Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Жастар елдің болашағы

Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
№ 4 орта мектептің тарих пәні мұғалімі
Бисекенова Жадыра Ерболатовна

Тәрбиенің басты құралы-шыдамдылық пен оптимизм
Эссе
<<Адам бола білу - ең қиын мамандық>> деп Абай Құнанбайұлы айтқандай дүние есігін адам болып ашып, өмірден өз орнын тауып адам болып өту кез келгеннің қолынан келе бермейді. Неге? Себебі, мына азулы заманда адамшылықтан жұрдай болып бара жатқан пенделер өзінің өмірдегі орны мен қызметін ұмытып барады. Бәріне топырақ шашу дұрыс болмас, дегенмен баяғы ақ жаулықты асыл аналар мен инабатты келіндердің, сыпайы қарындас пен кішіпейіл ағалардың, ізетті інілердің, ақылгөй аталар мен өсиетшіл әжелердің ізі сейіліп бара жатқандай. Адал жандар бар-ау, бірақ олардың бары білінбес... Парасатсыз пенделердің көлеңкесінен өмірдің шуақты да жайдары сәулесі көрінбей кетті. Өкінішті-ақ... Өкінетін несі бар деп мысқыл тартар кез емес, көзіңді аш, кеудеңді көтер, асықпай ойлан замандас!
Мен осы өміріме, осы күніме ризамын. Мені адам етіп жаратқаны үшін Алла Тағалаға шүкірлік етемін. Алланың құдіретіне тәнтімін, әрбір адам терең ойланып қараса дүниенің кереметін сезінер еді. Себебі, бүкіл дүниені жаратып, соның ішінде ең саналы етіп адам баласын жаратты. Сол адамға бәрі қызмет етуде. Қараңыз, күн жарқырап нұрын төгіп адамға жылуын береді, қараңғыда жарық береді, ал сол жақсылығы үшін адамнан ештеңе де сұрамайды. Ал жеміс ағаштары гүлдейді, көктейді, жеміс береді, сол сияқты яғни болашақ ұл-қызымыз біздің ұрпағымыз.
Бала - ата-ананың қолындағы аманат. Олардың жүректері пәк, таза, гауһардай құнды. Бала жас шыбықтай иілгіш келеді. Кез-келген пішінге салуға болады. Құнарлы топыраққа ұқсайды. Құнарлы топыраққа не ексең, соның жемісін аласың. Сондықтан бала неге бейімделетін болса, сол бойынша бағыт алады, сол бойынша өседі. Қазақ данышпандары <<Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі,- деп айтқан емес пе? . Бала өз өміріне қажетті тәрбиені алдымен отбасынан, содан кейін мектептен алатыны сөзсіз. Мағжан Жұмабаев <<Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады>>- деп айтқандай, мен сынып жетекшілік қызметін төрт жылдан бері алып келемін. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған шәкірт секілді ұстаздық өмірге келген сәттен бастап, бастауыш сыныптан білім алған енесінен айырылған қозылар секілді жаутаңдай маған қараған бесінші сыныпты жетекшілікке алдым. Міне, содан бері сол менің қошақандарым тоғызыншы сыныпқа келіп ер жетті. Мен- ұстазбын, мен- мұғаліммін, мен- зерттеушімін, мен жас ұрпақты келешекке жетелеп апаратын тәрбиешімін. Әрине, жас маман болғандықтан алғашқы екі жыл мен үшін оңай болған жоқ. Ата-аналармен танысу, олармен өткізілетін жиналыстар, отбасындағы әлеуметтік және рухани жағдайларды анықтау біразға дейін қиындықтар туғызды. Ойланып қарап отырсам, кейбір ата-аналардың балаларына деген жауапкершілік сезімінің төмен екендігін байқаймын. <<Баланы тәрбиелеудің керегі жоқ, баланы түсіне білу керек! Бүгін бақытты балалардың қалай тәрбиеленетінін айтқым келеді>>.- деп үнемі жаңа дүниелерді іздеп тауып ата-аналарға жеткізіп отыруға тырысамын. Төрт жылдан бері өз аналарынан кем көрмейтін менен үлгі мен тәрбие алып жүрген балалардың болашақ өмірлері мені алаңдатады. Сынып сағаттарын өткізу барысында оқушыларыма прокурор, басшы, болашақ ұстаз немесе дәрігерлер деген мадақтаулар айтқан кезде алдымда отырған балалардың басы екі елі көкке жетпей қалғандай марқайып, мақтанып, арман ұшағына мініп қалықтап жатқан кезде, мен де солармен бірге көкке қалықтаймын. <<Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады>>,- деген Абай Құнанбайұлы бабамыздың нақыл сөзін басты қағидам деп білдім. Себебі білімді ұрпақты тәрбиелеуде ең алғаш рухани тәрбие маңыздырақ сияқты. Ынтымақтастығы қалыптасқан ортадан адамгершілігі мол шәкірт, білімнің қадір қасиетін құндылығын түсіне біледі.
<<Адам болар бала алысқа қарайды>> - дегендей, бұл жердегі <<алысымыз>> баянды болашақ, сенім мен тәуекел, білім мен еңбек. Қазіргі жастардың бәрін кінәлау қателік болар. Дегенмен де ойсыз, рухани тұрғыдан аш, қамсыз жастар аз емес. Яғни, ішсем-жесем, киінсем, өз арманыма жетсем болды, ары қарай уақыт көрсетеді деп уақыт еншісіне жүктей салады. Әрине, ешкім сенің аузыңа келіп су тамызбасы анық.
<<Өздерің де ойлаңдар, неше түрлі жан барсың.
Ғылым да жоқ, ми да жоқ, Даладағы аңдарсың>> - деп Абай еріккеннен шырылдады деймісіз? Жоқ, ол болашақтағы елінің тағдырына алаңдап, жастарды ғылым-білімге шақырып, көкіректерін оятып, көздерін ашқысы келді. Өмірден ештеңе ала алмай, еш білім үйренбей кеткен адамды кімге теңеуге болады? Өзіңіз де іштей түсіне беріңіз. Жастар елдің болашағы. Сондықтан жастарды тәрбиелеу ең алдымен алтын бесіктен бастау алады. Содан кейін мектеп, қоғам, ең соңында адамның өзінің адамгершілігіне, тәрбиесіне тікелей байланысты. Адам қоғамнан да, отбасыдан да тәрбие алып өзі нүкте қояды. Қараңғылықпен күннің шуағында емес, көлеңкесінде жалқаулық атты мамық баспанада ұйықтап жатқан жастарды ояту - біздің еліміздің міндеті. Яғни, замандастары түрткі болу керек. Біз, ұстаздар қауымы, шәкірт жүрегіне нұр шашып, иман мен инабат дәнін себуіміз керек. Мен алаңдай отырып, үмітімнің елесінен аса алмай болашақ ұрпаққа сенім білдіремін!
Мәлік Ғабдуллин <<Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс- тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді>> дегені белгілі. Сол себепті болашақ қазақ жері, жерінің діні мен салт-дәстүрін дәріптей жүріп иманды ұл мен қыз тәрбиелеуде шаршамай, шалдықпай мықты күш жігермен, шыдамдылықтың биік шыңына қарай жетемін деп сенім білдіремін!

Ұқсас жұмыстар
Мемлекет басшысы
«мен жастарға сенемін» - ұлтжандылықтың ұраны
"Болашақ бүгіннен басталады"
Нені оқыту, қалай оқыту
Тәуелсіз елдің білімді ұрпақтарымыз
Болашаққа үміт, жастарға сенім
Тәртіпке бағын жасыңнан. тәрбие сағаты. 11 сынып
Тәуелсіз мемлекет
Жолын болсын, жас ұрпақ
Жасампаз, Тәуелсіз Қазақстан
Пәндер