Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы

Сабақтың тақырыбы: Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және
жасампаздықтың 20 жылы
Мақсаты:
Білімділік: Еліміздің тарихы туралы түсінік беру, тәуелсіздік сөзінің
мағынасын ұғындыру, ҚР-ның Конституциясына шолу жасау, мемлекетіміз бен
қоғамымызды құрудағы президентіміздің таңдаған стратегиясымен таныстыру.
Тәрбиелік: Оқушылардың өз Отанын, елін, жерін қорғауға және сүюге,
еліміздің рәміздерін қастерлеуге , ұлы тұлғалардың ел тәуелсіздігіне қосқан
үлестерін үлгі, өнеге ете отырып оқушыларды патриоттық сезімге тәрбиелеу.
Дамытушылық: Оқушыларға тәуелсіздік жайлы жан-жақты түсінік бере
отырып, олардың ой-өрісі, ақыл-ойын арттыру.
Сабақтың әдісі: әңгімелесу.
Көрнекі құралдар: Қазақстан Республикасының рәміздері, ҚР-ның президентінің
суреті, Қазақстанның саяси картасы.
Жоспары:
Кіріспе. 1. Қанша ғасыр өмір сүрсе бұл қазақ, сонша ғасыр ұмтылды ғой
ерлікке.
2. Өткен жылдар жемісі.
3. Өз тарихыңды білесің бе? (сұрақ-жауап)
Сабақтың барысы:
Кіріспе: Тарих тереңінде қалмай сан мәрте сындарлы кезеңнің сызатын жарып,
дүние көшіне ілескен қазақ елінің өткен жолы алмағайып. Ауыздықпен алысып,
етігімен су кешкен ауыр күндерге төтеп көнбіс те болды, «қой үстінде
бозторғай жұмыртқалаған» заманда барын шайқап, аста төк жомарт та болды.
әупірім зор заманға тән сұрқылтай күйін де кешті. Болмыстың осы кейпін
көріп, ұлы Абай «Қайран елім, қазағым, қайран жұртым» деп күйзелсе, Жұбан
ақын «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп күңіренді. Ұлан-байтақ
елімізге көз салушылар көп болды. Қаннен қаперсіз жатқан елімізге жоңғар
қалмақтары тұқиылдан шабуыл жасап, қалың жұртты қан жылатты. ХҮ ғасырдың
басында дүрліккен ел шұбыра қашып, ақтабан шұбырынды болды. Жұрт Алқакөлге
аялдап, қасиетті Қаратауға бас сауғалады. ХҮІІ-ХІХ ғасырларда халқымыз
еркіндік пен тәуелсіздігінен айырылды. Ұланғайыр даламыз империя меншігіне
айналды. Төзімді серік етіп, «үнсіздерге күн болған» лениндік саясат
салмағын, сталиндік ақтаңдақ азабын, брежневтік тоқырау тоспасын,
горбачевтік қайта құру баспасын бастан кешкен халқымыз ауыртпашылықтың
бәрінен арымай өтіп, аңсары күнге де жетті. Бодандықтың бұғауын бұзған
егемендік сағаты сыртылдай соғып, Тәуелсіздіктің нұрлы таңы келіп жетті.
Қазақстанның тәуелсіз мемлекеттігін құра бастаудың алғышарты
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын»
қабылдау болды. Өзінің толық субъектілігін Қазақстан 1991 жылдың 16
желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы»
Заңын қабылдау арқылы рәсімдеді. Сол нұрлы таңмен арайланып, байтақ
еліміздің алтынмен апталған Ата Заңы өмірге келді. Туған еліміздің
мемлекеттік тәуелсіздігінің қасиетті нышандары аспан түстес зеңгір көк
Туымыз, айшықты Елтаңбамыз бен асқақ Әнұранымыз екенін өздеріңізде жақсы
білесіздер.
«Орнында бар оңалар» дегендей, ел орнында, жер орнында. Жерге жетер
байлық жоқ. Жер болса, ел болады; ел болса, ер болады. Ерлеріміздің
арқасында Қазақстан егеменді, тәуелсіз ел болды. 120-дан аса ұлт өкілдері
тұратын осынау қасиетті мекенде, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші
әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағы көкке көтеруді
мақтаныш тұтады.
Біз сіздермен бірге тарихқа шолу жасадық. Енді өз елдерінің туралы,
Отан алдындағы борыш, Отанды сүйе білу туралы не айтасыңдар.
Демократиялық ел қандай болу керек? Осы жөнінде ой өрбітсек.

Осы демократиялы мемлекет үшін қажетті үш нәрсені атап өттіңдер. Енді
осы атап айтқан мемлекеттік рәміздер, Ата Заң жайлы не білеміз?
Өткен жылдар жемісі.
1991 жылы 29-тамызда Елбасы Семей ядролық палигонын жабу туралы
Жарлыққа қол қойды.
1991 жылы желтоқсанның бірінші жұлдызында республика жұртшылығы тұңғыш
рет Н.Ә.Наарбаевты Республикамыздың Президенті етіп сайланды.
Тәуелсіздік алған соң өз еркімізбен ядролық қарудан бас тарттық.
1992 жылы қазан айында тұңғыш ғарышкері Т.Әубәкіров ғарышқа самғады.
4-маусымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы, Елтаңбасы,
Әнұраны туралы Қазақстан Республикасы заңдары қабылданды.
28-қаңтарда Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданды.
1994 жылы 30-маусымда қазақ халқының екінші қыраны ғарышкер Талғат
Мұсабаев аспан көгіне алты айлық сапарға аттанды.
1995 жылы ақыл-ойдың данышпаны, қазақ халқының дана ақыны Абай
Құнанбаевқа 150 жыл толды. Осы жылы миллиондардың көз жасымен келген Ұлы
Жеңіске 50 жыл болды.
Осы жылдың 30-тамызында Қазақстан Республикасының Конституциясы қайта
қабылданды.
1996 жылы 17 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 5-
жылдық мерекесінің құрметіне Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткіші
ашылды.
1997 жылы «Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын
еске алу жылы» болып белгіленді.
1998 жылы «Халық бірлігі мен сабақтастығы жылы» болып белгіленді.
1998 жылы жаңа Астана еліміздің болашағының символына айналды. Бас-
аяғы 2-3 жылдың ішінде САрыарқаның нақ ортасында, Батыс пен Шығыс
өркениеттерінің мәнді белгілерін бойына жинаған әсем шаһар пайда болды.
Еліміздің әкімшіл-әміршіл жүйесі нарықтың экономикалық жүйесіне
ауысты. Өтпелі кезеңнен экономикамыз тұрақтану кезеңіне аяқ басты.
Мұнай қоры мол Қашаған кен орнының ашылуына байланысты Қазақстан мұнай
өндіру бойынша әлемде 5-орынға көтерілді.
Еліміз мырыш қоры бойынша әлемде І орын, қорғасын қоры бойынша ІІ
орын, марганец қоры бойынша ІІІ орында.
2010 жылы елімізде Ақ Азиада алауы жағылса, дәл осы жылы
ЕҚЫҰ-на Қазақстан төрағалық етті.
Өз тарихыңды білесің бе?
1. Ежелгі сақтардың ел билеген атақты әйел патшаларының бірі.
(Томирис)
2. «Көк түркінің көк семсері» атанған атақты батыр. (Құтылығұлы Күл-
тегін)
3. Аристотельден кейін дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы
атанған данышпан, энциклопедист ғалым. (Әбу Насыр Әл-Фараби)
4. «Көмекей әулие» атанған қазақтың ұлы жырауы. (Бұқар жырау)
5. Қорқыт Ата ескерткішінің қандай ерекшелігі бар. (Ескерткіш жел
соққанда қобыз сарындас үн шығарады)
6. Қазақ елінің хандарын атап өтіңдер.
7. Қазақ елінің батырларын атап өтіңдер.
8. Қазақстанның жалпы жер көлемі қанша шақырым. (2717 мың шаршы
шақырым)
9. Соңғы Конституция қашан қабылданды. (1995 жылы 30-тамызда)
10. Қазақстан қанша мемлекетпен шектеседі. (5 мемлекет).
Қорытынды. «Ынтымақты елге ырыс енші». Аталардан қалған аңыз да соны
меңзейді. Сондықтан бостандығымыз баянды болу үшін өзімізбен мидай араласып
кеткен жүздеген ұлт өкілдерімен арамызға сызат түсірмеуіміз керек. Мыңға
жөн айтып алқалы топты аузына қаратқан қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың
сөзімен айтқанда «Біз мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан
елміз». Бір сөзбен айтқанда қалайтынымыз бейбітшілік, тыныштық, бостандық,
еліміздің босағасын нығайту. Тәуелсіздік біздің алдымыздағы жарқын
болашаққа жол ашып берді. Біз сол жолмен алға баса береміз.

-----------------------
Демократиялы мемлекет

Мемлекеттік рәміздер

Ата Заң

Президенттік басқару жүйесіне негізделген

Ұқсас жұмыстар
Сабаққа дайын оқушылардан сабақ сұрау
Ақыл, қайрат, жүректі тең ұстаған мұхтар арын
Қайраттың жазу дәптері
Ана тілін қадірлейік, балалар
Жасасын халқым
Елтаңбаның авторы кім
Отан деген туған жер
Тойлыбай А..
Жаса, ҚАЗАҚСТАН Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраның тексті туралы заң
Елтаңбаның авторлары кім
Пәндер