Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Зерттеушілік әңгіме жүргізілу үстінде

<<Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер: сыныптағы диалогтің
маңыздылығы, сұрақ қою>>

Тарихты оқып үйрену-оқушыларды дербес зерттеу қызметіне талаптандыратын, олардың өз тұжырымдары мен пайымдауларын талдауға ынталандыратын, өз ойын білдіру қабілетін дамытатын белсенді процесс. Адамдардың бұрынғы ұрпақтары жинақтаған тәжірибесін пайдалану тарихтың негізгі әлеуметтік міндеті болып табылады. Дүниемен қарым-қатынаста жинақталған білім тәжірибеде шығармашылық тұрғыда жүзеге асырылады.
Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Зерттеулерде ересектермен интерактивті қарым-қатынас пен достарымен бірігіп жүргізілген жұмыстың балалардың оқуына және дамуына әсер ететіндігі айтылған.
Оқушылардың көбірек білетін басқа адамдармен, әрине, бұл рөлдерде сыныптастары мен мұғалімдері болуы мүмкін, диалог жүргізу мүмкіндігі болған жағдайда, білім беру жеңіл болмақ. Сыныптағы оқушылардың бірлескен сұхбаты үлкен пайда келтіреді. Олар:
-оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын білдіруіне мүмкіндік береді;
-басқа адамдарда түрлі идеялардың болатындығын оқушылардың түсінулеріне көмектеседі;
-оқушылардың өз идеяларын дәлелдеуіне көмектеседі;
-мұғалімдерге оқушыларға білім беру барысында олардың оқушылары қандай деңгейде екендігін түсінуге көмектеседі.
Көп жағдайда сыныптағы талқылау мұғалімнің басқаруымен тақырып төңірегінде, оқушының дұрыстап және орнымен нені, қашан және қалай айту қажеттігі сипатында болады. Көптеген сыныптарда оқушылардың әңгімеге қатысуға құқықтары шамалы. Мәселен, мұғалімге: <<Бұл көзқарас қызықты екен>> деп айтуға көптеген оқушылардың дәттері бармайды. Мұғалім сұхбатты бақылап, маңызды сұрақтар қойып, оқушылардың жауаптарын қайталап және мадақтап отыратын сыныптағы қалыпты әңгіме стилі оқушылардың ойлау деңгейлерін де, сөйлеу дағдыларын да дамытпайды.
Білім берудегі әңгімелесу-қарым-қатынас жасаудың бірсарынды үдерісі емес, керісінше, идеялар екіжақты бағытта жүреді және осының негізінде оқушының білім алу үдерісі алға жылжиды. Диалог барысында оқушылар (сонымен қатар олардың мұғалімдері де) келісілген нәтижеге жету үшін күш-жігерін жұмсайды, бірлесіп білімді алуда немесе <<пікір алмасу>> барысында тең құқылы серіктестер болып табылады. Пікір алмасу оқушылармен диалог құру арқылы іске асады, дегенмен оны оқушылар бірлескен зерттеу барысында да анықтай алады.

Оқуда қолданылатын әңгімелесу түрлері:
Әңгіме-дебат барысында:
1) ой-пікірлерде үлкен алшақтық болады және әрқайсысы өз шешімдерінде қалады;
2) ресурстарды біріктіруге бағытталған аздаған талпыныс жасалады;
3) қарым-қатынас көбіне <<Иә, бұл солай>>, <<Жоқ, олай емес>> деген бағытта жүзеге асады;
4)орта бірлесуден гөрі, көп жағдайда бәсекелестікке бағытталған.

Топтық әңгіме барысында байқалатын жайлар:
1) айтылған пікірлермен тыңдаушылардың әрқайсысы механикалық түрде келісе беруі;
2) әңгіме білім алмасу мақсатында жүргізілгенімен, оған қатысушылардың өзгелер ұсынған қандай да болсын идеяларды төзімділікпен тыңдауы;
3) идея қайталанады және жасалынады, бірақ үнемі мұқият бағалана бермейді.

Зерттеушілік әңгіме жүргізілу үстінде:
1) әркім ақылға қонымды мілімет ұсынады;
2) әркімнің идеясы пайдалы ретінде бағаланғанымен, мұқият бағалау жүргізіледі;
3) қатысушылар бір-біріне сұрақтар қояды;
4) қатысушылар сұрақ қояды және айтқандарын дәлелдейді, осылайша әңгімеде дәлелдеме <<көрінеді>>;
5) топтағы қатысушылар келісімге жетуге тырысады (олар келісімге жетуі де, жетпеуі де мүмкін, ең бастысы-келісімге ұмтылу).

Көптеген талқылаулар, әдетте, әртүрлі әңгіме түрлерінен құралады. Ұжымдық түсіну мен білім беруге қол жету аясында табысты талқылауларда әңгімелесудің зерттеушілік түрі басымдыққа ие болады. Зерттеушілік әңгіме барысында оқушылар өз сыныптастарымен шағын топтарда жұмыс істейді. Оларда ортақ проблема болады, бұл мәселе бойынша бірлескен түсінік қалыптастырады; идеялармен пікір алмасып, бір-бірінің идеяларын талқылайды, баға береді; ұжымдық білім мен түсінікті қалыптастырады. Басқаша айтқанда, оқушылар бірге ойланады. Оқушылар зерттеушілік әңгімеге тартылғанда, өз ойларын дауыстап, айтады; болжамдар ұсынып, талқылайды. Талқылау кезінде олар <<мүмкін>>, <<егер>>, <<бәлкім>> деген сияқты сөздерді қолданып, өз идеясын дәлелдеу үшін <<сондықтан>> деген сөзді пайдаланып, топ тарапынан қолдау қажет болғанда <<Солай емес пе?>> деген сұраққа сүйенеді.
Осындай сценарий бойынша оқушылар бір-бірін тыңдап, өз жауаптарын талдайды. Бұлай жұмыс істеген оқушылардың дәлелдері пікір алмасудың нәтижесі болып шығады. Алайда, бұл әңгіме олар үшін қалыпты дүние емес, сол себепті де мұғалімдер бірігіп істеген жұмыстың құндылығын түсінулеріне көмектесу керек.
Сыныпта сұрақ қоюдың үлгісі <<бастама-жауап-кейінгі әрекет>> нысаны бойынша қойылған сұрақ екендігі анықталды. Мысалға:
Бастама (мұғалім): Қазақстан тәуелсіздікті қай жылы алды?
Жауап (оқушы): 1991 жылы.
Кейінгі әрекет: (мұғалім): Дұрыс.
Бұл модель әңгімеге сыныпта бастама жасайтын және де оны бақылап отыратын адам мұғалім болатын жағдайларды көрсетеді. Бұндай сыныптарда оқушыларға білім алуға ықпал ететін диалогтік сұхбат құруға мүмкіндік берілмейді.
Сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады, себебі сұрақ дұрыс қойылған жағдайда сабақ берудің тиімді құралына айналады және де оқушылардың білім алуына қолдау көрсетіп, оны жақсарта және кеңейте алады. Оқушылардың тақырыпты түсінуіне қол жеткізу үшін мұғалімдер қолданатын сұрақтардың екі түрі: төмен дәрежелі және жоғары дәрежелі сұрақтар кең қолданылады деген пікір бар. Кей кездері төмен дәрежелі сұрақтарды <<жабық>> немесе <<дұрыс емес>> сұрақтар деп те атайды. Олар жаттап алуға бағытталған және де оған берілген жауап ( <<дұрыс>> немесе <<дұрыс емес>>) деп бағаланады. Ал жоғары дәрежелі сұрақтар қойылғанда, оқушылар ақпаратты белгілі бір жолдармен қолдануға, қайта құруға, кеңейтуге, бағалауға және талдауға тиіс болады. Тиімді педагогика аясында бұл сұрақтардың екі түрі де колданылады, тек қойылатын сұрақтың түрі оның мақсатына қарай өзгеріп тұрады. Оның үстіне, сұрақты оқушылардың білім алу қабілеттеріне сәйкес болатындай етіп құру қажет. Түрлі мүмкүндіктерге және түрлі оқушыларға қарай сұрақтарды саралауға болады. Оқушының білім алуын қолдау үшін сұрақ қоюдың түрткі болу, сынақтан өткізу және қайта бағыттау сияқты әртүрлі техникаларын пайдалануға болады.
Түрткі болу: түрткі болуға арналған сұрақтар бірінші жауап алу үшін және оқушының жауабын түзетуге көмектесу үшін қажет, айталық, сұрақтарды қарапайым етіп қою, өткен материалға оралу, ойға салу, дұрысын қабылдау және толығырақ жауап беруге итермелеу.
Мысалға: -<<Алтын адам>> қай жерден табылды?
- Сақ жауынгерінің жасы нешеде?
- Қай қаланың орталық алаңында сақ адамы бейнеленген ескерткіш бар?
Сынақтан өткізу: сынақтан өткізуге арналған сұрақтар оқушыларға анағұрлым толық жауап беруге, өз ойларын анық білдіруге, өз идеяларын дамытуға көмектесетіндей етіп құрылуы қажет, сондай-ақ <<Сіз мысал келтіре аласыз ба?>> деген сияқты сұрақтар тапсырманы орындау барысында оқушыға бағдар беріп отырады.
Мысалға: - Қазақстанда табылған басқа <<Алтын адамға>> мысал келтіре аласыз ба?
Қайта бағыттау: сұрақты басқа оқушыларға қайта бағыттау, мысалы, <<Көмектесе алатындар бар ма?>>
Білім беруді диалогтік тәсілмен дамытудағы сұрақтардың маңызын қарастыратын болсақ, сұрақ қою арқылы мұғалім:
- оқушыларды тақырып бойынша және сындарлы сөйлеуге ынталандырады;
- оқушылардың шынайы қызығушылығы мен сезімдерін анықтайды;
- білімге құштарлықты дамытады және зерттеуге ынталандырады;
- оқушыларға білімін қалыптастыруға және вербалдандыруға көмектеседі;
- оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауына ықпал етеді;
- оқушыларға сыни тұрғыдан ойлауға көмектеседі;
- оқушылардың бір-бірінен үйренуіне, басқа оқушылардың идеяларын құрметтеуіне және бағалауына ықпал етеді;
- әңгімелесу мен ой елегінен өткізу көмегімен ойын жинақтауға көмек береді, іс-әрекеттерін тереңдетеді және шоғырландырады;
- білім беруді қиындататын қиындықтар мен түсінбестіктерді анықтайды.
Оқушылардың білетіндігін және білмейтіндігін анықтау үшін жақсы қарым-қатынастық, тілдік дағдылар және түсіністікпен қарау талап етіледі. Мұғалімдер қолданысындағы оқушылар қысқа жауап беретін сұрақтармен салыстырғанда, диалогтік сұхбаттасу мұғалімдер де, оқушылар да білім алуға қомақты үлес қосатын өзара іс-қимылдың шын мәніндегі тиімді түрі болып табылады.

Ұқсас жұмыстар
Диалог арқылы оқыту
МАТЕМАТИКА ПӘНІНДЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЗЕРТТЕУШІЛІК МӘДЕНИЕТІН ДАМЫТУДАҒЫ ЖОБА ӘДІСІНІҢ ТИІМДІЛІГІ
Сыни тұрғыдан ойлауға оқыту
Топтық әңгіме
Сабақта диалогтік оқытудың тиімділігі. баяндама
География омж 9-сынып
Тарих сабағында оқушылардың топтық ізденіс жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді жолдары
Ш.айтматов «қарғысқа ұшыраған аңшы туралы аңыз» әңгімесі
Сыни тұрғысынан ойлау - сынау емес, шыңдалған ойлау
Информатика пәнін оқытуда ойын технологияларын қолдану
Пәндер