Сабақ жоспары :: Сценарилер

Файл қосу

Ұстаз - ұлы есім . Марат Нығметжанұлын еске алу кеші

Тақырыбы: <<Ұстаз - ұлы есім>>. Марат Нығметжанұлын еске алу кеші.
Мақсаты:
1. Білімділік: Бүгінгі ұрпақ - ертеңгі насихаттаушы - шәкірттерімізді өмірден озған құрметті ұстазымыздың өмір дерегімен таныстыру
2. Дамытушылық: Оқушылардың ұлағатты ұстаз жайлы оқып- үйренуде өзіндік дағды қалыптастырып және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
3. Тәрбиелік: : Ұстаздың еңбек жолымен таныстырып, үлгі-өнеге беру. Оқушыларды ұлы ұстаз есімін қастерлеуге, кұрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Ауызша журнал

Тәрбие сағатының әдісі: іздену, сұрақ-жауап, әңгімелеу

Көрнекілігі: Марат Нығметжанұлы туралы жинақталған слайд

Тәрбие сағатының барысы:
Ұйымдастыру кезеңі: Оқушылардың назарларын сабаққа аудару.

Мұғалім:
Сәлеметсіздер ме құрметті оқушылар, ұстаздар. Бүгінгі біздің тәрбие сағатымызда Қарқаралы ауданының тумасы, ауылымызға және біздің мектебімізге көптеген еңбегі сіңген, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері Марат Нығметжанұлы жайлы сөз қозғамақпыз. Олай болса тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

Қазақстан Республикасының гимні орындалады.

1 - жүргізуші.
Данышпан да, дана да оқып сенен,
Атақ-даңқын асырды бар әлемнен.
"Ұстаз" деген аяулы, асыл жанды,
Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең!

2-жүргізуші.
Ақырын жүріп анық бас.
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, - деп Абай атамыз айтқандай ұстаз деген ол ұлы есім.

1 - жүргізуші.
Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы - жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені ақиқат. Сондықтан басқа мамандық иелерінің баршасы да ұстаздарға борыштар деп ойлаймын.
2-жүргізуші.
Осындай ұлы тұлға, есімі ауылымызға, ауданымызға кең танылған мектебіміздің алғашқы директоры, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері Марат Нығметжанұлы туралы қанша сөз қозғасақ та орынды.

1 - жүргізуші.
Біреудің табиғаты - ұстаз, біреудің кәсібі ұстаздық. Алғашқысы туа бітті ұстаз. Соңғысы жүре келе қалыптасатын ұстаз.

2-жүргізуші.
Марат ұстаз туа бітті мейірімнен жаралғандай шынайы ұстаз. Ұстаздықтың бір өлшемі-жүрек гүлі- мейірім болса, екінші өлшемі адалдық. Адалдығы жоқ адам ұстаз емес, ұстаз атын жамылған әлдекім.

1 - жүргізуші.
Ал біздің ұстаз - Марат Нығметжанұлы шәкірт алдында адал, өзіне де, өзгеге де әділ бола білген ұстаз.

2-жүргізуші.
Марат Нығметжанұлы 1937 жылы 1 қаңтарда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Восток совхозының Калинин елді мекенінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Нуркин Нығметжан ұстаздық қызмет атқарып жүріп, Ұлы Отан соғысына аттанып, соғыста көз жұмған.

1 - жүргізуші.
Марат ағай 1944 жылы Калинин мектебінің 1-сыныбына қабылданады. 1951 жылы Қарағанды қаласындағы №7 Жамбыл атындағы мектеп-интернатына ауысады. 1956 жылы осы аталған мектепті тәмамдады.

2-жүргізуші.
Мектепті аяқтаған соң осы жылы Қарағанды педигогикалық институтына биология, химия және ауылшаруашылығының негіздері мамандығы бойынша оқуға түседі де, 1959 жылы осы оқу ордасын аяқтап, диплом алған.

1 - жүргізуші.
1959 жылы институтты бітіргеннен кейін Жазира апайымызбен отбасын құрады. Отбасында тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы білім алып, қазіргі кезде отбасын құрған бір-бір шаңырақ иесі. Әке жолын қуған тұңғышы Гүлназия Маратқызы өзі білім алған Ынталы мектебінде ұстаздық қызмет атқарған. Қазіргі кезде о дүниелік болған.

2-жүргізуші.
Осы жерде Марат Нығметжанұлының қара шыңырағының отын сөндірмей, сол шаңыраққа ие болып отырған ауылымыздың белді азаматы, учаскелік инспекторы Талғат Маратұлынан әкесі туралы бір-екі ауыз пікір алсақ.

Арай:
-Сіз асқар тау әкеңіздің отбасында қандай әке болғанын бір-екі ауыз сөзбен әңгімелеп берсеңіз.
Ақжан:
-Сіз әкеңіздің қандай жақсы қасиетін өзіңізге үлгі еттіңіз?

Ән: <<Ұстазым>>

1 - жүргізуші.
Марат Нығметжанұлы 1959-1966 жылдар аралығында Жамбыл совхозының сегізжылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1966 жылы Ынталы совхозында сегізжылдық мектеп ашылып, сол мектепке директор болып Жамбыл мектебінен ауысып келген. Міне сол жылдан бастап ұлағатты ұстаз өз өміріне ерекше бір күш-жігер жинағанын ешқашан ұмытқан емес.

Қаймхан Арай:
Бағбан күтсе ағашын,
Жапырақ жаяр мәуелі.
Бермесең қалай бағасын,
Қастерле оны әуелі.
Дихан да жерін сүйеді,
Топырағы анасы.
Адамзат басын иеді,
Кімнің бар оған таласы?
Ұстазды бірақ бағбанға,
Диханға да теңеме.
Ұстазға тең жоқ жалғанда,
Тұрағы шың төбеде.
Ұстаздың жасы нақ өмір,
Білімді, білгір кемеңгер.
Жаны жомарт абзалдың,
Адамдық арды сол білер

Жәмилә:
Күллі өмірін жеткіншекке арнаған
Мұғалімді ардақтайды барша жан
Ол мектептен шықпаса да қыс- жазы,
Жемісі оның жердің жүзін шарлаған
Бала десе ойламайды өз қамын
Көрсем дейді күнге де қол созғанын
Шәкірттерін өзінен де озғанын.

1 - жүргізуші.
Ұлағатты ұстаз директор болып қызмет атқара жүріп, 1970 жылдан бастап қазақтың табиғат қорғау ұйымының мүшелігіне қабылданды. Осы еңбектерінің нәтижесінде 1970 жылы <<Қажымай еңбек еткені үшін>> медалімен марапатталды.
2-жүргізуші.
Жұмысқа алғырлығының, іскерлігінің арқасында 1974 жылы <<Социалистік сайыстың жеңімпазы>> белгісіне ие болды. Білімді ұстаз, білікті басшы Марат Нығметжанұлы өзі басқарған мектеппен білім алушы шәкірттерінен өз білімін аямағандығының арқасында 1980 жылы <<Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері>> белгісімен марапатталды.

Нұрайым:
Ұстаз деген - жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген - анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.
Ұстазыңды түсінген сен тереңнен,
Бар әлемге еңбегімен еленген.
Сенің бағың өрге қарай өрлесе,
Ол да бірге қуанышқа кенелген.
Сол арқылы сен де өмірді жалғадың,
Ізгі іс қой, ұстаз тілін алғаның.
Мақтау алсаң ұстаздардың алдында,
Ол өзіңнің орындалған арманың.
Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып.
Ұстаз деген - ұлылардың ұлысы,
Қасиеті бас иелік мәңгілік!

Арман:
Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.
Табан тіреп төзгенсің қанша ауырға
Тарап демде кетеді шаршауың да
Бал-бұл жанған балғын жүз, жәудір көздер
Тұрғанында солардың қоршауында
Қиындықта кезіксең көп асу да
Қанша терің төгіліп жол ашуға
Сен шәкірттің ұстазы болмайсың тек,
Сен өмірдің ұстазы боласың да!

1 - жүргізуші.
Өзі дәріс беретін пәнін өте жақсы меңгергендігімен қатар Марат Нығметжанұлы бос уақытында өлең жазумен шұғылданған. 1986 жылы <<Еңбек ардагері>> медалімен марапатталды. 1998 жылы 30 жылға жуық директорлық қызметінен кейін зейнеткерлікке шығады. 1999 жылы құрметті ұстаз, сүйікті жар, мейірімді әке, халық сыйлаған, ел таныған азамат дүниеден озды.

2-жүргізуші.
Алайда ұстазымыздың көзі кетсе де, артынан қалған ұрпақтары әке атын өшірмеді. Мектеп директоры Ж.Рахымбековтің бастамасымен Марат Нығметжановтың жанұясының қолдауымен 2001 жылдың 17 қарашасынан бастап мектебімізде Марат Нығметжанұлының он күндігі ұйымдастырылып, тәрбие сағаттары өткізіліп, волейбодан аудандық турнир өтіп отырады. Сонымен қатар мектептің үздік оқушыларына Марат Нығметжанұлының атындағы стипендия тағайындалған.

1-жүргізуші.
Жазылған деректермен ғана шектелмей, Марат Нығметжанұлымен бірнеше жыл еңбек еткен, осы мектепке еңбек сіңірген, қазіргі кезде зейнеткерлікке шыққан ұлағатты ұстаздарымызға сөз берейік.

Келген қонақтар ұлағатты ұстаз туралы әңгімелеп береді.

Мұғалім: Ашық тәрбие сағатымызды қорытындылай отырып, өз ойымыздан туындаған, ұлағатты ұстазға арналған өлең шумағымен аяқтаймыз.

Ақжан:
Марат ұстазға арналады
Құрайын жібек сөзбен өлең-өрнек,
Шын мықтының еңбегін елеген ек.
Білімді - ұстаз, білікті - маман болып,
Қызмет еткен жансыз сіз шебер өрлеп.
Әрқашанда ісіңе адал болдың,
Жемісін ертеңгі күн көреді ел деп.
Сіз секілді ұстаздан үлгі алып,
Ұлтым дейтін ұландар өне бермек.
Қазекем құр бекерге айтпаған ғой,
Қасқадан қарағайдай төбел өнбек.
Күтімі жақсы болған жас шыбықтың,
Тамыры қара жерге терең енбек.
Себебі жақсылығы жақсы адамның,
Ақ жауындай жабады төбеден кеп.
Үйретуден балаға жалықпаған,
Білім нәрін бәріне бере бермек.
Қайтсе бір күн жемісін береді ғой,
Отыз жылда сіңірген ерен еңбек.

2-жүргізуші.
Назарларыңызға рахмет, сау болыңыздар.

Ұқсас жұмыстар
Ұрпаққа жеткен аманат
Сөз таптарын ата
Туған өлкеге саяхат
Ерлік - ұрпаққа мұра
Ортада аралар биімен Балапан тобы бүлдіршіндері
Информатика әлемі кеші
Ұстазға тағзым етейік
Тақырып Ұстаз - ұлы есім
Ұлы жеңіс жасасын!
Барлық ойналған партиялар саны қанша
Пәндер