Сабақ жоспары :: Әртүрлі

Файл қосу

Нұсқау белгісі

Қызылорда қаласы №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің бастауыш
сынып мұғалімі Оңайбекова Толғанай Қаналықызы.

Тақырыбы. Жол тәртібін білейік, есен – аман жүрейік!

Мақсаты.

1. Көшеде жүру тәртібі туралы білімдерін тиянақтау, жинақтау.

2. Көше тәртібін әрдайым сақтауға, қиын жағдайларда дұрыс шешім таба білуге
тәрбиелеу, құқықтық тәрбие беру.

3. Оқушылардың ой - өрістерін, жан-жақты білімдерін дамыту.

Көрнекілігі: интерактивті тақта, суретті тест, “Жол белгілерін еске
түсірейік” лото ойыны, блиц -турнир сұрақтары «Бағдаршамды сыйлаңдар»
сөзжұмбағы, бағдаршам макеті, сигналдық белгілер, оқушылар шығармашылығы
(салған суреттері), “Бағдаршам” қабырға газеті, «Бағдаршам» мультфильмі.

Әдіс – тәсілдері: сұрақ – жауап, топпен жұмыс, ойын, эссе жазу, оқушылардың
шығармашылығы - салған суреттері.

Түрі: сайыс сабақ

І.Ұйымдастыру. Зал шарлармен, көшеде жүруге байланысты стенд, суреттер,
нақыл сөздермен безендірілген. Музыка ойнап тұрады. Жол полициясынан,
«Нұротан» партиясынан қонақтар келіп қатысты.

ІІ. Қызығушылығын ояту.

Сұрақ – жауап.

- Балалар көшеде жүру ережесін білу бізге не үшін керек?
- Жиекжол деген не?
- Жаяуға қай жермен жүруге болмайды?
- Көшеде жүру тәртібін кім басқарады?
- Бағдаршам туралы не білесіңдер?

Бағдаршам макетін киген оқушы және бағдаршамның үш көзін ұстаған
төрт оқушы ортаға шығып, тақпақтар айтады.

Қызыл көзі

Мен көзімді ашқанда,
Ешқашанда баспа алға.
Орныңда тұр қозғалма
Ереже бұл “Сен тоқта!”

Сары көзі

Мен көзімді ашқанда,
Қарап қалма аспанға.
Жүруге әлі болмайды,
Дайындықты сақтайды

Жасыл көзі

Мен көзімді ашқанда,
Көліктер саған тоқтайды.
Ережені білгендер,
Өтуге еш қорықпайды.

Бағдаршам

Жолды кесіп өтерде,
Сол жағыңа қарайла,
Жарты ортаға келгенде
Оң жағыңа қарайла
Білгеніңді басқаға
Үйрете жүр, жарай ма?

ІІІ Топқа бөлу.

Оқушылар бағдаршамның түстеріне сәйкес қызыл, сары, жасыл түстерді таңдап,
топқа бөлінеді.

1-топ – «Қызыл»
2-топ – «Сары»
3-топ -«Жасыл»

ІV Сайыс кезеңдері.

1 – сайыс “Кім шапшаң?”

Суретті тест тапсырмаларға жауап береді. Интерактивті тақтадан үш топқа үш
суретті тест көрсетіледі. Топ оқушылары кезекпен жауап береді.

2 – сайыс Блиц - турнир сұрақтары

Интерактивті тақтада әр топқа кезекпен үш сұрақ шығып тұрады. Топ
оқушылары үш сұраққа бірден жауап беруі керек.

Қызыл

1.Жаяу жүргіншілер қандай жерлермен жүреді?
2.Жол бойында балалардың ойнауына қатаң тыйым салынған себебі неліктен?
3.Жолды неге тек жол өткелдерінен қиып өтуге тиіспіз?

Сары

1.Жол өткелінен жүгіріп өтуге бола ма?
2.Жол жиегінде тұрған автобус, троллейбус, т.б. көлік түрлерінің қай
жағынан өтуге болады?
3.Бағдаршам жарықтарының қызметі қандай?

Жасыл

1. Велосипедпен неше жастан бастап жолмен жүруге болады?
2. Бағдаршам қойылған жол өткелі қауіпті ме, әлде бағдаршам қойылмаған жол
өткелі қауіпті ме?
3. Жол бойында тоқтап тұрған көлік неліктен қауіпті?

3 – сайыс “Жол белгілерін еске түсірейік” суретті лото ойыны

Әр топқа лото ойыны таратылады. Жол белгілерін дұрыс тапса, жол ережесіне
байланысты мазмұнды сурет құрастырылады. Ойынның мақсаты: жол белгілерін
еске түсіру, шатастырмауға үйрету.

Интерактивті тақтада өлең шумақтары көрсетіліп тұрады.

А) Ескерту белгісі

Қып-қызыл үшбұрыш
Ескерту белгісі мен болам.
Қауіптен сақ бол деп
Сәт-сапар жолдаған.

Ә) Тыйым салу белгісі

Қызылмен боялған шеңберім аумақты,
Тыйымшыл белгімін, қаталмын, салмақты.
Мен тұрған жерлерде хақың жоқ жүруге
Қауіп бар бағдарла, көз салып жан-жаққа.

Б) Нұсқау белгісі

Баратын жерінің бағыты тұрағым,
Үн-түнсіз жол сілтеп, жол нұсқап тұрамын.
Күндіз де, түнде де от болып жанады,
Көк түске боялған төртбұрыш шырағым.

4 – сайыс “Кім тапқыр?” Сөзжұмбақ сайысы

Әр топқа сөзжұмбақ жазылған үлестірмелі материал таратылады. Сөзжұмбақты
дұрыс шешкенде «Бағдаршамды сыйлаңдар» деген сөз шығады. Сұрақтары мен
суреті интерактивті тақтада көрсетіліп тұрады.

ІV Ой толғаныс

Үй тапсырмасы. «Жол тәртібін білейік, есен – аман жүрейік!» тақырыбында
жазған эссе – шығармаларын оқыту.

V Жолда жүруге байланысты «Бағдаршам» мультфильмін көріп тамашалау.

Әрдайым жол тәртібін есте сақтап, көшеде сақ жүрейік!

VІ Қорыту, марапаттау.

Қазылар алқасы сайыстың қорытындысын шығарып, жеңіске жеткен «Жасыл»
тобын құттықтап, мақтау қағазын табыс етті.
Жол полициясынан келген қонақтарға сөз берілді. Оқушыларды
жеңістерімен құттықтай отырып, жол ережелеріне байланысты әкелген түрлі
бейнематериалдар мен мультфильмдерді сыйға тартты. Жол тәртібіне байланысты
сұрақтар қойып, өмірден мысалдар келтірді.

Ұқсас жұмыстар
Аласа таулар
Жол тәртібін жадыңда ұста, жас ұрпақ !
Қызыл көзі
Матаның негізгі қасиеттері
Жолда жүру ережелерін ойда сақтай білуге үйрету
Шынымды айтсам топтық жаттығулар
Жол және бала тәрбие сағаты
Жолың болсын, балақай!
Сабақтың түрі. Сабақтың мақсаты
Халат тігу. Үлгіні пайдаланып матадан пішу
Пәндер