Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Жақсылық пен жамандық

Дина Нұрпейісова атындағы орта мектеп

Тақырыбы: <<Жақсылықтан жақсылыққа>>
4а сынып ашық сабақ

2016-2017 оқу жылы
Бекітемін:
МДОІЖО Амирова Г.
Мектеп Дина Нұрпейісова Мерзімі 15. 02..17 Мұғалім: БекжановА.
Сынып 4 а,б Оқушылар саны а- 19 , б-20
№5 Тақырып: Жақсылықтан жақсылыққа.
Құндылық: Дұрыс әрекет Қасиеттер: қайырымдылық, қамқорлық.

Сабақ мақсаты: Оқушылардың <<қайырымдылық>>, <<қамқорлық>>, <<жақсылық>> құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
Білімділік:Жақсылық жасаудың адами қарым - қатынастағы мәнділігін түсіндіру.
Дамытушылық:Жақсы істер жасай білу іскерліктерін дамыту.
Тәрбиелік: Қайырымды, қамқор болуға тәрбиелеу.
Ресурстар (материалдар, дереккөздер)
Оқулық, дәптер, күнделік, пенал, үнтаспа, т.б.
Сабақтың барысы
1. Ұйымдастыру кезеңі:
а) Оқушылардың сабаққа қатысуларын және оқу құралдарын тексеру.
ә) Топқа бөліп, топ аттарын құрастыру
б) 5 Т-ны еске түсіру. (тәртіп, талап, тыныштық, тазалық, татулық)
Тыныштық сәті. ОРМАНҒА ОЙША СЕРУЕН.
Мұғалім: Арқаңызды тік ұстап отырыңыз. Көзіңізді жұмып, терең тыныс алыңыз. Әрбір тыныс алған сайын неғұрлым көбірек босаңсып, сабырлы болуға тырысыңыз. Қазір біз орманға серуенге шығамыз. Өзіңіздің сынып есігіне қарай беттеп, есікті ашқаныңызды, дәлізбен өтіп, далаға шыққаныңызды елестетіңіз. Таза ауаны жұтып, шашыңызды желбіреткен желдің лебін және бетіңізді сәл-пәл қыздырған күн сәулесін сезініңіз. Орманға қарай жүре бастаңыз. Келе жатқанда абай болыңыз, жәндіктерді басып кетпеңіз. Бір минут тоқтап айналаға көз салыңыз. Табиғаттың әсемдігі мен балғындығын сезініңіз. Гүлдердің біріне жақындап, еңкейіп, оның нәзіктігі мен жұқалығына зейін салыңыз. Оның хош иісін жұтыңыз. Айналадағы бар нәрсені бақылап, ары қарай жүре беріңіз. Гүлдер, гүлдер мен ағаштардың иісі, құстардың дауысы және жәндіктердің ызыңы. Орманға ендей түсіңіз, қараңызшы, ағаштар биіктей әрі қалыңдай түсті. Жарық пен көлеңкенің ойынын қызықтаңыз, жапырақтардың сыбдырын тыңдаңыз. Біз өзімізді орманда бақытты әрі қауіпсіз сезінеміз. Алаңқайға шығып, осында бірнеше минут демалыңыз. Түбіне барып отырғыңыз келетін ағашты таңдаңыз. Ағашқа жақындаңыз да оны діңінен құшақтаңыз. Оның қуаттылығын сезініңіз, ондағы өмір қуатын сезінуге және ұғынуға тырысыңыз. Енді оның діңіне арқаңызды сүйеп отырыңыз. Көзіңізді жұмыңыз, терең тыныс алыңыз және қоршаған айналаның жым-жырт тыныштығына көңіл бөліңіз. (Осы жерде мұғалім 1-2 минут үзіліс жасауына болады).
Бізге қалайша жеңіл әрі тыныш және бақытты сезіну қандай. Табиғат неткен ғажап, оны қалайша сүйетініміз бен қадірлейтінімізді, бірде бір тірі жәндікке зиян тигізбес үшін қамқорлық жасауды түсінеміз. Сіздің өз ағашыңыз бар екенін және кез келген уақытта оған келе алатыныңызды есте ұстаңыз. Ал қазір мектепке қайтуға дайындалыңыз. Орныңыздан тұрып, айналаға тағы бір көз қырын салыңыз. Келген жолыңызбен кері қайтыңыз, жолыңыздағы жәндіктерді басып кетпеңіз. Міне, мектептің алдына да келдік. Айналаңызға тағы бір қараңыз, таза ауаны терең жұтыңыз, есікті ашып, өз орныңызға қайтып келіңіз. Осы жым-жырттық, тыныштық, қанағат сезімін өзіңізде сақтаңыз. Көзіңізді ашып, күлімсіреңіз!
(оқушылар алған әсерлерімен бөліседі)

2. Үй тапсырмасын тексеру.
<<Мөлдір бұлақ>> әңгімесі
(Оқушылар түсінігін өздері айтады, әр топ бір біріне сұрақтар қояды.)
- Халық неге қатты абыржыды?
-Халықтың сусыз қалу себебі неде?
-Жалаңбас бала қандай әрекеттер жасады?
-Қарлығаштың қандай көмегі тиді?
-Жер бетіне мөлдір бұлақтың қайтуының себебі неде?

-Балалар, жақсылық жасау дегеніміз өздерің айтқандай, адамдарға, айналаға, табиғатқа қайырымдылық пен қамқорлық жасауды, көмек көрсетуді білдіреді. Адамдардың бір - біріне жиі жақсылық жасауы, оларды жақындастырады, достастырады. Олардың бір - біріне деген сыйластығы артады.

Жаңа сабақтың тақырыбы << Жақсылықтан жақсылыққа>>
Ескерту
3. Дәйексөз
<<Ешқандай жақсылық зая кетпейді>>
Нақыл сөз
Осы дәйексөз сіздерге қандай ой салды?
- Шамамыз жеткенінше, қолымыздан келгенше адамдарға, айналаға жақсылық жасап жүрейік.Өйткені жасаған жақсылық зая кетпейтінін, оның шарапаты өзіңе, жақын - туыстарыңа, тіпті еліңе тиеді екен. Алғысқа бөленіп, ризашылыққа кенелесіңдер.

Жаңа ақпарат
Жақсылық - адамдықтың белгісі. Мейірімді, қайырымды, сезімтал адам әрдайым жақсылық жасауға дайын тұрады. Ақ ниетпен жақсылық жасау адамның ішкі дүниесінің байлығын, жан сұлулығын көрсетеді.
:: Өмірде кездесетін әр түрлі жағдайларда басқаларға зиян келтірмей, ой мен істің бірлігін сақтай отырып, байыпты шешім қабылдай алу - жақсылықтың нышаны.
:: Жақсылық жасағысы келген адам ешкімнің сұрағанын күтпей,көмек етудің мүмкіндіктерін өзі іздейді.
:: Жақсылықты ақы мен мадақ үшін істемеу керек,басқаның мұхтаждығын өзінің қажетіндей сезініп істеу керек.

4. Әңгімелеу. Мұғалім сыйы.
Жақсылық пен жамандық.
Ертеде Адам ата өз ұрпағын сынау үшін адамның оң иығына жақсылықты, сол иығына жамандықты отырғызып қойыпты. Адам бір іс жасарда жақсылық "істе" десе, жамандық "істеме" деп сыбырлайды екен. Сөйтіп адамның бойында қай қасиет басым екенін байқамаққа оны сапарға аттандырыпты. Адам біраз жол жүріп, өзен жағасымен шаршап келе жатса, судың жағасына шығып қалған балықты көреді.
Балық секіріп суға жете алмай жатыр екен. Жақсылық жаны ашып:
- Адам, ана балыққа көмектесіп жібер, - десе, Жамандық:
- Қой, жөніңе жүре бер, уақытыңды алма, - дейді.
Адам балықтан әрірек асып барып, мойнын бұрып қарайды. Балық шарасыздан көзі жәутеңдеп, көмек сұрағандай болады. Адам шыдай алмай кері бұрылып барып, балықты суға салып жібереді. Балық ризашылығын білдіріп. Суда ойнақшып, суға сүңгіп кетеді.
Адам одан әрі жүре береді. Бір теректің қасынан өтіп бара жатып, шыр - шыр еткен дауысты естіп тұра қалады. Қараса, кішкене ғана торғайдың балапаны ұясынан құлап қалған екен. Еңкейіп енді көтерейін деп жатса, Жамандық:
- Осы торғайдың балапанына бола жолдан қалмақпысың? Оны көтеріп ұясына салу үшін, теректің басына шығу керек. Мерт болсаң қайтесің? - дейді.
Адам ойланып тұрып қалады. Осы сәтте Жақсылық:
- Ей, адамзаттың баласы, сен әлсіздерге қорған болып, қол ұшыңды беру үшін жаратылғансың. Мына бейшара балапанды ұясына сала кет. Шарапаты тиеді, - дейді.
Адам тағы да шыдай алмай балапанды алып, теректің басына өрмелеп шығып, ұясына салып кетеді. Балапан шиқ - шиқ етіп, қанатын қағып, разы болады.
Адам демалып алмақшы болып отыра бергенде, аяғының астында бидайдың дәнін әрең сүйреп бара жатқан құмырсқаны көзі шалады. Құмырсқа дәннің о жақ, бұ жағына шығып, қозғауға ыңғайлы ретін таба алмай, ісі өнбей келеді екен. Адам әуелі жамандықтың айтуымен құмырсқаны дәнінен айырып тастағысы келіп оқталады да, шыр - пыр болған Жақсылықтың сөзіне құлақ түрді. Ол:
- Әй, адам - ау, қалай ғана адамдығыңнан айнып кеуге әзір тұрасың. Бұл құмырсқа өзінен үлкен дәнді сүйреп, машақаттанып келе жатқанда, қол ұшыңды көрсетіп жолына салып жіберудің орнына, оны қызықтап, ермек қылғың келгені қалай? Одан да еңбек етуді осы кіп - кішкене тіршілік иесінен үйренбейсің бе? - деп налыған екен.
Адам өз ойынан ұялып, райынан қайтады. Сөйтіп Адам ата ұрпағын алдына шақырып алып:
- Міне, балам, жамандыққа ерсең жаман боласың, жақсылыққа ерсең жақсы боласың. Мен саған үш сын бердім, үшеуінен де өттің, разымын. Енді осылай адамдығыңнан айнымай, айналаңа қамқор болып, жамандыққа жоламай, жақсылыққа жолдас бол, - деп батасын береді.
Содан бері адам баласы жақсылықпен мұратына жетіп келеді екен.
Сұрақтар:
1 Неліктен адам Жақсылықтың айтқандарын орындады деп ойлайсыңдар?
2. <<Жамандыққа ерсең жаман боласың, жақсылыққа ерсең жақсы боласың>> деген ой туралы қандай пікір айта аласыңдар?
3. Жақсылық жасау үшін адам бойында қандай қасиеттер болу керек?

Адамгершілік, қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, аяушылық, қамқорлық, рақымшыл, бауырмалдық, кішіпейілдік, жылы жүрегі .
Дұрыс айтасыңдар, егер адам бойында осындай жақсы қасиеттер көп болса жаманнан жиреніп, жақсы әдетке үйренеді.
- Әлемдегі барлық адамдар тек қана жақсылық туралы ойлап, жақсылық жасауға ұмтылатын болса, онда әлемде тыныштық, ынтымақ орнайды, адамдар бақытты өмір сүреді.

5. Шығармашылық іс-әрекет, топтық жұмыс.
1топқа <<Қарлығаш пен дәуіт ертегісін сахналау>>
2 топқа Қағаздан жасалған тамшыларға өздерінің жасаған жақсылықтарын жазу.
3 топқа
Ребус құрастыру.
- <<Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын>> - деген екен халық.
Шамамыз жеткенінше, қолымыздан келгенше адамдарға, айналаға жақсылық жасап жүрейік.Өйткені жасаған жақсылық зая кетпейтінін, оның шарапаты өзіңе, жақын - туыстарыңа, тіпті еліңе тиетінін сендер жақсы білесіңдер. Алғысқа бөленіп, ризашылыққа кенелесіңдер.

6.Топпен ән айту. <<Достық>>
Сөзін жазған: Е.Елеубаев
Әнін жазған: И.Нүсіпбаев.
Ортақ мекен - жер шары,
Төбемізде бір аспан.
Барлық ұлттың баласы,
Достығымыз жарасқан.
Ортақ бізге бір Отан,
Ортақ жердің байлығы.
Еңбек ортақ,жыр ортақ,
Ортақ бізге барлығы.
Туыспыз біз бәріміз.
Бір Отанды сүйеміз.
Бақытты елде туған соң,
Бақытты қмір сүреміз.
Дәптермен жұмыс.
Жақсылық пен жамандық туралы мақал мәтелдер жазу

7.Үй тапсырмасы.
8. Оқушыларды бағалау

9. Сабақтың соңғы тыныштық сәті.
Баяу әуен қосылады.
Әрқайсымыз оң қолымызбен жүрегімізді ұстап көрейік. Өз жүрегіміздің жылылығын сезініп, жүрек жылуымызды адамдарға, айналамызға жеткізу үшін іштей оларға жақсы тілектер тілейік. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық! Бүгінгі сабақтан алған әсерлеріңізді жүректеріңізге түйіп алыңыздар. Рахмет! Сабақ аяқталды. Сау болыңыздар!

Ашық сабақтан көріністер.

Ұқсас жұмыстар
Мен жақсы баламын. мектеп алды даярлық
Жақсылық тамшысы
« Мен жақсылықтың жолдасымын»
Ризамыз бүгінге, Ризамыз бүгінге
Жақсылықпен жаным дос жайлы ақпарат
Жақсылықпен жаным дос
Жақсылық жолымен жүреміз
Ы.Алтынсарин.Дүниеде жамандық неден
Жалаң және жайылма сөйлемдер
Жақсылық- жан жадыратады
Пәндер