Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Қазақ қыздары мен жігіттерінің киім үлгілері

Қызым - қызғалдағым, ұлым - ізгі арманым

Мақсаты: Оқушыларды қазақ жігіті мен қызының бойына тән өнерлік тәлімдік қасиеттермен таныстыру, мұны ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптармен байланыстыра білу және тәрбие сағаты арқылы қазақ жігіттері мен қыздарының бұрынғы өмірі мен олардың киген ұлттық киімдерін таныстыру.
Көрнекілігі: Қазақ қызы мен жігіттінің суреті, ұлағатты сөздер, буклеттер.

Бағдарлама:
1. Тәрбие сағатын ашу.
2. Тәрбие көзі - халықта.
3. Қазақ қыздары мен жігіттерінің киім үлгілері.
4. Мақал-мәтел мен жұмбақ жарысы.
5. Көрнекілікпен таныстыру.
6. Қорытындылау.
Ұлағатты сөздер: 1. Қыз - ауылдың көркі, Жігіт - ауылдың серісі.
2. Әке көрген оқ жонар, Шеше көрген тон пішер.
3. Қыз өссе - елдің көркі, Гүл өссе - жердің көркі.
4. Жеті атасын білген ұл, Жеті жұрттың қамын жер.

Барысы:
1-жүргізуші: Құрметті қонақтар, ұстаздар мен оқушылар! <<Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер>>, <<Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер>> дегендей, халқымыз жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен көңіл бөлген. Сол сияқты бүгінгі өтетін <<Қызым - қызғалдағым, ұлым - ізгі арманым>> атты тәрбие сағатына қош келіпсіздер.
2-жүргізуші: <<Ата - балаға сыншы>>, <<Адам болар ұлыңның арқа-басы кең келер, ана болар қызыңның ақыл-есі тең келер>> дегендей жас ұрпақ тәрбиесінде халқымыздың ерекше қасиеті отбасындағы әр баланың өз бойындағы жеке қабілет-қасиеттерін байқап, сол қасиеттерін әрі қарай дамытып шыңдаған.
1-жүргізуші: Халықтық тәрбиенің өзекті бір саласы жас ұрпақты имандылық, мейрімділік, қайырымдылыққа тәрбиелеу.
Мысалы, жас үлкен кісіге иіліп сәлем беру, үлкеннің сөзін бөлмеу, сөз жарыстырмау, мүгедек-кәріп жандарға қамқор болу ұл-қызымыз үшін бұлжымас заң болатын.
2-жүргізуші: Сондай-ақ қазақ халқы үшін өтірік айту, ұрлық істеу, қулық-сұмдық деген жат қасиет. Сондықтан жас жеткіншекті <<біреудің ала жібін аттама>>, <<өтірік өрге бастырмайды>>, <<ешкімге қиянат жасама>> деп адалдыққа тәрбиелеген.
1-жүргізуші: Халқымыздың рухани байлықтарын яғни оның салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары біздің ұлттық болашағымыздың, халықтық қасиетіміздің өзімізге де, өзге де жазбай танытатын асыл мұрасы.
2-жүргізуші: Қыз емес, қыздың аты қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын.
Қыз баланы ізетті, инабатты, ісіне көркі сай шебер етіп тәрбиелеу, қыз сыйлау халқымыздың қанына сіңген қасиет. <<Қыз өссе - елдің көркі, гүл өссе - жердің көркі>> дегендей, халқымыздың қыз құрметтеп, киімнің сәндісін, алтынды бұйымдардың жақсысын, ер-тұрманның әшекейлісін қыздарына тарту ете отырып, <<қызға қырық үйден тыйым>> деген мақалды да естен шығармаған. Иә, қыз бала тәрбиесі қашан да халық назарында.
Көрсін біздей балғынды,
Көңілденсін ел енді
Шырқатайық өлеңді, - деп келесі кезекті әнге берейік.
Ән: <<Мен қазақ қыздарына қайран қалам>>
1-жүргізуші: Халқымыз <<Жігіт сегіз қырлы бір сырлы>> болсын деген. Мұның түп-төркіні жігіт барлық жерде де әр қырымен танылып, бірақ оның сыры біреу ғана болсын деген сөз.
1-оқушы: <<Жігіттерге өсиет>>
Жақсы бол, жігіт болсаң ел көргендей,
Досыңа қосылғанда дем бергендей.
Пайдаңды жақсы болсаң тигіз көпке,
Тұйғынға қапастағы жем бергендей.
Жігіт бол, жігіт болсаң бұлғақтамай,
Орынсыз сөз сөйлеме жын қаққандай.
Еліңе жақсы сөзді жаса әуелі,
Халыққа көңіл бөліп тыңдатқандай.
2-жүргізуші: Қазақ халқында жігіттің үш жұрты бар дейді, соны кім айтар екен?
2-оқушы: Жігіттің үш жұрты бар: өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты. Халық арасында өз жұртың күншіл, қайын жұртың міншіл, нағашы жұртың сыншыл деп те мәтелдейді.Яғни ағайын бар болсаң көре алмайды.
1-жүргізуші: Ер қаруы - бес қаруды кім біледі?
3-оқушы: Жігіттің бес қаруы бар: Садақ, найза, мылтық, қылыш, айбалта.
2-жүргізуші: Жігіттің жеті қазынасы дегеніміз не?
4-оқушы:Жігіттің жеті қазынасы мыналар - ақыл-білім, өнер, сұлу әйел,жүйрік ат, берен мылтық, құмай тазы, қыран бүркіт.
2-жүргізуші: Халқымның әні қандай, жыры қандай,
Шешеннің нәрі тамған тілі балдай.
Шымырлап өн бойыңа тарайтұғын,
Ал күйі нәзік жанды балқытқандай.
Күй орындалады.
1-жүргізуші: Біз бүгінгі <<Қызым - қызғалдағым, ұлым-ізгі арманым>> атты тәрбие сағатында сіздерді бұрынғы қазақ аулының жастарының өмірімен, оларға байланысты салт-дәстүрлермен және сол кездегі қазақ қыздары мен жігіттерінің ұлттық киімдерінің бірнеше түрлерімен таныстырғымыз келіп отыр. Сонымен сіздердің алдарыңызда қазақ жігіттері мен қыздарының ұлттық киім түрлері.
Қазақ қыздары мен жігіттерінің ұлттық киім үлгілері көрсетіледі.
1-жүргізуші: Сәукеле-қыздардың бас киімі, оны ұзатылатын қыздар және оның жанына еріп жүретін құрбылары киетін болған. Сәукеленің негізгі бөліктері-тәж,төбе, құлақ бау, артқы бойы. Сәукеле әртүрлі моншақтармен әшекейленеді.
2-жүргізуші: Камзол-әйелдердің ұлттық киімінің бір түрі,оны көйлек сыртынан киеді. Камзолды кей жерлерде <<Жеңсіз бешпент>>, <<Көзекей>> деп атайды. Қыздар мен жас келіншектер киетін камзол өте сәнді болады. Оның омырауына алтын, күміс жалатқан қозалар, түймелер тағылады.
1-жүргізуші: Тақия-ерлердің жеңіл бас киімі. Тақияның түрлері көп. Биік төбелі,тегіс төбелі және үшкір төбелі тақия. Ерлер тақиясында теңге, моншақ, тана болмайды. Оның есесіне олар мүйіз, ат ерін,шырмауық, сияқты өрнектермен кестеленеді.
2-жүргізуші: Мәсі-аяқ киімнің бір түрі. Оны былғарыдан, құрымнан тігеді. Мәсінің сыртынан кебіс немесе ластық киеді. Мәсі әрі жеңіл, әрі жұмсақ аяқ киім.
1-жүргізуші: Шарықтап көңіл өрлесін,
Бассын жүрек пернесін.
Тыңдаңыздар қалайық,
Біздің Аида айтады,
Қазағымның термесін.
Терме орындалады.

2-жүргізуші: Енді сіздердің алдарыңызға мақалшыларды қошеметпен қарсы алайық.
1-оқушы: Жеті атасын білген ұл,
Жеті жұрттың қамын жер.
2-оқушы: Әке көрген оқ жанар,
Шеше көрген тон пішер.
1-оқушы: Қызы анадан үйренбей өнеге алмас,
Ұл атадан үйренбей сапар шекпес.
2-оқушы: Ата ұрып ұл сөйлесе ер жеткені болар,
Ата тұрып қыз сөйлесе бой жеткені болар.
1-оқушы: Әкеге қарап ұл өсер,
Шешеге қарап қыз өсер.
2-оқушы: Атадан жақсы ұл туса,
Елінің қамын жейді.
Атадан жаман ұл туса,
Елінің малын жейді.
1-оқушы: Жаман жігіт
Жолдасын жолға алғызар.
Өзін ұятқа қалғызар.
2-оқушы: Қыз өссе елдің көркі,
Гүл өссе жердің көркі.
1-жүргізуші: Енді ортаға жұмбақ шешуге шақырамыз.

1-оқушы: Төрттен қосқан басы бар,
Маңдайында шашы бар.
Өзің көрген баяғы,
Салпылдайды сабағы.
Жауабы: Тымақ

2-оқушы: Бір нәрсе менен биік,
Кейде менен алас.
Мұндай қызық дүниеде
Көріп пе едің тамаша.
Жауабы: Бөрік

1-жүргізуші: Кең өлке бар ма қазақ даласындай
Ал дана бар ма қазақ данасындай.
Айтыссын енді біздің нар ақындар
Қазақтың Біржаны мен Сарасындай,-деп келесі кезекті
айтысқа берейік.

Айтыс
1-айтыскер: Басталды сайысымыз бүгінгі күн,
Айырар әділқазы үздігі кім.
Бақ сынап алдыңызға келдім мен де
Алысқан тұлпардайын тізгінімен.

2-айтыскер: Кезінде салғандар бар тілімен өнер,
Талабы күннен-күнге кеткен өрлеп.
Солардың жұрағаты, сәлем бердім,
<<Ассалаумағалейкум!>> жиылған көп.
1-айтыскер: Сұлтанбыз-қазағымның жігіттері
Елімнің үзілмеген үміттері.
Шығарып атын көкке таныттырған
Шыққан ғой қазағымның сал мен сері.
2-айтыскер: Қызғалдағы қазақтың гүл қыздары,
Жайнаған гүлдей қырда қырмыздары.
Баян мен Қыз Жібектер тарихтағы
Халыққа нұрын шашқан күй қыздары.
1-айтыскер: Айтыстың Біржан менен Сарасындай.
Ойымды ішімдегі саралайын.
Ұлы-ізгі арман, ал қызы-қызғалдағы,
Басқаны бізден артық санаймын!
Қорытынды
2-жүргізуші: Ата-баба дәстүрін ұмытпайық,
Ұл, қызымыз салтымызға болсын лайық.
Болашағы елімнің жарқын болсын,
Ұрпағы бүгінгінің бас қосайық.

Ұқсас жұмыстар
Қызым - қызғалдағым, ұлым - ізгі арманым жайлы
Желтоқсан жаңғырығы тақырыбы
Ұлтық киім үлгілері
Жеті өнер, шеберлер сайысы
Көктем аруы. (3 - сынып оқушы қыздар арасындағы мерекелік байқау)
Қазақтың ұлттық киімдерінің түрлерін айт
Сайысқа келген арулар кезектесіп
"ана - өмір шуағы" ашық тәрбие сағаты
Қыздармен жұмыс. 6-сынып
Қазақтың ұлттық киімі-камзол тігу.
Пәндер