Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Әліппеден мәңгілік

М.Әуезов атындағы №20 жалпы орта білім беру мектебі

Тәрбие сағаты
Тақырыбы: «Әліппеге мың алғыс!»

Дайындаған: Едилова Жанылсын

Ақтау қаласы

«ӘЛІППЕГЕ МЫҢ АЛҒЫС !»

Мұғалім: Құрметті ата-аналар,ұстаздар,оқушылар,келген қонақтар!
Бүгін сіздер 1-сынып оқушыларының әліппемен коштасуға арналған
ертеңгілігіне жиналып отырсыздар.Шәкірттердің тұңғыш рет қолдарына
ұстап,бетін ашқан оқулығы- Әліппе.Бұл кітап ғылым дүниесінің алғашқы
соқпағы, білімге бастайтын алғашқы жолы.Осы әліппе оқулығы арқылы біздер 42
әріпті меңгеріп,енді одан әрі үлкен-үлкен биік шыңға көтерілмекпіз.Олай
болса,оқушылар сіздерге әліппені қалай оқып меңгергендерін,қалай
есептеп,қалай жаза алатынын,жұмбақ,жаңылтпаштарды қалай шешіп,айта
алатындарын көрсетпек.Ендеше,мерекемізді бастайық.

1«З» сынып оқушылары (аттары аталады)
Күй ойналып тұрады.Оқушылар жұп-жұбымен сыныпқа кіреді.

1-оқушы: Өтті оқу сан сабақ,
Бүгін міне салтанат
Оқулықпен достаспақ,
Әліппемен қоштаспақ.
Ой білімі жаңғырмақ
Әліппеден мәңгілік
Әріптерді таныған
Өңкей білгіш балдырған.
Құтты болсын тойларың!
2-оқушы: Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар
Аналардан туған небір даналар.
Ана деген тіршіліктің тірегі
Армысыздар,қасиетті аналар!
3-оқушы: Мен бүгін бұрынғыдан саналымын
Қоңырау боп күмбірлейді жаңа күнім
Дәптердің жазылмаған ақ парағы
Ақ көйлектей жеті жасар балалығым!
4-оқушы: Мектеп-кеме,білім-теңіз,
Барар жерге тез жетеміз.
Адаспаймыз ұлы жолда
Ұстаз берген білім қолда.
5-оқушы: Қадірлі мектеп,бұл мектеп,
Оқыған ата-анамыз.
Атыңды сенің құрметтеп,
Әрқашан еске аламыз.
Хор: «Мектебім»

Мұғалім: Жеміске құты тола ма,
Бір-бірлеп теріп алмасаң?
Әп-сәтте шыға қоя ма,
Еккен дәнің ойласаң?
Білім де сондай, қарағым
Біртіндеп сіңер ойыңа,
Ұғып ал білім боларын
Шам-шырағың жолыңда...
- деп ақын М.Әлімбаев ағамыз жырлағандай,бұл білімнің,ғылымның алғашқы
жолы ғана.
Оқушылар хормен: Біз «Әліппені» бітірдік.
Мұғалім: - Ия,бітірдіңдер,қазір біз Әліппені ортаға шақыртып,оған арналған
өлеңдерімізді айтып шығарып салайық.
Әліппе: - Балалар, сендер мені оқып,бітірдіңдер, әріптерді жақсы
меңгердіңдер. Енді сендер менімен қоштасасыңдар,әрі қарай білім беретін
мына «Ана тілі» болады, оны да жақсы оқыңдар.
Ана тілі: - Сәлематсыңдар ма,балалар?!
Оқушылар: - Сәлематсыз ба, «Ана тілі»?!
Әліппе: - Міне, сендерді де таныстырдым, сендерге сәт сапар тілеймін!
Сабақтарыңды жақсы оқып,мұғалімдеріңді, ата-аналарыңды қуанышқа бөлеп жүре
беріңдер! (Әліппе кетуге ыңғайланады).

6-оқушы: Әліппем,менің әліппем,
Сені қолға алып мен,
Есігін аштым мектептің
Ертеңгі сәуле жарықпен.
7-оқушы: Қош бол,құтты әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.
8-оқушы: Ашыла берді алдымнан
Кең дүние есігі.
Соғылған сомдар алтыннан
Әліппе - білім бесігі!
9-оқушы: Әліппе деген алтын жол,
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес,ауыр жол.
Тырмысып бақ намысқа.
Хор: «Әліппе»
10-оқушы: Барлық әріп бағалы
Айттық әділ бағаны.
Әріпсіз сөз болмайды,
Буын онсыз толмайды.
11-оқушы:Ең алғаш алғанымда әліппені
Қызығып қарай бердім әріптерді
Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді?!
Ұстазым оның кілтін алып берді.
12-оқушы:Әліппемен қош айтысып қаламыз
Енді қолға басқа кітап аламыз
Ата-ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне балаңыз.
Хор: «Әліппемен қоштасу»
Балалар хормен: Әліппеге мың алғыс! Хош,сау болыңыз,Әліппе!
Әліппе: Рахмет,сау болыңдар!
13-оқушы: Оқуды көп ойладық
Қызығына тоймадық.
Әріптерді үйреніп,
Сауат аштық, тойладық.
Мұғалім: -Балалар,жаңа сендерге «Әліппе» оқулықтарың енді «Ана тілін»
оқитындарыңды айтып,таныстырған болатын. «Ана тілімен» бірге «Математика»
оқулығы да келіпті. Енді оқитын оқулықтарымыз не айтпақ екен,соларды
тыңдайық.
Ана тілі: -Балалар,енді бұрынғыдан да көп оқитын боласыңдар.Мен сендерге
көп қызықты ертегілер,әңгімелер арнаймын,тек сендер ынта қойып,мені ұқыпты
оқысаңдар,көп нәрсе үйренесіңдер.
Туған елдің тілімін,
Ақылы мен танымын
Түсіндірер бәріне,
Ана тілі пәнімін.
14-оқушы: Ана тілім - болашақ келешегім,
Сен арқылы биікпен теңесемін.
Өлең жазып,ой толғап өз тілімде,
Шыңға қадам басамын мен өсемін.
15-оқушы: Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!

Мұғалім: -Енді математика пәніміз бізге не айтпақ екен,соны тыңдайық.
Математика: Есептеуге жүйрік болғын жасыңнан,
Математикаға орын берсең басыңнан
Досың солар табылатын қасыңнан
-Балалар,мен сендерге санауды,есеп шығаруды,математикалық жұмбақ шешуді
үйреттім.Мені қалай меңгергендіктеріңді сынап көрейін деп сендерге біраз
математикалық жұмбақтар әкеп отырмын.Тыңдап,шешуін табыңдар.
Оқушылар жұмбақтардың шешуін табады.
Математика: Жарайсыңдар,сендерге рахмет.Сабақты жақсы оқитын оқушы
болыңдар.
Мұғалім: Ия,сабақты жақсы оқумен қатар тәртіпті,әдепті болуымыз қажет.
Әдептілік жөнінде не білеміз?
-Мақсат құрмай алдыңа,қыдырып құр қаңғыма.
-Асықпай іш тамақты,жалама ыдыс,табақты.
-Қарсы ал ерте күн көзін,төсегіңді жина өзің.
-Құр бекерге қылтима,болмашыға бұртима.
-Салма аузыңа инені,үзбе жұлып түймені.
-Сыйлап үлкен кісіні,қамқорлыққа ал кішіні.
-Әдет қыл бұл ісіңді, тазалап жүр тісіңді.
-Сақта көше тәртібін,бағдаршамның ал тілін.

Би: Жалқаубек әніне билеу.

Мұғалім: -Әдепті бала қандай болу керек?
-Сыйлап үлкен ағаны,сәлем берген баланы кім дейміз?
Хормен:Әдепті екен бұл дейміз.
-Кітап,дәптер,қаламы
Кір шалмаған баланы кім дейміз?
Хормен:Ұқыпты екен бұл дейміз.

-Таудай биік талабы,жақсы оқитын баланы кім дейміз?
Хормен:Үлгілі екен бұл дейміз.

Мұғалім: -Біз әр сабақта жақсы сөздермен танысамыз.Әдептілікке
үйренеміз.Егер сендер осы күннен әдепті болып өссеңдер,есейгенде ата-
аналарыңның,өз Отаныңның мақтанышына айналасыңдар.
16-оқушы:Отан -менің ата-анам,
Отан-досым,бауырым,
Отан-өлкем,астанам,
Отан-туған ауылым.
17-оқушы:Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар,қалан.
18-оқушы:Шай ішетін қоюлап,жақсы көрем атамды,
Сырмақ сырған оюлап,жақсы көрем апамды.

Ойын: «Аққала» құрастыру. (Бөліктердің артында жазылған тапсырманы орындау,
мақал-мәтел,жұмбақ,жаңылтпаш айту)

19-оқушы: Күндерге күн ұласты,
Жылжып-жылжып жыл асты.
Ойдағыдай оқимын
Мен бірінші класты.
20-оқушы: Айгөлек-ау,айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Айдай толған кезімде
Би билеймін дөңгелеп.
Би: «Айгөлек»

Хор: «Мұғалім - ол біздің»

Мұғалім: -Балалар,сендердің әліппені жақсы меңгеріп,сауатты оқуларыңа ата-
аналарыңның,әжелеріңнің қосқан үлесі мол.Кәне,бәріміз рахмет айтайық.
Оқушылар хормен: Бақытты балалық шағымыз үшін рахмет, сіздерге,ата-аналар!

Ән: «Әрқашан күн сөнбесін!»
Ән: «Бала тілегі»

Мұғалім: -Қымбатты,балалар!Мектептегі алғашқы жеткен жемістеріңмен
құттықтаймын! Әліппе сендерді тек әріптермен таныстырып қойған жоқ,сендерді
бір-біріңмен дос болуға,мектеп ережелерін орындайтын тәртіпті оқушы болуға
да үйретті.Білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын!

Ұқсас жұмыстар
Тақырып Әліппемен қоштасу ертеңгілігі
Әліппемен қоштасу ертеңгілігі
Ана тілді құрметте
Тақырып Әліппе, саған мың алғыс
Әліппемен қоштасу атты ертеңгіліктің өтілуі
Әліппенің ар жағы – білім бағы!
Әліппенің әр жағы- білім бағы Әліппемен қоштасу кеші
Әліппе оқулығынан алған білімдері –барлық білім-ілімнің бастамасы екенін түсіндіру
Қош бол құтты әліппем!.1-сынып
Әліппе - білім бастауы 1-сынып
Пәндер