Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Бурабай - сексен көлдің саясында

Тақырыбы: Бурабай - сексен көлдің саясында

Мақсаты:

1. Бурабай өңірі- тұнып тұрған сыр, сөйлеп тұрған сурет екенін ұғындыру.
2. Оқушылардың туған жер тарихын білуге қызығушылығы мен танымдық қабілетін дамыту.
3. Оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, оны қорғауға тәрбиелеу.

Барысы:

Жүргізуші:

Құрметті тәрбиешілер мен оқушылар! Кең байтақ Қазақстанның әр облысының табиғатына байланысты өз ерекшелігі жер байлығы мен тарихы, экономикалық, экологиялық жағдайы бар екенін білеміз. Біз бүгін Бурабай өңірінің тұнып тұрған сыр, сөйлеп тұрған сурет екенін біліп танысамыз.

1-оқушы:

Жер шоқтығы атанған көрікті Көкшетаудың ең бір әсем, жанға шипалы өңірі. Осы төңіректегі атаулар Бурабай көлінің даңқымен көпке танымал болған. Бурабай көлі - емдік қасиетімен әрі әсем табиғатымен ерекшеленеді.
Бұл - әлемдегі ең көркем көл. Оны бір ғана рет көрген адам, қайта келіп, айнадай көлдің айдынын, тереңнен тарайтын ғажайып сәулесін, көлдің тыныштығы мен әсемдігін сақтап, таңғажайып қайталанбас пейзаж тудыратын айбынды ормандары мен тауларын көрмесе тұра алмайды.

Жүргізуші:
Көлді айнала қоршаған әрбір таудың өзіне тән мазмұнының қарапайымдылығы мен анықтығымен, жергілікті халықтың қоршаған ортамен бірігуге деген ұмтылысына қанық сюжетімен таң қалдырарлық аңызы мен тарихы бар. Бірақ көлдің өзіндік ғасырлар бойы осы қасиетті жерде болған жаңаша оқиғалармен толыққан, адами қарым-қатынастардың әр алуандығын сіңірген аңызы мен құпиясы ештеңемен салыстыруға келмейді. Және көлдің ортасында жалғызсырап тұрған тас үйіндісінің арқасында мұның барлығының құпиялығы арта түседі. Бұл Жұмбақтастың тарихын айтып кетпесе болмас.

2-оқушы:

Ертеде, бұл жерде әлі көл болмаған кезде, жергілікті халықты әділетті әрі мәртебелі хан билеген. Ол өте күшті, мықты әрі сымбатты, ақылды әрі парасатты, аса бай әрі жомарт болған. Оның қарымды әскері, сұлу жұбайы, отар-отар қойлары, мыңдаған табын жылқылары болды, бірақ оның ең асыл байлығы, көзінің қарашығы - жар дегенде жалғыз ұлы еді. Хан ұлын алақанында ұстады, әрдайым қорғаштап, барлық жамандықтардан сақтауға тырысты. Өзі жауынгерлік өнерді: қылышпен шабысу, садақтан оқ атуды, аттың құлағында ойнауды, сонымен қатар, билеушіге қажет барлық даналықты үйретті, және бұл мәңгілік жалғасатындай көрінді.
Бірақ күндердің бір күнінде соғыс басталды. Қаһарлы, қатыгез дұшпанның әскері аш төбеттей бейбіт елге шабуыл жасап, орасан қайғы мен қасірет әкелді. Сонда хан өзінің ұлымен бірге әскер жинап, жауға қарсы шықты. Сұрапыл шайқас орын алды.
Ұрыс үш күн мен үш түнге созылды. Ақыр аяғында, хан мен жаудың билеушісі жекпе-жекке шықты. Ханның бұл айқаста жеңіске жеткенін көріп, дұшпан әскерінің үрейі қашты, барлық жиған-тергендерін қалдырып, соғыс алаңынан қаша жөнелді. Жаудың көптеген адамдары тұтқынға алынды, солардың ішінде сұлулығын айтып тауыспас ару болды. Ол айқас кезінде хан қолынан қаза тапқан жау патшасының қызы еді. Арудың сұлулығы қаншалықты ғажайып болса, оның жүрегін кермеген өшпенділік сезімі соншалықты қорқынышты болды, ал оның ойы мен арманында зұлым кек жоспары өрбіді.
Аруды хан алдына алып келгенде, ол жуас және сыпайы боп көрінді, көзін төмен түсіріп, күлімсіреп, оған ғашық екендігін білдірді. Ал шайқастан, соғыс алаңын бүркеген ажалдардан шаршаған патша сұлудың алаңсыз, періште бейнесіне ессіз ғашық болды. Арудың қатыгез жүрегінен шыққан махаббат жебесі осыған дейін тек өз халқы мен жақындары үшін соққан хан жүрегіне нық қадалды. Махаббат уының күштілігі соншалық - хан бір күннен кейін-ақ, өзі бар ынта-жігерін салып билеп келген халқының дәстүріне қарсы келіп, аруды екінші әйел қылып алуға бел буды.
Көп ұзамай, жас кекшіл аруға бұл да аз көрінді. Ханға ұлының қаншалықты қымбат екендігін түсінген ол бозбаланың басын айналдыруды шешті. Бірінші кездесуде-ақ сұм сұлу көз тартарлық әдемілігімен жас жігітті еліктіріп, жүрегін жаралады. Ол оның теңдессіз ажарлығына тамсанды. Өткір де ерке, назды көзқарасына, сымбатты тұлға, балқытарлық бөксесінің иірімдеріне, күндей алтын бұрымды шаштарына қайран қалды. Арудың өшпенділік уы алғаш рет махаббат оты жанған бозбаланың жүрегіне ғашықтық жебесі боп қадалды. Сол ғашықтық отына еліккен жігіт сәби күнінен оның бойында парасаттылықты, отанға, туған жерге деген шексіз махаббат пен адалдықты тәрбиелеген әкесі мен анасының берген барлық өсиеттерін ұмытты. Ол тек өзін кернеген махаббат сезімімен әлек болды.
Жас кекшіл ару да бозбаланың адал ниетіне, шырайлы ақжарқын жүзіне, айбатты тұлғасына ғашық болды. Тұла бойын өшпенділік сезімі кернеген сұлудың жүрегінде махаббат сәулесі еніп, жанын жылытты.
Еліне оралғаннан соң, махаббат алауына құмартқан хан, жақындарының қарсылықтарына қарамастан, үйлену тойының күнін белгіледі. Ол жұбайының көз жасы мен қайғы-қасіретін, күннен-күнге шексіз махаббат пен ынтызарлықтан мұңая түскен ұлының жанарын байқамады, тек өзінің шұғыла шашқан махаббатын сезінді.
Той күні де келді. Белгіленген күн қарсаңында жаршылар жан-жаққа хабар таратты, хан мен оның жас ғашығының тойын тойлауға қалың жұрт жиналды. Кеудесін қуаныш сезімі кернеген, әдемі киенген хан, жас бүркіт сынды тұғырға көтеріліп, қалыңдығын күтумен болды - бірақ ол келмеді. Біраз уақыт өткен соң, ол сабырсыздана бастады, жан-жағына қарайлап, тұғырдың үстінде тұрған патша қашып бара жатқан жастарды: өзінің ұлы мен ғашығын байқады. Хан қатты қапаланды. Осындай сатқындыққа зығырданы қайнаған ол жастардың артынан қуа жөнелді. Ұзақ па қысқа ма, әйтеуір, уақыт өте келе хан ғашықтарға тап болды. Ашу үстінде ол садағынан екі оқ атып, жастарды жаралады.
Хан оларға жақындап келгенде, ғашықтар әлі тірі болатын. Олар қол ұстасып жатты. Өздері ажал аузында жатса да, мәңгілік махаббатта біріккен жастардың көздері енді олар әрдайым бірге болатындықтан, оларды енді ешкім де ештеңе де айыра алмайтындықтан, қуаныш нұрын шашып тұрғандай көрінді.
Айналаны күңгірт тыныштық жайлады. Жас арудың көзінен үзілген бір тамшы жасы, кенеттен дидарында пайда болған мұңлы да мейірімді күлімсірегені хан жүрегіне терең бойлап, барлық болған жайды баяндады: бастапқыда кек қайтарудан туған ойын ханның жақындарының өмірін қиған ұлы махаббат қасіретімен аяқталғандығы мәлім болды. Ащы шындықты - өзін-өзі алдағандығын, екі жастың өмірін қыршыннан қиған баукеспеге айналғандығын түсінген хан құбылмалы тасқа айналды, содан бері сол тас өзіндегі ақиқатты іздеудің символы болып қалды.
Ал арудың жалғыз көз жасы мөлдір таза көлге айналды. Онымен қайта қауышқан сайын айнадай көл әрбір адамға махаббат өшпенділіктен күштірек екендігін еске салады. Аңыз бойынша, сол көлге бір рет түскен адам әлемнің ұлы кереметі - Махаббаттың құпиясы мен тереңдігіне бойлайды.

3-оқушы:

<<Бурабай>> мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы Ақмола облысының Бурабай ауданында орналасқан. Саябақтың жалпы аумағы 83 510 га, оның ішінде орман алқабы 47 361 га, жер беті сулары 8 493,5 га. Климаты шұғыл континентальды. Қаңтар айындағы орташа температура -16,70С, шілде айының орташа температурасы +18,60С.
Саябақ аумағына Үлкен және Кішкентай Шабақты, Бурабай, Шортан, Қатаркөл, Майбалық т.с.с. он төрт үлкен-кішілі көлдер кіреді. Көлге құятын Қолшақты, Қылшақты, Сарыбұлақ, Громовая, Иманай сияқты басқа да өзендер бар. Бурабай көлі теңіз деңгейінен 319 метр биіктікте орналасқан. Көл шығанағындағы Жұмбақтас тауы Бурабай нышанына айналған. Бұл таудың келбеті бір жағынан бойжеткенді, екінші жағынан кейуананы бейнелейді. Бурабай өлкесінің ең биік тауы Көкше теңіз деңгейінен 997 метр биіктікте орналасқан.
Өсімдіктердің 757 түрі кездеседі. Оның 12 түрі Қызыл Кітапқа енген. Жайқалған ағаштардың 65%-ын қарағай, 31%-ын қайың, 3%-ын көктерек, 1%-ын бұталы өсімдіктер құрайды. Тау қыраттарының үгілуі мен желдің әсерінен Бурабайда Оқжетпес, Ұйқыдағы батыр, Бүркіт, Түйе, құдыр, Сфинкс сияқты ерекше тас мүсіндер пайда болған.

Жүргізуші:

Ал, енді Бурабайымыз туралы ақын, жазушы С.Сейфуллиннің өлеңін тыңдайық. Неліктен бұл сұлу жер Бурабай атанғанын осы өлеңнен білуге болады.

1-оқушы:
Тағы бір ақбас бура, - емес атан,
Жүріпті Көкшетауды қылып Отан.
Мұны да "көзі көрген" қартайтады,
Тыңдаған әлеуметке алқа-қотан.

Тағы екен жанға ұстатпай жүрген қашып.
Күркіреп тұрады екен көбік шашып,
Бір көлді мекен қылып күнде келіп,
Су ішіп кетеді екен алшаң басып.

Дүниеде әрбір бөлек жердің аты,
Себеппен қойған бәрі елдің аты
Бурабай атаныпты содан бері
Ақ бура мекен қылған көлдің аты.

2-оқушы:
Мөп-мөлдір Бурабайдың суы күміс,
Көргенде шаршаған жан алар тыныс.
Мінбелеп қоршалаған шымылдықтай,
Қарағай, қайың менен қалың жыныс.

Ақ көбік көпіреді күміс судан,
Сан сұлу сол көбікпен бетін жуған
Көл басы бірде күңкіл бірде у-шу,
Әңгіме сансыз сырлы ертек туған.

Ақ бура көп жыл тауды қылған мекен,
"Бір үлкен іс боларда сезеді екен".
Ол істі елге айтқандай маңайдағы.
Бақсыдай тауды азынап кезеді екен...

3-оқушы:
Шабысып бірін-бірі ел қуар болса,
Не өлмек, не бір батыр туар болса,
Немесе бір апатқа ел ұшырап,
Кәрі-жас бетін жаспен жуар болса.

Бақсыдай бура азынап жүреді екен,
Мал шулап, иттер ұлып үреді екен.
Қалың ел маңайдағы құрбан шалып,
Құлақты алдағы іске түреді екен.

Қара бұлт тауды төніп басады екен,
Күркіреп жерге зәрін шашады екен.
Аспаннан қып-қызыл от жерге шашып,
Таудағы аң пана таппай сасады екен.

4-оқушы:
Білген соң бураның бұл қасиетін,
Үлкеннің кіші тыңдап өсиетін.
Түнеріп долы бұлттай күрілдіген
Бураға болмапты енді жұрт тиетін.

Баласы Абылайдың Қасым төре,
Жасынан сотқарлығы басым төре.
Бір күні тау ішінде келе жатты
Өзіндей бір топ жігіт қасында ере.

Бәрінің асынғаны қару-жарақ,
Соқтыққан өңкей сотқар жалақ-жалақ.
Найзамен неше түрлі ат үстінде
Ойын ғып келе жаткан көлді жанап.

5-оқушы:
Тастарды, ағаштарды қылып қарақ,
Ысқыртып келе жатқан өткір садақ.
Бураны Қасым төре сөз қылыпты,
Кез келсе атпақ болып төстен қадап.

Қасым хан туғаннан-ақ қанға құмар,
Дірілдеп өлім күткен жанға құмар.
Анадан қан уыстап туған мұндар,
Қан ұрттап жүрсе ғана көңілі тынар.

Сол кезде шыға кепті ақбас бура,
Жап-жалбыр төсін басқан әппақ шуда.
Қасым хан тұра қалып ақ бураны,
Шіреніп атып сапты нақтап тура.

6-оқушы:
Өкіріп ақбас бура көбік шашып,
Шиқылдап тісін қайрап, аузын ашып.
Қасымды бір айналып бура-қотан,
Қан ағып кеткен тулап таудан асып.

Бақсыдай сарнап бура тауды кезген,
Күңіреніп мекенінен енді безген.
Ел естіп хан ұлының бұл жұмысын
Зор іске ұшырарын бәрі сезген.

Жоқ болып ақбас бура көп күн өткен,
(Қасымның қан қолынан қаза жеткен.)
Бір күні таудай болып шөгіп жатқан
Бураны жұрт көреді өткен, кеткен.

7-оқушы:
Құбылаға басын беріп шөгіп жатқан,
Көк мұнар қалың ойға шомып батқан,
Ақ бура қабақтарын қарс жауып,
Қозгалмай мәңгі жатып тас боп қатқан.

Ақ бура таудың тағы түйесі деп.
О-дағы қасиетті бір иесі деп,
Тұқымы сотқар ханның оңбағаны.
Жұрт айтад "сол түйенің киесі" деп.

"Бұл іске Бурабайдың көлі куә,
Қасымның қалған жұрты, көңі куә,
Бураша шөгіп жатқан мұнар тау мен
ЬІзыңдап таудың соққан желі куә..."

Жүргізуші:
Біз Көкшетаудың жалпақ жазира төсінде еркелей қол бұлғап, жібек орамалы өзіне ынтықтырып тұрған аты аңызға айналған Бурабай өңірін суреттедік. Жер байлығы, экономикалық жағдайы, қазақтың Швейцариясы атанған өлке екенін таныдық, сондықтан да, өзіміздің тұрып жатқан өлкемізді аялық, құрметтейік, сүйейік!!!

Ұқсас жұмыстар
Көкшетау - Қазақстанның Швейцариясы атанған өлке
Табиғат аясында
Біріккен сөздер (4-сынып)
Таза ауа. 7 -сынып
Мәтіндік процессоры жайлы жалпы мағлұмат, программа интерфейсі құжаттарды құру және сақтау
Қазақ тілінен емтихан билеттері (6 - сынып)
Қазақстан көлдері
Білім әлеміне саяхат
Денсаулық- зор байлық Денсаулық, тазалық, дәрумен, дұрыс тамақтану, салауатты өмір,спорт туралы
Саяхат Бұйрық рай айын,(-ейін) деп едім. Мезгіл үстеу
Пәндер