Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Тіл - ұлттық белгі, халықтық мұра

-1099185-805814Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
№1 жалпы білім беру орта мектебі




Тіл-ұлттық белгі, халықтық мұра
Ашық тәрбие сағаты



Өткізген: 8 <<В>> сынып жетекшісі Каршыгаева Г.Б






2012-2013 оқу жылы

Мақсаты: Оқушыларды өз ана тілін құрметтеуге, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін молайту; жас ұрпаққа ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың айтқан дана сөздерін үйрету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оқушыларды топ алдында еркін сөйлеуге үйрету.
Көрнекілігі: Қанатты сөздер жазылған плакаттар.
Барысы.
Интерактивті тақта қосылады. М.Шахановтың <<Төрт ана>> өлеңімен.
1-жүргізуші: Иа, арине М.Шахановатың <<Төрт ана>> өлеңінде айтылғандай, ана тіліміз бізге ата-бабамыздан қалған асыл мұра, оны келер ұрпаққа жеткізу қасиетін ұғындыру біздің міндетіміз.
2-жүргізуші: Дұрыс айтасың Слухан, біздің міндетіміз, ол біздің парызымыз. Мінеки сондықтан да біз тәрбие сағатымызды <<Тіл ұлттық белгі, халықтық мұра>> деген тақырыпты алған болатынбыз. Құрметті ұстаздар мен оқушылар ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер.
1-жүргізуші: 1989 жылы 22 қыркүйекте тұңғыш рет Қазақ КСР-нің <<Тілдер туралы>> заңы қабылданып, онда қазақ тіліне <<Мемлекеттік тіл>> мәртебесі көтерілді. 1992 жылы 30 тамызда Ата заңда қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қабылданды. 1997 жылы 11-шілдеде Қазақстан Республикасының Парламенті <<Тіл туралы>> жаңа заңын қабылдады. 2007 жыл <<Мемлекеттік тіл жылы>> деп жарияланды. Тілдің тазалығын сақтаушы академия да емес, грамматика да емес, білімдар да емес, тілді таза қалпында сақтайтын халықтың рухы. <<Тілден тілдің кеңдігі болғанымен, кемдігі жоқ>>, соның ішінде мемлекеттік тіл өз құзыреттілігін барынша сақтап келеді.
2-жүргізуші: 1995 жылы Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Ассамблея төрағасы - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әбішұлы. Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Сондықтан да өз ана тілін дұрыс меңгеріп, таза сөйлей білу-қазақпын деген әр адамның міндеті.
(Ортаға Сағын Бағлан шығады).
Қазақпын мен, қазақтың бөлшегі.
Қажеті не өзгенің өлшемінің?
Айбарлы елдің ұлымын ай таңбалы,
Кейіпкері емеспін ертегінің.
Қазақпын мен қазақтың тентегімін,
Жау шебінде сыналған семсерімін
Тайыз емен, тереңмін, тамырлымын,
Иілмейді ешкімге еңсе бүгін.
Қазақпын мен қазақтың бөлшегімін
Қажеті не басқаның өлшемінің?
Қазақ деген жалғыз ұлт мен боламын,
Енді менің жетеді көпке үнім.
Деп жүруші ек бабалардан бата алдық,
Көрді біраз тілім менің қаталдық.
Тілді, дінді, салтты-бәрін ұмытып,
Өз елімде шала қазақ атандық.
Шаралардың бәрін енді топтайық,
Әрбір таңды адалдықпен аттайық.
Өз бойыңда толып тұрып кемшілік,
Өзгелерге бар кінәні тақпайық.
Көкейімде осы бір ой жүр көптен,
Ана тілі басталады жөргектен.
Ана тілін қастерлейік бәріміз,
Қанатымен қарлығаштай су сепкен.
Іздей білсең ақиқаттың бәрі шын,
Тер төгейік атамекен қамы үшін.
Жеңемізбе біз барлығын, ағайын,
Күресе алсақ ана тілдің ары үшін.
(Осы сәтте есік ашылып, өңі алау-далау алқынып ішке бір бала кіреді. Басында кепе, үстінде жамау-жасқаулы ескі шапан, аяғында шоңқайма етік.)
Тазша бала: Оу, амансыңдарма, балалар, аға-әпкелер? Тіл құрметіне арналған кештеріңіз көптің көңілінен шықсын.
1-жүргізуші: Рахмет тілегіңе. Бірақ кім екеніңді танымай тұрғанымыз. <<Мыңның жүзін білгенше, бірдің атын біл>> деген бар, құрдас. Жағдайыңды баян ет, қайдан келесің?
Тазша бала:
Алда, айналайын-ау!
Баяғыда Әйтеке би <<Әкемді сұрасаңыз-жетесіз,
Шешемді сұрасаңыз-некесіз.
Туа қалған бір баламын,
Тегімді сұрап не етесіз?>> деген екен.
Сол айтқандай, түптеп келсек бәріңе таныс Тазшаның дәл өзі боламын. Кәдімгі Есер ханды мүдермей қырық өтірік айтып, тәубесіне келтіріп, жарты патшалығын алып байып, қызын алып, күйеу болған шонжарың мен. Жас қусақ, сендердің аталарыңның аталары маған іні болып келеді. Сендер ана тілі құрметіне орай кеш өткізіп жатыр деген соң тарих қойнауында шыдап жата алмай жеткен бетім. Бай қалпымда келсем, танымай қалар деп өзімнің сол кездегі киімдерімді киіп шығып едім.
2-жүргізуші: Оу, Тазша бала, жо-жоқ баба, жортқанда жолыңыз болсын, жолдасыңыз Қыдыр болсын. Әйтсе де сұрауға рұқсат ет, жалғыз келемісіз?
Тазша бала: Қайдан жалғыз шығайын. Халқыма асыққан мен ғана емес екенмін. Ел билеген хандар, байрақ ұстаған батырлар, аузы дуалы билер, ертегілер еліндегі өздеріңе таныс кейіпкерлер бірігіп жолға шығыпты. Өздеріңе құт мекен болған бүгінгі даланың, сол далада мекен еткен үрім бұтағының тіршілігін көрмек. Зәулім шахарларға беттеп бара жатып, көштен жырылып, сендерге соға кеткелі келгенмін.
Оқушылар: Апыр-ай, сізден өзге ешкім келмес пе екен?
Тазша бала: (жымың етіп) Асаларына таянып үш абыз емпеңдеп келе жатыр еді артымнан, енді табалдырыққа жеткен де шығар.
(Есікті үйсін Төле би, арғын Қаз дауысты Қазыбек би, алшын Әйтеке би ашып кіріп келеді. Оқушылар мәз болып, қарсы алады.)
Тазша бала: -Ассалаумағалейкум, ақылы дария бабалар! Аман-сау жеттіңіздер ме? Төрлетіңіздер! (Үш қария төрге жайғасады).
1-жүргізуші: Егеменді еліміздің тұғыры қашан да тілімнен биік. Тіл тағдыры туралы көкейді тескен көл ойларыңыз баршамызға аян. Сіздердің асыл ойларыңыз да асығып тұр. Аздап тыныстап алыңыздар. Ана тілінің арын арлап, мұңын жоқтап жүрген біздей ұрпақтарыңыздың да айтары бар.
Қалиева Ботакөз
Қайта туды қазағымның ай-күні,
Күннен күнге асар ма екен айбыны.
Тоқсан жылда өттік талай кешуден,
Қатар көріп шаттық, табыс, қайғыны.
Тіл дегенің тиегі ғой жырдың да,
<<Ештен кештеу>> түсінгендей жұртым да.
Шықпағанда республика Тіл заңы,
Елдігім де кетер еді құрдымға.
Алтын бесік-ағайын, жұрт, туғаным,
Дос бөліссе қыза түсер думаның.
Барлық ұлттың өкілдері жарасып,
Асырайық іс жүзінде Тіл заңын.
Қазағыма көп азапты жазған ба?
Ел ішінде індет жала қозғанда,
Шәкәрімнің сақалына жармасып,
Ауыз салды Жүсіпбек пен Мағжанға.
Қырандар мен сұңқарлардан айырылдық,
Топшы сынып, бар қанаттан майырылдық.
Қалмаған соң топ бастайтын азамат,
Жалтақтардың сөзін тыңдап қайырылдық.
Ана тілім- абыройым, ожданым,
Әрқашанда мәуелі екен өз бағым.
Нанымды жеп, суымды ішіп кейбіреу,
Көре алмайды қазақ тілі озғанын.
Тіл тағдыры қабырғама батады,
Түзеу қиын бір жіберген қатені.
Күні кеше тілін сатқан арсыздар,
Мансап үшін өз Отанын сатады.
2-жүргізуші: Ендігі кезекті сыныбымыздың оқушыларының дайындаған <<Болашақта қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін не істеу керек?>> деген сауалнама жүргізген болатынбыз. Экранға назар аударайық.
(Интерактивті тақтада бейнеүзік көрсетіледі)
1-жүргізуші: Ұстаздар қауымы енді сіздерден өтініш, оқушылардың ойларына алып-қосарларыңыз болса, біз жүргізген <<Болашақтағы қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін не істеу керек?>>, <<Қазақ азаматтарының ішінде тілге жаны ашып, жан күйдіріп жүрген жан бар ма? Кімдерді айта аласыздар?>> атты сұраққа сіздер қалай жауап берер едіңіздер?
2-жүргізуші: Рахмет ұстаздар. Біздің ойымызша ең бірінші заңға өзгеріс енгізу керек сияқты. Олай дейтін себебім <<Тіл туралы>> заңның 4-бабында <<ҚР мемлекеттік тілі қазақ тілі>> делінген болса, 5-бабында <<Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданлады>> деген.
Тілім барда қазағым бар, халқым бар, Дәстүрім бар, ата жолы салтым бар. Кең даладай жиналмаған шалғайы, Тыңдайық домбыраның әсем күйін. Орындайтын: Өткелбай Балмекен (Көреғұл)
1-жүргізуші: Ақылы дария, көңілі көл бабалар! Біздерменен қош айтысар сәттеріңіз те таяу қалды. Мына ұрпақтарыңызға ғибрат боларлықтай бірер ауыз өсиет айтпас па екенсіздер.
Төле би: (Шыңғыс) Жаңбыр жаумаса-жер жетім,
Басшысы болмаса-ел жетім.
Ұқпасқа айтқан сөз жетім,
Өгізді өрге салма, қанатың талар,
Наданға көзіңді салма, сағың сынар.
Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер,
Дұшпанға сырыңды шашпа, түбіңе жетер.
Жақыным деп жаманның малы үшін,
Жақсының жағасынан алма, өрісің тарылар.
Қару жисаң мылтық жи,
Жаяу жүрсең-таяғың, қарның ашса-тамағың, менен ақыл сұрасаңдар, айтарым-осы.
Қаз дауысты Қазыбек: (Малика) Ілкі заманда қартайған Бұқар жыраудың көңілін сұрай барып едім, балаларым. Төсекте жатқан Бұқар жырау:
-Бірден онға дейін санның маңынасын маған ешкім айтып бере алмады.
Қазыбек, сен айтып берші?-деп сұрады.
Мен былай деп жауап бердім.
Бір дегенің- бірлігі кеткен ел жаман,
Екі дегенің-егесіп өткен ер жаман.
Үш дегенің-үш бұтақты шілдерден шошынған ат жаман.
Төрт дегенің-төскейге шыға алмаған кәрілік жаман.
Бес дегенің- белсеніп шапқан жау жаман.
Алты дегенің- аймағын билей алмаған адам жаман.
Жеті дегенің-жетем деген мақсатыңа жете алмаған жаман.
Сегіз дегенің- серкесіз бастаған қой жаман.
Тоғыз дегенің-толғаныңыз.
Он дегеніңіз-өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз.
Қарт жырау риза болып қалып еді. Бұл айтылған нақыл сөз - тыңдай білгеннің адастырмас темірқазығы.
Әйтеке би: Бабаларың тыңдап, кесіміне құлдық ұрған ғибратты сөздердің біразын айтсам, сендерге жаттығы болмас.
Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң, жауға найзаң тисін.
Бай болып елге пайдаң тимесе,
Батыр болып жауға найзаң тимесе,
Елден бөтен үйің күйсін.
Суалмайтын суат жоқ.
Таралмайтын бұлақ жоқ.
Құйрығы суда тұрса да,
Уақытысы жеткенде,
Қуармайтын құрақ жоқ.
Дүние деген фәни бұл,
Баласы жоқта мият жоқ.
Бәрінен қиын сол екен,
Артыңда жанған шырақ жоқ.
(Үш би ұрпақтарымен қоштасып шығып кетеді. Тазша бала да бірге кетеді.)
Оқушылар: Жаны жайсаң бабалар мен Тазша бала, келер күндеріңізге сәт-сапар, ақ жол тілейміз.
1-жүргізуші: Қазақ тілінің сөздік қоры өте бай, оған алпыс жеті мың тізімдік сөз, 24,5 мың фразеологиялық тіркес бар. Қазақ тілі өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ қашан да даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Шешендерден шыққан қара сөздің өзінде өлеңге бергісіз келісім, іштей үйлескен ырғақ болады. Кейде қазақ болып туғаның үшін әлемдегі ең бай, ең сұлу тілде сөйлегенің үшін өзіңді бақытты сезінесің.
Көрініс: <<Шешендер өнегесі-адалдық>>.
Күй шымылдық ашылады. Ортада Әнет баба бір топ замандастырымен отыр.
Қонақ:-Әнет баба, көпті көрген жансыз. Дүниеде жеті жетім бар. Олар мыналар:
Сөз жетім, ынтаменен тыңдалмаса,
Бөз жетім, киілместен тозған болса.
Жер жетім, иесі жоқ қалған болса,
Ел жетім, жақсы басшы арман болса.
Көл жетім, қаз қонбаса құстары ұшып,
Бір жетім, жеке қалса тізе құшып.
Болмаса замандасың тойға бармай,
Басыңа жалғыздықтың торы түсіп.
Қонақ: - Халқымызда <<жеті қазына>> деген ұғым бар. Әнет баба, <<жеті қазынаға>> нелер жатады?
Әнет баба: -Әйел, ер жігіт, ілім-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, береен мылтық, алғыр ит.
3-қонақ: - Баба, қазақта тағы бір мақал бар: <<Бала белде әйел жолда>> дейді. Ер жігіт- әйелді жаудан барып олжалап алады, айттырса қалың малына қырық жылқы айдап апарып береді. Бұл шығын, қазақта тағы бір мәтел бар: <<Қасыңдағы әйеліңе сенбе, астыңдағы атыңа сенбе>> дейді. Тағы айтады: <<Атың жаман болса сатып құтыларсың, әйелің жаман болса құтыларсың>>. Соған қарағанда жеті қазынанның бірі деуі дұрыс па?
2-жүргізуші: Иә, тіл қай елде болсада қастерлі де, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы-әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол-атадан балаға мирас болып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай сақтау керек. Ұлтымыздың ұлылығының үлкен айнасы- қазақ тілі. Ол өзінің бар болмыс-бітімімен, сән салтанатымен жан-жақтан көрінген бай тіл. Енді осы қазынадан бастау алған ғұламаларымыздың пікіріне назар аударайық.

Гаухар: Тіл-халықтың рухы. Рухпен өрілген ұрпақтың дені сау, ұлтжанды батыр болады. (Байбота Қоғылұлы)

Самат: Ана тілінің мәселесі сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі болмақ.
(Ғ. Мүсірепов)
Асия: Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігін мыңдаған жылдық тарихы айқынды.
(Б.Момышұлы)

Бекзат: Қазақ тілі аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қалап, текемет оюға болады. (Нұртас Оңдасынов)

1-жүргізуші: Еліміз егемендік алғалы ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай бола қалатын іс емес. Себебі ол тіл мемлекеттің иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұхтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт дей келе, әрбір Қазақстан Республикасының азаматы ана тілімізге жанашырлық танытып, қадірлей білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ендеше халқымыздың мұрасы, ұлттық белгіміздің мәртебесін көтерейік.
2-жүргізуші: Ал, мен сөзімді Мұхтар Әуезов атамыздың сөзімен аяқтағым келіп тұр. <<Көген қазағыма қаратып мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: <<Ақырғы рет діліңізді айтыңызшы , Мұхтар>> десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше болмақ: тас үгіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасап келе жатқан асыл мұра сөзімізді арзандатып алмайық.
1-жүргізуші: Осымен 8 <<В>> сыныбының дайындаған тәрбие сағатын аяқтаймыз. Сөз кезегін көрермен боп отырған ұстаздарға береміз.

2-жүргізуші: Келіп тамашалағандарыңызға көп-көп рахмет!


Ұқсас жұмыстар
Тіл ұлттық белгі, халықтық мұра Сілтеме
Қазақ тілі. Орыс тілі
Тіл туралы
Іскерлік қарым-қатынас және сөз әдебі,ерекшеліктері
Этнографтар тобы
Ұлттық тұрғыдағы тәрбие
Тіл ұлттың қасиетті белгісі
Шешендік дау
Халықтық педагогика
М.әуезов және жалпыадамзаттық құндылықтар
Пәндер