Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Балалар үшін үлкен өмір - қызыққа толы таңғажайып әлем

Менің аудармашы мамандығын таңдаймын.
(ой толғау)

Мектеп. Келмеске кеткен балалық шақ. Көздері жайнап, жаңа өмірге қадам басқан бүлдіршіндер, оларға жетекші болып, жол көрсететін, білім нәрін беретін жадыраған, жайсаң мұғалімдер. Бірінші сыныптың парталарында қалған талай арман, талай ой...
Балалар, өскенде кім боласыңдар?
Шулаған сынып, алаулаған, арман толы сөздер:
Мен мұғалім боламын!
Әнші болғым келеді!
Банкир боламын!
Полиция қызметкері!
Ғарышкер!
Толып жатқан мамандықтың ішінен өзіне ең қажеттісін таңдау, әрине, қиын. Балалар мамандық таңдау барысында көбіне өз мүмкіншіліктерін емес, жұлдыз толы аспанның сиқырлы әдемілігін, самсаған табынушыларды, әуелеген әннің тартымдылығын, қылмыскерлерді ұстаудың қызықтылығын басшылыққа алады. Балалар мамандықтың байыбына барып, оны зерттеп, іші-бауырына кіріп көрген емес. Балалар үшін <<үлкен өмір>> - қызыққа толы таңғажайып әлем. Өкінішке орай, өсе келе, біз осы ғажайыпқа деген сенімді біртіндеп жоғалтамыз. Өмір шын бет-бейнесін көрсетіп, алыстағы арбаған жұлдыздардың сәулесі де көмескіленеді.
Мінеки, он бірінші сынып, өзін-өзі тану сабағы. Олар ендігі бала емес, дегенмен, балалық шақта мазалаған сұрақ қайтадан қойылып отыр:
-Балалар, өскенде кім боласыңдар?
Сұраққа бір-бірлеп, асықпай, қызығушылықсыз жауап беруде:
-Архитектор болсам деймін.
-Инженер, шамасы.
-Геодезист,оның гранты бар болғаны елу балл.
-Жалпы медицина, кім болып шығарымды кім білсін.
-Ал менің ғарышкер болғым келеді,- дейді соңғы партадағы іліп алар ештеңесі жоқ, көзіне мұң ұялаған оқушы.
Армандай білу де - өнер. Мұқағали Мақатаев айтқандай:
Арманда, балам,арманда,
Арманға толы жалғанда
Армансыз жүрген жандарға
Алданба, балам, алданба!
Шынында да, қолынан соңғы үлгідегі <> ұялы телефонын тастамайтын, бар өмірін, бар уақытын суретке түсуге арнаған жастардың бір сыры, бір көкейтесті арманы бар шығар,бәлкім ?
Мысалға, мен аудармашы болуды армандаймын. Армандап қана қоймай, осы мамандықтың иесі атануға айтарлықтай талпыныс та жасап жатырмын. Ағылшын жазушыларының туындыларын қазақ тіліне аудару- бұл екі тілдің де мәртебесін көтеру деген сөз. Уильям Франклин мен Томос Пэйн, Теодор Драйзер мен Марк Твен, Эмили Дикинсон мен Гарриет Бичер-Стоу, Томас Джефферсон мен Джек Лондон, Синклер Льюис пен Артур Конан Дойл...
<<Жұмақтың қарсы беті>> мен <<Том ағайдың балағаны>>, <<Керри әпке>> мен <<Құпия бейтаныс>>, <<Патшалар қаны>> мен <<Жоғалған әлем>> - осы шығармалардың барлығын қазақ балалары ағылшын емес, орыс емес, туған тілдерінде оқыса екен деймін. Үйрету - қызықтырудан басталады емес пе? Қазіргі заманғы <>( <<Гарри Поттер>>), <> (<<Аштық ойындары>>), <>, (<<Тақ таласы>>), секілді бестселлерлер қазақ тілінде жарық көріп, қазақ еліне етене таныс болса екен деймін. Кезінде <<Евгений Онегинді>> аударған ұлы Абай секілді, өз замандастарымды британ психологиясымен, тәртіп пен шайға толы тартымды британ әлемімен таныстырсам деймін.
Аудармашы туралы <<Қара сөзде құлың болса, қара өлеңде - қарсылас>> -деген сөз бар. Шынында да, өзге тілдің поэзиясын аудару - өз алдына жеке мәселе.

Here will some soft rains and the smell of the ground,
And swallows circling with their shimmering sound.
And Spring herself when she woke at dawn
Would scarcely know that we were gone.

Жер иісі, жаңбыр иісі аралас,
Құс әніне қосылады тау мен тас.
Жасыл көктем, жаңа таңы атарда,
Адамзаттың жоғалғаны байқалмас.

Бұл Сара Тисдейлдің <<Жер иісі, жаңбыр иісі аралас>> өлеңінен үзінді. Өзге тілден өлең аударғанда, сөздердің мағынасына да, ұйқас пен буынға да, аударманың көркемдік сипаты мен оның оқушыға салар ойына да бірдей көңіл аудару қажет. Сонда ғана аударма айшықты, құлаққа жағымды, оқырман жүрегіне жол таба алатындай болмақ. Меніңше, аудармашылық - кәсіп емес, шығармашылық жұмыс. Аудармашының ақын мен жазушы болуы шарт емес, дегенмен, осы екі салада азды-көпті тәжірибесі болса - нұр үстіне нұр. Жүрегі ашық, ғажайыпты қабылдап үйренген адам ғана өзге елдің психологиясына үңіліп, өзге тілдің қыр-сырын танып біле алады. Ақынжанды адам ғана өлеңнің мағынасын бұзбай аудара алады. Өмірі де, ойы да түрлі кейіпкерлер мен оқиғаларға толы адам ғана Ұлыбританияның із кесушілері мен қылмыскерлерін, үлде мен бүлдеге оранған арулары мен шіріген байларын, Iphone мен <<Роллтонға>> бауыр басқан қазақ жастарына түсінікті тілмен сипаттай алады.
Аудармашылық - әмбебап қызмет. <<Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл>>- демекші, өзге елдің тілін жақсы білу түрлі мүмкіншіліктерге жол ашады. Саяхат, жаңа елдер, жаңа жерлер ... Жаңа өмір, жаңаша ойлар... Саяхаттың мәні тұрғылықты жерді өзгертуде емес, жаңа пейзаждарды көруде емес. Көзің, көңілің өзгереді. Ұлыбританияға барып қайту - толып жатқан армандарымның бірі.
Әрине аудармалардың барлығы белгілі бір ойға жетелейтін шығармалар, әсем өлеңдер, еліктіріп әкететін романдар болмақ емес.
<<Қағаз пакетті ашқанда, көңіл қобалжулы еді. Ұсақ әріппен тізілген неміс қолжазбасы. <<Бұл не? Қара сөз бе?>>- деп ойлады ол, <<қызық, не туралы екен? <<Қаратопырақ>>,- деп жазылып тұрды мұқабада, <<пайдасы мен зияны>>
И. А. Гончаров, <<Кәдуілгі оқиға>>.
Бірақ барлығы содан бастайды емес пе? Әр мамандықтың өзіндік ғажабы, өзіндік қиыншылықтары бар. Сағы сынып, бес-алты мақала үшін арманнан бас тарту - ынжықтық. Армандау - аз, талпыну керек, үйрену керек, үлгі алу керек.
Әрине, үш-төрт аудармашының аты - жөнін жазып, солардан үлгі алғым келеді, солар секілді болғым келеді деп қоюыма болар еді. Бірақ меніңше, біреуден үлгі алу, сол адамға ұқсау, сол адамның ойын, түйсігін көшіріп алу деген сөз. Сүйікті әншілерінен үлгі алып, жаман жолға түскендер, қазіргі заманнан үлгі алып, ақшадан басы айналғандар аземес. Бірінен - бірі асып, біріне-бірі ұқсаған заманда ешкімге ұқсағым келмейді.
Өмір өзгеріп бара жатыр. Интернет, девайс, бан, флуд, спайлер, капча, пикча - көбі түсіне бермейтін, бірақ жастар арасында кең тараған осы сөздердің барлығы ағылшын тілінен алынған. Википедия - ашық энциклопедиясындағы мақалалардың көпшілігі орыс тілінде. Жас қыздар жапон анимациясы мен корей дорамаларына бас қойып, түсінбесе де, азиаттардың соңынан бас шұлғып, <<аригато годзаймас>> немесе <<сараңе, сараңе>> деп қайталай бермек. Сонда қазақ тілі қайда қалады? Сонда қазақ тілі кімге қажет?
Маған қажет. Қазақ екенімді мақтан тұтып, шығармаларды қазақ тіліне аударып, әлемдік сахнада туған тілімді әуелетсем деймін. Менің аудармашы болғым келеді. Шығарманы белгілі жазушы Нисио Исиннің сөздерімен аяқтағым келеді: <> - <<Кім болғаның маңызды емес. Жалғыз өзің өмірді өзгерте алмайсың>>. Бірақ тырысуға тұрарлық, іс қосуға тұрарлық ой емес пе?

Ұқсас жұмыстар
Суреттерге зер салып, Сұрақтарға зейін қоя қараңдар
Қызыққа толы бұл әлем.
1 маусым халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «балдәурен» кемесімен саяхат» сазды бағдарламасының сценарийі
Қызыққа толы әлем
Жұмысымның нәтижесі
Оқушыларды табиғатты сүйе білуге, қорғай білуге тәрбиелеу
Дигибридті будандастыру және белгілердің тәуелсіз ажырау заңдылығы
Одан кейін славян халықтарының өкілдері орыс және украин халықтары
Адасқан кейіпкерлерге көмектес
Балалар ғарыш тұрғындарының көңіл күйі қандай болды деп ойлайсыңдар
Пәндер