Тәуелсіздік бабалар арманы

Тақырыбы: Тәуелсіздік бабалар арманы
«Астана-Арена» спорт кешеніндегі тәуелсіздіктің 20 жылдығынаарналған театрландырылған қойылымнан репортаж Сан ғасырлар бойы небір қасіретті бастан кешсе де, ақын Ж. Молдағалиев жырлағандай, мың өліп, мың тірілсе де мойымаған қазақ халқы ұрпағының бас бостандығы, тәуелсіздігі үшін жан аямай күресті. Осы жолда ұлтымыздың аяулы тұлғалары, қайтпас қайсар батырлары жанын қиды. Әрине, олар бұл күнге жете алмаса да, өздерінің күрескерлік рухын, асқақ арманын болашақ ұрпақ жүрегіне жалғап, алғы күнге үміт артты. Міне, сол ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы көксеген арманына, аяулы мұратына ХХ ғасырдың соңына қарай қолымыз жетті десек, сол ақ түйенің қарны жарылған ақжарылқап арманның жүзеге асқанына да бүгінде 20 жыл толып отыр. 20 жыл - тарих үшін қас-қағымдай ғана уақыт болғанымен, тәуелсіз Қазақ елі үшін ғасырдың жүгін арқалаған кезең болды. Иә, небәрі 20 жыл ішінде қазақ халқы бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген жетістіктерге жетті. Әрине, оның бәрі бізге оп-оңай келе салған жоқ. Тарихтың таңғажайып сыйы - Тәуелсіздікті баянды етуді басты мақсат санаған қазақстандықтардың еңбегінің, маңдай терінің арқасында ерен қиындық еңсерілді. «Балапанды күзде санайды» дейді орыс мақалы. Міне, бүгінде біз де толайым табыстарымызды саралайтын, алдағы бағындырар биігімізді межелейтін кезеңге келіп отырмыз. Иә, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейлі мерекесі, сөз жоқ, бүкілхалықтық ұлы мереке, ұлы той. Және солай болуы заңды да. Әйтсе де біздің қазақ осы бір айтулы шақта тек той тойлап жүретін болса, ұтылатынын жақсы біледі. Содан да әрқайсымызға алдағы арман-аңсарды да ойлап жүруді ұмытпауды ұғындырады.
Олай дейтініміз, осы ұлы той қарсаңынан басталған іс-шаралардың бәрі де тек мақтаннан тұрмайды, қайта әрқайсысының астарында бүгінгідей кемеліне келген, бар салада бәсекеге қабілетті болуды өз алдына басты мақсат етіп қойған Қазақстанның осы биікке жетуі оңай болмағанын айтады. Алдағы кезеңде тәуелсіздікті баянды ету үшін атқарылар тірліктің, еңсерер қиындықтың жүгі бұрынғыдан да ауырлау болатынын жас ұрпақтың санасына сіңіру, жүрегіне жеткізу басты мақсат екенін аңғартады. Осы өрелі ой ұлы тойдың кезінде де барша мерекелік іс-шаралардың алтын арқауы, негізгі тіні болып тартылыпты. Бұл орайда елордадағы «Астана-Арена» стадионында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған мерекелік жиында әсіресе айқын байқалған. Осы кеште жұртшылық назарына ұсынылған «Тәуелсіздік - қазағымның арманы» атты музыкалық дастанда қазақ елінің өткені мен бүгініне, қол жеткен жетістігі мен алдағы бағындырар биігіне дейін айқын көз жеткізгендей боласың. Жұртшылықты кеш барысында сан қиырға сапар шеккізіп, еліміздің ақиқатқа айналған арманын көз алдыңа әкелетін бұл музыкалық дастан сегіз тараудан құралған екен. Ондағы әр тарауда бейнекөріністер арқылы оқиғалар тізбегі көз алдыңнан өтіп, одан әрі түпкі нәтижені, жеткен биігімізді паш етеді. Сіз осының бәрін экран арқылы көре отырып, еліміздің бүгінгі жетістігіне, адамдар санасының кешегі күнмен салыстырғанда қаншалықты өзгергеніне куә боласыз, қайран қаласыз. Өйткені, біздің көпшілігіміз бүгінгі күнге кешегі Кеңес дәуірінен келгенбіз. Сол өткен шақтағы адамдардың көңіл күйі мен арман-аңсары да бізге жақсы таныс. Сол кездегі жасыған жанар, жаншылған рух бүгінде қандай күйде дегенге келсек, оны осы кештің беташары ретінде берілген «Біз жиырма жастамыз» деген бейнекөрініс барынша паш еткен. Яғни, бізбен экран арқылы сырласқан өрімдей ұл мен қыздың өздері де, сөздері де еркін, арман-мақсаттары да биік. Өйткені, олар тәуелсіздіктің құрдастары, еркін елдің ерке жастары. Олардың бәрі де елінің ертеңіне бір кірпіш болып қалануды алдарына мақсат етіп қойған. Сол мақсатқа жету үшін олардың бірі оқып жүрген болса, енді бірі білек сыбанып еңбек етуде. Отбасын құрып, бала сүюді ең басты бақытына балайтындар да бар арасында. Ең ғажабы сол, олардың бәрі де өздерінің ой-армандарының жүзеге асатынына сенеді және оның бәрі тек өз ізденісіне, өз талпынысына байланысты екенін жақсы біледі, еліміздің келешегі бүгінгіден де жарқын болатынына сенеді. Міне, осы жастардың ой-арманымен бейнебаян арқылы таныса отырып, Қазақ елінің ертеңі берік қолда екеніне сіз де сенесіз.
Ал бұдан кейінгі «Бәрі де осылай басталды» атты алғашқы тарауды тамашалай отырып, сіз сонау кезеңге, тәуелсіздіктің елең-алаңына тап боласыз. Мұнда би тілімен баяндалатын көріністе Қазақ елінің шаңырағының әр уығын бірге қадасып жүрген жұрт тірлігі қайнап жатыр. Сізге осы бір театрландырылған көрініс береке-бірлік бастауы елдің ынтымағында, өзара жарастығында, білек сыбанып бірге еңбек етуінде екенін айтып тұрғандай. Ал осындай ордалы елге Қыдыр дарып, бақ қонатыны осы тараудың алтын арқауы ретінде ойыңызды одан әрі айшықтай түседі. Осы ақиқатқа жүгініп, ой теңізін кешіп отырғаныңызда эстрада жұлдызы Роза Рымбаеваның орындауындағы «Арман-ай» атты халық әні сізді тағы да бір ой сілеміне қарай жетелей жөнеледі. Өйткені, ән сөзі де халқымыздың аяулы арманына қолы жеткенімен, оны ұстап тұру, тәуелсіздіктің тұғырын бекіту жолындағы қиындықты еңсеру бәрінен де маңыздырақ екенін еске салатын сияқты. Осы сәт сіз еріксіз өткен шаққа ойша сапар шегіп, кезінде өзіңізге мызғымастай көрінген КСРО-ның күйреуін еске аласыз. Еске аласыз да, тәуелсіздіктің де мызғымас тас тұғыр емес екенін, оны қорғау, баянды ету әрқайсымыздан қажымас қайратты талап ететінін сезінесіз. Сезіне отырып, іштей халқымыз сан ғасыр бойы армандаған тәуелсіздікті бекемдей түсуге өз үлесіңізді қосуға іштей құлшынып, ширыға түсесіз. Сіздің осы көңіл күйіңізбен стадион ортасындағы экраннан көрінген Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі де орайлас шыққандай.
Н. НАЗАРБАЕВ: 1991 жылдың 16 желтоқсаны - Қазақ халқының, жалпы қазақстандықтардың жұлдызды сәті. Осы сәттен бастап біздің халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалды. Қазақ халқы өзінің ата-бабасынан қалған ұлан-ғайыр жерінде өзінің тәуелсіздігін жариялап, оны барша әлемге жария етті. Осы сәттен бастап бәрі де түбегейлі түрде өзгерді, біріншіден, біз бұрынғы ұстанған саясатымыздан 180 градусқа бұрылдық. Біз қатаң идеологиямен қаруланған әкімшіл-әміршіл жүйеден бас тарттық. Құрыш қалыптан босанып, еліміз азат тәртіппен өмір сүретін болды. Бірақ азаттыққа алдымен бойды үйрету керек еді. Өйткені, біз ғасырлар бойы азат елде өмір сүру тәжірибесін ұмытып қалған едік. Біз қараңғы үйге жылдар бойы қамалып, сосын адамдардың арасына босатып қоя берген тұтқын жанның күйін кешкендей болдық. Ал тәуелсіздік жылдарында біз осындай психологияны өзгерттік. Егер салыстыратын болсақ, 1991 жылға дейін 30-40 жасқа келген адамдармен қазіргі сол жастағы жандар мүлде басқа. Олардың менталитеттері мүлде бөлек. Соңғылары өздерін дүние жүзі қауымдастығының бір мүшесіндей сезінеді. Осыған сананы жеткізу оңай болған жоқ. Адамдардың психологиясында өз еліміз үшін өзіміз жауапты екенімізді қалыптастыру әсіресе қиын болды. Мен біздің Тәуелсіздік жариялаған сәтіміздің әрбір минөті түгіл әрбір секөнтін ұмыта алмаймын. Депутаттардың орындарынан атып тұрып, бірін-бірі құттықтағаны, сосын осы елдің дербестігін орнату міндетін өз мойнына алған өзімнің де сол кездегі сезімім мәңгі есімде. Бұл нағыз бақытты сәт еді.
Егер сол кезде ел басында отырған мен кішкентай ғана босбелбеулік көрсетсем, онда халқым да тәуелсіздігімізге күмәнданатын еді. Бірақ менің бойымда біздің тәуелсіз ел болып кететінімізге ешқандай күмән болған жоқ. Ондай ойға түсуге мүмкіндік те болмады. Кең-байтақ жеріміз бар, оның асты мен үстінің мол байлығы бар, сауатты да білімді, ержүрек, тілін, ділін сүйетін, дінін сыйлайтын халқымыз бар. Сондықтан да мен біз барлық қиыншылықтарды жеңеміз, тәуелсіздігімізді нығайтамыз деген сенімде болдым.
Әр жүректі толғандырып, шым-шымдап бойға сіңіп жатқан Президент лебізі келесі сәтте экран арқылы берілген қайта өрлеу кезеңінің жылнамасына ұласқан.
Қайта өрлеу кезеңінің жылнамасы
• 1991 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Қазақстан Республикасы болып қайта аталды.
• 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданды.
• 1991 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері - Елдің Туы, Елтаңбасы және Гимні қабылданды.
• 1991 жылдың 22 тамызында Президент Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды.
• 1993 жылдың 13 қаңтарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы заң қабылданды.
• 1998 жылдың 28 қаңтарында егеменді Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды.
• 1993 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңге енгізілді.
• 1993 жылдың 17 желтоқсанында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды.
• 1995 жылдың 1 қаңтарында халықты құжаттандыру ҚР жеке куәлігі мен паспорты арқылы басталды.
• 1996 жылдың 16 желтоқсанында Алматыда тәуелсіздік монументі ашылды.
• 2007 жылдың 16 қаңтарында барлық қазақ тілін үйренем деушілерді тегін оқыту жөнінде мемлекеттік бағдарлама іске асырыла бастады.
Еліміздің өміріндегі ең бір айшықты сәттерге, шежірелі жылдар жайындағы нақты деректерге құрылған, 20 жыл ішінде жүзеге асқан осынау ақиқат асулар естіген сайын жүрегіңді қуанышқа бөлейді. Осыншама игі істердің жүзеге асып, халқыңның игілігіне қызмет етіп жатқаны не деген бақыт десеңші. Осының бәріне куә болған, еліміздің тәуелсіз ел болғанын көрген біз шынында да бақытты жандар екенбіз-ау. Ал осы күнге жете алмаған боздақтарымыз қаншама деген мұңы мен шаттығы аралас ойдан осы кеш барысында еш арыла алмадық.
Әне, келесі сәтте сахнадағы театрландырылған көрініс кейінгі ұрпаққа жаншылған ұлт рухы, бодандық қамыты жөнінде сыр шертуде. Еңселері түсіп, әрі-бері сенделіп жүрген адамдарды көргенде сіздің ойыңызға тағы да кешегі күн келеді. Өйтетін де жөні бар. Өйткені, сіз осының бәрін күні кеше ғана өз басыңыздан кешірген болатынсыз. Бір-бірімен өз тілінде сөйлесе алмай, пұшайман болған өткен шақтың жастары, біздер талай рет көз жасымызға ерік бергеніміз де есте. Тәубе, қаншама қиындықты бастан кешсе де қазақтың рухы мүлдем өлмеген екен. Күлге айналып қайта түлейтін феникс құс сияқты қазақтың намысы оянып, сын сағатта атойлап бас көтерді. Желтоқсанның ызғарлы суығына қарамай, қазақ жастары ақырып теңдік сұрады, алаңға шықты. Сол күндердің куәгері ретінде айтсам, сол желтоқсанның ызғарлы күндерінде өрімдей жастардың қаны суша ақты. Қаншама өндірдей жастар қыршынынан қиылды. Итке таланып, соққыға жығылып, ғұмыр бойы мүгедек болып қалғандар қаншама. Әрине, өкінішті. Бірақ олардың бұл ересен еңбегі босқа кетпеді. Желтоқсан көтерілісі тәуелсіздіктің бесігін тербетті. Сөйтіп, көп ұзамай өктем саясаттың үні өшті, КСРО күйреді. Бір шаңырақтың астына күштеп біріккен елдер сияқты Қазақстан да тәуелсіз елге, дербес мемлекетке айналды. Осының бәрі театрландырылған көрініспен астаса экрандағы бейнебаян арқылы әр жүрекке жетіп жатты. Көктемнің жанға жайлы самалындай бұл сезім әлгінде ғана сахнадан көрген, екі иығы қушиып, еңсесі езілген адамдардың көз алдыңызда айбынданып, жанары жалтырай қарағанын көргенде тіпті үдей түседі. Ал сахнадағы сол топ Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранын біріге, бірлесе шырқай жөнелгенде, тегінде бақытты болу, ең алдымен адамның өзіне байланысты екен-ау деген ойға келесіз. Бастапқыда ұнжырғасы түскен сол адамдардың санасына себезгілей сәуле түсіріп, ертеңгі күнге деген сенім сыйлаған, өзге елдермен терезесі тең өмір сүруге жетелеген, алдағы жарқын күндерге адастырмай апарған тұлғаны да жазбай танисыз. Қандай қиындыққа болса да мойымай, халқын өркениетті елдердің қатарына қосуды алдына басты мақсат етіп қойған Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты туған халқы бүгінде зор мақтаныш тұтады. Ең бастысы, оған сенеді. Бұл сөзімізге дәлелді алыстан іздемей-ақ өткен Президент сайлауын еске алсақ да жетіп жатыр. Өйткені, халқымыз осы сайлауда өз Президентіне түгелдей дауыс берген болатын.
Осы арада Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне арналған аталмыш кеш өтіп жатқан «Астана-Арена» стадионы жайлы да аздап айтып кеткеніміз артық болмас. Әрине, ең алдымен, пайдалануға берілгеніне аз ғана уақыт болған 30 мың адам сыятын бұл кешен осы мереке тұсында ерекше жайнап кеткен екен. Яғни, алаңның ортасына орнатылған цилиндр тектес зор экран арқылы тәуелсіздік тынысы жайлы бейнебаяндар, театрландырылған көріністер барша қырынан жарқырай көрініп, көпшілікке естен кетпес ерекше әсер сыйлағанын да айта кетсек дейміз. Сондай-ақ стадионның әр тұсына орнатылған 15 жылжымалы 3D экрандар қай тұста отырғанына қарамастан, әрбір адамның бейнебаянды, әртістер өнерін емін-еркін тамашалауына мүмкіндік берсе, бірінен соң бірі іле ауысып жататын көріністерді айтпағанда, сахнадағы өнер адамдарының емін-еркін қозғалуына, тіпті қалықтап ұшуына да мүмкіндік бар. Бұған қоса 800 жарық түсіретін қондырғылар да сахна сәнін барынша үстей түссе, көпшілік көңіліне күткендегідей әсер сыйлау үшін бұл күні сахна сыртында 280 адамнан тұратын жұмысшы тобы қызмет көрсеткенін де айта кетсек дейміз.
Ал енді кеш мазмұнына қайта оралсақ, жиырма белесті безбендеудің бейнелі үлгісі театрландырылған ерекше көріністермен бедерленіп, одан әрі де ерекше сезім туғызып отырды. Өмір өзгерістері уақыт өлшеміне сыймайды. Себебі, «Уақыт» ұғымы философия мен физикада бөлек тұжырымдармен түйінделеді. Мәселен, физикада ол материя қозғалысының шартты салыстырмалы өлшемі болса, философиялық тұрғыда зерделесек, уақыт қайтарымсыз және тек бір ғана бағытта, өткеннен бүгінге, одан болашаққа қарай жылжитын түрлі үдерістермен, оқиғалармен толысып отырады. Жалпы, ғаламдық ауқымда 20 жылдық өлшем адам баласының қас-қағым сәтімен тең. Соңғы кезеңдер жаһанды сапалық тұрғыдан түбегейлі өзгерткен мазмұнды оқиғаларға толы болғаны рас. Ең алдымен, бұл саясатта және экономикада, интеграция мен жаһандану, ақпараттандыру мен нанотехнологияларға негізделген жоғары технологиялық жетістіктер дәуірі болғанын, осының арқасында күнтізбелік уақыт бастапқы қалпында қалғанымен, оны субъективті қабылдау едәуір өзгеріске ұшырағаны белгілі. Әсіресе, Қазақстанда уақыттың бұл трансформациясы ерекше сипатқа ие еді. Осы кезеңде оқиғалар мен үдерістердің көп болғаны соншалық, елімізге, оның әлемдік қатынастар жүйесіндегі орнына, барша қазақстандықтарға игі әсерін тигізгені ерекше қабылданады. Күнделікті қарбалас тіршілікте бұл өзгерістерді әркім байқай да бермеуі мүмкін. Алайда, бүгінгі табан тіреп отырған меже - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы өткенді саралап, өткелді бағалап, талдау жасауға тамаша мүмкіндік туғызуда.
Өтпелі кезеңде жеке тұлға ретінде әр азамат қалай өмір сүргенін бағамдауда десек, тағдырдың жазғанымен осынау қиын да күрделі жылдар ел басқарып, тарихи шешім қабылдаған Адамның мемлекет деңгейіндегі түбегейлі өзгерістерге деген көзқарасы мен оларға берген бағасы айрықша мәнге ие десек, тарихтың терең тылсымына жетелеген көріністер арасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың монологымен, маңызды форумдарда сөйлеген сөздерінен құралған байыпты бейнесі арқылы саяси белестің салиқалы көші ілгерілеп отырды. Қазақстан басшысының ой-толғаулары «Тәуелсіздік - қазағымның арманы» дастанының 8 тарауында топтасып, олардың әрқайсысы жеке-жеке тақырыптар бойынша сахналық шешіммен өріліп отырғанын тағы да қайталап өткеннің еш артықтығы жоқ сияқты. Сондай-ақ қайта өрлеу жылнамасы тарауы барша адамзат баласына қайғы-қасірет әкелген ғасыр зобалаңының қазақ жеріне тигізген алапат сұмдығын тарихи деректермен шынайы жеткізді. Адам - тіршіліктің өз үйін өзі бұзатын жалғыз ғана иесі. «Тоқтат!» - деп айқай салды ғаламшар, біз оның дауысын естіп қалдық. Күш-жігер, қорқыныш-үрей, әлемді билеу қуаттылығы… және өлім? Жоқ, біз басқа жолды таңдадық деген жанайқай жаңғыра таралғанда, Табиғат-Ана таңғаларлық өрнек салады. Оны бұзу оңай-ақ, ал енді қалпына келтіру әр адамның борышы. Қойнауы байлыққа толы байтақ даланың төсіндегі көркем тіршілікті барынша аялап, қорғай біл деген үн үмітті үздірмейді. Тақырып мағынасы инаугурация, Ата Заң, Мемлекеттік рәміздер туралы түйіндермен өрнектеліп, ел тыныштығын күзеткен Шекара қызметімен, Қарулы Күштер айбынымен айшықталды. Семей ядролық полигонының жабылуы, Қазақстанның бейбітсүйгіш мақсаты сахналық көріністермен берілді. Ардақ Балажанова мен Еділ Құсайынов орындаған Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні ата-бабалар аңсаған арман-үмітті үкілей түсті.
Жасампаздық жылнамасы
• 1991 жылдың 2 қазанында қазақстандық алғашқы ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты.
• 1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан БҰҰ-ға кірді.
• 1996 жылдың 1 мамырында республика алғаш рет Қазақстан халқы бірлігі күнін атап өтті.
• 1999 жылдың 26 ақпанында ТМД елдерінің басшылары Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы келісімге қол қойды.
• 2011 жылдың 11 қыркүйегінде Америка тарабының өтініші бойынша Иракқа қазақстандық инженерлік-саперлік жасағы Ирактағы жағдайды тұрақтандыру бойынша көмек көрсету үшін жіберілді. Бейбітшілік сақтау миссиясын орындау уақытында жасақ 3 млн. -нан астам жарылғыш заттарды залалсыздандырды және ауруханалар, мектептер мен басқа да обьектілерде қызмет ете бастады.
• 2001 жылдың 22-25 қыркүйегі аралығында Қазақстанға мемлекеттік сапармен Рим Папасы Иоанн Павел ІІ келді.
• 2002 жылдың 17 қазанында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанға іссапармен келген БҰҰ Хатшысы Кофи Аннанмен кездесті.
• 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен АстанадаӘлемдік және дәстүрлі-ұлттық дін көшбасшыларының І съезі өтті.
• 2011 жылдың 30 қаңтарында 7 Қысқы Азиада ойындарының салтанатты ашылуы болды.
• 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада ҚР Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметінің зор жеңісіне айналған ЕҚЫҰ саммиті өтті.
• 2009 жылдың 29 маусымында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың мұнаралы мешітінің салу орнына ескерткіш капсуланы салу рәсіміне қатысты.
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz