Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Шара Жиенқұлованың билері

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі
Қазалы аудандық балалар әуез мектебі

Ашық сабақ

Тақырыбы:
Би өнерінің ханшайымы - Шара Баймолдақызы Жиенқұлованың өмірі мен шығармашылығы.

Оқытушы: Жауынбаева Ақмарал
Класы: 2-класс оқушылары

Әйтеке би кенті
2014 жыл

Аудандық балалар әуез мектебінің
хореография класының оқытушысы
Жауынбаева Ақмаралдың 2014 жылдың
14 ақпан күні сағат 9:40-та
2 - класс оқушыларына өткізілетін
ашық сабағының

ЖОСПАРЫ:
Сабақтың тақырыбы:
Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Ұлттық би өнерінің ханшайымы - Шара Баймолдақызы Жиенқұлованың өмірі мен шығармашылығы.

Сабақтың мақсаты:
Қазақ халқының алғашқы кәсіби бишісі Шара Жиенқұлованың өмірі мен өнері, шығармашылығы туралы теориялық мағлұмат беру, көздің қарашығындай сақтап, талмай, қажымай тірнектеп жинаған інжу-маржан дүниелерін қайта жаңғырту.

Білімділік мәні:
Шара Баймолдақызының би өнеріне салып кеткен сара жолын насихаттау.

Дамытушылығы:
Балалардың ой-өрісін дамыту, би өнеріне деген қызығушылығын арттыру, би қимылдары арқылы қазақтың әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрін балалардың бойына сіңіру.

Тәрбиелік мәні:
Оқушыларды мейірімділікке, адамгершілікке, би өнерін, туған елін, жерін құрметтеуге, мәдениетті, өнерлі болып өсуге тәрбиелеу.

Сабақтың әдісі:
Жаңа сабақ, әңгімелеу, түсіндіру, талдау, сұрақ-жауап.

Көрнекілігі:
Шара Жиенқұлованың суреті, видео, слайдтар көрсету, би туралы кітаптар, бүктемелер және т.б.

Пәнаралық байланысы:
Сальфеджио.
Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі:
а) сәлемдесу;
б) балалардың назарын сабаққа аудару;

ІІ. Үй тапсырмасын пысықтау.

ІІІ. Оқушылардың білімін жан-жақты тексеру:
а) аяқ-қол қалыптарын сұрау;
б) залдың нүкте бұрыштарын сұрау;

ІV. Жаңа сабақ.

1. Шара Жиенқұлованың өмірі мен шығармашылығы жайлы әңгімелеу.
2. <<Алтынай>> биін үйретіп, орындау.

V. Жаңа сабақты меңгергендігін тексеру.

1. Шара Жиенқұлова қандай өнер адамы?
2. Шара Жиенқұлованың билерін ата?

VI. Жаңа сабақты қорытындылау.

1. Оқушыларды бағалау.
2. Үй тапсырмасын бекіту.

Сабақтың барысы:

І. Бүгінгі сабақты бастар алдында ең алдымен оқушылардың формаларын, аяққа киетін чешкилерін тексеремін. Өз орындарына тұрғызып, аяқ-қол қалыптарын қадағалаймын. Қазіргі заманда бүлдіршіндер арасындағы жалпақ табандылық пен омыртқаның қисаюы сияқты түрлі аурулар кең тараған. Би сабағы осы өскелең ағзаның толық дұрыс дамуына көп ықпал тигізетіні анық. Яғни музыкалық ырғақты сабақтарда әсемдік пен қатар баланың бұлшық еттерінің дамуы мен дене сымбатының дұрыс өсуіне тигізер әсері мол. Дені сау баланың көңіл-күйі де жақсы болатыны анық яғни баланың өз-өзіне сенімділігімен ерекшелігін сезіну жеке тұлға ретінде қалыптасуына маңызды рөл атқарады. Осыған орай оқушылардың көңіл - күйін сергітіп алу үшін жаттығулар (разминка) жасатып, назарларын сабаққа аударамын.

ІІ. Оқушылардан үйге берілген тапсырманы пысықтау үшін <<плие>>, <<қол айналмаларын>> сұрап, қайталатамын.

ІІІ. Оқушылардың білімінің жан - жақты екендігін тексеру үшін және би арқылы бұлшық ет күші мен иілімділігін және төзімділік қабілеттерін жаттықтыру, шығармашылық қызығушылығын арттыру мақсатында екі оқушыны шығарып, аяқ - қол қалыптарын, залдың нүкте бұрыштарын сұраймын.

ІV. Жаңа сабақ.
Бүгінгі өткелі отырған жаңа сабағымыз Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Ұлттың би өнерінің ханшайымы - Шара Баймолдақызы Жиенқұлованың өмірі мен шығармашылығы жайлы.

Шара Баймолдақызы Жиенқұлова 1912 жылы 18 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі - Гүлшара. Әкесі Баймолда күллі Жетісу өңіріне әйгілі молда адам болған. Ата - анасы Шараны сауатты болсын деп, жеті жасынан бастап медресеге оқуға береді. Онда күніне бес уақыт намаз оқып, ораза ұстауды міндетті парызы санайды.
Шара Жиенқұлова он алты жасында <<Биші қыз>> атағын иеленді. Алғашқы концерті 1928 жылы Алматыдағы <<Орион>> клубында өтеді.

1924-1930 жылдары Шара Жиенқұлова Қазақ Педагогикалық Институтының тарих факультетінде оқыды.
Бейімбет Майлиннің <<Майдан>> пьесасындағы Пүліш бейнесі - оның театрдағы алғашқы сомдаған рөлі. Кейін ол 1929-1934 жылдар аралығында көптеген пьесаларда жауапты рөлдерді ойнаған. Мәселен, олардың ішінен М.Әуезовтың <<Қарагөзін>>, Абдолла Шаиннің <<Зәуресін>>, Н.В.Гогольдің <<Уйленуін>>, С.Левитиннің <<Үкімін>>, І.Жансүгіровтың <<Қара батырларын>>, Б.Майлиннің <<Майданын>>, І.Жансүгіровтың <<Түрксібін>>, Рахманқұловтың <<Документін>>, Е.Ерданаевтың <<Малқамбайын>> өзгеше бөліп айтуға болады.
1934 жылы өз жұмысын Музыкалық драма театрында (қазіргі Абай атындағы Мемлекеттік Қазақ опера және балет театры) жалғастырды. Мұхтар Әуезовтың <<Айман-Шолпан>> музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің <<Қыз Жібек>>, <<Жалбыр>> және <<Ер Тарғын>> операларында бой көрсетті.
Шара Жиенқұлова 1936 жылы Мәскеуде өткізілген Қазақ әдебиеті және өнерінің онкүндік мәдени шарасына қатысып, өзге халықты ұлттық би өнерімен таң қалдырды.
1938 жылы қазақтың тұңғыш балеті <<Қалқаман-Мамыр>> қойылымында ол басты кейіпкер Мамырдың партиясын орындады.
Балетмейстер Л.А. Жуковпен бірлесе отырып, 1940 жылы И.Н. Надировтың <<Көктем>> балетін қойды.
Өз жұмысын Шара Жиенқұлова 1940-1962 жылы Қазақ филормониясында жалғастырды. 1962-1966 жылдары Қазақ ән-би ансамблінің басшысы болды. 1966-1975 жылдары Алматы хореография училищесінің директоры қызметінде болды.
Шара Жиенқұлова театрда ғана емес, өз таңбасын кинода да қалдырған. 1938 жылы <<Амангелді>> фильмінде Балым рөлін сомдады. Шәкен Аймановтың 1957 жылы түсірілген <<Біздің сүйікті дәрігер>> фильмінде қазақтың мың бұрылған бишісі өзін-өзі сомдады.

Марапаттары:
1936 - Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі
1938 - Қазақ КСР халық әртісі
1968 - Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл ТУ, <<Құрмет белгісі>> орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған.
"Қазақ биі", ''Сымбат", "Өмірім менің- өнерім", "Би құпиясы" кітаптарының авторы.
(Шара Жиенқұлованың өмірі жайлы видео көрсету).

Ол қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосты. Себебі, біздің табиғатымыз даламен, еркіндікпен, кеңдікпен тікелей байланысты. Қазақ оның төсінде өскен төл баласы. Ұлттық би өнерін ғылыми тұрғыда терең зерттеп, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүр, халық билеріне жаңа дем берді.
Шара <<Айжан қыз>>, <<Қара жорға>>, <<Тәттімбет>>, <<Қырық қыз>>, <<Алтынай>>, <<Шахтер>>, <<Дудар-ай>>, <<Бүркітші>>, <<Көкпар>>, <<Қос алқа>>, <<Қыз қуу>>, <<Былқылдақ>>, <<Көктем>>, <<Киіз басу>>, <<Келіншек>>, <<Маусымжан>> т.с.с. билерді дүниеге әкелді. Ол халық өмірін би тілімен баяндады, соны мың бұралған әсем қимылдарымен көрерменге жеткізді.
Біздің ұлттық мәдениетіміз оны ішінде өзіміз тілге тиек етіп отырған би де еліміздің қоғамдық өмірінде орын алған өтпелі кезең кезінде басқа өнер түрлері тәрізді біраз қиындықтарды бастан кешіргені рас. Бірақ ол ертеден келе жатқан желісін үзіп алған жоқ, классикалық негізінен адасып, оны жоғалтқан жоқ. Өйткені оның тамыры тереңде, халықтың санасында жатыр.
Қазақ биі негізінен қол, бас, мойын, көз, иық секілді түрлі дене мүшелерінің қимылдарымен биленеді. Ал оны біз қиюын тауып, үйлестіре білсек, қазақтың ұлттық биінің өз ерекшелігі танылады.
Көп жылдар бойы тынымсыз тірнектеп жинап, моншақтай теріп жетпіске тарта қазақтың ұлттық билерін шығарып, қырық биін сахнаға қойды. Оның ішінде жеке билер де, топтасып орындайтын билері де бар.

<<Айжан қыз>> - жеке би. Құрманғазының музыкасына қойылған. Бірде қазақтың атақты үш халық күйшісі кездеседі. Оның бірі домбырашы Айжан қыз екен. Ол өз ортасына өжет қыз атаныпты. Дарынды, ешқандай қорлық - зомбылыққа мойын ұсынып қорықпай, ескі салт дағдыларына бағынбай тойда, жиында, сауық кештерінде домбыра шертіп, күй шығарады екен. Кезінде Құрманғазымен кездесіпті. Оның осындай ашық - жарқын алғыр мінезіне, өнеріне сүйсінген Құрманғазы <<Айжан қыз>> деген күй арнап шығарады. Би осы күйдің ырғағына қойылған.
<<Айжан қыз>> биінің бірінші бөлімінде нәзік, биязы қыздың тал бойындағы ерекше әсем қимылы баяндалса; екінші бөлімінде жігерлі, қажырлы домбырашы қыздың буырқанған күш - қайратын күйдің тартқан сәтіндегі саусақтарының көз ілеспейтін қимылын, орындау шеберлігін, қызу қандылығын, тебіреніс толқынын көрсете білген.
<<Айжан қыз>> күйін үнтаспадан тыңдатамын.

<<Қос алқа>> - қыз бен жігіттің жұптасып билеуіне арналған би. <<Қос алқа>> Дәулеткерейдің күйі. Күй өзегіне дала қызғалдағындай құлпыра өскен ерке қыздың сүйген жігітімен өзен бойында кездесу сәті салынған. Қыздың құлағындағы сырғасы мен мойындағы қос алқаның сылдыры бидің негігі мазмұнына айналады. Ал бидің негізгі мазмұны оның музыкасы.
<<Қос алқа>> күйінен қысқаша үзіндіні үнтаспадан тыңдатамын.

Хореография сабағында балалардың тек қана би үйретіліп қана қоймай денсаулықтары нығайып, ой-өрістері дамиды. Бұлшық ет күштері жақсарып, икемділік, төзімділік қабілеттері дамиды және дене бітімдері түзеліп, сымбаттылыққа тәрбиеленеді, әдемілікке деген құштарлықтары артады, яғни би қимылы баланың ішкі барлық ағзаларына әсер етеді. Мысалы ішкі рухани жағдайы өзгеріп, жалпақ табандылық, омыртқа қисаю ауыруларын алдын алады сонымен қоса балалардың зияткерлік деңгейінің артуына, оның ойлау жылдамдығына ықпалын тигізе отыра есте сақтау қабілеттерін жақсартады. Би балаларды эстетикалық құндылыққа тәрбиелейді, эмоцияналдық көңіл-күйін жақсартады.

Енді бүгінгі тақырыбымызға байланысты Шараның туындыларының бірі <<Алтынай>> биіне қысқаша мағлұмат беріп, видеосын көрсетіп, оқушыларға әуенді (музыканы) тыңдауды, бидің құрылымдық ерекшеліктерін, сипатына ритімін, ерекшеліктеріне сәйкес би қимылдарын еркін, әдемі және дұрыс орындап шығуын үйретемін.
<<Алтынай>> биін кезінде Шара Жиенқұлова <<Ер Тарғын>> операсында билеген екен. <<Алтынай>> қазақ халқының өте жылдам, екпінді, күрделі қимылдарға толы биі. Бұл туындыда өр халықтың биік рухы көрініс береді. Қазақ қызының өжет те қайсар мінезі, қазақтың киім үлгісінің әлемде теңдесі жоқтығы көзге анық көрінеді. <<Алтынай>> - ұзын әдемі көйлек, оюлы қынама бешпент, үкілі кәмшат бөрік, шолпысы сыңғырлаған қос бұрым.
(<<Алтынай>> биі - видео көрсету.)

Шара Жиенқұлова 1991 жылы 21 мамырда сексенге қараған шағында Алматы қаласында көз жұмды.

V. Бүгінгі жаңа сабақты меңгергендігін тексеру үшін оқушыларға бірнеше сұрақтар қоямын.
1) Шара Жиенқұлова қандай өнер адамы?
2) Шара Жиенқұлованың билері?

VI. Жаңа сабақты қорытындылау.
Сабақты қорыта айтар болсам заманымыздың болашағы - жас ұрпақтың ой-өрісін, рухани байлығын, би арқылы бүлдіршіндеріміздің денсаулығын нығайтып әсемдікке және де би қозғалыстарын көркем мәнерлі орындауы мен эстетикалық құндылыққа тәрбиелеу, жылдан-жылға жандандыруды абройлы міндетім деп ойлаймын.
Оқушылардың сабаққа қатысу дәрежелерін бағалап, үй тапсырмасын беріп, күнделіктеріне жазып беремін.

Қолданылған әдебиеттер:

1. Клара Диярова <<Шара>> Алматы 2005
2. Шара Женкулова <<Танцы друзей>> 1989 г.

Ұқсас жұмыстар
Өнерлінің өрісі ұзақ
Ән сабағы. сөйлем
Оқыту үшінбағалау және оқытуды бағалауды қолдану
Халқы үшін туған қайратты ер атты Т.Жүргеновті еске алуға арналған әдеби- композициялық кештің өтілу барысы
Өнерге қанат қаққандар. сценарий
1.грамматика. құрмалас сөйлемді қайталау. 2. лексика. қазақтың атақты суретшісі
Қазақтың мидай даласы
Ақылыңа ақыл қос
Мемлекеттік биліктің жоғарғы органдары. Азаматтардың құқықтары. Синтаксис
Қазақ хандығының мемлекеттік әкімшілік құрылымы жайлы ақпарат
Пәндер