Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Ата - аналар жиналысы

<<Арқалық политехникалық колледжі>> КМҚК

Ата-аналар жиналысы

<<Жанұядағы тәрбиенің ерекшеліктері>>

Дайындаған психолог Ахметова С.С.

Арқалық қаласы
Мақсаты: Бала тәрбиесінде ата-ананың алатын орнының ерекше екенін түсіндіру; ата-ана бойына өздерін тәрбиеші мұғалім ретінде қарауда қызығушылықтарын дамыту; баламен дұрыс тіл табысуға, сөйлеу мәдениетін үнемі қолдауға ой салу.
Әрбір мемлекеттің болашағы оқу орнында шыңдалады. Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтар - бүгінгі жас ұрпақ. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың <<Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында>> деп айтқан сөзі бізге жарқын болашаққа апарар жолды меңзеп тұрғандай. Шын мәнінде бүгінгі жас - ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сол себепті олардың білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты әлеуметтенуі ел дамуындағы аса маңызды фактор болып табылатыны анық.
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, <<Адамның бақыты -- балада>> деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты -- тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. <<Адам ұрпағымен мың жасайды>> деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні -- өз ұрпағы.
Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол -- бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз -- ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер -- жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. <<Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер>> дейді халық даналығы.
Ата -- ана -- бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата -- аналар <<Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ>> дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жұріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шешесі үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. <<Көрінген таудың алыстығы жоқ>> дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді. Сонда арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз.
Бейне ролик көру. <<Я больше сюда никогда не вернусь>>, Ролан Быков.
Негізінен жанұяның шырқы бұзылған, ата-анасы маскүнемдікке салынған немесе жарамдық жағынан азғынданған ортада бала, жасөспірім қашанғы жиренішті көріністі, ондағы айқай-шу мен дау-жанжалға, ұрыс-керіске шыдап жүре бермек. Басқа өмір аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгереді, егер осы теріс жолға мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өсті дей беріңіз. Бақытсыз қыз, бұзақы ұл осыдан шығады. Сонда негізгі кінәні кімнен іздейміз?!
Бұзақылықтың басы бос жүруден басталады. Кейде сабақты жиі қалдыруға әр түрлі сылтауларды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл жағдайда балаға өтірік айтуды үйретіп отырған аңғармай да қалуы мүмкін. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, <<Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің>> демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау -- ата-ананың басты парызы.
Естеріңізде ұстаңыз: баланы әлсіз деп бағаламай, оның жақсылық жағын да көру керек. Жылы сөзді аямаңыз. Бір нәрсені орындағанда мақтап, орындамағанда сынаңыз. Мақтағанда жеке түрде мақтап, сынағанда елеусіздеу сынауға тырысыңыз. Олардың алдына орындалатын міндеттерді қойыңыз. Бұйырудың орнына өзіңе тең адамша кеңес, көмек сұрауға тырысыңыз. Мүмкіндігіне қарай бір қателік үшін екі рет жазалауға тырыспаңыз. Бала өзін не үшін жазалағанын түсінуі тиіс. Көп жағдайларда баланы мазалау, шектен тыс талап қою нәтиже бермейді.
Жасөспірімнің <<жауына>> айналмас үшін онымен қарым-қатынасыңыз қандай болу керек? Жасөспірім қарым-қатынасында ең маңыздысы - <<ойнамау>>, жағдай мен көңіл-күйге байланысты өзгеруге икемділігіңізді көрсетуіңіз керек, баланың пікіріне құлақ асу, оның тұлғасын құрметтеу керек.
Ата-аналардың бұйрық беріп, жетекшілік жасау уақыты әлдеқашан өтіп кетті. Сондықтан балаңызға айғайлап ұрысқаннан еш нәтиже шықпайды. Сіз жеңіліске ұшырайсыз. Оның орнына өзіңізді ұстамды, дәрежелі көрсетіп, нақты ісіңізбен ғана қарым-қатынасты орната аласыз. Жасөспірімдік жастың бір ерекшелігі - өз ісінің дұрыстығын дәлелдеу болып табылады. Оны түсіну қиын, алайда балаңызбен бірге тәуекелге бел байлауға тура келеді. Осылайша оған біршама жақын болып, өзіңіздің тапқырлығыңызды көрсетесіз.
Әзіл мен оптимистік сезімді ұмытпаған дұрыс. Жасөспірім басынан өткен оқиғаның бәрінде трагедияның үлесі бар деп ойлайды. Сондықтан бұл жерде сіздің тарапыңыздан әзілдеу көмекке келеді. Алайда баланың сезіміне күлудің еш қажеті жоқ, әзіл сол қалыптасқан жағдайдың өзіне бағытталуы керек.
Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала -- әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік, қадірлі ата-аналар!

Ата-аналарға арналған <<Қызықты сұрақтар>>
Таратылған парақтарға жауап жазу
1. Балаңыздың туылған күні?
2. Сынып жетекшісінің толық аты жөні?
3. Балаңыздың аяғының өлшемі?
4. Балаңыздың парталасы кім?
5. Балаңыздың сүйікті асы қандай?
6. Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?
7. Балаңыз бірінші сыныпқа қай жылы барды?
8. Балаңызды еркелеткенде қандай сөздер пайдаланасыз?
9. Балаңызға ашуланғанда аузыңызға ең алдымен қандай сөз түседі?
10. Балаңыздың ең жақын досы кім?

Ұқсас жұмыстар
Сынып жетекші балаларды анықтау
Ата-аналармен жұмыс
Ата - аналармен серіктестікте жұмыс жасау тәжірибемнен
Тәрбие жұмыс жоспары
Өткен оқу жылындағы тәрбие жұмыстарының қорытынды нәтижесіне талдау жасау
Сынып жетекшісінің ата – аналармен атқаратын жұмыстарының мазмұны мен міндеттері
Ерекше қабілетті оқушы
Тәрбие жоспары. 9 сынып
Менің баламның үрейі
Бала тәрбиесі – мәңгілік мәселе
Пәндер