Айқап журналында жарияланған мақалалары

Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі
Солтүстік Қазақстан облыстық Білім беру басқармасы
Мағжан Жұмабаев ауданының Білім беру бөлімі
“№ 4 Булаев орта мектебі” ММ
Қайрат Ботагөз Таупыққызы
11 сынып оқушысы
“Айқап” журналының қазақ тарихындағы орны
Бағыты : “Қазақстанның тарихи ескерткіштері және келешектегі туристік маршруттар”
Секция: әдебиет
Ғылыми жетекшісі : қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі: Искакова Дамежан Шаймұранқызы
Булаев қаласы, 2011 жыл
Мазмұны
Кіріспе
Ғылыми жоба тақырыбының өзектілігі: Сонау ықылым заманнан бері қай халықты алып қарасаңызда сол елдің өсіп-өркендеу жолында баспасөз рөлі өте жоғары рөл атқарғанын аңдаймыз. Өркениеттің көшінен қалмаудың бірден-бір белгісі сол ұлттың білімі мен ғылымының, әдебиеті мен мәдениетінің, сайып келгенде осының бас-қасында тұратын баспасөзінің қаншалықты дамығанына байланысты білінетіндігі шын дүние. Ел баспасөзі қаншалықты дамыған болса, елдің ертеңі мен бүгіні де соған сай болатындығы шындық. Тарихтың талай дүрбелеңін басынан кешірген қазақ баспасөзі де бүгінгі таңға әупірімдеп жетті-ау! Сан мәрте ақсап барып, жүрелей жүріп орындарынан қаз тұрып кеткен қазақ баспасөзі соның ішінде көптеген қоғамдық-саяси газеттер мен журналдардың алдында баршамызға ыстық болып тұратын ол - «Айқап» журналы!
Биылғы жыл қазақ халқы үшін айрықша аталатын жыл болып отыр. Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа арнаған Жолдауында еліміздегі мәдени шаралар тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының аясында өтуі керек және «Бейбітшілік пен жасампаздықтың - 20 жылы» біздің мерейтойымыздың ұраны деген болатын. Ал, өткен ғасыр басында осы тәуелсіздікті аңсап кеткен қазақ перзентерінің бірегейі Мұхаматжан Сералин Ресей жеріндегі Троицк қаласында «Айқап» атты журналын жарыққа шығарғанына ағымдағы жылдың қаңтар айында 100 жыл толды.
Қазақ баспасөз тарихында «Айқап» журналының алатын орны - ерекше. Троицк қаласында 1911-1915 жылдар аралығында шығып тұрған «Айқап» қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-шаруашылық өмірінің көптеген түйінді, көкейтесті мәселелерін көтергендігіне куә боламыз. Шын мәнінде қазақ баспасөзін зерттеп зерделеу еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге басталды. Ал тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында «Айқап» журналының 100 жылдығын атап өту - ұлтымыз үшін биік мәртебе болуы тиіс. Бұл ғылыми жобаның құндылығы да сонда.
Жұмыстың мақсаты:
Жалпы қазақ баспасөзінің даму жолын, соның ішінде «Айқап» журналының қоғамда алатын орнын көрсету. Халқымыздың бүкіл тіршілік болмысын, экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайын, әдебиеті мен мәдениетін, өнері мен білімін жетілдіруді жан-жақты жазумен бірге, осы бағытта үлкен түсіндірушілік, насихат жұмыстарын жүргізіп, қазақ қоғамының ілгері дамуына зор үлес қосқан «Айқап» журналының тарихын таныту, онда қызмет жасаған ел жанашырларының есімін елге естірту.
Міндеті:
- Қазақ баспа сөзінің тарихын білу, алғашқы қарлығаштарын таныстыру;
- Қазақ баспасөзінің даму жолын, қоғамдағы орнын көрсету;
- «Айқап» журналының мақсаты мен міндетін көрсету;
- «Айқап» журналының жаршыларын елге таныту.
Зерттеу жұмысының ғылыми болжамы:
ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ қоғамында теңдесі жоқ еңбек атқарып, ұлттық ой-сананың құдіретті қозғаушысы бола білген, қазақ баспасөзінің қарлығашы іспетті тұңғыш журналды, оның жанашырларына ешкім көңіл бөле бермегенге ұқсайды. Сондықтан осы “Айқап” журналының шығу себептерін зерттеп, жүйелесе, анықтаса. Өз елінің әдебиетіне, тарихына, қоғамда болып жатқан мәселелерге жете көңіл бөлетін тұлғаның қалыптасуына септігін тигізеді.
Зерттеудің әдістері. Тақырыптың теориялық-әдістемелік негіздемесі ғылыми жоба жұмысында арнайы қарастырылды. Зерттеу барысында материалдарды жинақтау және оларды талдау, индукция мен дедукция, тарихи-салыстырмалы таным сияқты жалпы ғылыми, әлеуметтанушылық, тарихи зерттеу тәсілдері қолданылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы және практикалық құндылығы.
Зерттеу жұмысының ғылыми маңызы зерттеу дереккөздерінің кең түрде пайдалануының негізінде қазақ баспасөзінің тарихын және қазақтың тұңғыш журналы «Айқаптың» көздеген мақсат-мұратын жете меңгеру. Сонымен қатар Көкше өңірінен шыққан журналист, ақын, ұстаз, қоғам қайраткері М. Кәшімов жайлы деректер алуға болады. Сол сияқты зерттеу жұмысында қалыптасқан әдістемелік тәсілдер ұлы тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметін жан-жақты зерттеп, тарихи таным нысанына айналдыруға мүмкіндік береді деген ойдамыз. Бұл материалдарды әдебиет, тарих пәндерінен арнаулы курстар мен семинарларда, конференцияларда қолдануға болады.
Ғылыми жоба жұмысының практикалық базасы - ХХ ғасыр басындағы қоғам қайраткерлерін зерттеушілердің еңбектері болып табылады.
Ғылыми жоба жұмыстың құрылымы: Кіріспе мен бір тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
Кіріспе бөлімінде зерттеудің ғылыми аппараты, тақырыптың өзектілігі, зерттелу жайы, зерттеу мақсаты, міндеттері, зерттеу әдісі, ғылыми болжамы, оның тәжірибеге енгізілуі тұжырымдалады.
Ал негізгі бөлімде қазақ баспасөзінің шығу және қалыптасу тарихы, олардың көтерген мәселелері және оның жалынды жаршылары туралы айтылады.
Қорытынды бөлімде көзделген мақсат-міндеттердің орындалуы жайында сөз қозғалады.
Қосымша материалдарда жасалған слайд материалдары, бейне көрсетілім
«Айқап» журналының қазақ тарихындағы орны
- 1. 1 Қазақ баспасөзінің қалыптасу тарихы
Кез келген әдебиет бір күннің төңірегінде өрбитін немесе белгілі бір тарихи кезеңнің оқиғасын баяндайтын тар ұғымды дүние емес. Мәдениеті бай елдердің әдебиеті де қазтұрып, қалыптасқанша қоғамның дамуы секілді толып жатқан өзгерістерді қорытындылай келіп, алдымен өз халқының, кейін жалпы адамзаттың ортақ игілігіне айналады. Бұл заңды құбылыс.
Тамырын тереңнен тартқан тарихымен қоса мәдениеті өркендеген қазақ халқы басында өткерген ұлы оқиғалар мен әлеуметтік жолдарын ауыз әдебиеті эпостық жырлар, тарихи аңыз-әңгімелер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді. Алғашқы газет-журналдар да басылды. Кейінірек осының барлығы кітап болып жарық көрді. Тарихи-мәдени, әдеби дүниелерін кезінде қағаз бетіне түсіріп отырмаған қазақ халқының тасқа басылып, хатқа түскен ескерткіштерінің ішіндегі революциядан бұрынғы газет-журналдарда басылған нұсқаларының алар орны ерекше. Олардан рухани мұрамыздың бай көріністерімен қатар туған әдебиетіміздің тарихын жете білуге және оны халық тарихымен біртұтас зерттеуімізге де мүмкіндік береді.
Ресейдегі 1905-1907 жылдары өршіген революция дауылы империяның түкпір-түкпірін, соның ішінде Қазақ даласын да шарпыды. Қазақ қалың ұйқыдан оянғандай дүр сілкінді, елдігін, жұрттығын сезіне бастады. Бойында, ойында қоғамдық-саяси үркіншілік қызуы пайда болды. Ақ патшаға, отаршыларға қарсы наразылығы күшейді. Қайда айдаса сонда жүре беруден, қалай илесе де көне беруден бас тартуды шығарды. Көкірегінің оты бар, көзі ашық ел азаматтары бұл дүрбелеңнен шет тұра алмады. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Мұхаметжан Сералин сынды қазақ зиялылары ұлт-азаттығы туын көтерді. Сол ту төңірегінде елдің күллі әлеуметтік күштерін топтастырды. Мерзімдік баспасөз жүйесін құрды. Оған ояна бастаған ұлттық сананың ұйтқысы болу міндеті жүктелді. Бұл абыройлы міндетті жүзеге асыру ісі әртүрлі бағыттағы қазақ газеттерінің, әсіресе қазақ баспасөзінің мақтанышы, жарқын жұлдызы - «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің үлесіне тиді.
Революцияға дейінгі Қазақстан баспасөзінің библиографиялық көрсеткішіне қарағанда, [2, б. 162] . ХХ ғасырдың басындағы қазақ газет, журналы сан жағынан саусақпен санарлық қана. Қазақ тілінде газеттерден: «Дала уалаятының газеті» - «Киргизская степь Казахстана» (1888-1902) . Омбы; «Қазақстан» (1911-1913) . Орал; «Сарыарқа» апталығы (1917-1918) . Семей; «Қазақ» (1913-1918) Орынбор; «Алаш» (1916-1917) Тәшкент; - небәрі бес дүркінді басылым шыққан.
Бұлардың қатарына қосуға, қоспауға да болатын газеттер бар. «Есіл даласы» (1913-1913) . Петропавловск; «Қазақ газеті» (1907) . Троицк; «Серке» (1907) . Петербург; - басылымдары қазақ баспасөзінің аталымын көбейтеді демесек, шығар-шықпас жабылып қалған.
Журналдан бой көрсеткен - жалғыз «Айқап» (1911-1915) Троицк.
Енді аталған басылымдарды ХХ ғасырдың бас кезінде (революцияға дейінгі кезеңде) Қазақстанда жарық көрген орыс тіліндегі басылымдармен салыстырып көрейік. Айырмасы жер мен көктей. Орыс тілінде 71 газет, 44 журнал шығарылып тұрған. Орыс баспасөзінің қазақ басылымдарына қарағанда соншалық басым түсетіні келімсектердің жергілікті тұрғындарға қарағанда көптігінде емес. Орысы ең көп шоғырланған Солтүстік Қазақстан облыстарында жат жұрт саны қазақтармен салыстырғанда жиырма пайыздан аспаған. Ал «Қазақ» газетінің есебі бойынша 1913 жылы қазақ 5 миллионнан асқан. [3, б. 27]
Қазақ даласындағы аз орысқа көп газет басып шығарудың мәнісі айтпаса да түсінікті: патша үкіметінің отаршылдық саясатын жүзеге асыру, қазақты бас көтертпей ұстау, ел басқару ісінен, дінінен, тілінен ажыратып шоқындыру, ұлт ретінде жер бетінен аластау қажет болды.
Орыс тіліндегі газет -журналдардың көпшілігі реттеліп, библиографиясы жасалып, материалдары ғылыми айналымға түскенімен қазақ тіліндегі мерзімді баспасөздер күні бүгінге дейін ретелмеді, олардың толық библиографиялық көрсеткіштері жоқ. Осыдан барып көптеген ғалымдарға, әсіресе шығыс халықтарының әдеби, мәдени мұраларын, тарихын, экономикасын, тілін зерттейтін ғалымдарға осы бай мұра бүтіндей белгісіз болып келді. Ал, бұл газет журналдарға көз жіберіп, сырын ашып, ақтарып көретін болсақ, олар революцияға дейінгі Қазақстанның тарихынан, әдебиетінен, мәдениетінен, шаруашылық жайларынан толып жатқан соны деректер беретіні даусыз.
Тағы бір айта кететін жай Қазақстанның тарихын, экономикасын, әдебиетін, мәдениетін зерттейтін ғалымдар қазақ тілінде ертеректе шыққан газет-журналдарын тауып пайдалану үшін көптеген уақыттарын жоғалтады. Оның қиындықпен түсетін бір себебі мынада: бұл газет-журналдар кітапхана қоры мен архивтерде түгел сақталмаған. Патшалық Россияның қол астындағы ұлттар тілінде шыққан газет-журналдарда басылған мақалалардың түгелге жуығы библиографияға түсірілмегенін ескерсек, қазақ тіліндегі библиография тіпті болмапты. Бұл жұмыс тек кейінгі кезде ғана қолға алынып, қазақ халқының мәдени өмірін, тарихи даму жолындағы өзгерістерді талдап, зерттеуде жұмыстар атқарылып, түрлі энциклопедиялар мен библиографиялық жинақтар шығарылды. Атап айтқанда «Айқап» журналы мен «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты», «Қазақстан» газеттерінің беттерінде басылған материалдардың мазмұндалған библиографиясы 1961, 1963 жылдары басылып шыққан болатын.
Қазақ тілінде шыққан газеттердің екінші тобы 1905-1907 ж. Россияда болған революция дүмпуімен дүниеге келді («Серке» - 1907, «Қазақ газеті» - 1907, «Дала», «Қазақстан» - 1911-1913, «Ешім даласы» -1913), ал одан кейінгілері Октябрь революциясының қарсаңындағы дабылдан кейін және көтеріліс кезінде шыға бастады ( «Айқап» - 1911-15ж., «Қазақ» -1913-18ж., «Алаш» - 1916-17ж. , «Бірлік туы» -1917ж., «Сарыарқа -1917- 18ж. », «Ұран» -1917ж., «Үш жүз» - 1917ж., «Тіршілік» -1917. Бұл газетердің шығуына үкімет тарапынан көмек болған жоқ. Олардың жарық көруіне жеке адамдар тобының серіктесуі ықпал етті. Алайда патша цензурасының қатаң бақылауына ұшыраған бұл газеттер үздіксіз шыға алмай, көбінесе айып төлеуге мәжбүр болды. Кейде жабылып қалды, ал ең соңында мүлде жойылып жіберілді.
Баспасөз - қазақ халқының қоғамдық -әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті.
XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың жартысындағы қазақ баспасөзінің саяси-қоғамдық және әлеуметтік мәні орасан күшті. Осы кезеңде қазақ қауымы үшін қызмет көрсеткен әсіресе, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы болды. Әрине, бұдан аталмыш осы газет-журналдан басқа баспасөздер болған жоқ деген ой тумайды. Барлық баспасөздің өзіндік орны, мақсат-міндеті, саясилығы, қоғамдық-әлеуметтік мәні бар. Қазақ баспасөзінің тұңғыш қарлығашы «Айқап» журналы. Ол журналдың көтерген жүгі мен артқан мақсат- мүддесін өте ауыр да салмақты ойларға толы болды.
- 1. 2 «Айқап» журналының шығу тарихы
1911 жылғы 10 қаңтарда Троицкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш «Айқап» ұлттық журналының бірінші нөмірі шықты. Ұйымдастырушы және баспагер, идеялық басшысы және редакторы М. Сералин (1872-1929) бұрын педагогтік және журналистік қызметпен айналысқан, сол кезге қарай белгілі ақын, әдебиетші, қоғам қайраткері болған.
Мұхамеджан Сералин қазіргі Қостанай облысы Қарабалық ауданы «Өрнек» ауылында туған. Троицкідегі медреседе оқыған, кей іннен Қостанайдағы 2 кластық орыс-татар мектебін бітірген.
М. Сералин ұзақ жылдар бойы баспасөз майданында қызмет істеп, қазақ тілінде тұңғыш рет шыққан «Айқап» журналының әрі ұйымдастырушысы, әрі редакторы болған.
Көрнекті қоғам қайраткері, белгілі журналист М. Сералин көркем әдебиет саласында да құнарлы еңбек етті. Ол көлемді екі поэма «Гүлкәшима», «Топжарған» жазып жариялады, журналға арнап сан тақырыпта мақалалар жазды, аударма ісімен де шұғылданды.
М. Сералин - жазба әдебиетінің көрнекті өкілі, қазақтың алғашқы публицистерінің бірі.
«Айқап» журналы 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін әуелгіде айына бір рет, ал сонан соң екі рет шығып тұрды. Барлығы 88 нөмірі шықты, таралымы 1000-2000 данаға дейін жетті. «Айқап» журналы ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды. М. Сералин «Айқап» беттерінде мұсылмандардың қасиетті кітабының мазмұнын ыңғайлы, түсінікті нысанда баяндауға тырысқан авторлардың мақалаларын жариялап отырды. «Айқап» журналының қазақ фольклорын зерттеудегі, Абайтануды қалыптастырудағы, орыс және дүниежүзілік классикалық әдебиетінің рухани мұрасын насихаттауда атқарған рөлі зор.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы жағдайында едәуір шиеленіскен зор қаржы қиындықтары, зиялылардың бір бөлігінің сол кезге қарай өзінің көркемдік толысқандығымен, қазақ әдеби тілін түлетумен, стилінің сындарлылығымен және ең бастысы толғағы жеткен жалпы ұлттық проблемаларды қоюмен әйгілі болған «Қазақ» газеті жағына шығуы 1915 жылдың тамызында «Айқап» журналы шығуының тоқталуына себеп болды.
Айқап журналындағы оқу - тәрбие мәселелері. ХХ ғасырдың бас кезінде яғни 1911 жылдың қаңтарынан бастап, 1915 жылдың қыркүйек айына дейін Тройцкі қаласындағы «Энергия» бапаханасында қазақ тілінде үзбей шығып тұрған «Айқап» журналы халқымыздың әлеуметтік саяси-өмірінде, әдебиет пен мәдениетімізді насихаттап таратуда елеулі рөл атқарды. Ол қазақтың тұңғыш қоғамдық -саяси және әдеби журналы болды. «Айқап» өзінің сипаты жөнінен жалпы демократиялық болғанымен, іс жүзінде Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың ағартушылық идеялары негізінде дамып келе жатқан қазақтың қоғамдық ой-пікірінің, әдебиетінің, публицистикасының прогресшілдік және демократиялық дәстүрлерін жалғастырған ілгері дамытқан журнал болды.
М. Сералин журналдың төңірегінде өзімен ниеттес көрнекті ақын жазушыларды, қоғамдық қайраткерлерді топтастырды. Журналдың тілшілері 1911-12 жылдары Әкірам Ғалымов, 1913-1914 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Журналдың арнайы тілшісі 1911-1913 жылдары Мұхаметсәлім Кәшімов болды. Әр уақытта автор болып Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, С. Ғ. Ғаббасов, М. Жолдыбаев, Т. Жомартбаев, М. Жұмабаев, Ә. Ғалымов, М. Дулатов, М. Кәшімов, Қ. Кемеңгеров, Б. Кенжебаев, М. Көпеев, Б. Қаратаев, Ғ. Қарашев, Ш. Құдайбердиев, С. Лапин, Б. Майлин, Ж. Сейдалин, М. Сейдалина, С. Сейфуллин, М. Сералин. Б. Сыртанов, С. Торайғыров, С. Хасенов, С. Шорманов, С. Ужчин болды.
«Айқап» журналы осылай аталуының себебі мен алдағы мақсаты туралы 1911жылғы 11-санында бастырушылар алқасының атынан былайша түсінік береді: «Айқап» деген сөз қазақтың төл сөзі, ол ғасырлар бойы мәдениеттен, білімнен кенже қалған бүкіл қазақ халқының өкініші ретінде алынды. «Ай, қап!» деп санымызды соқтық, енді ел қатарына қосылайық деген үнді білдіреді. «Айқап» - бұл қазақтың «Әй, қап!» деген сөзінен алынған. Оған бас редактордың журналдың бірінші нөмірінде жазған мақаласы дәлел. Ол: «Біздің қазақтың «Әй, қап!» демейтұғын қай ісі бар? Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымақтаса алмадық. Пұлы барларымыз ынтымақтассақ та, ақшасыз істің көзі табылмады. «Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай!» - дедік. Жақсы жерлерімізді сақтап қалмақ болдық. Басымыз қосылмады. Қолайлы жерлер қолдан кетті. «Қап, ынтымақсыздығымыз-ай!» - дестік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңілгеніміз жеңген жағымызға: «Енді сайлауда көрерміз, қап, бәлем!», - дедік. Қазақтың осындай бірнеше жерде «Қап!» деп қапы қалған істері көп. «Қап!» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз өкінішімізге лайық «Айқап» болды», - деп жазған екен дейді.
«Айқап» журналының жарыққа шығуы және ел ішіне кең таралуының, зор беделге ие болуының өзі қазақ азаттығы жолындағы жан алып, жан берген айқасының айтарлықтай жемісі.
Тәуелсіздік идеясы жалаң ұран тастаумен шектелмейді. Ол сан қырлы, сан салалы жұмыс нәтижесінде жүзеге аспақ. Азаттықа қол жеткізу үшін жан-жақты, жүйелі даярлық керек.
«Айқап» журналының көтерген мәселелері алуан түрлі: ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстандағы жер жайы, ел тарихы, экономикасы, мәдениеті, саяси құқық, әйел теңдігі, оқу-ағарту ісі, шетел хабарлары, мұсылман өмірі, дін, әдет-ғұрып, ойын-сауық. Т. б. Міне осы сан қилы мәселелерді көтеру барысында, әсіресе жер, су, ел тарихын жазу үстінде материалдың тәуелсіздік тақырыбына қатысты қырлары мүмкіндігінше назардан тыс қалған жоқ.
«Айқаптың» төңірегіне жиналып, қазақ халқының қоғамдық ой - пікірінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан әдебиеті мен мәдениеті жайында байсалды талғамдар айтқан журналдың редакторы М. Сералиннің «Айқап» журналының басқармасында қызмет еткен жазушылардың еңбектері ерекше. «Айқап» журналының бетінде қазақ совет поэзиясының алыбы -
С. Сейфуллиннің алғашқы өлеңдері, Б. Майлиннің тұңғыш мақалалары басылды және С. Дөнентаевтың, Мағжан Жұмабаевтың бірнеше өлеңдері жарияланды.
Қазақ басылымдарының әуел бастан әспеттегені, бір сәт көзден таса етпегені - жер проблемасы. «Айқап» журналының 1911 жылғы бірінші нөмірінде Ахмет Байтұрсынов «Қазақ өкпесі» деген мақаласында жердің иесі кім болуға керек деген мәселе көтере отырып, қазақтың қалың бұқарасына үлкен ой салатын пікір қозғайды. Қазақтың пайдаланып отырған жерін мұжықтартып алып жатыр дей келе, Ахмет байтұрсынов халықтың ондай халге душар болуының себебін ел тәуелсіздігімізден айырылып қалғанынан деп табады. «Ханы надан, жұрты надан» болғандықтан «Өзге жұрттар ілгері басқанда қазақ кері басқан». « . . . Жұрты мықты мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға көп күш керек екен, ол күш алтыбақан алауыз қазақта болмаған». Содан барып «хандарымыз халқыменен Россияға қосылған». Мықты мемлекет Россия енді мұжығына жеріңді үлестіруге кірісті. Жерден айырылу - бәрінен айырылу. Жерден айырылып, тотиып қалмас үшін қазақ не істеуге керек? Гәп қазақ жерін қазына жеріне айналдыруда ғана ма екен?. Сол қазыналық жерде отырып-ақ қазақ жерін жалға беріп, мұжықты енгізіп алып жатқан жоқ па, - дейді. Ахаңның кеңесі мына қорытындыға саяды: жер - мемлекеттікі бола берсін. Ал қазақ, сен сол игілігіңді сақтаймын десең еңбек ет, ғылым, білімді игер, әтпесе теңдікке қолың жетпек емес.
Журналдың сол 1911 жылғы екінші нөмірінде қазақ поэзиясы көгінде жарқырап шыққан жаңа жұлдыз Мағжан Жұмабаевтың «Жатыр» атты өлеңі басылған.
Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр.
Кілтін де өнер-білім ашып жатыр.
Бірі ай, бірі жұлдыз, бірі күн боп,
Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр.
Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң,
Қазағың таңқаларлық кепте жатыр.
Байларың мыңды айдаған шалқып жатыр,
Бар малын болыстыққа сарқып жатыр.
Барымта, ұрыс-керіс, кісі өлтіріс,
Ішінде сорлы қазақ қалқып жатыр, -
деп бастайды да, ағартушы демократ тұрғысынан қазақ елінің сол кездегі күй-жайын айшықты суретке айналдыра отырып, отаршыларға зілді саяси айып таңбасын басады. Озық елдердің бір ісіне жанаса алмай таңқаларлық кепте жатқан сорлы қазақтың: «Кең жері күннен күнге құрып жатыр. Сұр жылан бар қан-сөлін сорып жатыр», - дейді.
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz