Тәтіқара ақын (1705 – 1780)

Тәтіқара ақын (1705 - 1780)
Тәтіқара - Абылай ханның замандасы. Қалмаққа қарсы жорыққа қатысып, сол жорықтарды жырлаған ақын. Шоқан Уалиханов Тәтіқараның кезінде ірі ақын болғандығын айта келіп, оны Абылай қолының жыршысы деп орынды ескертеді және Абылай қолының жаудан сасқан бір шағында айтқан Тәтіқара өлеңінің мазмұнын баяндап береді. Профессор Е. Ысмайылов та Бұхар мен Тәтіқараны өзі көрген жортуыл туралы жырлар шығарған эпик ақын деп санайды. «Ер Тарғын», «Қобыланды» жырларды оқиғаның куәсі болған Сыпыра жырау шығарып, ал онан соң Үмбетей, Тәтіқаралар жырлап таратуы ықтимал - дейді.
Академик Ә. Марғұланның ескертуі бойынша, Тәтіқара жырау - XVIII ғасырдың бірінші жартысында жасаған қазақтың ірі ақыны, жыршы-импровизаторы. Оның өлеңдері мен жырларынан тек ауыз әдебиетінің ерекшеліктері емес, жазба әдебиетке тән сипаттар да байқалады.
Тәтіқара Бөгенбай қолымен қалмаққа қарсы шабуылдарға қатысып, өзінің жалынды жырларымен күреске аттанған. Шайқастың нақ ортасында жүріп, халықтың көңілін көтеріп, жігерін оятып отырған. Мысалы, оның бір жыры «Қамыстың басы майда» деп басталады. "Әдебиет және Искусство” журналында 1946 жылы (7-8 сандары) жарияланған, бір өлеңінің шығу тарихы осындай. Ол қазақ қолының қысылшаң жағдайға ұрынған кезінде, жауынгерлердің ерлік намысын ояту ниетінде айтылған жалынды сөз:
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы болат найза.
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда.
Мұнда Тәтіқара қол бастаған батырлар ісін, олардың ерлік дәстүрін үлгі ете сөйлеп, қалың қолды ілгері ұмтылуға үндейді. Алдағы судан да, жаудан да тайынбай, батыл шабуылға бастайды. Қазақтың қайтпас батырларының аттарын атап, олардың өшпес даңқтарын үлгі етеді.
Тәтіқара - кезіндегі шындықты жасырмай жырлаған батыл ақын. Ол Абылай бастаған қолдың жаумен кейбір айқаста табансыздық көрсеткен жерлерінің де болғанын жасырмайды.
Кейбір қолжазба деректерде Тәтіқараны Абылайға сын сөздер айта білген батыл ақын етіп танытады. .
Үш жүздің баласы
Ақылдасып қолдасып
Хан көтеріп еді -
Үш жүздің баласын
Бір ұлындай көрмеді.
Ат құйрығын күзеңдер,
Аллалап, атқа мініңдер,
Ханталау қылып алыңдар!
Ақынның бұл сияқты батыл әрекеттері, әрине, ханға ұнамайды. Асылы, осындай, өктем сөздерден кейін Тәтіқара мен хан арасы алшақтайды. Халық аңызы бойынша, Тәтіқара сарай маңынан біржола қуылып, жасы ұлғая келе жоқшылық көріп өледі. Тәтіқара шамамен 1780 жылдары 75 жаста дүние салады.
Үмбетей жырау
Үмбетей Тілеуұлы 1697 жылдар шамасында осы еліміздің Ерейментау өңірінде дүниеге келген. Әкесі - Тілеу қаһармандық жырларды, көне аңыздарды, шешендік сөздер мен қиссаларды жақсы білетін шежіре, сонымен қатар халықтың музыка өнерінен көп хабары бар шебер қобызшы, ел ішінде абыз атанған адам екен. Үмбетейдің өмірдегі, өнердегі мектебі - өз әкесі, дәріс алған тұстаздары - сол кездегі әкесі тәрізді көнекөз қарттар. Ақындық қабілеті ерте байқалған Үмбетей ауыл арасында ғана емес, жалпы жұртқа да өзіндің ерекшелігімен өте тез танылады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ат жалын тартып мініп, найзасы мен жалынды жырларын жауына қатар сермеген Үмбетей жырау халқының құрметіне бөленеді. Сыртқы жаулармен күресте аты шыққан батырларды мадақтау оның өзекті тақырыбына айналады.
Үмбетей - Бұхар жыраудың әрі замандасы, әрі тілектес-ниеттес ең жақын досы болған адам, XVIII ғасырдағы ең атақты, ірі жыраулардың бірі. Ол өзі көрген, басынан кешкен тарихи оқиғаларды жеріне жеткізе шыншылдықпен жырлайды. Оның бұл қасиетін Бөгенбай батырды жоқтауынан және оның дүниеден өткенін Абылайға естіртуінен айқын аңғарамыз. Үмбетейдің жыраулық, ақындық өнерінің ерекше қасиеттерін Шәкәрім Құдайбердіұлы шеберлікпен суреттейді. Қарабұжыр қанжығалы Үмбетей жырауды Мағжан Жұмабаев та ерекше мадақтап:
Әрі ақын, әрі батыр Қарабұжыр,
Айтайын өрлеп барып аспанға сыр, -
дейді өзінің «Батыр Баян» дастанында.
Осындағы Қарабұжыр - Үмбетей жыраудың лақап аты.
Жырау өз замандасы Бұхар Қалқаманұлына арнаған толғауында:
Өткіздің тоғыз ханды толғауменен,
Шештің талай түйінді болжауменен.
Іс болса қиын-қыстау сен сөйлеттің,
Қылыш қып қызыл тілді қорғауменен.
Сұрағанмен берместі,
Жылағанмен келместі,
Айттым сәлем еліңнен,
Сарыарқадай жеріңнен,
Жатсаң да шірімейтін,
Асыл тасым - дейді тебіреніп.
Үмбетей жырау «өткіздің тоғыз ханды толғауменен» десе, бұл тарихи шындық. Бұхар Әз Тәукеден бастап, одан кейінгі қазақ хандары: Қайын, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Күшік, Әбілхайыр, Барақ, Абылайдың ақылшысы, кемеңгер биі болған.
Шешендік сөздің салмағын білетін қас жырау қара қылды қақ жара отырып, қаһарлы қылыш ала алмаған қамалды қанатты сөзбен алуға болатындығын дәлелдейді. Сөйтіп, Қаз дауысты Қазыбектің ұлы Бекболат би мен Абылай ханды бір ауыз сөзбен тоқтатып, ел бірлігін сақтап қалады.
Қай уақытта да Үмбетей жыраудың есімі қанжығалы қарт Бөгенбаймен қатар аталады. Арнау жырларымен аты шыққан Үмбетей жырларының дені толғау.
Бөгенбай батырдың 1708 жылы 30 мың қолды бастап, қазақ елінің берекесін алып, құтын қашырған казак-орыстарды талқандап, Еділден әрі асырып тастағанын:
Балдырғаны білектей,
Бүлдіргені бүйректей.
Бөденесі үйректей,
Шортаны тайдай тулаған.
Қоралы қойдай шулаған,
Ұзыны шексіз, ені алыс -
Еділден өттің Бөгенбай, - деп жырлайды.
Қарақұм құрылтайында қазақ жүздерінің күш біріктіруі арқасында Бөгенбай бастаған халық жасағының 1711 жылы жоңғарлармен соғыста үлкен жеңіске жетуі де Үмбетей жырларына арқау болады.
Бұдан кейін жоңғарлар 1723 жылға дейін бас көтере қоймайды. Есін жиып алған соң, араға он үш жыл салып, бейқам жатқан қазақ еліне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Орта жүздің Торғай, Есіл, Тобыл өзендерін бойлай Қаратау бекеттерінен жайлауға көшкен сәтін пайдаланып, найман, керей, үйсін, шапырашты руларының жерлерін басып алып, осында қалған жұртты бостырып жібереді. Оның үстіне Кіші жүзге, Еділ бойына Аюке хан бастаған қалмақтар шабуыл жасайды. Бірден екі жақты қыспаққа түсіп, барар жер, басар тауы қалмаған ел «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырайды. «Орманнан көп орта жүзден» Бөгенбай жасақ жиып, Бұланты мен Бөлеңті өзендерінің жағасында жауды ойсырата жеңеді. Бұл жер кейіннен «Қалмақ қырған» деп аталады. Осы соғыс жорықтарына Үмбетей жырау бастан-аяқ қатысып, батырлардың ерлігін жырларына арқау етеді.
Жорықтан жеңіспен оралған жауынгерлерді Орта жүз елі қуанышпен қарсы алады. Баянауылдағы Сабындыкөл басында отырған Қанжығалы ауылының иелері Абыз бен Шомақ 90 ту бие сойып, Жеңіс тойын өткізеді. Тойға жиналған жұрт Әбілмансұрды атасының атымен Абылай деп атауға, ал келесі 1734 барыс жылы хан көтеруге сөз байласып тарасады.
Абылай хан тапсырмасымен Бөгенбай батырдың жанында болған Үмбетей жырау 1761 жылы Абылайдың Әділ деген баласына еріп Қытаймен келісім жасауға барады. Сөйтіп, Қазақ елі мен Қытай арасында бейбітшілікті нығайтуға үлес қосады.
Үмбетейдің Бөгенбайға арнаған екі ұзақ жыры бар. Оның бірі Бөгенбайды жоқтау да, екіншісі - Бөгенбай өлімін Абылай ханға естіртуі.
Бөгенбай жоңғарларға қарсы күрестің бас қаһарманы, әулетті батыр, атақты қолбасшы. Ел үшін жасаған еңбегі үшін халық жүрегінен орын алған адал ұлдардың бірі. Міне, осы өзі әкесі «Алатаудай Ақша батырдан асып туған» Бөгенбай бейнесін Үмбетей жырау өз жырларында шеберлікпен сомдай білген.
Бөгенбай батырдың қазасын естіртуінен де оның жұрттан асқан шеберлігін байқаймыз. Бұрын қазаны естіртудің өзі өнер болғаны мәлім. Әдетте, естіртуші қайғылы хабарды бірден тоқ еткізіп айтып салмай, айтар ойын алыстан орағытып бастайды. Алдымен тұспалдап сөйлеп, қара жамылуға тиіс адамды ауыр хабарға дайындап алады.
Үмбетей де ескі салтты бұзбайды. Жырау алдымен Абылайдың өз басынан, халық басынан өткен ауыр күндердің жайын толғайды. Бұдан соң жырау дүниенің аумалы-төкпелі екенін, қазасыз пенде жоқ екенін еске салады. Әйтседе өлімнің артынан тағы да қуаныш болатының, бір батыр өлсе, оның орнына тағы бір батыр туатындығын айтады. Сөйтіп, Үмбетей өзінің қаралы хабаршы екендігін, атақты батырлардың бірі дүниеден көшкенін естірту үшін келгендігін жеткізеді.
… Жасыңда болған сырласың,
Үлкенде болса құрдасың.
Сексеннен аса бергенде,
Қайырылмас қаза келгенде.
Батырың өтті Бөгенбай! - дейді.
XVIII ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі - Үмбетей жыраудың бізге жеткен қиссаларының көрнектісі - «Жантай батыр».
Бұқар жырау Қалқаманұлы
Бұқар жырау Қалқаманұлы (1693-1787) - әйгілі жырау, Абылай ханның ақылшы-биі, абыз. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. Сөйлегенде үнемі қара сөзбен емес, көмекейі бүлкілдеп, түйдек-түйдек жырмен сөйлейтін болған. Көбіне-көп Абылай ханның өтінішімен, «сәуе айтшы» деген тілегімен түсінде көрген істерін болжап айтады екен, бұлары дәлме-дәл келіп отырған. Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналған. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап калатын көсем тұрғысында үлкен сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет еткен. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлаған. Оның «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталған. Ал «Садыр, қайда барасың?», «Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға» деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз еткен. «Он екі айда жаз келер», «Абылай ханның қасында», «Ханға жауап айтпасам» атты толғаулары халық болашағы мен бейбітшілікті сақтау, отарлауды көздеген елден жыраққа, Жиделі байсынға көшу мәселесін қозғаған. Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық сипаты басым. Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде Абылай дәуірінің айнасы.
Бұхар Бөгенбайдың өлімін хан Абылайға естіртуші жыраудың бірі. Ол батырдың тарихи рөліне танып, оған деген халықтың қайғысын хан қайғысына ұштастыра жырлаған. Қазақтың даңқты батырлары қатарына алып, оны даралай да білген:
Қазақтың ханы Абылай,
Абылай ханым бұл қалай?
Ақиықты аспанға
Ұштаспай қып торлады.
Құлағанға ұқсайды,
Қазақтың қамал қорғаны.
Қайғырамыз ханзадам,
Айтпасыма болмады-
Батырың өтті Бөгенбай!
Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан бір елі қалдырмаған. Ақыл-ойға кемел «Көмекей әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, қос бүйірдегі Қытай мен Ресей аты қос алып мемлекеттің арасында оңтайлы саясат ұстауына, әскери дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеуге барынша ықпал жасаған. Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлтының ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі жырау мұраларында шынайы шыншылдықпен суреттелген. Әсіресе, оның толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленген. Мысалы, «Қилы заман» толғауындағы мына бір жайлар «Күнбатыстан бір дұшпан, Ақырында шығар сол тұстан. Өзі сары, көзі көк, Діндарының аты боп Күншығысқа қарайды. Шашын алмай, тарайды, Қүдайды білмес, діні жоқ, Жамандықта міні жок, Затсыз, тексіз бір кәпір, Аузы-басы жүн кәпір, Жемқорларға жем беріп, Азды көпке теңгеріп, Ел қамын айтқан жақсыны, Сөйлетпей ұрар ұртына. Бауыздамай ішер қаныңды, Өлтірмей алар жаныңды, Қағазға жазар малыңды. Есен алар пұлыңмен, Солдат алар ұлыңнан, Күндердің күні, Абылай, Жаяулап келер жұртыңа, Жағалы шекпен кигізіп, Балды май жағар мұртыңа, Есе тимес өзіңе, Есіктегі құлыңнан», табандап жылжып келе жатқан қайшылығы мол заманды елестетеді. Қазақ қоғамының сәнінен, мәнінен айрылатынын, дінінің, тілінің, жерінің тозатынын, қабілетсіздер сұңғылаларды илеп билейтінін, дәрменсіздік жалайтынын, марқасқалар төбесінде бұлт үйірілетінін баяндаған.
Бұхар Абылай ханды да, Бөгенбай батырды да өз ортасында, басқа батырлармен бірге суреттейді. Олар бірінен бірі асып түсіп отыратын қайтпас ерлер. Солардың ішінде Бөгенбайдың тұлғасы өзгеше.
Бұхардың бұл сөздері қазақ хандығының сыртқы саясаты туралы айтылған ақылдар. Мұның өзі- жыраудың кезінде ел арасындағы саясатқа тікелей араласып отырғанының куәсі.
Бұхар өлеңдері- өзінің стилі жағынан ауыз әдебиетімен және өзінен бұрын жасаған Асан, Қазтуған, Шалгез жыраулар толғаулармен сабақтас, ақыл, нақыл, ғибрат, өсиет ретіндегі толғаулар.
Жанақ Сағындықұлы ХVІІІ ғасырдың соңына қарай қазақтың жыраулық поэзиясының күні өтіп, жеке ақындық өнер туа бастаған кезде, соны бастаушылардың бірі - осы Жанақ ақын болған. ХVІІІ ғасырдың соңына қарай қазақтың жыраулық поэзиясының күні өтіп, жеке ақындық өнер туа бастаған кезде, соны бастаушылардың бірі - осы Жанақ ақын болған. Жеке ақындық поэзия бұрынғыдай ел, заман жайлы толғаулардан бас тартып, халық өмірін, жеке адамдардың жақсылы-жаманды қылығын өлеңге қосып, тұрмыстың, тіршіліктің шындығын жырлауға бет бұрған. Қазақ әдебиеті тарихында Шал, Көтеш, Жанақ сияқты ақындар алғаш осындай өлең үлгілерін тудырған. Жанақ Сағындықұлы 1770 жылы бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Темірші болысының 6-аулында туған. Кейін бұл өңірде “Прогресс” атты шаруашылық ұйымдасқан. Сол ауылдың шығыс жағындағы Құмадыр бұйраты - Жанақтың туған жері. Жанақтың шыққан тегі кедей шаруадан. Ата-анасы көріп өскен жоқшылықты Жанақ та бастан кешірген.
Жасында кедейліктен жедім таяқ,
Жалаң бас, жамау дамбал, жалаң аяқ.
Кедейлік қыршаңқы аттай топтап қуып,
Үйірге қосыла алмай жүрдім саяқ, - деген ақынның өлең жолдары бұған дәлел. Ес білгеннен кейін де Жанақтың қолы байлыққа жетпеген. Тапқан-таянғаны күнделікті күн көрісінен аспаған. Бірақ ол жоқшылыққа мойымай, ақындық өнерге бой ұрған. Оның қобызға қосылып айтқан жырлары елді тәнті еткен. Оны халық, хан - қара - бәрі сыйлаған.
Жанақ бере білмеді, ала білді,
Құдай ал деп берген соң шебер тілді.
Сондадағы түскем жоқ ел алдында,
Әркім-ақ бұл Жанақтан үзіп-жұлды.
Жақсы десін, мейлі жаман десін,
Жанақты бұл үш жүздің ұлы білді.
Хан, қара мен сыйлады би-төресі,
Болмаса сыйлар ма еді сөзім бұлды, - деген ол. Кешегі Абылай тұқымының от басын, ошақ қасын аңдыған, “бақыт құсын қолынан ұшырып алған” күйін суреттейді.
Жанақтың заманында кедей ақындардың осындай мінездері болғанын кезінде Абай сынаған. Оларды “Өлең сөздің қадірін кетіргені”, “Жат елде қайыршылық қылғаны”, “мал үшін жанын жалдап, тілін безегені” үшін шенеп, мінеген. Бұл - ұлы ақынның өлең сөздің бағасын көтеру жолындағы күресі кезіндегі ойы, сөзі. Алайда, әр дәуірдің, әр ортаның өз ақындары, олардың өлең шығаратын, айтатын ортасы барын мойындасақ, Жанақ, Шөже, Сүйінбай, т. б. ақындардың да өз дәуірін аттап кете алмағанын түсінеміз. Мұхтар Әуезов “Қозы Көрпеш - Баян Сұлу” жырының Жанақ нұсқасының көркемдігін зор бағалаған. Жанақ 1856 жылы қазіргі Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданының бұрын “Хан сүйегі” деп аталған жерінде қайтыс болған.
Ақтамберді (1675-1768 ж. ж. )
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz