Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Желтоқсан жаңғырығы жанымызда. .

<<Желтоқсан жаңғырығы жанымызда...>>
(Театрландырылған поэтикалық кеш)

Өтетін жері:
Өтетін уақыты: _________ сағаты: _________

Ұйымдастырушылар:

Аудитория іші тақырыпқа сай безендірілген. Сахнаға қара мата ұсталып, оған тақырыппен бірге жалынды сөздер, суреттер ілінеді. Сахна жебе сыммен қоршалады.

Қайрат Рысқұлбеков -
Ербол Сыпатаев -
Сабира Мұхамеджанова -
Лаззат Асанова -

І БӨЛІМ: <<Жатаханадағы жанталас>>

<<Желтоқсан желі>> әні ойнап тұрады
Аудитория жатахана ретінде безендіріледі. Бөлмеде Лаззаттың өзі, терезеге қарап ойға шомылып отырады....
Сабира: Лязка, Лязка... Лаззат, Қалайсың?
Лаззат: Ау, Сабина, сәлем. Жақсымын. Өзің?
Сабира: Шүкірмін. Неге көңілсіз отырсың?
Лаззат: Сол өзіме де белгісіз. Ұйқыдан тұрғалы бері көңіл-күйім жоқ. Жүрегім бір жамандық сезгендей.
Сабира: Қойшы енді, Лязка! Қайдағыны айтпашы. Қыздар қайда?
Лаззат: Бәрі сабаққа кетті. Мен өзімді жайсыз сезінгендіктен бармадым.
Сабира: мммм, жарайды. Онда мен саған жақсы етіп шәй дайындап берейін. Мүмкін, көңілің серпіліп қалар.
Лаззат: Жаным сол, Сабира. Сен болмағанда не істер едім?!
Сабира: Не істер едің? Терезеге қарап мұңайып отыра бересің да... (Екеуі күледі)
Лаззат: Сабира, даладағы аппақ қарға қарашы... Не деген тазалық, не деген адалдық...
Сабира: Я, айтпа... (Шәй дайындап жүріп сөйлей береді) . Күндердің күні ол ақ қар да ериді, қара жерге айналады. Ең бастысы, ақ қардың бетіне қызыл қанның тамбағаны...
Лаззат: Мен де содан қорқамын. Айтпақшы, түнде түсімде Орталық алаңға бәріміз көтеріліске шығыппыз: мен, сен, Ербол, Қайрат т.б. жатаханадағы достарымыз бар... Көтеріліс соңында бәріміз қиналып, ажал құшыппыз...
Сабира: Қойшы, Лязка! Беті әрмен. Денем тітіркеніп кетті ғой...
(Осы кезде есіктен Ербол енеді)
Ербол: О, қыздар сәлем! Қалдерің қалай? (Екеуі таңырқап қарап қалады). Не болды? Жау көргендей қарадыңдар ғой. Әлде, мені күтпедіңдер ма?
Лаззат: Жоға, Ербол...
Сабира: Яяяя, күтпеп едік. Келіңдер шәй дайын.
Ербол: Жақсы болды, көптен бері Сабираның шәйін ішпеп едім.
Сабира: Келіңдер енді..
Ербол: Не жаңалықтарың бар? Ата-аналарың аман ба? Хабарласып тұрасыңдар ма?
Лаззат: Я, жақсы бәрі. Хабарласып тұрамыз. Бұйырса, демалыста ауылға барып келемін.
Сабира: Менде сағынып жүрмін. Жол түссе барғым келіп жүр...
Ербол: Осы Қайрат қайда? Сабаққа да келмеді. Кешеден бері көрмедім.
Лаззат: Соңғы кездері көңілсіз жүр. Кеше де байқадым.
Ербол: Бір қызға ғашық болғаннан сау ма екен?
Сабира: Қайраттағы сезім махаббатқа ұқсамайды..

Осы кезде ішке Қайрат көңілсіз, ынтығып енеді

Қайрат: Осында екенсіңдер ғой. Сендерді жатахананы басыма көтеріп іздеп жүрсем.
Ербол: Не болды, бауырым, тыныштық па?
Қайрат: Сол, тыныш болмай тұр....
Лаззат: Қайрат, ентігіңді басып отыршы кел...
Қайрат: Құрыдық, достарым, құрыдық?
Сабира: Не болды, айтсаңшы енді, Қайрат?
Қайрат: Дінмұхаммед ағамызды тағынан тайдырып, орнына Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің 1-хатшысы Колбин деген біреуді сайлапты.
Лаззат: Сезгем мен, сезгем мен...
Сабира: Сұмдық-ай, енді күніміз не болмақ? Тағы да бодандықтың құрсауында қаламыз ба?
Қайрат: Жоқ, айтқанға көніп, айдағанға жүретін қазақтың жастары жоқ. Не болса да еңсемізді көтеріп, бейбіт шеру ретінде көтеріліске шығуымыз керек.
Лаззат: Мен қорқамын... Сабира, менің түсім шын болып шығатын сияқты...
Сабира: Жоға, Лязка, бәрі жақсы болады, қара да тұр.
Ербол: Ендеше, бізде уақыт жоқ. Тездетіп жігіттер мен қыздарды ұйымдастырып, алаңға көтеріліске шығып, өз ойымызды ашық әрі бейбіт түрде жоғары жаққа жеткізуіміз керек.
Қайрат: Олай болса, Лаззат, Сабира, сендер қыздар жағын ұйымдастырыңдар. Біз Ербол екеуміз жігіттерді жинаймыз.
Лаззат: Жарайды. Тек Алла ісімізді оңғарсын..
Қайрат: Кеттік! Тездетейік!

ІІ БӨЛІМ: <<Алаңдағы арпалыс>>

Аудитория ішіне желтоқсан құрбандары ретінде студенттер жалынды сөздер жазылған плакаттар ұстап шығады.

1-ші студент: Бізге Қазақтан шыққан басшы керек!
2-ші студент: Өзге ұлттың сойылын соғатын басшының қажеті жоқ!
3-ші студент: Біраз жыл бағынғанымыз да жарайды!
4-ші студент: Тәуелсіздігімізден бәрібір айырылмаймыз!

Жастардың арасынан суырылып ортаға Қайрат, Ербол, Лаззат, Сабира шығады

Қайрат: Достарым, қазақ қашан да еркіндікті, тыныштықты сүйген халық! Біз бүгін бүлік жсалуға, я бұзақылық жасауға шыққанымыз жоқ. Дұрыс түсініңіздер!
Ербол: Орталық алаңға көтеріліске шығуымыздың себебі: Дінмұхаммед ағамызды тағынан тайдырып, орнына Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің 1-хатшысы Колбин деген біреудің сайлануы.
Лаззат: Жігіттер, қыздар! Біз бүгін басымызды бұғып қалатын болсақ, ертеңгі күні соңымыздан ерген інілеріміз, сіңілілеріміз, қарындастарымыз біреуге құл, біреуге күң болып кетеді.
Сабира: Бабаларымыздан қалған байлығымызды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмылып, қызғыштай қорғап қалуымыз керек!
Қайрат: Нағыз басшыны ауыстырғылары келсе тек қазақтың ішінен ғана таңдасын! Тілі бөлек, діні басқа адам қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды деп айта алмаймын!
Лаззат: Достарым, біздер бас бұзарлар емеспін! Бізге керегі елдің баянды бақыты мен мызғымас бірлігі!
Ербол: Біз ешқандай да заңға қайшы әрекет жасамауымыз керек!
Сабира: Біздің мақсатымыз халықтың айқайын бейбіт түрде биліктегілерге жеткізу.

Осы кезде мұздай қаруланған қарулы жасақ алаңға басып кіреді

Командир: Өңкей бұзақылар! Кетіңдер! Тараңдар!
Ербол: Біз бұзақылар емеспіз! Біз біреулерге жағыну дегенді білмейміз!
Командир: Ха-ха-ха! Сендердің қолдарыңнан не келеді? Сендердің өздеріңді де,ойларыңды да елеп-ескеріп жатқан тірі жан жоқ!
Лаззат: Ол өздерінің еркі! Біз ұлттың, ар мен намыстың алдындағы парызымызды өтеп жатырмыз!
Командир: Қайдағы парыз? Қайдағы ұлт? Қайдағы ар мен намыс? Жоғары жақ өз дегенін істейді! Сендердің қолдарыңнан түк келмейді!
Қайрат: Өздерің де қазақсыңдар! Бізге қосылудың орнына мына істеп тұрғандарың ақымақтық! Бұл адамның тағдыры емес, тұтастай ұлттың тағдыры! Ұлт тағдырымен есі дұрыс адам ойнай ма екен?!
Командир: Әңгімені қысқартыңдар! Кеуделеріңде жандарың бар да тараңдар! Оған көнбесеңдер итке талатып, мына ақ қардың үстін қандарыңмен жуып, жалаңаш күйлеріңде мұзға отырғызамыз!
Бәрі шулайды: Бізге бәрібір! Бізге керегі қазақтан шыққан басшы! Біз ештеңеден қорықпаймыз! Біз ойымызды өзгертпейміз!

Осы кезде қарулы жасақ күш қолдана бастайды. Жастар ығысады. Әскерилер оратада Ербол мен Қайратты итше тепкілеп, Лаззат пен Сабираны шаштарынан тартып алып кетеді.

ІІІ БӨЛІМ: <<Түнектегі Тағдыр...>>

Әскери бөлімше. Командир шеткерірек отыр. Ортада отырғыш.

Командир: Осы жастарға таңым бар. Мына суықта жандарының тыныштығын күтіп, жатаханасында жата бермей ме? Шынашақтай болып алып, ел ісіне араласып нелері бар? Оларсызда шешілетін мәселе шешіледі ғой!

Осы кезде солдат есік қағады

Солдат: Жолдас командир, рұқсат па екен?
Командир: Рұқсат!
Солдат: Кешегі тәртіпсіздік жасаған мыңға жуық студент қамауға алынды. Ал, олардың арасындағы Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сабира Мұхамеджанова, Лаззат Асановаларға ерекше қинау тәсілі қолданылды. Олардың арасынан аман қалғаны тек Лаззат Асанова ғана.
Командир: Оны осында алып келіңдер!
Солдат: Құп болады!

2 солдат ес-түссіз жатқан Лаззатты сүйреп алып келіп, ортадағы орындыққа отырғызады. Есін жидыру үшін бетіне су шашады. Лаззат ыңырсып, есін жыяды.

Командир: Есіңді жи, патриот!

Лаззат жөтеліп, қан құсады.

Лаззат: Мені мұнша қинағанша, өлтіре салыңдаршы!
Командир: Бұл әлі аз саған! Айтпақшы, жолың болғыш екен. Анау үшеуі шыдай алмай өліп кетті. Ал, сен әлі тірісің!
Лаззат: Не? Сен не істедің оларға? Тас жүрек! Қаныпезер! Сатқын! Еліне опасыздық жасаған ойсыз! Қорқақ!
Командир: Ей, сүмелек, тіліңе ие бол!

Лаззаттың жағасына жармасады. Сол кезде Лаззат командирдің бетіне түкіріп жібереді. Командир бетінен шапалақпен ұрады.

Лаззат: Сен сияқты еліме опасыздық жасағанша, өлгенім артық!
Командир: Жап-жастай өлгеннің несі жақсы? Асықпа, өлуге, асықпа! Сәл ғана ғұмырың қалды!
Лаззат: Менің қорқатыным да, жоғалтатында ештеңем қалған жоқ! Не істесем де елім үшін жасадым.
Командир: Ата-анаңды да аямай, елің үшін өлесің онда! Алып кетіңдер! Бұған патриот болғанның қандай екенін танытыңдар!
Лаззат: Жоооооооқ! Жіберіңдер мені! Босатыңдар!

2 солдат екі жағынан жұлқылап, алып кетеді

IV БӨЛІМ: <<Тағзым>>

Ортаға <<Желтоқсан құрбандары>> деп жазылған ескерткіш қойылады. 2 ұл, 2 қыз шығады

Студент: Қазақта елі үшін егескен, тәуелсіздік үшін таласқан ұл-қыздар аз болмады. Солардың бірі, Желтоқсан құрбандары. Қыстың қаһарына қарамай, егемендік үшін алаңға шықты. Олар ештеңеден сескенбеді. Оларды өлім де қорқыта алмады. Өрімдей жастың жүрегі мен ойында азат халқы тұрды. Біз өз қаһармандарымызды ұмытпай, ұлықтауға тиіспіз! Жастардың бірлігі, жалынды жігері, тұла бойларындағы патриоттық сезімі бізге азаттықтың ақ таңын сыйлады. Сол үшін де бас иеміз!

Ескерткіштің артынан Қайраттың аруағы шығады

Қайраттың аруағы: Біздің жасаған ісіміз егемен ел үшін, бақытты ұрпақ үшін! Бізді халық есіне алды, жылдар ақтап шықты, тарих мойындады! Көңілге қаяу салатыны: қанмен келген азаттықтың қадірін соңымыздан ерген іні-қарындастардың бағаламауы. Тілімізден түңілуі, дінімізден алыстауы, салтымызды сатуы, дәстүрімізді дәріптемеуі, 16-шы желтоқсаннан гөрі, 31-інші желтоқсанның маңызды болуы. Ай басталмас бұрын, шыршалардың бой көтеруі. Қазақ: <<Өлі жібімей, тірі баймайды>> демей ме?! Әлі де ойланыңдаршы, бауырларым!

Студент: Ағаларымызбен бірге қырмызыдай апаларымыздың да ғұмыры келте болды. Қазақ қыздарына тән қайсарлық пен өжеттілік Лаззат, Сабира секілді апаларымыздың бойынан да табылды. Олар Әлия мен Мәншүктің заңды ізбасарлары іспеттес. Оларға ортақ елге деген махаббат, жерге деген құрмет, халыққа деген адалдық! Сол үшін де бас иеміз!

Ескерткіштің артынан Лаззаттың аруағы шығады

Лаззаттың аруағы: Я, сіңілілерім, бізді ұмытпай, еске алып жүретіндеріңе бек рахмет. Алайда, қазақтың қыздары болсаңдар заманға жұтылып кетпеңдер! Қанша жерден шет елге еліктегендеріңмен, қандарың қазақ. Өздерің аян, қан жібермейді. Біздің ерте тоқтаған жүрегімізге құрметпен қарағыларың келсе, естеріңді жиып, етектеріңді жинаңдар! Табиғи сұлулықтарыңды сақтаңдар! Өзге ұлттың жігітіне қылымсымай, отымен кіріп, күлімен шыңсаңдарда қазақтың жігітіне жар болыңдар! Қазақтың санын көбейтіңдер. Сендерден өтінерім осы ғана...

Студент: Тәуелсіздік - Тәңірдің тартуы. Тәңірден келген тәтті сый! Ұлы даланың ұрпақтарының ең үлкен жеткен жетістігі! Батырлық пен намыстың төлқұжаты! Аға буынның қайсарылығы мен табандылығының куәсі! Сол үшін де бас иеміз!

Ескерткіштің артынан Ерболдың аруағы шығады

Ербол: Дұрыс айтасың! Ең алдымен, бізді қолдаған Жаратушы иеміз. Одан кейінгі жігіттердің намысы мен қыздардың ары. Біз өз ісімізді бұлдамаймыз! Тек уайымдайтынымыз баянды бақытты уыстан шығарып алмау. Жігіттеріміз сырға тағып, түрлі түске шашын бояған шаққа да жетіпсіңдер! Өте өкінішті! Жігіті ез, қызы арсыз болған елдің тыныштығы мәңгілік болмайтынын естен шығармағандарың абзал! Сақ болыңдар!

Студент:
Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер...
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер...

Алаң шетін қоршап тұрған шыршаларға ала көк,
Жас бүлдіршін, сезіміңді жанар етіп қарап өт.
Сол арадан сатқындықта елестейді қара бет,
Қара беттің көбі бүгін дара тұлға, дара бет.
Жас бүлдіршін, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңісі мен жеңілісін санап өт.

Ескерткіштің артынан Сабира аруағы шығады

Сабираның аруағы:
Тарихымның жоғалмастан дерегі,
Бұрмаланбай салдары мен себебі.
Тәй-тәй басқан еліміздің бірлігі,
Бағы бізге керегі...

Ашық болсын, мөлдір болсын аспаны,
Ғасырларға ұлассыншы дастаны.
<<Елім>> дейтін, <<Жерім>> дейтін көп болсын
Қазағымның жастары...

4 аруақ сол орында тұрып қалады. Ал, 4 студент жебе сымның қасына келіп, сөздерін сөйлеп, жебені қияды.

Студент: Тарих пен халықтың арасында ешқандай кедергі болмауы тиіс!
Студент: Ұлт өзінің ұлылары мен батыр ұл-қыздарын құрметтеуі керек!
Студент: Егеменді еліміздің ертегідей ертеңі енді біздің қолымызда!
Студент: Уақытта тоқтау жоқ! Ендеше, көп күттірмей бұлыңғырсыз болашаққа бірге қадам басайық!

ХОР: <<Желтоқсан желі>>

ШЫМЫЛДЫҚ

Ұқсас жұмыстар
Желтоқсан оқиғасы
Желтоқсан жаңғырығы тақырыбы
Сот залы
Желтоқсан жаңғырығы
1986 жылғы желтоқсан оқиғасы
Тірегі сен тәуелсіздік төрінің
Желтоқсан - қасіретім, ар намысым, мақтанышым
Желтоқсан оқиғаларының қорытындылары
Тәуелсіздік - ел бақыты
Тарих тағылымы
Пәндер