Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Өткен ғасырда Ыбырай мектептерінде оқып, өнеге алған Ахмет Байтұрсынов пен

Ұстаздығы ұласқан ұлылыққа

Ұрдажық ұран құлатқан Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин мектебі (1864ж)
1988-жылы қайта тірілді. Байырғы білім ошағы алғашқы сәулет ерекшелігін
сақтап, қайта салынды. оншақты класс бөлмелерінен, бірнеше оқу залдарынан
тұратын, 130 жылға жуық тарихы бар дәрісхана музей-мектепке айналды. Халық
өз қалтасынан 70 мың сом ақша жинады. Құрылыс жазда басталғандықтан,
шілденің ыстығына қарамай, кесек құйылды. Аңызда қалған ескі сабан
үйінділері, қамыс тасылды. 1861 жылы қолға алынған мектеп құрылысы үш жылға
созылған еді. Жергілікті жердегі патша әкімдері мен төрелері қазақ арасында
мектеп ашуды ұнатқан жоқ. Ы.Алтынсарин олармен айқаса жүріп, өзінің зор
мақсатын жүзеге асырды. Кейбір арам пиғылдағы әскери чиновниктер ашық қарсы
шығып, Ы.Алтынсарин сияқты адамдарға билік бермеудің сұрқия әрекеттерін
ойлады.
1861-жылы қаңтардың басында бұрын өзінің үйін дәрісхана қылып, бала
оқытқан Ы.Алтынсарин шәкірттерін сахарада салынған алғашқы мектепке
кіргізді. Сөйтіп, нағыз ұлы ұстаздық ісіне кірісті. Қиырдағы қазақ еліндегі
бұл оқиға жайында: "Осы жылы қаңтардың 8-і күні менің көптен күткен ісім
қалпына келіп, мектеп ашылды, оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі жақсы,есті
балалар"-деп қуана жазды ол.
Торғай өлкесінде тұңғыш ашылған европалық үлгідегі бұл мектептің
жұмысын қалыптастыру, әрине, оңай болған жоқ. Алдымен жастарға оқудың
пайдасын түсіндіру қажет болды. Міне, сондықтан табиғат зор дарын мен
ұстаздық қабілет дарытқан ол: "Бір құдайға сиынып, кел балалар оқылық"
деген ғибратты сөзін, айтып, оларды оқуға, білім алуға шақырды. Кезінде
"құдай" деген сөзі алынып, бұрмаланған Ы.Алтынсариннің бұл өлеңі қоңырау
үнімен қосылып, сахараны жаңғыртты.
Ол 1864 жылы И.Ильминскийге жазған хатында мектепте кейде өзінің
ресми молда болып жүргенін жазды. Ы.Алтынсариннің шариғат заңдары бойынша
білім мен тәрбие беру мұсылман дініндегі жергілікті халықтың балаларын
мектепке молынан тартуға ықпал етеді. Әрі шоқындыруды көздеген
миссионерлердің түпкі мақсатына бұл сабақ кедергі келтіреді.
Ағартушылық жұмысын Торғайдағы осы мектептен бастаған Ы.Алтынсарин
шәкірттерге тарих, география, сызу, математика сабақтарын оқытты. Өнеге-
тәлім тұнып тұрған ауыз әдебиетінің озық үлгілері бойынша білім мен тәрбие
берді. Қыста шәкірттері уез орталығында, жазда жайлауда оқуларын
жалғастырған қазақтың тұрмысы мен шаруашылығына негізделген Ыбырайдың бұл
алғашқы мектебінің даңқы алысқа кетті. Әкімдермен алысып, іскерлігі мен
табандылығын көрсеткен, мектеп ашып, бала оқытқан даланың өжет перзенті тек
таза ұстаздықпен шектелген жоқ.
Даланың перзентінің жан қиярлық еңбегінің нәтижесінде 1881-1885
жылдардың арасында түкпірдегі бес уәзірде білім ордаларының шаңырағы
көтеріліп еді.1881 жылдың 23-ші қазанында белгілі Ақтөбе мектебі ашылды.
Оның салтанатты Рәсіміне Ыбырайдың өзі келіп, сөз сөйлеген.
Данышпан педагог жергілікті ақсақалдардың өтініші бойынша Ақтөбе
мектебіне Құбынияз деген молданы оқытушылыққа бекітеді. Бірақ ол дін
сабақтарын жөнді жүргізе алмайды. Кейін шариғат заңдары мен мұсылман
жоралғыларын жақсы білетін бір жас жігітті оған көмекші етіп тағайындайды.
Ұстаздық ислам дінінің адамгершілік пен имандылықты уағыздайтын қасиетін
дәріптеген еңбегі кейін тарихтан өшірілді. оны айтуға болмады. Жалпы
"алла", "құдай" деген сөз Ы.Алтынсариннің аузынан түспеген. Өйткені оның
бүкіл болмысында имандылық пен ізгілік оты жанған, шапағат пен
мейірімділіктің асқан үлгісі, зор өнегесі болған.
"Мектепті бітіріп шығар-шықпасына сенімі жоқ жүз балаға
шығынданғаннан гөрі азды-көпті сауатты болып шығатынына сенімді аз бала
үшін, тіпті он бала үшін мектеп ашқан артық" деп дәлелдеді ол өзінің ұлы
мақсатын.
Ағартушы ұлы арманы мен үлкен мақсатын жүзеге асыру жолында бастаған
қарқынды ісін табанды жалғастырды. Соның нәтижесінде оның тікелей ықпалымен
Троицк қаласында да мектеп ашылды. Жеті-сегіз класс бөлмесі, ас үйі мен
моншасы және сарайы бар бұл қаладағы мектеп те қазақ балаларының мүддесін
көздеп, олардың игілігіне жұмыс істеді.
Жұрт күні бүгінге дейін Ыбырай мектебі деп атайтын Қостанай
қаласындағы қазіргі №1 мектеп-интернатты Ы.Алтынсарин 1884 жылы ашты. 1882
жылы қолға алынып, бар-жоғы екі жылдың ішінде пайдалануға берілген мектеп
үйі күйдірілген қызыл кірпіштен тұрғызылды. Төбесі қаңылтырмен жабылып,
төңірегіне ағаш егілді. Өзінің ата-мекеніне салдырған білім ордасы Тобыл
бойындағы атақты мектеп болды. Төңкеріске дейін Қостанайдағы бұл тамаша
білім ордасында біраз қазақ жастары оқыды. Белгілі жазушы Б.Майлин және
Ә.Жангелдин, Б.Өтетілеуов сияқты әйгілі адамдар осы мектептің түлектері.
Сол кездегі Халық ағарту министрлігінің екі класты мектептер
жөніндегі ережесіне сәйкес бұл білім ордасын шаруашылық әдіспен салудың
тиімділігін айтып, Ыбырай тиісті орындарға мәселе қояды. Құрылыс
материалдарын қалай табудың, шебер-ұсталарды қалай шақырудың бүге-шігесіне
дейін түсіндіріп, өзінің іскерлік ұсынысын дәлелдеп, ісін жүзеге асырады.
Ұлы ағартушының білім ордаларын ашуға байланысты игілікті іс-әрекетін
елдегі көз қарақты, оқу-білімнің пайдасын білетін кісілер барынша қуаттап
отырған. Ауқатты адамдар мектеп үшін қаржы, көмектерін аямаған.
Мүмкіндігінше жәрдемдескен. Қазіргі демеуші, қамқоршы деген сөздер сол
кездің өзінде-ақ болыпты. Мысалы, Ақтөбе мектебіне Беркінбаев, Ырғыз
мектебіне Құлыбеков, Троицк мектебіне Қарпықов деген кісілер демеуші
болады. Педагог өз хаттарында осы ел ағаларынан ақшалай көмек алғанын
келтіреді.
Ы.Алтынсарин айналасы бес-алты жылдың ішінде біраз уез орталығынан
білім ордаларын ашып, олардың жұмысын әбден жолға қойғаннан кейін, енді
шалғайдағы болыстық жерлерден де дәрісханалар ұйымдастыру ісіне жедел
кіріседі. Мүмкіндігіне қарай төрт болыстан бір орталық мектеп ашуды
көздейді. Ол үшін алдымен оған мұғалімдер даярлаудың қажеттілігі туады.
Сөйтіп ұстаздың ұсыныс-талабы бойынша 1881 жылы Орск қаласында оқытушылар
даярлайтын оқу орны дүниеге келеді.
Болыстық мектептер ашуда да Ы.Алтынсарин зор білгірлік пен
көрегенділік танытады. Білімге сусап отырған қазақ қауымдарын дәл тауып,
сол бойынша дәрісханалар ұйымдастырады. Әрі инспектор,әрі дін қағидаларын
уағыздаушы, ағартушы Ы.Алтынсариннің айтқандары қазақ ауылдарында мүлтіксіз
орындалып отырды. Оның сөзі халыққа пайғамбардың сөзіндей әсер етті.
Қазіргі Амангелді (Торғай облысы) ауданының орталығында сол кездері
Ыбырайдың өсиетімен салынған ескі мектеп үйінің бір жұрнағы әлі тұр. Онда,
әрине, бала оқымайды. Дәрісхана тұрғын үйге айналып кеткен. Қазақ, орыс
балаларын қатар оқытатын болыстық мектеп Ақтөбе облысының Қарабұтақ
ауданында ашылған. Бұл жердің бала оқытуға ыңғайлы екенін ағартушы тиісті
орындарға жіберген баяндама, құжаттарында айтады.
Ыбырай мұраларын зерттеуші жергілікті жердегі ұстаздардың айтуынша,
ұлы ағартушы 1887-88 жылдары Қостанай облысының қазіргі Жітіқара, Обаған
аудандарында да болыстық мектептердің негізін қалаған. Сондай-ақ Әулиекөл
мен Меңдіқарадан да болыстық білім ордаларын ашуды қолға алған. Бірақ
олардың ашылуын Ы.Алтынсарин көре алмады.
Қазақ балаларын қайтсе де білім алсын деген азаматтық парызды
ұстанған ағартушы, тек жаппай мектептер ашумен шектелген жоқ. Ол сахарадағы
жастарға кәсіптік білім беруді де ойлап, қолөнер учелищелерін ұйымдастырған
бірінші адам. Оның тиісті орындарға қойған өтініш тілегіне сәйкес 1889 жылы
Торғайда қыз балаларды ісмерлікке даярлайтын кәсіптік білім орны дүниеге
келді. Тігін машинасымен киім тігуді, тұрмыс заттарын жасауды үйрететін бұл
оқу орнына елдегі ісмерлер мен шеберлер сабақ берді. Қазақ қыздарының ата-
аналары балаларын бұл оқуға беруге өте қызығады.
Ұлы ұстаздың Торғай облысында жаппай білім ордаларын ашу үрдісі, осы
жолдағы ғажайып "с-әрекетті және мектеп жұмыстарын жолға қоюдағы үлгі-
тағылымы, өнеге, өсиеті ұлттық педагогика тарихындағы ерекше құбылыс.
Оншақты жылдың айналасында Торғай өлкесінде жақсы дәрісханалар мен
жаңа мектептерді өмірге әкелген Ы.Алтынсарин тек осы жұмыстармен істі
біттіге санаған жоқ. Ол енді өнеге, тәлім ошақтарында дұрыс білім мен
тәрбие берудің кешенді бағдарламаларын да ойлады. Ең алдымен қазақ
балаларының түсінігіне лайық оқулықтар жазу оның ұстаздық міндеті мен
парызы болды. Ол жазған атақты "Қазақ хрестоматиясы" ана тіліндегі тамаша
оқулыққа саналады. Бұл кітаптың сөз басында мынандай жолдар бар: "Қазақ
халқы азбаған халық, оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің
қыспағына сыя алмайды: оның ой-пікірі еркін; оның келешегі үшін оған тек
сана-сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр".
Білім беруде осындай кемеңгерлік идеяны, еркіндік пен бостандықты
ұстанған Ы.Алтынсарин туған халқының болашағын ұлттық ерекшелікпен
байланыстырып, құны зор оқулық жазды. Ы.Алтынсариннің оқулығында ("Қазақ
хрестоматиясында") сонау Дәуіт пайғамбар мен Лұқпан әкімнен бастап
Торғайдағы кешегі диқан Қыпшақ Сейтқұлға дейінгі тарих, рухани әлем
айтылады. Сәтемір хан, Қыпшақ Ізбасты би, Жиренше шешен, Жәнібек батыр,
Сүлеймен патша, Қыдыр Ілияс, Атымтай Жомарт, т.б. дана кемеңгерлердің
өнеге, тәлімі әңгімеленеді. Ғылымды басқа халықтардан да үйренуге болатынын
шариғаттан оқыған ұлы ұстаз Батыс пен Шығыстағы даналық пен мәдениетті де
оқулығына кіргізді.
Әлемдік әдебиет пен мәдениеттен, ғылым мен өнерден хабары мол
данышпан-ұстаз жазған оқулықтар мен методикалық құралдар, нұсқаулар күні
бүгінге дейін құнын жоғалтпаған. Өкініштісі, оларды ұстаздардың меңгеруі
әлі жеткіліксіз. Ағартушы: "егер балалар бірде-мені түсінбейтін болса, онда
оқытушы оларды кінәлауға тиіс" деді.
1889 жылғы В.Катаринскийге жазған хатында ол А.Бессонов деген
мұғалімнің оқушыларына жасаған сорақылығын ашына айтады. Бұл мұғалім
шәкірттердің қарсылығына қарамай, қазақ балаларына інжіл мен оның
парыздарын уағыздайды. Оқушыларға жаман сөздер айтып, оларды кемсітеді.
Яғни, шәкірттерді шоқындырғысы келеді. Бұған ашуланған Ы.Алтынсарин
Мұғалімнің әдепсіз ісін тиісті орындарға қатты айтып, ескертеді. Ұлы
ағартушының педагогтік, азаматтық қасиеттерін дәлелдейтін бұл сияқты
ақиқат, шындықтар енді толық айтылуға тиіс.
Негізін ұлы ағартушы қалаған Торғай мен Қостанайдағы білім
ордаларында қазір қаншама қазақ балалары оқиды. Ы.Алтынсариннің көзі
көрген, оның мектептерінде оқыған түлектердің үрім-бұтақтары білім алуда.
Өткен ғасырда Ыбырай мектептерінде оқып, өнеге алған Ахмет Байтұрсынов пен
Міржақып Дулатовты қазір әлем таниды. Үстіміздегі ғасырдың басында
Ыбырайдың қасиетті мектептерінен дәріс алып, кейін шет елдерде білімдерін
көтерген зиялылар көп.
Бір қайран қалатын нәрсе, Ы. Алтынсариннің мектептерінде оқыған қазақ
балалары дінсіз болған жоқ. Қайта шоқындыруды мақсат еткен патшаның аярлық
саясатын ерте түсініп бодандыққа қарсы ұлт-азаттық көтерілістің туын
көтерді. Оған болыстық мектепте білім алған халық батыры Амангелді Иманов
пен оның төңірегіндегі ел көсемдерінің ісі куә. Халықтың азаматтығы мен
бостандығын аңсаған Торғайдағы Алаш партиясының іс-әрекеті дәлел.
Түйіп айтқанда, Торғай өлкесіндегі Ыбырай ашқан мектептер ежелгі
астана Түркістандағы мектеп-медреселерден, содан соң ХІХ ғасырдың
ортасындағы Жәңгір хан ұйымдастырған европалық үлгідегі дәрісханалардан
кейін өмірге өзгеше үрдіспен келген білім ордалары ретінде тарихтан ерекше
орын алады. Ы.Алтынсаринге байланысты таза шындық пен ақиқат әлі толық
айтылған жоқ.

Ұқсас жұмыстар
Бабалар сөзі – тәрбие көзі
Сабақтардың тақырыбы Тұңғыш ғалымдар
Ахмет байтұрсыновтың ғылыми-педагогикалық мұрасы
Зат есім жайлы
Ахмет байтұрсынұлы және "қазақ" газеті
Туған өлкеге саяхат
Сұрақ жазу
Қазақ әдебиеті энциклопедия
Дұрыс жауап бір ұпай
«ата жұрт» интеллектуалды ойыны
Пәндер