Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Мөлдір мен Аяжан Төрт түлік малдың балаларын сүюі

Тақырыбы: <<Төрт түлігім бірлігімнің ырысы>>
Мақсаты:
а) Білімділік: Төрт түлік туралы толық мағлұмат беру, оларды жеке-жеке таныстыру.
ә) Дамытушылық: Төрт түлік туралы тақпақтар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер айтқызу арқылы оқушылардың ой-өрісін, тілін дамыту.
б) Тәрбиелілік: Еңбекқорлыққа, іскерлікке, әдеп-ғұрыпты, қазақ халқы үшін қасиетті болып саналатын төрт түлікті қастерлеуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы:
1-жүргізуші: Құрметті оқушылар! Бүгінгі өздеріңізге жақсы таныс, қазақ халқы үшін қасиетті болып табылатын төрт түлік тақырыбына арналған <<Төрт түлігім бірлігімнің ырысы>> атты тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз!
2-жүргізуші: Оқушылар бүгін біз осы тақырып бойынша төрт түлік және олардың пайдасы туралы көптеген мәліметтер аламыз және төрт түлік туралы жұмбақтар, мақал-мәтелдер, тиым сөздермен танысамыз, әр түрлі ойындар ойнаймыз.
1-жүргізуші: Балалар төрт түлікке қандай жануарларды жатқызамыз?
Балалар біз алдымен қазақ халқы үшін қадірлі боп саналатын төрт түлік туралы қысқаша айтып өтеміз, ал сендер мұқият тыңдап отырыңдар. Өйткені сабақ соңында сендермен осы тақырыпта көптеген тапсырмалар орындайтын боламыз.
2-жүргізуші: Төрт түлік малдың ішіндегі ең қасиеттісі - түйе. Ол қырық күн шөлге шыдамды, жүк артса - көлік, жесе - ет, ал жүні киімге жараған. Қазақтар түйенің жүнінен түйе жүн шекпендер киген, ол жеңіл әрі жұмсақ сырт киім болған. Түйенің күштілігі, жүйріктігі, шыдамдылығы сияқты түрлі қасиеттері бар, соған орай оны түрліше атайды (желмая, нар, аруана, жампоз, үлек, нарқоспақ т.б.). Ал түйе өзінің өсу жолында бота, тайлақ, буыршын, буырлыш, науша, бұзбаша, інген, атан, бура деп аталады.
1-жүргізуші: Қазақтың қасиетті малдарының бірі - жылқы. Оны құлын, жабағы, тай, құнан, байтал, дөнен, бесті, бие, ат, сәурік (сүйрік), айғыр деп атайды. Ал оның жүйріктігіне, тағы да басқа қасиеттеріне қарай әсіресе батырлар жырларында жорға, сужорға, жүйрік, тұлпар, қазанат, сәйгүлік, дүлдүл арғымақ деп атаған. Жылқының жүрісіне дейін атаулары болған. Мысалы, аяң жүріс, жорға жүріс, жортақ жүріс, бүлкек желіс, бөкен желіс, шоқыта жүру, жабыс. Оның түсі де әр түрлі теңеулермен сипатталған: торы, күрең, жирен, ақбоз, боз көк, шұбар, т.б.
2-жүргізуші: Сиыр малы момақан, қазақтар үшін көбінесе тамаққа жараған, ет, сүт, айран, қаймақ, май, құрт, ірімшік т.б осы сиырдың берген берекесі болған. Жалпы, қазақ халқы сиырды киімге жаратпаған, қонаққа сыйға тартпаған, тіпті түске кірсе де ауыртпалық деп жорыған. Дегенмен, сиыр да үйдің берекесі, айран-сүттің көзі, балаларының асыраушысы ретінде қадірлі мал болып есептелген. Сиырды жасына қарай бұзау, торпақ, тана, қашар, құнажын, дөнежін, өгіз, бұқа деп атаған.
Түйе мен жылқыны, өгізді көлік ретінде пайдаланады, шанаға, арбаға, малға жегеді, салт ат мінеді.
1-жүргізуші: Қой - төрт түлік малдың ішіндегі қазақтың ең сүйіктісі десе де болады. <<Қойдың сүті - қорған, қойды құртқан оңбаған>> дейтін қазақтың қой өсіруге ынта-ықыласы мол-ақ. Өзі майда, өсімтал, момақан, тез ет алып, қонақ кәдеге жарап отыратын, сүті майлы әрі жұтымды қой малын ата-бабамыз ерекше қастерлеген. Қой өсу жасына орай қозы, марқа, тоқты, бағылан, тұсақ, азбан, ісек, қошқар, саулық деп аталады.
2-жүргізуші: Ал енді балалар төрт түлік туралы кім қандай тақпақтар біледі? Қанеки, кім айтып береді?
Айгүл: Тарпаң-тарпаң тайлағым
Ботақаным, маймағым
Қара көзің мөлдіреп
Жібек жүнің желбіреп
Желк-желк етіп желесің
Енеңе еріп келесің
Нұржан: Жағы қалақтай
Мойны садақтай
Төбелі жұлдыздай
Жалы жібектей
Саны білектей
Көзі моншақтай
Өзі жұп-жұмыр
Құйрығы шашақтай
Ерні жып-жымыр
Даусы шіп-шіңгір
Басы құп-құлдыр
Жұтынып тұрушы еді
Бұлтиып тұрушы еді
Алтынай: Сиыр бақсаң күтімдеп
Сүт, май кетпес шарадан
Дәмі балдай құтын көп
Аямайды баладан
Бақыт: Қорасында маңыраған
Қозысымен жамыраған
Қозысынан айырылса
Қоймай ұзақ аңыраған
Аппақ қою сүті бар
Ақ шағала құрты бар
Ақтылы қой жануар
1-жүргізуші: Жарайсыңдар балалар. Енді сендермен ойын ойнап бір сергеп алсақ. Тақтада 3 карточка орналасқан. Әр қатар бір карточканы таңдайды. Әр қатардың оқушылары өздері таңдаған карточкадағы тапсырмаға жауап береді. Бір ескертетіні: бұл топтық жұмыс емес. Әр бала өзі үшін жауап береді және хормен емес, тек қолын көтеріп, орнынан тұрып жауап берген оқушының ғана қабылданады. Сендерге ойын жайлы бәрі түсінікті болса бастаймыз.
I-карточка: Төрт түлік малдың дыбыстауы? Дыбысын сал. (сиыр: мө-мө-мө, қой: мә-мә-мә, түйе: бө-бө-бө, жылқы: е-е-е; жылқы - кісінейді, сиыр - мөңірейді, қой - маңырайды, түйе - боздайды)
II-карточка: Төрт түлік малды қалай шақырамыз? Төрт түліктің пірлері (түйе - <<көс-көс>>, қой - <<пұшайт-пұшайт>>, сиыр - <<аухау-аухау>>, жылқы - <<құрау-құрау>>; түйе пірі- Ойсылқара, қой- Шопан ата, жылқы-Қамбар ата, сиыр-Зеңбі баба)
III-карточка: Төрт түлік малдың төлдерін қалай атаймыз? (түйе - бота, сиыр - бұзау, қой - қошақан, жылқы - құлыншақ)
2-жүргізуші: Балалар енді төрт түліктің төлдері туралы тақпақтар айтайық.
Әсел <<Қошақан>>
Кіп-кішкене, момақан
Қошақанды ұнатам
Сүйеді апам қозым деп
Қошақаным өзің деп
Берік << Бұзау>>
Бұзауым бұзық
Мінезі қызық
Маңдайы күйді
Қазанды сүзіп
Асылбек <<Құлын>>
Құлдыр-құлдыр құлыншақ
Тынымсыз бір ұрыншақ
Ұршықтай боп бұлтылдап
Жұмыр, жоның жылтылдап
Нұрлыбек <<Бота>>
Жүресің сен монтиып
Қос өркешің селтиіп
Қарап жүріп қорқамын
Қала ма деп жел тиіп
Мөлдір мен Аяжан <<Төрт түлік малдың балаларын сүюі>>
Қой сүйеді баласын <<қоңырым>> деп
Ештеңені білмейтін << момыным>> деп
Сиыр сүйеді баласын <<торпағым>> деп
Қараңғыда баспаған <<қорқағым>> деп
Түйе сүйеді баласын <<боташым>> деп
Жаудыраған көзіңнен <<тоташым>> деп
Ешкі сүйеді баласын <<лағым>> деп
Тастан тасқа секірген <<шұнағым>> деп
Жылқы сүйеді баласын <<құлыным>> деп
Тұлпар болып жүгірген <<жұрыным>> деп
1-жүргізуші: Жарайсыңдар, балалар! Енді тақтаға назар аударайық. Тақтада жемістер тұр. Бұл жемістердің әрқайсысында бір тапсырмадан бар. Әр қатардан 5 оқушыдан шығып, әрқайсысы бір тапсырманы орындайды.
Тапсырма жауаптары:
Жұмбақтар:
1.Кішкентай ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар (Қой)
2.Үстінде екі тауы бар
Өзі қызық жануар (Түйе)
3.Қоян жақты, тақыр жонды
Төрт тұяқ, екі аяқты, екі қолды.
Салпы ерні, өзі жүйрік
Кең омырау, жуан құйрық (Ат)
4.Төртеу келеді,
Төртеу асылып тұрады.
Екеу жол көрсетеді
Екеу иттен сақтайды
Енді біреу артында асылып тұрады (Сиыр)
5.Төсек астында төрт бауырсақ (Сиырдың желіні)
6.Ашылмаған сандықта,
Пішілмеген құндыз бар. (Қозы)
7.Екеу елеңдеп келеді,
Төртеу төбелесіп келеді. (Жылқы)

Мақал-мәтелдер:
1.Ел көркі - мал
Өзен көркі - тал
2.Малдың жайын баққан білер
Оттың жайын жаққан білер
3.Ат аяған жерге қарар
Құс аяған көкке қарар
4.Ақсақ қой түстен кейін маңырайды.
5.Ер қанаты - ат
6.Жақсы ат жанға серік
Жақсы ит малға серік
7.Жылқы - малдың патшасы,
Түйе - малдың қасқасы
8.Қойдың іші - береке
Жылқының іші - мереке
1-жүргізуші: Оқушылар енді бүгінгі сабақты қорытындылайық. Төрт түліктің пайдасы туралы айтатын боламыз. Тақтаға 3 оқушы шығып төрт түліктен алатын сүт, ет өнімдері және киім түрлерін бөліп жазуыңыз керек.
Тапсырмадан кейін
2-жүргізуші: Жарайсыңдар, оқушылар! Бүгін біз өздерің жақсы білетін төрт түлік тақырыбында көптеген мәліметтер алып, ойындар ойнадық. Енді осы төрт түлік мал туралы кім қандай тиым сөздер біледі?
Тиым сөздер:
1.Малды теппе, ақты төкпе
2.Малды басынан ұрма
3.Малға теріс мінбе
1-жүргізуші: Балалар бүгінгі тәрбие сағатымыздан өздеріне керекті көптеген мәліметтер алдыңдар және олардың пайдасы туралы білдіңдер. Төрт түлік қазақ халқы үшін қастерлі болып қана қоймай, қаншама ғасырлар бойы халықтың күнделікті қажетін өтеп отырған. Төрт түліктен алар пайдамыз зор екен, балалар!
2-жүргізуші: Демек балалар, төрт түлігімізді қастерлейік!
1- жүргізуші: Бүгінгі тәрбие сағатымызға белсене қатысқандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз!

Ұқсас жұмыстар
Төрт түліктің жаннаты
Мақсаттарға жетелеуші
Төрт түлік
Қойдың пайдасы
Малдың төлін сүюі
Төлдердің суреттері
Қой қандай түлік
Бала әрекеті
Төрт түліктің кеңесі . Төрт түлік туралы
Қазақ және төрт түлік
Пәндер