Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Қазақ тілі аса бай, икемді тіл

М.Ғабдуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп

<<Қазақ, орыс, шетел тілдерінің білгірлері>> атты тілдер мерекесіне орай өткізілген ойынның жоспары

Өткізген: Авсилам Лиза
Умурбекова Г.А.

2014-2015 оқу ж
Мақсаты:
1. Оқушыларға өз ана тілінің қадір-қасиетін біліп, өз ана тілінің көркемдігін сезініп, сөз құдіретін түсініп, оның адам өміріндегі маңызын ұғуға үйрету.
2. Тіл әуезділігін, көркемдігін, байлығын, шешендігін көрсететін нақыл сөздер, мақал-мәтелдер арқылы оқушының дүниетанымын, ой өрісін дамыту.
3. Тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу, шешендік өнерді бала бойына сіңіре отырып, ана тіліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге атсалысуға шақыру.
Көрнекілік :тапсырма, нақыл сөз

Барысы :
Жанайым: Ана тілі - адам болып жаралғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп - өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Ана тілі жүректінің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, жанның барлық толқындарын ұрпақтан - ұрпаққа сақтап отыратын қазына.
Мұғалім : Қазақ тілі аса бай, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрымын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады - ау. Бұл тілден май тамады десе де сыяр. Халықтың тіліне жырына құлақ салсаң, небір алуа - шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне... Осындай майса, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады.

Адема: Ана тілім - тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы,
Тілім өссе, мен де бірге өсемін,
Тілім өшсе, мен де бірге өшемін.

Жан: Ана тілін білмеген - ақылы жоқ желікбас,
Ана тілін сүймеген - халқын сүйіп жарытпас.
Нарғыз : Туған тілім - бабам тілім - өз тілім,
Туған тілім - анам тілім - өз тілім,
Туған тілім - далам тілім - өз тілім,
Туған тілім - адам тілім - өз тілім.
Қазақ тілі. Авдрахман Нұрсәуле
Күш кеміді, айбынды ту құлады;
Кеше батыр - бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай - алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар - асқан жандар ұмытылды!
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен тілім!
М.Жұмабаев
Үш бақытым. Өміржан Бақытбек
Ең бірінші бақытым - Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын;
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал, екінші бақытым - Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші - Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен.
Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста,
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!
Үш бірдей бақытым бар алақанда,
Мені мұндай бақытты жаратар ма!
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!
М.Мақатаев

Ана тілі. Накупова Малика
Қымбат маған ана тілім, бал тілім,
Қымбат маған дана тілім, ар тілім.
Ақ сүтімен бірге сіңген бойыма,
Ана тілім ардақ тұтар алтыным.
Ана тілін жырлап өткен талайлар,
Жырлап өткен Ыбырай мен Абайлар.
Қасиетті менің ана тілімде,
Өшпес мәңгі алаулаған арай бар.
Өлең-жырмен арайланса, тау күліп,
Ардақтымды жырлап өтем ән қылып.
Мағжан, Қасым, Мұқағали жырларын,
Жалғастырып жаза берем мәңгілік.

1 - жүргізуші:
-- Армысыздар ұстаздар мен оқушылар!
Бүгінгі тіл мерекесіне орай өткелі отырған сайысымызды бастаймыз.
<<Тіл туралы тұңғыш Заң>> 1989 жылы 22 қыркүйекте жоғары кеңестің сессиясында қабылданған болатын. Ал екінші рет 1997 жылы 11 шілде де қабылданды. Елбасы Н.Назарбаевтың 1998 жылғы 20қаңтардағы Жарлығына сәйкес <<22 қыркүйек - Қазақстан халықтарының тілдері күні>> ретінде аталып келеді.
Сүйемін туған тілді - анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнім
Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты,
Сүйгенім, сүйсінгенім, жек көргенім. (С.Торайғыров)
2 - жүргізуш:
Тілім менің!
Ұлы Абай, Мұхтардай пірім менің
Тұнығым, рухани жан азығым
Ол бүлінсе, менің де бүлінгенім
Ана тілім, туған тілім, бал тілім.
Сен арқылы дүние танып талпындым.
Сен арқылы әлемге аян бар ісім.
Сен өмірде таусылмайтын алтыным. (Ш.Айтматов)
1 - жүргізуші:
- Құрметті оқушылар , бүгін біз 2 топ болып , яғни Қазақ тілі еліне сапар шегеміз. Алдымыздан көп бекеттер кездеседі. Ондағы тапсырмаларды орындаған топ мүшелері <<Қазақ тілі елінің құрметті азаматтары>> атағын жеңіп алады.
Біз ол үшін әділ бағасымен қуантатын, қазылар алқасымен танысып алайық.
1.Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі -Кенжебаева К.К.
2.Қазақ тілі пәнінің мұғалімі - Садыкова А.С.
Сайыс кезеңдері мынадай кезеңдерден тұрады:
1. Таныстыру (топтың аты, топ басшысы, ұраны)
2. Білімді мыңды жығар (сұрақ-жауап)
3. Өнерліге өріс кең (2 топтың өнерлерін тамашалау)
4. Мақал - сөздің мәйегі (мақалдарды жалғастыру)
5. Көрермендермен сұрақ-жауап
6. Жеті жұрттың тілін біл (жұмбақты шешіп, жауабын 3 тілде айту)
7. Топ басшылар сайысы (Тапқыр )
Дұрыс берілген әрбір жауап балдық жүйемен есептелінеді.
2 - жүргізуші:
Енді 1 кезең таныстыруға кезек берсек. Әр топ өздерін таныстырып өтсе.
<<Ұлан>> тобы
Топ басшысы - ____________
Топ мүшелері -
Ұраны - Білімдіден сөз тыңдасаң, күш тасыр
Үйренгенді желге ұшырмай, іске асыр
<<Айбын>> тобы
Топ басшысы - ____________
Топ мүшелері --
Ұраны - Белгісі болса - жолдан жаңылмас,
Білімі болса - сөзден жаңылмас.

2 - жүргізуші:
Рахмет! Әділ қазылардан 1 кезең таныстыру сайысы бойынша бағаларын сұраймыз.
1 - жүргізуші: Рахмет! Әрі қарай 2 ші <<Білімді мыңды жығар>> кезеңі бойынша берілген сұрақтарға жауап береміз.
Сұрақ <<Ұлан>> тобына Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті кім? Н.Назарбаев
2 - жүргізуші:
Сұрақ <<Айбын>> тобына.Тіл туралы Заң қашан қабылданды? (1989 жылы,22 қыркүйек, екінші рет 1997 жылы, 11 шілде
1 - жүргізуші:
Сұрақ <<Айбын>> тобына
Қазақ тілінде неше септік бар, оларды атап шығыңыздар?
(7септік: атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес)
2 - жүргізуші:
Сұрақ <<Айбын>> тобына
Көптік жалғауларын атаңыздар? (-лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер)
1 - жүргізуші:
Сұрақ <<Ұлан>> тобына
Бес асыл істі атаңыз. (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым)
2 - жүргізуші:

Сұрақ <<Айбын>> тобына. Бес дұшпанды атаңыз. (өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, мал шашпақ).
1 - жүргізуші:
Сұрақ <<Ұлан>> тобына. Қазақтың бес арысы кім?
(Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов).
2 - жүргізуші: Сұрақ <<Айбын>> тобына
Қазақтың үш данасы кім?
(Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин).
1 - жүргізуші:
Сұрақ <<Ұлан>> тобына
Жеті қазынаны атаңыз.
1. Сұлу әйел
2. Ер жігіт
3. Қыран бүркіт
4. Берен мылтық
5. Жүйрік ат
6. Құмай тазы
7. Ақыл, білім
2 - жүргізуші:
Сұрақ <<Айбын>> тобына
Жеті жұртты атаңыз.
1 - жүргізуші: 2 кезең бойынша топтардың бағасын сұраймыз.
2 - жүргізуші: Келесі сайысымыз 2 топ мүшелерінің өнерлерін тамашалайық.-Қабыл алыңыздар! Енді әділ бағасын сұраймыз.
Келесі <<Мақал-сөздің мәйегі>> дегендей, бұл бөлімде берілген мақал-мәтелдердің жалғасын табуы керек.
Сұрақ <<Ұлан>> тобына
Тіл жүйріктен де ..................... (озады).
Сұрақ <<Айбын>> тобына
Тіл жүйрік емес,..................(ой жүйрік).

Сұрақ <<Ұлан>> тобына
Шебердің қолы ортақ,.............(Шешеннің тілі ортақ).
Сұрақ <<Айбын>> тобына
Басқа бәле ....................... (Тілден)
Сұрақ <<Ұлан>> тобына
Піл көтермегенді, ................(Тіл көтереді).
Сұрақ <<Айбын>> тобына
Тіземнен сүріндірсең, сүріндір,............ (Тілімнен сүріндірме).
Сұрақ <<Ұлан>> тобына
Бал тамған тілден ........... да тамар. (у)
Сұрақ <<Айбын>> тобына
Тілдің көркі -- .................... (Сөз)
Сұрақ <<Ұлан>> тобына
Ойнап сөйлесең де, .......................... (Ойлап сөйле)
Сұрақ <<Айбын>> тобына
Тілі жеткенше сөйлеген шешен,.............. (Қолы жеткенше нұсқаған көсем)
1 - жүргізуші:
- Әділ қазылар алқасынан әділ бағасын сұраймыз.
- Енді ең қызықты кезең көрермендермен сұрақ-жауап.
Кім айтады?
О жағы мәрмәр,
Бұл жағы мәрмәр.
Ортасында,
Сандуғаш сарнар. (Тістер және тіл)
2 - жүргізуші:
Қызыл түлкі інінен шықпайды. (Тіл)
1 - жүргізуші:
Абайдың неше қара сөзі бар? (45)
2 - жүргізуші:
Логикалық сауал.
Тамақ пісірер алдында ең бірінші қазанға не салады? (Көз)
1 - жүргізуші:
Тағы да логикалық сұрақ.
Тауық бір аяғымен тұрғанда, оның салмағы 2 кг болады. Ал екі аяқпен тұрғанда оның салмағы қанша болады? (2 кг)
- Көп рахмет!
2 - жүргізуші:
- Келесі <<Жеті жұрттың тілін біл>> сайысы. Бұл сайыстың шарты: жұмбақты шешіп, жауабын үш тілде айту: қазақша, орысша, ағылшынша.

Сұрақ <<Ұлан>> тобына
Жүз теңгең болғанша,
Жүз ............. болсын. (Дос - Друг - Friend)
Сұрақ <<Айбын>> тобына
Қабат-қабат қаттама,
Ақылың болса, аттама. (Кітап - Книга - Book)
Сұрақ <<Ұлан>> тобына
Көз қорқақ, ........... батыр. (Қол - Рука - Hand)
Сұрақ <<Айбын>> тобына
Жеті қазынаның бірі, адамды қорғап жүретін досы. (Ит - Собака - Dog)
Сұрақ <<Ұлан>> тобына
................. алма, білім ал. (Алтын - Золото -- Gold)
Сұрақ <<Айбын>> тобына
Мұрты бар, иегінде сақалы жоқ,
Тоны бар, киеріне шапаны жоқ.
Пайдасы үй ішінен табылған соң,
Далаға кіріп-шығар сапары жоқ. (Мысық - Кошка - Cat)
Сұрақ <<Ұлан>> тобына
Көңіл сырын ................... білдіреді. (Көз - Глаза - Eye)
Сұрақ <<Айбын>> тобына
.................. дос үшін жан пида. (Жақсы - Хорошо - Good)
Сұрақ <<Ұлан>> тобына
............... басы - бұлақ, сөздің басы - құлақ. (Су - Вода - Water)
Сұрақ <<Айбын>> тобына
Айдың он бесі ................. , он бесі қараңғы. (Жарық - Свет - Light)
1 - жүргізуші:

- Әділ қазылар алқасынан осы сайысымыз бойынша бағаларыңызды сұраймыз.
Соңғы кезең топбашылар сайысы<<Тапқырлық>> деп аталады. Берілген мақаладағы жасырын сөзді тауып, мақалды жалғастыру. Дұрыс жауапқа 5 ұпай.
1. Тіл тас жарады, тас жармаса ... (бас жарады).
2. Шебердің қолы ортақ, шешеннің ... (тілі ортақ).
3. Тіл қылыштан ... (өткір).
4. Піл көтермегенді, ... (тіл көтереді).
5. Тілден артық ... (қазына жоқ).
6. Ана сүті бой өсіреді, Ана тілі ... (ой өсіреді).
1 Өнер алды - ... (қызыл тіл).
2 Айтылған сөз - ... (атылған оқ).
3 Жылы-жылы сөйлесең, жылан ... (інінен шығады).
4 Басқа пәле - ... (тілден).
5 Білім кілті - ... (тіл).
6 Тілге құрмет - ... (елге құрмет).
2 - жүргізуші:
- Көп рахмет!
- Әділ қазылар алқасынан 2 топтың қорытынды бағасын шығаруын сұраймыз.
1 - жүргізуші:
Біздің Республикамызда мемлекеттік тілді үйрену - барлық ұлт өкілдеріне ортақ мәселе деп білеміз. Ал ұлтымыздың мемлекеттілігін мәңгілікке айғақтайтын тарих болса, тарихты мәңгілікке жеткізуші - кітап, ал тілдің мәңгілік ғұмыры - осы кітапта жатыр. Тіл мен кітап сайып келгенде ел үшін бірі - тірек, бірі - білек, білік, күш-қуат. Тәуелсіздікті ту еткен, табан жолынан айнымайтын, қандай кезде де құбылмайтын тек осы тіл мен кітап қана. Халық бар жерде тіл де бар. Ендеше тіл проблемасы - халықтың проблемасы. Біздің қазақ тілі өсу үстіндегі, адам баласының кез келген қиын да күрделі ойын бейнелеуіндегі мүмкіндігі зор, аса бай тіл. Сондықтан да оны көзіміздің қарашығындай қастерлейік..
1 - жүргізуші: Жеңімпаз топ анықталды. Рахмет достар! Бүгін тілдер туралы біршама деректер алдық деп ойлаймын. Ана тіліміз қазірде үлкен өріске жол тартты. Дегенмен <<Ана тілі - қазақ тілі>> деген сөзді қағазға емес көкірегімізге жазатын уақыт жетті.Олай болса, біздің мақсатымыз - Ана тілімізді қадірлеу!Мемлекеттік Тіл мәртебесін көтеру!
Атамекен әні (барлығы)

Ұқсас жұмыстар
Лексиканың салалары
Туған тілім - айбыным
Мемлекеттік тілдің үздігі (өзге ұлт өкілдері оқушыларымен өтікізілген сайыс )5-7сыныптар
Анамның тілі - алтыным менің
СӨЗДЕРДІ ТАП
Тіл құнарлы ырғақты дамыған қарапайым сөйлеу тілі жергілікті сөйлеу тілі әдеби тіл
Тіл - ұлттық белгі, халықтық мұра
Сайыскерлеріміздің сайысқа түсу реті
Тағылым тобы
Стиль және сөз мағынасы. арнаулы курс 9 сынып
Пәндер