мө>> деп сүт сұрайды. Ақ бұзауды бағамын, Апамнан алғыс аламын. Келеді өсіп күн санап, Қоямын ба тұмшалап. Тұмсығын созып қарайды, Тілі мен мұрнын жалайды.
Дінмұхаммед: Тілі мен мұрнын жалаған, Тілі мен бойын тараған. Көкке мұрнын шүйіріп, Зеңгібаба өсірген, Әукешім менің, қайдасың? Аухау, аухау!
Нұрғиса: Әукім, әукім, сиырым, Мүйізіңнің сүйірін! Шүйгін жерге келгелі Шығып қапты бүйірің.
Мұғалім: Өте жақсы.
Сиыр атасын қалай атаймыз?
Сиыр төлін қалай атаймыз?
Сиырды қалай шақырады?
Сиыр қалай мөңірейді?
Сиырдың сүтіне не дайындайды?
Жұмбақ: Кішкене ғана бойы бар, Айналдырып киген тоны бар. Бұл қандай жануар? (қой)
Мұғалім: <<Қой - төрт түліктің момыны>> Қой туралы не білеміз? Айкүнім: Қой - төрт түліктің ұсағы. Терісінен тон тігеді, Жүнінен киіз басады. Жіп иіріп, қолғап, шұлық тоқиды. Қойдың сүті қою болады.
Айдана: Қой - қазына, мырзалық, Қой атасы - Шопан ата
Перизат: Кішкене, момақан, Қошақанды ұнатам Сүйеді апам қозым деп, Қошақаным өзің деп.
Данел: Қой баласын қоңырым, Қойдай жуас момыным. Шопан ата түлегі, Қошақаным, қайдасың? Пұшайт, пұшайт!
Елдос: <<Мәә - мәә>> деген әні бар Жібек тоны - сәні бар. Қошақаным момақан, Сүйкімді бір жануар.
Дариға: Жайылады аңғарда, Маңырайды албарда. Тістемейтің, теппейтін, Қойдан момын мал бар ма?
Мұғалім: Өте жақсы
Қой атасын қалай атаймыз?
Қойдың төлін қалай атаймыз?
Қойды қалай шақырады?
Қой қалай маңырайды?
Қойдың сүтіне не дайындайды?
Қой жүнінен не жасалады?
Жіп иіріп, киім тоқылады. Киіз басады, терісінен тон тігеді.
Мұғалім: Қой - төрт түлік малдың ішіндегі қазақтың ең сүйіктісі десе де болады. <<Қойдың сүті-қорғасын, қойды құртқан оңбасын>> дейтін қазақтың қой өсіруге ынта-ықыласы мол-ақ. Қой майда, әрі өсімтал, момақан.
Жұмбақ: Асты пышақ, үсті істек Өзіне лайықтап киім пішкен Секіріп-секіріп түскен Бұл қай жануар? (ешкі)
Мұғалім: <<Ешкі - өсімтал мал>> Ешкі туралы не білеміз?
Айшабибі: Ешкі маған түбітін берді,- Қолғап кидім. Қой маған жүнін берді, - Қалпақ кидім.
Алтынбек: Ешкі төлі - лақ, Тыныш тұрмайды ол бірақ
Жұлдыз: Шөре-шөре, лағым, Тентек болма, шырағым. Секектеме, деміңді ал, Селтеңдемей құлағың.
Манас: Ешкі иесі - Сексек ата
Ғайса: Жауын жауса, бақырған, Ешкі атасын шақырған. Өрісте өскен жануар, Шөкетайым, қайдасың? Шөре, шөре!
Асел: Ешкі деген жануар Лақ кезден шынығар. Жапырағы жайқалған, Ағаш көрсе жыны бар.
Мұғалім: Өте жақсы.
Ешкі иесін қалай атаймыз?
Ешкі төлін қалай атаймыз?
Ешкіні қалай шақырады?
Ешкі қалай маңырайды?
Ешкі жүнінен не тоқылады?
Мұғалім: Дұрыс айтасыңдар. Ешкі өсімтал малдың бірі. Ешкінің еті жеңіл, әрі сіңімді, сүті аса құнарлы болады. Ешкінің сүттісін арнайы ұстап, ана сүтіне жарымаған баланы ешкі сұтімен асырайды.
Мұғалім: Балалар, төрт түлік мал туралы қандай тыйым сөздер білеміз?
Данел: Малды теппе, ақты төкпе. Айдана: Малды басынан ұрма. Елдос: Малға теріс мінбе.
Төрт түлік туралы мақал-мәтелдер
Эльвира: Сиырдың сүті тілінде. Саят: Сиыр сауған шөлдемес. Айдос: Ат - адамның қанаты.
Данел: Аттың көркі Құйрық-жалы, құлағы. Таудың көркі Тасы менен бұлағы.
Айшабибі: Түйе атасы - нар, Ағаш атасы - шынар.
Жазылбек: Қойдың сүті - қорғасын, Қойды ұрған оңбасын.
Манас: Сиырды теппейді, Сүтті төкпейді.
Қорытындылау: Ойын: <<Төлдері қандай?>> Мұғалім: Еңбекқор қазақ халқы мал өнімдерін өте орынды пайдаланып отырған. Шаруашылыққа қолданылатын заттар - жылқының жалынан, құйрығынан жасалатын арқан, сиырдың мүйізінен жасалатын тарақ, қой жүнінен жасалатын киіз, текемет, тоқылған киімдер, көрпе аса жоғары бағаланған. Тіпті түйенің шудасында қайнатып емге пайдаланған. Кедей қазақтар қойдың жабағы жүніне жаңа туған нәрестені де орап, қыстан аман алып шыққан. Осындай құнды мал болғандықтан, қазақтар өз перзенттерін де <<құлыным>>, <<қозым>>, <<қошақаным>>, <<ботам>> деп айналып, еркелетіп отырған.
Хор: <<Қошақаным>> Сабақты аяқтау.

Ұқсас жұмыстар
Қой қандай түлік
Төрт түлігім ырысым жайлы ақпарат
Мөлдір мен Аяжан Төрт түлік малдың балаларын сүюі
Жыл басына таласқан хайуанаттар
Жер асты сулары
Қоршаған орта
Кремний және оның қосылыстары. Химия
Керемет әсер
Ана тілім- ардағым Тіл- қатынас құралы
Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы сценарийі
Пәндер