Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

«қайдасың, қасқа құлыным» атты оқырмандар конференциясы

215902540 Ақмола облысы
Степногорск қаласы
№ 1 Бестөбе орта мектебінің
кітапхана меңгерушісі
Кусаинова Гульназ Папашқызы

<<Қайдасың, қасқа құлыным>>
<<Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді.
Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар
шыңдарындай биік еді! Заңғар тауларынан құлап аққан өзендеріндей тасқын еді.>>
Қасым Қайсенов.
<<Бір ел- бір кітап>> акциясы аясында өткізілетін оқырмандар конференциясының мақсаты: оқу мәдениетін дамыту, қолдау. Рухани мұраларымызды насихаттау, көпшілікті кітап оқуға тарту. Жазушы Оралхан Бөкей өмірі мен шығармашылығын насихаттау.
Көрнекілігі: кітап көрмесі, слайдты презентация <<Алтайдың асқақ жыршысы>>.
* Конференция барысы: <<Бір ел- бір кітап>> акциясы тарихы: мақсаты мен міндеті.
* Оралхан Бөкейдің өмірбаяны
* Шығармашылық жолы
* Аудармалары, сыйлықтары
* <<Қайдасың, қасқа құлыным>>
* Қорытынды.
<<Бір ел - бір кітап>> жобасының идеясы АҚШ-та өте танымал болған <<Бір кітап - бір Чикаго>> және <<Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса>> деген жобаларына негізделген. Шартқа сәйкес бүкіл қала тұрғындары бір мезгілде бір шығарманы оқуға тиіс.Бүгінде <<Бір ел - бір кітап>> идеясы әлемдегі көп елдерге кең тараған. Ұлы Абайдың "Қара сөздерінен" бастау алып2007 жылы еліміздің тұрғындары Абайдың <<Қара сөздері>>, 2008 жылы М.Әуезовтың <<Қилы заман>> кітабын таңдады,2009- Мағжанның "Жан сөзіне",
2010-Ж.Молдағалиевтің <<Мен қазақпын>>, 2011 жылы Ж.Аймауытовтың <<Ақбілек>> романы бір ел болып, қауымдасып кітап оқуда "Енді кімнің кезегі?" деп елеңдеп отырған ел оқырмандарының сауалына Мәдениет министрлігі, Ұлттық академиялық кітапхана және Кітапханалар қауымдастығы "Оралхан Бөкей!" деп жауап беріпті. Енді еліміз болып Оралхан Бөкейдің әңгімелерін оқитын жыл келді.

<<Бір ел - бір кітап>> акциясы ҚР Мәдениет министрлігі мен ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың бірлескен жобасы бойынша биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. Бұл өткізіліп келе жатқан шара оқырмандар арасында үлкен танымалдыққа ие болды.Бұл әдіс - ұлттық әдебиетті насихаттаудың ең тиімді жолы екендігіне көзіміз жетті.
Акцияның мақсаты: оқырман мәдениетін қолдау мен дамыту, тарихи-мәдени және рухани мұраны сақтау, ана тіліне құрметпен қарау.
Міндеттері:
-ұлттық әдебиетке деген оқырмандар қызығушылығын қолдау мен дамыту;
-кітап оқу проблемаларына ғалымдардың, мамандардың, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің назарын аударту;
-потенциалды оқырмандарды тарту;
-баспахана ұйымдарының қазақстандық авторлар кітаптарын шығаруға қызығушылықтарын арттыру;
-әлемдік әдеби үдерісте қазақстандық авторлардың шоғырлануы.
Акция мазмұны: бүкіл ел болып бір уақытта бір кітапты оқып шығу мен талқылау.
Оралхан Бөкей - бар жанрда бағын сынап, қазақ әдебиетінің көркемдік әлемінде ғажайып із қалдырған аса көрнекті жазушы, қайраткер қаламгер. Оның қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі де ерекше. Оралхан Бөкей адамның ішкі әлемін ашып, оның жан - дүниесін үніле зерттеуге талаптанған романтик - жазушы. Оның қай шығармалары болсын көтерген, қалам сілтеген негізгі тақырыбы - адам тағдыры, табиғат, олардың тұтастығы бірлігі: Адамды ардақтау, оның ұлылығын жырлау. <<Бір ел - бір кітап>> акциясы аясында оқырмандар конференциясында талантты жазушы Оралхан Бөкейдің өмір жолдары мен шығармашылығы арқылы <<Қайдасың, қасқа құлыным>> кітабын талқыға салу көзделеді.
Қазақтың көрнекті қаламгерінің бірі Оралхан Бөкей 1943 жылдың 28 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы Шыңғыстай ауылында туған.О. Бөкейдің әкесі Бөкей көп сөйлемейтін, сөйлей қалса сөзі өткір, қанжардай қиып түсетін, сөзге шешен, астарлап сөйлеп өз ойын дәл жеткізетін, рухы мықты, жаны таза адам болған. Анасы Күлия көреген, ділмар, аузын ашса көмейі көрінетін ашық кісі болған. Үнемі топ бастап жүретін, қажет жерінде қиыннан қиыстырып өлең де шығарған. Керемет даусы бар әнші де болған. Отбасында бір ұл ,бес қыз . Оралхан дүниеге келгенде сұрапыл соғыс жылдары болғандықтан, әкесі Оралға еңбек майданына аттанған кез болатын. Анасы Күлия әкесі еңбек майданынан аман-есен оралсын деп ырымдап, сәбидің атын Оралхан деп қойған екен.О. Бөкей 1961 жылы Шыңғыстайдың Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектебін тамамдап, сонда пионер вожатыйы, кейін "Алтай" кеңшарында тракторшы болып еңбек еткен. 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тамамдап, өз өңіріндегі Большенарым ауданында "Еңбек туы" және Шығыс Қазақстан облыстық "Коммунизм туы" газеттерінде тілшілік қызметтер атқарды. Ара - тұра Алматыдағы <<Лениншіл жасқа>> мақала - очерктерін жіберіп тұрады. Қаламы жүйрік, ойлары отты жалынды жасты газеттің сол кездегі бас редакторы Шерхан Мұртазаның қырағы көзі қалт жібермеді. Сөйтіп жиырма бес жастағы жас журналист О. Бөкеев Алматыға келіп, "Лениншіл жас" (бүгінгі "Жас алаш") газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болды. Публицистикаға даңғыл жол осылай ашылды. Бұдан кейін "Жұлдыз" журналының проза бөлімінде (1974 - 1983) қызмет атқарды. 1983 жылы <<Қазақ әдебиеті>> газетінде бас редактордың орынбасары болды. Өмірінің соңғы күніне дейін "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторлық қызметін атқарады. Оралхан Бөкей 17 мамыр 1993 жылы Үндістанның Дели қаласында іс-сапарда жүріп дүниеден өтті.
Оның көзі тірісінде де, бақиға аттанған соң да аттандап: "Алтайдың кербұғысы!", "Мұзтаудың мұзбалағы!" деген сынды эпитеттерді қарша боратқан. Бала Орашты, бозбала Оралханды, жазушы әрі қайраткер Бөкеевті танығысы келген кез келген адам оның шығармаларын екі қайтара оқып шықса, сол жеткілікті шығар. Оралхан - жазушылыққа өзін бала кезінен дайындаған адам. Жиырма жасына дейін ел деген, Өр Алтай деген құнарлы да қыз - табиғат өңірдің уызынан қанып ішкен ол, өз санасында сандаған повестер мен сарытап сағыныштарға толы әңгімелердің негізін қалап үлгерген екен.
Оралхан Бөкейдің қаламынан туындаған шығармалары: Қаламгер "Қамшыгерден" кейін "Үркер" (1971 ж.), "Қайдасың, қасқа құлыным?" (1973 ж.), "Мұзтау" (1975 ж.) жинақтарын шығарды. Оралханның біраз туындылары орыс тіліне аударылды. Олар: "Жасынның ізі" (1978 ж.), "Ән салады шағылдар" (1981 ж.), "Сайтан көпір" (1984 ж.), "Зымырайды поездар" (1985 ж.), "Кісікиік" (1987 ж.) повестер мен әңгімелер жинақтары. Жазушының көлемді шығармаларын айтпай, кез келген шағын әңгімелерінде де туған жеріне, тіпті оның әр түп ағашына деген ыстық сағынышы атойлап тұрады. Шығармаларының әр тармағынан туған жерге ілтипаты танылады. Оның туған өңірі - еліміздің шығысындағы шұрайлы жер, табиғаты сұлу Шыңғыстай аймағы. Ол осы кіндік қаны тамған өңірді қара жердің қойнына енгенше сүйіп, тәнті болып өтті. Туған жері - Алтайдың сұлулығын, тәкаппарлығын, асқақтығын жырлаған жазушы қамшы сабындай қысқа ғана ғұмырында өзін де, туған әдебиетін де осындай асқар асуға шығарып үлгерді. Оның шығармаларының кейіпкерлері - ауыл адамдары - қойшылар, жылқышылар, бұғы өсірушілер, диқандар, орманшылар, ересектер мен жастар. Олар рухани дүниелері бай, бітім-болмысы кіршіксіз, пәк ниетті жандар. Олар қиындыққа төзімді, өздеріне сенімді, адал да аңғал, ақ жүректі, кеңпейілді адамдар. "Сайтан көпір" повесіндегі мұз құрсауға түсіп қалған Аспан, "Ән салады шағылдар" повесіндегі қой отарын сұрапылдан аман сақтайтын шопан, "Қар қызы" повесіндегі ержүрек жас тракторшылар өз бейнелерінің биік парасатымен дараланатын тұлғалар.
Ұлы драматург Б.Шоу <<Әрбір талантты жазушы ең әуелі өз замандастары жайлы жазуы тиіс>> деген екен. О. Бөкей де қолына қалам ұстағаннан - ақ , өз замандастарының мұңы мен қуанышын шынайы суреттеуге тер төккен қаламгер. Бұл ретте автордың өзі де: <<Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын>>, - деген болатын. Оның кейіпкерлері - <<Қайдасың, қасқа құлынымдағы>> Орал, <<Өліарадағы>> Қойшы, <<Елең - алаңдағы>> Зарлық, <<Құм мінезіндегі>> Бархан, <<Мұзтаудағы>> Ақтан, <<Өз отынды өшірмедегі>> Дархан, <<Сайтан көпірдегі>> Аспан - өзіміз күнде араласып жүрген қарапайым замандастарымыз. О. Бөкей өз кейіпкерлерінің іс-әрекетінен гөрі, олардың ішкі әлеміне, жан - дүниесіне көбірек үнілетін қаламгер. Автор шығармаларында кейіпкер ой-толғаныстарының көбіне табиғат суретімен араластырып, астасып жататындығында. Өйткені, табиғаттың төл перзенті адам сол табиғат иесін сезініп- түйсінген кезде оның арманшыл - қиялшыл болмауы мүмкін де емесқой. Кейіпкер бейнесін табиғатпен байланыстыра суреттеу арқылы таныту да О. Бөкей шығармашылығының өзіндік бір қыры десек керек. Осы орайда өзі де табиғаты тамылжыған таулы өлкеде туып - өскен жазушының шынайы табиғат жыршысы болғанын айырықша атаймыз. Ол - Өр Алтай, асқар Алтайдың асқақ жыршысы!
Оралхан Бөкей драматург ретінде де көп танымал. Оның <<Құлыным менің>>, <<Қар қызы>>, <<Текетірес>>, <<Зымырайды пойыздар>>, <<Желтоқсан желі>> пьесаларында да заман тынысы, адамдардың алуан түрлі адамгершілік қарым - қатынастары, арман - қиялы, ұмтылыс - құлшыныстары көрініс береді. Бұл шығармалар ұзақ жылдар театр сахналарынан түспей, көрермен көпшіліктің рухани азығына айналғаны белгілі.
О. Бөкейдің прозасы қайырымдылық пен зұлымдықтың тартысын нанымды бейнелейді. Адам бойындағы рухани құндылықтар жазушының шығармашылық мақсатын танытады. Қай шығармасын алмаңыз, өмірге деген құштарлық, өмірді жақсартуға деген ұмтылыс жеңіп шығады. Қаламгердің кітаптары неміс, словак, болгар, ағылшын, венгр, араб, қытай, жапон және ТМД елдері халықтарының тілдерінде жарық көрді.
О. Бөкей - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың, "Молодая гвардия", "Жалын" баспалары сыйлықтарының иегері. Жазушы "Құрмет белгісі" орденімен, Қазақ КСР Төралқасының Құрмет грамотасымен марапатталған.
Бүгінгі конференция сағатымызда біз Оралхан Бөкейдің <<Қайдасың , қасқа құлыным>> повесінен оқушылар өздері таңдап алған үзіндімен баршамызды таныстырады....
Оралхан Бөкейдің шығармашылығына арналған дәстүрлі қалалық байқау жылда өтілуде. Онда қатысушылар үш кезеңде өз өнерлерімен сынға түседі. Былтырғы осындай жарысқа мектебімізден 2 оқушы қатысқан болатын. Бұл оқушылар өздерінің жоғары қабілеттерімен, шеберліктерімен көзге түсіп, жүлделі орындарға ие болды. Ендеше, сөз кезегін сол жеңімпаздарға беруді жөн көріп отырмын.
Мектеп бағдарламасында О.Бөкейдің <<Тортай мінер ақ боз ат>> шығармасы берілген. Онымен сіздер 7-сыныпта танысқан болатын сыздар. Жазушының осы шығармасы жайында қандай ойлар айтар едіңдер.
Қорытынды:Бүгінгі конференциямызды қорытындылайтын болсақ, жаңағы айтылған үзіндіден алған, түйген ойларыңызды ортаға салсақ жөн болар еді.
Оқырмандар <<Қайдасың, қасқа құлыным>> повесін оқып, жазушының туған жер табиғатын суреттеуіне тамсана таңырқаса, оның өз әкесіне деген балалық махаббатына сүйсіне қарады. Ал повестегі оқиға желісіне байланысты биенің егіз тууы жаман ырымға жорылып біреуін өлтіреді. Міне, осыған өкініш білдірген автор келесі туған құлынын анасы өлтіретінін суреттейді де, көңілінде қасқа құлынға деген аяныш, өкініш сияқты сезімдер пайда болады. Ескі ырымға сенбей құлынды өлтірмесе, мүмкін ол қазақтың құлагері болар еді деген ой түйеді. <<Қайдасың, қасқа құлынымның>> тақырыбы да, мазмұны да оқырмандардың пікірінше осылай ашылады. Олай болса, осындай шығармалар арқылы бойларыңда еңжақсы қасиеттер қалыптасып, тәуелсіз еліміздің мықты, жігерлі ұл-қыздары болады деген сенімдемін.Көпшілік оқырманды қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешіп, өмірден ерте кеткен, артына мол мұра қалдырған Оралхан Бөкей шығармаларын оқуға шақырамыз.

Ұқсас жұмыстар
Айтылады төрт түлік мал
Жүсіпбек Аймауытұлы – классикалық қазақ прозасының негізін салушы ұлы тұлға атты оқырмандар конференциясы
Тек кітап қана алға жылжуды, адамдық шыңына шығуды үйретеді
Б.момышұлы-мәңгі тірі (конференция)
Әңгімені жоспарлау
"өмірі өнегелі қаламгер" тәрбие сағаты
"ақбілек"-қазақ әдебиетіндегі алғашқы эпикалық роман (конференция)
Тортай қандай бала
Ашынған ана
Төрт түлігім - ырысым
Пәндер