Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Қазақтың қаһарман қыздары

Күні: 29.04.2016.
Тәрбие сағатының тақырыбы: <<Қазақтың қаһарман қыздары>>
Тәрбие сағатының мақсаты: Ұлы Жеңісті дәріптеу, жас ұрпақтың санасына Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ата - бабаларымыздың, аналарымыздың істерін мақтан тұтып, соның ішінде қазақ қыздарының да Отан үшін жан қиярлық ерлік жолдарын үлгі ете отырып, отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Кинодан үзінді, суретті слайдтар, нақыл сөздер.
Түрі: ерлік сағаты.

Барысы:
Мұғалім:
ХХ - ғасыр адамзат санасында жойқын соғыстарымен де сақталары сөзсiз. Өйткені, бiр ғана Екiншi дүниежүзiлiк соғыстың өзi қаншама ұрпақты қайғы - қасіретке душар етті. Дүниені дүмпуімен теңселткен екінші дүниежүзілік соғыс өртінің өткеніне, халқымыздың Ұлы Жеңісіне 71 жыл толады. Бүкіл прогресшіл адамзат Жеңіс күнін жылда салтанатпен атап өтеді.
1941жылы 22 маусымда басталған сұм соғыс 1945 жылы аяқталды. Бұл сұм соғыс төрт жылға созылды. Осы сәтті сан миллиондаған адамдар минуттап, сағаттап күтті. Ақыры олардың үміті мен сенімі ақталды. Бірақ сол жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Иықтарына қару асынып, Отан үшін от кешіп, жанын пида еткен миллиондаған асыл азаматтар қаза болды. Қаншама ана жарынан айырылып, қаншама бала әкесінен, анасынан айырылып жетім қалды. Ал тылда қалған қарттар, әйелдер, бесіктен белі шықпаған балалар, бірде аш, бірде тоқ күн демей, түн демей еңбек етті. Олардың тілегі орындалды. Себебі олардың Отанға деген сүйіспеншілігі жеңіске жеткізді. Бүгін осы жеңіс жолдарына ерлік көрсеткен қазақтың қаһарман қыздарының ерлігі туралы болмақ...
1 - жүргізуші: Арман
Кеңес одағының жауынгерлері фашистік Германиядан Еуропа халқын азат етіп, оларға бостандық алып берді. 1418 күннен соң үлкен ерлікпен келген бұл ұлы күннің тарихмыздағы орны ерекше. Еліміздің ерлігімен, Отанға деген сүйіспеншілігін ұлықтайтын мереке - Ұлы Жеңіс күні.
2 - жүргізуші: Ақерке
Міне, бүгінгі таңда сол Ұлы Жеңіске 71 жыл. Барша адамзат үшін ең үрейлі, ең қорқынышты осы бір сәтте Отанын елін жерін, келешек ұрпағы үшін қан майданда талай қазақ жігіттері мен қыздары оққа ұшқан болатын. Осы бір алапат заманда Отанын қорғауға өршіл қазақтың қыздары да қан майданға аттанған болатын. Міне, осы отты жылдарда ерлік көрсеткен қазақ аруларының ерлігі жайлы болмақ.
1 - жүргізуші: Арман
Дәл осынау жадыраңқы жай күні
Болса дағы қай ғасырдың қай жылы.
Ұлы Отаны басын иіп бір минут
Есіне алмақ сол бір апат қайғыны
2 - жүргізуші: Ақерке
<<Жеңіске жеткен қуанышқа кенелді, ал жетпеген арманда кетті. Отан соғысында өлгендердің есімін ешқашан ұмытпайық! Өлгенді ардақтай білген ғана тіріні құрметтей алады>>, - деп Б. Момышұлы атамыз айтқандай біз үшін бейбіт өмір сыйлаған, соғыс құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алайық.
1 - оқушы: Елдос
Отаным еркелейік өзге кімге
Өзіңмен нені болса көрем бірге
Қалайша кабырғама батпас менің,
Басыңа қатер бұлты төнген кезде.
2 - оқушы: Альхакким
Қазақстан соғысқа 1 млн. 366 мың адамды аттандырды. Осы орайда республикада 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 4 атты әскер дивизиясы және екi артиллериялық, 4 минометтiк, 3 авиациялық полк және 14 жеке батальондар құрылып, майданға жiберiлген. Оның iшiнде туған жерiне жете алмай қаза тапқан қазақтардың саны 135 мың адамды құрайды.
3 - оқушы: Данияр
Қазақстандықтар осы соғысқа қатысып, майданда жаппай ерлік көрсетті. 518 қазақстандық "Кеңес Одағының Батыры" атағын алды. Соның 97 - сі қазақ. Мыңдаған қазақстандықтар Кеңес өкіметінің орден, медальдарымен марапатталды.
1 - жүргізуші: Арман
Қан майданда ерлік көрсеткен қазақ қыздарының қаһармандығын ұғындыру елжандылық сезімді қозғайды. Шығыс халқының ішінде қазақ қыздары қай заманда да ер - азаматтармен бірге жойқын соғыстарға қатысты. Отан қорғауға 5183 қазақтың қыз - келiншектерi қатысыпты. Олардың ерлік істер ешқашан ұмытылмақ емес.
2 - жүргізуші: Ақерке
Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстан әйелдерiн майданның әр тұсынан, әскери құрамалардың әр түрiнен кездестiруге болатын-ды. Олардан ұшқыш та, танкист те, радист те, барлаушы да, партизан да шықты.

4 - оқушы: Махамбет
Халық Қаһарманы Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы 15 мамырда Атырау облысы Ганюшкин селосында дүниеге келген. Ол өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін Саратовтағы әскери ұшқыштар училищесінде ұстазы, ұшқыш Марина Раскова басқарған 46 шы гвардиялық полкінің құрамында жүріп 300 ден астам әуе шайқастарына қатысқан Х. Доспанова сол кездің өзінде теңдессіз ерлігі үшін <<қанатты қыз>> атанған еді.
Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Хиуаз Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық Қаһарманы атағы берілген болатын 2008 жылы мамырдың 21 күні Алматы қаласында 86 жасында дүниеден озды.
5 - оқушы: Мөлдір
1941 жылы соғыс басталды дегеннен 9 сыныпты бітірген Дәмелі Жәкеева есімді өрімдей қазақ қызы өз еркімен рапорт жазып, майданға аттанады. Ол соғыстың соңына дейін авиация бөілімінде бомба тастайтын атқыш-радист болып қызмет етеді. Жүрек жұтқан кішкентай қыз бертінге дейін Алматы қаласында өмір сүріп, 80 жылдары дүниеден өтті.
6 - оқушы: Ақбота
Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының бұрынғы <<Қызыл Диқан>> колхозынан майданға өз тiлегiмен аттанған Майра Қанатова шынайы ерлiктiң үлгiсiн паш еттi. Бiр ұрыста қарсы жақтың күшi нашарлағанын байқап дандайсыған немiстер винтовкадан атқан оққа тоқтамай, тiке шабуылға көшедi. Аралары жақындай түседi. Жау 100 метрдей қалғанда ер жүрек медбике Қанатова иесi қаза тапқан пулеметке отыра қалып оқ жаудыруға кiрiседi. Жауынгерлерге: <<Серпiлiңдер, немiстер қазiр-ақ жер жастанады!>> деп айқайлап күш бердi. Ақыры, немiстердiң шабуылы тойтарылып, позиция шебi бұзылмай қалады. Асқан батылдығы үшiн сержант М.Қанатова <<Ерлiгi үшiн>> медалiмен наградталды.
7 - оқушы: Рулан
Батыс Қазақстан облысында туған Нұрғаным Байсейiтова - соғысқа өз еркiмен сұранғандардың бiрi. 1942 жылдың сәуiр айында Мәскеу радиомамандар дайындау мектебiне курсант болып қабылданады. 1943 жылы ол Белорус майданы штабының тапсырмасымен сегiзiншi партизан бригадасының радисткасы ретiнде жау тылына жiберiледi. 1943 жылғы тамыз айынан 1944 жылғы шiлденiң 15-iне дейiн осы бригадада үздiк қызмет етiп, <<Қызыл Жұлдыз>> орденiмен наградталды.
8 - оқушы: Мирас
Ару қыздар - алаулатып от кешкендер
Сыздап тұр - ау әлі күн оқ тескен жер
Қаласыңдар мәңгілік ел есінде
Ару қыздар - алаулатып от кешкендер.
9 - оқушы: Маржан
Сол бір қиын тым сұрапыл шақта олар
Кеудесіне ерлік отын жақты олар
Отан үшін опат болған арулар
Есімдері мәңгі бақи сақталар
10 - оқушы: Таир
Қызылорда облысының тұрғыны Торғаш Жұмабаева соғыс басталған кезде Минск облысында жау тылында қалып қояды. 1943 жылы желтоқсан айында Минск облысындағы <<Большевик>> партизан отрядына кiредi. Жетi шайқасқа қатысып, ерлiктерi үшiн <<Ұлы Отан соғысының партизаны>> медалiне ие болады.
11 - оқушы: Жандос
Рәзия Ысқақова І Украина майданында генерал -- полковник П. Рыбалко қолбасшылық еткен атақты танк армиясына қарасты 55 танк бригадасында фельдшер болады. Жауып тұрған қорғасын оқтың арасынан талай жаралыларды алып шыққан. Рәзия апаның кеудесінде <<Қызыл Жұлдыз>> ордені мен <<Жауынгерлік ерлігі үшін>> және басқа он жеті медаль жарқырайды.
12 - оқушы: Назерке
Сұрапыл соғыстың оты тұтанғанда шақта Мәдина Ысқақова 9-сыныпта оқитын. Бірақ 17 жасар бойжеткенді майданға алмайтынын біліп, ол өзінің жасына тағы 4-5 жылды қосақтап айтты. Әскери комиссар қанша басу айтып, меселін қайтарса да, Мәдина алған бетінен қайтпай, қайсарлық танытты. Сөйтіп 1942 жылдың мамыр айында ол майданға аттанып кетті.
13 - оқушы: Нұржан
Соғысты Мәдина Прага қаласында аяқтап, 1945 жылғы Жеңіс парадына да қатысты. Авиация мектебін үздік бітіріп 240 - жойғыш авиация полкіне келеді. Бейбіт күндері әр салада жауапты қызмет атқарады. Ерлігі еленбеген қазақтың батыр қызы 1985 жылы өмірден озады. <<Ерлігі үшін>> медалі, <<Құрмет белгісі>> орденімен силанған.
1 - жүргізуші: Арман
Күн де туды қан майданға баратын,
Ұшақ мініп, жаудан кегін алатын.
Тез арада ойран салса армансыз,
Емдейтіндей жүрегінің жарасын.
2 - жүргізуші: Ақерке
Истребитель бүркемеде сап түзеп,
Айналаға қойылыпты сақ күзет.
Біреулері ұшып жатыр аспанға,
Жөндеушілер қалды оларға бақ тілеп.
14 - оқушы: Тұрсынбек
1941 жылы Орал әскери округінен алты айлық комсоргтер курсын бітірген, гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғожинова апамыз Орталық Воронеж және Украина майдандарында соғысқан. 237-ші, 70-ші атқыштар дивизияларында батальон комсоргі болған.
15 - оқушы: Қасиет
Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова (шын есімі Мәнсия) 1922 жылы Орал облысы Орда ауданы Нарын құмында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған Мәншүк алматыда Ә. Мәметованың тәрбиеснде болады. Ұлы Отан соғысы басталған кезде ол, Алматы медициналық институтында оқып жүреді. 1942 жылы тамызда өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-ші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысады. Аға сержант, пулеметші Мәншүк соғыста өзінің батылдығымен және мергендігімен көзге түседі.
16 - оқушы: Ұлбала
Мәншүк.
Сілкінтіп зеңбіректер жердің жүзін,
Оқ борап, снарядтар қаққанда ызың.
Қаптаған қалың жаудан тайсалмаған
Мен көрдім пилоткалы қазақ қызын.
Қолында пулеметі <<Максим>>оның .
Бойында күш жігері тасқын оның.
Ерлермен тізе қосып шабуылда,
Оғымен қырғын майдан ашты жолын.
17 - оқушы: Диас
Екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысында пулеметші қыз атанған Мәншүк Мәметова 1943 жылы қазан айының 16-ы күні Невель қаласы үшін болған шешуші ұрыста ерлікпен қаза тапты. Өткен 2012 жылы Мәншүк апамыздың туылғанына 90 жыл мерей тойын елміздің бүкіл аумағы атап өткен болатын.
18 - оқушы: Кенжебек
Кеңес Одағының Батыры Әлия Нұрмахаметқызы Модағұлова ( шын есімі Ілия, майдандас достары Лия деп атап кеткен) 1925 жылы маусымның 15 күні (кей деректерде 25 қазан, 20 сәуір) Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммет және Молдағұлова Маржанның отбасында дүниеге келген. Бала кезінде анасына айырылып (1933ж) кейіннен алматыда ағасының қолында тұрған. Ал кейіннен балалар үйінде тәрбиеленіп, соғыс басталған соң балалар үйімен Вятское селосына ауыстырылып авиация техникумына оқуға түседі, бірақ көп ұзамай майданға жіберу туралы өтініш береді. Ол кезде жасы небәрі 17 жаста болатын.
19 - оқушы: Ақерке
Даламыздың даңқысың,
Балауса гүл, балғын қыз.
Жанын қиып, халқы үшін
Жанып түскен ақ жұлдыз.
Мәңгі жасап жерде енді,
Биік бол деп таулардан.
Сенің балғын бейнеңді
Жасап қойдық мәрмәрдан.
20 - оқушы: Дамир
1943 жылдан бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасында 4- ші батальонның снайпері жау әскерінің 30-дан аса сарбаздарымен офицерлерінің көзін жойған екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысында Мерген атанған Әлия Нұрмахаетқызы ҚазКСР 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында ерлікпен қаза тапты.
21 - оқушы: Дінислам
Бір өзі 24 жаудың көзін жойған Баян Байғожинаның ерлігін де көпшілік біле бермейді. Қасиетті Шыңғыстау өңірінен небәрі 17 жасында майданға өз еркімен сұранып барған осы бір қазақтың қаршадай қызының ерлігі де ерен. <<Ұлы Отан соғысы>>, <<Даңқ>> ордендерінің иегері болған ол жеңіске небәрі 12-ақ күн қалғанда Гинденбург қаласының түбінде ерлікпен қаза тапқан.
22 - оқушы: Гүлжанар
Роза Ғазизқызы Момынова Ұлы Отан соғысында ерлік керсеткен жауынгер қыз, гвардия капитаны. 1934 ж. Оралдың <<Ет комбинаты>> белігіндегі 7 жылдық мектепті бітіріп, 4 жылдық фельдшерлік мектепке қабылданады. 1941 ж. 27 қыркүйекте Алматыдан соғысқа аттанады. Далалық госпитальда қызмет еткен Роза көбінесе алғы шепке шығып, жаралыларды оқ астынан алып шығып жүреді. Осындай ерліктері үшін ол <<Қызыл Жұлдыз>> (1943) орденімен, <<Жауынгерлік ерлігі үшін>> (1943), <<Мәскеуді қорғағаны үшін>> (1944) медальдарымен марапатталды. М. 1945 ж. ақпан айында ауыр жарақат алып, Қазан қаласындағы госпи- тальда қайтыс болды.
23 - оқушы: Елдос
Жеңіс үшін Ұлы Отан соғысына аттанғандардың бірі байқоңырлық Ұлы Отан соғысының ардагері Фахрудинова Сара Фатаховна. Ол 1925 жылы 11 желтоқсанда Куйбышев дүниеге келген. 01.09.1940 ­ 30.01.1942 жылдар аралығында Өзбекстанның Бұхара қаласындағы фельдшерлік мектебін бітіріп, 1943 жылдың 30 желтоқсанында 18 жасқа толғанда әскерге шақырылып, І Беларус майданына жіберіледі. Сара Фатаховна соғыс аяқталғанға дейін госпитальда медбике болып қызмет атқарады. Бірінші дәрежелі <<Отан соғысы>> орденімен, <<Жауынгерлік ерлігі үшін>>, <<Германияны жеңгені үшін>> медальдарымен марапатталған.
2 - жүргізуші: Ақерке
Зениттi артиллерия расчетiнiң командирi Ақлима Ақжолова, танкистер Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмила Талқанбаева, пулеметшi Жәмилә Бейсенбаева, <<Қызыл әскер ақиқаты>> атты майдан газетiнiң қызметкерi Рахима Жанбекова, десантшылар Рәзия Сыздықова, барлаушы Жәмилә Сәлiмова, гвардиялық атқыштар дивизиясының сержанты Шағила Құсанова, әуе бақылаушылары Раушан Мазитова, Нұрғайын Хамитова, Бибiнұр Тынысбекова.
1 - жүргізуші: Арман
Майдан дәрiгерлерi Мәрия Сырлыбаева, Рәпия Мақашева, Мархаба Түкiбаева, Гүләндә Түсiпжанова, майдандық медбикелер Сағындық Шынәлиева, Сара Сартбаева, Әмина Орынбасарова, байланысшы Раиса Абдуллина, авиамоторшы Әқима Ақжолова, I және II дәрежелi Даңқ орденiнiң иегерi зеңбiрекшi Қалзия Асанова, аспазшы, сержант Шәмшiбану Әмiрова, радист Шекер Ботаханова, зенитшi Қантай Елубаева, барлаушы Рахила Ералина, байланысшы Алтынай Есболатова.
2 - жүргізуші: Ақерке
Әуе механигi Ишағы Жағыпарова, зенитшi Ажар Оразғалиева, жау ұшақтарының <<тамыршысы>> аға сержант Роза Шамжанова, Мәскеу қаласындағы Бас поштаның әскери цензурасының Кеңес Армиясындағы түркi тiлдес халықтар жауынгерлерiнiң хаттарын тексерушi (цензор) болған Халима Өзбақанова Сталинградтағы талқандалған трактор зауытын қысқа мерзiмде танк жөндеуге қайта жабдықтап, майданға танктер жөнелтуге атсалысқан он бiр қазақ қыздарының бiрi Жұмакүл Оңғарова, тағы-тағы сол сияқты көптеген қаһарман қазақ қыздары Отан үшiн жанқиярлықпен шайқасты.
1 - жүргізуші: Арман
Жалпы, қазіргі деректер бойынша, Қазақстаннан майданға 5183 қыз-келіншек аттанған. Майдандағы дәрігерлердің 41 пайызы, фельдшерлердің 43 пайызы, медбикелердің 100 пайызы әйелдер болған.
Ұлбала
* 71 жыл - бейбіт көктем таң атқалы
71 - жыл шуақты күн таратқалы
Есімде сонан бері 71 рет
Ашылды Жеңіс күннің парақтары
Рулан
* Талай құс содан бері қайта оралды
Талай бақ әлеміне қағы оранды
Соғыста өлгендер тек оралмайды
Тек ұрпақ олар жайлы айтады әнді

Ақерке
* Барша халық Жеңіс күнін тойлайды
Жас сәбилер думандатып ойнайды
Ардагерлер көздеріне жас алып
Ұрпақтардың амандығын ойлайды

Жандос
* Елге қауіп төнбесін
Егестен адам өлмесін
Есен - аман болайық
Енді соғыс болмасын
Өртенбесін туған жер
Өркендесін туған ел
Шайқалмасын асқар бел
Шайқалмасын шалқар көл

Гүлжанар
* Қорған болған елімнің елдігіне
Батырлардың бас идік ерлігіне
Ұрпақтары қаһарман батырлардың
Тәуелсіздік қамалын көрді міне.

Қорытынды. <<Сәйкестігін анықта>>
Жүргізушілер алма - кезек көрермендерге сұрақтар қояды.
::Мәншүктің шын есімі Алтыншаш Нұрғожинова
::<<Қанатты қыз>> атанған қыз Ілия
::Батальон комсоргі Хиуаз Доспанова
::Өзінің шын жасына 4-5жыл қосып майданға аттанған қазақ қызы 5183
::Қазақтың радистка қызы Рақымжан Қошқарбаев
::Әлияның шын есімі Мәнсия
::Қазақстаннан майданға аттанған қыздар саны Торғаш Жұматаева
::Соғыстың аяқталған жылы Мәдина Ысқақова
::Рейхстакқа ту тіккен қазақ жауынгері Сара Фархудинова
::<<Серпіліңдер, немістер қазір-ақ жер жастанады!>> деп рух берген 1945
::<<Большевик>> партизан отрядына кірген жерлесіміз Майра Қанатова
:: І Беларус майданына аттанған жерлесіміз Нұрғаным Байсейітова

Мұғалім сөзі:
Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай Оралдағы <<Полиграфсервис>> баспасынан шыққан жинақта автордың ұзақ жылдар бойы жинаған мұрағат құжаттары, тарихи деректер, естеліктер мен фотосуреттер негізінде Ұлы Отан соғысына Батыс Қазақстан облысынан қатысқан жауынгер қазақ қыздары, барлығы 17 майдангердің ерлік және өмір жолдары баяндалады.
Н. Назарбаев: <<Өз басым осынау ғажайып жанға шынымен - ақ қайран қалам, 20 - ға жетпеген уыздай жас қыз өзі тіленіп майданға аттанып, соғыстың басынан аяғына дейін қатысты. Міне, бұл жеңімпаздардың құрыштай шыңдалған айрықша ұрпағы. Олар бір сәтте тыныш таппай қабырғасы қаңыраған елді көтеруге кірісіп кетті>> деген екен соғыс ардагерлерін марапаттау рәсімінде.
Ұлы жеңіс күні құтты болсын!
Тарихымызда қалған бұл сұрапыл соғыстың кеселінен өткен ата - апаларымыз аман болсын! Келешек еліміздің дархан даласы кең, аспаны ашық болсын! Жұдырықтай жұмылған, білектей біріккен кеңпейіл Қазақ елі жасасын!

Ұқсас жұмыстар
Тұрлаулы мүшелер. Бастауыш. Әлия мен Мәншүк -қазақтың қаһарман қыздары
Қаһарман қызы қазақтың Мәншүк Маметованың 100 жылдығына арналған мектепішілік шара
Батыр қыздар
Ашылды жеңіс күннің парақтары
Тәрбие сағаты: "қазақ хандығының 550 жылдығы"
Соғысқа қарсы балалар
Еліміздің болашағы - білімді жастар
Ұлы даланың батыр қыздары. хиуаз доспанова
Отан үшін алға
Тәуелсіздік - елімнің ерлік жолы
Пәндер