Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Әліппені бітірді балаларым, Әліппеден нәр алған даналарым

«Қош бол, құтты әліппем!»

Мақсаты: Оқушылардың сауат  ашу пәнін  оқу барысында алған білімдерін  
тиянақтау;
өз өнерлерін ата — аналарына көрсету,эстетикалық талғамдарын
тереңдете түсу,
өзін өзі басқаруы мен ана тілін сүйіп, қастерлеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: тақырып жазылған плакат, шарлар, әріптер, «Әліппе»,  «Ана
тілі», «Математика»,
«Дүниетану» оқулықтарының макеті, тапсырмалар

Барысы:

Мұғалім:  Құрметті ата - аналар, ұстаздар, бүгін қуанышты күн. Міне, менің
кішкентай балапандарым кеше ғана құшақтары гүлге толып мектеп табалдырығын
аттап, қолдарына сүйікті де, сүйкімді Әліппе кітабын алған болатын. Сол
әліппемен бүгінгі күні қимастықпен қоштасқалы отыр. Сіздердің алдарыңызда
осы бүлдіршіндермен бүгін біз «Қош бол, құтты әліппем!» атты
ертеңгілігімізді өткізгелі отырмыз. Балаларымыздың білім шыңына басқан
алғашқы қадамдары құтты болсын дей отырып, ертеңгілігімізді бастауға рұқсат
етіңіздер! 
Әліппені бітірді балаларым,
Әліппеден нәр алған даналарым.
Өзі оқып жазатын хәлге жетті.
Құтты болсын білімі балалардың!
Сынып оқушылары қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған , білім нәрімен
сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата-
аналарына өнерлерін көрсетуге дайын. Олай болса, оқушылар, сөз кезегі
өздеріңізде.

Хормен:  Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз.
Қонақтарды құрметтеп,
Бас  иеміз біз.
1-жүргізуші -Досымжан: Ассалаумағалейкум, уа, халайық!
Армысыздар, аналар,
Бармысыздар, балалар,
Сөзіме құлақ салыңыз,
Бір серпіліп қалыңыз.
Әліппеге арналмақ,
Бүгінгі жыр,әніміз!
2-жүргізуші-Дана: Көз салып қараңызшы бойымызға
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Хош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар, 
Әліппемен қоштасу тойымызға.
1- жүргізуші-Досымжан:Өтті оқу сан сабақ,
Бүгін үлкен салтанат.
Оқулықпен достаспақ,
Әліппемен қоштаспақ.
Өсті білім, ойымыз,
Екеуі бірге: Құтты болсын тойымыз!
2-жүргізуші-Дана: Досымжан, мен бүгін шексіз қуаныштымын, өйткені алғаш хат
танытып, сауатымызды ашқан Әліппені бітірдік. 
1-жүргізуші-Досымжан: Ия, Дана, менің де қуанышымда шек жоқ. Мен енді өзім
оқып, өзім жаза аламын. Ертегі, әңгімені де өз бетімше оқи аламын. Біз
мектепте көп нәрсені - кітап оқуды, өлең жаттауды, сурет салуды, ән айтуды
үйрендік.
2-жүргізуші-Дана: Ендеше, қонақтарымызға арнап барлығымыз әсем ән айтып
берейік.

Хор: «Мектебіміз үйретеді»

1 жүргізуші-Досымжан: Достар, мен сендерге жұмбақ жасырайын. Тауып
көріңдерші.
Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не?

Хормен: Болашаққа жол ашқан
Ол сүйікті- Әліппе!

2-жүргізуші-Дана: -Олай болса, бәрімізге ең қымбат Әліппені ортаға
шақырайық.

Хормен: Әліппе! Әліппе! Әліппе!

Әліппе: Армысыңдар жас достар! 
Армысыңдар, ата-ана! 
Болашаққа жол бастар, 
Әліппең келді ортаға. 
- Менің жас достарым! Мен сендермен жарты жыл бірге болдым. Ал, бүгін
сіздермен қоштасқалы келіп тұрмын. Сіздер меннен осы уақыт ішінде не
үйрендіңдер ? Соны көріп кетуге келдім.

1-жүргізуші-Досымжан: Әліппе, Сіз бүгін кешіміздің ең қадірлі қонағысыз!
Сондықтан құрмет тағына жайғасыңыз.
2-жүргізуші-Дана: Жақсы білім көрімдік
Болсын бізге халайық.
Не үйрендік, не білдік,
Кәне ортаға салайық.

1-жүргізуші-Досымжан: Ендеше, достар! Біз Әліппеге осы уақытқа дейінгі
алған білімімізді көрсетіп, ән – күймен, өлеңдермен өрнектеп, өнерімізді
ортаға салайық./тақпақтар айтады/

Магеррам: Алфавитті жатадық
Онда жүйе, қалып бар,
Біздің қазақ тілінде
42 әріп бар.
Инкар: Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те
Оқимыз қазір ертек те
Үйреткен оны Әліппе
Арта берді кітапқа
Бойымдағы құмарым,
Бірге жүрген қасымда,
Әліппе болды сыңарым
Алишер: Енді біз жаза аламыз,
Әріпті қосып әріпке,
Риза боп саған жүреміз,
Сүйікті біздің Әліппе.
Алия: Бар кітапқа бас болған,
Әліппе ғылым ағасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.

Султанбек: Көлге айналған бұлақтың,
Қайнар көзі әліппе.
Том – том қалың кітаптың,
Басы болар әліппе!
Дария: Әліппе – білім анасы,
Әліппе – кітап данасы.
Әліппе бетін ашпаған,
Адамның бар ма баласы?
Оқуды көп ойладық,
Қызығына тоймадық.
Әріптерді үйреніп,
Сауат ашып тойладық.
Нұрасыл: Әліппем менің әліппем!
Сені қолға алып мен
Есігін аштым мектептің,
Ертеңгі сәуле жарықпен.

Мұғалім: Балалар, Әліппе сендерге тапсырмалар алып келген екен. Қалай
орындаймыз ба?

№ 1 тапсырма:
Сендер барлығың әріптерді алдарыңа тағып алған екенсіңдер. Қазір сендермен
«Сөз ойла, тез ойла» ойынын ойнайтын боламыз. Шарты: тез арада әріптеріңе
байланысты сөздер айту керексіңдер.

№2 тапсырма:
Келесі «Адасқан буындар» ойыны. Шарты: 8 оқушы шығады, буындарды суырып,
бір-бірінен сөз және сол сөзге сөйлем құрастырады. мектеп білім
кітап оқушы

1-жүргізуші-Досымжан: Дана, қарашы, біздің Әліппе жалғызсырап отыр. Оның
достары бар емес пе?
2-жүргізуші-Дана: Ия, Әліппенің достары бар. Біздер Әліппені меңгерумен
қатар басқа пәндерді де оқыдық қой. Досымжан, айтшы, біздер есеп шығаруды,
санамақтарды қандай пәннен үйрендік?

1-жүргізуші-Досымжан: Математика пәнінен.
2-жүргізуші-Дана: Ия, дұрыс айтасың. Ол – математика пәні.
Оқи берсең ғылымды,
Артық болмас баршасы.
Математика – өмірде,
Ғылымдардың патшасы, демекші ортаға математика пәнін
шақырайықшы. Әліппе досын көріп қуанып қалсын. /ортаға математика келеді/

Математика: Өмірдегі заттарды,
Есептейтін бәрін мен.
4 амалды қолданған,
Математика пәнімін.
- Балалар, бүгін біз аяулы досымыз Әліппемен қоштасамыз. Сендер меннен
де көп нәрсені үйрендіңдер ғой. Меннен алған білімдеріңді Әліппеге
көрсетіп қалыңдар. Есепке кім жүйрік екен, көрейік. Ол үшін мен
сендерге тапсырмалар мен ойындар алып келдім.

1. «Кім тапқыр?» Шарты: ортаға 10 оқушы шығып, тапсырма суырады.
Өрнектерді ауызша есептеп, пішіндерді атау қажет. 10-5 6+2
5+4 8-2 7+3
Тұйықталған сызық, кесінді, сәуле, тұйықталмаған сызық,
алтыбұрыш, бесбұрыш

2. Ойын: «Молекула» .Шарты: ортаға 5 оқушы және 5 ата-ана шығады.
Музыкамен билеп жүреді. Санды айтқанда бір-бірімен бірігіп қалуы
керек. Үлгере алмай қалған оқушы ойыннан шығады.

1-жүргізуші-Досымжан: Жарайсыңдар, достар! Есепке жүйрік екенсіңдер!
Математика оқулығына көп рахмет ! Ендеше кезекті тақпақтарымызға берейік!

Дильназ: Әліппе сауатыңмен санамды аштың,
Достарыммен теңдес араластым.
Үйреніп, әріптер мен әңгімені,
Күн сайын алға қарай қадам бастым.
Бекзат: Ізгілікті ойға тоқитын, 
Шәкірт боп үздік оқитын. 
Әліппе атты кемемен, 
Кеземін Білім мұхитын. 
Мерейім: Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.
Ислам: Біз енді Әліппемен қоштасамыз,
Жолына гүлмен қоса жыр шашамыз.
Білімнің бұлағынан сусындауға,
Көптеген кітаптармен достасамыз.
 Рената: Әліппе жарты жылдай жолдас болдым,
Ана тілге әкеліп жалғастырдың.
Әр әріпті қостырып, сөзін құрап,
Хат танытып, алғаш сен көзімді аштың.
 Жанбек:Ең алғаш қолға алғанда Әліппені,
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін сыры жұмбақ бұл кітаптың,
Ұстазым маған кілтін алып берді.
Жалғас: Таныстырған 42 әріппен
Қош бол менің қасиетті Әліппем.
Сенің арқаң оқи жаза білгенім,
Сауатты адам санатына енгенім
Аяна: Қош болып тұр, әліппе, анамдайсың,
Жақсы бол деп, біздерге алаңдайсың.
Мен үйреткен әріптің құдіретімен,
Дейсің бізге кірпіш болып қаланғайсың.

1-жүргізуші-Досымжан: Дана, Әліппенің Дүниетану деген де досы бар ғой. Мені
шақырған жоқ деп ренжіп қалып жүрмейді ме?
2-жүргізуші-Дана: Ия, Досымжан, менде солай ойлап тұрмын.Бізді айнала
қоршаған ортамен дүниетану оқулығы таныстырған болатын. Әне, қарашы,
Дүниетанудың өзі де келе жатыр./ортаға дүниетану келеді/

Дүниетану: Сәлеметсіздер ме, балалар? Мен бүгін 1 «В» сынып оқушылары
Әліппеге білімдерін көрсетіп жатыр дегенді естіп, орталарыңызға келіп
тұрмын. Әліппеге меннен не үйрендіңіздер қане, көрсетейікші:
1. «Кім жылдам?»
1. Мен сөздер оқимын, тірі табиғатты атағанда қол шапалақтаймыз, ал
өлі табиғатты атағанда аяқпен топылдатамыз: тау, үйрек, құм, қой,
көбелек, су, құмырсқа, гүл.
2. Сезім мүшелерін көрсетейік, қолдарымызбен ұстаймыз.
1) Есту мүшесі 2) Иіс сезу мүшесі 3)
Көру мүшесі
4) Дәм сезу мүшесі 5) Сипап сезу мүшесі

2. «Тапқыр болсаң, тауып көр» ойыны. Шарты: Ортаға 3 оқушы, 3 ата-ана
шығады. Қағаз суырады. Кімге қандай жануар түссе, сол жануардың
қимылын көрсетіп, дауысын салады: қоян, жылан, мысық, тауық,
аю, маймыл

1-жүргізуші-Досымжан: Жарайсыңдар! Ойын ойнап сергіп қалдық. Дүниетану
сізге көп рахмет! Балалар, енді әліппемен қоштасатын да кез келді.

2-жүргізуші-Дана: Әліппе бізге қаншама нәрсе үйреткен екен. Әліппенің
арқасында жазуға, оқуға, сөз, сөйлем құруға дағдыландық.Ендеше әліппеге не
дейміз.

Хормен: Әліппеге мың рахмет!

Әліппе: Балалар, мен сендерге өте ризамын. Менің Ана тілі атты әпкем
сендерді алға жетелеп әкетеді.Ендігі жерде Ана тілін сүйіңдер демекшімін.
Оқығандарың есте болсын! Күнделіктерің беске толсын деген ниетпен мен
сендерге 5 –тік деген бағаны сыйлап кеткім келіп тұр. (бестікті табыс
етеді)
- Ал, балалар, қош сау болыңдар!

Бәрі бірге: Қош сүйікті Әліппе!

1-жүргізуші-Досымжан: «5» болсын алар бағамыз,
Біліммен бақыт табамыз,
Өнер-білім көп оқып.
Өсе берсін санамыз!

Хор: «Қош бол, құтты Әліппем!»

1 –жүргізуші-Досымжан: Ана тілім – ардағым. Дана, сен Ана тілі деген
атаудың себебін білесің бе?
2-жүргізуші-Дана: Ия, Досымжан, білемін. Ол анасындай қастерлесін дегені.

1-жүргізуші-Досымжан: Уа, халайық, халайық,
Мұнда назар салайық.
Бәріміз енді қол соғып
Ана тілін қарсы алайық. /Ортаға
ана тілі келеді./

Ана тілі: -Сәлеметсіздер ме, балалар?

Бірге: Қош келдіңіз, Ана тілі.

Ана тілі: Туған елдің тілімін,
Ақылыммен танылдым.
Түсіндірер бәріңе
Ана тілі пәнімін.
- Балалар, Енді мені оқитын боласыңдар. Мен сендердің Әліппеден оқып
білгендеріңді ары қарай жалғастырамын.Сіздерге көп нәрсені үйретемін.
Тек Әліппені қалай меңгерсеңдер, мені де солай оқыңдар. Жарай ма?

1-жүргізуші-Досымжан: Құрметті ана тілі, біз әліппеден оқып үйренгенімізді
сізбен әрі қарай жалғастырамыз. Сізді алдағы уақытта қадыр тұтамыз,
қастерлейміз деп уәде береміз.
2-жүргізуші-Дана: Ана, тілі, біздің Сізге арнаған тақпақтарымыз бар. Соны
бірге тыңдап көрейікші.

Нұрмұхаммед: Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға Ана тілін аламыз.
Ата-ана, қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты, міне балаңыз.

Қуандық: Ақыл-ойын даланың,
Ана тілден аламын.
Ана тілім ардақты,
Ақ сүтіндей анамның.
Абдолхақім:Ана тілің – құралың,
Ана тілің – ұраның
Ана тілің болмаса,
Мықты болмас тұрағың.
Расул:Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.

2-жүргізуші-Дана: Досымжан, бізді осындай күнге жеткізіп, сабаққа
дайындаған, білсек –қуанып, білмей қалсақ ренжитін кім екенін білесің бе?
1-жүргізуші-Досымжан: Әрине, білемін. Олар бізбен бірге жүрген анамыз бен
әкеміз, атамыз бен әжеміз емес пе?

2-жүргізуші-Дана: Ия, дұрыс айтасың! Әліппені оқу барысында ата – анамыздың
қосқан үлесі өте мол. Ата – аналар, сіздерге көп рахмет!

Би: «Рахмет, саған Әліппе!», сынып оқушылары

1-жүргізуші-Досымжан: Бүгінгі кеш әр үйдің « Той басы» деп саналар.
Балалардың есімі әулеттерге таралар.
Ырым етіп сондықтан ертеңгілік соңында,
Ақ тілекпен баршаға тілек айтар қонақтар,
- демекші сөз кезегі қонақтарға беріледі

2-жүргізуші-Дана: Баршаңызға уақыттарыңызды бөліп қуанышымызға ортақтасып
келгендеріңізге көп рақмет!

Екеуі бірге: Қош сау болыңдар!

Ұқсас жұмыстар
Оқушылардың сауат ашу пәнін оқу барысында алған білімдерін тиянақтау
Қош бол менің қасиетті ӘЛІППЕМ
Қош бол, құтты Әліппе . сценарий
Әліппемен қоштасу кеші
Әліппеге рақмет!
Өзге тілдің бәрін біл
Қош бол, қасиетті әліппем!
Әліппемен ұстазға
Аталар мен аналар
Әліппемен аштық білім есігін, тербетеміз тәуелсіз ел бесігін 1 сынып
Пәндер