Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Жұмысқа қабылдау туралы өтініш

Жеке адамға қатысты құжаттар

Өмірбаян, резюме (түйіндеме)

Күнделікті өмірге қажеттілік туған жағдайда әкімшілікке, сотқа, нотариусқа, пошта бөліміне, банкке, тағы да басқа қызмет көрсету орындарына қайсысымыздың болмасын ісіміз түсуі мүмкін.
Ресми құрылымдар мен ондағы лауазымды адамдарға көзқарасымыз да әр түрлі болады: оларға құрметпен, күдікпен немесе сақтана қарауымыз мүмкін. Соған орай ауызекі тілдесуде әр қалай қатынас орнап жатады. Алайда мәселені дұрыс шешу үшін, қызмет әдебін сақтап, жазбаша түрде қалыптасқан қатынасқа жүгінгеніміз жөн.
Егер, мысалы, ресми органнан бірнәрсе жөнінде сұрайтын болсақ, арыз жазамыз. Басқа адамның бір нәрсені істеуіне тапсырыс беретін болсақ, сенімхат жазамыз. Басқаша айтқанда, алдымен құқықтық және этикалық жағынан жағдайға сәйкес келетін белгілі бір құжат түрін таңдаймыз. Одан кейін құжатты қалай толтыру керектігін, яғни, оның қандай деректерден (мағыналық бөліктерден) тұратыны, ойды қандай реттілікте, қандай сөздермен беру керектігін ойланамыз. Бір сөзбен айтқанда, құжат толтырудың үлгісін жақсы білуіміз қажет.
Қызметтік қарым-қатынастағы сияқты, жеке адамның ұйымдармен қарым-қатынасында да (немесе керісінше) құжат жанрларының белгілі бір түрлері бар. Оларды жеке құжаттар деп атау қалыптасқан. <<Жеке>> деп аталатын себебі олар жеке адамның атынан жазылып, жеке адамға арналады, немесе соған тиесілі болып келеді.
Жеке адамға қатысты құжаттарға өмірбаян, резюме, өтініш, өсиет, жеке басының куәлігі, туу туралы куәлік, білімі туралы куәлік т.б. жатады.
Азаматтардың заңды тұлғаларға көбірек жазатын құжат түрлері: негізінен арыз, сенімхат, қолхат, тапсырма хат болып келеді. Әр түрлі ресми шешілетін жағдайларға сәйкес олардың түрліше формалары болуы мүмкін.
Бұл жағдайда құжаттағы баяндау стилі оның жанрлық және тілдік ерекшеліктеріне сәйкес болады. Жанрлық стиль құжаттың тізбелер құрамын, олардың орналасу ретін, мәтіннің жалпы мағыналық құрылымын сақтауды талап етсе, тілдік норма сөз қолданудағы дұрыстықты (әдеби нормаға сәйкес келуін) анықтықты, қысқалықты, сөздің эмоцияға құрылмауын т.б. талап етеді.

Өмірбаян

Өмірбаян авторы өзінің өміріне қатысты мәліметтерді хронологиялық тәртіппен құрастыратын құжат. Өмірбаянның типтік үлгісі жоқ, ол мақсатына байланысты қысқа немесе толық нұсқада болуы мүмкін.
Әдетте өмірбаянда мыналар көрсетіледі: құжаттың аты-жөні, автордың аты-жөні, туған жері мен мезгілі, білімі мен мамандығы, қызметіне қатысты мәліметтер, марапаттаулар мен алған мадақтаулары, отбасы жағдайы мен отбасы құрамы, үйінің мекен-жайы мен телефоны, толтырылған күні мен жеке қолы.
Өмірбаянды жұмыскер өз қолымен бір данада жазады. Оған (өмірбаянға) - өз өмірінің негізгі сатыларын уақтылы бір ізділікпен, еш өзгертусіз толтырады.
ӨМІРБАЯН деректемелері:
+ құжаттың аты - ӨМІРБАЯН;
+ мәтіні;
+ күні;
+ қол қою.
Өмірбаян мәтінінде келесі сұрақтар қамтылады:
* аты-жөні, фамилиясы, әкесінің аты;
* туылған жылы;
* білімі (қайда, қашан, қандай оқу орны);
* қай уақыттан еңбек қызметі басталды;
* бір жұмыстан екінші жұмысқа ауысу себептері;
* әскери атағы (егер бар болса);
* жанұя жағдайы;
* алғыстары;
* үйінің мекен-жайы.

1. Өмірбаян қандай құжат болып табылады?
2. Құжатты кім әзірлейді?
3. Өмірбаян құжаты қалай толтырылады?
4. Өмірбаян деректемелеріне нелер жатқызылады?
5. Өмірбаян құжаты неше дана етіп әзірленеді?

Резюме (түйіндеме)

Кейінгі кезде жұмысқа тұру, жұмысқа қабылдану кезінде құжаттың жаңа түрі резюме жазылып жүр. Бұнда белгілі бір тұлғаның өмірбаяны туралы нақты, әрі қысқа мәлімет беріледі. <<Резюме>> француз тілінен аударғанда, айтылған немесе жазылған мәселенің қысқаша <<түйіні>> деген мағынаны білдіреді.

ТҮЙІНДЕМЕ деректемелері:
+ құжаттың аты - ТҮЙІНДЕМЕ;
+ уақыты, күні;
+ фамилиясы, аты, әкесінің аты;
+ үміткердің пошталық мекен-жайы;
+ телефоны;
+ мәтіні;
+ қолы.
Бірінші өз атын, әкесінің атын, фамилиясын, мекен-жайын, телефонын, туылған мерзімін (әйел адамға соңғы міндетті емес) жазады.
Мәтін мына бөлімдерден тұрады:
* түйіндеменің мақсаты - түйіндеме берушінің орналасқысы келетін орын;
* білімі (бірінші: жоғары білімі - қай оқу орны, қашан бітірді, алған мамандығы; содан соң, мектеп бітіргеннен алған білім түрлері көрсетіледі);
* еңбек қызметі (жұмыс орны, мектеп бітіргеннен кейін атқарған қызметтерін ретімен жазады, егер студенттік жылдары қызмет істемесе оны да көрсетуге болады);
* арнайы білімі (әртүрлі білімділігі - компьютерде жұмыс істей алуы, шетел тілдерін білуі, қызмет берушіні не қызықтырады соның бәрі көрсетіледі);
* жанұя жағдайы (күйеуге шыққан ба / шықпаған ба, күйеуі қайтыс болған, балалары бар болса оларды көрсетеді).
Түйіндеме мәтіні екі беттен аспауы тиіс.
Түйіндемені жақсы сапалы парақта тереді (жазады).

1. Түйіндеме дегеніміз не?
2. Түйіндеменің негізгі мақсаты не?
3. Түйіндеменің негізгі деректемелерін атаңыз.
4. Түйіндеме қалай толтырылады?
5. Түйіндеме мәтінінің шекті саны нешеге тең?
1. Мінездеме дегеніміз қандай құжат?
2. Мінездеме не үшін жазылады?
3. Мінездемені кімдер әзірлейді?
4. Мінездеменің мәтіні неше бөлімнен тұрады?
5. Мінездеме неше дана етіп жазылады?

№ 4 Өтініш, арыз, мінездеме

Өтініш

Өтініш өтінушінің қолымен жазылады және хатшыға немесе құжатханаға тіркеуге беріледі, өтінушінің қолында қалған екінші данасына хатшы қабылданғаны туралы белгі соғады (айы - күнін көрсетіп, қолын қояды).
ӨТІНІШ деректемелері:
+ құжаттың аты - ӨТІНІШ;
+ күні, уақыты;
+ мекен-жай иесі (кімге жазылған);
+ кімнен жіберілді;
+ мәтіні;
+ қол қою;
+ құжаттың орындалуы және іске асырылуы туралы мәлімет.
Жұмысқа қабылдау туралы өтініш.
Жеке іс жалпы қабылданған А4 формат қағазында жазылады. Жұмысқа қабылдау туралы ӨТІНІШ жұмысшының жеке іс құжаттамаларына қатталады. Жұмысқа қабылданғандығы туралы бұрыштаманы құрылымдық ұйымның жетекшісі немесе басшы қояды. Өтініш кадрлар бөліміне беріліп, содан кейін бұйрық шығарылады. Егер, өтініш беруші жұмысқа қабылданбаса онда оған жазбаша түрде немесе ауызша, сондай-ақ телефон арқылы хабарлайды.
Өтінішті жазу барысында: ханым, мырза, төраға, төрайым тәрізді қарату формаларымен қатар басқа жұмысқа ауысуыма байланысты, отбасы жағдайыма байланысты, кезекті демалыс, кезектен тыс демалыс сияқты тұрақты клише үлгілері қолданылады.

Басқа қызметке ауысу туралы өтініш.
Өтініштің бұл түрінің ерекшеліктері: қызметкер осы уақытта атқарып жүрген қызметін жазады да, мәтінде ауысу себебін жазады.
Оқу демалысына, аяғы ауырлығына және отбасы жағдайына байланысты кету (демалысқа шығу) туралы өтініш.
Өтініш мәтініне сәйкес құжаттың - оқитын жерінен анықтама, ауруды куәландыру парағы болуы тиіс. Бұл анықтамаларсыз сұрақтың шешілуі мүмкін емес. Құжаттар өтінішпен бірге көрсетіледі.

1. Өтініш дегеніміз не?
2. Өтінішті кім жазады?
3. Өтініш құжатының деректемелерін атап көрсетіңіз.
4. Жұмысқа қабылданғандығы туралы бұрыштаманы кім қояды?
5. Құжатты әзірлеу барысындағы тұрақты сөз орамдарын атаңыз.

Мінездеме

Мінездеме қызметкердің қызметтік, қоғамдық әрекеттерін ресми түрде бағалау, іскерлік қабілеті мен моральдық сапасын ерекшелеп көрсету болып табылады. Қазіргі кезде мемлекеттік емес мекемелерде сирек қолданылады. Бірақ қызметі бойынша орын алмастырғанда, қызметін аттестациялау кезінде, іссапарға шыққанда және басқа жағдайларда мінездеме қажет болады.
Мінездеменің басқы бөлімі - анкеталық мәліметтер (аты жөні, туған жылы, білімі т.б.).
Екінші бөлімде еңбек қызметі туралы мәліметтер (мамандануы, жұмыс істеу мерзімі, қызметі бойынша өсуі т.б.) және еңбегіне берілген баға жазылады.
Үшінші бөлімде қоғамдық белсенділігі, тұрмыстағы тәртібі, әріптестермен қарым қатынасына баға беріледі.
Қорытынды бөлімде тұжырымдама және мінездеменің берілу мақсаты жазылады.

Мінездемені қызметкердің өз сұрауы бойынша, басқа мекеменің сұрауы бойынша және өзінің бастамасымен әкімшілік немесе мекеменің қоғамдық ұйымы (егер бар болса) жазады.
МІНЕЗДЕМЕНІҢ деректемелері:
+ құжаттың түрі - МІНЕЗДЕМЕ;
+ мәтіні;
+ қол қою;
+ мерзімі;
+ мөрі.
Ережеге сәйкес мінездеменің мәтіні екі бөлімнен тұрады:
Кіріспе бөлімінде: фамилиясы, аты, әкесінің аты, туған жылы, туылған күні, білімі, қызметі, еңбек өтілі (стажы) көрсетіледі.
Негізгі бөлімде - іскерлігі, жұмысына жауапкершілігі, алған марапаттаулары, ұжымдағы адамдармен қарым қатынасы, қызметтегі өсуін жазады.
Егер, мінездемені қоғамдық ұйым немесе еңбек ұжымы бекітсе онда хаттаманың нөмірі мен мерзіміне сілтеме жиналыста қаралады. Мінездемеге мекеме жетекшісі, жетекші маман, қоғамдық ұйым жетекшісі қол қояды, мөрмен куәландырылады.
Мінездеме 2 (екі) данада жазылады.

Ұқсас жұмыстар
Өмірбаян қандай құжат
ЗТО сабағының міндеттері
Бұйрық қандай құжат
Модуль Жеке адамға қатысты іс қағаздары (Өмірбаян, түйіндеме рәсімдеу)
Раушангүлділер тұқымдасы
Жұмысқа орналасу
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери дәстүрлерінің құрылу тарихы, офицер мамандарды даярлаудың мақсаты мен міндеттері
Альцгеймер ауруы
1916 жылғы ұлт- азаттық қозғалыстың барысы мен сипаты
Ионды байланыс
Пәндер